Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ


Ғылыми- көпшілік және ғылыми сипаттағы жарияланымдар



бет8/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18

2.2.2 Ғылыми- көпшілік және ғылыми сипаттағы жарияланымдар.
ХХ ғасыр басындағы Ресей еліндегі саяси дағдарыстар, толқулар, соғыстар, төңкерістер, үкімет ауысулары т.б. – бәрі сол елдің отары болып есептелінген көптеген ұсақ халықтардың саяси санасын оятып, жеке дербес ел болуға деген ұмтылысын тудырғаны тарихтан белгілі. Ал, өз алдына тәуелсіз, дербес ел болу үшін көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлармен бірге әр халықтың өзіндік ұлттық идеологиясы, яғни таным, информация, тәрбие т.б. көзі болуы да шарт десек- бәрі Ахмет Байтұрсыновтың «23 жоқтауды» сол кездегі халыққа таным, ұлттық тарих, ұлттық мәдениеттің, ұлттық тәрбие көзі деп сараптағанын танытады [238]. Демек ғалым бұл жинақты әрі халықты өзін-өзіне танытудың саясат құралы ретінде де, әрі халықты ағартушылыққа бастайтын үгіт-насихат көзі т.б. деп те түсінгендігін айғақтайды. Мұндай фольклорды ғылыми-көпшілік сипатта қарапайым халықтың ақыл-ойын, мұқтаждағын таныту құралы ретінде пайдалану үлгісі белгілі орыс ғалымы А.Н.Радищевтің (1749-1802) де еңбегінде бар [239].

Ғылыми-көпшілік сипаттағы басылымдар, негізінен, фольклорды жалпы жұртшылыққа танымдық, информациялық, тәрбиелік, эстетикалық мақсатта қолдануды көздейді. Сондай-ақ қазақ фольклорын зерттеушілер үшін де маңызды ғылыми дерек көзі болады.

Ел арасынан ғалым М.Әуезов жинаған фольклор үлгілері: «Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны», «Сыбан Сабырбай ақынның Солтабай төреге айтқан сөзі», «Бұқар жыраудың Керейге айтқан сөзі», «Ай, Таңсықтың қоштасқаны», «Жаман бақсының сарыны», «Жаман сарт сарыны», «Сыбан Ақтайлақ би» т.с.с.- алдымен 1925 жылы «Таң» журналында басылым көрсе (№1,2,4) кейіннен ғалымның 1927 жылы жариялым көрген «Әдебиет тарихы» кітабына дайын дерек көзі болғаны белгілі ( Қызылорда. 1927.-Б.29-31, 39-40, 189, 191). Бұл үлгілердің қалай, кімнен қағаз бетіне түскеніне қатысты ақпарат көздерінің берілуі т.б.- бәрі де ғалым М.Әуезовтің фольклорлық мәтінді қағазға түсірудің басты шартын, үлгінің қағазға түсу паспортын толтырғанын танытса, осы арқылы әлемдік фольклортану ғылымының талабын орындауда кейінгілерге негіз қалағаны айқындалады. Демек Кеңес заманында қазақ фольклорын зерттеуге арналған арнайы мақалалар дені фольклордың әр түрлі жанрларының өзіндік ерекшеліктерін, мәдени мұраны игеру, фольклордан үйрену, фольклордың тарихын зерттеу т.б. мәселелеріне арналуы- бәрі, сөз жоқ, қазақ фольклортану ғылымы қалыптасуына үлкен әсер етті.

Ал, Мәскеуден 1926 жылы жарыққа шыққан «Жоқтау» жинағының сыртқы мұқабасындағы мына бір сөздер барлық фольклорист-ғалымдарды алаңдатқаны да, толғантқаны да белгілі: «Жинастырған, түзеткен- Байтұрсынұлы Ахмет»,- делінген [238,143 б.]. Себебі, біріншіден, қазақ фольклортану тарихында, әрі қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында т.б. тұңғыш рет қазақ халқының 400 жылдық тарихын қамтитын әйгілі 23 жоқтаудың бір жинаққа жиналып басылым көргені т.б.-сөзсіз, сол ХХ ғасыр басындағы қазақ фольклористика ғылымының жеткен жетістігін көрсетсе, әрі А. Байтұрсынұлының қазақ халқының мәдениетіне қосқан еңбегін танытады. Ал, екінші жағынан бұл келтірілген сілтемеден ғылымның барлық фольклорист-ғалымдарға қойылатын басты ортақ принципті, яғни фольклорлық мәтінді ел арасынан не ауызба-ауыз, не көне жазбалар, не ескі кітаптар жүзінен жиыстырғанда өзгертпеу, түзетуге ұшыратпау т.б. қағидасының бұзылғандығы- бәрі фольклортанушы А. Байтұрсынұлының фольклористік қызметінің осы тұстағы кемшілігі боп саналады. Дегенмен осы олқылықтардың өзіндік себептері де жоқ емес: біріншісі- сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының балаңдығы десек; екіншісі- сол кездегі (ХХ ғасыр басындағы) Ахмет Байтұрсынов тәрізді қазақ фольклортанушыларының арнайы фольклористік білімінің болмауы. Бұлар сыртқы себеп. Мәселе, А. Байтұрсынұлы фольклорға өз тұсындағы идея, түсініктерін енгізуде. Сондай-ақ кез келген ғылым саласы өзінің туу, пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдерін т.б. басынан өткерген тұста мұндай кемшіліктердің туары да, қайталатыны да заңдылық - ол уақыттың тығыздылығымен шектеулігі, әр қоғамның осындай еңбекке деген саяси-әлеуметтік сұранысының, мұқтаждығының ерекше күшеюімен байланысты. Демек халықтың өзінің төл әдебиетіне (фольклорына), тарихына, тіліне т.б. деген рухани азықтың өте-мөте жетіспеушілігі- бәрі сол ХХ ғасыр басындағы халықтың саяси-әлеуметтік, экономикалық хал-ахуалынан туады.

Құнды тарихи мәтін көзі дегенде, ғалым А. Байтұрсынұлының жоқтау жырларынан халықтың тұрмыс-тіршілігінің әр замандағы әр қырын, мәдениетін, ақыл-ойын, салт-дәстүрін т.б. зерттеу үшін қажетті деректер беруі көңіл бөлерлік. Содан да болар, ғалым қазақтың төрт жүз жылдық тарихында ең маңызды деген 23 жоқтауын бір араға жіктеп, саралап, топтастырған.

Кез келген ғылым саласында өзіндік ерекшелігін айғақтайтын жинақ шығару үшін қажетті шаралар есебінде қолдағы бар материалдарды сұрыптау, әрі саралау ісі- жинақты дайындау жолындағы әрі ауыр, әрі қара жұмысты көп қажет ететін т.б. жауапты кезең. Себебі құрастырушы қолындағы мәтіндер жанр жағынан да, тіпті көркемдік сапасы жағынан да т.б. әр түрлі болады. Сондай-ақ кейбір фольклорлық мәтіндердің жалпы көркемдік-стильдік формасы (сюжеті, тілі, образдар жүйесі т.б.) жақсы болса да, біреулерінің мазмұны (тақырыбы, идеясы т.б.) субъективті түрде нашар деп те табылуы мүмкін. Кейде кейбіреулерінің тақырыбы, идеясы неғұрлым сәтті деп табылғанда да, керісінше оның көркемдік сипаты солғын болуы да ықтимал. Әйтсе де әлемдік фольклористикада ел арасынан жиналған кез келген халық туындысы, мейлі көркемдік жағы солғын тартса да, сол арқылы керексіз көрінсе де т.б.- бәрі белгілі бір халық өмірін т.б. тануда мұндай үлгілердің қажеттігі әлемдік фольклортану ғылымында дәлелденген.

Жинақ атаулының бәрінің де көлемі әрқашан белгілі бір мөлшермен шектеулі келетіндіктен құрастырушы ең алдымен кітапқа нені енгізіп, нені қалдыратынын алдын-ала мәтінді саралай отырып шешіп алады. Алайда фольклортану ғылымы үшін барлық нұсқалардың болуы өте маңызды. Себебі неғұрлым нұсқалары көп болса, соғұрлым зерттеушілер үшін зерттеу мәселелері кеңейе түседі. Әрі ғылыми қорытындыларды неғұрлым дәл жасау мүмкіндігі туады. Сонымен қатар жинақтың шығуы, сұрыпталуы мен даярлық кезеңдеріне сыртқы саяси фактордың әсері болатыны күмәнсыз. С.Қасқабасов дұрыс айтады: «... жинақтың мазмұнына, ерекшелігіне, сөз жоқ, сол дәуірдегі тарихи жағдайлар мен фольклортану ғылымының жалпы дәрежесі, бағыты, сондай-ақ, шығарушылардың саяси-қоғамдық, ғылыми көзқарасы әсер»,- етеді [240].

Қазақтың жоқтаулары арасынан 23 үлгіні А.Байтұрсыновтың өз алдына жеке бөліп сұрыптауының, әрі жариялауының өзіндік ерекшеліктері бар: бірі, жоқтаулар ішінен ең көркемдісі дегендерін алуы- халық тәрбиесінде фольклордың атқаратын танымдық, информациялық, тәрбиелік қызметтері арасынан оның эстетикалық функциясын жоғары бағалағандығы танылады.

Жинаққа кірістірілген жоқтаулар атаулының бәрі де қазақ халқының тарихындағы әйгілі қоғам қайраткерлері: хандар, билер, батырлар т.б. есімдері төңірегіндегілерін сипаттайды. Яғни, А.Байтұрсынов фольклорды- тұлғатану, тарих көзі деп таныған. Сондай-ақ зерттеуші жоқтауды жариялауда жырдың көнелілігіне де назар аударған. Ал, халықты толғандырған қоғамдық мәселелерге тарихи тұрғыдан назар аударту да, ұлттық материал көзі ретінде фольклорды алуы да т.б.- бәрі, сөз жоқ, оның қазақ фольклортану ғылымы тарихына қосқан өзіндік өлшеусіз үлесі екені сөзсіз.

«23 жоқтауды» жарыққа шығарғандағы А. Байтұрсынұлының жинаушылық, жариялаушылық, зерттеушілік қызметтерінің тағы бір қыры, сыры, ерекшелігі- ол ғалымның халық шығармаларына әрі ақын, әрі жазушы, әрі тарихшы, әрі тілші, әрі ұстаз, әрі философ, әрі журналист, әрі газет-кітап шығарушы баспагер ретінде т.б. жалпы жан- жақты келуінде жатыр.

«Жоқтау» еңбегінің «бастырушыдан» (яғни ғалым А. Байтұрсынұлының) деген айдармен: «...Дүниеде ешбір ел өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығармайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап пісіп, дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, «тіл көсемдері» тілді безеп, жолға-жөнге салып, жүйесін айырып өстіреді. Сондықтан әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек; енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда, мұны естен шығармау керек. Ел аузындағы тіл дегенімізде, нені үлгі-өрнек етіп аламыз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді, тағы-тағы осындайларды!... Бұл «Жоқтаулардың» ішінен әзіргі заманның жас тілшілері, жазушылары талай материал табар деген үмітіміз бар. Мәнісі көбірек қазақ тарихына тиісті болса да, тілін үйрету, тексеру, тілінен пайдалану осы заман жастары үшін де керек жұмыс. Қазақтың әзіргі тілі бай, жалпақ, түсінікті, өткір, қысқа суретті болса, көп қару-жарақтың бірінің жөнделгені де»,- деген А.Байтұрсыновтың фольклорды жинаушы, жариялаушы, зерттеуші қызметтерінің бағыт-бағдарын айқындаған ғылыми ой-пікірі берілген [238, 144 б.]. Бұл жинаққа ғылыми сипат беріп тұр. Мәселен, осы бар-жоғы 10 шақты сөйлемдегі А. Байтұрсынұлының пікірінен, біріншіден, ғалымның жинақты шығарудағы басты мақсаты ағартушылық-демократтық көзқарастан туындағанын аңғартады. Екіншіден, А. Байтұрсынұлының осы өзінің қысқа кіріспесімен жинақты ғылым үшін маңызды етуді ойлаған. Үшіншіден, А. Байтұрсынұлы фольклорды тілші-ғалым есебінде қазақ тілінің құдіретін насихаттау деп түсінген. Тіпті қазақтың әдеби тілі, негізінен, ел аузындағы тілден алынуы керек дегенді жаза отырып, оның негізі фольклорда жатқанына баса назар аудартқанын, сондай-ақ ғалым А. Байтұрсынұлы фольклорды-жас тілші ғалымдар мен жазушылар үшін, олардың зерттеушілік, шығармашылық жолдарында баға жетпес материал, дерек көзі болатынына ерекше көңіл бөлгізгенін аңдауға болады.

Қазақтың 400 жыл тарихын қамтитын жоқтаулардың беташары есебінде ақын Шәңгерейдің «Құйрық атып құлия» деген жолдардан басталатын толғауы (240 жол) берілген [238, 144-145 б.]. Мәтін, негізінен, заманның бір орнында тұрмайтындығына, зымырап өте шығатынына, тұрмыс-тіршіліктің бейберекетсіз, әрекетсіз т.б. базар-той болып өтуі т.б.- бәрі өмірдің ақыр соңында күні өткен бәйтерек тәрізді желмен құлап, іріп-шіруіне әкеледі дей отырып, одан баршаның құтылмасына, маңдайға жазғанын көретіндігіне назар аудартады. Демек А. Байтұрсынұлы ақын Шәңгерейдің осы толғауын- жастарды іс-әрекетке, күреске, М.Ж.Көпеев айтқандай: «өлім бетін көрмей тұрып алдын-ала күтінуге шақырған үгіт-насихат құралы» -деп ұсынғанын көрсетеді.

