Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ


Фольклорды жинаудың маңызы, мақсаты мен шарттары



бет2/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

1 Фольклорды жинаудың маңызы, мақсаты мен шарттары.

1.1 Қазақ фольклорын жинаудың ерекшеліктері.

Фольклортану ғылымын толық біліп, әрі қарай дамыту үшін алдымен фольклордың жиналу мен жариялану және зерттелу процесін біртұтас күйде қарастыру керектігі күмәнсіз. Мұндай ойды көптеген алыс және жақын шетел ғалымдары [19], сондай-ақ қазақ фольклорын зерттеушілер құптайды [20]. Фольклордың жиналу процесін сөз еткенде, әрине әрбір зерттеушінің фольклорды жинаушылық қызметіне тоқталумен бірге, оны бір жүйеде қарастыру қажет.

Жазба әдебиеттен фольклордың негізгі айырмашылықтарының бірі – оның ауызекі таралу мен сақталу формасында. Ал, бұл зерттеушіге де, жалпы оқырманға да халық шығармасының толыққанды жетуі үшін, ең алдымен оны жинау, мұқият қағазға түсіру, содан кейін ғана баспадан басып шығаруға кірісу міндетін жүктейді. Міне, мұның өзі фольклорды жинаушылық қызметтің қаншалықты жауапты, ауқымды мәнді екендігін көрсетеді. Сондай-ақ халық мәдениетінің алтын қоры болып табылатын фольклорды жинау – бұл ел шығармашылығының қаншалықты талантты, жан-жақты екендігін діттеуге жол ашады.

Сонымен қатар фольклор үлгілерін тездетіп жинау ісі- бай фольклорлық мұраның жойылып кетпей, кейінгілерге аманат етіп сақтап қалудың бірден-бір жолы екені де анық. Фольклорды тездетіп жинау қажеттігінің үш түрлі себебі бар: бірі, ең бастысы- ескі мұраның ұмытылу, жойылу қаупінен туындаса, екіншісі - өткенімізді білу қажеттігімен байланысты. Бұл болашаққа аяқ басудың кепілі болып табылады. Үшінші себеп – фольклортанушы ғалымдардың фольклорлық нұсқаларды тек қағазға түсіріп қана қоймай, сондай-ақ олардың жанр ішіндегі даму сатыларының дәйекті түрде өзгеруін де бақылауға негіз қаланады. Демек, фольклортанушы ғалымдар үшін мәтіннің қалай өмір сүретіні, қандай өзгерістерге түсетіні, яғни бірқалыпты қозғалыста, дамуда, мейлінше жетілу немесе тоқырау, тіпті құлдырау кезеңдерін бастан кешетіні т.б. – бәрі қамтылады. Сол себепті де фольклорды зерттеушілер үшін, белгілі не беймәлім мәтіндердің неғұрлым көп нұсқалы болуы қажет. Себебі үлгіні терең және жан-жақты түсіну, тану үшін де, зерттеуші оның неғұрлым көп нұсқаларымен таныс болуы керек.

Мұның бәрі фольклорды жинаушыларға түрлі шығармаларды кезінде естіген, білген қалпымен шектеліп, оған немқұрайды қарамау қажеттігін міндеттейді. Тіпті мәтіннің келесі бір нұсқасы сөзбе-сөз қайталанған жағдайда да, ол фольклортану ғылымы үшін маңызды болып қала бермек. Бұл да мәтіннің белгілі бір елді-мекенде, уақыт мезгілінде т.б. қаншалық тұрақтанғандығын межелеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, фольклорлық шығарманың қағазға түсу уақыты мен орнының көрсетілмеуі, сондай-ақ мәтінді айтушы, жеткізуші жөніндегі ақпараттық деректердің болмауы т.б. – бәрі мәтін паспортын толыққанды толтырудағы елеулі кемшілік. Сонымен қатар естігенді сол қалпында дәл, не толық қағазға түсіре алмау да – бәрі әлемдік фольклортану ғылымында құпталмайтын жағдай.

Міне, осы әлемдік биік талап межесімен қарасақ, біз қарастырып отырған кезеңде фольклорлық мұраны қағазға түсіргенде ғылыми талаптардың көбінің орындалмай келгені байқалады. Фольклордың прозалық жанрларының жинау, қағазға түсу сапасына келетін болсақ, олардың, көбінесе сөзбе-сөз берілуінің орнына не конспект, не қысқартылған қолжазба күйінде, не сөз тастап кету, не жаңа жолдан бастап жазу үлгісі, не тура сөзді бөліп көрсету т.б. тәрізді кемшіліктерге ұшырағаны байқалады. Сол себепті жиналған үлгілерді қағазға түсіргенде ғылыми талаптардың орындалмауы т.т. – бәрі, сөз жоқ, ол мұраның баспа арқылы басылуына кедергі келтірумен бірге, ғылыми айналымға түсуіне де мүмкіндік бермейді және зерттеу ісіне нұқсан келтіреді.

Демек, фольклордың ғылым талабына сай жиналуы үшін, алдымен мәтіннің дұрыс қағазға түсуі мен жазылынып алыну паспортын толық толтыру қажеттігі туады. Мұның бәрі жинаушылық қызметтің дұрыс ұйымдастырылуымен байланысты жүзеге асады.

Кез келген жинаушылық істің сәтті өтуі үшін, алдымен фольклортанушы ғалым сол елдің әдет-ғұрпымен, тұрмыс-тіршілігімен, салт-санасымен, тарихымен, ұлттық ерекшелігімен жете таныс болады. Ал, халықтық шығармалардың түрлі жанрлары ерекшелігін ескеруі, сондай-ақ фольклористиканың ғылыми талаптарын жетік білуімен бірге, жергілікті жердегі мәтіннің өмір сүру жағдайынан да толық хабардар болуы, ең бастысы, жергілікті елдің наным-сенімін, тілін жан-жақты меңгеруі т.б. – бәрі, сөз жоқ, ғалым алдында тұрған түрлі мақсаттарды анық көре отырып, оларды шеше білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жинаушылық қызметті барынша жетілдіруге жол ашатынын есте ұстаған жөн.

Сонымен, фольклорды жинаушы алдында бірнеше мақсаттар тұрады: біріншісі – фольклорлық мәтіндерді неғұрлым көп таба отырып, оларды неғұрлым ұқыпты түрде қағазға түсіру. Осы шарттар орындалса, ауызекі мұралардың жалпы хал-жағдайымен танысуға негіз қаланады.

Бұл мақсатты орындау барысында алдымен сол елді- мекендегі барлық фольклорлық мәтіндерді жинау, яғни қағазға түсіру қажеттігі алға шығады. Екінші мақсат: зерттеуші фольклорды әрі іздестіре, әрі қағазға түсіре отырып, жазып алатын мәтіннің хал-жағдайын да, қандай жағдайда жеткенін де, қаншалықты кең таралғанын да байқап, мүмкін болса алдын-ала хабардар болғаны жөн және осыларды өзіне мақсат етіп қоюға тиіс.

Сонымен бірге сол елді мекенде фольклордың қай жанрлары кеңірек таралғанына да, қай жанрлары сирегірек кездесетініне де т.б. назар аударылғаны дұрыс. Ол үшін жергілікті жердің қариялары, фольклорды айтушылар мен жеткізушілер ойларын жан-жақты ежіктеп сараптау керек. Жинау барысында мәтіннің тіпті ұмыт болған, не мазмұндалған, не қысқартылып айтылған, не сипатталған, не кейбір жері еске түспеген жағдайларда да т.б. – бәрі де көзден таса болмай, қағаз бетіне толық түсуі шарт. Себебі мұндай мәтіндердің өзі ел арасындағы фольклордың өмір сүру, өзгеру, айналу, ауысу ерекшеліктерін сараптау үшін қажетті дерек көзі болып табылады. Сонымен қатар бұлардың тарихи-танымдық, көркемдік жақтары да т.б. ғылым үшін бағалы болмақ. Міне, мұның бәрі фольклорды жинаудың қаншалықты ауқымды, жауапты, маңызды іс екенін дәлелдейді.

Фольклорды жинау барысында есімі аталған, не ұсынылған т.б. азаматтар болса, міндетті түрде олармен жүздесіп, олар білетін мәтіндер тегіс қағаз бетіне түсуі керек және олардың репертуарын барынша толық анықтау қажет. Сондай-ақ жергілікті жердің шығармашылық ортасымен де: ақындармен, әншілермен, жыршылармен, билермен, молдалармен, шежірешілермен де т.б. таныс болу керек. Фольклор мәтіндерін жинай отырып, оның мазмұнына да, көркемдігіне де көңіл бөлу орынды.

Зерттеушінің фольклорды жинаудағы тағы бір келелі мақсаты – ол мәтіннің сол, не басқа бір жерде өмір сүру ерекшелігін анықтау екенін естен шығармауы керек. Шығарманың белгілі бір мекендегі өмір сүру жағдайын қарастыра отырып, жинаушы сол елді-мекендегі халықтың экономикалық та, мәдени ерекшеліктеріне де көңіл бөлуге міндетті. Сонымен қатар жинаушылық жұмыс сол кезеңде, сол елді мекенге қатысты жүріп жатқан түрлі этнографиялық та, тарихи материалдарды да қоса қамтуды ойластыруы керек. Бұл міндетті атқаруда, көбінесе елдің қариялары, білімділері т.б. көп көмек көрсетеді.

Жинаушылар алдында тұрған мақсаттармен қатар, фольклорды насихаттайтындар, тарататындар, айтушылар мен жеткізушілер т.б. төңірегінде де ақпараттар, мағлұматтар қоса қамтылады. Бұл жұмыс қысқа биографиялық мәліметтерден, яғни туған күні, айы, жылы, білімі т.б. тәрізді деректерден тұрады. Негізінен, фольклорды сақтаушылар төңірегіндегі мәліметтерде: оның биографиясының маңызды кезеңдерімен бірге, орындалатын мәтіннің негізгі мінездемесі, оның тегі мен табиғаты және де олардың сол не басқа жанрға қарым-қатынасы да бірге берілген жөн. Фольклорды айтушылар туралы мәліметтер берілгенде, олардың әрқайсысының шығармашылық ерекшеліктерімен бірге, айту мәнері мен орындаушылық шеберлігіне де тоқталған жөн. Сондай-ақ фольклорды орындаушының репертуарын анықтау, айтқан шығармаларын кімнен, қашан үйренгенін байымдау және бұл шығарманы қаншалықты жиі және қандай жағдайда орындайтынын білу қажеттігі де ескеріледі.

Халықтық шығармаларды жинаумен айналысатын ғалымдар алдында, сондай-ақ жергілікті жердің өзінде де фольклорды қызғыштай қорғап, оларды тездетіп іздестіру, жинау, қағаз бетіне түсіру ісіне мүдделі т.б. азаматтарды мүмкіндігінше кең қамту, бағыттау, тәрбиелеуі міндеті туатыны анық. Бұлардың біразы өз кезінде жинаушылардың іскер көмекшісі де, экспедиция мүшесі де т.б. бола алады. Фольклордың тездетіп жиналуына түрлі газет басылымдарында т.б. жарияланған түрлі үндеу, жобаларға жіті көңіл бөлудің де маңызы ерекше.

