ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ЖҮСІПОВ НАРТАЙ ҚУАНДЫҚҰЛЫ
Қазақ фольклортану ғылымы: XX ғасырдың бірінші жартысы
Павлодар, 2007
УДК 398 (574) ББК 82.3 (5 К аз)
Ж 91
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесі ұсынған.
Жүсіпов Н.Қ. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші
жартысы.
Монография.-Павлодар. 2007.-381 б.
ISBN
Монографияда ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклоры туралы ғылымның жай-жапсары, оның салаларының даму барысын зерттеу, фольклортану ғылымының қандай межелерге жеткенін, қандай мақсаттар қойып, қандай проблемаларды қандай дәрежеде шешкені анықталады. Сондай-ақ сол тұстағы фольклористиканың қай аспектілері зерттелгені, қандай тұжырымдар жасалып, олардың ғылым мен оқу процесіне қаншалықты енгені сөз болады. Сонымен бірге монографияда жарты ғасыр ішінде қазақ фольклоры қалай жиналды және қандай түрде жарияланды, әрі зерттелді деген мәселелер қарастырылды. Бұлармен қатар өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы фольклортануға өздерінің жинаушылық, жариялаушылық әрі зерттеушілік істерімен айтарлықтай үлес қосқан оқымыстылар мен қайраткерлердің еңбектері талданады.
Монографияны жоғарғы оқу орны студенттеріне арналған қазақ фольклоры бойынша оқылатын дәрістерді, сондай-ақ арнайы курстар, семинарлар жүргізгенде кеңінен пайдалануға болады. Еңбек қазақ фольклорын зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге, аспиранттар мен магистранттарға, жалпы халық мұрасына қызығушы көпшілік қауымға арналады.
Жауапты редакторы:
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор
С.А.Қасқабасов.
Пікір жазғандар:
филология ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Рахимов
филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Тұрсынов
Ж 4702250105
00(05)-03 ISBN ББК 82.3 (5 Каз)
© Жүсіпов Н.Қ. 2007
© С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Кіріспе
Қазақ халық ауыз әдебиеті туралы ғылым толық зерттелді деп айтуға әлі негіз жоқ. Оның қалай туып, ғылым ретінде қалыптасқаны жайында «Қазақ әдебиетінің тарихы» (Алматы. 1948. 439 б.), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1 том. Алматы. 1960. 740 б.), «Қазақ фольклористикасы» (Алматы. 1972. 299 б.), «Қазақ фольклористикасының тарихы» (Алматы. 1988. 432 б.) атты ұжымдық еңбектер жарыққа шыққаны белгілі.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ фольклортану ғылымын қазақ әдебиеттану ғылымы тарихының бір саласы «Қазақ әдебиетінің тарихы» ішінде қарастырған алғашқы монографиялық еңбек «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген атпен 1948 жылы басылым көрді [1]. Еңбекті жазуға белгілі ғалымдар М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Смаилов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Ә. Мәметовалар ат салысты. Кітап іштей 9 бөлімге ажыратылып, негізінен, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ халық ауыз әдебиетінің жағдайы қамтылды. Кітапта қазақ фольклоры туралы ғылымның хал-жағдайы, тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлар, айтыс өлеңдері, шешендік сөздер, тарихи өлеңдер т.б. тәрізді сол кездегі өз алдына жеке ажыратылған фольклорлық жанрлардың өзіндік ерекшеліктері т.с.с. әдебиеттану тұрғысынан талданған.
Еңбектің «Қазақ фольклорын зерттеу тарихынан» атты бөлімшесін ғалым Б.Кенжебаев жазды. Мұнда қазақ фольклорын жинау, зерттеу ісі ХІХ ғасырдың орта кезінен басталатыны діттеліп, сол кездің саяси, әлеуметтік жағдайына қысқаша шолу жасалған. Одан әрі автор Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеевтердің фольклортанушылық еңбектеріне қысқаша сипаттама береді де, негізінен, ХХ ғасырдың алғашқы жартысымен шектеледі.
Фольклортану ғылымының жай-күйі 1960 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық еңбекте [2] де біршама кең қарастырылды. Мұнда қазақ фольклоры туралы ғылымның ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін ғалым Н.С.Смирнова жазды [3]. Бұл бөлімде қазақ фольклорының тегі ерте заманда жатқандығы, ауыз әдебиеті үлгілерінің өзі Орхон-Енисей жазуларынан (V-VII ғ.) байқалатыны, ал хатқа түсуі кейінірек ХІ ғасырда басталатыны (М.Қашғари «Диуан лұғат ат- түрік», Ж.Баласағұни «Құтадғу білік» т.с.с.) шолу түрінде айтылған. Сондай-ақ қазақ фольклоры туралы ғылымның ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі екі түрлі кезеңі бөліп көрсетілген: бірі- ХVІІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың ортасына дейінгісін; екіншісі- ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың басына дейінгісін қамтиды.
Кезең ерекшеліктері ретінде ғалым Н.С.Смирнова: қазақ халық ауыз әдебиетін зерттеу ісінің әлі ғылымның дербес саласы болып бөлінбегенін; бұл кезеңдегі еңбектерде фольклор үлгілері қырғыз-қайсақ даласы туралы жазылған тарихи деректерді дәлелдеу үшін ғана келтірілетінін; ол кездегі фольклор нұсқаларын жазып алушылардың көпшілігі ғылымға қатысы жоқ, чиновниктер мен әскери адамдар болғанын; бұл адамдардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі қазақ тілін білмегендіктен де олар халық әдебиетін жинау ісінде ел билеуші әкімдерге және тілмаштарға бағынышты болғандығын; орыстың түркітанушы мамандары мен қазақ оқымыстыларының күш біріктіре отырып зерттегенін т.б. анықтаған. Сондай-ақ ғалым осы кезеңдегі көрнекті фольклортанушылар: Ш.Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваевтардың өмірі мен фольклортанушылық қызметін баяндайтын қысқаша шолу түріндегі портреттік тараушаларды да енгізген.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымын М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Н.Смирновалардың дамыта түскен еңбектері 1972 жылы жарық көрген «Қазақ фольклористикасы» деген кітапта жинақталып сарапталғаны белгілі [4]. Өз кезеңі үшін өте пайдалы болған бұл еңбек оқымыстылардың ізденістерін талдап, бағалауда сол тұста үстемдік еткен солақай, таптық партиялық идеологияның ықпалынан шыға алмағанын да ескерген жөн. Оның үстіне сол тұстағы ғылым деңгейі төмендігінен туындаған кемшіліктер де кітапта көрініс берді. Мысалы, фольклорды жазба әдебиеті тұрғысынан қарастырған ғалымдардың, сондай-ақ сол кездегі фольклорды тек таптық көзқараспен зерттеген адамдардың олқылықтары мен қателіктері ашылмай қала берді, бұл мәселелерді айналып өту орын алды. Сондықтан «Қазақ фольклористикасы» атты 1972 жылғы кітап ХХ ғасырдағы фольклортану тарихын, оның зәру проблемаларын жан-жақты ашып берді деп айта алмаймыз. Оның үстіне 1920-1940 жылдары еңбек етіп, көптеген мақалалар жазған, бүгінгі фольклортануға өз үлесін қосқан бірталай адам шет қалды. Жекелеген жанрларға арналған мақалаларда да ол кісілердің есімдері де, еңбектері де аталмады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Х. Досмұхаметов, М. Шоқай, М. Жолдыбаев, тағы басқа да адамдар өмірде болмағандай, ештеңе жазбағандай болып, ғылым тарихынан алынып тасталды. Қазақ халық ауыз әдебиеті ғылымының қалай туып, ғылым ретінде қалыптасқанына арналған «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық үлкен еңбек 1988 жылы жарыққа шықты. Бұл кітапта қазақ фольклортану ғылымы ХVІІІ ғасырдан басталатыны, ХІХ ғасырдың соңында жеке ғылым ретінде қалыптасып орныққаны тұжырымдалған концепция ұсынылды. Ол ғалымдар тарапынан қолдау тапты. Сонымен бірге онда ХVІІІ ғасырдан арғы дәуірлердегі фольклортануға негіз болған бастаулары туралы да шолу түрінде сөз қозғалған. Демек бұл ұжымдық монографияда ежелгі дәуірден бастап ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейінгі аралықтағы қазақ фольклоры жөнінде жазылған, айтылған пікірлер барынша қамтылып, талданды деуге болады. Нақтылап айтар болсақ, еңбектің кіріспесінде зерттеу жұмыстарының бағыт пен мақсаттары; халық мұрасының жиналу, жариялау, насихатталу, зерттелу тарихының басталу көздері ғасырлар қойнауында жататыны; яғни V-VІІІ ғасырлардағы тасқа жазылған Орхон-Енисей жәдігерлері, XV ғасырда хатқа түсті делінген «Дәде Қорқыт кітабы», Махмұд Қашғаридың «Диуан лұғат ат-түркінде» (ХІ ғасыр) т.б. шығармалары соған дәлел екені; сондай-ақ Монғол тарихына қатысты фольклор үлгілерін сөз ететін Рашид-ад-диннің шежіресінде, Қадырғали Жалаирдің «Жамиғ ат-тауариғында», Абылғазы ханның т.б. шежірелерінде де бұл дәстүр сақталғандығы т.б. жан-жақты саралануы – бәрі ортағасырлық Қазақстанның фольклоры мен әдебиетінде бұл салаға жете көңіл бөлген бай дәстүрдің сақталып, дамып отырғандығын діттеу жүзеге асқан [5].
Бұл кітапта кіріспеден соң төрт үлкен шолу тарау берілген. Әр тарау фольклордың даму кезеңдеріне арналып, тараудың ішінде аса көрнекті зерттеушілер туралы жекелеген портреттер келтірілген. Мәселен, алғашқы тарауда ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклоры туралы жазбаларға шолу жасалады да, Шоқан Уәлиханов еңбегі жеке қарастырылады. Сол сияқты келесі тарауда ХІХ ғасырдың екінші жартысында ұлттық фольклорымыз жайында кімнің не жазғаны, не жинап, не жариялағаны кең сөз болып, Ы. Алтынсарин, Г.Н. Потанин, А. Құнанбаев, В.В. Радлов секілді қайраткерлерге жекелеген монографиялық тараушылар арналған.
Біздің тақырыбымыз бен проблемаларымызға тікелей қатысты болғандықтан, аталған ұжымдық еңбекке кеңірек тоқталу қажет деп санаймыз. Еңбектің бірінші тарауы XVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымының алғашқы кезеңіне арналған [6]. Саяси-әлеуметтік жағдайға сай осы кезеңнің фольклортануы жол-жөнекей қысқа тұжырым-байқаулар түрінде көрініс бергені дәлелденген. Атап айтқанда, Қазақстанның Ресей құрамына енуіне байланысты өлкенің жер жағдайын, табиғатын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін т.б. зерттеу қажеттілігі туындап, арнайы экспедициялар ұйымдастырылғаны, оның құрамында болған Е.П. Ковалевский, Н.А. Северцев, В.И. Даль, В.И. Небольсин, В.П. Васильев, Н.В. Ханыков, Г.И. Данилевский, М. Поспелов т.б. адамдардың алуан түрлі деректер жинап, ой-пікірлер түйгені кең сараланған.
Сондай-ақ қазақ даласына түрлі себептермен жер аударылған Ф. Достоевский, Т.Шевченко, А.Янушкевич тәрізді қайраткерлердің де қазақ тарихына, оның ішінде өзіндік мәдениетіне, фольклорына қатысты құнды деректер қалдырғаны сөз болады. Қазақ фольклорының жиналып, зерттелуіне 1800 жылы Қазанда ашылған Азия халықтарының баспаханасы мен 1808 жылы іске қосылған Университет баспаханасының, сондай-ақ 1845 жылдан іске кіріскен Орыс географиялық қоғамының игі істері өз алдына зерттеуді қажет ететіні де көрсетілген.
Айтылған тарауда XVІІІ ғасырдағы қазақ фольклорының мән-жайы белгілі ғалымдар П. Паллас, Н. Рычков, И. Георги, Г.Ю. Клапрот, Г.И. Спасский, Г.Мейендорф т.б. еңбектері негізінде қарастырылған. Онда, негізінен, өлкенің тарихымен, жер жағдайымен қатар, халықтың әдет-ғұрпы, аңыз-әңгімелері, тұрмыс-тіршілігі туралы ақпараттық деректер берілгендігі анықталған.
Әсіресе, қазақтың тегі, тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді жинастырған А.И.Левшин еңбегі жан-жақты қарастырылған. Яғни сол шақта жарияланған саяхатнама, сипаттама, жазбалар түріндегі еңбектердің ішіндегі ең көлемдісі де, маңыздысы да А.И.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» (Спб., 1832) атты үш томдық зерттеу еңбегі екені дәлелденген.
Тараудың авторы Ш. Ыбыраев бұл дәуірде фольклортану ғылымы үлкен профессионалдық жолға түспегенімен, ғылым ретінде жекелеген белгілері туып, қалыптаса бастағанын, әсіресе қазақ фольклоры туралы, этнографиялық негізде болса да, пікір айту, оның халық өмірінен алатын орнын белгілеу, жинау, жазып алу, орыс тіліне аудару сияқты жұмыстардың рөлі ерекше болғанын ескертеді [7].
Еңбекте одан әрі қазақтың тұңғыш фольклортанушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі, өскен ортасы, фольклортанушылық еңбектері дәйектелген [8]. Ш.Уәлиханов ел аузынан жинап, жариялаған: Абылай атына қатысты аңыздар; «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Көкше», «Едіге» тәрізді жырлар; Жұмағұл, Жанақ, Орынбай, Арыстанбай, Шөже сынды ақын-жыршылар туындылары; Бөгенбай, Жанатай, Сырымбет, Жәнібек, Байғозы, Оразымбет, Малайсарыға, Баянға т.б. қатысты деректі әңгімелер шоғыры- бәрі ғалым Р.Бердібай тарапынан жан-жақты ашылған: «Ш. Уәлихановтың еңбектерінде халықтардың наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-санасы жөнінде ойлар мен тұжырымдар мол. Мұндай пікірлер оның барлық туындыларында там-тұмдап аралас келіп отырады. Жалпы Шоқан шығармаларының бір ерекшелігі олардың белгілі бір мәселеге ғана арналмай, құбылыстарды кең қамтитын әмбебаптығында. Алдына үлкен жауапты саяси, мемлекеттк міндеттер қойған сапарларының барлығында да Ш.Уәлиханов өзі таныған шындықты неғұрлым молырақ қамтуға ұмтылған. Мәселен, өзі көрген елдің географиялық жағдайын айта отырып, тарих пен этнографиясын тасада қалдырмайды. Әсіресе халықтың аңыз-әңгімелерін, шежіресін, мифтік ұғымдарын, өнерін бір-бірімен тығыз байланыста алып қарайтынын көреміз. Сондықтан да ғалымның фольклорға тікелей арналмаған зерттеулерінде де халық шығармалары туралы ойлары қатарласа жүреді», - делінген [8,84 б.].
Кітаптың келесі шолу тарауында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы жайы қарастырылады [9]. Бұл кезде қазақ фольклортану ғылымының өз алдына жеке ғылым саласы ретінде қалыптаса бастағаны да нақты көрсетілген. Сонымен қатар фольклор үлгілерін жинау, жариялау, зерттеу жұмыстары мақсатты түрде жүргізілгені; фольклорлық мәтіндер, көбінесе саяхатнамалық очерк, күнделік, сипаттама, жазбалар т.б. түрінде кездесуі; орталық, әрі жергілікті басылымдарда жариялана бастауы, т.б. – бәрі Ресейдің экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайынан туындаған отаршылдық сипатта туған реформалармен тығыз байланысты жүргені анық.
Сондай-ақ қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу жұмыстары қалай жүргені: бірде- арнайы тапсырмамен келген әскери адамдар, саяхатшылар Қазақстанның топографиясын жасаумен қатар, жер-су, тау-тас, мекен жайына байланысты әңгіме-аңыздар мазмұнын хатқа түсіріп отырса; бірде-чиновниктер мен миссионерлер қазақ тілін зерттеп, қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жасағаны; ал, енді бірде- орыс әрпінде жазылған оқулықтар дайындағаны т.с.с. – бәрінде дерлік фольклордың әр түрлі мақсатта пайдаланылғаны жете сөз болады [9,92 б.].
Сонымен қатар аталған тарауда қазақ фольклорын, тілін, этнографиясын таза ғылыми мақсатта, академиялық түрде зерттегендер болғандығына арнайы назар аударылған. Бұл кезеңнің өзі іштей шартты түрде үш белеңге бөліп қарастырылады [10]. Бірінші кезең - 1860 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Негізінен, бұл аралықта фольклорды жинау жұмысының қалай жүргені, көбінесе мәтіндердің жолжазбалық очерктер ішінде, күнделіктерде, жазбалар түрінде орын алғаны діттеледі. Екінші кезең- 1860 пен 1880-шы жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде фольклорды жинау жұмыстарымен бірге баспа арқылы жариялау жұмыстары да қолға алына бастағаны көрсетіледі. Ал, үшінші белеңге (1880-1900 жылдар аралығы) тән ерекшелік: фольклор нұсқалары тек жиналып, жарияланып қоймай, сондай-ақ белгілі орыс ғалымдары В.В.Стасов, В.Ф.Миллер, А.Н. Веселовский т.б. тарапынан да тереңірек зерттеле басталғаны айтылады.
Сонымен қатар бұл тарауда қазақтың белгілі фольклортанушы ғалымдары Ы.Алтынсарин [11], А.Құнанбаев [12], В.В.Радлов [13], Г.Н.Потаниндердің [14] фольклорды жинау, жариялау мен зерттеу жұмыстары өз алдына жеке-жеке жан-жақты қарастырылған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы тарихын зерттеген С.А.Қасқабасов мынадай түйін жасайды: «Бұл кезеңде қазақ фольклористикасы ғылымның жеке саласы ретінде толық қалыптасып болды. Ол процесс сол кездегі қоғамның саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдениеттік жағдайының ауқымында өтіп, ғылыми, әдеби дамумен бірге жүрді. Алғашқы он жылда (1850-1860), негізінен, қазақ фольклоры туралы тек дерек қана жиналды... Тек 1860 жылдардан бастап қазақ ауыз әдебиеті кең түрде жинала бастаған... Қазақ фольклорын жинаумен қатар, зерттеу мақсаты 1880-1900 жылдар арасында мықтап қолға алынды» [15].
Еңбектің үшінші тарауында ХХ ғасыр басындағы қазақ фольклортану ғылымы сөз болады [16]. Ғасыр басындағы Ресейде әрі әлеуметтік-экономикалық, әрі қоғамдық-мәдени өзгерістердің күрт дамуы өз кезінде Қазақстан экономикасы мен ғылымына біршама әсер еткені айтылады. Елді-мекендерде түрлі өндіріс орындары салынуы, қаланың өсуіне, сондай-ақ көптеген қоғамдық орындар мен бастауыш мектептердің де көбірек ашылуына ықпал етті. Мұның бәрі өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығы мен мәдениетіне ықпал жасағаны сөз болады. Осындай қоғамдық-әлеуметтік жағдай қазақ халқының мәдениетіне, оның фольклорына деген қызығушылықты арттырып, фольклортанудың тағы бір кезеңін қалыптастырғаны анық. Сол кезде жиналған көптеген фольклор үлгілері түрлі баспа орындарында, ғылыми жарияланымдарда, газет-журнал беттерінде тұрақты түрде болмаса да, жиі жарияланып тұрғаны жіті аңғарылып, біршама айқындалған.
Сонымен қатар сөз болып отырған шолу тарауда А. Белослюдов, А. Васильев, И. Крафт, Н. Пантусов сияқты ғалымдардың фольклортанушылық еңбектері де қарастырылған. Атап айтатын бір нәрсе: бұл бөлімде Қазан төңкерісіне дейінгі шығыс халықтарының тарихымен, тілімен, әдебиетімен шұғылданушы орыс авторларының қазақ ішінен өздері жинаған әдеби нұсқаларды ауыз әдебиеті сапында қарап, сол тұрғыда түсінгені нақты көрсетілген. Әсіресе олардың қазақ поэзиясын жоғары бағалағаны, қазақ тілінде кітап шығару ісін жандандырғаны қамтылған. Олар діни басылымдармен бірге шығыс әдебиетінің аудармаларын, фольклорлық мәтіндерін (ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, т.б.) жариялап және әр түрлі оқу құралдарын, тағы басқа шығармаларды бастырып, елге таратты. Осы кезде қазақ халқының да саяси, мәдени өмірінен құнды деректер беретін түрлі тарихи деректер мен құжат қазыналары жарық көріп жатты. Әсіресе А.Е. Алекторовтың үш мыңнан астам мақалаларды қамтыған библиографиялық көрсеткішінің [17] жарық көруі – сол тұстағы фольклортану ғылымының даму жағдайын, бағыт-бағдарын анықтаған еңбек болды. Сонымен бірге бөлімде Ә. Диваевтың фольклорды жинау, жариялау, әрі зерттеу жұмыстары өз алдына жеке сараланған. Аталған кітаптағы төртінші тарау музыкалық фольклордың жиналуы мен зерттелуіне арналған [18].
Жалпы, бұл монографияда қазақ фольклортану ғылымының Қазан төңкерісіне дейінгі бай тарихы, қазақ мәдениетінің даму кезеңдері, елеулі фактілері, тенденциялары, жүйелі ойлары мен тұжырымдары т.б. жан-жақты сарапталған. Әсіресе, сол шақтағы қазақтан шыққан алғашқы зиялылардың фольклор мұраларын жинау, жариялау, зерттеудегі ізденістері тұңғыш жинақталып, жүйеленіп қарастырылғаны – ғылымға қосылған үлкен үлес болды. Солай бола тұрса да, жалпы әдебиет тарихының басқа да өзекті мәселелері тәрізді ұлттық фольклортану тарихы саласында да қолға алынбаған, қолдан жасалған «ақтаңдақтарымыз» аз емес және олар әлі зерттеу объектісіне айнала қойған жоқ.
Қазақ фольклорын жинаушы, жариялаушы, зерттеушілер дегенде: Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Г.Н.Потанин, Ә. Диваев т.б. еңбектері барынша қарастырылғанымен, сол салада ең көп жұмыс тыңдырған Мәшһүр-Жүсіп, сондай-ақ Кеңес өкіметі тұсында есімі аталуына тыйым салынған Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедовтердің еңбектері енді-енді ғылыми айналымға ене бастауы- бұл саладағы ғылымның кенжелеп қалу себептерін де, аталған ғылымның қазіргі жай-күйін де толық аңдата алады.
Жалпы, Кеңес өкіметіне дейінгі аралықтағы қазақ фольклорының жиналу, жариялану, зерттелу тарихына арналған «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монографияның (А., Ғылым, 1988) әрі қазақ әдебиеттану, әрі фольклортану ғылымында ерекше орын алатыны дау тудырмайды. Ал, «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымына» арналған арнайы зерттеу жұмысының болмауы- біз қолға алып отырған тақырыптың көкейкестілігін танытары күмәнсыз.
Бүгінгі таңда фольклортану ғылымының, бұрыңғы еңбектердің жетістіктеріне сүйене отырып, ХХ ғасырдың ең ауыр кезеңінде, яғни бірінші жартысында ұлттық фольклорымыз туралы ғылым қалай дамыды, қандай асулардан өтті, басынан не кешірді, оны кімдер дамытты, кімдер не қосты деген мәселелерді жүйелі түрде, концепцуалды негізде, ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу қажеттігі, әрі мүмкіндігі туды. Міне, біздің еңбек осы проблемаларды қарастыруға арналған.
Монографияда ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклоры туралы ғылымның жай-жапсары, оның салаларының даму барысын зерттеу, фольклортану ғылымының қандай межелерге жеткені, нендей мақсаттар қойып, қандай проблемаларды қандай дәрежеде шешкені анықталады. Сондай-ақ сол тұстағы фольклористиканың қай аспектілері зерттелгені, қандай тұжырымдар жасалып, олардың ғылым мен оқу процесіне қаншалықты енгені айқындалады. Сонымен бірге еңбекте жарты ғасыр ішінде қазақ фольклоры қалай жиналды және қандай түрде жарияланды, әрі зерттелді деген мәселелер жүйелі түрде қарастырылады. Бұлармен қатар өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы фольклортануға өздерінің жинаушылық, жариялаушылық, әрі зерттеушілік істерімен айтарлықтай үлес қосқан оқымыстылар мен қайраткерлердің еңбектері сипатталып, талданады.
Фольклортану ғылымының үш негізгі тұғыры бар. Олар - мәтіндерді жинау, жариялау және зерттеу. Бұл үшеуін бір-бірінен ажыратып, жеке-жеке талдау – фольклор туралы ғылымның ішкі процесін ашу деген сөз. Бұлардың әрқайсысысының өзі – жеке зерттеуге лайық мәселе. Сол себепті монографияда оларға бір-бір тарау беріліп, олардың өзіндік ерекшеліктерін ашу ниет етілді. Сөйтіп, ХХ ғасырдың бірінші жартысында фольклор үлгілерін жинастыру ісінің бұрыңғы, яғни ХІХ ғасырдың соңындағы дәстүрді пайдалана отырып, жаңаша бағыт алғаны анықталды. Алғашқы – 15-20 жылда фольклорды жинау, сырттай қарағанда, стихиялы болып көрінеді, алайда зерттеу барысында фольклорлық мәтіндердің жеке адамдар көмегімен ғылыми мақсатпен жиналғаны байқалды. Мұны тікелей жазып алу тәсілімен тәжірибе жинақтаған, олардың жинаудың амалдары мен тәсілдерін де жетілдіріп отырғаны анықталды.
Алдымен айтар нәрсе - мәтіндерді ел арасынан жинаушының өзі жазып алу машығы орныққаны. Рас, жинаушылардың ғылыми дайындығы аз болғандықтан фольклор шығармалары ауызба-ауыз айтудан жазып алуға мән бермеуі және дағдыланбауы (1920-1950 ж.) да орын алды.
Екінші тәсіл – жер – жердегі арнайы тілшілер арқылы жинау. Яғни ғалым өзінің жер-жердегі сенімді хат жазысып тұратын адамдарының көмегіне сүйене отырып, сол жердің фольклорын жинастырады. Мұның ерекшелігі – тұрғылықты болуы.
Үшінші тәсіл – арнайы экспедиция ұйымдастыру, экспедиция мүшелерінің дайындығы, міндеті айқындалуы.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорын жариялау ісі алғашқыда бұқара көпшілікке арналып, бірте-бірте ғылыми-көпшілікті кең қамтуға ойысты. Жариялаудың мақсаты өзгеріп отырды. Егер 1920 жылдарға дейін, негізінен, газеттерде және Қазандағы, Орынбордағы ғылыми журналдарда жарық көрсе, 1920 жылдардан бастап фольклор мәтіндері тәрбиелік, ағартушылық мақсатта жарияланды. Зиялылар еңбектері оқулыққа енгізілді, хрестоматияларға кіргізілді, бірте-бірте эпостар жеке кітап болып, фольклорлық жинақтар шыға бастады. Алғашқы кезеңде шығарушылар мәтінді өңдеп, оған текстологиялық өзгертулер енгізіп отырды. Ал, 1930 жылдардан бастап ғылыми-көпшілік басылымдар пайда болды. Оларда жинаққа, немесе кітапқа енген мәтінге қатысты қысқаша кіріспе мәлімет берілуі, бірақ қажетті комментарилер берілмеуі орын алды. Осы үрдіс 1950 жылдардың аяғына дейін сақталды. Ал, фольклорды зерттеу ісі күрделі жолдардан өтті. ХХ ғасырда дүрсін-дүрсін жүрген идеологиялық күрес әсерін тигізбей қойған жоқ. Дей тұрғанмен, ұлттық фольклорды зерттеу қарапайымдылықтан күрделілікке қарай жол тартты. 1920 жылдарға дейін қызықтау мен таныстыру мақсатында жекелеген мақалалар, очерк іспетті этнографиялық жазбалар басым болды. Одан кейінгі тұста қазақ фольклоры туралы зерделі зерттеулер жазыла бастады. Әсіресе, 1925-1940 жылдары арнайы жазылған кітаптар мен монографиялардың шығуының мәні зор болды. Бұларда, негізінен, фольклор жалпы түрде қамтылған, оның басты-басты жанрлары сипатталды, әр жанрға тән белгілер анықталды, және жанрларды мінездейтін шығармаларға талдау жасалды. Бірақ сол кездегі тәртіп бойынша шығармалардың идеясы мен тақырыбына мән беріліп, фольклорлық кейіпкерлер таптық-әлеуметтік тұрғыда қаралды. Ол шақта фольклорды идеологиялық құрал деп түсіну орнықты да, оған профессионалды әдебиеттің қасиеттері танылып, фольклор жазба әдебиетке қойылатын талап бойынша зерттелді. Соның салдарынан фольклортану ғылымы әдебиеттанудың бір саласы деп танылды. Осы кемшілік ХХ ғасырдың 70-80 жылдарына дейін үстем болып келді.
Қазақ фольклортануының әр түрлі проблемалары мен аспектілері бұрын да қарастырылған. Олар, негізінен, екі бағытта болды. Бірі – фольклортану ғылымының тарихы да, екіншісі – жеке бір ғалымның фольклористік еңбектерін талдау еді. Соның өзінде фольклортану ғылымының тарихы белгілі бір мезгілмен шектеліп, ғылымның дамуы кезеңдерге бөлініп қаралды да, осы кезеңдерде кім не істеді, жекелеген адамдардың еңбектері сипатталды.
Осы еңбек – фольклортанудың ғылым ретінде даму тарихын, яғни танымды, кәдімгі тарих талабымен жүргізілген зерттеу емес. Мұнда қазақ фольклоры ХХ ғасырдың бірінші жартысында қалай жиналды, қалай жарияланды және қалай зерттелді деген мәселе тұңғыш рет осы аспектіде зерттеліп отыр. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ фольклорын кімдер жинады, жариялады және зерттеді, олар қалай жинады, қалай жариялады һәм қандай дәрежеде зерделеді дейтін проблеманы шешу барысында көп уақытқа дейін аталмай келген зиялыларымыздың орасан еңбегі, өзіндік ізденістері, ғылыми шарттары мен көзқарастары сарапталды. Сондай-ақ көптеген соны материалдар, бұрын беймәлім жатқан мәтіндер анықталды. Солақай, сыңаржақ саясат кезінде бұрмаланған фактілер, қате жарияланған басылымдар қалпына келтірілді. Бұрын теріс бағаланып, немесе әдейі «ұмытылып» жүрген жәйттер тиісті дәрежеде талданып, өзіне лайық бағасын алды. Ұлттық фольклор мәтіндерін жинауда үнемі бірізділік сақтала бермегені айқындалды, ал мәтіндерді жариялауда, көбінесе практикалық және саяси мақсат алға қойылып, жарияланымдар, негізінен, алғашқыда бұқараға арналған көпшілікті, кейін ғылыми-көпшілік сипатта болғаны көрсетілді. Фольклорды зерттеу саласында партиялық-идеологиялық мақсат бірінші орында болып, шығармалар, көбінесе таптық тұрғыдан талданғаны көрсетілді. Ғылыми мақсатпен жүргізілген зерттеулерде фольклорды әдебиеттің «төменгі» түрі есебінде қарап, әдеби шығарма ретінде талдау орын алғаны айтылды. Кітапта текстологиялық салыстыру арқылы әр кезде жарыққа шыққан мәтіндердің алғашқы жинаушысы, тұңғыш жариялаушысы кім екенін анықтау, сөйтіп әр түрлі себептермен басқа адамдар атымен жарияланған фольклорлық дүниелердің нақты орындаушысын табу және әділетсіз ұмытылған қайраткерлердің есімін жаңғырту, әрі олардың еңбегін саралау жүзеге асты.
Достарыңызбен бөлісу: |