«Жоқтау» жинағында келтірілген 23 жырдың әрқайсысының ғылыми түсініктемелері бар. Бұл сол кезең үшін үлкен жаңалық еді. Жоқтаулардағы тарихи тұлғалардың іс-әрекеті, олардың дәріптелуі- бәрі де фольклор бояуымен берілген. Кейіпкерлер мен мазмұны бойынша бұл жинақ сонау XVI ғасырда өмір сүрген Едіге бидің нәсілі, Ноғайлының батыры- Мамай батыр есімімен бастап, ХХ ғасырдың басындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың Торғай өңіріндегі басшыларының бірі болған, елі өзін хан сайлаған Әбдіғапар Ұзын Қыпшақ есімімен байланысты туған жоқтаумен аяқталады. Осыншама дәуір өкілдері туралы жүйелі жинақтың шығуы А. Байтұрсынұлының көп ізденгенін, еңбектенгенін т.б. танытса, әрі оның осы арқылы қазақ фольклортану тарихына қосқан өлшеусіз еңбегін айқындайды. Сонымен қатар жоқтау жырлардың тарихи қайраткерлердің өмір сүру кезеңдеріне сәйкес хронологиялық ретімен берілуі, белгілі бір есімге, мәселен, «Төлебайға» қатысты жырларды циклдік әдіс арқылы бір арнаға топталуы т.б.- бәрі ғалым А. Байтұрсынұлының фольклорды жинауда да, оны жариялауда да т.б. белгілі бір ғылыми жүйелілікке негізделген ерекшелігін саралайды.

Жинақтағы жоқтаулардың барлығында дерлік тарихи түсініктемелердің бірге берілуі т.б.- бәрі бұл жинақтың жоғары ғылыми деңгейін көрсетеді. Түсініктемелерді іштей жіктесек: біразы жоқтаудың кімге арналып шығарылғандығына байланысты; біразы оны орындаушылар төңірегінде; тіпті жоқтаудағы тарихи қайраткерлер өміріне қатысты фактілер де сөз болады; кейде ол жоқтаудың кімнің жазбасынан алынғандығына да (мәселен, В.В.Радловтан) назар аударылған. Мұның бәрі әлемдік фольклористикада халық шығармаларын жинаушылар, жариялаушылар үшін, мәтіннің қағазға жазылу паспорты есепті болады-дағы, яғни бұл А. Байтұрсынұлының фольклортанушылар алдында қойылатын бірден-бір басты талабын орындағанын көрсетеді. Мәселен, «Мамай батырға» байланысты жоқтауда, оны Мамайдың шешесі –Қараүлектің жоқтап айтқаны деуінен-ақ, мәтінді шығарған адамның атын, әрі оның жоқтау кейіпкеріне қандай қатысы бар екені білінеді. Ал: «Мамай-Едіге бидің нәсілінен, он алтыншы ғасырда өмір сүрген ноғайлының батыры»,- деген ғалым сілтемесінен [238, 150 б.] біз бұл жырдың XVI ғасырда тууы мүмкіндігін ескереміз. Жалпы мұндай тарихи түсініктемелер «Қаз дауысты Қазыбек» жоқтауында да кездеседі, онда жырды айтушы болып қызы Қамқа алынады да, жоқтау кейіпкерінің өміріне қатысты құнды тарихи мағлұматтармен толықтырылған: «Қаз дауысты Қазыбек 97 жасында өлген. Қазыбек өткен жылы Шаншар Қанай би туған. Қанай 72 жасында тоқал алған, тоқал 8 жылда үш бала тапқан. Осы үш ұлдың кенжесі Қожабай осы күні (1925 ж.) ақсақал болған Ақайұлы Қасеннің шешесі Багзе бәйбішемен құрдас екен. Бұ бәйбіше биыл, 1925-ші жылы 87-де болады екен. Қазыбек туғалы (97+80+87) 264 жыл өткен. Қазыбектің туған жылы(1925-267) 1661 жыл болады. Қазыбектің өлген жылы (1661-97) 1758-інші жыл болады.



Қарқаралының тауын айнала отырған Қарашор Түркістаннан ауып келе жатқанда, Бетпақтың даласында қарада Киік би туыпты. Ана жоғарғы Қазыбектің есебінше адам жасын салыстырып қарасақ, Қарашор 1748-інші жылы Арқаға келген болады.

Сонда Шор туғанда, «биі ауған елге хан қоям» деп, Бөкейді әкесі Барақтан сұрап әкелген екен. Бөкей сонда 14 жастағы бала екен. 1819-ші жылы 85 жасында Бөкей хан өлген. Қазыбектің елі Шаншар Қарашордан Арқаға бұрын келген. Қазыбек Едірей келсе, онда Қанжығалы Абыз-Шомақ отыр екен. Қысты күні Абыз-Шомақтан қатық ішіп, Қазыбек: «Жерің жақсы екен. Маған лайық»,- деп, Абыз-Шомақты мүйіздеп, қуып жіберген. Абыз-Шомақ тұқымы осы күні Ертістің батысында Қасқыр қала тұсында»,- дейді [238, 153-154 б.]. Тарихи тұлға Қаз дауысты Қазыбектің неше жасында дүние салғанын, балалары кімдер, олардың да балалары қандай күй кешуде, қай жылы, қай жерде туылып, қай жылы өмірден кеткеніне дейінгі т.б. тарихи деректердің мол болуы, олардың туған жылдарын айқындауда өзіндік топшылау зерттеулерінің болуы т.б.- бәрі ғалым А. Байтұрсынұлы жинағының өзіндік ерекшелігін, әрі фольклортану, әрі тұлғатану тарихында құнды мағлұмат көзі болмақ. Міне, бұдан біз А. Байтұрсынұлының жоқтауды- халықтың өткен өмірінің айнасы, көненің, тарихтың көзі деп қарастырғанын таныдық. Яғни фольклордың басқа да жанрларына қарағанда (тарихи аңыздар мен тарихи жырлардан басқа т.б.) жоқтаулар- өзінің неғұрлым нақтылығымен де, кімге бағышталып айтылғандығымен де т.б. ерекшеленеді. Жоқтауда да өлген кісіні артық мақтап, дәріптеу, идеялизациялау бар. Бірақ соған қарамастан онда шындықтан тым алшақтау жоқ.

Осы тәрізді тарихи мәні бар құнды түсініктер «Кеңгірбай би», «Алтай Тәті», «Жантай», «Шоқшолай қызының жоқтауы», «Қыздың жоқтауы», «Әбжан», «Балқын қыздың жоқтауы» тәрізді шығармаларда да баршылық. Тек бір ерекшелігі- бұл сілтемелердің авторы болып белгілі фольклорист-ғалым В.В.Радлов есімі көрсетілген [238]. Сондай-ақ «Кенесары-Наурызбай» жоқтауы Мәскеудегі қазақ бөлімі басқан «Кенесары-Наурызбай» кітабынан алынды деген де ескертуі бар [238, 160 б.]. Міне, бұдан біз, бірінші, ғалым А. Байтұрсынұлының бұл тұстағы фольклорды негізгі жинаушылық әдісі- ол дайын ескі кітаптар жүзін пайдалануы десек; екіншісі, әр жағдайда ол фольклорлық мәтіндердің кімдерден, қай кітаптан алынғандығын нақты көрсетіп отыруды ұмытпауы т.б.- бәрі фольклордың негізгі ғылыми принциптерін (ғылыми дәлділікті өзіне дейінгілердің пікірлерін саралағандығын) меңгергенін танытады. Кімнен не алса да көрсетіп отыруды, мәтіннің паспортын толық беруді т.б. ұмытпағандығын діттейді.

Сондай-ақ «Әйеке» жоқтауын –Бұдабай ақын [238, 173-179 б.]; «Есмағамбет», «Ерғазы» жоқтауларын, «Төлебай» жоқтауын [238, 164-173 б.] – бәрін Қарпық ақын; «Абдрахман» жоқтауының иесі- ақын Абай [238,192 б.]; «Ормамбетті»-ақын Нармамбет [238, 193-199 б.] шығарды деген де түсініктемелер берілген. Әйтсе де, «Байжігіт Мұрат» [238, 181-182 б.], «Ысмайыл хан» [238, 182-187 б.]; «Жолдыбай» [238, 189 б.], «Әбдіғапар» [238, 199-208 б.] жоқтауларының бәрінде дерлік белгілі есім төңірегінде өмірлік сілтемелер болса да, нақты жырды кейінгі айтушылары мен шығарушылардың есімдері көрсетілмей, не ол жыр қайдан алынғандығы туралы дерек көзі де берілмей қалған.

Аталған түсініктемелердің тағы бір өзгешелігі- белгілі бір тұлғатану төңірегінде сілтеме берілгенде, сол есімге қатысты бірнеше тарихи адамдар туралы мәліметтердің де бірге қосылуы. Екіншісі, сол тарихи есімдердің пайда болу тарихы да (мәселен, Кеңгірбай есімі Кеңгір өзеніне қатысты қойылуы), тегі де, қазақтың қай ру өкілі болып келетініне шейін т.б. ескеріліп отырған. Мәселен, «Ормамбет 1901 жылы өлген. Баласы ақын Нармамбет жоқтаған. Бұл 1919 жылы өлді. Бұлардың елі Тобықты, Балқаш көлін қыстап, Тоқырауын өрлеп көшіп, Сарыарқаны жайлайды. Ормамбет бейіті Жалаңаштың басында. Бұ Тоқырауынның бір тарауының басы»- делінген [231, 199 б.]. Бұл сілтеме Ормамбет есіміне арналған, жоқтауды шығарған баласы- ақын Нармамбет. Екеуінің де нақты өмірден кеткен кезеңдері көрсетілген, елі-Тобықты, қыстауы-Балқаш, жайлауы-Сарыарқа, Ормамбет бейіті-Жалаңаштың басындағы мекен-жайда орналасқан. Бұлар тарихи-топонимикалық сілтемеге жатады. Демек ғалым А. Байтұрсынұлы жоқтаудағы тарихи есімнің өмірде шын болғандығын дәлелдеу үшін- дәлел көзі ретінде беріп, әрі мәтінді, әрі мәтіндегі есім төңірегіне қатысты тарихи-топонимикалық атауларды да қолданған.

Қорыта келгенде, белгілі орыс ғалымы В.Н.Татищев (1686-1750) тәрізді [241], фольклортанушы ғалым А. Байтұрсынұлы да фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерін – халықтың өмірін, тыныс-тіршілігін және мәдениетін жан-жақты зерттеу үшін құнды мәтін деп қарастырған. Сондай-ақ фольклорлық нұсқалардың халық тарихын тану үшін маңыздылығын, олар бойында сақталған документальды деректердің көптігіне, сол себепті ол халықтық үлгілерді қағаз жүзіне жиыстырғанда фонетикалық дәлділікті, көшірілген мәтіннің нақтылығы, ол өз кезегінде сол мәтін тілін жинаушының жетік меңгеру қажеттілігімен байланыстылығы т.б.- бәрін ғалым А. Байтұрсынұлының мәтінді жан-жақты сараптағанын танытады. Ендеше жинақтың алғысөзі мен ғылыми түсініктемесі бірге берілуі, оның әрі ғылыми сипатын аңғартса, ал, оның жалпы халыққа арнайы жарияланым түрінде берілуі, әрі көпшілік сипатын танытары сөзсіз. Сондай-ақ фольклордың бір жанрына қатысты үлгілерді бір жинаққа топтастыруы сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының елеулі жетістігі екені сөзсіз.

«Ер Сайын» кітабының Мәскеуден 1923 жылы жеке кітап болып шыққаны белгілі [242]. Бұл еңбек те ғалым А. Байтұрсынұлының қазақ фольклортану тарихына қосқан өзіндік үлесі екені сөзсіз. Адамзаттың бір орында тұрмайтыны тәрізді, елде заманның саяси, экономикалық, әлеуметтік хал-ахуалына байланысты баспасөз қызметінің (газет, журнал, кітап бастыру т.б.) ерекше етек жаюы өз кезінде жазба әдебиетті тудырады. Ал, жазба әдебиеттің кеңінен қанат жаюы өз кезегінде ауыз әдебиетіне деген сұранысты төмендететіні, қолданыс аясын тарылтқаны күмәнсіз. Ал, сол «қаймағы» әлі бұзыла қоймаған заманда халық ауыз әдебиетін тездетіп қағазға түсіру – бәрі елін, жерін сүйетін зиялы барлық азаматтардың, оның ішінде фольклорист-ғалымдардың күн өткен сайын ең басты бір борышы есепті. Осы «Ер Сайын» жырының жеке кітап баспадан шығуының өзі- фольклортану тарихында үлкен бір құбылыс болды. Бұл кітаптың белгілі фольклортанушы ғалым Г.Н.Потанинге арналуы- жалпы қазақ мәдениетін қадірлейтін азаматтардың «Сібірдің ұлы қарты Потанин» еңбегінің мән-маңызын терең түсінгендігін, әділ жоғары бағасының берілуі дер едік. Және де осы жанрды баспадан шығару арқылы ғалым А. Байтұрсынұлының фольклорлық үлгіні – үндеу құралы есебінде, яғни жер-жерде халықтың тездетіп халық мұраларын жинауға шақырған үгіт-насихат көзі үлгісінде қолданғанын танытады.

Ғалымның бұл кітапты ғалым Г.Н.Потанинге тарту есебінде баспадан шығаруының тағы бір себептері бар десек: бірі- ұстаз есепті мойындауында жатса, екіншісі- бұл нұсқаны ел арасынан жинау, қағазға түсіру жұмыстарын т.б. Ахметтің ғалым Г.Н.Потаниннің ұстанған бағыт- бағдарына сүйену негізінде іске асырды деуге болады.

Кітаптың сыртқы мұқабасындағы мына деректер назар аударарлық. Бірі: «Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!»- деген маңдайшаның болуы бар [243, 1 б.]. Демек Кеңес үкіметі тұсында кез-келген басылым көретін еңбек осы жоғарыдағы ұранды сөзді маңдайша етуге тиіс болатын т.с.с.- бәрі кезең ерекшелігін танытады. Екіншісі: «Жазып алып өңдеген: Байтұрсынұлы»,- деген сілтеме де бар [243, 1 б.]. Міне, бұдан біз мәтінді А. Байтұрсынұлы жинаумен шектелмей, өңдегенін көрдік. Екіншіден, әлемдік фольклортану ғылымындағы мәтінді түзетпеу, өзгертпеу т.б. керектігін міндеттейтін ғылыми талаптың бұзылғандығын таныдық. Ендеше фольклорлық мәтіннің ғылыми талапқа сай басылым көрмеуі, оның ғылыми мәнділігін төмендететіні анық.

Ал, осы үлгіні белгілі ғалым В.В.Радлов жариялаған нұсқамен салыстыра қарастырған ғалымдар С.А.Қасқабасов пен А.Т.Әшенова мынадай тұжырымға келеді: «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фольклорын тек зерттеп қана қоймаған, сонымен бірге текстерін де жариялап, өз дәуірінің қоғамы үшін қажетті мақсатта жөндеп, редакциялап, сол кезеңнің талабына сәйкес өңдеп жариялағанын көреміз. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Ахаңның фольклорға деген көзқарасы да айқынырақ көрінеді. Фольклордың қоғамдық қызметінің ерекшеліктерін түсінгенде де өзіндік аспект тапқан. Сөйтіп, ол осы ғасырдың басындағы қазақ елінің рухани, мәдени талабына сай, әлеуметтік, педагогтық міндеттерге сәйкес фольклордағы көптеген ескілікті, жаттанды, сондай-ақ өте қарама-қарсы қою әдістерін біршама жұмсартып, әдеби, мәдени түрде беруге тырысқан»,- дейді [244,65 б.]. Демек А.Байтұрсынов «Ер Сайын» жырын өңдеп, редакциялап жариялауда, оның мазмұнына, поэтикасына, мәдени, әдеби сипат беруге тырысқанын көреміз.

Одан әрі нұсқа басылым көрген баспахананың аты, мекен-жайы, қай секцияға қарайтыны, жырдың тақырыптық атының аудармасы қай халық тұрмысынан жыр шертетіні, шығарманың алғысөзі мен түсініктемесін Ахмет Байтұрсынов жазғандығы, сондай-ақ «Қыр баласы» (Әлихан Бөкейханов- Н.Ж.) атынан белгілі ғалым Г.Н.Потаниннің өмірбаяны берілгені хақында т.с.с., яғни мәтіннің басылым көрген паспорттық деректері орыс тілінде келтірілген [243, 2 б.]. Сонымен қатар кітап 6000 данамен шыққандығы да ескертілген. Демек бұл жинақ ғылыми-көпшілік сипатындағы жарияланым қатарына жатары сөзсіз. Себебі жинақ құрастырушылары бұрынғы басылымдарды пайдаланып, фольклорлық текстерді өз мақсатына, көзқарасына сай етіп өңдеген. Одан әрі «Г.Н.Потанинге тарту» -деп 1915-нші жылы жазылған 6 тармақтан тұратын 5 шумақ өлеңі берілген [243, 3-4 б.].

Келесі беттен бастап «Ер Сайын» жырының мәтінінің түпнұсқасы толықтай араб әрпінде берілген. Бет реттілігі кітаптың солынан оң жағына қарай бағытталған. Кітап құрастырушы тарапынан тыныс белгілері қойылуымен қатар, жыр өлеңдері арасында да сызықшамен ажыратылған белгі баршылық. Шамасы осы белгілер арқылы құрастырушы мәтінді мағыналық жағынан өзара бөліп, ажыратқысы келген тәрізді. Мәтін, негізінен, өлеңмен жазылған. Сонымен қатар кітаптың 17-ші, 33-ші, 49-шы, 65-шы, 81-ші беттерінде, яғни әрбір 16 бет сайын, төменгі оң жақ шетінде «Ер Сайын-2», «Ер Сайын-3», «Ер Сайын-4», «Ер Сайын-5», «Ер Сайын-6» -деген таңбалар тағы орын алған. Шамасы, ондағы мақсат кітап көлемін ажырату үшін, яғни 16 бетті 1 баспа табақ деп белгілеу қолданылса керек.

Кітап соңында Қыр баласының, яғни белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың ескертпесі берілген: «Өңдеп өткерген «Ер Сайынның» жыры «Батыр Сайын» деп В.Радлов жазған жырмен бір екен. Екеуінің айырмасы мына осы «Ер Сайынның» «аяғы» деп басылған. Өзге жерлер айтушыға қарай өзгеше бола береді. Өзге жырда жырдағы кісілер ғана өлеңдетіп келеді, өзге әңгіменің бәрі қара сөзбен айтылады.



«Ер Сайын», «Қарақыпшақ Қобыланды» (Ташкентте басылған), «Манас» қана өлеңмен келеді.

Тыңдаушы жаратқан соң жыршылардың қара сөзін де өлеңге аударып жіберген ғой. «Манас» қырғыз тілінде. Мұны да «Күншығыс баспасы» басады»,- деген ескерту орын алған [243, 85 б.]. Демек, мұнда Ә.Бөкейханов тарапынан жырдың өңделгені ескертіледі, сондай-ақ мұндай нұсқа белгілі шығыстанушы ғалым В.В.Радлов жинағында да бар екендігі, оның аты «Батыр Сайын» деп аталатыны, екі нұсқаның өзара бірдей екенін ескере отырып, айтушыға қарай әр жерінде өзгешеліктер бола беретінін айту да фольклордың көп нұсқалы болатынына т.б. назар аударту белгісі деп қабылдаймыз. Сонымен қатар шығарушы нұсқалар арасындағы өзгешеліктерге де тоқталған. Яғни өлеңдетіліп берілген белгілі бір нұсқадағы кісілер бейнелері, өзгелерінде қара сөз ретінде келетіні ескертілген. Оның ішінде өлең түріндегісін тыңдаушы, яғни халық ұнатқаннан кейін барып, үлгіні насихаттаушы жыршылардың өз тарапынан қара сөзді өлеңге аударып отыру себебін де түсіндіре кетеді.

Кітаптың соңына қарай Қыр баласының, яғни ғалым Ә.Бөкейханов жазған белгілі ғалым Г.Н.Потаниннің қысқаша өмірбаяны келтірілген [243, 86-91 б.]: «Г.Н.Потанин Қызылжар оязындағы Сібірдің атты казагының баласы. Әкесі, казак-орыстың жүзбасшысы, Баян ауыл аймағындағы Сүйіндікті билеп тұрған. Сол уақытта казак-орыстың Ямышская, қазақша аты- Тұз қала (Тұз қаладан бұрын салынған Ертісте қала жоқ. Бұл жер бұрын қазақ пен жоңғардың айырбас қылатын жері екен) дейтүн қаласында 21-нші сентябрьде 1838-нші жылы Г.Н.Потанин туған.



Бала туған соң 3 ай өткенде, әкесі Қызылжар оязына көшкен. Бекетке келсе, құндақтағы бала шанадан түсіп қалыпты. «Мен туған соң 3 айда дүние кезбек болып шанадан түсіп қалып, жоғалып табылғаным, дүниені кезіп білуді сонда бастадым»,- деп, Г.Н. күлетін.

Г.Н. Омбыда Кадетский корпусында Уәлихан ұлы Шоқанмен бірге оқыған. Шоқанмен дос болған. Қырық жыл қоймай қуып жүріп, 1904-ншы жылы Шоқанның екі кітабын бастырды. Корпусты бітірген соң 1855-нші жылы казак-орыстың бастығы болып Жетісу барған, Алматыны Г.Н. салдырған. 1859-ншы жылы П.П.Семенов-Тяншанский атанған, Түркістанға барып, жер-суын оқып қайтып келе жатып, Омбыда Г.Н. мен Шоқанға жолығып сөйлеседі, екі жас офицердің өзгеше екенін сезеді.

Сендер мұнда жүріп, аяқ асты болмаңдар, Петербор барып университеттен оқу оқыңдар деп, Г.Н. мен Шоқанға ақыл береді.Екі жас Петербор барып университет түседі.

Г.Н. мұнда жүріп ботаниканы- жерге шығатын шөп, ағаш-білімі, әр жұрттың әдебиеті, тұрмысы, жер білімінің жолын әдейілеп ізденіп жақсы білген...»,-дейді, міне, бұдан мақалада ғалым Г.Н.Потаниннің фольклортанушылық өмірбаянына қатысты құнды дерек көздерінің біраз қамтылған. Сонымен қатар автор Г.Н.Потаниннің әйгілі «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» атты еңбегінде, күнбатыстың әдебиетіне негіз болған күншығыстағы ауызша айтылып жүрген ертегі, жыр, мақал, өлеңдер т.с.с. бар екенін ескертеді.

Сондай-ақ 1863 жылы Сібірды бөліп алмақ дегенге саятын айыппен Г.Н.Потаниннің абақтыға қамалғаны; көп білген, жазғандары И.Р.Г.О. беттерінде басылғаны; 1920 жылы жазды күні Томда (Томск болуы керек- Н.Ж.) дүниеден қайтқаны- бәрі де қамтылған. Мақала соңы: «...1915-нші жылы Г.Н. 80 жасқа толды. Г.Н. атына бағыштап шәкірттері кітап басты. Соған қосылып қазақтың өлеңін, жырын, мақаласын біздің қазақ жастары да баспақ болды, мына «Ер Сайын» мұның басындағы Ахметтің «Г.Н.- ға тартуы» сонда басылмақ болған ед. «Күншығыс баспасы» баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жинаған «Мың бір мақал» да Г.Н.-ға қалап басылмақ еді»,- деген түсінік беріліп, соңынан «Қыр баласы» деген ескерту жазылған [243, 91 б.]. Міне, бұдан біз ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде не жинақ, не кітап т.с.с. баспадан шығарылғанда, көбінесе белгілі бір ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылып отырғанын көреміз.

«Ер Сайын» кітабының соңында, сондай-ақ кітап ішінде кездесетін кісі, ел, жер аттарының тізім көрсеткіштері, еңбектің қай беттерінде не дерек кездесетініне дейін анықталып берілген [243, 92 б.].

Бұл анықтаманы да жазған Қыр баласы (Ә.Бөкейханов). Ал, кітап мазмұны соңғы бетте берілген [243, 93 б.]. Соңғы беттің бірінде тіпті жарнама орын алған: «Ұлттар Комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасөз кеңесінің басып шығарған қазақша кітаптары мына кісілерде сатылады...»-деп, 32 елді-мекендегі адамдардың аты-жөндері келтірілген [243, 94-95 б.]. Мәселен, Семейде-Тұрғамбайұлы Маннан; Қарқаралыда- Сапақұлы Рахымбай дей отырып, Алаш, Кереку, Омбы, Қызылжар, Орынбор, Ақтөбе, Ақбұлақ, Орда, Ташкент, Түркістан, Ақмешіт, Алматы т.с.с. елді- мекеннің тізімі мен ондағы өкілетті адамдардың есімдері көрсетілген. Демек сол кездің өзінде де кітап басу үрдісімен қатар, оны тарату, сату, насихаттау т.б. ісінің бірге жүруі- бәрі баспагерлердің заман талабына қаншалық икемделгенін танытады.

Кітапта одан әрі «Күншығыс баспасынан» шыққан 15 шақты кітаптың тізімі бар [243, 96 б.]. Мұнда фольклорға қатысты: «Мың бір мақал»- жинаушы Баржақсыұлы; «Ер Тарғын»-Марабай, өңдеген Қыр баласы; «Кенесары-Наурызбай»- Нысамбай, жазып алған Басығараұлы; «Ертегілер»- аударушы М.Жұмабайұлы; «Тазша»- жазып алған Басығараұлы т.с.с. деген құнды дерек көздері бар.

1923 жылы Мәскеуде ғылыми-көпшілік сипатта шыққан енді бір жинақ- «Мың бір мақал» [245]. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Ұлттар Комиссариаты жанындағы Күншығыс баспасы; Бүтін дүние еңбекшілері, бірігіңдер!; жинаушы- Ахмет Баржақсы баласы: «Атаңның баласы болма, // Адамның баласы бол»,- деген Абай сөзі; «Елу жылда ел өзгерер, // Жүз жылда-қазан»,- деген халық мақалы»,- деп басылған дерек көздері: бірі- мәтін шыққан баспахана атын; екіншісі- кезең ерекшелігін айғақтайтын үндеу; үшіншісі- жинаушының аты-жөнін; төртіншісі- халық даналығын дәріптейтін үлгілерді насихаттау үшін алынған дерек көздері болып табылады [245,1 б.].

Одан әрі жоғарыдағы кітаптағыдай баспа аты, орналасқан мекен-жайы, секциясы, тақырып аудармасы, үлгіні жинаушының аты-жөні және Н.Төреқұловтың алғысөзі, нұсқаның неше дана екені т.с.с. деректер- бәрі де орыс тілінде көрсетілген [245, 2 б.]. Демек мұнда да Қазан төңкерісіне дейін кітап шығаруда жүзеге асатын талаптардың: баспахана аты, мекен-жайы, тақырыбы, жинаушы немесе шығарушысы,кітап шыққан қала аты мен жылы т.с.с. тәрізді қолданымдар- бәрі де кітап бастыруда белгілі бір дәстүр сабақтастығының болғанын дәлелдейді.

Сондай-ақ ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде ғылыми-көпшілік сипаттағы фольклор үлгілерін жариялауда Кеңес үкіметі тұсында көптеген қолдан жасалған қиындық атаулының туу себебін ашуға тырысқан белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлының алғысөзін толық беруді жөн көрдік: «Мың бір мақал» кітабын көргенде, кейбіреулер: бұны не үшін басып шығарған? Қазіргі күнде ескі мақалдардың керегі қанша еді?-деп, Күншығыс баспасөз кеңсесіне кінә қоюы мүмкін.



Жаңа бұл кітаптың қанша пайдасы барлығын кейбіреулер, бәлки аңғара алмаса да. Сондықтан басқандағы мақсатымыз қайсы? Сөз алдында соны қысқаша түсіндіруді керек таптық.

«Ер қазынасы- ескі сөз, ел қазынасы- ескі сөз, тіл қазынасы- ескі сөз» деген бұрынғылардан қалған мақал. Бұл мақал әншейін әлде қалай айтыла салған мақал емес, өмір жүзінде ел аузындағы ескі сөздер: мақал, тақпақ, өлең, жыр секілділердің өте керектігі ащщы тәжірибелермен анықталғандықтан айтылған. Оның ішінде, әсіресе тұрмыс тәжірибесінің қорытындысы мақалдар өтеме-өте керек. Себебі, мақалда айтушы елдің басынан кешірген уақиғалары, тұрмысы, мінезі, әдет- ғұрпы һәм айналасындағы өмірге көзқарасы тегіс суреттеледі. Мысалы: Ай дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ; ... Құдайым, ханды алмағай, ханды алып қара қазақ сандалмағай; ... Ханға ерген, ерін құшақтар; Патша залым болса жұрт тозады, патша ғалым болса жұрт озады; ... Ексең егін, ішерсің тегін,- деген мақалдар қазақ халқының әр дәуірдегі тұрмысын һәм өмірге көзқарасын айнадан көрсеткендей ашық көрсететін терең мағыналы мақалдар емес пе? Қазақтың кең қоныста «Ай дерлік әжесіз, қой дерлік қожасыз» еркін көшіп ен жайылған, барлық керегі алдындағы малынан табылған шағынан бермен қарай талай дәуірлерді басынан кешіріп, тұрмыс талқысы, заман өзгерісіне түсіп өзгергенін һәм ақырында «Ексең егін, ішерсің тегін» деген ұғымға келгенін көрсетпей ме? «Ескі сөз»- мақал «ер, ел, әдебиет қазынасы» екендігі осыдан көрінбей ме? Ешкімде «көрінбейді» дей алмас. Өйткені мақал тұрмыс айнасы. Тұрмысты тануымыз үшін осы айнаға қарауымыз керек. Сондықтан «Мың бір мақал» қазақ-қырғыз жұртының тұрмысын тану, қырдағы елдің ішкі сырына жету жолында көп көмегі тиетін өте пайдал кітап.

Дені, бұл кітапта қазақ-қырғыз мақалы түгел жиналған деуге болмайды. Ел ішіндегі мақалдар түгел жиналса, бір мың ғана емес, әлденеше мыңға кетер. Бірақ, ол мақалдар бұл күнге шейін жиналып, басылып дүниеге шыққан жоқ. Әркімнің аузында, әр кітапта бытырап жүр. Оларды жинап бастыру Түркістан, Қазақстан һәм Күншығыс баспасөз кеңесінің реттегі ісі болуға тиіс. Міне, соның үшін, «Мың бір мақал» кітабы бірінші адым. Бұл кітапта: «Тәңірі, патша, хан, адам, жақсы-жаман, достық-қастық, жалғыздық, көптік, байлық, жарлық, сараңдық, ұрлық, өтірік, билік, құдалық, той, кәде, қатын, бала, тәрбие, заман, сауда, еңбек» һәм тағы басқа нәрселер туралы қазақ, қырғыздың көзқарасы қандай? Солар көрсетілген. Бұларды біліп тұрмысты тану үшін әрбір әлеумет қызметіндегі азаматтарға, мектептердегі, Совет партия школдеріндегі жастарға «Мың бір мақал» кітабы іздесе табылғысыз. Бұл бір.

Екінші, «Мың бір мақалдың» керектігі тіл үшін. Адамның ойын жарыққа шығаратын күшті құралы тіл. Қазақ, қырғыз еңбекшілерінің ойы өсіп, санасы ұлғаюы үшін, түсінікті, жатық, таза тілі болуы керек. Түсініксіз, топас, дөкір тілмен қазақ, қырғыз еңбекшілерін тәрбиелеуге һәм олардың арасына Маркс әдебиетін таратуға болмайды. Жуырда жазып шығарған «Тұрмыс мәселелері» деген кітапшасында Троцкий жолдас тіл туралы былай деген: «Жұмыскер табы барлық жаратылыста, барлық өмірді негізінен тексеріп, жаңадан ойлай бастады: Бұл ойды жарыққа шығару үшін түсінікті, таза, өткір тіл керек».

Бізде осылай дейміз. Қазақ, қырғыз еңбекшілері өзгеріс сергелдеңіне жаңа-жаңа есін жиып, тұрмысын түзеу, әдебиетін гүлдендіру туралы ойға кіре бастады. Енді «жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегендей, таза әдемі тіл керек. Тілдің негізгі жұрнағы ел аузындағы ескі сөз, мақалдар. «Мың бір мақал» кітабының екінші керектігі осы. Не қылғанмен бұл кітап пайдасыз болмас деп ойлаймыз» [245, 1-4 б.],- дейді.

Міне, мұнда Кеңес үкіметі тұсында жаңа заман талабына сай жаңа қоғам, өзгеше саясат, соны әлеуметтік мәселелерді т.б. шешумен қатар, тың мәдениет, жаңа әдебиет т.с.с. негізін қалау үшін де фольклорды пайдалану мақсаты көзделген. Сөз басында заманға бейімделген ыңғай байқатса да, автор ел мұрасына жаны ашып, оны ақтап алу талабын да байқатады. Мәселен, халықтың ғасырлар бойғы жиған, білген даналығы, өмірге көзқарасы, тәжірибесі т.б. заманына қарай халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, шаруашылығына т.б. түрлі өзгерістерге ұшырайтынын да автордың мысалдар келтіре отырып дәлелдеуге тырысуы- бәрі сол кездегі фольклортану үшін аса бағалы ұмтылыс еді. Сөйтіп мақалдардың қоғамдағы қолданбалы, практикалық қызметтеріне де көңіл бөлінген. Осы арқылы халықтың тұрмысын тану, елдің ішкі сырына жету т.б. жолында да мақалдардың көп көмегі тиетіні ескертілген.

Сонымен қатар кітапта қазақтың бүкіл мақалының бір бөлегі ғана қамтылған дей отырып, келтірілген мысалдардың тақырыптық сан алуандығына назар аудартқан. Сондай-ақ тілдің таза, түсінікті, жатық т.с.с. болуы үшін де кітаптағы мақалдардың дерек көзі бола алатыны да ескертілген. Ендеше «Мың бір мақал» жинағының ғылым үшін маңыздылығы: біріншіден, халықтың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын т.б. тану құралы болса; екіншіден, тіл тазалығы үшін күресте үгіт-насихат құралы қызметін де қоса атқарғандығы. Үшіншіден, ең бастысы, жинақтың ғылыми сипатында. Мысалы, Нәзір мақалды жеке жанр деп қарай отырып, оны іштей жіктеген, классификациялаған. Ең басты шарты- тақырып бойынша жіктеуі. Мәселен, жинақтың: 1-бөлімінде (Тәңірі, патша, хан, молла) 41 мақал [245, 7-9 б.], 2-бөлімінде - адам, ер, жақсы, жаман турасында 180 мақал [245, 9-18 б.], 3-бөлімінде -құлдар, ит, сөз, өтірік сөз, ұят, шыдамдылық, ашу мен ақыл турасында 117 мақал [245, 18-24 б.], 4-бөлімінде- достық, жау, жалғыздық, көптік, аздық, бірлік турасында 76 мақал [245, 24-28 б.], 5-бөлімінде- құдалық, кәде, той, сый турасында 63 мақал [245, 28-31 б.], 6-бөлімінде қатын, бала, ұл, қыз, тәрбие, ата, еркек, әйел,ағайын, ел турасында 153 мақал [245, 31-39 б.], 7-бөлімінде -мал, жылқы, қой, ешкі, түйе, сиыр, байлық, жарлы турасында 163 мақал [245, 39-47 б.], 8-бөлімінде- еңбек, заман, жас турасында 43 мақал [245, 47-49 б.], 9-бөлімінде- ұрлық, би, билік, тергеу турасында 88 мақал [245, 49-53 б.], 10-бөлімінде- жолаушылық, қонақ һәм қонақасы, ас, ауру, бақсы, өлім турасында 68 қазақ мақалдары [245, 53-56 б.] – бәрі түрлі-түрлі тақырыптарға бөлініп орналасқан.

1923 жылы тағы бір жыр жеке кітап болып шықты. Ол Мәскеу қаласындағы «Күншығыс» баспасынан ғылыми-көпшілік сипатта «Ер Тарғын» жыры [246]. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер! Марабай. Түзетіп бастырған: Қыр баласы(яғни Ә.Бөкейханов- Н.Ж.). Ұлттар Комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы. Мәскеу. 1923 жыл»,- дерегі бар [246,1 б.]. Бұл жинақ арнайы басылым қатарына жатады. Мұнда да жинақ құрастырушы Ә.Бөкейханов өз мақсатына, көзқарасына сай етіп, мәтінді өңдеген. Мұнда да кітаптың ішкі бетінде баспа аты, орналасқан мекен-жайы, секциясы, кітап аты, жырды айтушы мен түсініктеме беріп жариялаушылардың аты- жөндері т.с.с.-бәрі орыс тілінде берілген [246,2 б.].



Мәтіннің кімнен жазылынып алынғанына қатысты дерек көзі келтіруінің мәнін атап өте отырып, үлгінің түзетілуге ұшырау кемшілігін де ескерткіміз келеді. Шығармада қара сөзбен басталып, одан әрі өлең мәтінін аралас өру орын алған. Шамасы бастырушыдан болар, мәтін іштей 14 мағыналық бөлікке ажыратылған. Мұндағы 14-ші бөлік жыр нұсқасы емес, жырға берген Қыр баласының (Ә.Бөкейхановтың) түсініктемесі [246, 62-66 б.]. Мұны толық беруді жөн көрдік: «Ер Тарғын» Қарақыпшақ Қобыланды, Ер Сайын, Манас қатарлы қазақ-қырғыз жырының бірі. Бұл жырды В.В.Радлов жазып алған. Мен қара сөзбен жазғанын қысқартып, өлеңмен жазған жерлерін өңдедім. Ер Тарғынның барған елі қырық сан Қырым, төбелескені Торғауыт пен Қалмақ. Қырымның елінде жүріп Ер Тарғын Торғауытты алады, Ноғайлының елінде жүріп қалмақты шабады, қырады.

1438-нші жыл Қырым Алтын Ордадан бөлініп өз алдына ханлық болған. Қырымның бірінші ханы хажы Гирей (1457-1466) хан болды. 1783-нші жылы Қырымды орыс алып, ханлық жоғалды. 1437-1783 жылдардың арасында Қырымда 35 хан болған. Бұлардың ішінде Ер Тарғын қашып барған Ақша-хан жоқ. Қырым Алтын Орданың қысымы болып тұрғанда Ноғай Алтын Ордадан барып Қырымды билеген. Ноғай, Мамай, Едіге, Жұбан тарихы белгіленген Алтын Орданың билері. Ноғай өзі Алтын Орданың ханы Толыбұғы ханды өлтірген. Тоқта хан Ноғайды өлтірген. Алтын Ордамен алысып Ноғайдың аты шыққан. Ноғайлы деген ел осы Ноғайдың елі. Ноғайлы елінің жайы Дон, Құбан, Еділ-Жайық: осы өзендердің аяғында атысып, шабысып көшіп жүрген. Еділдің аяғында тұратын, осы күні тұрған Қалмақ пен Ноғайлы елі еріксіз көрші болған. Ақша ханға еріп жүріп Ер Тарғын алған Торғауыт Қалмақ болады. «Ақтабан шұбырынды- Алқа көл сұлама» деген қырғыннан кейін, Абылай ханның заманында Торғауыт Алашты қақ жарып Еділдің аяғынан күншығысқа өз жеріне жоңғарға қайтқан. Жолда босып бара жатқан Қалмақты, Торғауытты қазақ шауып, талап, қырып отырған. Жайықтан Ертіске дейін шашылып жатқан «Қалмақ қырған», «Шүршіт қырған» деген таулар сонда майдан болған жерлер.