Қай халықтың болса да ежелден сақтап, құрмет тұтатын бай мәдени мұрасының бірі- фольклор. Оған деген бұқара халықтың құрметі ешқашан толастаған емес. Ал, ресми мемлекеттік жүйенің фольклорға арнайы түрде көңіл бөлуі әр түрлі мақсатта болады. Әр қоғам, мемлекет өзінің даму барысының белгілі бір кезеңінде фольклорға ерекше көңіл бөледі.

Айталық, Еуропаның елдерінде романтизм күшейген тұста, романтиктер халық мұрасын, әсіресе фольклорды жинау ісін қолға алды. Ресейде де фольклорға көңіл бөліп, оны арнайы жинау романтизм дәуірінде етек алды.

Бізде жағдай басқаша болды. Күллі отарланған елдердікі сияқты, біздің фольклордың жиналуы, жариялануы мен зерттелуі ең алдымен Қазақ елін, жерін отарға айналдыру мақсатында жүргізілді. Әлбетте, бұл жұмыс бір қалыпта болған жоқ. Отарлау тереңдеген сайын қазақ фольклорын жинау мен зерттеу ісі де біршама жетілдіріліп отырды, әрі әр кезеңнің саясатына сәйкес оның мақсаты да өзгеріп тұрды. Патша өкіметі тұсындағы отарлау Кеңес өкіметі кезінде жаңа сипат алды да, патшалық Ресей уақытындағы жинау ісі Кеңес заманында мүлде өзгеше масштабта, жаңа мақсатта, басқа түрде жүзеге асырылды. Міне, енді осы жұмыс әр мезгілде қалай жүрді, қаншалықты ғылыми мақсатты тұтынды және оны кімдер қай уақытта, қалай жүргізді, соған тоқталайық.

Қазіргі уақытта қазақ фольклортану ғылымының ХХ ғасыр басындағы дамуы мен Қазан төңкерісінен кейінгі жай күйін өзара салыстырып, ондағы дәстүр мен жаңалықты кезең ерекшеліктеріне сай сараптау енді-енді ғана қолға алына бастады. Себебі Кеңес өкіметі тұсындағы көптеген еңбектерде қазақ фольклортану ғылымы мәселелері тек біржақты ғана қарастырылып, «әдебиеттің партиялылығы», «тап тартысы», «пролетариат әдебиеті» т.б. тәрізді түрлі «кеңестік идеология» тұрғысынан бағаланып, түсіндірілді. Ендеше ХХ ғасырдың басындағы Кеңес заманындағы қазақ ғалымдарының фольклорды жинау ерекшелігі, мұрағаттық үлгілерге көңіл бөліп, оны жариялау мен зерттеушілік қызметтері заман талабына сәйкес қандай өзгеріс, ауытқуларға түскені жан-жақты саралануы қажет. Әсіресе, қазақ фольклортану ғылымының неғұрлым үстірт зерттелген Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңін арнайы саралау қажет. Зерттеу негізінде мұрағаттық деректер мен ғылыми еңбектер, және де осы кезеңге тән баспа бетінде жарияланған материалдар, фольклорлық мұралардың жиналуы мен жіктелуін қарастырған зерттеулерде маркстік-лениндік принциптердің қолданылуы әсері т.б. – бәрі де Ұлы Отан соғысына дейінгі қазақ фольклортану ғылымының өзіндік даму ерекшелігін сараптауда ескерілуі қажет.

Патша өкіметі тарапынан жиналған мәтіндер үш мақсатта: христиан дінін уағыздау; патшаның өз бетімен шексіз билеу саясатын дәріптеу; сонымен бірге мемлекетке қызмет ету мақсатында жиналып, жарияланып отырды. Мұның өзі түсініктемелерімен бірге шығатын, әрі цензура арқылы нені жариялау керек, нені тоқтату керек тұрғысынан іріктелу елегінен өтіп отырды. Аталмыш мақсаттарды жүзеге асыруда әр түрлі әдіс, тәсіл қолданылғанын айту керек. Бұл істе жекелеген орындаушылардың рөлі айрықша болды.

Фольклорды жинаушылар не біреудің тапсырмасын орындау мақсатында, не өзінің жұмысы барысын тексеретін көшбасшыға есеп беру ретінде, не өзінің хат жазысып тұратын мамандар сұранысын орындау үшін де т.с.с. фольклорлық мәтіндерді жинап, сараптау ісімен айналысты.

Фольклорды – тілді зерттеу үшін, не тілді басқаларға оқыту үшін; әліппелер шығару үшін, пайдалану да іске асты. Мысал ретінде мақал мен мәтелдер келтіру т.б., үлгінің ең жақсысын, ең қысқасын таңдағанда да, оның ешбір жіктеусіз, ешбір тақырыптық, әлеуметтік жағы ескерілмеген күйде берілу де орын алды. Кейде мәтіннің текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, мәселен, аудармасы болса, оның дұрыс берілуіне назар аударылмау да ұшырасты. Бұл өз кезегінде мәтіннің мағыналық жағынан түрлі өзгерістерге, ауытқуларға ұрынуына әкелді.

ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптасқан қазақ интеллигенциясы ел бостандығын ғана көксеп қойған жоқ. Олар халықты кең көлемде оқыту, білімге тарту мақсатын бірінші кезекке қойды. Бұл ретте олар Еуропаның романтиктері сияқты ұлттық фольклорды жинауға, жариялап зерттеуге ерекше мән берді. Сөйтіп, патшалық Ресей кезіндегі жинаудың мақсатын өзгертіп, әдіс-тәсілдерін өз мүдделері тұрғысынан пайдаланды.

Негізінен, фольклорды романтикалық ниетпен жинаушылардың мақсаты халықты оқу мен жазуға үйрету, оның кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту екені мәлім. Сондай-ақ фольклорды – халық талантын таныту құралы есебінде; халықтың рухани күшін көрсетудің қайнар көзі ретінде; халықтың талпынысын, арманын көрсету мүмкіндігі деп те қарастыру жүрді. Сол үшін де фольклорды жинағанда, оны үлкен ыждаһатпен, ыстық махаббатпен, күш-жігермен т.б. жинау қажеттігі ескерілді. Сонымен бірге ел мәдениетін көтеру үшін де, оның санасын ояту мақсатында да т.с.с. фольклорды пайдалану өріс алды.

Өз елінің тарихын, тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, өмірге деген көзқарасын, мәдениетін, тілін, әдебиетін т.с.с. басқаларға таныту үшін де фольклорға сүйену керектігі алға шықты.

Фольклорды жинаушылардың дені халықпен арадағы қарым-қатынасты үзбеді, ақсақалдармен сөйлесуге, ауыз әдебиеті білгірлерімен сөйлесуге ден қою өсті –бәрі этнографиялық, тарихи, фольклорлық үлгілердің мейлінше көп жиналуына септігін тигізді. Тікелей қолмен жазылған фольклор үлгілеріне ерекше назар аударыла бастады. Ауызба-ауыз жазудың қиындығы: кейбіреуі басын толық жазса, кейбіреуі аяғын; ал, кейбіреудің оқиғаны, кейіпкерлерін шатастыру мүмкіндігі бар десек, сол себепті мәтіннің қағазға толық түспей қалуы, дәл болмауы т.б. – бәрі түрлі түсінбеушіліктерді тудыруы мүмкін. Фольклорды қағазға түсіргенде ұқыпты, тиянақты болуды, ерекше іскерлікті, ерекше ынтаны пайдалануды қажет ететіні ескеріле бастады. Фольклорды жинау, әрі жариялау – халық арасында демократиялық ойлардың негізделуіне әкелетіні де өз бағасын алды.

Тіл тазалығы үшін күресте, тіл байлығын көбейту үшін, грамматикалық ерекшеліктерін ашу үшін, сөз мағынасын дұрыс жеткізуде – бәрінде дерлік фольклорды үгіт-насихат құралы ретінде қолдана бастады. Мұның бәрі басқа да ғылым салалары тәрізді, кезінде түрлі ауытқуларға ұшыраса да, бұл саладағы ізденістер көкжиегі кеңейте түскенін дәлелдейді деп санаймыз.

ХІХ ғасырдағы Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов және тағы басқа да фольклор шығармаларын жинаушылар еңбегінің маңыздысы – көп жылдық тәжірибеге сүйеніп, халықтық үлгілерді жазып алу әдісін қалыптастырды. В.В.Радловтың негізгі мамандығы тілтанушы ғалым екендігін ескерсек, оның жинау әдісі, жазу жүргізудегі негізгі мақсаты – жергілікті сөздің, яғни тілдің құрылысын дұрыс түсіну болды. Сондықтан да В.В.Радлов жазбалары өз замандастарына қарағанда қысқартусыз, өзгертусіз берілген. Ал, Г.Н.Потанин «мифологиялық» мектептің өкілі болғандықтан, оны фольклордың көне түрі болып саналатын қазақтың аңыздары мен ертегілері көп қызықтырған.

Фольклор үлгілерін жинастыру нәтижесінде ғана бұл саланы зерттеуге жол ашылады, яғни фольклорды жинау ғылыми-қолданбалы қызметімен де маңызды. Бұл өз кезегінде халық ауыз әдебиетінің мәтіндермен толығуына, баюына әкелетіні сөзсіз. Фольклорды жинау зерттеушінің ой-өрісінің дамуына, рухани дүниесінің баюына т.б. әкелетіні де күмән тудырмайды.

Фольклорды жинаушылар елдің түрлі-түрлі жерлерінде бола отырып, әр алуан кәсіп иелерімен, әр түрлі жас мөлшеріндегі адамдармен де танысады. Сондай-ақ олардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасымен де т.б. таныс болады. Ал, мұның бәрі зерттеушінің фольклорды тудырып, ғасырдан-ғасырға сақтап келген орындаушылардың шығармашылық шеберханасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
1.1.1 Қазақ фольклорының ХІХ—ХХ ғасыр басында жиналу жайы.
Қазақ фольклорын жинау, жариялау, зерттеу жұмыстары заманның әр кезінде жекелеген көзге түскен фольклортанушы ғалымдар еңбегімен тығыз байланысты жүргені байқалды.

Фольклорды жинаудың, жариялаудың, зерттеудің алғашқы тәжірибелері сонау ХVІІІ, ХІХ ғасырлардан бастау алғаны мәлім. Яғни бұл процесс фольклортанушы ғалымдар: Ш.Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев т.б. еңбектерімен тығыз байланысты өрістеді. Бұлардың еңбектерінде фольклор үлгілерін әрі жинаудың, әрі жариялаудың, әрі зерттеудің не бір үздік, әрі өзіндік әдіс-тәсілдері қолданыс тапқан. Олардың тәжірибесі келесі ұрпақтың фольклорды жинау ісін әрі қарай дамытуына жол ашты. Соның арқасында бұл дәстүр ХХ ғасырдың бірінші жартысында да тоқтап қалмай, өз жалғасын тапты.

Бұл кездегі жиналған фольклор үлгілері өзінің мәнерлілігімен, көркемдік күш-қуаты неғұрлым толық сақталуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ фольклорды жинау, жариялау мен зерттеу жұмыстары этнографиялық бақылаулармен тығыз қарым-қатынаста қарастырылып отырды.

Дегенмен, қазақ эпосын жинауда түркітанушылар тарапынан мәтінді мүлтіксіз, дұрыс жазып алу жағы қадағаланса да, нұсқаның варианттарын және жырды айтушылар туралы мәлімет жазып алуға деген немқұрайлылық жағы кездесіп отырды. Бұл фольклорды жинаудағы кемшіліктер тіпті демократтық бағыттағы зиялылар арасында да кездеседі. Мәселен, Ш.Уәлиханов жазып алған кейбір ертегі, аңыз, эпостың кімнен, қай жерде, қай уақытта жазып алғаны белгісіз.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклорын жинау жұмыстары, негізінен, тарихи-этнографиялық сипатта болды. Қазақ даласында болған ғалымдар мен саяхатшылар ауыз әдебиетінің үлгілерін халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен байланыстыра жинады. Өз көзімен көрген жәйіттерді, олардан алған әсерлерін, мәселен, А.Левшин, А.Янушкевич, Г.И. Спасский, А.Назаров тәрізді зерттеушілер қағаз беттеріне түсірген [21].

Қазақ фольклоры, көбінесе халықтың әдет-ғұрпын, түрлі наным-сенімдерін сипаттау үшін зерттеушілер И.Казанцевтің, В.Броневскийдің т.б. тарапынан да жиналды [22].

ХІХ ғасырда қазақтың эпостық жырларын жинауға Ш.Уәлиханов елеулі үлес қосты. Мәселен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Едіге» тәрізді жырлардың бірнеше нұсқасын қағаз бетіне түсіргені мәлім.

Н.Ф.Костылецкий фольклор шығармаларын қазақ даласына арнайы шығып жинамағанымен, жер-жерге сұрау салып, түрлі мәліметтер мен қолжазбаларды Абайдың інісі Халиұлла Өскенбайұлы, Мұстафа Бүркітбайұлы, Садуақас Анайұлы, орыс тілмаштары Н.В. Шебалин, А.Фроловтардан т.б. жинаған [23].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында да жиналып, жарияланған материалдардан басым көпшілігі қазақтың этнографиясы, елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы туралы болып келеді. Осындай материалдар ішінде там-тұмдап болса да фольклор үлгілері кездеседі [24].

ХІХ ғасырдағы жинаушылардың мақсаттары да, әдістері де әр түрлі болды. Біразы қазақ даласына әскери, немесе мемлекеттік қызмет бабымен келіп, фольклорды жол-жөнекей, өздерінің жолжазбаларында мазмұндап келтіреді. Кейбіреулері күнделіктерінде, яки естеліктерінде қызықтыру мақсатында фольклорлық сюжеттерді баян етеді. Басқа бір тобы ресми саясатты жүзеге асыру, яғни отарлауды тереңдету, әрі кеңейту үшін қазақтың этнографиясын, ой-пікірін жақсырақ білу үшін фольклорды арнайы түрде жинаған. Бұл топты миссионерлер құрады. Олар тілімізді де үйрену үшін фольклорлық шығармаларды ел арасынан жинап, орыс әрпімен жариялаған. Ендігі бір топ қазақ фольклорын ғылыми мақсатта жинаған. Олар сол тұстағы белгілі түркітанушы мен шығыстанушылар еді. Бұл топ ескі қолжазбаларды да қарастырған, өздері де елге шығып, материал жинаған, арнайы тілшілерін де дайындаған.

Осылай бола тұрса да, объективті түрде сол шақта жүргізілген жинаушылықтың оң нәтижесі болғаны да күмәнсыз. Мәселен, ұлттық фольклорымыздың небір әдемі үлгілері хатқа түсті, сюжеттері баяндалды, ал, мұның бәрі өз кезегінде ғылым үшін өте пайдалы рөл атқарды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ фольклортану ғылымы өз алдына жеке ғылым саласы ретінде қалыптасқаны белгілі. Бұл кезде фольклор үлгілерін жинау әрі қарқынды, әрі мақсатты түрде жүргізіліп, көбінесе танымдық, насихаттық т.б. сипат танытты. Фольклорлық шығармалар, негізінен, саяхатнама, сипаттама, жазбалар, күнделік т.б. түріндегі еңбектер ішінде кездесіп отырған.

Мәселен, В.В.Радловтың нағыз ғылыми жүйемен жинастыру әдісі бірден қалыптаса қойған жоқ. «Әдетте жарыса жазғанда жырлаушы мен айтушы шабытынан айырылып қалады, шатасып, жаңылып әңгіменің желісін жоғалтып алады, жырлаушы мен айтушыға қалауынша қарқын керек, ұйып тыңдайтын тыңдаушылар керек», - дейді В.В.Радлов.

В.В.Радловтың фольклорды жинаудағы негізгі мақсаты – қазақ тілінің байлығын сақтауды көздейтіні күмәнсыз. Жинаушы В.В.Радловтың тағы бір мақсаты - халық мұрасының тұрмыс-салттағы және рухани өмірдегі негізін анықтау: «Мен жинаған материалдар қырғыз (қазақ –Н.Ж.) тілі туралы айқын ұғым беретіндігіне және психологиялық жағынан халықтың ғажап ақыл-ой дәрежесін дұрыс көрсете алатындығына кәміл сенемін» [25].

Аз да болса айтушыны жиі мүдіртуден қашу үшін және жарыса жазуды халық таланттарын жырлатудың әдепкі жағдайына жуықтату үшін В.Радлов алдымен тыңдап, мәтін мазмұнын қысқаша жазып алатын да, содан кейін айтқыза отырып тікелей тәсіл арқылы жазуға көшетін болған. Мұның өзі жырлаушы жаңылып кетсе, зерттеуші уақиғаның желісін оның есіне салып отыруына мүмкіндік береді [26].

Қазан төңкерісіне дейін белгілі зерттеуші В.В. Радловтың еңбектері жарияланғаны, онда: әрі көлемді, әрі ғылыми мәндегі өте маңызды тұжырымдармен қатар, фольклордың барынша көп жанрларының қамтылуы да, тілдік ерекшеліктердің мейлінше толық сақталуы да, жанрларға бөлудің алғашқы тәжірибесі де т.б. болғаны белгілі.

Қазақ халқының фолькорлық үлгілерін жинаумен Ы.Алтынсарин жас мұғалім кезінен-ақ айналысқан. Бұл кезде Ы.Алтынсарин ақын-жыршылармен, ертегіші-әңгімешілермен жиі кездесіп, халық поэзиясын көп білген талай ақсақалдармен таныс болған, олардан тікелей ауызба-ауыз түрде мақал-мәтел, аңыз-ертегі, өлең-жырларды жазып алған.

Ғалым Г.Н. Потанин фольклор үлгілері мен этнографиялық материалдарды қатар жинаудың шарттарын белгілеген алғашқы жоба-проектілерінің бірі болып табылатын «Қырғыздар (қазақтар – Н.Ж.) мен Сибирь татарларының бұлдыр нанымдарын, көне ертегілерін, діни ғұрыптарын зерттеу мәселесін» жариялады [27]. Мұнда Сібір татарлары мен қазақтардың әдет-ғұрып, салт-санасы, ырымдары, діни сенімдері туралы мәлімет берумен қатар, бағдарлама іспетті бұл еңбекте жинау жұмыстарының үш бағытын белгіледі: 1) әлем жаратылысы жайындағы нанымдар; 2) ертегілер (яғни батырлық және ертегі эпос); 3) діни әдет-ғұрыптар. Жинаушының фольклор шығармаларындағы бұл салаларды жете білетіндігі байқалды. Оның жинаушылар алдына қоятын талабы айдан анық. Әдетте ауыз әдебиетінің белгілі саласы, не образы жөнінде сұрақ салу түрінде келеді: «Орион туралы ертегі жоқ па, әлде қандай мерген аулаған мынау не? – үш арқар ма, немесе үш марал ма?»

Сол кездегі басқа да жинаушылар тәрізді Г.Н. Потаниннің жобасында да этнографиялық деректер фольклорлық шығармалармен тығыз байланыстыра қаралды. Сондықтан да бағдарламада отқа табыну, малшылық салты, шөп тастау, малға тұмар тағу, бақсы ойнату сияқты әдет-ғұрыптарды жиі кездестіреміз.

Қазақ жерінде баспа ісінің дамуы т.б.- бәрінің қазақ фольклорын тездетіп жиналуына әсер еткені мәлім. Сол кездегі қазақтардың сүйіп оқитын «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 29, 30, 31 сандарында белгілі ғалым Г.Н. Потаниннің «Қазақтардың арасындағы әр түрлі ойлап шығарылған өлең, қисса, ертегілерінің, әдет заңдарының керекті болған турасында» мақаласының шығуы да ел арасынан фольклор мен ауыз әдебиетін жинаушыларға үлгі-жоба болды: «…Жіберген хабарларды қазақ тілінше жазып жіберсе жақсы болар еді. Тағы да, тиісті хабарларды жазғанда бұл хабарды айтқан адамның аузынан шыққан сөздерін бұлжытпастан, қысқартпастан һәм ауыстырмастан жазып жіберерге керек, бұрынғы ескіріп кеткен кісілердің аттарын һәм сөздерін айтылған күйінде бұлжытпастан жазарға керек, егер де бұлар ескірген себептен өрескел болып көрінсе де, орысша тілменен жазылған хабар болса да қазақтың сөзіне қарай дұрыс болсын»,- делінген [28.]

Сондай-ақ Г.Н. Потаниннің елге жолдаған бұл хатының басылуы да– сол кездегі көпшілікті фольклор мұраларын тікелей тәсіл арқылы тездетіп жинауға, фольклорды комплексті түрде зерттеуге ынталандырған сұрақ-жауап түрінде жарияланған мақсатты алғашқы бағдарлама ретінде өріс ашқаны да анық.

ХІХ ғасырда фольклор шығармаларын жан-жақты жинаған Ә.Диваевтың еңбегі де маңызды. Ә.Диваев тікелей өз қолымен жүздеген мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, ондаған ертегілер мен дастандарды әрі тікелей, әрі тұрғылықты, әрі экспедициялық жинау тәсілдері арқылы жазып алды. Сондай-ақ Ә.Диваев ел арасынан 50 шақты мысал әңгімелерді, халық даналығы көрінісі іспетті өсиет сөздерді, қазақтың тұрмыс-салтын дәріптейтін түрлі аңыз-әңгімелерді жинады.

Ал, Ә.Диваев жинаған мақал-мәтелдер әр алуан тақырыптар қамтитынымен маңызды: әйелдер төңірегінде, семья, ағайын арасындағы қатынас, қойшы, байлық, кедейлік, достық пен қастық, қайырымдылық пен зұлымдылық, күншілдік пен қаталдық, сараңдық пен меймандостық, оқу – білім, хан мен халық туралы т.б.

В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, Ә.Диваевтардың фольклорды жинаушылық қызметтерін бөліп қарастырудағы басты себеп- бұларда тәсіл бар: арнайы жинау, конспект-жазба тәсілі (сюжетті басым алу), контакті тәсілі т.б.

Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырда қазақ фольклортануы ғылымның жеке саласы ретінде қалыптаса бастады. Бұл процесс сол кездегі қоғамның саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, экономикалық жағдайының ауқымында өтіп, ғылым мен әдебиеттің дамуына өз әсерін тигізді. Бастапқыда фольклор тек дерек көзі ретінде жиналса, соңынан кең түрде, академиялық т.б. сипатта да жинала бастады. Үлкен жетістіктің бірі- мәтінді қалай жинау керектігі хақында ғылыми бағдарлама жарияланғаны деп айтуға болады. Демек ХІХ ғасырда фольклорды жинаудың маңызы, мақсаты мен шарттарының негізін қалаған Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н. Потанин тәрізді ғалымдардың игі істері, өз кезегінде ХХ ғасырда жалғасын тапты.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану тарихын жазу үшін ең әуелі халық шығармаларының жиналу, жариялану, әрі зерттелу тарихын жан-жақты қарастыруымыз қажет. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ фольклортану тарихындағы басты өзгешелік – фольклор үлгілерінің айтарлықтай көп жиналуы.

Кеңес үкіметі тұсындағы фольклорды жинаудағы басты мақсат-үлгінің әлеуметтік жағына баса назар аударуға бағындырылды. Демек қоғамдағы өзгерістер өз кезегінде фольклор үлгілерінің жиналуына да, жариялануына да, зерттелуіне де өз әсерін тигізіп отырды. Сөйтіп, фольклортану ғалымдары тарапынан алғаш рет шаруа, жұмысшы тұрмысын қарастырды деген фольклор үлгілеріне баса көңіл бөлу орын ала бастады. Сонымен қатар халық шығармаларының түрлі жанрларына бірыңғай әлеуметтік тұрғыдан мінездемелер берілу көбейіп, шығарманың әлеуметтік сипатына ғана қарай іріктеу алға шықты.

Солай бола тұра, Қазан төңкерісінен кейін фольклорды жинау, жариялау, зерттеу тарихында өзіндік жаңа бір белес басталғаны анық. Біздіңше, бұл кезең үшін ең мәнді ерекшелік: халықтық мәдениеттің жеделдетіліп өркендеуі, көпшілік шығармашылығының жан-жақты дамуы т.б.

Біздіңше, бұл кезең үшін ең мәнді ерекшелік: халықтық мәдениеттің жеделдетіліп өркендеуі, көпшілік шығармашылығының жан-жақты дамуы т.б. Жалпы бұрынғы Кеңес Одағын құрайтын елдер, оның ішінде Қазақстан тарихын қарастырғанда, ХХ ғасырдың бірінші жартысын іштей шартты түрде екі тарихи кезеңнен тұрады десек: біріншісі, Қазан төңкерісіне дейінгі, яғни 1900-1917 жылдар аралығын қамтыса, екіншісі, Қазан төңкерісінен кейінгіні (1917-1950) иеленетіні белгілі.

Алғашқы кезең тарихта ХХ ғасырдың басын қамтыса, ол кезеңде Қазақстан мен Орта Азия жерлері Ресей империясының отары болғаны белгілі [29]. Міне, сол отарлау саясатына сәйкес Қазақстанға ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында 1,5 млн. халық қоныс аударғаны мәлім [29, 407 б.]. Бірінші дүниежүзілік соғыс алдында Қазақстан жеріндегі орыс халқының саны жалпы мекендеген тұрғылықты халықтың 30% пайызына жақындай түсуі де – отарлау саясаты жемісі еді. Қазақстан, негізінен, Ресей империясының тек шикізат өндірумен шектелген елі, аграрлы отары болғандықтан, көбінесе сыртқа тек ауылшаруашылық өнімдерін ғана тасымалдады. Ол тұста Қазақстан Ресей империясының мал, астық, оның ішінде мақта шаруашылығының шикізат көзіне айналды. Осының бәрі Орта Азиялық және Орынбор-Ташкент темір жолдарының тездетіп салынуына әкелді [29, 409 б.].

1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Орталық Азияда 1100 кәсіпорын қызмет атқарған [30]. Ал, бұл өз кезегінде сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылар санының көбеюіне әкелді. Сондай-ақ Қазан төңкерісіне дейін Қазақстан жерінде 13 шетелдік акционерлік кәсіпорындар (5-уі тау-кен орнында, 8-і мұнай өндірісінде) пайда болған [30, 30 б.].

Жалпы ХХ ғасырдың басында: 1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы іске қосылды. 1903 жылы «Сырдария, Ферғана мен Самарқанд облыстарындағы қазыналық жерлерге өз еркімен қоныстанудың» ережелері басылды. 1904-1906 жылдар аралығында Қазақстан жерінде қоныс аударатын 5 аудан құрылды: Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария мен Жетісу. 1905-1907 жылдар аралығында бірінші орыс революциясы толқуы болды. 1905 жылдың 17 қазанында Ресей империясында азаматтық бостандық туралы манифест дүниеге келді. 1906 жылы Ресей елінде Бірінші Мемлекеттік Дума, 1907 жылы Екінші Мемлекеттік Дума, ал 1907-1912 жылдар аралығында Үшінші Мемлекеттік Дума, 1912-1917 жылдар аралығында ІV Мемлекеттік Дума өз жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ 1911 жылы «Айқап» журналы, 1913 жылы «Қазақ» газеті дүниеге келді. 1914-1918 жылдар аралығында Бірінші дүниежүзілік соғыс жүрді. 1916 жылы 25 июньде патша үкіметінің қара жұмысқа қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, дұнған мен ұйғырларды алу туралы шешімі ел арасында үлкен қозғалыс дүрбелең тудырды. 1916 жылдың июль айынан бастап Қазақстанда ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Сонымен қатар 1917 жылы 28 февральде Ресейде патша тақтан тайдырылды – бәрі бұрынғы Кеңес Одағын құрайтын елдерде, оның ішінде Қазақстанда халық санасының оянуына, рухани дамуға елеулі ықпал етті. Міне, ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік өмірінде маңызды оқиғалар орын тебуі, қазақ фольклортану ғылымы дамуына да тікелей әсер етті.

ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңінде қазақ даласында болған зерттеулер мен ғалымдардың атқарған істерінің маңызды бір саласы – ол фольклор үлгілерін жинау, жариялау, сондай-ақ оны орыс тіліне аудару болғаны мәлім. Яғни фольклорды жиыстыру ісінде тілшілер көмегіне сүйену, жазып алу ісін хат танитын адамдарға тапсыру, ұйымдастыру т.б. тәрізді іс-шаралармен қатар, арнайы фольклорлық терминдердің қалыптасып үлгермегеніне қарамастан, фольклор үлгілерін жинауда оның барлық түрін қамтуға талпыныс байқалады. Сонымен бірге фольклорды жиыстырғанда, ел арасынан сұрау салып іздеу, түпнұсқаға мейлінше жақын етіп аудару, нұсқаның мазмұнын қарасөз түрінде баяндау шаралары да іске асқан.

Ол кезде фольклор мәселелері, көбінесе этнографтар, тарихшылар т.б. тарапынан қарастырылған. Орыс ғалымдары мен жазушыларының Қазақ еліндегі ғылым мен мәдениеттің, қоғамдық ой-пікірлердің дамуына үлкен үлес қосуы, әсіресе, қазақ фольклорына арналған мақалалар жазуы, түрлі библиографиялық көрсеткіштер жариялауы т.б. - мұның бәрі Ресейдің бірінші кезектегі империялық-отарлау саясатынан туындаған еді.

Патша өкіметі қазақ елін жүйелі түрде басқарып, шикізат байлығын игеру үшін, алдымен әкімшілік билеу тәртібін кіргізді, кейіннен екі ел арасында сауда қатынасын дамытты, орысша білім беретін мектептерді ашты, тағы басқа шараларды жүзеге асырды. Ал, мұның өзі қазақ өлкесінің тарихын, этнографиясын, жағырафиясын, тілін, мәдениетін зерттеуге Еуропалық ғалымдар үшін де жол ашты. Демек, Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорлық материалдардың жиналып, түрлі ой-пікірлердің дамуы т.б. – көбінесе зерттеушілердің, алдымен өлкенің жер жағдайын, табиғатын, халық тарихын, мәдениетін т.б. зерттеу мақсатынан туындағаны сөзсіз. Қоғамдағы осындай саяси, шаруашылық т.б. өзгерістер өз кезегінде фольклортану ғылымының қалыптасуына жағдай жасағаны анық.

ХХ ғасыр басында қазақ жеріне орыстардың қоныс аударуы жергілікті халықтың наразылығын тудырса, ал қалалардың бой көтеруі, әрі өнеркәсіп, сауда орындарының дамуы, қатынас жолдарының (почта, телеграф т.б.), егіншіліктің өркендеуі, қоғамдық-саяси сананың, әдебиет пен өнердің, ғылымның қалыптасуы т.б. сахарадағы баспасөз ісінің дамуына әкелгені күмәнсыз.

Қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу ісі бірнеше бағытта, әр түрлі әдіспен жүзеге асты. Қазақ жеріне арнайы тапсырмалармен келген әскери адамдар, саясатшылар, миссионерлер, оқымыстылар қазақ жерінің топографиясын жасаумен қатар, жер-су, тау-тас, елді-мекенге қатысты түрлі әңгіме-аңыздарды, жырлар мен ертегілерді т.б. хатқа түсірумен айналысты.

Орыс миссионерлері мен зерттеушілері қазақша-орысша сөздіктер жасау, орыс әрпімен оқулықтар, әр түрлі хрестоматиялар дайындау үшін фольклор үлгілерін пайдаланғаны белгілі [31]. Осы орайда Қазан төңкерісіне дейінгі фольклортанушы ғалымдар көмегімен жиналған мәтіндердің үйлесім тауып, арнайы жанрларға жіктелмегендігін де атап өтуге тиіспіз.

Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ фольклортану мәселесімен шұғылданушы В.В. Радлов, П.М.Мелиоранский, М.В. Готовицкий, Я.Лютш, А.Е. Алекторов, Н.И.Ильминский, Г.Н.Потанин, С.Г. Рыбаков, Ә.Диваев т.б. - бәрі қазақтың мәдени мұрасын өте жоғары бағалаған.

ХХ ғасырдың алғашқы он жеті жылы ішінде Ресейде болған саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістер қазақ өлкесіне де өз әсерін тигізді. Қазақ тілінде басылым көрген кітаптар қазақ елінің тарихынан, әдеби, мәдени өмірінен сыр шертіп, тарихи деректерді, мұрағат қазыналарын толықтырды. Ресей зиялыларының қазақтың бай фольклорлық шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу жұмыстары нәтижелері күні бүгінге шейін өз маңызын жойған жоқ.

Ал, орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы, Москва университетінің жанындағы жаратылыспен, антропологиямен және этнографиямен әуестенушілер қоғамы, әсіресе Орыстың географиялық қоғамы сияқты ғылыми ұйымдар өз төңірегіне таңдаулы ғылыми күштерді топтастырып, материал жинауға арналған саяхаттарды жабдықтап, жинақталған материалдарды өзінің баспасөз органдарында жариялап отырды. Мәселен, қазақ фольклорын жинаушы А.В. Васильев Орынбордағы географиялық қоғамның Хабаршысына қосымша ретінде «Үш жігіт» үлгісін кітап етіп шығарады [32]. Еңбектің маңыздылығы: біріншіден, орыс әрпімен қазақ және орыс тілдерінде басылса, екіншіден, үлгінің Торғай облысы, Ырғыз оязының қазақтары А. Күлдеев пен Айғанасовтың ауызба-ауыз айтуынан қағаз бетіне түскені.

1900 жылы 1000 бетке таяу күрделі еңбек – А.Е. Алекторовтың «Көрсеткіші» жарияланды [33]. Мұнда үш мыңнан астам мақала қамтылып, оларда қазақ елінің тарихы, этнографиясы, тілі, әдебиеті т.с.с. жайында кітап, журнал, газет беттеріндегі қазақ, орыс тілінде жарияланған басылымдар жинақталды.

Ғалым Н.Ф. Катанов 1898 жылдан бастап Қазан университетінің жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамын басқарды. Қоғам жұмысына белгілі зерттеушілер: А.Е. Алекторов, Ә. Диваев, Н.Пантусовтар т.б. тартылды. Осы кезде Н.Катанов қазақ ауылдарын көп аралап, қазақ фольклорына, мәдениетіне, тарихына, этнографиясына қатысты материалдарды тікелей өзі жинаумен айналысты.

ХХ ғасыр басындағы газет-журналдар беттерінде қазақ фольклорына қатысты үлгілер жиі басылып, жинаушылар есімдері де көрсетіле бастады. Нұсқа әрі қазақ тілінде, әрі орыс тіліндегі аудармасымен қатар басылып отырылды. Жинап бастырушылар қатарында орыс зерттеушілері А.Е.Алекторов, А.А. Ивановский, М. Миропиевтермен қатар қазақ зиялылары Бекен Адықов, Жағыпар Айманов, М.Ж.Көпеев, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков, Т.Сейфуллин, Р.Дүйсембиев, т.б. есімдері бар. Бұлардың кейбірі жазып алған үлгіні өз атымен бастырса, кейбірі кімнен, қай жерден жазып алғаны турасында деректерден де хабардар етіп отырған.

Қай елдің болса да ескі тарихынан, мәдениетінен, өткен-кеткенінен мол дерек беретін материалдардың бір саласы – ол халықтың өзі жазып қалдырған қолжазбалары. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық Ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында ХХ ғасырдың бас кезінде жиналған фольклорлық шығармалар мол сақталған. Ішінде Ә.Диваевтың, тарихшы Н.Веселовскийдің, М.Ж. Көпеевтің, Ш.Жиһангеровтың, Т.Ізтілеуовтың, Б.Мұсабектің, т.с.с. көптеген ақын-жазушылардың кітаптары мен қолжазбалары бар. Ғалым Ә.Жиреншин пікірінше: «Жүзден артық жазба, ауызша мұраны жинап, кітап, газет, журнал бетінде жариялаған Әбубәкір Диваевтың, кезінде Орта Азия және қазақ әдеби мұраларын, кітаптарын жинаған Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің зиялы еңбектері де еске аларлықтай. Мәшһүр көптеген ақын, жыраулар мен Саққұлақ би, Майлықожа, Ақан серімен кездесіп, айтқандарын қағаз бетіне түсіріп алады. Ол Науаидің «Хамсесін», Низамидің «Жеті аруын» Бұхарадан, Түркістаннан алып келеді», - делінген [34]. Ендеше, ХХ ғасыр басында фольклорлық мұралар ел арасынан ауызба-ауыз қағазға түсуімен бірге, ескі кітаптар мен қолжазбалар түрінде де жиналғаны күмән туғызбайды.

Қазан төңкерісіне дейін қазақтың газет-журналдары мен кітаптары Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Томск, Троицк, Петербург қалаларында басылып келген. Әсіресе Қазан университеті жанындағы Н.И. Лобачевский атындағы ғылыми кітапхананың қолжазба қорында көптеген қазақ фольклоры нұсқалары сақталған. Мұндағы Н.Н. Пантусов қорында «Повесть о Карабае» деген 93 беттік қолжазба берілген [35]. Жырды айтушы төңірегінде ескертпе де бар: «... бұл жырды бұрын Жанақ, Нұрахмет деген ақындар айтқан екен, бірақ олар Қозының жайын дұрыс баяндаған жоқ. Мен бұл жырды алдына ақын салмаған Бекбауылдан үйрендім, атым Дандыбай Айтбаев, жасым жетпіс үште, тұрған жерім Лепсі»,- делінген.

Қазақтың фольклорлық шығармасын жинауда 1917 жылға дейінгі фольклортану ғылымының жасаған жұмысы ұшан-теңіз. Халық поэзиясының әр түрлі саласынан: әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтына байланысты және көңіл-күйін көрсететін өлең-жыр, жұмбақ, жаңылтпаш сияқты көптеген шығармалар жиналды. Қазақтың ертегілері мен эпосынан, мақал-мәтелдерінен де бай материалдар жинақталады. Жинау жұмыстары Қазақстанның Солтүстік пен Шығыс, Оңтүстік пен Батыс және Орталық аудандарын қамтыды. Фольклордың эпос, ертегі және мақал сияқты түрлеріне көңіл бөлініп, олардың мол қоры жасалды.

Мәтінді жинау жұмыстары фольклортану ғылымының сол уақытта қабылданған талап-тәртібі бойынша жүргізілді: бірінші – жинаушылар қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді дәл түсіріп отырған; екіншісі – ХХ ғасырдан бастап шығарма мәтінін ел аузынан жазып алғанда, қажетті паспорттық мағлұматтар жазу ісінің сапасы артты (айтушының өмірбаяны, шығарманың елге қаншалық таралғаны, оның шығу, таралуындағы ерекшеліктер т.с.с.). Дегенмен 1917 жылға дейін халық күйлері мен термелерін жазып алуға көңіл жете бөлінген жоқ [36].

Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласындағы елдің тарихын, шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін, жер жағдайын т.б. нақты білу үшін, Ресей тарапынан арнайы экспедициялар ұйымдастырылғаны белгілі. Мұндағы халық әдебиетіне қатысты зерттеулердің біразы қысқалығымен де ерекшеленеді. Сондай-ақ жергілікті жерді жүйелі басқару үшін патша үкіметі тарапынан екі тілдегі (орыс, қазақ) мектептердің, газет баспаларының т.б. ашылуы да халық сауаттылығы артуын, басылған фольклор үлгілерін оқуға қызығушылығын тудырып отырды.

Қазақ жерінде Орыс географиялық қоғамының бөлімшелері де ашылған болатын [37]. Таза ғылыми мақсат көздеп, зерттеу жұмыстарын академиялық түрде т.б. жүргізуді ниет еткен ғалымдар фольклорды барынша дұрыс жазып алуға, оны сұрыптап жүйеге келтіруге, жарыққа шығаруға ғылыми түрде талдап, зерттеуге күш салған.

ХХ ғасыр басындағы Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі орын алған түрлі тосқауылдарға қарамастан, ғылымды шын сүйетін ғалымдар бұл істі, негізінен алғанда, дұрыс бастап, өрістетіп келген деуге болады. ХХ ғасыр басындағы белгілі фольклортанушы ғалымдар: Г.Н. Потанин, Ә. Диваев, М.Ж. Көпеев т.б. жазбалары жинаушыларға қойылатын басты-басты талаптарға сай келді. Біріншіден, материалдарды кімдерден қандай жағдайда алғанын үнемі дерлік көрсетіп отырды. Екіншіден, халықтың ұғымын, ауызекі сөйлеу тілі ерекшелігін сақтап, қағазға түсірген. Үшіншіден, белгілі бір аңыздың тарихилығын, шындығын дәлелдерлік деректерді қоса келтірген. Мұның бәрі жоғарыдағы ғалымдар жазбаларының қазақ тарихы, философиясы, этнографиясы, әдебиеті, тілі, педагогикасы т.б. салалары үшін, ең бастысы қазақ фольклортану ғылымы үшін де баға жетпес дерек көзі боп қала берді.

ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ фольклорының әрі жиналу, әрі жариялану, әрі зерттелу ісінде сол кездегі ұлттық баспасөзінің атқарған қызметі өте ерекше болды. Мәселен, баспасөз беттерінде түрлі-түрлі фольклорлық үлгілердің басылып шыққаны турасында хабардар етуі [38]: біріншіден, фольклордың тездетіліп ел арасына таралуына септігін тигізсе; екіншіден, осы арқылы халық арасындағы түрлі халық ауыз әдебиеті нұсқаларының тездетіліп жиналуына қозғау салып, өз кезегінде баспасөз орындарына жылдам жеткізіліп, басылым көруіне әсер етті. Сондай-ақ басылым беттерінде ел ішінде қазақ фольклорын, этнографиялық материалдарды жинап, насихаттауда Г.Н.Потанин, Ә.Диваев сияқты фольклортанушылар жөнінде мақалалар басылуы да белгілі дәрежеде рөл атқарды [39]. Қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз беттерінде қазақ елінің фольклорлық, этнографиялық материалдарын жинау қажеттігі туралы да еңбектер [40] басылды.

Демек, ұйымдастырған экспедициялардан бұрын жеке адамдардың далалық қызметі, негізінен, энтузиазм мен ғылыми қызығушылықтан туындаған. Ал жинаушының фольклорды ел арасынан жазып алу үлгісі, көбінесе тікелей түрде болған.
1.1.2 Фольклордың Кеңес дәуіріндегі жиналудың шарттары мен түрлері .
ХХ ғасырдағы Қазақстанда фольклор үлгілерін жинау, зерттеу мәселесі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кең жолға қойылып, қоғамдық маңызы бар іске айналды. Партия мен үкіметтің бастауымен бұл жағдай қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің гүлденуіне әкеледі деп есептелді.

1920 жылдардың алғашқы кезеңдерінен-ақ үкіметтің арнаулы қаулысы бойынша бір топ ғылыми орталықтар жұмыс істей бастады: Қазақ оқу халық комиссариаты, Академиялық орталығының коллегиясы, Түркістан республикасының Халық комиссариаты советі жанындағы Қазақ ғылыми комиссиясы, Қазақ оқу халық комиссариаты жанынан ашылған Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы және тағы басқа да Түркстан республикасы мен Түркстан өлкесінің қоғамдары мен мекемелері, Ғылым академиясының орталық өлкетану бюросымен бірігіп жұмыс істеді.

Қазақстан фольклортанушылары 1920 жылдарда халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап бастырады. Сөйтіп, бұл шаралар қоғамдық маңызы бар істің біріне айналады. Сондықтан да фольклорды жинау мәселелері сол кездің ғылыми съездерінің күн тәртібіне еніп, баспасөз бетінде ол жайлы пікір алысу басталған.

Соның бірі профессор Н.Н. Фатовтың «Қазақ әдебиетін зерттеу мәселелері» атты мақаласы [41]. Мұнда ол қазақ халқының ауыз әдебиетін жинай беруге шақырады. Сонымен бірге ол жыл мезгілдерімен байланысты өлең-жырлар, тұрмыс-салт жырлары, тарихи жырлар, ертегілер, жұмбақтар, мақалдар, айтыс өлеңдері деген тақырыптарға бөліп жинауды ұсынады.

Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде фольклор нұсқаларын жинау, әсіресе оны жариялау мен зерттеу жұмыстары кезең талаптары ерекшелігіне сай, әрі неғұрлым қарымды, әрі біршама тез жүргізіле бастады. Яғни халықтық мұраларды заманына сай теориялық тұрғыдан зерттеудің негізі қалана бастады [42]. Баспасөз беттерінде фольклорға қатысты мақалалардың көп басылуы- сол шақтағы қоғамдық ойдың дамуымен тығыз байланысты болды. Сондай-ақ халықтық мұралардың тезделіп жиналуына, әрі жариялануына, зерттелуіне қоғамдық ой белсенділігінің себеп болғандығын да ескеру керек.

1920 жылдардан бастап фольклорды жинау ісі біршама реттеле бастады. Жинаудың қажеттігі жайында «Еңбекші қазақ», т.б. газеттерде мақалалар жарияланып, бұл шаруаны әжептеуір жандандырды. Мәселен, С.Мұқановтың «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» мақаласында [43]: ауыз әдебиетінің әрі бай, әрі әдемі екені; оны халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын жақсы білетін жыршы-ақындар шығаратыны; көрнекті өкілдері ретінде Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Ақан, Ыбырай тәрізді ақын, әнші, жыршылар есімдері аталған. Сондай-ақ олардың шығармаларын жинауға, жарыққа шығаруға шақырған.

Сонымен қатар А.Сегізбаев «Халық ауыз әдебиеті» мақаласында [44], Б.Кенжебаев «Абай өлеңдерінің 1923 жылғы басылуы туралы» еңбегінде де [45] фольклорлық шығармалардың негізі иесі халық екенін айта отырып, оларды жинауға шақырады.

Ғалым М.Әуезовтің «Халық әдебиеті туралы» мақаласында (Жас қайрат.- №4.- 1924.-Б.19) ел арасында фольклор үлгілері ұмытылып, жоғалмас үшін тез жинау мен жариялау қажеттілігі; ескілікті өлең-жырларды жастардың білмейтіні; фольклордың кәрі құлақты ескі кісілердің ғана жадында қалғанына көңіл бөлгізуі; оны әдебиетті білетін көзі ашық зиялылардың жинауы керектігі; жинағанда, ақындардың өлеңдері, өмірі, қай уақытта болғандығына т.б. қатысты мағлұматтарды да бірге беру шарты т.с.с жөнінде көкейкесті мәселелер көтерілген.

Ал, М.Әуезовтің «Әдебиет ескілігін жинаушыларға» атты мақаласы (Қазақ тілі.- 23 сәуір.1925) Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ фольклорын жинаушыларға жоба- бағдарлама іспетті қызмет атқарған. Бұл жоба белгілі ғалым Ә.Молдаханов тарапынан жан-жақты сараланғанын да атап айтқымыз келеді (Мұхтар Әуезов- фольклортанушы.-А.: Ғылым. 1997.-Б.31-32). М.Әуезов бұл еңбегінде, әсіресе, әдебиет ескілігін қалай, кімдер және қандай жанрларын жинау керектігіне қатысты нақты әдістемелік нұсқау түрінде басты-басты төрт ерекшелікке баса назар аудартады:

«1. Бұл іс бір ғана мамандардың жұмысы емес, кәрісі бар, жасы бар сол үлгілерді жатқа білетін және оны қағазға түсіре алатын барлық жамағаттың міндеті.

2.Айтушы ел ішіндегі сөзді жатқа білетін кәрі құлақты қариялар болса, жазып алатын сауаты мол оқушы жастар мен оқытушылар болғаны абзал. Жинаушыға қойылатын шарт: барлық сөз айтушының дәл аузынан шыққан қалпында жазылып алынуы керек.

3. Фольклорды жинап, хатқа түсіру науқанын жаз айларында, оқушылардың жазғы демалыс кезінде жүргізген жөн.

4. Күзде барлық фольклор материалдары жиналып тапсырылған соң, оларды қыс бойы жүйеге келтіріп, баспаға әзірлеу, зерттеу жұмыстары атқарылуға тиіс. Жазда осы цикл қайтадан басталады. Сөйтіп, әдебиет ескілігін жинап, жариялау ісі үздіксіз процесс ретінде жүріп отырады»,- делінген. Демек, біріншіден, фольклорды жиыстыру барлық жамағаттың міндеті деуі, алдымен фольклорды тездетіп жинау қажеттігінен туындағанын танытады. Екіншіден, жинаушыға барлық сөз айтушының дәл аузынан шыққан қалпында қағазға түсіру керектігі шарты қойылуы, бұл әлемдік фольклортану ғылымында фольклорлық үлгіні қағазға түсірудің басты талабының бірі екендігі т.с.с.- бәрі де сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жетістігі екені сөзсіз. Үшіншіден, мәтінді хатқа түсіру науқаны жаз айында жүргізілу қажеттігі көтерілуі т.б.- бәрі де фольклорды жинау жұмысының қай уақытта (яғни жаз) әрі өнімді, әрі сәтті, әрі тез, әрі қарқынды т.б. жүргізілуінің басты кепілі екендігін айғақтайды. Ендеше бұл мақала фольклорды жинау жұмысына әдістемелік нұсқау түрінде жазылғаны анық. Төртіншіден, жиналған мұраларды жүйеге келтіріп, баспаға әзірлеу, зерттеу жұмыстары атқарылуы қажеттігі сөз болуы т.б.- бәрі қазақ фольклортану ғылымында жүйеліліктің орын алуы мен жариялаудың ғылыми белгілері қалыптаса бастағанын діттейді. Сондай-ақ фольклорды жинау, жариялау ісі үздіксіз жүріп тұру қажет деуі т.с.с.- бәрі де ғалым М.Әуезовтің, әрі фольклордың тез, көп мөлшерде жиналуын мақсат еткенін де, фольклордың қоғамда өмір сүру жағдайын дәл анықтау үшін материалдық негіз қалағанын да көрсетеді. Демек 1920-шы жылдардың өзінде-ақ ескі мәдени мұраны халық мүддесіне сәйкес бағалап, пайдалану идеясы үстем болғаны байқалады. Мұның өзі қазақ фольклортану ғылымының ірге тасының қалануына септігін тигізгені даусыз.

Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда фольклор үлгілерін жинау қажеттігі мәселесін ойласу ретінде көтерген еңбек – Тілеубергенұлы Жиенғалидың «Әдебиет мұраларын жинау туралы» атты мақаласы [46]. Мұнда жинаудың маңыздылығымен қатар, оны қалай және кім жинау керек деген мәселе көтерілді: фольклорды іздестіру, қағазға түсіру бір күндік шаруа болып қалмауын; таудай талабы болса да жұмыстың ауырлығын; жинайтын уақыттың келгендігін; оны мәдени өсуіміз талап етіп отыр деп санау орын алды. Сонымен қатар кітап жазу үшін де фольклорлық нұсқаларды жинау қажеттігін; мектептерде қазақ әдебиеті сабағын жүргізу үшін де фольклорлық мәтіндердің жетімсіздігі, аздығын т.б. сөз ету – бәрі де мәнді ұсыныстар болды. Сондай-ақ мақалада басқа да түркі тектес елдердегіге қарағанда қазақ фольклоры ең бай, ең мол, ең таза, ең асыл деп те бағалау да орын алды. Қазақ фольклорына басқа халық өкілдерінің В.В.Радлов, В.Бартольд, Ә.Диваев т.б. тәрізді ғалымдары қызыққаннан жинаумен айналысқандығы жөнінде ақпарат берілумен қатар, бірлі-жарым қазақ ғалымдары жинағандарының кітап болып шыққандығы жоғарыдағы мақалада айтылды. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетін жинауға кететін еңбек, «расход» т.б. шығындары өз орнына тұратынын, тіпті мұндай іске қажетті қаражатты әдебиеттің тарихи қымбаттылығын бағалай алатындардың қай-қайсысы да бере алатынын да Т.Жиенғали сөз еткен: «Өзімізден басқа көрші жұрттардың оқымыстылары сондай еңбек (фольклорды жинап – Н.Ж.) сіңіріп жүргенде біз әлі күнге дейін айтып, қайтып қана жүрміз. Қазақстан болып бұл жұмысқа әлі күнге дейін күрделі кірісіп көргеніміз жоқ. Шындап кіріссек, бұдан күрделі жеміс шығатынын сөзсіз растауға болады. Бірлі-жарым кісінің жинаған кейбір әдебиеттері, мәселен, «Өтірік өлең» сияқтылар өз алдына едәуір бір кітап болып отыр. Егер де осы өтірік өлеңді түгел жинасақ, қанша болар еді?! Сөз жоқ, әлденеше кітап болар еді. Әдебиеттің әр тарауы да осындай болмақ.



Ауыз әдебиетті, әдебиет мұраларын жинауды, бір жағынан мәдени өсуіміз керексінсе, екінші жағынан ел ішіндегі ауыз әдебиетті көп білетін қариялар жылдан-жылға азайып, өздерімен бірге жерге көміле бермек. Сондықтан бұл жұмысты тығыз қолға алып кірісу керек», - делінген [46,4 б.]. Сөйтіп, Т.Жиенғали фольклорды жинау ісін созбай, тездетіп кірісу қажеттігінің екі себебін дұрыс көрсеткен. Сондай-ақ бұл жұмыстың сәтті іске асырылу үшін, Т.Жиенғали 5 бөлімнен тұратын өз жоспарын да белгілейді: «Оның үшін менің ұсынатыным мынау:

1.Бұл жұмысқа Сәбит сияқтылардың ашық хатымен ғана кірісіп, ондай бірлі-жарым адамға ғана тапсырып қоймау керек;

2. Оқу комиссариятының, болмаса Қазақстан мемлекет университетінің, яки пролетариат-қара шаруа жазушылар ұйымының жанынан дербес комиссия құрылуы керек;

3. Бұл комиссия бүгіннен бастап әдебиет деректерін жинауға кірісіп, Қазақстан үкіметінің 10 жылдық тойына дейін жұмысын бітіріп, әдебиет жинақтарын тап-тапқа бөліп (мәселен, батырлар, ертегілер, билер сөзі, қулықтар, ... етіп) бастыру керек;

4. Әдебиеттің тарихи деректерін, мәселен: қиссалар, сарындама, ақындар кітаптарын, ұлтшыл ақындар кітаптарын тағы-тағыларды жинап беріп, жазатын, жазам дегенін орындайтын бір-екі кісіге қазақ әдебиетінің тарихын жазуға тапсыру керек (жалғыз тарихын емес, мәдениет танытқыш кітабын қайта жазуға тапсыру керек);

5. Іске комиссия былайша кірісу керек. Әрбір округке арнап бір кісіні жіберу керек. Оған жеткілікті қаржы беру керек. Қолына жұмыс жоспарын беру керек. Ол округке барған кісі округтегі әдебиет құмарларынан, мұғалімдерден, студенттерден отряд құрсын. Сол жерде өзара жұмыс жоспарын жасап алып, әр ауданға тағы бөлінсін, бөлініп кетсін. Ауданға барғанмен әкімшілікке жолын қуалап кетпесін. Олай дейтініміз әр ауданда белгілі-білгілі ақындар, жыраулар, әңгімеші ... болады. Ескі, жаңа әдебиеттерді ата малындай қадірлеп, сақтап, бірін қалдырмай жиып жүрген көзі қарақты кісілер болады, тура соларға барады. Айттырып, жазып алады, ақы беріп көшіртіп алады, сатып алады. Қайта тапсыру шартымен уақытша алады. Ауданға барған жерде өзі хиссап беретін құмар кісілер болады. Соларды жәрдемге алады. Әр округтің өзінің Марабайы болады, Орынбайы, Шөжесі, шешені, жыршысы, ақыны, қуы болады. Осылардың бәрінен де көп (қария) табылады. Сондықтан (бәлен) қиын деп атамай, жалпы жинау керек. Осылайша көп болып кірісіп жатса, мен өзім бір том ертегі, бір том билер сөзі, бір том көргенсіз (боғауыз) әдебиет тауып беріп, бірнеше ақын, қария, жыршы, ескі-жаңа әдебиет кітап, журналдарды, қиссалары толық табылатын кісілерді сілтер едім. Шамалап айтқанда әр ауданға барған кісі бір айда жұмысын бітіріп қайтса, округке барған кісі екі айда қайтса, үш айда барлығы Кіндік комиссияға қайтып оралса – яғни бір жерге үш айда жиналып болады екен. Сонсын бір айдай тап-тапқа бөліп, өңдеп жазса, төрт айда баспаға берілуге болады екен. Екі айда баспадан шықса, сонда тармағы 5-6 айда баспадан шығып, 10 жылдық тойға үлгереді екен. Бұл менің айтқаным қиял емес, өлкелік орындар шұғыл кіріссе, осылай үлгерілуі мүмкін-(ақ). Әрине әдебиет тарихы сияқтылар біте де қоймас. Осылай қызу кіріссек, істей алатын бұл жұмысты қолға алатын кезге жеттік», - дейді [46,4 б.]. Міне, 1930-шы жылдардағы қазақ фольклортану ғылымында: фольклорды қалай жинау керектігі, оның басты бағыт-мақсаттары да, не үшін жинау қажеттігі де т.б. – сөз бола бастады. Сөзден іске кешу керектігі айтылуымен қатар, халық ауыз әдебиетін автор тек әдебиет деп санап, фольклордың өзіндік ерекшелігін ескермей, жанрды «тап» деп қарастыруы – бәрі фольклорды тек әдебиеттану тұрғысынан бағаланған, мақала авторы Т.Жиенғалидің арнайы фольклортанушылық білімінің болмағандығын діттейді.

Мұндай еңбектердің кезең ерекшелігін сипаттаумен қатар, фольклордың ел арасынан тездетіп жиналып, баспадан жинақ түрінде шығуына септігін тигізді. Сонымен қатар баспасөз беттерінде фольклордың ауызба-ауыз, әрі кітап түрінде жиналу керектігі де, фольклорды жинаудың экспедициялық тәсілінің өзіндік артықшылығы да (неғұрлым мол, жан-жақты, әрі тез т.б.) сөз болады. Дегенмен бұларда жинау әдіс-тәсілдерінің талаптары т.б. ескерілмей қалған. Яғни мәтін паспортын толтыру үшін қажет:қашан, қай жерде, қай уақытта, кімнен, үлгінің қай тәсілмен қағазға түскендігі т.с.с.с хақындағы дерек көздері сөз болмаған. Сонымен бірге фольклорлық мәтінді баспадан шығаруды, қандай ғылыми талаптар негізінде іске асыру қажеттігі сарапталынбаған. Сондай-ақ мәтіндермен текстологиялық жұмыс жүргізу; қалай сұрыптау, жүйелеу, іріктеу т.с.с. жұмыстарын жүргізу керектігі; әр мәтінге берілетін түсініктемелер, анықтамалар, сілтемелер т.б. мәселелері де сөз болмайды. Ендеше бұл мақалалар, негізінен, науқаншылдық үшін ғана жазылғанға ұқсайды.

Әбділда Тәжібаевтың «Ел әдебиетін жинауға кіріселік» деген мақаласы [47], негізінен, қазақтың халық ауыз әдебиетін жинау мәселесіне арналады: «Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхаметұлы, тағы басқалардың жинаған өлең, әңгіме, жоқтау, ертегі, боқауыз өлеңдер жинақтары да бар. Аз да болса Жансүгірұлы Ілияс өтірік өлеңдердің біразының басын құрайды.

Сәкен, Сәбиттер де хат жазып, хабар беріп, іске кіріскендіктерін көрсетіп жатыр. Енді мұның бәрі сүйсінерлік іс. Бірақ сырттан сүйсініп, тек қол құсырып отыруға болмайды. Қолмен санарлық 4-5 адамға сеніп отыра берсек, етек-жеңімізді жинай алмай қаламыз», - деп автор фольклорды жинау ісіне көпшілікті тарту керектігін айтады [47].

Одан әрі мақала авторы жеркепе, құрым үйлердің орнына жаңа қалалар, мектеп, больницалар т.б. салынбақ, ауыл тегісінен жаппай коллектив, жаңа тұрмысқа көшеді дей отырып т.б. - бәрі халық әдебиетін жасап, тудырып келген ортаның құруына әкелетінін, яғни фольклордың табиғи өмір сүру ортасының бұзылуына соқтыратынын ескертеді. Сондай-ақ мақалада: халық әдебиетін жинаушылардың фольклорды қалай, қандай жолдармен жинағаны; қазақ әдебиетінің кімнен басталатыны; халық әдебиетінің басын құрау; жинау мәселесі; өткен ақын-жазушылардың мейлі діншіл, мейлі ұлтшыл болсын, бәрібір еңбектерін қарастырып, өмір тарихтарын тексеру керектігі т.с.с. мәселелер қамтылған.

Сонымен қатар Ә. Тәжібаев Қазақ университеті жанынан осы көтерілген мәселелермен шұғылданатын, қазақ әдебиеті мұрасын жинаумен айналысатын, қазақ білім қызметшілері бастарын құраған топтың жұмыс істейтінін, оған профессор Фатовтың (Н.Н. Фатов – Н.Ж.) жетекшілік жасайтынын т.б. мәлімдеген. Топтың алдында қазақ әдебиетін жинау, тексеру ісімен шұғылданып жүрген азаматтарды көбірек тартып, Қазан төңкерісіне дейінгі, әрі Қазан төңкерісінен кейінгі әдебиетті тегіс жинап тексеру керек деп, сол кездің өзінде фольклорды таптық тұрғыдан емес, жалпы ұлттық мұра ретінде түсінетінін көрсетеді.

ХХ ғасырдың Қазан төңкерісінен кейінгі бірінші жартысындағы Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ баспасөз беттерінде фольклорды жинау, жариялау, зерттеу мәселесіне келетін болсақ: бірінде кеңестік қоғамда фольклорлық мұраны пайдалану жөніндегі ой-пікірлердің үстем болғаны жария етілсе [48]; екіншісінде, белгілі ғалымдар: В.В.Радлов, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллиндердің т.с.с. ел арасынан жинаған фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқалары басылады[49]. Ал, үшіншілерінде, баспа беттерінде қазақ фольклорын қалай тездетіп жинау қажеттігі жұмыстарының мәселелері көтерілді [50]. Төртіншісінде, газет-журнал беттерінде жиналған фольклорлық мұраларды сараптау, зерттеу жұмыстары сөз болады [51]. Бесіншісінде, баспасөз жүзінде фольклорды әрі жариялау мәселесі көтерілсе [52], әрі жарияланған фольклор мен ауыз әдебиеті нұсқаларына қатысты сын пікірлер де[53] беріліп тұрды.

Ауыз әдебиетінің мұрасын жинау мәселесі баспасөз жүзінде, әсіресе «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде талай рет көтерілген-ді. Дегенмен жинау жұмысының кең түрдегі бағдарламасы 1920 жылдардың бас кезіндегі Жетісу, Сырдария экспедицияларының іс-тәжірибесінен кейін ғана барып жасалған [54]. Мұндай бағдарлама жасауда Ә.Диваев елеулі еңбек етті. Ол экспедицияға қатысушы адамдарға арнайы нұсқау беріп, қазақтың фольклорлық шығармаларының Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі барлық жанрларын жинау жөнінде басшылық жасаған. Сондықтан да жинаушылар қазақтың халық поэзиясының ұсақ жанрларына дейін хатқа түсіріп отырған.

ХХ ғасырдың 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі газет- журнал беттеріндегі фольклортану мәселесіне келсек, оның басылым көрген фольклорлық үлгілерді хабардар етумен; халықтық мұраларды жинаушылар төңірегінде ақпараттар таратумен; фольклорлық, этнографиялық т.б. үлгілерді жинау қажеттігі мәселесі көтерілуімен көзге түсті. Бұл кезең ғылыми ізденістердің неғұрлым қарқынды жүргізілгендігімен де белгілі. Сонымен қатар 1920-шы мен 1930 жылдар аралығы– бір жағынан, Қазан төңкерісіне дейінгі фольклорды жинаушылық жариялаушылық және зерттеушілік дәстүрдін әрі қарай дамуымен қатар, ішінара сапалық өзгерістерге де ұшырауы, екінші жағынан, заман, кезең өзгерісіне қарай Кеңестік идеологияның жаңа бағыттары дүниеге келе бастауы т.б. – бәрі сол кездегі Кеңестік қазақ фольклортану ғылымының даму өрісін негіздеді.

Көптеген мұражай құжаттары мен басылым беттерінен Кеңес үкіметі тұсында фольклортанушы ғалымдардың жаңа тарихи жағдайда фольклордың жекелеген жанрларын сараптауы өскені байқалады. Сол кездегі ізденушілік жұмыстардың көбі жаңа қоғамдық қатынастармен халық арасындағы жаңадан орныға бастаған салт-сана, дәстүр т.б. негізінде іске асырыла бастады. Осындай алмағайып уақыттағы фольклортанушылық жұмыстардың өзіндік ерекшелігі- бұл іске тек таңдаулы мамандар емес, сонымен қатар маман емес зиялылар, студенттер т.б. еңбек ұжымдарының жаппай тартыла бастағаны дер едік.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында фольклор мәтіндерін жинау, көбінесе екі бағытта жүргізілді: бірі- бұл дәстүрлі фольклорды жинаумен қатар, Кеңес үкіметі саясатына сай делінген, «нағыз халықтық» делінген үлгілерді жиыстыру, оларды көбейтіп дабыралау болып табылады. Екіншісі- халық арасында, белгілі фольклорды жеткізушілердің жекелеген жанрды орындаудағы шеберлігі мен репертуарына т.б. көңіл бөлу өсті. Бұл тұста фольклорды жинаушылық қызмет жоспарлы түрде жүргізіле бастады және оған өзіндік ғылыми-зерттеушілік міндеттер қойылды. Елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік сипатта болған түбірлі өзгерістер өз кезегінде халықтың салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына т.б. үлкен ықпал жасағаны мәлім. Сол себепті де елде жоспарлы түрде ғылыми ізденістер қолға алынып, олар жергілікті жердегі халықтың өміріне, тарихына, тұрмысына, әдет-ғұрпына, халықтың шығармашылығына т.б. қатысты деректер жинауға деген белсенділікті тудырды.

1920 мен 1950 жылдар арасындағы жиналған фольклор материалдары, көбінесе хрестоматия үлгісінде басылым көріп отырды. Фольклорды жинау жұмыстарының тездетіліп жүріп, қажет делінген түсініктермен таратылуына сол кездегі баспа бетінде жарияланған түрлі мақалалар тізбегінің рөлі ерекше болды.

1930 жылдар – бұл қазақ фольклортану ғылымын дамуындағы ерекше кезең болып табылады. Мұнда көптеген ғылыми ізденістер бастамаларының негізгі қаланды. Фольклорды жинау жұмыстарының дамытылып, сапалы жүргізілуіне жаңа қадам жасалынды. Ғылыми фольклорлық экспедициялардың ұйымдастырылуына мүмкіндік кеңейді т.б. Осының негізінде фольклордың жан-жақты жиналуы, әрі түрлі жанр үлгілері қамтылуы жүзеге асып, қазақ фольклортану ғылымының мұрағаттық қоры жаңа нұсқалармен толықтырылып, байи түсті.

1920 жылдардың алғашқы кездерінде-ақ Қазақ оқу халық комиссариаты, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы сияқты бірнеше мекемелер құрылып, жұмыс істей бастайды. Қазақ халқының мәдениетін, тарихын, этнографиясын зерттеуге және халық ауыз әдебиет үлгілерін жинауға зер салынып, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. 1920 жылғы Сырдария, 1921 жылғы Жетісу экспедицияларына Ә.Диваев, А.В.Затаевичтер қатысады.

1920 жылдардың аяғына таман қазақ совет фольклорының қоры жасалып, Қазақтың ғылыми-зерттеу институтының қарамағына беріледі. Бұл кезде халық поэзиясын жинасуға мамандығы жағынан әр түрлі мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, ақын-жазушылар, музыканттар мен артистер тобы қатысады. 1930 жылдардан бастап қазақ фольклоры Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасына жинақталады. Кейінірек қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалары қорына жинақталып отыр. Аталмыш қолжазбалар қорына түсетін материалдардың көпшілігі арнаулы ғылыми іссапарға барған институттың ғылыми қызметкерлері немесе институт тарапынан ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар арқылы жиналды. Мәселен, «Алты жасар Алпамыс» атты қолжазба нұсқасының 1920 жылы ұйымдастырылған Сырдария облысының экспедициясы кезінде қағазға түскені белгілі. Экспедицияны фольклортанушы Ә.Диваев басқарған. Бұл қолжазба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми қолжазба қорында сақтаулы, араб әрпімен бір жолды сарғыш қағазға түсірілген, сиясы көк, парақ беттері араб цифрымен нөмірленген [55].

Сондай-ақ «Тоқсан үйлі тобыр» атты жыр нұсқасы да 1920 жылғы Сырдария облысының экспедициясы кезінде Жұманазар Үрімқұлұлынан жазылып, ҚР. Білім және ғылым министрлігінің Орталық қолжазба қорына табысталған [56]. Ал, осы экспедиция кезінде қағазға түскен «Қобыланды батыр ертегі» үлгісі кімнен алынғаны белгісіз екендігі ескертілген [57]. Сонымен қатар осы экспедиция кезінде қолға түскен «Құламерген» жазбасы Әлімбайұлы Жұмабай қолжазбасынан көшіріліп алынған [58]. Экспедиция кезінде «Жүсіптің жеңге алған әйелімен айтысқаны» үлгісін де [59], «Бай баласы» [60] мен «Кедейдің тас тауып алуы» [61] атты ертегісін де Ә.Диваев жиып тапсырған.

Бұлардан басқа ұйымдастырылған 1921 жылғы Жетісу экспедициясы; 1935 жылғы Қостанай экспедициясы; 1939 жылғы Қазақстан зерттеу қоғамының ғылыми экспедициясы мен Маңғыстау экспедициясы; 1940 жылғы Арал мен Семей экспедициясы; 1942 жылғы Арал экспедициясы; 1943 жылғы Торғай экспедициясы; 1946 жылғы Көкшетау-Ақмола, Қарақалпақ, Семей экспедициялары; 1947 жылғы Қостанай экспедициясы; 1949 жылғы Гурьев экспедициясы мен 1950 жылғы Көкшетау экспедициялары жұмыстарының нәтижесінде- алғашқы Ұлт мәдениет институтының қорына, кейіннен Қазақ ССР Ғылыми академиясы Тіл мен әдебиет институтының Халық творчествосы бөлімінің қорына жүздеген баспа табақ халық шығармалары материалдары жиналды.

Қорға алынған материалдардың ішінде «Өтірікші тазша», «Жақсылық пен жамандық», «Құйыршық бала», «Қара мерген» ертегілері, бидің кедеймен айтыстары т.б. бар. «Қобланды» жырының алты нұсқасы, «Қамбар» жырының жеті нұсқасы жазылып алынған. Осылармен қоса фондыға «Телағыс», «Төрехан», «Ер Қосай», «Қойкелді батыр», «Көрұғлы» сияқты эпикалық шығармалар да қабылданған. Мұның бәрі халық ауыз әдебиетін жинау саласында біраз жұмыс істелгендігін көрсетеді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапхана қорына әр кезде түрлі жинаушылардың да қолжазбалары өткізіліп отырылған. Мәселен, М.Ж.Көпеев жинаған «Ер Көкше» нұсқасы сақталған «Қара мес» жинағы Қазақ ССР Ғылым академиясының қорына 1934 жылы түскен [62]. Қолжазба жолсыз сары қағазға Мәшһүр-Жүсіптің өз қолтаңбасымен араб әрпімен, бидай сиямен жазылған. Сырты жасыл түсті мұқабамен тысталған, кейбір беттеріне су тиіп жайылғандықтан қағаздары сарғайып, түптелген шеті сөгілген.

Ал, «Базар батыр» атты нұсқаны 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында Жангөдей қарттың айтуы бойынша жазып алған, әрі ҚР. Білім және ғылым министрлігінің Орталық қолжазба қорына тапсырған Б.Тұрсынбаев еді [63]. Қолжазба арабша бір жолды қағазға көк және жасыл сиямен түсірілген, сырты қалың картонмен тысталған. Орталық ғылыми кітапханаға 1935 жылы түскен «Ер Тарғын» жырының бір нұсқасын Семей облысы Шұбартау ауданында Нұрғали Нұрқасым деген жыршыдан Ысқақұлы Әміре жазып алғаны [64] туралы дерек сақталған. Қолжазба 11 буынды қара өлең үлгісіне құрылған. Араб әрпімен ескірген жолсыз сарғыш қағазға жай қарындашпен жазылған.

Енді бір «Көрұғлының қиссасы» атты жыр 1929 жылы Қызылорда жерінде жазылса да, Орталық ғылыми кітапханасына 1940 жылы түскені анықталған [65]. Нұсқаны жинаған Айдарханов екені жазылса да, мәтінді кімнен жазып алғаны көрсетілмеген. Қолжазба бір сызықты ақ қағазға қара, көк сиялармен араб әрпінде қағазға түскен. Міне, осындай Қазақстанның түкпір-түкпірінен де әр түрлі жинаушылардың көмегімен кейбір фольклорлық үлгілер жиналып, Орталық ғылыми кітапхана қорына өткізіліп келгені мәлім.

Дегенмен халық ауыз әдебиетін жинауда жекелеген кемшіліктер де болмай қойған жоқ. Мұғалімдер, саяси-ағарту мекемелері мен аудандық газет қызметкерлері жұмысты қызу түрде қолға алғанмен, халық ауыз әдебиетін жинайтын ғылыми орындардың басқару ісінде салақтық та байқалды. Халық ауыз әдебиетінің шығармаларын білетін және оны айтып бере алатын адамдар жөнінде деректер жоққа тән еді. Сондықтан да жинау жұмысының түбегейлі бағдарламасын жасап, белгілі бір жобаға келтіру қажет болды. Дегенмен қолжазба қорында біраз жұмыстар істелді. Халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары мен ақындардың шығармашылығына арналған жинақтарға жеткілікті түрде материал жиналды. Ал, жергілікті жердегі ғылыми кадрлардың өсуі халық ауыз әдебиетін жинау жұмысына сөзсіз ықпалын тигізді. Сондай-ақ бұл кездегі фольклорды жинаудағы, жариялаудағы, зерттеудегі т.б. фольклортанушылар ұстанған негізгі бағыт: фольклорлық мәтіндердің идеялық-көркемдік сапасына айырықша көңіл бөлу болды.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кеңес өкіметі тұсында қазақ фольклорының барлық жанрлары жиналды десек те, біраз халық үлгілері «кеңестік идеология» тарапынан қолдау таппағандықтан, өкінішке орай жиналмай қалды. Бұлар, көбінесе діни, ұлт-азаттық көтеріліс т.с.с. тақырыптары еді. Мәселен, тұрмыс-салт жырлары ішінен ескі діни наным-сенімге байланысты түрлері, яғни бәдік, бақсының сарыны, жарапазан т.с.с. жиналмаса, ал айтыс жанрынан өлі мен тірінің айтысы т.б. тәрізді үлгілері қағаз бетіне түскен жоқ. Ал, тарихи жырлар арасынан ұлт-азаттық көтеріліске байланысты «Кенесары-Наурызбай» сияқты нұсқалар жинаушылар назарынан тыс қалып отырды.

Сөйтіп, Қазан төңкерісінен кейін: фольклор үлгілері көптеп жинала бастады, мектеп, оқу орындары бағдарламаларына т.б. арнайы пән, факультативтік сабақ т.б. ретінде енгізілді. Сондай-ақ фольклор әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде зерттеле бастады. Ғылыми- зерттеу орталығы негізінде түрлі фольклорлық ұйымдар, қоғамдар, экспедициялар т.б. фольклорды жинау жұмыстарына тартылды. Белгілі дәрежеде ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымында фольклордың жиналу, өңделу, жариялану, зерттелу мәселесі баспа бетінде біршама қарастырылды. Сонымен қатар ол кезде фольклордың жеке-жеке жанрларына қарасты монографиялар, оқулықтар, т.б. жарық көрді. Қорыта айтқанда, Кеңес дәуірінде қазақ фольклорының ең көркем жанрлары барынша мол жиналды, зерттелді.



Жүсіпов нартай қуандықұлы

Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет