2.2 Кеңес өкіметі тұсындағы жариялаудың шарттары мен түрлері.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымындағы фольклордың жариялану жағдайын сөз етсек, 1930 жылдары фольклорлық жариялымдардың ғылыми негізі қалана бастағанын көреміз. Көптеген жинақтардағы фольклорлық материалдардың біршама толық түсініктемелермен, әрі қосымшалармен бірге басылым көруі т.б.- бәрі қоғамдық назарды өзіне тартқаны да анық. Қазан төңкерісіне дейін шыққан жинақтардың, расында, көпшілігі жоғары ғылыми жарияланым талаптарына сәйкес келе бермейтіні де белгілі. Дегенмен олардың фольклордың жанрлық ерекшелігін қарастыруға т.с.с. негіз қалағанын ескерген жөн.
Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңде халық мұраларын ғылыми сипатта жариялау ісі Қазақстанның әр түрлі елді-мекендерінде де жүзеге асырылды. Сонымен қатар бұл басылымдарда фольклорды жариялау ісін тек дәстүрлі тәсілдермен шектемей, өзіндік әдіс-тәсілдерге бару талаптары да байқалды. Басылым көрген жинақтардың біразы тілтану тұрғысынан; диалектологияға көңіл бөлу; этнографиялық түсініктеме беру мақсатында; әдебиеттануға т.б. арналып жүзеге асырылған. ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес өкіметі басшыларының дұрыс саясаты т.с.с. қазақ фольклорын жариялауға өз әсерін тигізбей қоймады. Мәселен, 1922 жылы Ташкент қаласында белгілі фольклортанушы Ә.Диваевтың «Батырлар» жинағының шығуының маңызы ерекше зор болды [188].
Бұл жинаққа 7 жыр енген: «Қобыланды батыр»- 158 бет; «Нәрікұлы Шора»- 23 бет; «Бекет батыр»- 27 бет; «Қамбар батыр»- 39 бет; «Шора батыр»-56 бет; «Мырза Едіге батыр» - 24 бет. Бұл үлгілердің әрқайсысының сыртқы мұқабасында: «Әбубәкір Диваевтың жинаған сөздері. Батырлар. Бірінші бөлім. Қазақша «Қобыланды». Түркістан Республикасының баспасөз шығарушы мекемесі. Ташкент. 1922 жыл»,- деген тәрізді мәтіннің араб әрпіндегі паспорттық деректері бар [188,1 б.]. Одан әрі орыс тіліндегі баспахана аты, мекені, жылы, сондай-ақ басылым данасының таралым көрсеткіші (тираж 100000 - Н.Ж.) де бірге берілген. Ендеше арнайы бір жанрға арналған бұл жинақ сол кездегі қазақ фольклортану ғылымының жетістігі, жаңалығы болып табылады.
Жинақта одан әрі Қазақ-қырғаз білім комиссиясы тарапынан сөз басы орын алған. Онда: бұл мәтіндердің Түркістандағы Халық ағарту комиссариаты тарапынан 1920-ыншы жыл, 17-інші майда Ә.Диваевтан сатылып алынғаны айтылады. Сондай-ақ этнограф Әбубәкір Диваевтың, материалдарын қазақ Білім комиссиясы енді ғана қолға алып, іс жүзіне шығаруға кіріскені; нұсқалардың көлемі -198 баспа табақ болатыны; материалдардан іріктеліп, даярланып, алдымен баспаға берілгендігі көрсетілген. «Батырлар» жинағы мына ретпен құрастырылған: 1) Қарақыпшақ Қобыланды батыр, 2) Нәрікұлы Шора; 3) Бекет батыр, 4) Қамбар батыр, 5) Шора батыр, 6) Алпамыс батыр, 7) Мырза Едіге батыр»- бәрі 7 кітап. Сонымен бірге Ә.Диваев материалдары ішінде бұлардан басқа да баспаға деп даярлағандары тағы бар екендігі, мұнан бұлай олардың да ретімен жарияланымға ұсынылатыны ескертілген.
Алғысөзде «Шора батырдың» бір нұсқасын бұрынғы уақытта Ә.Диваевтың өз қолынан бір Мүсіреп деген адам алып бермей кеткені айтылады. Ел ішінде «Шора батырды» өлеңмен айтып жүрген ақындар бар екендігі естілсе де, ол ақындарды бұл күнде қолға түсіре алмағаны айтылады. Сонымен бірге бұл жинаққа ұсынылып отырған «Шора батыр» әңгімесінің 1920-ыншы жылы Ә.Диваевтың орысша жазғанынан тәржімә етілгені; бұл жолы сол тәржімәні ғана түзетіп баспаға бергендігі; парсыша кірген сөздердің де дұрысталғаны сөз болады. Одан әрі «Нәрікұлы Шора», «Мырза Едіге батыр» әңгімелері де жартылай қара сөз, жартылай өлең түрінде келетіні; олардың қолдағы асыл нұсқа бойынша алынғаны т.с.с.- бәрі де жинақ құрастырушы қазақ-қырғыз Білім комиссариаты тарапынан түсіндіріледі [188,1-2 б.] .
Сонымен қатар құрастырушылар жинақ алғысөзінде «Алпамыс батыр» әңгімесінің Бұхара төңірегінде отырған Қарақалпақ-Жиенмұрат дейтін бір бахшыдан алынғанын; «Алпамыстың» ішінде араб, парсы, сарт тілдерінен кірген сөздер көп болатынын; соны қолдарынан келгенінше түзеткенін сөз етеді. Және де «Қарақыпшақ Қобыланды батыр», «Бекет», «Қамбар» жырларының өлеңмен айтылатынын, бұлардың қолда бар нұсқалар бойынша жіберіліп отырғандығын ескертеді. Түркістандағы қазақ-қырғыздың бір бөлегі өзбек, сарт, тәжікпен қоныстас, аралас отырады дегенді айта отырып, осылардың көбі орынсыз өз сөздерінің орнына араб, парсы сөздерін қолданатынын тілге тиек етеді. Ал, тілдің бұзылмауы үшін мүмкін болған жерлерде мұндай сөздерді қазақшалау жүргенін мәлімдеуі т.с.с. [188,2 б.] осы жинақ арқылы іске асқан. Міне, бұдан жинақтағы мәтіндерді Түркістан Халық ағарту комиссариатының 1920 жылдың 17 май күні Ә.Диваевтан сатып ала отырып, жинаушы Ә.Диваевқа тиесілі еңбек ақысын төлегенін білдік. Ал, Халық Ағарту комиссариаты тарапынан жинақтың басылым көруінен т.б.- біз Кеңес өкіметінің фольклорға деген қызығылушылығының артқанын танимыз. Сол кездің өзінде де жинақтың көлеміне, құрылысына, не өлең, не қара сөзбен жазылғанына т.б назар аударылғанын байқаймыз. «Шора батыр», «Алпамыс батыр» тәрізді жырлардың зерттелу тарихына қатысты құнды дерек көздерінің келтірілуімен қатар, жинақтың әр бөлімінің алғысөзі де берілген. Мәселен, «Шора батырдың» қара сөзден бөлек, өлеңмен де жазылған нұсқасы бар екендігі, әзірге оның қолға түспегендігі ескертіледі. Ал, «Алпамыс батыр» жыры Бұхара төңірегінде отырған Қарақалпақ-Жиенмұрат дейтін бір бахшыдан жазылып алынғаны берілуі т.б.- бәрі әлемдік фольклортану ғылымындағы фольклорлық нұсқаның паспортын толтыруда қажетті, маңызды дерек көздерін толтыру талабының орындалғанын танытады. Демек мәтіннің жазылынып алынған жері, үлгіні айтушының есімі, тіпті оның кәсібі көрсетілуі т.б. дұрыс орын алған. Ал, бұл жинақты жариялаудағы басты мақсат- ол халықты сауаттандыру, яғни ағартушылық мақсат. Сондай-ақ көпшілікке жақын, түсінікті фольклорды қазақ тілінің тазалығы үшін күресте үгіт-насихат құралы есебінде қолдану көзделді. Бұлар жинақтың ұтымды жағы болса, ал, кемшілігі- мәтіндегі сөздердің қазақшалануы, бұрмаланып өзгеріске ұшырауы екені.
Жинақта «жинаушыдан бір-екі сөз» деген айдармен Ә.Диваевтың 1921 жылдың 26-ыншы декабрінде Ташкентте жазған алғысөзі берілген [188, 1-3 б.]. Онда ғалым Ә.Диваевтың 1878 –інші жылы Түркістан аймағына келіп қызметке кіргені; сол кіргенінен Сырдария облысындағы қайырымды, мейірман дос, аңқылдақ, ақпейіл көшпелі қазақ халқымен танысып шүйіркелесіп араласа бастағаны сөз болады. Одан әрі бірте-бірте олардың салт, рәсім, әдет-ғұрыптармен де танысып, тіршіліктерін де түсіне бастағаны; қазақ халқының сөзге ұсталығы, тілге байлығы ғалымды шаттандырғаны да т.с.с. айтылады. Осы арқылы Ә.Диваев өзінің фольклортанушылық қызметінің алғаш басталған кезінен ақпарат береді.
Сондай-ақ қазақтың қиналмастан қиыннан қиыстырып, сөздің жүйесін табуы, сөз кестесін келтіріп, өрнегін салуы; сөз бастайтын шешендерінің, билерінің, ақындарының сөзге ұсталығы; қазақтың сауатсыз, оқымаған малшыларына шейін біреуден бір естіген сөздерін бұлжытпастан жатқа айтатыны; әнші, әңгімеші, ертекшілерінің шеберлігі; жыр, ертегі, мақал, әңгіме, тақпақ, қиссаларының көркемдігі т.б.– бәрі де ғалым Ә.Диваевты таңдандырған. Ал, қазақ әдебиеті бүкіл түрік әдебиетіне негіз бола алады және бүкіл түрік әдебиетін гүлдендіреді деген Ә.Диваев пікірлері әлі де өз маңызын жойған жоқ. Зерттеуші қазақ халқының көшпелі екендігін, баспасөз үлгілері т.с.с. жетімсіздігін ескерген. Фольклорды жақсы білетіндердің барлығы да қазақтың қарттары, ақсақалдары дей отырып, олардың бар білетін қызықты, керекті сөздері, білген халық әдебиет үлгілері өздерімен бірге өлмес үшін, халық әдебиет нұсқаларын тездетіп жинау қажеттігін ескертеді. Ғалым Сырдария облысы адамдарын аралайды. Қазақтың тіршілік, тұрмыс, ғұрып, әдеттерінен бірқатар мағлұматтар жинап алады. Оларды ғалым Петербургта, Мәскеу, Қазанда шығатын білім журналдарына бастырады. Ташкенттегі шығып тұратын журналдар мен жергілікті газеттерге де ұсынады. Барлық жарық көрген үлгілер- 89 табақ қағазды құрайды. Бұл басылғандар қазақ халқының құдалық салттарын; ғұрып, әдет, рәсімдерін; мал шаруашылығына қатыстыларын; өлең, жыр, зар, ертек, мақал, жаңылтпаш, ырым, бесік жырларын, әңгімелер, үлгілі өлеңдер; жын, шайтан, аруақтар туралы айтылған әр түрлі хикаяларды; халық арасындағы дәрігерлік тәжірибелер, бақсылар, ақ шайтанды сиқыршылар туралы түрлі әңгімелерді т.с.с. қамтиды.
Бұлардан басқа Ә.Диваев өзінде 112 табақ фольклорлық мәтіндер барлығын да ескертеді. Жалпы ғалым жинаған материалдардың біразы орыс тілінде басылып келген. Бұл басылғандардың барлығы да Түркістанның үкімет кітапханасында сақтаулы дейді. Түйіп айтқанда, Ә.Диваев қазақ фольклорының бай екендігін дәріптей отырып, оны тездетіп жинау қажеттігіне көңіл бөлгізеді.
Ғалым Ә.Диваевтың жинаған «Қобыланды батыр» жырына келсек, мәтін 4000-дай жолдан тұрады. Әр бетте 25 өлең жолдары бар, жыр жолдары, көбінесе 7-8 буынды, аралас ұйқасты, 2 бунақты болып келеді. Мәтін беттері әдеттегі араб әрпінің оқылу ретімен кітаптың оңынан солына қарай орналасудың орнына, керісінше, араб әрпінде жазылса да кітаптың түптелу реті солынан оңына қарай бағытталып орналасқан. Кітап соңы мынадай өлең жолдарымен аяқталады:
Сіздің жай бұл уақытта күншығыста;
Қолыма қалам алдым осы қыста.
Мен жаздым күні-түні сіздің үшін,
Қатесі болған шығар асығыста.
Бұл кітап осылайша тамам болды,
(Дүниеде әр түрлі заман болды);
Асығып тез бітудің қамын ойлап,
Жазуы тәуір емес жаман болды.
Бұл кітап осылайша болды тамам,
(Сақтасын әр нәрседен хақ тағалам).
Көңіліңіз ағаңызға ренжімесін,
Хат жазып, сәлем айттым, інім, саған.
Өлең жолдары келтірілсімен, оның соңында «1894-нші жыл 12 декабрьде»,- деген хаттың жазылған уақыты да көрсетілген [189]. Тек бұл жолдардың кімге арналғаны, хат иесі кім екендігі турасында дерек жоқ. Тек кейінгі «Батырлар жыры» топтамасының бірінші томында ол турасында мынадай ескерту енгізілген: «Совет дәуірі тұсында «Қобыланды батыр» жыры әлденеше рет жарық көрді. Ең алғаш белгілі ғалым, жинаушы Әбубәкір Диваевтың 1922 жылы Ташкентте бастырып шығарған «Батырлар» деп аталатын топтамасында жарияланды. Бұл нұсқаны Ә.Диваевқа сол кездегі Ақмешіт уезінің қазағы Мұрат Өскеұлы жібереді, мәтін соңында «1894 жыл,12 декабрьде» деп жазған»,- делінген пікір де бар, тек онда осы деректердің қайдан алынғаны көрсетілмеген [190].
Ал, «Батырлар» жинағының «Нәрік ұғлы Шора» [191] мәтіні соңында «комиссия» түсініктемесі берілген: «Бұл Шора батырдың қысқаша түрдегісі. Мұнан гөрі ұзынырағы батырлар хикаясының бесінші бөлімінде айтылады. Комиссия»,- делінген [191, 3 б.]. Жоғарыдағы үлгілерде үтір, нүкте, нүктелі үтір, жақша т.б. тәрізді тыныс белгілері қолданылған. Осы орайда Қазан төңкерісіне дейінгі шыққан кітаптардың көбінде тыныс белгілері мүлде қойылмағанын еске салғымыз келеді.
Бұл 1922 жылы жарық көрген «Батырлар» жинағының әр бөлімінің алғысөзі бірде бар болса, бірде жоқ болады. Ғылыми түсініктемелері, мәтіннің жазылынып алыну паспортына қатысты деректер де толық сақталмаған. Демек мұндай дерек көздерін келтірмеу, белгілі ғалым Ә.Диваев тарапынан кетті дегеннен гөрі, шамамен бұл нұсқаларды ішінара өзгерістерге, түзетулерге т.б. ұшыратқан Білім комиссиясының қажет деп таппауынан туындаған деп ұйғарған жөн. Себебі жинақтың Білім комиссиясы жазған алғысөзінде нұсқа ішіндегі кездесетін араб, парсы т.б. сөздері алынып тасталғаны, оның орны басқа сөздермен өзгертілгені ескертіледі. «Шора батыр» үлгісі: «Бұрынғы өткен заманда Қазан деген қала бар екен,- деп басталады да, соңы,- мұнан басқа Шора батыр туралы мағлұмат жоқ, не істеп, не қылғандарынан, бірақ бірсыпыра қысқа мағлұматқа қарағанда Шора батыр өзінің Тамаларымен қайтадан Қазанға көшіп кетіпті деп айтылады»,- делінген түсініктемемен аяқталады [192, 59 б.]. Ал, нұсқа ішіндегі ескертпе иесі жинаушы Ә.Диваевтікі ме, не үлгілі жеткізушінің қосқан толықтыруы ма т.б. ол жағы белгісіз. Себебі ол турасында дерек көзі сақталмаған.
«Алпамыс» кітабының басы «Ардақты оқушыларға» деген үндеу сөзімен басталады. Онда: «Алдарыңызға ұсынылған «Алпамыс батыр» хикаясы Сырдария облысының қазақтары арасында зор .... тұтады. Қолдан жазылған «Алпамыс батырдың» әңгімесін Сырдария облысының Амудария бөлімінің бұрынғы бастығы М.Д.Разгонов біздің қарауымызға жіберген еді, оған рахмет болсын. Оның бер жағында «Алпамыс батыр» хикаясы Сырдария облысы Төрткөл болыстық Қарақалпақ ақыны (жыршысы) Жиенмұрат Бекмұхаммет баласы (кәсібі бахшылық еді) тарапынан жазылған. Бірақ «Алпамыс батыр» шын қазақ халқының өлең –жыры болса да, Бұхарға қоңсы отырған Қарақалпақ ақыны тарапынан жазылғандықтан, ішінде араб, парсы сөздері көп ұшырады. Мұны аударған уақытта қолымыздан келгенше сөздің негізгі мәнісіне жақын келуіне тырыстық»,- деген Ә.Диваев түсініктемесі бар [193, 3 б.]. Бұлар нұсқаның паспорттық деректері болып табылады- ол жақсы жағы, ал, мәтінді өзгертпеу талабының бұзылғандығы- ол жинақтың кемшілігі болып табылады.
ХХ ғасырдағы Кеңес өкіметі тұсында Ә.Диваев жинаған «Батырлар» жинағының 1922 жылы жариялануының, және бұл эпостық жырлардың өз алдына жанрлық тұрғыдан іріктеліп жеке жинақ боп шығуының мәні ерекше. Қазан төңкерісіне дейін араб әрпіндегі басылымдарда болмаған тыныс белгілерінің жинаушы тарапынан қойылып шыққаны- бұл мәтіндердің ғылыми айналымға түсе бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ оқырман үшін нұсқаны еш қиындықсыз оқу жағы да қарастырылғаны танылады. Жинақтың алғысөзі де, түсініктемелері, тіпті кейбір нұсқаның паспорттық деректері бірге берілуі- басылымның ғылыми сипатта жарияланғанын дәлелдейді. Сонымен бірге сол кездегі Білім комиссиялары тарапынан шыққан бұл жинақтардың халық әдебиетін дәріптеуде, насихаттауда, фольклорға деген халықтың қызығушылығын оятуда маңызы ерекше болды. Ал, «тіл тазалығы үшін күрес» деген айдармен мәтіндерді өзгерістерге, түзетулерге т.с.с. ұшыратуы т.б.- бәрі кейінгі шығатын жинақтардың дұрыс шығуына кері әсерін тигізген «теріс» үлгі болғаны да сөзсіз. Түйіп айтқанда, жекелеген ауытқу, кемшіліктеріне қарамастан, бұл кітаптардың шығуы қазақ фольклорын таныту, насихаттау ісіне елеулі үлес қосты.
1923 жылы Түркістан Республикасының баспасөз мекемесінің Ташкентте Жүсіпбек Шайхулисламұлының жинаған «Қыз Жібек» жырын басып шығарды [194]. Бұл жинақ түрінде шыққан кітаптың Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген еңбектерден бір өзгешелігі- сыртқы мұқабасының жоғарғы тұсында: «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!»- деген кезең ерекшелігін әспеттейтін ұранды сөзі бірге басылған [194,1 б.]. Қазан төңкерісіне дейінгі үлгілерде толыққанды сөз тіркестері мен сөйлемдерді т.б. өзара ажырататын тыныс белгілері қойылмаса, ал Қазан төңкерісінен кейінгі кітаптарда ол олқылық орны жойыла бастаған. Соның бір көрінісі бұл кітапта да: нүкте, үтір т.б. тыныс белгісі өз алдына, сұрақ белгісі, леп белгісі, тіпті тырнақшаға дейін қолданыс тапқан. Кітап көлемі 134 бет, әр бетте бір бағана бойымен 26 жыр тармағы бар. Мәтін түпнұсқасы араб әрпінде берілген. Ал, түпнұсқаны араб әрпінде беру- шығыстану ғылымы талабынан туғаны мәлім.
Негізінен алғанда, өлеңмен өрнектелген мәтін ішінде қара сөзбен жазылған үлгі орын алуы да бар. Көлемін есептесек, әр беттің 16 жолдан аспауын көреміз. Кітап соңы: «Мұнымен «Қыз Жібек» тамам болды»,- ескертуіне қоса, Жүсіпбек қожаның мына өлеңі келтірілген:
Көп қисса баспа қылдым мұнан бұрын,
Пенденің Алла білер іште сырын.
Сауап, күнә екенін біле алмаймын
Кешіргіл күнә болса Жаббар кәрім.
Көп қисса баспа болып шықты бізден,
Назым қылып шығардым нәсір сөзден.
Молдалар, оқысаңыз әр кітабым
Әрқашан құр тастама дуаңыздан [194, 130 б.].
Сонымен қатар кітаптың 131-інші бетінен 134-нші бетіне дейін мәтін ішінде басылым кезінде кеткен жаңылыстар тізіліп көрсетілген: «Қыз Жібекті» оқымастан бұрын көзге түскен жаңылыстарын түзету керек»,- деген, кестеге түсірілген 81 сөздің дұрысы қайсы, жаңылысы қайсы, қай беттің қай жолында орналасқандығына дейін нақты ескертілген [194, 131-134 б.]. Сондай-ақ кесте ішінде әр түрлі себеппен мәтінге кірмей қалған, яғни түсіп қалған 38 сөзден тұратын үлгі үзіндісі де кірістірілген [194, 133 б.].
Демек 1920 жылдары фольклорға қатысты жарияланған түрлі жинақтар мен кітаптарды т.с.с. ғылыми талаптардың, оның ішінде мәтінді шамасынша өзгертпей басу ниетінің орындала бастағаны байқалады. Яғни шығарма мәтіні басылым көргеннен кейін де кітап соңында сол мәтінменен текстологиялық жұмыстар жүргізіп, басылымнан кеткен кемшіліктерді түзету орын алған. Ондағы мақсат: мәтінді ешбір өзгеріссіз, сол қалпында басып шығару. Сол арқылы мәтіннің ғылыми дәлдігін сақтау. Бұл шараның өз кезегінде сол мәтінмен жүргізілетін ғылыми зерттеу жұмыстары тұжырымдарының, оның нәтижелерінің т.с.с. неғұрлым дұрыс жасалуына, нақтылығына, дәлділікке т.с.с. қызмет ететіні анық.
1920 жылдарда халықтан жазылынып алынған шығармалар әр түрлі жинақтарда жарияланып, көпшілікке кеңінен тарала бастады. «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар батыр» [188] жырлары баспадан шықты. «Қозы Көрпештің» В.В. Радлов жариялаған нұсқасы қайтадан басылды. Ақын Георгий Тверитиннің әдеби өңдеуімен «Қозы Көрпеш» орыс тілінде шықты (Москва- Қызыл-Орда, 1927). Көпшілікке арналған қазақ ертегілерінің жинақтары: «Тазша» (Москва, 1926), «Өтірік өлең» (Қызылорда, 1927), «Аяз би» (Москва, 1928) жарияланды.
Осы аталған жинақтарда, халық поэзиясы жөніндегі кітаптар мен зерттеу мақалаларда, жинау жұмыстарында этнографиялық та, тарихи сипат та байқалады. Мәселен, Ә.Диваев «Шора батырды», Кенесары мен Наурызбай жайындағы тарихи жырларды бастырып шығарды. Фольклористер Қазан төңкерісіне дейін ескі мұра жөнінде айтылған ғылми құнды пікірлер арасын жақсы-жаман деп бөліп қарамады. Сондықтан да осы кездерде қазақтың халық әдебиетіне арналып шыққан жинақтар, мақалалар мен кітаптар Қазан төңкерісі қарсаңында істелген жұмыстарды көп жағдайда қайталап отырды.
Ә.Диваевтың «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының еңбектері» атты жинақта жарияланған материалдары, оның Қазан төңкерісіне дейін дайындаған жинақтарынан ешқандай айырмасы болмады [195]. А.А. Мелков та өзінің «Қырғыз этнографиясы жөніндегі материалдарында» [196] қазақ ертегілерінің Қазан төңкерісіне дейінгі басылған өзінің жинақтарын қайталаған.
Негізінен, 1920 жылдардағы ғылыми жұмыстың ең негізгі мақсаты- фольклорлық мәтінді жазып алып, жариялау ғана болған. Ғалымдардың жұмысы бұл жағынан жемісті болды. Оған дәлел: жарияланған материалдар саны қанша көп болса, баспаға әзірлеу сапасы сонша жоғары. Жариялаудың ғылыми және жалпы оқуға арналған түрлері белгіленген. Жарыққа шығарудың әр алуан амалын іздестіріп, газет, журнал және жинақтарда мақалалар арқылы «Материалдар», «Нұсқалар» деген аттармен жарияланған. «Географиялық-этнографиялық және лингвистикалық анықтамалар» сияқты түсініктер берудің түрлері мен әдістері белгіленді. Тек көркемдік түріне түсінік беру жағы жетіспей жатты.
Азамат соғысы мен шаруашылықты қалпына келтірудің ауыр жылдарының өзінде де халық ауыз әдебиетінің Қазан төңкерісіне дейінгі және Кеңес тұсындағы тәуір деген үлгілері баспа жүзінде жарияланып, Қазақстанға ғана емес, тіпті Одақ көлеміне белгілі бола бастады. Мәселен, қазақ өлеңдері мен ертегілерінің үлгілері «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының еңбектерінде» басылып шыққаннан кейін, Түркстандағы халық музейіне қойылып, жұртқа таныстырылды, ауыз әдебиеті пәні Қазақстандағы алғаш ұлттық жоғары мектеп Қазақ ағарту институтында арнаулы сабақ боп оқыла бастады. Республика баспасөзі Кеңес фольклорының тырнақалды үлгілерін жұртшылыққа таныстыруда үлкен қызмет атқарды. Газеттер мен журналдарда ақындардың жаңа өлеңдері жарияланды. Бұл өлеңдерде Қазан төңкерісі әкелген жаңа тұрмыс, жаңа өмір дәріптелді.
2.2.1 Бұқаралық және педагогикалық мақсаттағы басылымдар.
Бұқаралық сипатта жарияланған фольклор, көбінесе жалпы халыққа арналатыны белгілі. Ондағы қойылатын негізгі мақсат: жұртты оқу-білімге шақыру, жалпы ағартушылық көзқараспен қатар, фольклорды үгіт-насихат, тәрбие құралы т.б. есебінде де қолдану. Жалпы, Қазан төңкерісінен кейінгі жиналған фольклор үлгілері баспасөз беттерінде жүйелі түрде басылып отырды. Фольклор үлгілері жинақталған хрестоматиялар түрінде басылым көрді. Баспа бетінде жарияланған фольклорлық мәтіндердің: көлемі, сипаты түрліше болып келді. Оның бірінде жай мәтін беру, не мәтінмен бірге түсіндірме беру, ал енді бірінде өз ойын да ортаға салу сияқты жағдай бар.
Сондай-ақ бұқаралық сипаттағы фольклор үлгілері жергілікті газет-журналдар беттерінде жиі жарияланды. Мәселен, «Дала уалаяты газетінде» жарияланған мәтіндер фольклордың барлық жанрларын (ертегі, аңыз әңгімелер, тұрмыс-салт жырлары, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, айтыс, эпостық жырлардан үзінділер т.б.) қамтиды. Көбінесе, фольклордың ертегі мен аңыз-әңгіме жанрлары көптеп басылған. Сондай-ақ 1882-1901 жылдары басқа да басылымдар тәрізді «Дала уалаяты газеті» беттерінде саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен қатар т.б. түрлі фольклор үлгілері, фольклор жарияланымдарына қатысты 20 шақты мақала да жарық көргені белгілі. Онда фольклор бірде танымдық сипатта орын алса, бірде біртұтас ұлт болып қалыптасу үшін қажеттілік тұрғысынан, бірде шаруашылық мәселелерін (егін егу, бал арасын өсіру т.б.) дәріптеуде, бірде ғылымның пайдасы, бірде әйел теңдігі мәселесі, бірде жастарға үлгі-өнеге, насихат, тәрбие көзі ретінде, бірде адам бойындағы жат, теріс іс-әрекеттерін сынау үшін, бірде жер-су атауларының тарихнама көзі т.б. ретінде алынғаны мәлім.
Қазақ басылымдары арасында ХХ ғасыр басында «Серке» (1907), «Қазақ газеті» (1907), «Қазақстан» (1911) т.б. газеттері жарыққа шықты [197]. Бірде полиция тарапынан қысым көру, бірде газет ұжымы ішіндегі кикілжің әсері тәрізді т.б. түрлі жағдайларға байланысты «Серке» мен «Қазақ газетінің» 1-2 саны ғана шығып тоқтады. «Қазақстан» газетінің (2 тілде) 14-15 саны шығып үлгерді. Газет беттерінде ғылым пайдасы, кәсіп ету, өнер-білімді дәріптеп, орыс мәдениетінен үйрену, адамның теріс мінездерін сынау т.б. тәрізді біраз мәнді мәселелер көтерілгенімен, бір өкініштісі қазақ фольклортану ғылымына қатысты мақалалар берілмеген (шамасы басып үлгермесе керек). Сонымен қатар «Сарыарқа» (1917), «Бірлік туы» (1917) т.б. газеттерінде фольклор үлгілері кездеспейді [198]. Көбінесе мұнда қазақтың белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушы-ғалымдары: Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Дөнентаев, Б.Майлиннің т.б. өлеңдері, әңгімелері, мақалалары т.б. басылған [198, 56-58 б.].
«Алаш» (1916) газеті Ташкент қаласында аптасына бір рет шығып тұрды, отырықшылық пен ағарту мәселелерін т.б. көтерген; сот ісін жөндеу, әйел тақырыбымен қатар, мақал, жұмбақ, ертегі нұсқаларын да жариялап отырған. Мәселен, онда Баржақсин Ахметтің «3000000 (үш миллион) күң» атты мақаласы берілген [199]. Мақалада қазақ елінің жер көлемі беріледі де, соңынан әйел тақырыбына қатысты мақал-мәтелдер шоғыры келтірілген. Ал, келесі мақалада Жәдігер Жәністің жұмбақпен жазылған өлеңі бар [200].
Сондай-ақ Н.Құлжанова [201] мен Л.Н. Толстой атынан берілген (аударма) [202] ертегілер де кездеседі. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың соңы мен 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін шығып тұрған қазақ газеттері беттерінде шаруашылық, мәдениеттің басқа да салаларымен қатар фольклор үлгілеріне де назар аударылып отырғанын дәлелдейді. Жалпы, бұл тұста отаршыл ел басқарушыларының түрлі ашық та, жабық қысымдарына қарамастан, фольклор жинау, фольклортану саласында аз да болса ілгерілеу орын алған.
ХХ ғасырдың басында Троицк қаласының «Энергия» баспаханасынан қазақ тіліндегі қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» (1911-1915 ж.) шықты [203]. Бұл да басқа басылымдар тәрізді саяси, әлеуметтік, экономикалық т.б. мәселелермен қатар, көбінесе әдебиет пен мәдениеттің т.с.с. жанашыры болғаны аян. Журнал беттерінде қазақтың белгілі ақын-жазушылары, ғалымдары: А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ә. Ғалымов, С.Дөнентаев, М.Дулатов, Т.Жомартбаев, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, М.-Ж. Көпеев, Ғ.Қарашев, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, С.Сейфуллин, С.Торайғыров т.б. еңбектері жарық көрген. Онда қазақтың шаруашылық, жер-су хұқығы, сайлау төңірегіндегі, әйел теңсіздігі, соғыс әсері, елдің тарихы, оқу-ағарту, тәрбие, тіл мен әдебиет т.с.с. мәселелермен қатар қазақ фольклорына қатысты еңбектер де жарияланды. Мәселен, белгілі фольклор үлгілерін жинаушы А.Баржақсинның «Ашық хаты» берілді [204]. Онда қазақтың 1300 мақал-мәтелінің жиналып, орыс тіліне аударылғандығы, Омбы музейі арқылы кітап шығару әрекеті мен Г.Н.Потаниннің қазақ тіліндегі ертегілерді жинауы туралы құнды деректер келтірілген [205]. Демек сонау ХХ ғасыр басында да фольклор нұсқаларын жинаудың қаншалықты маңызды екендігі және оларды насихаттауда басқа тілдерге аударылу қажеттігі, сонымен қатар фольклор үлгілерінің ғылыми басылым көруі мәні баспа бетінде үнемі көтерілді. Мұның бәрі сол кездегі фольклортанушы ғалымдардың фольклорды насихаттау, әрі дәріптеу ісін т.с.с. қолға алғанын дәлелдейді. «Айқап» журналының бір санында «Азамат Алашұлы» (Міржақып Дулатов)- деген бүркеншек атпен «Хан Абылай» нұсқасы [206] жарияланды. Нұсқада XVIII ғасырда дүниеге келген, Көкшетауда қазақ еліне 48 жыл хан болған Абылай туралы аңыз-әңгімелер жинақталып берілген. Осы орайда бұл келтірілген нұсқалардың белгілі фольклортанушы ғалым М.Ж. Көпеев жазбалары, әсіресе оның «Абылайдың хан болып көтерілуі» мен «Абылай ханның түсі және қалай өлгені» туралы әңгімелерін көп ретте сөзбе-сөз қайталайтын ұқсастығына назар аудартқымыз келеді [207].
М.Дулатов бұл әңгімесінің бір бөлімінде Абылайдың 48 жыл Көкшетауда хан болғаны, 12 жасар кезінде Түркістанға келіп қызметші болып жүруі, 20 жасқа келгенде қалмақпен соғыста ерлігімен көзге түскені, кейін хан болып көтерілуі т.б. баяндалады. Ал, екінші бөлімі ханның қартайған шағында Ташкентті шаппақ болуы, түс көріп, райынан қайтуы, қайтар жолда «қорғанға» түсіп көз жұмуы т.б. қамтылады. Бұл екі материал да М.Ж. Көпеев жинағында сол қалпында берілген. Екі нұсқа, негізінен алғанда, бір қолдан шыққан, тек аздаған өзгешеліктері бар.
Мәселен, екі нұсқаның да бастамасына үңілейік. «Айқапта»: «Атағы жер жарып шыққан Абылай XVIII ғасырда дүниеге келіп...» деп басталса, М.Ж. Көпеевте ол жерлері жоқ, әңгіме бірден ханның 12 жасар күнінен, сарт Оразауықпен Түркістанға келуі, Әбілмәмбет ханға қызметші болғаны, Үйсін Төле би түйесін баққаны, Сарыарқаға барып, Атығай, Қарауыл деген елдің байы Дәулеткелдінің жылқысын баққаны т.б.- бәрі «Айқаптағы» нұсқада да дәл қайталанған, тек онда сарт жолдасы Оразаулық есімі кездеспейді [208].Одан кейін оқиғаның берілу стилі де әр нұсқада өзінше берілген. Сондай-ақ әңгіме ортасында берілген Арыстан ақынның «Кене хан, жақсы көрсең қарашыңмын»,- деген бір шумақ өлеңі «Айқапта» соңына қарай берілген. Оның есесіне М.Ж. Көпеевте соңына қарай берілген «Қылады Микражіде байлар сауда» атты өлең жолдары, керісінше, «Айқапта» материал басында орын алған. Сондай-ақ М.Ж. Көпеевте әңгіме соңында «Қымыз өзені» атауына, «Аң алмайтын жаман құс ат еңбегі...»,- деген мақал төркініне байланысты берілген түсініктемелер [208, 305 б.] т.б. М. Дулатовта кездеспейді. Мұның бәрі бірінші нұсқаның көлем жағынан кеңірек екенін, сонымен бірге әңгімені ел аузынан жинап ең алғаш қағазға түсіруші автор М.Ж. Көпеев екенін, М.Дулатов нұсқасы, не тікелей автор жазбасынан, не ел арасына қағазға түсіп тараған М.Ж. Көпеев үлгісінен алынған көшірме болуы ықтималдығын көзге ұрып тұр.
«Айқаптағы» нұсқаның екінші бөлімінде де өзгерістер баршылық. Мәселен, М.Дулатовта: «Әй, Абылай! Сені мен көргенде тұрымтайдай ұл едің»,- деген өлең жолдарымен басталып, белгісіз жыршы атынан айтылады [205, 159 б.]. Бұл жерлер М.Ж. Көпеевте жоқ, және болған күнде де «белгісіз жыршы» демей-ақ «Бұхарекең» айтыпты дер еді. Себебі, Бұхар өлеңдерін М.Ж. Көпеев жатқа білген. Екінші бір өзгеріс жері: «Айқапта» Абылай Түркістанға бір баласын қойды деген мәлімет бар да, нақты қай баласы екендігі көрсетілмейді [205, 159 б.]. Ал, М.Ж. Көпеевте ол «Сыдық сұлтан» деп беріледі [209]. Яғни, мұнда М.Ж. Көпеев жазбасы нақтылығымен көзге түседі.
Екі нұсқа арасында қаншалықты өзгерістер болғанмен ұқсас жерлері де өте көп: сюжеттің желісі, берілу реті, нақты оқиғаға қатысушылардың аты-жөндері, іс-әрекеттері, сөздері, оқиғалардың қамтылған кезеңдері, тіпті ақындар атынан берілген өлең шумақтары т.б.- бәрі бірдей.
М.Дулатовтың қазақ әдебиеті тарихында фольклор жинаушы дегеннен гөрі, жазушы ретінде танылғаны белгілі. Ал, нұсқалардың сонша ұқсас болуына жоғарыда айтылғанға қоса біз мына дерекке де көңіл бөлгіміз келеді. 1912 жылдан бастап М.Ж. Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабы зиянды деп табылып, М.Ж. Көпеев шығармаларының бұдан былай шығуына тыйым салынғандықтан, баспа бетінде М.Ж. Көпеев есімі аталмау себебі түсінікті. Мәселен, белгілі ақын С.Торайғыровтың да қазақ тілі тазалығы мәселесін көтергенде деректі М.Ж. Көпеевтен келтіре отырып, оның авторын атамауы тегін емес. Міне, осындай себептермен М.Ж. Көпеев жіберген материал әйтеуір жерде қалмасын деген ниетпен М.Дулатов атынан жариялануы да ықтимал. Олай дейтініміз: М.Ж. Көпеевтің «әулеттік мұрағатта» мынадай ескертпесі бар: «Сарыарқа» сотқа алынған соң, газет редакторлары «Мәшһүр» деген атты қалдырып, «Мұхаммед Юсуф» деп газет жіберіп тұрды [210].
Қалай болғанда да екі материалда ұқсас сөйлемдер көп кездеседі. Мәселен, М.Ж. Көпеевте: «Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына шөгіп, мойынын салып жатып алды. Бұл не қылғаны деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды, жап-жаңа жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі деп қарап едім...[209,325 б.],- делінсе, «Айқапта»: «Түсімде шатырымның алдына бір жолбарыс келіп, шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таң қалып қарап едім, әлгі жолбарыс аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп, екінші қарағанымда...»,- делінген [205,159 б.].
Берілген бірінші сөйлемнің өзінде, тек «шатырымның алдында» деген сөз тіркесінің орны ауыстырылған да, «мойнын салып» тіркесі берілмеген, т.б. сондай-сондай сәл өзгерістер бар.
Ал, бұл 1912 жылғы «Айқаптағы» мақаланы М.Ж. Көпеев көшірді дейін десек, онда сөйлемдері дәлме-дәл бірдей болу керек. Және де ақын кімнен не алса да ол жағын ескертіп отырған. Оның үстіне М.Ж. Көпеев мәтінінде фольклорлық стиль айқын. М.Дулатовта оның тігісі жатқызылып, әдеби нормаға түсірілген.
Ал, М.Дулатов пен М.Ж. Көпеевтің баласы Әмен Көпейұлы арасында достық байланыстың болғаны турасында материалдың [211] жариялануы, М.Ж. Көпеев пен М.Дулатов арасында байланыс Әмен қайтыс болғанға дейін (1921 ж.) болды ма деген ой тудырады. Егер байланыс болған жағдайда, шамамен бұл әңгімені М.Ж. Көпеевтен баласы Әмен арқылы М.Дулатовтың алуы мүмкін. Мұның бәрі екі нұсқа арасындағы әрі ұқсастықтың, әрі айырмашылықтардың себебін анықтаса керек. Яғни, фольклорлық үлгіні қағазға алдымен түсіруші М.Ж. Көпеев те, одан баласы Әмен көшіріп, ал одан М.Дулатов алуы ықтимал. Немесе журнал редакциясына М.Ж. Көпеевтің өзі жіберуі де әбден мүмкін. Мұндай төркіндестіктер баспасөз бетінде кейін шыққан материалдарда да орын алып жүр. Мәселен, «Абылай ханның түсі» туралы әңгімені Қ.Сартқожаұлы өзінің «Біз қандай халықпыз» атты мақаласында [212] пайдаланды да, материалды кімнен алғанын көрсетпейді. Ал, Ә.Әуелбектегі [213] көрші қырғыз елінің азаматы Н.Байжігітовтың «Абылай ханның түсі» атты мақаласын аударып береді (әңгіме қысқа түрде баяндалады).
«Айқап» журналы бетінде қазақ елінің шыққан тегі туралы аңыз-әңгіме де бар [214]. Сонымен қатар жұмбақтардың да біразы [215], мақал-мәтелдер шоғыры [216], ертегі де [217] т.б. басылым көрді. Мұндағы И.Крафтың «Қазақ сахарасында құлдық бытырау» мақаласында (Айқап, 1915, №1) қазақ халық ауыз әдебиеті (мақал мен мәтелді) үлгісін қазақта құлдық дәуірдің болғандығын дәлелдейтін дерек көзі ретінде пайдалану ниеті байқалады.
Демек басқа да басылымдар тәрізді «Айқап» журналы да тек сыртқы хабарлар, мұсылман тіршілігінен мысалдар, әңгімелер, кітаптар, ғылым хақында т.с.с. деректер келтірумен қатар, халықтық шығармаларды насихаттауда, дәріптеуде, әрі ел арасынан жинауда үлкен істер атқарған деуге негіз толық.
ХХ ғасырдың басында қазақ басылымдарының көшбасшысы болған «Қазақ» газетінің 1913 жылдың 2 ақпаннан бастап 1918 жылға дейін Орынбор қаласында 265 саны шыққаны, газет редакторлары қызметін белгілі ақын А.Байтұрсынов пен М.Дулатов атқарғаны т.б. мәлім [218]. «Қазақ» газеті беттерінде қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдары, ақын-жазушылары: Ж.Аймауытов, М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Дөнентаев, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Т.Жомартбаев, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, М.-Ж.Көпеев, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, С.Торайғыров, М.Тынышбаевтардың мақалалары басылым көруінен-ақ, газет беттерінде көтерілген мәселелердің қаншалық маңызды, қаншалықты қажетті және қозғаған тақырыптардың әр алуан екендігін көреміз. Газет материалдарын тақырып жағынан топтап, түйіндесек, Ресей отаршылдығы дәуіріндегі Қазақстан; Патшалық Ресейдің аграрлық саясаты; қоныс аударуға байланысты материалдар; Ресей мен шетел мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынастар; Бірінші дүниежүзілік соғыс; Ақпан төңкерісі; Қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысы; Мемлекеттік думалар; Мұсылман фракциясы; Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мәліметтері; тарих, археолгия, этнография, әдет-ғұрып, ойын-сауық; дін мәселелері, көркем шығармалар және оларға қатысты сын пікірлер; оқу-ағарту, тәрбие, денсаулық, газет-журнал шығару ісі. Біз үшін ең бастысы мәдениет және әдебиет мәселелерінің т.б. қамтылуы. Мәселен, онда қазақ фольклорына қатысты мақалалар да кездеседі. Жалпы фольклорға қатысты 8 нұсқа басылым көрсе, оның ішінде 7 нұсқасы аңыздар, оның 5 үлгісі аударма түрінде (аударған Ә.Бөкейханов) [219] , тек 2 үлгісі қазақ арасынан алынған [220]. Мәселен, мұндағы «Жалаңаш баба» атты аңызды Құрбан қажы аузынан жазып алған Торайғыр деген сілтеме бар [221]. Демек нұсқаны ауызба-ауыз тәсілі арқылы қағазға түсірген Сұлтанмахмұт Торайғыров болса, ал мәтінді жеткізуші Құрбан қажы есімі көрсетілуі- бәрі фольклорлық нұсқаның төлқұжатына қажетті дерек көздері болады. Бірақ та үлгінің қай жерде, қай кезде қай уақытта т.с.с. жазылынып алынғанына қатысты деректердің болмауы кемшіліктен гөрі, жазып алушы С.Торайғыровтың ол талапты білмеуі, яғни онда арнайы фольклортанушылық дайындықтың болмауымен түсіндірілсе керек. Дегенмен ХХ ғасыр басындағы басылым беттерінде, осындай үлгінің қай тәсіл арқылы, кімнің аузынан жазылынып алынды деген мәліметтің бірге берілуі т.б.- бәрі қазақ фольклортану ғылымында сол тұстағы халықтық нұсқаларды ғылыми жариялаудағы жетістігі, аз болса да ілгерлеуі деп бағалаған жөн.
Сондай-ақ газет бетінде ертегі нұсқасы басылған [222], оның өзі парсы тілінен аударылып берілген (аударушы Қ.Жастабанов). Сонымен қатар фольклортану ғылымына қатысты түрлі сын пікірлер де бар. Белгілі ғалым Г.Н.Потанин [223] төңірегіндегі жазылған мақалалардың дені, көбінесе ғалымның 80 жасқа толуына орайластырылып басылған. Онда Г.Н.Потанин өмірбаяны, ғылыми-этнографиялық, халық ауыз әдебиетін жинаудағы еңбектері, Қарқаралы жерінде қазақтың 27 ертегісін жазып алғаны турасында т.б. мағлұматтар берілген. Белгілі ғалым Ә.Бөкейхановтың «Қара Қыпшақ Қобыланды» атты сын мақаласы да осы «Қазақ» газетінде басылым көреді [224]. Мақалада «Қобыланды батыр» жырының тарихы, белгілі ғалым Ш.Уәлихановтың жинаған фольклор үлгілерінің Санкт-Петербургтегі географиялық қоғам архивінде сақталғандығы т.с.с. дерек көздері сараланған. Ал, келесі бір басылған мақалада [225] «Қобыланды батыр» жырының басылып шыққаны төңірегінде мәлімет берілген.
«Қазақ» газеті: өз кезіндегі патша өкіметінің бұйрық-жарлықтарын; ішкі және сыртқы хабарларды; Мемлекеттік Дума және Мемлекеттік Кеңес жұмысын; қазақтың тарихы мен тұрмыс жайын; этика, тарих, этнография, мәдениет мәселелерін; экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы; халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелерін; тазалық, денсаулық; фельетондар, жеделхаттар т.б. тәрізді рұқсат етілген мәселелерді көтерумен қатар, ара-тұра қазақ фольклортану ғылымына да қатысты ғылыми мақалаларды жариялаумен де шұғылданды. Және таралымы 3000 данаға дейін жеткендігін ескерсек, газеттің ел арасында фольклорды насихаттауда, әрі дәріптеуде, әрі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды танымдық та, ақпараттық та, тәрбиелік те қызметтер атқарғандығын көреміз.
Қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі дәуірлерде бірнеше газет-журналдар шығып, оларда мәдениетке, тіл мен әдебиетке т.б. көп назар аударылып отырды, алайда ол еңбектер сол жылдары бағаланбай қала берді. Тіл, әдебиет, тарих т.б. мәселелер төңірегіндегі зерттеушілер, негізінен, фольклорды үгіт-насихат үшін пайдаланса, бірде оларды ұлттық көзқарас үшін де т.б. қолданған.
ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейін Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында 1921 мен 1932 жылдар аралығында аптасына үш рет «Еңбекші қазақ» газеті шығып тұрды. Газет беттерінде Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік т.с.с. мәселелері көтерілді. Сондай-ақ 1920-шы- 1930 –шы жылдардағы мақалаларда қазақ фольклорын тездетіп жинау керектігі төңірегінде де сөз қозғалды. Мәселен, газет бетінде «Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар туралы» атты мақала [226] соңында Ғабділхалім Ерғалиұлы, Баймұрза Ерішұлы, Белмұхаммедалин, Қ. Жәлдемалиев, Жолдыбай, Ахметов, Мәжит Дәулетбайұлы, Ж.Жәйлібеков тәрізді азаматтар есімдерімен бірге «Мәскеудегі Күншығыс Ортақшылдар университеті студенттерінен» деген сілтемесі бар. Мақалада қазақ әдебиетінің жарық дүниеде орын алғаны жуырда ғана дей отырып, адамзат тұрмысы қалай өзгерсе, өзгеріс жасалса, әдебиет те өзгермек, өзгеріс жасамақ деген пікірлер келтірілген. Сондай-ақ: «Қазақта әдебиет шыққаннан бастап қазақтың тұрмысы, қазақтың ғұрпы өзгеріліп келе жатыр. Осы күнгі революция болғаннан бері қарай адымдаған қазақ әдебиетінің жемісті жерлерін алып, ескі шыға бастаған кезіндегі әдебиетпен салыстырып қарасақ, арасында көп айырымша бар. Ескі кезде қазақ қандай ескі, надан болса, әдебиет те сондай ескі тұрмысқа өлшеніп жазылған, шығарылған сурет (картина) сықылды. Ол кездегі қазақтың тұрмысы қандай болса, тілегі, ұстаған мақсаты не түрде болса, әдебиет те сол мақсатқа жауап есебінде, жетекші есебінде шығарылған»,- деген сол кез ерекшелігін танытатын пікірлердің де өз кезегіндегі қазақ фольклортану ғылымына әсер етпей қоймағаны да сөзсіз [227]. Және де сынды келеке, әзіл орнына ұстамай, алдымен «революция» жолымен жалшы, кедей сынға салып, содан кейін ғана жазушылар сынға салулары тиіс т.б. деген науқаншылдық мақсаттағы пікірлер де жазылды.
Келесі бір ойласу ретінде жазылған «Әдебиет туралы» мақалада (соңынан Жақан деген есімі жазылған) өз алдына жеке көңіл бөлмей келген балалар әдебиеті мәселесі көтеріледі [228]. Мақалада сол кездегі өмірге келген «социалдық» құрылыстың елдің саяси өміріне де, шаруашылығына да, әлеуметтік тұрмысына да т.с.с. жаңа мазмұн мен форма әкелгені сөз болады. Әсіресе жас буын балалар социалдық құрылысымыздың кірпішін қалаушылар, болашағы дей отырып, балалар әдебиетіне де үлкен көңіл бөлу керектігі айтылады. Бұрынғы заманда балалардың руһын Құдайға нандыру, аруаққа табындыру, құлдық қылу, ұлықты сайлау, байды құрметтеу сықылды т.с.с. тәрбие көздерінің күні көкке ұшты, шаңырағы ортаға түсті дей отырып, ендігі дәуір басқа, балаларды тапшылдық, интернационалдық, социалдық құрылысымызға қарай т.б. тәрбиелеу керектігін паш етеді.
Сол арқылы балаларды болашақ құрылысқа даярлық, тәрбие аларлық, жетекші боларлық әдебиет жасау керек деген мәселені көтереді. Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытовтың «Жаман тымақ» атты еңбегінде «орыстан езіліп едік, өз алдына ел болсақ» дегендей ұлтшылдық сарын бар деген т.б. автордың сыңаржақ пікірлері де баршылық: «Ендігі жерде балалар әдебиеті туралы менің ұсынысым мынадай:
1.Балалар әдебиеті жас балаларды социальдық құрылысымызға бейімдерлік болсын. Интернациональдық тәрбие берерлік темаларға негізделіп жазылсын.
2.Ауылдың өзгерісі, төңкеріс шаралары, коллектив, артель, завод-фабрик, өндіріс орындары, жұмысшы тұрмысы, кулак, байлардың қылықтары, кедей, батрактардың байға қарсы шабуылы сықылды темалар қысқа-қысқа жеңіл түрде балаларға танысарлықтай етіп жазылатын болсын. Әсіресе, тап тартысын елестетерліктей, балаларға ұғындырарлықтай етіп жазылсын.
3. Көбінесе, діншілдік, ескілік, қиял, ертегі, албасты, жын, шайтан, құбыжық, қыдыр, бата сықылдылардың өтірік екендігін дәлелдеген кішкене кітапшалар шығатын болсын.
4. Балаларға ескі ертегі, ескі әңгімелерді жазғанда, олар бас қатырарлық, балаларды тұманда қалдырарлық, ескілікке бағындырарлық, болмашыға сендірерлік (образ мифический) түрде жазылмасын. Әңгіме болғанда жақсылары жазылатын болсын. Ертек, ескі әңгімелерді жазғанда, аса сақтықпен жазылсын. Балаларды бір түрлі сезімге жетектерлік болмасын.
5.Қысқаша жұмбақтар, ойлап тапқыштар, бесік күйлері, тақпақтар, балалардың көңілін ашарлық қызықты әдебиеттер де молайсын.
1.Әсіресе шаруашылық, еңбек сүю, жігерлі болу сықылды тәрбиеге икемдерлік кітапшалар көбеюі керек.
2. Комсомол, пионер тұрмыстары, төңкеріс мейрамдары, партия бағытына бейімдерлік темаларға да жазылу керек.
3. Қазақстан баспасы бұл іске көңілін бөліп, оқу, ағарту орындары, педагог, жазушы, суретшілер (художник) мен пікірлесе отырып, балалар әдебиетін көркейтуге күш жұмсасын.
4. Осы күнге шығып жүрген балалар әдебиеті тым қымбат. Әрине суретті, әшекейлі болғандықтан қымбат түсетін шығар. Әйтсе де, мүмкіндігінше арзан бағалы болуына көз салынсын»,- делінген [228,3 б.]. Міне, мұндай кезең ерекшелігін дәйектеген мақалалардан сол кездің өзінде де қазақ фольклорын балалар әдебиеті үшін қажетті дерек көзі ретінде пайдаланумен қатар, Кеңес үкіметі тұсындағы тап тартысы, әдебиеттің партиялылығы т.б. тәрізді теріс идеологияларды таңу үшін, елдің ой-санасын игеруге бағытталған саяси күресте де арнайы сұрыптау, жіктеуден өткен фольклорды үгіт-насихат құралы ретінде пайдалануға тырысқандықты көреміз.
Бұл сияқты мақалаларға керісінше пікірлер де айтылып жатты. Мәселен, «Григорий Николаевич Потанин» деген мақалада [229] Ә. Бөкейханов Г.Н.Потаниннің әкесі хақында және досы Шоқан Уәлиханов жайында т.б. құнды деректер келтіреді. Сонымен қатар Г.Н.Потаниннің жазған еңбектеріне, өмірбаянына т.б. шолу жасайды: «1915 жылы Г.Н. 80 жасқа толды. Г.Н. атына бағыстап шәкірттері кітап басты. Соған қосылып қазақтың өлеңін, жырын, мақалын біздің қазақ жастары да баспақ болды. Мына «Ер Сайын» мұның басындағы Ахметтің «Г.Н.-қа тартуы» сонда басылмақ болған еді. Күншығыс баспасы баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жиған «Мың бір мақал да» Г.Н.-қа қалап басылмақ еді»,- делінген [230]. Міне, бұдан біз ХХ ғасырдың басында қазақ фольклортану ғылымында белгілі бір фольклор үлгілері жарияланғанда, арнайы бір тапсырыс көлемінде де, кейде белгілі бір мерейтойға да үйлестіріп т.б. іске асырылғандығын да байқаймыз.
Жалпы халықтың өз алдына жеке отау тігіп, егеменді ел болуды армандауы, өзінің төл мәдениетіне, тіліне, тарихына, әдебиетіне т.с.с. деген табиғи қызығушылықтың өркендеуі т.б.- бәрі де ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклорын жариялау ісін тездеткені анық.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында ғылыми-педагогикалық сипатта жарияланған фольклор үлгілері, көбінесе хрестоматия, оқу құралы т.б. үлгісінде жарық көріп, олардың алғысөзі, ғылыми түсініктемелері бірге берілетін болған. Қазақтың халық ауыз әдебиеті жеке пән ретінде мектепте оқытыла бастады. Осымен байланысты мектеп бағдарламасына сәйкес 1940 жылы С.Мұқанов пен Х.Бекхожин құрастырған халық ауыз әдебиетінің хрестоматиясы баспадан шықты. Негізінен, хрестоматия ішінде берілген фольклор үлгілерінің паспорттық деректері жоқ. 1944 жылы С.Мұқанов пен Қ.Бекхожиннің құрастыруымен «Қазақ әдебиеті» атты орта мектепке арналған хрестоматия кириллица әрпінде жарыққа шықты [231]. Хрестоматия басылуындағы мақсат оқушыларды, жалпы халық әдебиетін сүйіп оқитын оқырмандарды халықтың ерлік тарихымен таныстыра отырып, олардың бойына отансүйгіштік, елді, жерді қадірлеу тәрізді тәрбиелік мәні құнды қасиеттерді дарыту болған. Хрестоматияның алғысөзі мен мазмұны бар. Құрамында: «Аяз би», «Ер Төстік», «Құламерген» ертегілері [231, 5-57 б.]; тұрмыс-салт жырларынан [231, 58-65 б.] «жар-жар», «бет ашар», «көңіл айту», «толғау» тәрізді үлгілері; батырлар жырларынан [231, 66-147 б.] «Ер Едіге», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қарасай-Қази» т.б.; лиро-эпостық жырлардан [231, 148-206 б.] «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек»; жеке ақындардың шығармаларынан [231, 207-282 б.] Асан қайғы толғаулары, Бұхар жырау, Махамбет, Шернияз, Досқожа, Шортанбай, Мұрат, Сүйінбай т.с.с. ақындардың өлеңдері қамтылған. Алғысөзде [231, 3-4 б.] құрастырушылар С.Мұқанов, Қ.Бекхожин хрестоматияның басылудағы мәні-мақсатына; хрестоматияға енгізілген әр жанрдың тақырыптарына қысқаша ғана тоқталады. Мәселен, «Тұрмыс-салт жырлары» атты бөлімге «Мамайды жоқтау» деген жырдың қосылғанын; аңыз бойынша бұл жоқтауды батыр анасы Қараүлек екендігін, Мамайдың ерлік, отансүйгіштік бейнесін оқушыларға жақсы аңғарту қажеттігі сөз болады.
Ал, «Батырлар жыры» деген бөлімде «Ер Тарғын жыры» берілген. Сондай-ақ Мергенбай жырау жырлаған «Қобыланды батыр» жыры да бар. Батырлардың ерлік, отансүйгіштік қасиеттерін құрастырушылар Отан соғысымен байланыстырады. Демек, сол тұстағы жарияланған түрлі фольклорлық жинақтар, хрестоматиялар, кітаптардың жастар бойына еліне, жеріне т.б. деген отансүйгіштік қасиетттерді, ортақ жауға келгенде алауыздықтарды қойып, ортақтасу, бірігіп күресу т.б. тәрізді идеяларды да дарыту болғанын айту керек. Әрі бұлардың сол кездегі сыртқы жауларға қарсы үгіт-насихат құралдары қызметін атқарғанын да есте ұстау қажет.
Кітаптың «Жеке ақындардың шығармалары»- деп аталатын бөлімінде қазақ халқының XVIII-XIX ғасырдағы әлеуметтік күйін, сыртқы жауларына, отарлау саясатына т.б. қарсы күрестерін көрсететін және патша қысымына түскен қазақ елінің жай-күйін елестететін шығармалар енген. Жалпы хрестоматияға енген мәтіндердің қайдан алынғаны көрсетілмеуі т.б.- бәрі кітаптың ғылыми сипаттан гөрі педагогикалық мақсатта жарияланған басылым екенін танытады.
Ғалым А. Байтұрсынұлы фольклор саласындағы ізденіс-зерттеулері - алдымен ол жазған оқу құралдарынан көрінеді. Алғашқы ұстаздық өмірі кезіндегі ел арасынан және кітап пен қолжазбалар жүзінен жиыстырған ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерін ғалымның өзі жазған оқу құралдарына кіргізіп отырған. Мәселен, А. Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі тарихына қатысты жазған оқу құралдарында [232] дайын материал, дерек көзі есебінде келтірілген фольклор үлгілері ең алдымен жанрлық ерекшеліктері жағынан әр түрлілігімен көзге түседі: оның ішінде ең жиі қолданылғаны- мақал-мәтелдер, сонымен қатар жаңылтпаштар, жұмбақтар, шешендік сөздер, ертегілер, тұрмыс-салт жырлары үлгілері, батырлар жыры мен айтыс нұсқалары т.б. Яғни, мұндай фольклордың барлық жанрларын қамту тәрізді жинақтың академиялық түрінің өз кезінде белгілі фольклорист ғалымдар Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеевтің де жинаушылық қызметтерінде кездесуі- бәрі қазақ фольклорын қағазға түсіруде белгілі бір ортақ сарындастықтың, жинаушылық қызметтегі тәжірибе үндестігінің т.б. болғанын дәлелдейді.
Ғалымның қазақ тілі негіздерін оқытудың ұлттық үлгісін дәйектеген оқу құралдарында жиі, әрі өте көп ұсынған фольклор үлгісі- мақал-мәтелдер болып келеді. Көлем жағынан қарағанда, бір еңбекте [233] мақал мен мәтелдер саны- 10 шақты болса, екінші бірінде [234]- 15 үлгісі бар. Бұл жинақтардағы мақал-мәтелдер, көбінесе пысықтау-жаттығулар үшін қажетті дайын материал ретінде қолданылған. Мұнда белгілі бір әріп мәнін ұғындыруда, одан буын жасап сөз құрау, одан әрі сөйлем жасауға т.б. дейінгі бүкіл сөзжасам жүйесіне қатысты материалдарды, бұдан туындайтын белгілі бір теориялық ұғымдарды түсіндіру мақсатында А. Байтұрсынұлының мақал-мәтелдерді пайдалануы кездейсоқ емес. Тегінде ғалым бұл мақал-мәтелдердің өздерін еңбегіне іштей іріктеп, жіктеп, саралай отырып, балалардың ой-санасына сіңімді, таным-қабілетіне орай, жас ерекшеліктерін ескере отыра енгізген тәрізді. Ондағы мақсат: әр халықтың ұлттық ерекшеліктері, көбінесе өзінің төл мәдениеті- фольклоры арқылы көрінетінін дәлелдеу. Демек, осы фольклор үлгілері арқылы А.Байтұрсыновтың балалар бойына ана сүтімен бірге қазақ тілі құдіретін жеткізе алатын бірден-бір күш- фольклорлық, яғни халықтық мұра деп түсінгендігі байқалады.
Екінші жағынан, бұларды фольклортанушы А. Байтұрсынұлы жас балалар үшін: бірде- танымдық-ақпараттық мақсатта пайдаланса, мәселен, «Ақыл жас ұланнан, жүйрік тай құнаннан», «Ат болар тай саяққа үйір, адам болар бала қонаққа үйір» т.б. [235]. Мұндағы танымдық деп отырғанымыз, аталары көшпелі тұрмыста болған жастар үшін жылқы, түйе, т.б. малы таңсық емес, бірақ та олардың сыр-сипатына, мінез ерекшелігіне қатысты т.б. атадан- балаға мирас болған бабалар сөзі- қайткенмен сол заман үшін таным, білім көзі болғаны күмәнсыз. Екіншісі- А. Байтұрсынұлының фольклорды ағартушылық, үлгі-өнеге мақсатында қолдануы, мәселен, «Оқу-білім азығы, білім- ырыс қазығы», «Білім жұғысады, ырыс ауысады», «Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады», «Ылғи қойшы болсаңдар, құл боларсың. //Ылғи тойшы болсаңдар, қу боларсың» т.б. [236]. Міне, мұндай ғалым А. Байтұрсынұлының ізденушілігінен ағартушылық-демократтық көзқарасы да танылады. Яғни, халық болашағы- білімділікте, біліктілікте, бірлікте т.б. екенін саралаған ғалым, осы төңіректе ғасырлар бойы айтылған ел даналарының сөздерін ізерлей де, іріктей отырып, оқулық ішіне молынан енгізуі- бәрі сөз жоқ, фольклорист ғалымның тек фольклорды жинаушы ретінде ғана танылуымен қатар, оларды жариялағанда да белгілі бір талаптарға сәйкес болуын да мақсат тұтқандығын діттейді. Және де осы оқулық ішінде А. Байтұрсынұлы мақалдың бірнеше нұсқасын да келтіреді. Мәселен, «Ылғи қойшы болсаңдар…» деп басталатын мақалдың келесі бір жерде 2-ші нұсқасы да көзге ұшырасады: «Бәрің бірдей қойшы болсаңдар, құл боларсың. // Бәрің бірдей тойшы болсаңдар, қу боларсыңдар».
Жалпы әлемдік фольклортану ғылымында қалыптасқандай, нұсқаларды (яғни фольклорлық үлгіні) бір-бірімен мына ретте салыстырады.
а) мазмұнда айырмашылық бар ма?
ә) кейіпкерлер өзгерген бе?
б) олардың іс-әрекеті, сөзі өзгерген бе?
в) тілде, стильде жаңалық бар ма? (қысқартылып немесе басқа сөзбен беру т.б.).
Әдетте, салыстырулардың мұндай белгілері фольклордың оқиғалы, сюжетті т.б. үлгілеріне көбірек сай келеді. Дегенмен екі нұсқа арасында мазмұнда да, кейіпкерлерінде де (қойшы-тойшы, құл-қу), олардың іс-әрекеттерінде (болсаңдар-боларсың) т.б. өзгеріс жоқ, мақалдағы мағыналық тұтастық сақталған, өзгеріс жоқ. Тек сөз басталуындағы «ылғи» сөзі келесісінде «бәрің бірдей» деген сөз тіркесімен алмастырылған. Әйтсе де осы тәрізді мақалды жиі қолдануында да астыртын саяси мән де жоқ емес. Дағдылы көшпелі кәсіппен, яғни мал бағумен ғана шұғылдана бермей, басқа маман иелерін игеруге жастарды астыртын үгіттеу, насихаттау үлгісі де бар.
Үшіншісі, ғалым А.Байтұрсынұлының фольклорды- даналыққа баулу, тәрбиелік-эстетикалық мақсат көзі деп тануы. Мәселен, «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, құйма құлаққа айтсаң, құйып алар», «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» т.б. [237].
Халық өз өмірінде бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Осы тұрғыда көптеген фольклорлық үлгілерді, оның ішінде мақал-мәтелдерді де тудырғаны белгілі. Әдетте белгілі бір мақал-мәтелдің туу тарихы бір күндік емес, бірнеше ғасырларға созылары анық. Яғни, халық өзінің өмір бойы жиған-терген білімін, бай тәжірибесін, мәдениетін т.б.- бәрін осы фольклорлық нұсқа, мақал-мәтелдер арқылы атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған. Демек бұдан біз фольклортанушы А. Байтұрсынұлының халық поэзия үлгілерін-көненің көзі, сөз өнері, ескерткіш мұрасы деп сараптауын танимыз. Төртіншісі, фольклорист-ғалым мақал-мәтелдерді денсаулықты, оның қадірін дәріптеуге арнайды. Мәселен, «Денсаулық- зор байлық», «Ішің ауырса, аузыңды тый» т.б.[237, 78 б.]. Міне, осындай түсінік атаулыны балаға ерте жастан есіне түсіре отырып, жастайынан денсаулықты бағалауға, қастерлеуге, сақтай білуге шақыру, жеке бас тазалығына үгіттеу мен насихаттаудың- оқулық маңызын арттыра түсетіні анық.
Ғалымның келесі «Тіл- құрал» атты еңбегінде (Орынбор, 1914) қолданылған мақал-мәтелдер шоғыры белгілі бір игерілген теориялық тұжырымдарды меңгерту, таныту, есте ұстату т.б. тәрізді мақсаттарды дағдыландыру, пысықтау, ширату, сынау жаттығулары есебінде алынған. Мәселен, жеке сөз, сөйлем жасау мақсатында- 38; сөзді буынға бөлу, буынды жеке-жеке дыбыстарға бөлу ерекшеліктерін ашу үшін –28; ажыратылған дыбыстарды пысықтауда- 100; ал, жазу қағидаларын есте ұстау үшін- 130 шақты мақал-мәтелдер шоғыры (кейбіреулерінің қайталанатын тұстары да жоқ емес) келтірілген [237, 144-160 б.].
Сондай-ақ аталған еңбекте атауыш сөздерді өткенде дағдыландыру жаттығулары үшін- 127 мақал-мәтел алынса, оның: зат есімді өткенде- 40; сын есімді- 24; сан есімді- 17; есімдікті- 19; етістік бөлігінде- 27 шақтысы қамтылған. Біраз келтірілген мақал-мәтелдер бірнеше рет қайталанады: «Басқа келген бәледен бастан құлақ садаға», «Не ексең, соны орарсың», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» т.т. Міне, байқап отырсаңыз, фольклортанушы Ахмет өз еңбегінде мақал-мәтелдерді, бір жағынан дайын тілдік материал көзі ретінде қолданса, екіншіден, олардың арасынан ағартушылық, танымдық, тәрбиелік т.б. қызметтер атқаратын үлгілерін саралап қайта келтіруі т.б.- бәрі фольклорист ғалымның ағартушы-демократиялық көзқарастарынан туындайтынын дәлелдейді.
Ғалымның фольклорды дайын тілдік материал көзі ретінде қолдану себебі неде? Оқулық шыққан заманда (ХХ ғасыр басы) баспасөз қызметі енді-енді ғана қолға алынып, газет-журнал, кітап бастыру т.т. тәрізді істер қанат жая бастағанда, оқулық жазу барысында дайын көркем туындылардың мардымсыз аздығы, яғни тіл оқулығы үшін керекті тілдік материалдардың болмауы т.б.- бәрі Ахметті дайын фольклорлық нұсқаларды пайдалануға итермелесе керек. Екінші себеп, мұндай фольклорлық үлгілерді оқулық материалы есебінде қолдану дәстүрі өзіне дейінгі көршілес Ресей елінде болуы, сондай-ақ ХІХ ғасырдағы Ы.Алтынсарин оқулық-хрестоматиясында кездесуі- бәрі оқулық жазуда белгілі бір жүйеліліктің, дәстүр сабақтастығының болғандығын көрсетеді. Дегенмен, бұл оқулық атаулылар, көбінесе қазақ әдебиеті тарихына қатысты басылғандарын айтпасқа болмайды. Ал, А. Байтұрсынұлының өзіндік оқулық жазу ерекшелігі: біріншіден, қазақ тіл білімі тарихында алғашқылардың бірі болып тіл оқулығын жазуы, екіншіден, осы оқулықтарды жазуда- халықта бұрыннан бар фольклор нұсқаларына дайын тілдік материал көзі ретінде әрі назар аударып, әрі оны пайдалануы т.б.
А.Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» атты ендігі бір кітабында (Қызылорда, 1925) 300-дей мақал-мәтел бар. Сондай-ақ келтірілген мақал-мәтелдердің ішкі құрылым ерекшеліктері белгілі бір тілге қатысты атауларды өткенде ескерілетін тәрізді. Мәселен, «бұл сөйлеуде 5 сөйлем бар» деген А. Байтұрсынұлы пікірінде, сөйлемнің күрделілігіне, оның құрамы жеке дербес 5 сөйлемнен тұратындығына т.б. назар аударта отырып, аңдату мақсатында мына бір мақал келтіреді: «Жер жұтуға тоймайды; от отынға тоймайды; құлақ естуге тоймайды; кісі ойға тоймайды; бөрі қойға тоймайды»[237, 176 б.]. Демек Ахмет құрамы 5 сөйлемнен тұратын «құрмалас» сөйлемдердің өмірде қолданыста кездесетінін аңдату үшін, жоғарыдағы дайын фольклорлық үлгіні қолданған.
Ал, сөйлемдердің жеке дербес сөздерден тұратындығын ескеру, дәлелдеу үшін, ғалым еңбегіне халық тұрмысында жиі қолданылатын мақал үлгісін енгізеді: «Бір сөйлемнің ішінде бірнеше сөз болады; мәселен: «Аш бала тоқ баладай ойнамайды» деген сөйлемнің ішінде бес сөз бар: 1/ аш, 2/бала, 3/тоқ, 4/баладай, 5/ ойнамайды» [237, 176 б.]. Міне, бұдан біз ғалымның өз сөзімен айтқандай: «... «Тіл-құралмен» балаларды оқытқанда, әр ереже туралы аңдату әңгімесі болғаннан кейін, балалар әбден түсіну үшін сөйлем-сөйлем сөздерді, мақалдарды үлгіге алып, олардың ішінен ережеге келетін жерлерін балаларға таптыртып, басқалардан айырту» [237, 175 б.]-деген, өз алдына мақсат қойғанын танимыз. Сонымен бірге фольклорист-ғалым А. Байтұрсынұлының фольклорды дайын тілдік мәтін көзі ретінде қолданғанның өзінде де, оның халыққа яғни жалпыға бірдей түсініктілігін, есте жақсы сақталатын т.б. жақтарын ескеріп, талғампаздықпен ізерлегенін көреміз.
Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы фольклорды тәрбие (мазмұны), тәлім, ой дамыту (идея), өмірді таныту, білу (танымдық), тіл кестелігі (эстетикалық) мақсаттарында қолданған. Мәселен, егер де ғалым «зат есімді» мақалдар арқылы дағдыландыруды мақсат тұтса, онда тәрбие-тәлім көзі ретіндегі фольклорлық үлгі құрамындағы сөздер арасында міндетті түрде «зат есімнен» болатын сөздердің болуын қадалаған: «Ат ерінді келер, ер мұрынды келер», «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» т.б.[237, 180 б.];
- Сын есімді өткенде де солай: «Қатты жерде қақ тұрар, қайратты ерге мал тұрар», «Жаман сайға су түссе, өткел бермес кешуге» т.б. [237, 191 б.];
- Сан есімде: «Мың қосшыға бір басшы», «Екі ұрудан би болса, ел байсал таппас», «Ер қаруы- бес қару» т.б. [237, 192 б.];
- Есімдікте: «Әрі жат, бері жат демек- төсек тарлығы, сенікі, менікі демек- көңіл тарлығы», «Аттың бәрі тұлпар емес, құстың бәрі сұңқар емес» т.б. [237, 193 б.];
- Етістікте: «Құс баласы қырымға қарайды, ит баласы жырымға қарайды», «Мал көтерер өлімді, дос көтерер көңілді» т.б.[237, 193 б.];
Яғни осы тәрізді ғалым қазақ тілі құрылымында, мейлі жалғау, мейлі жұрнақ мәнін түсіндіруде болсын, мейлі шылау сөздерді өткенде де т.б. – бәрінде де ғылыми-танымдық дерек көзі ретінде фольклорды, оның ішінде мақал-мәтелдерді қолданған. Бұл да фольклортанушы А. Байтұрсынұлының оқулық жазу барысында дайын мәтін көздерін бейберекет пайдаланудан гөрі, қайта белгілі бір таным, көркемдік мақсатына сәйкес тәртіпке, жүйеге негіздегенін ізерлейді.
Келесі бір оқулығында (Тіл-құрал. Орынбор, 1915) фольклорист-ғалым мақал-мәтелдердің бар-жоғы 19-ақ нұсқасын келтірсе, екіншісінде (Тіл-құрал. Қызылорда, 1925) 200-дей үлгісі бар. Мұның ішінде дерек көзі есепті алынған мақал-мәтелдер эстетикалық мақсатта оқулық бойында сөйлем мүшелерін, сөйлем түрлерін т.б. өткенде, әрі олардың өздерін таныту, әрі бір-бірінен ажырату үшін алынған.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы фольклор үлгілерін жинамаған, бұрынғы басылымдарды пайдаланған. Кейде өзінің білетіндерін қосып отырған. Ал, автор оқулық-хрестоматия жазу барысында фольклорлық үлгілерді келтіргенде, оны қайдан алғанын көрсетпеуі- сөз жоқ, А. Байтұрсынұлының фольклорды жариялаушылық қызметінің осал тұсы. Сол заманда қазақ елі үшін оқулық мұқтаждығы А. Байтұрсынұлын тездетіп оқулық жазуына әкелуі, өз кезегінде жоғарыдағыдай кемшіліктерді тудырды. Ал, фольклортанушы Ахмет Байтұрсынұлы алғашқылардың бірі болып, қазақтың тұңғыш ұлттық оқулық жазуы, негізінен, оған дайын тілдік материал көзі есебінде ұлттық төл әдебиетті, яғни фольклорды алуы т.б.- бәрі, сөз жоқ, А.Байтұрсынұлы еңбектерінен қазақ фольклористикасының өзіндік ұлттық даму кезеңінің басталғанын танытады.
Жоғарыдағы ғылыми-педагогикалық сипаттағы еңбектерде фольклордың мақал-мәтел түрін ғалым жиі қолданғаны белгілі, сондай-ақ жаңылтпаштар да орынды пайдаланылған. Мәселен, «Оқу- құралы» (Оренбург, 1912) кітабында баланың тілін ұстарту мақсатында бір жаңылтпаш («Қосет атам ет асар, ет асатса бес асатар (үш рет шапшаң айтарға)» [237, 45 б.] берілсе, «Әліп-би» атты (Қызыл-орда, 1928) келесі бір еңбегінде жаңылтпаштың жасалу жолдарын көрсету мақсатында- 15 шақты нұсқасын келтіреді. Мысал үшін:
Назар нараз,
Нан арзан, нан арзан.
Назар нараз, нан арзан.
Назар нараз, нан арзан.
Он нан онан арзан.
Назар нанар,
Нанар Назар.
Назар азар, нар азар [237, 56 б.]
Демек: біріншіден, жаңылтпаштардың құрамы көбіне 2 бунақты, аралас буынды, аралас ұйқасты, 4-тен 10-ға дейінгі көлемді қамтитын тармақтан (мұндағы мысал 8 тармақтан тұрады) т.б. құралады. Екіншіден, тармақ құрылымы, көбінесе бала тілі келмейді деген дыбыстардан тұратын сөздерді жиі қайталаумен (мұнда «Н», «Р», «З» дыбыстары алынған) ерекшеленеді. Мұндай дыбыстар қатарында, сондай-ақ жаңылтпаштар бойынан дауысты дыбыстан қысаң «О» дыбысы алынса, ал дауыссыздар арасынан қатаң «Қ», «С», «Т» т.б. тәрізді дыбыстары бар. Оқулықтарда кездесетін бұл жаңылтпаш үлгілері себепсіз, ретсіз, кездейсоқ т.б. беріле салмаған- бәрінде де белгілі бір жүйелілік бар: біріншісі- оқулық ішіндегі жоғарыдағы дыбыстарды өткенде, сол тақырыпты жастарға аңдату, пысықтау, дағдыландыру т.б. үшін алынса; екіншісі- жастар бойында кездесетін сол дыбыстарды айту тұсындағы кемшілік атаулыларды әрі жою, әрі тілді ұстарту мақсаттары көзделген. Демек, ғалым А. Байтұрсынұлы өз еңбектерінде бұл фольклорлық үлгілерді де әрі дайын мәтін көзі, әрі жастарды тәрбиелеу ретінде т.б. алған. Сонымен қатар ғалымның қазақ тілі әдістемесіне байланысты жазған «Тіл жұмсар» (Қызыл-Орда, 1928) еңбегінде де буынға қатысты тақырыпшаны өткенде, оның түрлерін ажырату, бөлу, түсіндіру т.б. мақсаттары үшін де мысал, дәлел көзі үлгісінде жаңылтпаштың 3 мәтіні беріледі [237, 342-343 б.].
Сөйтіп, баланың тілін ұстарту үшін де, баланың даму барысын реттеу үшін де,- ал бұл педагогика, жаңылтпаштың жасалу жолдарын, ішкі құрылым ерекшелігін көрсету мақсатында да, бала тәрбиесі үшін де, белгілі бір ұғымдарды, тақырыптарды өту мақсатында аңдату, пысықтау, дағдыландыру жаттығулары үшін де т.б. – бәрінде дерлік тағы да дайын материал көзі есебінде фольклортанушы А. Байтұрсынұлы фольклорды, оның ішінде жаңылтпаштарды қолданады. Тек бір кемшілігі, жоғарыда айтылғандай, мәтін паспортының толтырылмауы бар.
Сондай-ақ жаңылтпаштардың фольклордың басқа түрлерінен бір ерекшелігі, оның айтылу кезіндегі дыбыстық жағына А. Байтұрсынұлының ерекше назар аударады. Және оны тек тілдік дыбыстарды өткенде ғана пайдалануы, оқулық жазуда дайын тілдік материал көздерін, яғни фольклордың жанрларын А. Байтұрсынұлының ат үсті қолданбай, өзіндік ерекшеліктерінің сол өтілетін тақырыптарға толықтай сәйкес келу мүмкіндігіне орай енгізуі т.б. – бәрі, сөзсіз, ғалым А. Байтұрсынұлының фольклорды зерттеушілік қызметінің фольклорды жариялау қызметімен үндес, сабақтас, сарындас т.б. болғанын дәлелдейді.
Жастар тәрбиесінде, олардың ой-санасын дамытуда т.б. жұмбақтардың маңызы ерекше екені белгілі. Ғалым фольклордың бұл жанрын да аттап өтпеген тәрізді. Мәселен, сол «Оқу құралы» (Оренбург, 1912) еңбегінде жұмбақтың- 12 үлгісін, өтірік өлеңнің 14 тармағын да келтіреді [237, 45-46 б.].
Жұмбақтардың келесі бір шоғырын- 160 шақты үлгісін ғалымның «Әліп- би» (Қызыл-Орда, 1928) оқулығында кездестіреміз. Еңбектегі қолданыстағы жұмбақтардың өзіне тән мынадай ерекшеліктері бар. Біріншісі, құрылымы әр түрлілігі- бірде өлең үлгісінде бунаққа, тармаққа, ұйқасқа т.б. құрылады. Мәселен,
Ти десем, тимейді,
Тиме десем тиеді [237, 74 б.].
Бірде дидактикалық сарындағы қара сөз түрінде: «Төлептің төрт ұлы бар. Төрт ұлына адам басына бір апа, бір қарындасы бар. Төлептің барлық баласы нешеу болғаны» т.б. [237, 77 б.]. Екіншісі, соңғы үлгіден байқағанымыздай, ғалым жұмбақ соңында, не басында «ойнаңдар! ойлаңдар!» деген тәрізді айдарлы сөзбен баланың ойын қарапайым математикалық есеп шығаруға дағдыландыру, ойлантуға т.б. лайықтап осы нұсқадағы да жұмбақ үлгілерін қолданған. Әдетте жұмбақтар адам баласының қоршаған ортасын өзіне ұқсас, лайықты құбылысқа, не затқа балауы негізінде құрылады. Ал, мұнда қарапайым арифметикалық есеп үлгісі де оқулыққа енгізілуі, жас ерекшеліктері ескерілуі т.б. – бәрі бұл оқулықтың бастауыш сынып оқушыларына арналғандығын анықтайды.
Ғалым А.Байтұрсынұлы тек мақал-мәтелдерді т.б. ғана берумен шектелмеуі, шамамен оқырманның білімге деген құштарлығын дамыту, әрі қазақ халқының халықтық шығармаларға өте бай екендігіне баса назар аударту мақсатында да оқулық бойында ара-тұра фольклордың басқа да жанр үлгілерінен дайын мысалдар келтіріп отырды. Фольклордың мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ, т.б. тәрізді үлгілерін келтіргенде, ғалым міндетті түрде сол үлгі шекесіне «мақал», «жаңылтпаш», «жұмбақ» т.б. сияқты маңдайша тақырыпшаларды жеке-жеке көрсетіп отыруды ұмытпаған. Бұдан ғалымның фольклордың ішкі жанрлық ерекшеліктерін ажырата білгенін танимыз. Және де осы ішкі ерекшеліктерді оқулық жазуда орынды пайдаланған.
Ғалым қолданған келесі бір педагогикалық сипаттағы фольклор үлгілері шешендік сөздер: «Сауат ашқыш» (Семей, 1926) оқулығында 9 үлгісі бар [237, 91-139 б.]. Жоғарыдағы оқулықтардағы ғалым А. Байтұрсынұлының фольклордың мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ түрлерін келтіргендегі бір өкініштісі: бірінші- үлгінің, жинаушылықтың қай тәсілдері арқылы (ауызба-ауыз ба, ескі кітаптар жүзінен бе, көне қолжазбалар беттерінен бе т.б.) қағаз беттеріне түскендігі көрсетілмеуі; екінші- ол үлгілерді кімдерден жазып алғаны, қалайша, қай жерде, қай мезгілде, қай жылы т.б. тәрізді дерек көздерінің толтырылмауы т.б. – бәрі де фольклорист-ғалымның сол тұстағы кемшіліктері деп те, әрі сол оқулықтың да әлсіз жағы боп қарастырылады.
Керісінше, жоғарыдағы ол олқылықтар осы оқулық бойында,- «Сауат ашқышта» (Семей, 1926) кездеспейді, яғни кітап ішіндегі көрсетілген шешендік сөздің 9 үлгісінің- барлығы нақты қайдан алынғандығы туралы жазылған паспорты бар (бірақ толық емес). Мәселен, «Торайғыр бидің тақпақтары», «Алшын Қаражігіт би», «Даукестер сөзі» (2 нұсқасы бар)- бұлар бәрі Шорман жинағынан деп көрсетіледі. Тек олар Шорманның: қай жылдары жиғандары, қай жерлерден, кімдердің айтуларынан, қандай жинау тәсілі арқылы жиыстырылғандары, олар қайда сақталғандығы, қайда жарыққа шыққандары т.б. жайында деректер көзі ескерілмей қалған. Шамамен ол заманда бұл фольклор үлгілері бәріне белгілі дәрежеде түсінікті, таныс т.б. болу себепті ескерусіз қалуы да, немесе соншалықты толыққанды мәліметтер беру қажетсіз деп табылуы да орын алған болар. Дегенмен, жоғарыдағы мұндай олқылықтардың тууының заңды 3 себебі бар тәрізді: бірі- ол кездегі фольклортану ғылымының әрі балаң, әрі өз алдына жеке ғылым саласы болып қалыптасып үлгермегендігі болса; екіншісі-ғалымдардың сол заманда белгілі мөлшерде фольклористік білім-танымының жетіспеушілігі т.б.; үшіншісі- Кеңес үкіметі тұсында мәдениеттің, әдебиеттің, ғылымның т.б. дамуы үшін кедергі болған «коммунистік идеология», «тап тартысы», «әдебиеттің партиялылығы» т.б. тәрізді сыңаржақ ұстанымдардың зиянды әсері демекпіз.
Келесі бір шешендік сөздер шоғыры ғалым-ағартушы Ы.Алтынсарыұлы кітабынан алынды десе («Атақозы би», «Мөңке би», «Жәнібек батыр»), біразы фольклортанушы ғалым Ә.Диваевтікі деп көрсетілуі де («Көсем бала», «Әділ би») т.б.- бәрі де сол кез үшін әрі қазақ фольклортану ғылымында үлкен жетістістіктің белгісін, әрі оқулықтың ғылыми сипатын танытты [237,97-106 б.]. Яғни әлемдік фольклортануда фольклор үлгілерін жинаушы, жариялаушы, зерттеуші фольклорист-ғалымдар үшін қойылатын негізгі ғылыми принцип-фольклорлық нұсқаның жазылынып алыну паспортын көрсетуін міндеттеген алғашқы ізденіс жемісі еді. Сондай-ақ осы оқулықта (Сауат ашқыш. Семей, 1926) ғалымның дайын текст түріндегі материал көзі ретінде қолданған фольклордың келесі бір жанры- ертегілердің 6 мәтіні бар: «Алдар көсе», «Қожанасыр», «Үш мерген», «Қыпшақ Сейітқұл»- бәрі Ы.Алтынсарыұлы кітабынан [ 237, 99-101, 121-122 б.]; «Құлық»-Шорман жинағынан [237, 101 б.] деп көрсетсе де, ал «Қожанасыр ақылы» атты үлгі кімнен алынғандығы анықталмаған [237, 106-107 б.].
Бұлардан басқа дайын дағдыландыру материал көзі ретінде А. Байтұрсынұлы фольклордың тұрмыс-салт жырларына жататын төрт түлік малға қатысты бір-бір шумақ; бөбекке арналған өлеңдерден де бір-бір шумақ келтіреді. Олар балалардың жасы, ойы мен психологиясына лайықты, әрі жаттау үшін, көбінесе сөйлемді ажыратуда, әр сөйлемнің ішінде неше сөз бар екенін жіктеу үшін де қолданылған (Тіл жұмсар. Қызыл-Орда, 1928) [237, 341 б.].
Фольклорға қатысты эпостық жыр үлгілерін де ғалым аттап кетпеген тәрізді. Тек олар толық емес, үзінді күйінде үзік-үзік 2-3 сөйлем үлгісінде келтірілген. Жыр үлгілерінің тармақтары арасы өзара ажыратылмай, қара сөз үлгісі бойынша бірінен соң бірі тізбектелініп берілген. Сондай-ақ үлгінің аты да, кімнен алынғаны т.б. – бәрі көрсетілмей қалған [237, 200-201 б.]. Шамасы, бәріне түсінікті деп есептеген тәрізді. Мәселен, «Сайымның ұлы Қараман// Қазанға кетіп барамын.// Қобыланды батыр дем алып,// Алдыңғы жаққа қарады.// Көз ұшынан бір адам шауып барады,- деп келеді де (мұның «Қобыланды батыр» жырынан алынған үзінді екендігі көрсетілмейді –Н.Ж.), бірден фольклордың айтыс жанры үлгісіне ұласып кетеді,- А, Жанақ, тимей отыр қытығыма!// Найманның кім жетеді ұшығына?// Жиылып тамам арғын тең келе ме?// Бір үйлі Тоқабайдай пұшығыма?»
Міне, бұл үзіндіден біз алғашқы мәтіннің қай жыр, қайдан алынғанын т.б. білмесек те, сөйлемдегі Қобыланды есімінің аталуына қарай оны «Қобыланды батыр» жыры деп таныдық. Ал, келесі нұсқаның айтыс жанрына жататынын аңғарсақ та, алғашында нақты кімдердің арасындағы айтыс екенін межелеу қиын. Себебі айтысқа түскен ақынның міндетті түрде екеуінің де аты аталуы керек десек- ондай фольклортану ғылымына қатысты ғылыми шарттың орындалмауы ғылыми дәлдікке әкелмейді. Дегенмен айтыс үзіндісінде: ақынның бірінің атының аталуы, ол-Арғын Жанақ ақын екендігі; екіншісі- шамасы аты аталмаса да Найман елінен шыққан Түбек болуы керек т.б. – бәрі айтыстың Арғын Жанақ пен Найман Түбек ақыны арасында болғанын діттейді. Сондай-ақ бұл үзіндіні- мәтіннің туу паспорты есебінде де қарастыруға болады. Ал, ондағы ру аттарының аталуын- қазақ фольклортану ғылымының өзіндік ұлттық ерекшеліктері деп тануымыз керек.
Түйіп айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының осы тіл оқулықтары таза, бүгінгі түсініктегі оқулық емес. Оның кітаптарын «Оқулық-хрестоматия» деп атау дұрыс. Бұларды жазу үстінде фольклортану ғылымына тән қызметтер атқарылды: біріншісі, фольклор үлгілерін баспа бетінде ғылыми-педагогикалық сипатта жариялаушылық еңбегі; екіншісі, әрі фольклор нұсқаларын зерттеушілік қызметі т.б. Фольклортану ғылымы тарихында фольклорды жинаушылықтың қалыптасқан дағдылы 3 түрі бар десек, яғни фольклорлық мәтінді әрі ел аузынан жинау; әрі ескі қолжазбалардан жинау, әрі көне кітаптар жүзінен жинау т.б.- бәрі де фольклорист-ғалым А. Байтұрсынұлының тіл оқулықтарында қолданыс тапқан. Мәселен, оқулықтарда келтірілген біраз ел мұралары Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев т.б. жинақтарынан алғандығы белгілі. Демек ғалым А. Байтұрсынұлы бұларды оқулыққа дайын керекті тәрбие, тәлім, ой дамыту, өмірді таныту, білу, тіл кестелігі тәрізді тілдік, мәтіндік материал көзі деп қарастырған. Жалпы ғалым фольклорды- сондай-ақ, ескерткіш, сөз өнері, ұлттық таным, информация, ең бастысы ұлттық эстетикалық тәрбие көзі т.б. деп танығаны айқын аңғарылады.
Ал, ғалымның бұл фольклор нұсқаларын қандай жинау әдістері арқылы іске асырды дегенде, фольклортану ғылымында белгілі болған әрі экспедициялық әдісті де (ел арасын аралап жинайтын), әрі тұрғылықты әдісті де (тұрғылықты орнынан жинайтын) қатар қолданған. Ал, осы қызметтерінде ғалым А. Байтұрсынұлы белгілі біреулердің көмегіне сүйенді ме, жоқ па, өзінің жеке тілшілері болды ма, жоқ па- ол жағы әзірге деректің жоқтығынан белгісіз.
Сонымен қатар өзі жазған оқулықтарға материал көзі ретінде алынған деректер тек фольклордың белгілі бір жанрымен ғана шектелмей, қайта фольклордың барлық жанрлары (тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, батырлар жыры, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, шешендік сөздер, айтыс үлгілері т.б.) қамтылған. Міне, бұдан біз ғалым А. Байтұрсынұлының тұңғыш рет оқулық жазуда академиялық әдіс арқылы жиналған фольклордың барлық жанрларын мәтін көзі ретінде қолданғанын саралаймыз.
Фольклор үлгілерін ыждаһатпен қолданған ғалым А. Байтұрсынұлының тіл тарихында да, фольклортану тарихында да т.б. оқулықтар жазуда тұңғыш рет дайын материал көзі деп фольклорды алуы, және де фольклорды қазақ халқына ең түсінікті, ұтымды үгіт-насихат құралы деп түсінуі т.б.- сол кез үшін де қазіргі заман үшін де үлкен жаңалық болды. Яғни, бұдан біз ХХ ғасыр бас кезінде халықтың өзін-өзі тануына, өзінің төл әдебиетіне, тіліне, тарихына т.б. деген табиғи сұраныстың, қажеттіліктің тууына сәйкес, ғалымның халықтың өзінің бай ұлттық өрнегін, ғасырлар бойы сақтап келген фольклор нұсқаларын ғылыми-педагогикалық сипатта оқулыққа негіз етіп алуы – бәрі де фольклорист-ғалым А. Байтұрсынұлының халық үшін керекті тарихи қажеттілікті түсінгендігін дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, халықтың өз алдына жеке отау тігіп егеменді ел болуды армандауы, өзінің төл мәдениеті мен тіліне, тарихына, әдебиетіне деген табиғи қызығушылықтың қайта өркендеуі т.б.- бәрі де оқулықтар жазуға фольклорды алудың бірден-бір себебі болғаны сөзсіз.
Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында бұқаралық сипатта жарияланған фольклорлық басылымдар, көбінесе жалпы халыққа арналды. Онда жұртты оқу-білімге шақыру тәрізді жалпы ағартушылық көзқараспен қатар, фольклорды үгіт-насихат, тәрбие құралы т.б. есебінде қолдану мақсаты да көзделді. Ал, педагогикалық сипатта жарияланған фольклор тәрбие, тәлім, ой дамыту, өмірді таныту, білу, тіл кестелігі т.б. тәрізді мақсатта қолданылды. Сондай-ақ педагогикалық сипаттағы басылымдарда фольклорды баланың даму барысын реттеу үшін де т.б. қарастыру орын алды.
Достарыңызбен бөлісу: |