Шаған өзені Теке (Орал қаласы) тұрған жерді Жайық құяды. Шағанның басы Орал тауының Еділге қарай шөгіп бел болып бытыраған, «Сырт» деген, етегінен шығады. Сырттың сайында, төбесінің бетінде қора-қора емен ағаш осы күнде де бар. Ер Тарғын басына шығып қарауыл қараған емен осы Сырттың емені. Біздің Бөкейлікте Тарғын қысымы деген аймақ бар. Бұлардың жерінде Үш-Тарғын деген жерлер бар. Бұл жерлер Сырттан келген далалар. Самар мен Бөкейлік губернияларының шегі Тарғын деген өзен. Бұл өзенді орыс «Торғын», қазақ «Тарғын» дейді. Тарғынның өзенінің күнбатысында Жанарыстан өзені, орысы «Руслан» дейді Еділ құяды. Астрахан темір жолының бойындағы (Красинжи кут) осы Жанарыстан бойында болады.

Тарғын өзенінің сол жағында Сауенке деген мұжық қаласынан бір шақырым жерде далада үлкен жер оба бар. Осы жерді жайлап жүрген қазақ мұны Тарғынның обасы дейді. Ер Тарғын «Жанарыстан, Үш Тарғын деген тауға барып жайылады. Осы жерді Мысыр етті» дейді жыр.

Бұлай болғанда Тарғынның Мысыр еткен жері біздің Бөкейлік. Не «Ер Тарғынның» жырын шығарған ақын Бөкейліктен. Тарғын сияқтыны өзі алып қоятын біздің жыршылардың әдеті; «Қозы Көрпеш-Баянды» Лепсі оязында Найман өзінікі қылып алып қойған. Найман жырлап жүрген «Қозы Көрпеш-Баяндағы» жерлер, өзендер – бәрі Найманның жайы, жерлері.

Жыр Ер Тарғынды қырғыз дейді. Ер Тарғын Ноғайлының елін, ханын қорқытқанда Қырымда қырық құрдасым бар деп, келеді.

Ер Тарғынның қырғыздығы жырдағы «Аршын», «Сағат» сияқты жұқпа бос сөз.

Қара Тоқа Мұрат ақын Еділ, Жайықты Ноғайлының жері деп жырлап келіп: «Күліктің ұлы Қартқожақ. Естерек ұлы Тарғынның тарыққанда ақыл сұраған жер»,- дейді.

Ер Тарғын Қырымда болсын, Еділ-Жайықта болсын, Ноғайлы елінің тумасы, өнер қылған елі Ноғайлы, жүрген жері: Қырым, Еділ, Жайық.

Алтынбел ханның ханымы қыз тапты: қызды көріп күн тұтылды, қызға түсіп ай тұтылды. Қызға қарап ханым талып қалды.

Хан естіп, адамға көрсетпей жер астына сақтап, асыраңдар деп, жарлық қылды. Ханым бір кемпірді алғызып, асыра деп қызды берді. Кемпір қызды алып, темір, қараңғы үйге апарып асырады.

Қыз бой жетті, бір күні қыз кемпірден сен қайда барасың, күнде кетесің, қайтасың деп, сұрады.

«Дүние бар, сенің әке-шешең бар, мен соларға барып, қайтам» деп кемпір жауап берді.

Қыз жалынып кемпірден тіледі: маған дүниені көрсет, мен ешкімге айтпайын деді.

Қыз далаға шығып еді, қызға Тәңірдің көзі түсті. Қыз талып қалды: екіқабат болды. Қыз күні жеткен сайын жуандай бастады. Мұны кемпір көрді. Кемпір састы; ханымға барып айтады: қыз ер көрмей, Тәңірдің нұры түсіп екіқабат болды,- деді. Ханым ханға барып, айтып еді, хан қызды өлтіріп таста деп жарлық қылды. Хан өз қызын өзі өлтірді деген, жаман ат болады, -деді ханым. Олай болса, не қылсаң со қыл, бірақ менің үйімнен қыздың көзін жоғалт, - деді хан.

Ханым қызын өлтіре алмады: қызды алтын сандыққа салып, қақпағын жауып, кілтті сандыққа салып, суға салып қоя берді.

Домдағұл соқыр мен Тоқтағұл мерген аңда жүріп, теңізде жүзіп келе жатқан алтын сандықты көреді. Екеуі олжаны бөлді: Домдағұл сыртын, Тоқтағұл ішін алмақ болды.

Садақтың оғына жібек ши-жем тағып Тоқтағұл атып еді: оқ алтын сандыққа барып қадалды. Ши-жеммен сандықты судың жағасына тартып алып, ашып еді: ішінен айдай сұлу қыз шықты, ерлер көріп талып қалды. Қызды Тоқтағұл мерген алды. Қыздан Шыңғыс туды.

Бұл біздің қазақтың ертегісі. Мұны қазақ Буряттан алса керек,- дейді Г.Н.Потанин.

Ер Тарғынмен жекпе-жекке шыққан қалмақ Домбауылдан монғол Домдағұлдың иісі шығып тұр.

Шоқан Домбауыл деген қалмақтың ханы дейді. Ноғайлының ханы Тарғынға қосып берген үш батырдың біреуі -Қарасай ұлы Көбен.

Шоқанда Орақ ұлы Қарасай бұл Қарасай да да, Домбауыл сияқты ертегіден көшкен, «Орақ батырдың» жырынан «Ер Тарғын» жырына көшкен-ау, деймін. Қыр баласы. 15. 05. 23. М» [246, 62-66 б.].

Міне, мұндағы ғылыми түсініктеменің берілуі жинақтың ғылыми сипатын танытса, сондай-ақ мәтіннің Ә:Бөкейханов тарапынан түрлі қысқарту мен өңдеуге түскендігін көрсетеді. Ал, бұл әлемдік фольклортану ғылымында мәтінді өзгертпеу шартының бұзылуына әкелді Демек бұл олардың арнайы фольклортанушылық білімі болмағандығымен және дәуір талабын өзінше ұғынуымен т.с.с. түсіндіріледі.

Жырды, яғни фольклорды көркем шындық ретінде бағалау ғалым Ә.Бөкейханов тарапынан орын алған. Жырдағы түрлі тарихи оқиғаларды, бейнелерді, тіпті кездесетін жер-су аттарын т.с.с. түсіндіру мақсатында ғалым көптеген тарихи деректерді сараптаған. Бірақ келтірілген тарихи деректердің қайдан алынғаны көрсетілмейді. Сондай-ақ түсініктеме ішінде ғалым ертегі жанры мен эпос жанры арасында, немесе бір жыр мен екінші бір жыр ішіндегі кездесетін батырлар есімдері арасыннда ұқсастық пен төркіндестіктің тууы себебінің- олардың өзара кейіпкерлерінің алмасуынан туу мүмкіндігін алға тартады. Демек бұдан ғалым Ә.Бөкейханұлы тарихи шындық пен көркем шындықты бір-бірінен ажырата білгендігі дәйектеледі.

Сонымен қатар бұл кітаптың да әр 16 бетінен кейін «Ер Тарғын»-2,3,4,5 деген белгілер қойылған. Кітап соңына қарай өз алдына бет көрсеткіштері бар мазмұны [246,67 б.] да; «Ер Тарғын» жырындағы кездесетін ел, ер, жер, су, қала, ат аттарының тізімі де берілген [246, 67-70 б.]. Кітап соңы баспаханада сатылатын кітап аттары мен оларды қай елді-мекеннен, кімдерден сатып алуға болатынын айғақтайтын жарнамамен аяқталған [246, 71-73 б.].

Түйіп айтқанда, Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес үкіметі тұсында фольклорды жариялағанда: біріншіден, кітаптың атын, шыққан жерін, қаласын, жылын, баспахана мекен-жайын, жинаушы мен бастырушы есімдерін т.с.с. екі тілде, яғни қазақша-орыс тілдерінде берумен қатар, ара-тұра олардың кімнен жазылып алынғандығы да ескертілген. Екіншіден, кітаптың алғысөзі міндетті түрде сол кездегі саяси- қоғам қайраткерлерінің сөзімен бірге басылуы да кітап мазмұнына өз ықпалын тигізіп отырған. Үшіншіден, кітап соңы міндетті түрде ғылыми түсініктемемен, әрі жарнамамен бірге т.с.с. аяқталуы да әрі ғылыми-көпшілік сипатта жарияланған фольклор үлгілерінің арнайы басылым түрі болумен қатар, әрі кезең талабына бейімделушілікті танытады.

1924 жылы Мәскеу қаласында Нысамбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» атты кітабы басылды [247]. Мұндағы мәтіннің жазып алушы Басығараұлы Жүсіпбек тарапынан өзгерістер мен түзетулерге ұшырауы т.с.с.- бәрі сол тұстағы фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда, әрі жариялауда ғылым дамуындағы балаңдықтан кеткен кемшіліктерді айғақтайды. Кітаптың 5 беттік алғысөзін белгілі қоғам қайраткері Н.Төреқұловтың басқарма талаптары тұрғысынан жазған [247,2 б.]. Тек, бір қызығы бұл деректер кітаптың ішінде кездеспейді, сыртқы мұқабадан кейін шығарма мәтіні бірден 7- беттен басталып кетеді. Ал, арадағы үшінші беттен жетінші бетке дейінгі кітап парақтарының жоқ болуы көңіл бөлерлік. Түсіп қалған деуге келіңкіремейді. Тіпті, кітап соңында берілген бет көрсеткіші бар мазмұнында 3-ші бет тұсында «басқармадан» деген ескерту де сақталған [247, 73 б.]. Демек Мәскеу қаласында орналасқан Ресейдің В.И.Ленин атындағы Ұлттық мемлекеттік кітапханасында сақтауда жатқан бұл кітаптың 5 бетінің болмауының екі себебі болуы мүмкін: біріншісі, не заман өзгерісіне сәйкес әдейілеп алынып тасталды деп есептеуге болады. Екінші себебі, кітаппен жұмыс істеген азаматтар тарапынан жоғалуы мүмкіндігін де естен шығармауымыз керек. Нұсқа іші 1-ден 156-ншы ретке дейінгі сандармен мағыналық жағынан ажыратылған 156 бөліктен тұрады. Жыр жолдарының шумақтары ажыратылмаған, ұйқасы, буын саны аралас келеді. Кітаптың әр 16 беті Кеңес үкіметі тұсында шыққан кітаптардағыдай: «Кенесары-2», «Кенесары-3», «Кенесары-4», «Кенесары-5» деп, бет соңына қарай белгіленіп отырған [248]. Шамасы, бұл басылымның көлемін ажырату үшін қажет болумен қатар, кітапты басуда да, шығаруда да, санын көбейтуде де баспахана тарапынан әрі жаңылыспас үшін, әрі жұмысты жеңілдендіру үшін т.с.с. ойластырылған іс-шаралардың бірі болуы керек.

Сонымен қатар кітапта қырғыздан қашып құтылып, елге келген Нысамбай жыраудың Кенесары мен Наурызбайды жоқтаған жыры да кірістірілген [247,67-71 б.]. Нұсқаны жазып алған Басығараұлы Жүсіпбектің «Кенесары-Наурызбай» жырына қатысты енгізген қосымшасы да өз алдына жеке берілген [247, 71-72 б.]. Қосымша 11 буынды, 3 бунақты, 11 шумақтан тұрады. Бұл өлең жолдары Жүсіпбек Басығараұлының нұсқаны жазып алуына қатысты берген түсініктемесі ретінде және кейінгілерге арнаған өсиет тәрізді берілген. Яғни онда автордың мәтінді түзегені; маржанды жіпке тізгендей шығарманы реттегені; жасы кіші балаларға насихат айтылғаны; әдеп сақтау; талап қылу; ұрлықты, алдауды қою; бір Алладан мұқтажыңды сұрай берсең де, пенде алдына телміріп баруыңды қой т.б. деген тәрізді үгіт-насихат сөздерінің кейінгілерге арналғаны ескертілген. Кітап соңында басылым кезінде техникалық себептермен кеткен, яғни басқарма тарапынан болмаған едәуір қателер тізбегі беріліп, мәтінді оқымастан бұрын ескертілген жаңылыстармен танысу қажеттігі айтылған [247, 74-75 б.]. Соңынан Ұлттар Комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы басып шығарған кітаптар реті жарнамаланады [247, 76 б.]. Демек Қазан төңкерісіне дейінгі кітап бастыруда, жариялауда болған жарнамалау, әрі тарату, әрі сату т.с.с. дәстүрі кейінгі Кеңес үкіметі тұсында да сақталғанын танытады. Жалпы кітапқа осындай үлгілердің берілуі- сол кезде нарық шарттарының сақталғанын көрсетеді. Таралымы, таратылуы, сатылуы көрсетілуі т.б.- кеңес үкіметі тұсында фольклорды жинауда және жариялауда, сонымен бірге зерттеуде болған басты ерекшелікті танытады.

1924 жылы Ташкент қаласында «Мұрат ақынның сөздері» атты кітап жарық көрді [249]. Кеңес үкіметі тұсында шыққан кітаптардан бұл үлгінің басты ерекшелігі: біріншісі, «Қазақтың ел әдебиетінен» деген айдармен басылым көруі; екіншісі, сыртқы мұқабасындағы барлық паспорттық деректер тек араб әрпінде берілуі. Кітап соңында мазмұны берілген, онда Мұрат ақынның 20 шақты туындысының тақырыптары мен беттік көрсеткіштері бар [249, 152 б.]. Кітаптың 1000 данамен басылым көргені турасындағы дерекпен бірге, «Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат» беретін Досмұхамбетұлы Халелдің 1923- нші жылдың 15-нші ноябрь күні жазған алғысөзі орын алған [249, 3-8 б.]. Алғысөзде: Мөңке баласы Мұраттың 1843-нші жылы дүниеге келіп, 1906-ншы жылы 63 жасында опат болғаны; Кіші жүздегі Байұлы- Беріш деген рудың Қаратоқай деген Арысынан, Аққұлы деген бөлімінен тарайтыны; туған жері Орал облысы, Гурьев уезі Қарабау деген жер екендігі; ақынның жүрген жерлері- Бөкейлік, Орал, Маңғыстау маңайы екендігі тәрізді т.с.с. өмірбаяндық деректер жинақталған. Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлының бұл алғысөзде Мұраттың ата-тегі мал баққан шаруақор деп көрсетуінен т.б. Кеңес үкіметі тұсында әдебиет пен мәдениет т.с.с. атаулыға «таптық» тұрғыда қарауға бейімделе бастауды көреміз. Бұдан кез-келген кітапты шығару үшін ақын-жазушылар өміріне таптық тұрғыдан қарау міндетті бола бастағанын аңғару қиын емес. Одан әрі Мұраттың туысқан ағасы Манайдың да ақын болғандығы; тіпті нағашылары Адай: Азамат, Саламат, Самет дегендердің заманында білімпаз, айтқыш адамдар екендігіне Х.Досмұхамедұлының назар аудартады. Мұның бәрі де Мұрат Мөңкеұлының ақын болып қалыптасуына туған ортасы, ағайын- туысқандарының да т.б. әсері болғандығын танытады.

Сонымен қатар ақын Мұраттың аз-кем оқығандығы; бала күнінен-ақ өлең шығара бастағаны; заманындағы шешендермен айтысқандығы; ақындығымен қатар ескі сөздерді де айтумен өмір кешкендігі; ақын сөздерінің көбі осы кітапқа кірмегені; өлеңмен мақтаған кісісінің бірі Сырым батырдың немересі Қазыұлы Омар екендігі сөз болады. Сондай-ақ Мұраттың он жеті жасында Жылқышы деген ақынмен сөз қағысқаны; ескі тарихи сөздерді, елдің шежірелерін өте жақсы білгендігі; оның ақындығына жол сілтеген, ақыл-кеңес айтқан Есет би екендігі; Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асан қайғы, Қазтуған секілді өткен замандағы адамдар хақында көп өлеңдер шығарғаны т.с.с.- бәрі ғалым Х. Досмұхамедұлы тарапынан жан-жақты сарапталынған.

Ғалым Х.Досмұхамедұлы Мұрат ақынның фольклорды орындаушылық шеберлігіне де тоқталады. Мәселен, «Қарасай-Қази» жырын Мұрат ақынның екі күндей айтатыны да ескертілген. Мұрат сөздерінде жерлердің аттары көп ұшырайтыны да, олардың көбі ескі атаулар екендігі де, тіпті сөз арасында кездесетін көптеген ерлер есімдерінің белгісіздігі де т.с.с. ғалым Х.Досмұхамедұлы тарапынан сөз болады.

Х.Досмұхамедұлы Мұрат ақынның, бір жағынан өткенді жетік білген шежіреші, әнші ретінде халықтың мұңын, елдің зарын толғайтын әлеуметшіл ақын екендігіне де т.б. көңіл бөледі. Мұрат ақын өлеңдерінде патша үкіметінің саясатының қазақ халқы мүддесіне қарсы бағытталғаны; ұлықтардың жақсы жерлерді тартып алғаны; ел қамын жегендердің қуғындалғаны, құртылғаны шынайы бейнеленген,- деген пікір айтады Х.Досмұхамедұлы.

Х.Досмұхамедұлы Мұрат ақын өлеңдерінде кездесетін орыс туралы айтылған кей сөздердің бүтін орыс еліне емес, керісінше патша үкіметінің ұлықтарына ғана арналғанын түсініп ескеруге шақырады. Демек, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында –ақ «ұлы орыс халқы» туралы теріс сөз, ой-пікір т.с.с. айтудың қаншалықты қауіпті, зиянды екендігін сол тұстағы қазақ зиялылары түсінсе керек. Сол себепті де сол тұстағы шығарылған қазақ кітаптары арасында ондай үлгілердің не басылмауы, не шыға қалған жағдайда өткір тұстары жұмсартылып берілгені, не оған саяси мән берілмеу жағын қарастыру үстем болғаны байқалады. Ендеше бұл өз кезегінде кез-келген мәселені шешу төңірегінде Мәскеуге жалтақтай қараудың негізі қаланғандықты да аңдатады.



Алғысөз соңында ғалым Х.Досмұхамедұлы Мұрат ақын өлеңдерінің маңыздылығына тоқтала келе: «Мұрат сөздерінің елге тиген әсері өте күшті. Мұраттың сөзі өте құдіретті саналған. Ел ішіне көп жайылған. Мұратты білмейтін Бөкейлікте, Оралда, Маңғышлақта адам жоқ десе де болғандай. 19-ншы ғасырдың екінші бөлімінен соң шыққан қара ақындардың көбі Мұраттың шәкірттері. Міне, қысқаша айтқанда Мұраттың өлеңдерінің ішкі маңызы. Өлеңдердің сырт жағына келсек, Мұраттың тілі әдебиетімізге негіз болған ел әдебиетінің тілі. Мұраттың өлеңдерінде қазақтың ел әдебиетіндегі жыр, толғау, айтыс, мақтау, хат, ысқақ, жоқтау секілді үлгілердің бәрі бар. Әдебиет тарихына Мұраттың сөздерінің өте керектігі шексіз нәрсе»,- деп аяқтайды [249, 8 б.]. Одан әрі ғалым Х.Досмұхамедұлы Кіші жүздің руларына қатысты деректерге тоқталған [249, 8-10 б.]. Кітапта одан әрі Мұрат ақынның шығармалары бірінен соң бірі тізбектеліп берілген. Мәселен, «Үш қиян» туындысы 31 бөлікке араб сандармен ажыратылып берілген. Мұндағы шумақ түрі де, буын саны да, тармақ саны да, бунағы, ұйқасы т.с.с. аралас келген. Шығарма басында ғалым Х.Досмұхамедұлы: «Бұл өлең жаңа жүріп, ел аштыққа көніп, елді оязнай, болыс, ауылнайлар билей бастағанда заманның түріне айтылған. Айтылуы 1873-нші жылдың шамасында болған»,-деген түсініктеме береді [249, 11 б.]. Бұл мәтінді келтірумен бірге ғалым Х.Досмұхамедұлы «Үш қиян» шығармасында кездесетін түсініксіз сөздердің мағыналарына тоқталады [249, 26-29 б.]. Мәселен, «қиян- аймақ, су жағасы, су деген мағынада болса керек. Абылғазы Баһадүрдің айтуынша қиян деп үлкен суды, таудан аққан селді айтады. Қазақ арасында қиян кескі деген сөз бар»,- делінген [249, 26 б.]. Міне, бұдан біз ғалым Х.Досмұхамедұлының Абылғазы Баһадүрдің еңбектерімен таныс болуы өз алдына, қазақ тілі мен әдебиеті т.с.с. тарихында алғаш ғылыми түсіндірме сөздік жасаудың негізін қалаушылардың бірі болғандығын танимыз. Бұдан басқа: «Жайық», «Асанқайғы», «Қазтуған», «Орақ-Мамай», «Телағыс», «Шора батыр», «Самар», «Едіге», «Үш өзен», «Қара су», «Қараша», «Ақтөбе», «Аштархан», «Әз Жәнібек», «Өгіз тау», «Сағыз», «Жем», «Тайсойған», «Ормамбет», «Елек» т.с.с. жер-су, қала аттары мен белгілі батырлар, хандар, тұлғалар есімдеріне қатысты түсініктемелері сақталған. Мұраттың «Сарыарқа» деген екінші бір туындысына Х. Досмұхамедұлы мынадай түсініктеме береді: «Ұлы Қоянда (жыл аты- Н.Ж.) жұрт тегісінен жұтағанда Мұрат та бәрінен айрылып қалған соң, жалғыз түйеге қатын- баласын мінгізіп, өзі жаяу жетелеп Маңғыстаудағы Адайға барады. Адайұлы Қоянда онша көп жұтамаған. Қояннан соң бір үлкен тойда қазақтың әдетінше той бастау жолы Мұраттыкі екен. Адайдың арасында қаңғыған жалғыз үй келімсекке жол бермейміз, өзіміз бастап, той бастауды өзіміз аламыз деген сөз болыпты. Сонда ызаланып жиылған көптің ішінде тұрып, Мұрат осы «Сарыарқа» деген өлеңді қоя берген. Айтып болған соң Адайдың ақсақалдары сөзіне риза болып, той бастатпай бәйгесін беріпті-мыс. Бұл өлең 1880-нші жылы айтылған» [249, 30 б.]. Міне, мұнда өлеңнің туу тарихына қатысты маңызды дерек көзі бірге берілген. Мәтін түпнұсқасы араб сандарымен ажыратылған 28 бөліктен тұрады. Соңынан түсініксіз сөздердің мағыналары келтірілген [249, 40-43 б.]. Одан әрі кітапта «Қазтуған», «Шалгез», «Әттең бір қапы дүние-ай», «Қарасай-Қази», «Есеттің үгіті», «Өлім», «Қыз», «Мұраттың Жылқышымен айтысқаны», «Мұраттың Оразбен айтысқаны», «Мұраттың Жаскілеңмен айтысқаны», «Мұраттың Жантолымен айтысқаны», «Мұраттың Тыныштықпен айтысқаны», «Мұраттың Тұрабайға айтқаны», «Оқудан қайтқан жігітке хат», «Мұраттың Маңғыстаудан еліне жазған хаты», «Досқа хат», «Мазақ» атты туындылары орын алған. Бұлардың бәрінде дерлік мәтіннің жазылуы тарихына, кездесетін түсініксіз сөздерге қатысты түсініктемелер бірге беріліп отырған. Онда: Ауған деген жұрттың Қазтуған жұрты деп саналуы; Шалгез жыраудың қалмақты сөзбен тоқтатқаны; Мамай бидің ел билеуі; Орақ батырдың ел қорғауы; есікте кезеулі тұрған алмас қылышқа ұрынған Орақтың күндесдікпен өлтірілуі; артындағы Қарасай, Қази деген ұлдарының елін қайта билеуі т.с.с. деген тәрізді түсініктемелер бар.

Кітаптағы айтыс жанрына келетін болсақ, «Мұраттың Жылқышы деген ақынмен айтысқаны» үлгісінде: Жылқышы деген ақынның өткен заманда болғаны, сөздері бұл күнде жойылғаны; айтыстың 1890-ншы жыл шамасында болғаны; бұл айтысқан уақыттың Жылқышы ақынның қайтыс болар алдындағы мезгілімен, әрі Мұраттың 18 жасар жігіт кезімен тұспа-тұс екені көңіл бөлгізеді. Одан әрі Мұратқа Беріш-Есет бидің ақыл айтқаны; Мұраттың кезінде Адай, Беріш, Жаббас, Таз, Есентемір деген бес рудың адамдарын мақтағаны т.с.с.- бәрі осы айтысқа Х.Досмұхамедұлының берілген түсініктемесінде қамтылған [249, 115 б.]. Осы үлгідегі түсініктеме «Мұраттың Ораз деген ақынмен айтысқаны» деген мәтінде орын алған [249,123 б.]. Мұнда: Таз деген рудан шыққан Ораз ақынның заманында айтқыш шешен болғаны; Гурьев қаласында болып жатқан жәрмеңке үстінде екі ақынның айтысқаны: Досымбай мен Қосымбай атты ел билеген адамдардың ұят болады дегенге сайып, екі ақынды әрі қарай айтыстырмай қойдырғаны; айтыс 1870-нші жылдардың шамасында болғаны т.с.с. турасында деректер сақталған. Бір өкініштісі- мұндай ақпарат көздерінің қайдан, кімнен, қашан алынғаны ескерілмеген.

Демек, белгілі ғалым Х. Досмұхамедұлының жинап, теріп, құрастырған «Мұрат ақынның сөздері» атты жинағының маңыздылығы: біріншіден, жинақтың ғылымы талаптарға сәйкес шығарылуы. Яғни алғысөзі, түсініктемесі, сөздігі мен мазмұны т.б. бірге болуы. Екіншіден, алғысөз ішінде тек ақынға қатысты өмірбаяндық деректер берумен ғана шектелмей, сол сияқты ақын туындыларына да қатысты біршама әдеби талдаулар да жасалған. Мұның бәрі ХХ ғасырдағы Кеңес өкіметі тұсында ғылыми-көпшілік сипатта шыққан осы бір жинақтың ғылыми және көркемдік құндылығын арттырады.

1924 жылы Мәскеу қаласында ғылыми-көпшілік сипатта жарыққа шыққан келесі кітап «Қозы Көрпеш-Баян» деп аталады [250]. Сыртқы мұқабасында нұсқа иесі В.В.Радлов, ал жазып алған Қыр баласы (яғни Ә.Бөкейханов-Н.Ж.) екендігі әрі араб әрпімен, әрі орыс тілінде жазылған. «Жазып алған» дегені - Радловтан көшіріп алған деген мағынада болу керек. Нұсқаның Мәскеу қаласының В.И.Ленин атындағы Ресейдің Ұлттық ғылыми кітапханасында сақтаулы тұрғаны белгілі. Осы орайда, ол нұсқадағы «Қыр баласы» деген сөздің қара сиямен боялып, өшірілгенін ескерген жөн. Оның нендей мақсатта болғаны белгісіз: не ғалым есімін көрсетпеу арқылы, оның ғылымдағы орнын төмендету, не саяси мақсатта оның есімін ататпау т.с.с. тәрізді арнайы тапсырмамен Кеңес үкіметі тұсында істелген теріс, зиянды іс-шаралардың бірі екендігі даусыз. Жыр үлгісі мағыналық жағынан 31 бөлікке ажыратылған. Бір қызығы нұсқаның алғысөзі де, түсініктемесі де т.б. жоқ. Үлгінің 30 бөлегі өлең түрінде келсе, тек соңғы 31-нші бөлігі ғана қара сөзбен жазылған. Мәтін: «Ормамбеттен аттанған, он сан Ноғай, //Біреуінің ақылы он сан қолдай...,- деп басталып, соңы,- ... Ай деген өзен бар екен. Ай деген балдызын соған қойыпты. Таңсық деген балдызын соған қойыпты»,- деп аяқталады. Жалпы бұл «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының түркі тектес халықтар арасында кең таралғаны мәлім. Жырдың қазақ елі арасында жиырмадай нұсқасы бар екендігі; алғаш рет оны 1830 жылы орыс ғалымы Саблуков жазып алғаны; тағы бір нұсқасын 1834 жылы Омбы губернаторының тілмашы Ғ.Дербісәлин қағазға түсіргені; ал Аягөз сыртқы округтік приказының тілмашы Андрей Фроловтың 1841 жылы жырдың тағы бір нұсқасын хатқа түсіргені; тіпті 1856 жылы бұл жырды Жанақ ақынның аузынан Шоқан Уәлихановтың жазып алғаны т.с.с.-бәрі де ғалымдар: М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ы.Дүйсенбаев, М.Ғұмарова, Ә.Қоңыратбаев, Б.Уахатов, С.А.Қасқабасов, К.С.Матыжановтар тарапынан сарапталғаны белгілі [251].

Осы орайда 1924 жылы В.В.Радловтан жазып алған Ә.Бөкейхановтың «Қозы Көрпеш-Баян» нұсқасымен қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы тарапынан қайта толық түрде басылым көрген В.В.Радлов нұсқаларын өзара салыстырсақ, төмендегідей ерекшеліктер байқалады. Біріншіден, нұсқаларды өзара салыстырғанда мазмұнда, сюжетте айырмашылық бар ма, олардың кейіпкерлері, іс-әрекеті, сөзі өзгерген бе дегенде, жоғарыдағы келтірілген екі нұсқа бірдей екеніне көз жеткіземіз. Тек мәтіннің тілінде, стилінде өзгерістер өте көп. Мәселен, 1994 жылы фольклортану ғылымы талаптарына сәйкес басылым көрген «Қозы Көрпеш» нұсқасындағы: «Ормамбеттің», «Екеуі заманында байлық орай», «аңға», «Ертіске қала салды манат тоғай», «Сарыхан буыршын мініп аңға барды», «Топта қамшы бастырмас жануар-ды», «Көз ішіне алыстан қара көрініп», «Буыршынменен», «біз», «жарысты», «Алдынан буаз марал аң қашыпты», «сіз» т.с.с. алғашқы жырдың 35 жолындағы сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер [252] 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген, Ә.Бөкейхановтың В.В.Радловтан жазып алған нұсқасында өзгеше берілген: «Орманбеттен», «Заманына екеуі болып орай», «алда», «Қала салды Ертіске манат тоғай», «Буыршынмен Сарыхан аңға барды», «Топта қамшы салдырмас жануарды», «Көз ішінде алыстан қала көріп», «Буыршынмен», «бір», «шапты», «Бір буаз аң алдынан тұра шықты», « сен» т.с.с. болып өзгертіліп қолданылған [250, 3-4 б.]. Міне, мұндай екі нұсқа тіліндегі, стиліндегі т.б. өзгерістер жырдың әр тармағында кездеседі. Демек бұдан шығатын қорытынды біреу, 1994 жылғы басылым көрген В.В.Радлов нұсқасы фольклортану ғылымы талаптарына сай шығарылған да, яғни мәтін ешбір өзгеріссіз, түзетуге ұшырамай т.с.с. сол замандағы тілдік ерекшеліктерді бойында сақтай алған бірден- бір ғылыми басылым екендігін дәлелдейді. Демек 1924 жылғы жарияланған В.В.Радлов нұсқасы ғалым Ә.Бөкейханов тарапынан түрлі өзгерістерге, редакциялануға т.с.с. ұшырағандығын танытады. Мұның себебі ғалым Ә.Бөкейханов заман қысымына қарсы ұлттық идеяны көтеруде, фольклорды өзінше өзгертіп, қоғамдық мақсатқа сай қолданғанын көрсетеді. Мұның бәрі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кеңес өкіметі тұсындағы фольклорды жинап, әрі жариялауда жоғарыда аталған түзету, өзгерту, редакциялау т.с.с. тәрізді олқылықтардың ірге тебуіне себепші болды.

Қазақ фольклорын әрі насихаттауда, әрі жариялауда 1924 жылы ерекше маңызды оқиға болды. Ол Ә. Диваевтың қазақ-қырғыз әдебиеті үшін қырық жылдық еңбегінің тойына орай Түркістандық Қазақ-қырғыз Білім комиссариаты ғылыми-көпшілік сипатта Ә. Диваев жинаған әдебиет түрлерінен тізілген «Тарту» атты кітабының басылуы. Ол хрестоматия түрінде Ташкенттегі Түркістанның баспасөз мекемесінен жарыққа шықты [253]. О баста оқу кітабы деп айтып тұрғандай мектептерге оқу құралы хрестоматия үлгісінде ұсынылса да, кейіннен оның әрі қазақ фольклорын насихаттау үшін, әрі қазақ фольклортану, әдебиеттану, тілтану т.с.с. ғылым салалары үшін дерек көзіне айналғаны сөзсіз. Хрестоматияның сыртқы мұқабасында: белгілі фольклортанушы Ә.Диваевтың суреті; еңбек аталымы; не мақсатпен басылғаны; яғни қазақ-қырғыз әдебиеті үшін 40 жылдық Ә.Диваевтың еңбегі тойына арналғаны; құрастырушысы белгілі ақын Мағжан Жұмабаев екендігі сөз болады.

Одан әрі хрестоматияда Қазақ-қырғыз Білім комиссариатының мүшесі Мағжан Жұмабайұлының 1923 жылдың 30 май күні Ташкентте жазған «Әбубәкір ақсақал Диваев» атты алғысөзі берілген [253, 3-5 б.]. Мұнда: «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат» дей отырып, ердің елге бағасы қаны бір болу да емес, жаны бір болуын да, қуаныш, қайғысы ортақ болуында екендігін; ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуын да; ер өмірінің оры менен көрі ел өмірінің оры, көрімен бір болуында т.с.с. дегенді алға тартады.

Әбубәкір ақсақалдың түбі бір түрік баласы қазақтың бір бауыры Башқұрт елінен шығуы , ата-мекені Уфа губерниясы, Стерлі Тамақ оязы, Тоқай ауылы, 1855-жылы туған жері Орынбор қаласы болуы; жасынан орысша оқып, Орынбордағы Кадетский корпусты бітіріп шыққан соң, 20 жасында әскерлік қызметімен Түркістанға келгені; бірер жылдан соң әскерлік қызметінен босанып, Сырдария облысы губернаторы Н.И. Гродековке қызметке тұруы- бәрі оның қазақ фольклорын жинау ісінің негізін қалағаны анық.

Осы орайда Н.И. Гродековтың қазақ елін орыс үкіметіне әбден бағындырып, нақтылап алу үшін яғни түпкілікті отарлау мақсатында қазақ елінің жайын-күйін тексеруге кіріскендіктен де, Әбубәкірдің қазақ елінің жайымен танысуын тездетуге ықпал жасауға мүдделі болғанын да ескерген жөн. Осының бәрін ғылыми өмірбаяндық деректер негізінде Мағжан Жұмабаев біршама жан-жақты сараптаған.

Осы себептен Ә. Диваевтың 1883-нші жылдан бастап қазақ елінің жай-күйін тексеруге кірісіп кеткенін көрсету барысында оның мақсаты – қазақтың азат басын ноқтаға кіргізе беру үшін емес, қазақ елін басқаларға дұрыс таныту екені; қазақ еліне тұмсығымен су тасыған қарлығаш қызметін атқарғаны; қарлығаштың қымбаттылығы тасыған суының молдығында емес, жүрегінің адалдығында екендігі; Әбубәкір ақсақалдың қазаққа сіңірген еңбегі оның көлемінде ғана емес, алдымен адал ойлы қамқор болуында екендігі т.с.с.- бәрі де Мағжан Жұмабаевтың зерттеуші Ә.Диваевтың фольклортанушылық еңбегіне берген салмақты бағасы, орынды қошаметі деп бағалаймыз.

Міне, осылайша Әбубәкір ақсақалдың 40 жыл бойына қазақ елінің халық ауыз әдебиетін, жол-жорасын жинағандығын; елдің елдігін сақтайтын әдебиеті, тарихы, жол-жорасы т.с.с. екендігін саралаған М.Жұмабаев мынадай тұжырымға келеді: «...Ол күндерде қазақ тілінде газет, журнал жоқ болғандықтан Әбубәкір жинаған әдебиетін орыс тіліне аударып, орыстың газет-журналдарына бастырып отырған. Ол күндерде қазақ-қырғыз елін аузын арандай ашып, жұтып жатқан орыс елі қазақ-қырғыз елінің жақсы жағымен, терең жанымен, сұлу сөзімен сол Әбубәкір бастаған әдебиет арқылы таныған. Түрік халқын тексеріп, таза ғылым жолында жүрген орыстың Радлов, Катанов, Бартольд, Самойлович сықылды ғалымдары Әбубәкірдің қазақ-қырғыз туралы жазған мақалаларына кең орын беріп, қабыл алып сол Әбубәкір мақалалары арқылы қазақ-қырғыз елінің жайын арғы Еуропа ғалымдарына білдірген»,- деп дәйектейді [253, 4-5 б.].

Сөйтіп шағын еңбегінде М.Жұмабаев қазақ фольклорын әрі жинауда, әрі жариялауда, әрі зерттеуде, әрі насихаттауда т.с.с. белгілі фольклортанушы ғалым Ә. Диваевтың еңбегі ерекше екендігін таныта алған. Одан әрі хрестоматия ішінде 1923 –нші жылдың 2 июнь күні «Тарту» туралы жазған М.Жұмабайұлының кіріспе сөзі берілген: «Бұл кітап Әбубәкір ақсақалдың 40 жылдық еңбек тойына арналғандықтан һәм осы той себебімен ақсақалдың әлі басылмаған жазбаларын жарыққа шығаруды мақсат қылғандықтан «Тарту» түгелімен дерлік ақсақалдың өзі жинаған әдебиет түрлерінен тізілді. Ақсақал жинаған әдебиет түрлерінің сүйектілері, бастылары бұрын бірнеше жеке кітап болып шыққан һәм газет, журналдарда басылған. Мынау «Тартуға» іріктеуден қалғандары ғана тиді. Және менің қызметім «Тартуға» жылдар бойы жатқан көп жазбалардың ішінен аз ба, көп пе жарамдыларын сайлау һәм соларды тізу болды. «Тартудың» тілінде, мағынасында бата тие алғаным жоқ. Ауыз әдебиет һәм этнография көзінен қарағанда «Тартудың» әжептәуір бағалы болуына күмән қылмаймыз. Бірақ «Тартуға» таза мектеп балаларының оқу кітабы деп қарау керек еді. Алайда мұғалім сайлау білсе, бастауыш мектептің соңғы сыныптарына, әсіресе, әдебиет теориясы оқылатын орта медреселерге һәм жалпы оқи білетін азаматқа «Тартудың» бірталай пайдасы тиер деп сенеміз» [253, 6 б.].



Осы орайда мәтіннің түпнұсқасының барлығы араб әрпімен жазылғанын ескерген жөн. Жалпы, ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарияланған бұл хрестоматияның маңыздылығы сонда: біріншіден, сол кезде жеткен фольклортану ғылымы талаптарына сай шығарылған, яғни алғысөзі, кіріспесі, бет ішіндегі түсініктемелері т.с.с. орын алған. Екіншіден, алғысөзде тек ғалым Ә.Диваевтың қысқаша өмірбаяны ғана берілмей, сондай-ақ оның фольклортанушылық еңбегі де біраз сөз болады. Үшіншіден, фольклордың барлық жанрын қамтыған бұл жинаққа кезінде басылым көрмеген жазбалардың кіргенін атап айту керек. Төртіншіден, хрестоматияның кіріспе сөзінде, сондай-ақ жинақтың практикалық, қолданбалы маңыздылығына назар аударылуы, тіпті қай пәндерді оқытқанда қолданыс табу қажеттілігі нақты көрсетілуі де орынды болды. Бесіншіден, еңбектің әрі фольклортанушы, әрі этнограф ғалымдарға т.б. дерек көзі болатыны дәйектелген. Мұның бәрі ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорын әрі жариялауда, әрі насихаттауда, әрі оқу-ағарту ісінде жинақтың маңызы ерекше болғандығын діттейді.

Жалпы, бұл жинақта қазақ фольклорының барлық түрі қамтылған деуге болады. Мәселен, ғалым Ә.Диваев жинаған беташар, жар-жар, жарамазан, жарамазаншының батасы, жоқтау [253, 7-34 б.], бақсы өлең, бақсының сарыны (1 нұсқа), бақсының сарыны (2 нұсқа), бәдік, толғау, бата, көңіл айту тәрізді 12 үлгіден тұратын тұрмыс-салт жырлары [253,151-192 б.]; 27 ертегі [253, 34-151 б.]; сонымен қатар ырымдар [253, 193-197 б.]; мақалдар [253, 197-205 б.]; жұмбақтар [253, 205-215 б.] - бәрі де М.Жұмабаев тарапынан бір жерге жинақталып, жүйелене, жіктеле құрастырылғанын дәлелдейді. Бұл тұста мәтіндердің бірінің тұрмыс-салт жырлары екенін көрсету, ал екіншісінің ертегілер екендігін анықтау, яғни шығармалардың жанрлық сипаты ажыратылып, бірінен соң бірі тізбектеліп берілуі- бәрі фольклортану ғылымындағы жетістіктері десек, ал жинақтың тақырыптық мазмұн көрсеткіші берілмеуі, (рас, жинақ соңында мәтін ішінде кеткен қателермен жасалған жұмыс кестесі, кітап құны, таралым данасының көрсеткіштері бар) фольклорлық нұсқаның қағазға түсу ерекшелігін айқындайтын паспорттық деректерінің келтірілмеуі, болмауы т.б- бәрі сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының толысып бітпеу кемшіліктерінен арылмағанын да көрсетеді. Жалпы бұл жинаққа енген Ә.Диваев жинаған 42 нұсқаның 17 үлгісі Кеңес үкіметі тұсында араб жазуынан кириллица таңбасына көшіріліп, қайта жарияланым көрген. Мәселен, «Қазақтың халық творчествосы» атты кітапта Ә.Диваев жинаған материалдың ғылыми басылымын дайындаған ғалымдар Ф.Оразаева мен Т.Сыдықовтар ертегілерді өзара жеке топтап, оған: «Жалайдар хан мен Сағат» (1924 жылғы жинақта «Жалайдар хан һәм Сағат» деп берілген-Н.Ж.), «Шық бермес Шығайбай», «Алдар көсе мен Алаша хан», «Суайт тазша», «Тоғыз таз», «Түлкі, тасбақа һәм кене», «Түлкі мен маймыл», «Ақылды етікші», «Үш ауыз сөз» тәрізді үлгілерді енгізсе [254]; салт өлеңдері тарауында «жоқтау», «бәдік», «көңіл айту» мәтіндерімен [254, 249-263 б.] қатар, мақалдар мен жұмбақтарды да топтастырған [254, 280-295 б.]. Бұл басылымдардың біразы 1992 жылы Әбубәкір Диваев атынан шығарылған «Тарту» атты жинақта жинақталып берілген [255]. Мұнда жоғарыдағы 1989 жылы жинаққа енбей қалған, ал 1924 жылғы жинақта бар «ырымдар» атты еңбегі қамтылған [255, 160-171 б.]. Бұл мәтіндер 1957-1966 ж. 3 томдықта, Ә.Диваев (1964) жинағында жарық көрген. Бір таңданарлығы, бұл Кеңес үкіметі тұсында, яғни 1989 мен 1992-нші жылдарда шыққан жинақтардың соңында берілген ғылыми түсініктемелерінде ғалым Ә.Диваев жинаған фольклор үлгілерінің 1924 жылғы Ташкенттен белгілі ақын М.Жұмабаев құрастыруымен шыққан «Тарту» жинағының есімі еш аталмайды. Оның себебі: кезінде «халық жауы» деген жаламен есімі де, еңбектері де т.с.с. зиянды деп табылған белгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың кеш (1989) ақталып, оның көп туындылары сол жылдардың өзінде беймәлім, белгісіз болғандығынан деп санаймыз. Кеңес үкіметі тұсында есімі, еңбектері аталуына тиым салынып, соның салдарынан кезінде еңбектері ескерілмей, кешеңдеп зерттеле бастаған, күні кешеге дейін арнайы зерттеу нысанасына ілікпеген, қазақ фольклортану ғылымы тарихында ерекше орын алатын, тәуелсіздік арқасында ғана зерттеле бастаған қазақ фольклортанушы-ғалымдар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Әлихан Бөкейханұлы есімдерімен бірге Мағжан Жұмабаевтың да фольклортанушылық еңбектері де кешеңдеп ескеріле бастағанына бұл айқын дәлел бола алады.

Осы орайда қанша жетілдік, ескердік десек те, түрлі мұрағаттағы біраз нұсқаларды байқамау әлі де бар. Мәселен, жоғарыдағы жинақтарға енбей қалған ғалым Ә.Диваевтың әлі де 25 нұсқасы бар екенін еске салғымыз келеді. Атап айтқанда, 1924 жылғы «Тарту» жинағында Ә.Диваев жинаған «Беташар» туындысы 7-8 буынды, аралас ұйқаста, 2 бунақта келе отырып, жинақтың 14 бетін қамтиды: «Таз кісілерге», «Жұрт билеген адамға», «Жомарт адамдарға», «Сараң байларға», «Мырза адамға», «Дүниеқорға», «Өтірікшіге», «Биге» деген тараушалардан тұратын 268 жыр жолдары жоғарыда аты аталған жинақтарға енбей қалған. Сондай-ақ «жар-жар»- 105 жол; «жарамазан»-153 жол; «жарамазанның батасы»-45 жол; «бақсы»- 402 жол; «бақсының сарыны» (1 нұсқа)- 242 жол; «бақсының сарыны» (2 нұсқа)-49 жол; «толғау»-59 жол; «бата»- 103 жол т.с.с. тәрізді фольклор үлгілері де назардан тыс қалған.

Міне, мұндағы бақсы, бақсының сарыны, жарамазан, жарамазанның батасы т.с.с. атты фольклор үлгілерінің басылым көрмеуі, Кеңес үкіметі тұсында дінге қарсы күрестің үнемі жүргізіліп тұрғанын ескерсек, ескі діни наным-сенімнің қалдығы ретінде бұл нұсқаларға онша көңіл бөлінбеуі әсерінен 1989 жылы да арыла алмау орын алғанын көрсетеді. Тек бұл аталғандар емес жоғарыдағы жинақтарға (1989, 1992 жылғы) Ә.Диваев жинаған қазақ ертегілерінің 17 нұсқасының кірмей қалғаны да бар. Мұның ішіндегі «Бөрі» туындысы 44 өлең жолдарынан, «Надан тәуіп» үлгісі 36 өлең жолдарынан тұрса, ал қалғандары қара сөз түрінде келеді.

Енді жоғарыдағы жинақтардағы мәтіндерді өзара салыстырайық. Екі жинақтағы (яғни 1924-ші жылғы мен 1989 –ншы жылғы) нұсқа иесі Ә.Диваев болғандықтан, оларда үлгі мазмұнында, сюжетінде айырмашылық жоқ. Мәселен, «Бозінген» ертегісін салыстыру үшін бірінші нұсқа ретінде 1924 жылғы «Тарту» жинағандағысын алып, екінші нұсқа есебінде 1989 жылғы «Қазақтың халық творчествосы» атты кітапты келтірейік. Мәселен, 1-нұсқа былай басталады: «Бұрынғы заманда Бағланбай деген бай бар екен»,- [253, 34 б.], міне, бұл нұсқадағы «бай бар екен» деген сөздері 2 нұсқада жоқ [254, 23 б.]. Сондай-ақ 1 нұсқадағы: «Малы көп екен, көп малының ішінде...»,- деген келесі жалғасып жатқан сөйлем жолдары да 2 нұсқада кездеспейді. Мәтінді одан әрі толық берейік.

1- нұсқада одан әрі: «... Бозінген деген бір жақсы түйесі бар екен. Бозінгенді барлық малынан жақсы көреді екен.

Бірақ Бозінген һеш бір бота таппаған екен. Бір күні бай елі- жұртын жинап неше биелер сойып той қылып жұртынан кеңес сұрапты: «Менің жақсы көретін түйем Бозінген бота таппады; сол туралы не ақыл бересіздер?» -дейді. Онда жиналған жұрттың һеш біреуі жауап бере алмайды. Сонда босағадан сығалап тұрған жеті жасар жетім бала былай деп сөз бастапты:

Айналайын ағалар,

Өткен екен дүниеден.

Мың бір екі сабалар,

Ажал жетіп күн бітсе,

Бұл дүниеден кім қалар?!

Мендей жетім балалар...,- делінсе,

2-нұсқада былай берілген: «Бозінген деген бір жақсы түйесі болған екен. Бозінген өмірінде боталамаған екен. Бір күні Бағланбай аулының адамдарына:



-Менің жақсы көретін Бозінген боталамайды. Бұған не ақыл бересіңдер?- депті.

-Бұған жиналған жұрттың бірде-біреуі ақыл бере алмапты Сонда босағада тұрған бір жетім бала былай депті:

-Айналайын, ағалар,

Мендей жетім балалар, ...».

Міне, алғашқыдағы біраз жеке сөз тіркестері, тіпті толықтай сөйлем мен бір шумақ өлең үлгісі де 2- нұсқада түсіп қалған. Демек кейіпкерлері өзгермесе де, олардың іс-әрекеті, сөзі ерекшеліктері, шығарма тілі мен стилінде айырмашылықтар кездесетіні анықталады. Және де бұл үлгілердің екі жинақ түсініктемелерінде де жазылынып алынуға қатысты паспорттық деректері келтірілмеген. Тек «Қазақтың халық творчествосы» атты кітаптың ішінде Ә.Диваевтың ел аузынан жинаған қазақ халқы ауыз әдебиетінің қазақ, орыс тілдерінде басылып шыққан материалдарының көрсеткіші» атты бөлімшеде: «Бозінген (Белая верблюдица)- папка 136, 1-12 б.»,- деген дерегі бар [254, 384 б.].

Зерделесек, бастапқы нұсқадағы бұл мәтін әрі толықтығымен, әрі сол замандағы халықтың сөйлеу тілі ерекшелігін бұзбай, оны сол қалпында сақтай білуімен де т.с.с. өзгешеленеді. Тіпті, бірінші нұсқада сақталған «бай» деген тәрізді сөздің екіншіде болмауы, шамамен, Кеңес үкіметі тұсында шыққан бұл 2 жинақтың да, 1924-ші жылдардаға қарағанда 1989- шы жылдары шыққан жинаққа «тап тартысы» деген идеологиялық күрес салқынан айыға алмау көбірек әсер етті ме деген ойға жетелейді.

Келесі «Үш ауыз сөз» ертегісі екі жинақта да сөзбе-сөз сай келеді. Тек алғашқының паспорттық деректері берілмесе де, кейінгінің паспорттық дерегі сақталған: «Жинақтан орын алып отырған осы нұсқа Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы (Ә.Диваев материалдары, 109-папка, 1-4 беттер). Бұл ертегі алғаш рет «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» деген жинақта (1892, вып. 3) жарияланған. Ә.Диваевтың бұл нұсқасының екі рет, яғни Жүніс Тайшықов пен Мұса Базановтан жазып алғандығы айқын көрінеді»,- делінген [254, 396 б.]. Демек 1924 жылғы «Тарту» жинағын құрастырған М.Жұмабаевтың мәтіндерді түрлі өзгерістерге, редакциялануларға ұшыратпай, сөзбе-сөз беруді мақсат еткендігін дәйектейді. Яғни фольклорды әрі жинауда, әрі жариялауда болсын әлемдік фольклортану ғылымының басты талаптарының бірі - өзгертпей, сөзбе-сөз беру талабын М.Жұмабаевтың орындағанын танытады.

Екінші жинақтағы жұмбақтарға келетін болсақ, бастапқы нұсқада 45 жұмбақ реттік сандармен орналасқан [253, 205-215 б.]. Оның 16 үлгісі ғана: «Қазақтың халық творчествосы» жинағына енген [254, 289-291 б.], ал қалған 29-ы сырт қалған. Оның ішінде: ұрлық; жұмыртқа; шегіртке; балық; керегенің аяғы; телеграф; жұлын; жыл, ай, күн; сия, қалам, дәуіт; тай-тұяқ безбен; есепшот; шоқпарбас біз; құрбақа; кірпікшешен; көл; қайық т.с.с. тәрізді табиғат құбылыстары мен қоршаған ортадағы тұрмыс заттары, жан-жануарлар дүниесін жұмбақтаған жұмбақтар бар.

Ал, екі жинақтағы жарияланған біраз жұмбақтар өзара сөзбе-сөз сай келсе де, біразында ауытқу кездеседі, мәселен, «балыққа» қатысты берілген жұмбақта [253, 290 б



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет