Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ


Фольклорды жариялаудың шарттары мен түрлері



бет6/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

2 Фольклорды жариялаудың шарттары мен түрлері.
2.1 ХІХ-ХХ ғасыр басында фольклорды жариялау ісі.

ХІХ ғасырдағы әр түрлі баспасөздердің негізгі мақсаттары: білімнің әлі де болса аз зерттелген саласы- фольклортану ғылымына материалдар жинап беру; әрі қазақтың төл мәдениетін сақтап қалуды және оның орыс мәдениетімен байланысын нығайтуды көздеді. Бұл туралы Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин сан рет жазған. И.Н.Березиннің «Түрік хрестоматиясы» (Спб. 1857-1876), Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясы» (Оренбург. 1879), А.В.Васильевтің «Қырғыз халық поэзиясының үлгілері» (Оренбург. 1896) т.с.с. осы мақсатта жазылған. Е.А.Алекторовтың, Ә.Диваевтың , қазақтың халықтық поэзиясын жинаған және зерттеген басқа да көптеген түркітанушылардың мақалаларында бұл мақсат айқын аңғарылған. Солардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде орасан көп әдеби мұралар жарияланды, бір жүйеге келтіріліп, оларға түсінік берілді. Н.Н.Ильминский, В.В.Радлов, И.Н.Березин, П.М.Мелиоранский, А.В.Васильев, Н.Н. Пантусов, Ә.Диваев т.б. сол уақыттың өзінде-ақ тілмаштардың аудармаларына қанағаттанбай, халық поэзиясының үлгілерін қазақ тілінде жазып алып, қазақ тілінде жариялаған [153].

ХІХ ғасырдағы халық поэзиясының материалдары мен мақалалары Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы, Москва университетінің жанындағы жаратылыспен, антропологиямен және этнографиямен әуестенушілер қоғамы мен Ғылым академиясының қарауындағы сериялық баспалар мен журналдарының: «Археология, тарих және этнография... қоғамының хабары», «Жаратылыс, антропология және этнографиямен әуестенушілер қоғамының хабаршысы», «Орыстың археологиялық қоғамы Шығыс бөлімінің жазбашалары», «Этнографиялық шолу» т.б. көптеген беттерінде жиі-жиі басылып тұратын. Бұлардың үлгісімен жергілікті жерлерде: Ташкентте, Орынборда, Семейде, Алматы қалаларында Орынбордың ғылыми архив комиссиясы мен Түркістандық археология мен әуестенушілер үйірмесі сияқты ғылыми үйірмелер мен қоғамдар және комиссиялар пайда болды. Орыс географиялық қоғамының Семейлік, Орынборлық, Түркістандық және Батыс-Сібірлік бөлімдері мен бөлімшелері едәуір жұмыс істеді. Орталықта да, жергілікті жерлерде де қазақтың фольклоры журналдар мен газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды: «Вестник Европы», «Русский вестник», «Отечественные записки», «Современник», «Русское богатство», «Киргизская степная газета», «Тургайская газета», «Оренбурский листок» және әр түрлі облыстық ведомостылар т.б.

Баспада жарияланбаған фольклорлық және этнографиялық материалдар сақтайтын мұрағаттар ашылды (Петербургте Азия музейі, Петербургтің Орыс географиялық қоғамына қарасты Қазандағы Археология, тарих және этнография мұрағаты, Орынбордағы ғылыми мұрағат комиссиясы). Жұмыс көлемі ұлғая берді, сонымен қатар оның нәтижесі де жақсара түсті. Анда-санда бір жалғыз-жарым жариялаудан белгілі бір жанр көлемде жариялауға көшті. Бұлар- не қалың журналға енген «материалдар», сериялы баспа, немесе іріктелген әр түрлі тексті немесе ғылыми түсінік беріп бастырған арнаулы «жинақтар». Сондай-ақ алғашқы шыққан қазақтың халық поэзиясы жинақтарының бірі- В.В.Радловтың «Оңтүстік Сібір мен Жоңғар даласын мекендейтін түркі тілдес рулардың халықтық әдебиет үлгілерінің» (СПб., 1870) үшінші томы. Одан кейін қазақтың халық шығармашылығының белгілі бір саласын таныстыратын жинақтар шыға бастады. Мәселен, А.В.Васильев үш жинақ шығарған: ертегіге, мақал-мәтелге, жұмбаққа арналған. Сондай-ақ «Қырғыз халқы ауыз әдебиетінің үлгілерін» (Орынбор, 1898) атауға болады. Оған «Қырық құлақ», «Қарашаш сұлу», «Тазша бала» және «Алдар көсе» жайындағы аңыздар, «Түлкі» туралы аңыздар енген. Ал, Н.Н.Пантусовтың «Қазақ-қырғыз сөз ерекшеліктерін үйренуге керекті материалдарында» (Қазан, 1899-1904) ертегі-аңыздардан басқа бата-тілек («Астан соңғы бата») және мақалдар бар. Ертегі, аңыздардың ішінде ақылдыны жеңген әйел туралы, Қарамерген жөнінде, ханды тонаған айлакер ұры жайында ертегілер бар.

ХІХ ғасырдың соңындағы ерекшелік-жетістік: жеке бір жырдың жеке кітап болуы да; әр жанрға жеке жинақ арналуы да. Сөйтіп баспадан материалдың жиналу шамасына қарай жеке жинақтар және тек қана бір салаға- көбінесе мақал мен ертегіге арналған сериялық кітапшалар шығарылып тұрды. Бұл баспа орындар әр деңгейдегі ғылыми аппаратпен қамтамасыз етілген. Жинақтарда шығарманың қазақша мәтіні мен оның орысша аудармасына қоса мәтіннің орысша фонетикалық транскрипциясы да жиі беріліп отырды.

ХІХ ғасырдың аяғында жинақталған материалдарды бір жүйеге келтіру және қорыту қажеттілігінің артуы қазақтың халық шығармашылығы бойынша алғашқы монографиялардың (Г.Н. Потаниннің «Ортағасырлық Европа эпостарындағы шығыстық сарындар») жариялануына және бірінші библиографиялық анықтамалардың (справочниктердің) шығуына себеп болды. Библиографтар бастамасының ішіндегі ең қомақтысы- А.Е.Алекторовтың «Қазақ туралы кітаптар және журнал, газет мақалалары мен ескерткіштер көрсеткіші» (1900). Бұл «Көрсеткіш» 1862 жылдан бергі қазақ өміріне байланысты және қазақ халқының этнографиясы, мәдениеті, оқу-ағарту жағы, халықтың шығармашылығына байланысты баспадан шыққан әдебиеттерді қамтиды. «Көрсеткіште», әсіресе, ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында шыққан әдебиеттер толығырақ көрсетілген.

Ы.Алтынсарин жинаған материалдарының негізінде өлім шығару, келін түсіру әдет-ғұрыптары жөнінде екі мақала жазды және 1870 жылдары өзінің жазып алғандарын «Қырғыз хрестоматиясына» (Орынбор, 1879) енгізді. «Қырғыз хрестоматиясына» енген нұсқалар қазақ халық поэзиясының барлық түрлерінен алынған. Мысалы, қиял-ғажайып («Қара қылыш», «Алтын айдар») сықақ, салт ертегілер («Тазша бала», «Жиренше шешен»), жануарлар жайында және басқа ертегі, аңыздар (Жәнібек, Байұлы, Ізбасты т.б.) «Қобыланды» жырынан үзінді, мақал-мәтелдер т.б. бар.

Қазақ фольклорының В.В.Радлов жинап жариялаған шығармалары халық ауыз әдебиетін зерттеушілерді қатты қызықтырды [154]. Батыс Қазақстан қазақтарының тілімен таныстыру үшін В.В.Радлов өзінің бұл жинағына Н.Н.Ильминский жазып алған «Ер Тарғын» мен «Ер Сайын» жырларын енгізді. Ертегілер бөлімінде: «Жақсылық пен жамандық жолдас болыпты», «Түс сатқан Тазша», «Үш ұл» және басқа да белгілі қазақ ертегілері бар. В.В. Радлов жинағында қазақ жырларына мол орын берілген. Оған ерлік- батырлық тұрмыс-әлеуметтік және халық жасаған тарихи эпос шығармаларының үлгілері кірген («Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Қозы Көрпеш» және басқалар).

Қазақ фольклорын жариялауда ХІХ ғасырдың соңында ерекше орын алатын жинақ- Я.Лютштің «Киргизская хрестоматиясы» [155]. Хрестоматия түріндегі жинақ қазақ халық әдебиеті үлгілеріне арналған. Жинақ ішіндегі фольклорлық мәтіндер Түркістан өңірінен жиналған. Жинақ құрастырушысы- Түркістан Мұғалімдік Семинариясының оқытушысы Я.Лютш. Жинақ Ташкент қаласындағы О.В.Базилевскийдің жалға алған баспаханасынан 1883 жылы жарық көрген [155,1б.]. Жинақ көлемі- 251 беттен тұрады. Мұндағы фольклорлық мәтіндер кириллица әрпі негізінде қазақ тілінде берілген. Жинақтың шығуына Түркістан Оқу басқармасы рұқсат берген. Жинақтағы фольклорлық мәтіндерді кириллица әрпімен берудегі мақсат- сол тұстағы орыс шығыстанушылары мен түркітанушылары, әрі орысша оқыған қазақтар үшін қажет деп тапқан. Ал, жинақты жариялаудағы мақсат жергілікті халыққа оқулық жетіспеу себепті, сол олқылықтың орнын толтыру үшін жасалған іс-шаралардың бірі болған. Жинаққа мәтін көзі ретінде фольклор үлгілері алынған. Ендеше сол заманның өзінде де фольклорды түрлі оқулық, хрестоматияларға т.с.с. дерек көзі ретінде пайдалану үлгісі болған.

Жинақтың алғашқы беттері Ақмешіт қазақтарынан жиналған мақалдарға арналған [155,3-12 б.]. Мұндағы беттерде 273 мақал бар. Әр мақал келесі бір мақалдан ажыратылуы үшін, өзара реттік сандармен нөмірленген. Мәселен: «1) Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйін тапқан соң. 2)Ажалдан ақша беріп құтылмас. 3) Ажалсыз аштан өлмес. 4) Азан айтпақ молданың ісі. 5) Азықты ат арымас»,- деген тәрізді сандар реті 273-ке дейін барады [155,3 б.]. Мақалдар тақырыптық ерекшелікпен емес, алфавит тәртібімен орналасқан. Мақалдардың әрбір жолдары, көбінесе өзара үтір, не басқа тыныс белгісімен ажыратылмай, тұтастай берілген. Ара-тұра үтір белгісімен ажыратылған үлгілер де кездеседі: «9) Алда деген ар болмас, Алда деген пенделер еш нәрсеге зар болмас... 18) Ана сүтіменен кірмесе, тана сүтіменен кірмес»,- деген тәрізді [155,3 б.]. Әр бетте, шамамен 25-29 мақал қамтылған. Алфавит тәртібімен алғанда: «а» әрпімен басталатындары- 39 мақал; «б» әрпімен-38; «д» әрпімен-7; «е» әрпімен-7; «ж» әрпімен-31, «з» әрпімен-1; «и» әрпімен- 22; «к» әрпімен-42; (тек ескертетін нәрсе бұл қатардағы «К» әрпімен басталатын мақалдар ішінде «Қ» әрпімен жазылатындар да баршылық- Н.Ж.); «М» әрпімен—3; «Н» әрпімен-1; «о» -2; «ы»-1; «с»-21; «т»-25; «у»-16 (мұнда қазақ тіліндегі «Ұ», «Ү», «Ө» әріптермен келетіндер «У» әрпімен берілген- Н.Ж.); «ш»-11; «э» әрпімен 5 мақал берілген. Демек бұл шараларды қолданудағы мақсат фольклорлық мәтіндерді әрі өзара тез ажырату, әрі көлемін анықтау екені күмәнсыз.

Жинақтың екінші топтамасы Ақмешіт қазағының жұмбақтарына арналады. Беттегі барлық жұмбақ саны-146 [155,13-20 б.]. Әр бетке шамамен 15-18 жұмбақтан келіп отырған. Әр жұмбақ жоғарыдағы мақалдар тәрізді реттік сандармен нөмірленіп, ажыратылып отырған. Жұмбақтар да мақалдар тәрізді алфавит тәртібімен берілген. Әр жұмбақтың шешуі сол жұмбақтың соңында сызықша арқылы ғана ажыратылған. Шамасы жинаққа мәтіндерді алфавит тәртібімен енгізудегі мақсат- тілдің орфографиялық заңдылығына сәйкес әріптердің орналасу реттілігін зерттеушілерге ұғындыра отырып, сол арқылы керекті мәтінді алфавит тәртібімен тез табу мүмкіндігін ескергені сөзсіз. Мәселен: «Адамсыз кетеді, айтса тік тұрады, тағдырда жазған.- Құран»,- деген тәрізді [155,13 б.]. Алфавит тәртібі бойынша: «а» әрпімен басталатындары- 29 жұмбақ (бұл ретте «ә» әрпімен жазылатын жұмбақтар да «а» әрпімен берілген-Н.Ж.); б-18; Д-2; с-6; ж-19; и-4; к-25 (ішінде «қ» әрпімен келетіндер де бар- Н.Ж.); м-4; н-1; о-7; с-4; т-12; у-10 (ішінде ө,ұ,ү әріптермен келетін жұмбақтар да у әрпімен берілген- Н.Ж.); ш-5 әрпімен жұмбақ тұтастай алынған. Жалпы бұл оқу хрестоматиясында фольклорлық текстер тегіс орыс әрпімен қазақша, өте қарапайым берілген. Ал, жинақтың үшінші топтамасы Түркістан, Шымкент, Әулие-ата қазағының мақалы ретінде берілген. Мұндағы 10 бет ішінде 199 мақал топтастырылған [155, 21-30 б.]. Әр бетте 17-21 шамасында мақалдар тізбегі бар. Бұл да реттік сандармен нөмірленіп, алфавит тәртібімен берілген. Демек хрестоматия авторы әр жерден жиналған фолькорлық үлгілерді өзара араласып кетпесін дегендей, әр жердің фольклорын жеке-жеке беруі жинақ маңызын арттырады. Сол үшін де арнайы атау беріп, жинаққа жеке-жеке топтаған тәрізді. Ал, бұл өз кезегінде жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттейтін тіл мамандарына баға жетпес қазына көзі болары анық.

Жинақтың төртінші топтамасы қазақ ертегілеріне арналған [155,31-90 б.]. Мұнда жинақтың 60 бетін қамтыған қазақтың 26 ертегісі бар. Әр ертегі бір-бірінен 1-ден 26-ға дейінгі сандармен ажыратылған. Ертегі тақырыптары көрсетілмеген. Біріншісі- қиял-ғажайып ертегісі: хан мен оның 40 ұлы төңірегінде болады. Өзі жарты беттей көлемді алса да, оқиғасы қызықты. Хан еліне жарлық қылып, арық қазуды, суы алтын, жағасындағы ағаштары да алтын болуын талап етіп қыстағанда, араға кенже баласы араласқаны сөз болады. Ол айтқандарды бір өзі орындағаны келтіріледі. Баласы әкесі- ханға істеген ісін көрсетуге барғанда, дауыл тұратынын, ол кезде ағаштың тамырын ұстаса да әкесіне ешбір жерге бармау керектігін ескертеді. Хан отыз тоғыз ұлымен ол ескертулерді ескермей, ақыр соңында бәрі қаза болады. Ертегі әлгі жас баланың патша болып мұратына жетуімен аяқталады [155, 31 б.]. Екінші мәтін тұрмыс-салт ертегісіне жатады: онда бір қарттың аманатқа берген 100 теңгесін бермей кетпекші болған жігіттің ақыр соңында қазының ұялтқан сөзінен кейін аманатты қайтарғаны сөз болады [155,31-32 б.]. Үшінші ертегі: әкесі Қарынбайдың берген ақшасына жалғыз баласы нәрсе алмай, бір шалдың «Әдемі әдемі емес, әркімнің сүйгені әдемі»- деп айтқан насихат сөзін сатып алып, ақыры бұл сөздің өзін жолкеспе ұрылардан жанын сақтап қалуына, мұратына жетуіне себепкер болғандығы айтылады [155,32-33 б.]. Төртінші ертегі- төрт қарақшы төңірегінде болса [155, 33-34 б.]; бесінші ертегі де –қарақшы туралы [155, 34-35 б.]. Ертегінің алтыншысы- жарлы бала [155,35-37 б.]; жетіншісі- ұлы мен қызы жоқ бір бай турасында [155,37-39 б.]; сегізіншісі- бір байдың бурасы жөнінде [155, 39-40 б.]. Кітапта сонымен бірге «Ағайынды жігіт»; «Тоғыз тоңқылдақ пен бір шіңкілдек»; Асан қайғы; 40 өтірік ; Ойшы ағайынды үш жігіт; Шұбар тай ; Қара бура мен ұры; Сарт пен түлкі; Жалғыз көзді дәу; Көк өгіз; Көк бие ; Жиһан кезуші Байбатыр; Ағайынды үш жігіт ; Бір бай туралы ; Байдың жалғыз баласы; Көк қошқар; Қарт патша [155, 40-90 б.]- жалпы саны 26 ертегі бар. Ертегілердің қайдан алынғаны көрсетілмеген.

Жинақтың ішінде қазақтың әр түрлі термесі, өлеңі берілген. Жинақтың 125 бетін құрайтын бұл бөлімде: 63 өлең шумақтары бар [155, 91-106 б.]. Алғашқы жеке-жеке берілген сегіз шумақ: «Қолыма қалам алдым...»,- деп басталады. Ал, қалғандарының біразы 21,11,15 жолдардан тұратын терме үлгісі; сондай-ақ 14, 9, 8, 29 жолдық жыр жолдарын құрайды [155, 100-106 б.].

Хрестоматиядағы 64-ші нөмірмен Байтемір болыстың қазағы Бекназар батыр дегеннің Өтеулі деген баласының 15 жаста опат болуына байланысты Тоқпақ уезіндегі досы Ғабдурахман қожаның айтқан жоқтауы берілген. Жоқтау 74 жолдан тұрады [155,106-108 б.]. Ал, 65-ші нөмірмен Мерке болысының биі Тоғамбай Тұрлыбайұлының ұл баласы өлгеніне інісі Қоңғырбай Тұрлыбайұлының айтқан жоқтауы берілген (жоқтау 39 жол) [155, 108-110 б.]. Одан әрі 85-ке келіп қайтыс болған Ботпай Сыпатай батырдың қазасына қыз-қатындардың айтқан жоқтауы орналасқан (жоқтау 25 жол) [155, 110-111 б.]. Келесі ретте «Айдос батыр» туралы 202 жол өлең мен қара сөз аралас [155, 139-147 б.]. Жинаққа Әйеке болыстың қызының жоқтағаны енгізілген [155, 147-153 б.]. (Жоқтау үлгісі 216 жолды еншілеген). Жыр 142 өлең жолдан тұрады. Жырдың ұйқасы да әр келкі, буын саны да аралас келеді. Жинақтың 77—нші ретімен «Қара құл», 78-нші ретімен «Тақ Сүлеймен» деген [155, 158-206 б.] қисса-дастандар берілген. «Қара құл» қиссасы –324 жыр жолын, ал «Тақ Сүлеймен» қиссасы –1233 тармақты құрайды. Ал, «Абу Жайл» нұсқасы- 131 шумақтан, яғни 524 жыр жолынан тұрады [155, 206-225 б.].

Қорыта келгенде, Я.Лютштің құрастырған «Киргизская хрестоматия» жинағына: 472 мақал, 46- жұмбақ, 26 ертегі, 63 шумақтан тұратын жекелеген өлең жолдары, 4 жоқтау үлгісі, 3 ақын өлеңдері, 2 терме-жыр, 2 айтыс, 2 эпостық нұсқа, 4 қисса-дастан енгізілген. Тек бір өкініштісі, нұсқалардың нақты кімнен, қай уақытта жазылынып т.с.с. алынғанына қатысты деректер келтірілмеген. Ендеше жинақтың ғылыми сипаттан гөрі бұқаралық, көпшілік мақсатта жарияланғаны анықталады. Дегенмен фольклордың бірнеше жанрларын арнайы түрде жинап, хрестоматия түрінде басу Я.Лютш еңбегінің маңыздылығын арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ бұл хрестоматияның кейінгі ХХ ғасырдың бірінші жартысында басылым көрген түрлі оқу құралдарына, хрестоматияларға, жинақтарға үлгі-жоба болғаны анық. Сөйтіп, ХХ ғасыр соңындағы ерекшелік-жетістік: жеке бір жырдың жеке кітап болуы; әр жанрға жеке жинақ арнауы дер едік.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетіне қатысты 200- ден аса кітап басылған. Оның ішінде: мақал-мәтелдер топтамасы-4 [156], қиссалар мен эпостық үлгілер- 100 шақты [157], жұмбақтар-4 [158], ертегілер-10 [159], оқу құралдары [160], аңыздар-3 [161], түрлі баталар-3 [162], тойбастар, жоқтау, термелер- 5 шақты [163] т.с.с. Сонымен бірге жоғарыда аты аталмаған И.Лаптевтың еңбектері [164], атақты Ә.Диваев құрастырған қазақ мақалдары [165], Сырдария облысы қазақтарының үйлену салт- жоралары [166], орысша-қазақша сөздік [167] те бар.

1910-1917 жылдары шыққан кітаптардың ақпараттық деңгейі әр түрлі. Сонымен қатар 1900-1917 жылдардағы жинақтардың ғылым үшін маңызына қарай былай топтауға болады:

1) Құр мәтіннің өзін жариялаған кітап. Тек араб әрпінде берілген.

2) Алғысөзі бар жинақ (арабша-кириллица әріпте берілген текст).

3) Алғысөз бен түсініктемесі бар, орысша аудармасы бар.

Мәселен, бірінші топтағылар тек қазақ оқырманына арналған. Онда қазақ қауымына таныс шығарманы жариялап, ел арасына тарату көзделген. Сол себепті ешбір алғысөз, түсініктер берілмеген. Мәтін сөздерінің тілдік ерекшеліктерін сақтау мақсат етілмеген. Кітаптар араб әрпінде ғана басылып, қазақ елінің сауатын аша түсуді де мақсат еткен. Мәселен, «Қисса-и-Айман-Шолпан» (Қазан, 1900), «Қисса-и-Мәлік Хасан» (Қазан, 1900) т.б. Бұл еңбектерді кім бастырған, кім жинаған, кім дайындаған т.б. тәрізді деректер келтірілмеген. Мәтіндердің барлығы да араб графикасымен берілген. Беттер әдеттегідей солдан оңға қарай емес, араб графикасының ерекшелігіне орай оңнан солға бағытталып, араб сандарымен белгіленген. Және де әр беттің соңында келесі бетте басталатын сөздің жеке оқшауланған қалпын келтіріп отырған. Ондағы мақсат беттің рет сандары сақталмаған жағдайда да, осы сөз қайталамасы арқылы да бет ретін сақтаудың екінші қосалқа жолын қолдану екені белгілі. Әдетте кітаптың реттілігін бұлай белгілеу дәстүрі ортағасырлық қолжазбаларда жиі кездеседі. Демек ХХ ғасырдың басында бұл дәстүрді әрі қарай баспахана иелері де кітап бастыру ісінде де қолданған. Кітаптың сыртқы бетінде мәтіннің жоғарыдағыдай паспорттық деректері бірге беріледі. Кітап беттері жұқа болса да, сапалы жасалған. Мәтін жазулары толықтай қара бояумен көмкерілген. Егер де мәтін өлең түрінде, яғни ырғақ шумақ, ұйқасқа негізделіп жазылса, онда әр бетте екі қатарға бөлініп орналасу іске асқан. Онда да өлең жолдары бірінші оң қатарды толтырған соң ғана барып, сол беттегі сол қатарға ауысып отырған. Кітаптың сыртқы мұқабасынан кейінгі ішкі алғашқы бетінде кейде жұлдызшаның, кейде жақшаның ішінде кітап аты үлкен (кітаптың басқа беттеріндегі әріптерге қарағанда) әріптермен бет ортасындағы маңдайшаға жазылған. Сондай-ақ кітап тақырыбы маңайы оюлармен әшекейленіп безендірілген. Бұл кітаптардың көлемі кейін жиі кездескен 100, не 200 беттерден емес, керісінше 20, не 30, не 40 т.с.с. бет мөлшерінен тұрады. Кітап соңы әдетте жақша ішіндегі «тәммә» деген араб сөзбен, яғни аяқталу, білу деген ескертумен аяқталып отырған. Демек бұл белгі кітаптың соңы дегенді білдіру үшін алынған.

Ал, келесі бір кітаптарға келетін болсақ, онда кітаптың аты, шыққан жылы, басылым көрген қаласымен бірге кітапты құрастырған иесі мен шығарушысы кім екені көрсетіледі т.б. Мәселен, «Қисса-и Біржан сал мен Сара қызының айтысқаны» (Қазан. Университет табиғханасы. 1900. 19 б.) кітабының құрастырушысы Жүсіпбек Шайхулислам ұғлы делінсе, шығарушысы Шәмсуддин Хұсайын ұғлы деп көрсетілген. Демек бұл кітаптардың құрастырушылары мен шығарушылар кімдер екені анықталған. Сондай-ақ әр кітаптың сыртқы мұқабасының төменгі жағында кириллица әрпімен орыс тілінде: «Дозволено цензурой С.-Петербург 25 октября 1899 г. Казань. Типолитография Императорского Университета. 1900»,- деген тәрізді сілтеме де бірге беріліп отырған. Демек патша үкіметінің цензурасы тарапынан қай күні, қай жылы рұқсат т.с.с. алынғанына дейінгі ақпараттық деректердің міндетті түрде кітаптың сыртқы мұқабасында көрсетілуі қажеттігі де қарастырылған. Ендеше бұл кітаптар, негізінен, бұқаралық сипатта басылғандар.

Екінші топтағылар қазақ қана емес, басқа да, кириллицаны білетін адамдар үшін есептелген. Мұнда жоғарыдағы кітаптарда кездесетін өзгешеліктермен қатар, кейбір кітаптарда мәтіннің екі тілде, яғни қазақ (араб графикасында) және орыс тілдерінде қатар берілуі де іске асқан. Тіпті мәтіннің нешінші рет шығарылғанына дейінгі деректер де қамтылған. Бұл кітаптар, көбінесе басқа ұлт өкілдері тарапынан жазылған. Мәселен, қазақ мақалдарының жинағы 1900 жылы жарық көреді. Оның бірінің алғысөзін жазып, құрастырған әйгілі Ә.Диваев. Бұл кітап мәтіні араб әрпімен қазақ тілінде жазылған да, бөлім аттары орыс тілінде берілген. Жинақтың басылым көрген қаласы- Ташкент, бастырушы- В.М.Ильин. Кітап көлемі- 13 бет те, таралымы 5 дана. Бұлар, негізінен, оқу-ағарту мақсатындағы кітаптар болды.

Үшінші топтағылар зерттеушілерге арналған. Негізінен, ғылыми-көпшілік, не ғылыми сипатта басылғандар. Мәселен, Н.Н.Пантусовтың жинаған қазақ мақалдары Жетісу облысының Қапал уезінде қағазға түскен және де бұл деректер қазақ халқының тілдік ерекшеліктерін зерттеу үшін мәтін көзі ретінде жиналған. Мәтін транскрипциясымен, аудармасымен бірге берілген. Жинақтың алғысөзін белгілі түріктанушы Н.Катанов жазған. Жинақтың Қазан қаласындағы Университет баспаханасында 1900 жылы, көлемі 39 беттен тұратын кітап түрінде шыққандығы турасында ақпараттар бар. Бұл жинақ түріндегі мақалаларды басудағы мақсат қазақ тілін зерттеу екендігі сөзсіз. Мұның бәрі де жинақ маңыздылығын арттырады.

1901 жылы шыққан «Материалы к изучению казак-киргизского наречия» атты кітаптың сыртқы мұқабасында Н.Н.Пантусовтың аты-жөні көрсетілген. Жиналған мәтіннің жалпы қазақ тіліндегі диалектикалық ерекшеліктерді зерттеу үшін алынған. Үшінші рет басылым көрген, мәтін негізіне қазақтың «Қарамерген» деген ертегісі алынған. Мәтін транскрипциясымен, аудармасымен бірге берілген [168]. Сондай-ақ белгілі түріктанушы Н.Катановтың алғысөзі бар [168, 3-4 б.]. Жинақта «Қарамерген» ертегісі жарияланған. Мәтіннің лингвистикалық ерекшеліктерімен қатар этнографиялық сипаты да мәнді. Өсімдіктер мен аңдарға, биік таулар басында түрлі аруақтар мекендеуі туралы халықтың діни наным-сенімдері хақында деректер келтірілген. Сонымен бірге қазақ ертегілерінің парсы елінен келген деген пікір де бар. Каф таулары, жалмауыз кемпір, жезтырнақ, перілер т.с.с. турасындағы бейнелер т.б. сөз болады. Жалпы ертегінің қысқаша мазмұны мынадай: Қарамергеннің аңда перінің қызымен кездесуі, бір жылдан соң балалы болуы, өсе келе ол баланың патша болғаны, перілер арқасында Қарамергеннің ерекше баюы, ал байқаусызда Құдайды ауызға алуы сол-ақ екен, бүкіл перілерден алғандары сол сәтінде-ақ жоғалып кеткені, сөйтіп Қарамерген бәз баяғы қалпына түскені баяндалады т.б. Екі беттен тұратын кітап кіріспесі орыс тілінде берілген. Ондағы мақсат: орыс тілді халықтарға мәтіннің оқиғасының қысқаша мазмұнын айта отырып, олардың кітапқа деген қызушылығын арттыру.

Кітап үш бөлімнен тұрады: біріншісі- қазақ тіліндегі мәтін араб әрпімен берілгені [168, 5-15 б.]. Ол еңбектің 11 бетін алып тұр. Екіншісі – араб әрпімен емес, орыс тілінің транскрипциясымен, яғни кириллица негізінде жазылған қазақ тіліндегі мәтін [168, 16-23 б.]. Бұл еңбектің 8 бетін қамтиды. Үшінші бөлімде қазақ тіліндегі мәтіннің орыс тіліндегі аудармасы берілген [168, 24-35 б.]. Бұл бөлім кітаптың 12 бетін алады. Енді әр бөлімге жеке-жеке тоқталайық. Бірінші бөлім орыс тілінде «Киргизский текст» деп басталса, әрі қарай араб тілінде «Қарамерген» деген қазақтың бір ғажайып ертегісі» делінсе, жақша ішінде «1898-інші жылда 10-ншы сентябрьде» деген ескертпе бар [168, 5 б.]. Мәтін әрі қарай араб әрпімен: «Бұрынғы өткен заманда қазақ жұртының бір Қарамерген деген кісісі болыпты...»,- деп басталады. Беттер араб әрпінде жазылған. Беттер реті бұрын басылым көрген басылымдардағыдай, оңнан солға қарай емес, керісінше, орыс тілді кітаптарындағыдай солдан оңға қарай бағытталған. Әр бет 22 жолдан тұрады. Мәтін соңы «Таммат тәмам» деп аяқталады.

Аудармасы берілген үшінші бөлімде мәтіннен алынып әр бет соңында арабша да, кириллица әрпінде де жазылған кейбір қазақ сөздерінің орысша аудармасы бірге берілген. Сөйтіп барлығы 12 бет аударма орын алған. Мәселен, «қара» сөзі- «черный», «мерген»- «стрелок», «құлан»- «дикая лошадь», «уық»- «длинные палки в юрте, одним концом прикрепляемые к нижним решеткам (кереге), а другим концом к верхнему кругу (шанырак)» т.б. деген мағынада этнографиялық түсініктеме түріндегі аудармасымен бірге берілген [168, 24-25 б.]. Мұндағы қазақ мәтіні ішінде орыс тіліндегі балама аудармасы жоқ кейбір ұлттық ерекшеліктерді беретін сөздер (уық, кереге, шаңырақ) сол қалпында өзгеріссіз беріліп, оның есесіне оның орыс тілінде қандай түсінік беретіні ескеріліп отырылған. Демек Н.Н.Пантусовтың фольклорлық мәтіннің орыс тіліндегі аудармасын бергенде, сөзбе-сөз аудармасын берумен қатар тілдік ерекшеліктерге де назар аударуы т.б. – бәрі де бұл хрестоматия үлгісінде жарияланған фольклорлық мәтіннің, негізінен, лингвистикалық сипатта жазылғанын танытады.

«Материалы к изучению казак-киргизского наречия» атты кітаптың 4- ші шығарылымы бір ұрының ақырында хан болуы тұрғысындағы ертегісімен берілген. Кітапты құрастырушы Н.Н.Пантусов, мәтіннің өзі де, транскрипциясы да, аудармасы да бірге берілген. Кітап Қазан қаласындағы Императорлық Университет баспаханасында 1901 жылы жарияланған. Ішкі бетінде 1901 жылдың 20 июль күні С.Петербург цензурасы тарапынан басылуға рұқсат етілгені туралы ақпарат бар [169].

Кітаптың кіріспесі профессор Н.Катанов сөзімен ашылады [169, 3-4 б.].Мұнда да ертегінің қысқаша мазмұны баяндалады. Сондай-ақ бұл үлгідегі ертегілер басқа да түрік тектес халықтарда кезесетінін ескертеді. Кітап үш бөлімнен тұрады: біріншіде- араб әрпінде жазылған қазақша мәтін. Кітаптың екінші бөлімінде- қазақша нұсқаның орыс әрпіндегі транскрипциясы берілген [169, 13-20 б.]. Кітаптың үшінші бөлімі- үлгінің орыс тіліндегі сөзбе-сөз аудармасы ретінде берілген [169, 21-30 б.]. Мұнда да орыс тілінде кездеспейтін кейбір қазақ сөздеріне бет соңында түсініктемесі бірге келтіріліп отырған. Мәселен, желмаяны аударғанда: «Одногорбый быстроногий верблюд»,- деп көрсеткен [169, 29 б.]. Жалпы бұл ертегі де хрестоматия үлгісінде жарияланған. Н.Н.Пантусовтың бұл хрестоматияға енгізген бір мәтінінің үш түрде (әрі араб әрпінде, әрі кириллица әрпінде, әрі орыс тілінде аудармасы) берілуі бұрынғы фольклорлық жарияланымдармен салыстырғанда жақсы қадам болды. Себебі: біріншіден, Н.Н.Пантусов қазақ мәтінін араб әрпінде беруі- сол кездегі ғылым талабымен (шығыстану тұрғысынан) түпнұсқаны беру үшін алынса, әрі шығыстық білім алған халықтың көпшілігінің мәдени мұраға деген рухани мұқтаждығын ескеруден туған. Екіншіден, қазақ мәтінін кириллица әрпінде беруі- сол тұстағы орыс шығыстанушы мен түркітанушылар, әрі орысша оқыған қазақтар үшін, әрі халықтың орыс тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне деген сұраныстың көбеюін ескергендігі байқалады. Үшіншіден, мәтінді орысшаға аударуы- Ресей ғалымдарына арналғандығын да көрсетеді. Ондағы мақсат: фольклорды әрі қазақ тілін зерттеушілерге, әрі орыс пен қазақ фольклорының өзара байланысын зерттеушілерге, әрі қазақ халқының әдет-ғұрпын, наным-сенімін, тұрмыс-тіршілігін зерттеушілерге, әрі бұларды батыс еліне таныстыру үшін т.б. қажетті дерек көзі ретінде пайдалану. Ал, бұл жинақтың зерттеушілік мақсат үшін жарияланғанын дәлелдейді. ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде фольклорлық үлгілерді үш түрде жариялау, яғни әрі араб әрпі, әрі кириллица, әрі орысша аудармасымен бірге беру т.с.с.- бәрі сол тұста қалыптасқан ғылыми жариялау талаптары екені анық. Мәтіннің бұлай үш түрде берілуі хрестоматияның жақсы жағы болса, әрі Н.Пантусов кітаптарының бәріне ортақ белгі. Ал, кемшілігі- ара-тұра үлгінің қайдан алынғаны турасында деректердің көрсетілмеуі.

Демек, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бір қаланың өзінде-ақ жарыққа шыққан түрлі фольклорлық басылым әр түрлі деңгейде болғаны анықталады. Белгілі бір кітаптың, не жинақтың атын көрсетуде, шыққан жылын, Патша үкіметінен рұқсат алған күнін екі тілде, яғни қазақ-орыс тілдерінде ескерту, шығарушы баспаның атын, кімнің қаржысына шыққанын анықтауға т.с.с. қатысты берілген деректерді еңбектің сыртқы мұқабасында келтіруде- жинақ ұтымдылығын танытса, ал мәтіннің жазылынып алыну құжатына қатысты дерек көздерінің: кімнің ауызынан, қалай, қай уақытта, қай жерде, қай тәсіл арқылы қағаз бетіне түскендігінің т.с.с. болмауы сол кезең ерекшелігін танытатын кемшіліктер қатарына жатады.

Сол кездегі қалыптасқан шығыстану ғылымы талабы бойынша кез келген мәтіннің түпнұсқасы міндетті түрде арабша берілуі қажет деп табылған. Себебі шығыстанушы ғалымдар түпнұсқаға көп көңіл бөлген. Жинақта бұл талаптың орындалуы оның ғылыми сипатта жарияланым көргенін танытады. Ал, мәтіндердің өзара реттік сандармен ажыратылуы жүйелілік талабынан туындаған. Ондағы мақсат: қарастырғанда, зерттегенде, салыстырғанда бір мәтіннің әрі түпнұсқасын, әрі транскрипциясын, әрі аудармасын өзара тез ажырату үшін қажет болған.

Ғалым Н.Н.Пантусов құрастырған «Материалы к изучению казак-киргизского наречия» кітабының алтыншы шығарылымы жақсы мен жаман билер хақында айтылған қазақ әндеріне арналған [170]. Мәтіндегі сөз дыбыстарының өзгешеліктерін дәлдеп көрсету үшін, кириллица таңбаларымен мәтіннің ғылыми транскрипциясы келтірілген. Соңынан «қой», «шыбын», «болыс», «қайтіп», «тұлпар т.б. деген сөздерге түсініктемелер қосақталған [170, 9-12 б.].

Бұл түсініктемелер кітап соңында берілмей, мәтін соңында сілтеме түрінде орналасқан. Ерекшелігі: мәтін ішінде кездесетін 9 сөзге мағыналық жағынан түсініктемелер берілгенде, ол сөздің қайдан келгеніне, немесе парсы тіліндегі мағынасына (мәселен, «қой» сөзі парсы тілінде «хуат» сөзінен деп көрсетілген) назар аударса, ал «шыбын жаным» тіркесіндегі «шыбын» сөзіне келгенде, оның қазақтар түсінігінде адамның жаны ұғымында қолданатыны, яғни адам жан бергенде «шыбын» түрінде көрініс беретіні де т.б. сөз болады. Сондай-ақ, мәтіннің таза орыс тіліндегі аудармасы енгізілген [170, 13-15 б.]. Мәтіндегі өлеңдер, көбінесе орыс тіліне сөзбе-сөз аударма түрінде берілген. Мәтіндердің бұлайша екі тілде, әрі қазақ тілінде (араб әрпімен), әрі орыс тіліндегі аудармасы бірге берілуі жинақ маңыздылығын арттырады: біріншіден, әрі орыстың ғалымдары мен түркітанушылары, әрі орысша оқыған қазақтар үшін қажет болса, екіншіден, жалпы Ресей ғалымдары мен Еуропа ғалымдарына арналғандығын танытады. Ондағы ғалым көздеген мақсат: осындай үш түрде (әрі араб әрпі, әрі кириллица, әрі орыс тіліндегі аудармасы) жарияланым көрген ғылыми жинақтар арқылы қазақ елінің мәдениетін бүкіл әлем жұртшылығына таныстыру.

Жалпы қамтылған мәтіндер өзара реттік сандармен белгіленсе де, өлең шумақтары ажыратылмаған. Сол себепті әр үлгідегі ұйқасы да әр түрлі: бірде кезектес, бірде шалыс, көбінесе қара өлең ұйқас түрінде алынып, буын саны да аралас келеді. Мәселен:

Әуелі сөз сөйлейін Жаратқаннан (-а)

Нұр жауар ер жігітке талаптанған (-а)

Кезегі сөйлейтұғын келгенінде (-ә)

Не болар жігіт адам қарап қалған (-а)...,-

делінген өлең жолдарынан [170,5 б.], оның қара өлең ұйқасына құрылған, 3 бунақты, 11 буынды өлең екенін көрсетеді. Әр өлең жолынан кейін нүкте, үтір тәрізді тыныс белгілері кітапта көрсетілмеген. Енді осы үзіндінің орысша аудармасына көз салайық:

Начну слово о Создатель (т.е. именем Божьим).

На молодца, ищушего познания, дождем сыплется (Его) нур.

Когда наступит очередь говорить,

То какой-же молодец промолчит?-

деген іспетті сөзбе-сөз аударма үлгісі орын алған [170,13 б.]. Бір өкініштісі бұл мәтіндердің кімдерден алынғандығы, қалай, қандай тәсілдер арқылы қағаз бетіне түсірілгені, оның жазып алыну уақыты, жері көрсетілмеген, яғни текстің паспорттық деректері жоқ. Бұлар сол кезеңде фольклор үлгілерін жариялауда ғылыми талаптардың толық қалыптасып үлгермегендігін көрсетсе керек. Ал, сол кездегі мұндай көлемі неғұрлым шағын, қаржы аз жұмсалатын, қайтарымы тез кітаптарды баспадан шығару т.б.- бәрі сол кез үшін ең тиімді жолдардың бірі болғандығын дәлелдейді. Сонымен қатар бұл кітаптардың халықты бірте-бірте сауаттандырудағы маңызы ерекше болғаны да анық.

Жақсы һәм жаман қатындар турасында жинақталған өлеңдер жинағын [171] құрастырған Н.Н.Пантусов о баста фольклорлық мәтіндерді қазақтың жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеу нысанасы ретінде қолдануды көздеді. Және осы арқылы қазақ фольклорын жан-жаққа насихаттады, орыс тілді елдерге таныстырды. Жинақтың маңыздылығы: паспорттық дерек көздері кітаптың алғашқы беттеріне жинақталып берілген. Мәселен, жинақ құрастырушысының аты-жөні, қандай мақсатқа арналғаны, басылым реті көрсетілді. Сондай- ақ мәтіннің қысқаша мазмұнына қатысты мағлұмат берілді. Одан әрі араб әрпіндегі мәтіннің өзін, мәтіндегі сөз дыбыстарының өзгешеліктерін дәлелдеп көрсету үшін кириллица әрпімен фонетикалық транскриациясын да бірге берген. Сондай-ақ мәтін түсінікті болу үшін орыс тіліндегі сөзбе-сөз аудармасының да бірге берілуі, әрі жинақ белгілі профессор Н.Катановтың алғысөзімен ашылуы т.б.- бәрі сол дәуірдегі қазақ фольклорын жинақ етіп жариялаудың дәстүрлі талаптарын қалыптастыруда маңызы ерекше болды.

Жинақтың тағы бір маңыздылығы, алғысөзден [171, 3-4 б.] кейін кітаптың үш бөлімге бөлініп, біріншісінде- қазақ мәтінінің араб әрпіндегі нөмірленген 34 шумағын рет-ретімен берілсе [171, 5-11 б.], екінші бөлімде- осы өлең шумақтарының кириллица әрпіндегі ғылыми транскрипциясын көрсетілуі [171, 12-16 б.] т.б.- бәрі кейінгі фольклортанушы ғалымдарға фольклорлық үлгінің ғылыми жарияланымын қалай баспадан шығару керектігін дәйектеген үлгі- жобаға айналған. Кемшілігі дегенде, мәтіннің қалай, қашан т.б. жазылып алынғанына қатысты деректер берілмеген.

Жалпы бұл өлеңдердің авторы белгісіз. Жеткізуші ақсақал пікірінше өте ерте кезден ел арасында айтылып жүрген үлгі екендігі сөз болады. Және де бұл үлгі қазақ жерінің түкпір-түкпірінде жиі айтылатыны, түрлі нұсқада келетіні, әрі ол нұсқаны айтатын ақындар әнді өз атынан айтып, оған өз жанынан бірнеше сөздер қосатыны т..б. тәрізді дерек көздері жинақ алғысөзінде берілген. Дегенмен профессор Н.Катанов алғысөзде бұл өлең жолдарының иесі ретінде Ыбырай есімін келтіреді. Тек ол қай Ыбырай, ата-тегі толық берілмеген. Сондай-ақ алғысөзде: қазақ ерлерінің өз әйелдеріне қалай қарайтыны; әйел азаматтарының тұрмысының ауырлығы; бала тәрбиелеуде, үй шаруашылығында әйелдердің орны, сөзге шешендігі, т.б. әйел мәселелері- бәрі де ғалымды толғандырады. Ал, өлең жолдарына келетін болсақ:

Қара қас жарық маңдай, қара көзді,

Дауысы жіп-жіңішке жұмсақ сөзді.

Мінезі майға еріткен қорғасындай

Көрсең де ертелі-кеш бір мінезді,-

деп берілген [171,5 б.]. Міне, бұдан біз өлең жолдарының, көбінесе үш бунақты, 11 буынды қара өлең ұйқас түрінде келетінін білдік. Мәтіндердің араб әрпіндегі түпнұсқалары кириллица әрпінде берілген фонетикалық транскрипцияларымен дәлме-дәл, әрі орысша аудармаларымен сөзбе-сөз келуі- бәрі де жинақтың ғылыми сипатын танытады. Жинақтағы берілген 34 мәтіннің әрқайсысы бір-бір шумақ көлемінде ғана, және де бәрі сұлу әйелді суреттеуге арналған.

Н.Пантусовтың 1909 жылы жарыққа шыққан «Образцы киргизской народной литературы» атты кітабы қазақтың 7 ертегісін, түрлі-түрлі наным-сенімге байланысты бата, арбау, қарғыс т.б. тәрізді тұрмыс-салт жырлары үлгілерін де қамтыған. Бұлар алдыңғы жинақтарға енбеген тың үлгілер. Жинақ сыртында: фольклорды жинап, құрастырған Н.Н.Пантусов есімі, кітап аты (Қазақ халық әдебиетінің үлгілері), мәтін мен оның аудармасының тақырыптары бірге берілген. Кітаптың ішкі бетінде Археология, Тарих және Этнография Қоғамының Кеңесі бойынша басылым көргені, хатшысы Б.Вареке екені де көрсетілген.

Одан әрі жинақ мазмұны беріледі. Онда бір беттегі екі бағанның бірінде орыс әрпімен ертегілердің, тұрмыс-салт жырлары үлгілерінің аты беріледі де, дәл қасында жинақтағы бет көрсеткіштері: алдымен орыс тіліндегі аударма мәтіннің бет көрсеткіштері, одан кейін жақша ішінде араб әрпіндегі қазақ мәтінінің бет реті т.б.- бәрі бірге бір жолдың бойында жазылған. Берілген мәтіндер екі тілде, қазақ-орыс тілдерінде берілген. Алдыңғы жинақтарға қарағанда, кемшілігі- кириллица әрпіндегі транскрипциясы мен кіріспесі жоқ. Орыс тіліндегі аудармалар жинақ алдындағы 55 бетті құраса, ал артынан берілген фольклорлық мәтіндердің араб әрпіндегі түпнұсқасы да 55 бетті қамтиды. Және де араб әрпіндегі үлгілер жинаққа қосымша ретінде енгізілген.

Жинақтың беттерінде ертегілер: «Әулие ишан», «Әділетті патша», «Хан мен Қызыр», «Сүлеймен пайғамбар», «Кептерлер турасында», «Момынбай мен жеті қарақшы», «Шығайбай мен Алдар көсе» [172] т.б.- бәрі де жеке-жеке рим сандарымен бөлініп, ажыратылып, рет-ретімен берілген. Ертегі тақырыптары тек жинақ мазмұнында көрсетілгенмен, тікелей алғашқы тәрт мәтін тұсына келгенде [172, 1-11 б.] жазылмаған. Ал, қалған соңғы үш нұсқа тұсында тақырыптары жазылған. Шамасы, жинақ құрастырушысы төрт мәтіннің бет көлемінің аздығына бола (бірінде- 2 бет, екіншісі- 5 бет, үшіншісі-4 бет, ал төртіншісі-3 бет) жеке-жеке тақырыптарын мазмұнында көрсетіп, жинақ ішіне келгенде, арнайы жазуды мақсат етпесе керек. Кейінгі ертегілердің бет мөлшері әрі көлемділеу, әрі мазмұны бәріне танымал болып келгендіктен: («Кептерлер турасында»- 11 бетті, «Момынбай мен жеті қарақшы»- 8 бетті, «Шығайбай мен Алдар –Көсе» - 4 бетті құрайды [172, 18-22 б.]) тақырыптарын әрі мазмұнында, әрі жинақ ішінде көрсетуді жөн санаған тәрізді. Бұл жағдай араб әрпіндегі қосымшада да сақталған. Жинақтың әр бетінің жоғарғы жұп сандарымен нөмірленген жағында «Н.Н.Пантусов» есімі орта тұсында жазылынып отырса, ал тақ сандармен белгіленген беттер тұсында: ертегілер болса, «қазақ ертегілері» (киргизские сказки) деп, егер қазақтың наным-сенімдері болса, «киргизские поверья и приметы» деп т.с.с. көрсетіліп отырған.

Нұсқа ішінде кездескен кейбір түсініксіз деп тапқан сөздердің ғылыми түсініктемесі сол беттің төменгі жағында арнайы оқшауланып беріліп отырылған. Мәселен, қазақ фольклорында жиі кездесетін Қызыр бейнесіне мынадай түсініктеме берілген: «Хизир (Қызыр дегені- Н.Ж.) –Пророк, живущий и теперь являющийся в разных видах людям, принося им утешение и счастье. Хизир показывает счастливейшим людям в виде путников и странников. Результат посещения Хизира, впрочем, зависит от приема, который оказывают ему: если хозяин дома примет Хизира ласково и угостит чем богат, на хозяина посыплется всякая благодать, а если Пророк не принят или принят плохо, то хозяина ожидает несчастье. Хизир особенно часто посещает людей во время поста «Рамазан», а потому в это время никому не следует отказывать от гостеприимства»,- делінген [172, 7 б.]. Жинақ ішіндегі берілген әрі қазақ (араб әрпінде), әрі орыс тіліндегі мәтіндерді өзара салыстырғанда, тілдік, стильдік, мағыналық, кейіпкерлері, оқиғасында өзгеріс жоқ. Тек қосымша ретінде берілген араб әрпіндегі түпнұсқада фольклордың Жетісу қазағы арасында жиналғанына баса назар аударылған, ол жағы орыс тіліндегі аудармасында көрсетілмеген. Жинақ ішіндегі аудармасында әндер топтамасын ел арасынан жинаған Мұртаза Абылайханов есімі екі тілде, екі нұсқада да мәтін соңынан көрсетілсе де, орысшасында «аударған аудармашы К.Чигиров» деген сілтеме бар [172, 55 б.]. Демек араб әрпіндегі қазақ мәтіндерін ел арасынан жинаушы есімінің көрсетілуі, оның орыс тіліне аударған аудармашы К.Чигиров есімі берілуі т.б.- бәрі фольклорлық үлгілерді жариялауға қойылатын ғылыми талаптардың орындала бастағанын танытады. Жалпы, мұндай мәтінге қатысты паспорттық деректер кейбір ертегілер тұсында, алғыс, қарғысқа қатысты топтамалар ішінде болмағанмен, «Кептерлер турасында» ертегі тұсында Қарабоз Қаңтарұлынан жазылынып алынғаны, руы Құрман (Курман) екендігі турасындағы дерек көздері екі тілде берілген. Сондай-ақ араб әрпіндегі түпнұсқада бұл мәтіннің 1905 жылы 19 январьда қағаз бетіне түскені көрсетілген [172, 26 б.]. Жалпы, бұлар жинақтың ұтымды жақтары.

Жинақтың тағы бір маңызды тұсы «Момынбай мен жеті қарақшы» ертегісіне келгенде: «Записано в г. Капале со слов киргиза Нисана Кемпрешева»,- деген ескертуі бар [172, 23 б.]. Бұдан біз нұсқаның ауызба-ауыз арқылы хатталғанын көреміз. Ал, текстің бұлай жазылынып алынуы мәтіннің паспортына қажетті маңызды дерек көзі болары сөзсіз. Демек ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорын түрлі жинақтарға енгізе отырып, нұсқаның паспорттық деректерін бірге беру сол тұстағы халық ауыз әдебиетін жариялауда, әрі насихаттауда үлкен маңызға ие болғандығын көрсетеді. Ал, жинақ ішіндегі кейбір мәтіндердің мұндай паспорттық деректерінің болмауы т.б.- ондағы фольклор үлгілерін жинау, жариялау кемшілігі болып саналатыны сөзсіз.

Қазақтың халықтық наным-сенімдеріне келгенде, олардың да Қапал уезінде жазылғаны көрсетілсе де, қай уақытта, кімнен жазып алғаны т.б. көрсетілмеген [172, 35-40 б.]. Мұнда халықтық наным-сенімге қатысты 77 мәтін қамтылған. Мәселен: «1) Воет собака- хозяину опасность (грозит).



2) Если каркает ворона, будет ненастье.

3) Если шекочет сорока, в доме твоем будет гость»,- деген тәрізді [172,35 б.]. Бұлардан кейінгі қазақтардың алғыс сөздері жазылған [172, 41-43 б.]. Мәселен: «1) Да благославляет (тебя) Бог. 2) Да умножится твое потомства...» ,-деген тәрізді [172, 41 б.]. Сондай-ақ әр бет соңында түсінбеген сөздерге берілген түсініктемелері де бар. Одан әрі қазақтардың қарғыс сөздері келтірілген [172, 44-46 б.]. Мәселен: «1) Да застрелит (тебя) Бог. 2) Да побъет (тебя) Бог...»,- деген үлгіде алынған [172, 44 б.]. Кітаптың бұдан кейінгі беттерінде: белгілі бір лауазым орнына сайлау мезгілі болғандағы адамдардың іс-әрекетін бейнелейтін қазақ өлеңдері енгізілген [172, 47-55 б.]. Соңынан «К.Чигиров» деген аудармашысының есімі бар [172, 55 б.].

ХХ ғасыр басында қазақ фольклорын жариялауда, әрі насихаттауда ерекше маңызды рөл атқарған А.Е.Алекторовтың «Киргизская хрестоматия» еңбегі екені анық [173]. Еңбектің басқа да жинақтардан ерекшелігі: үйде және класта орындау үшін, орыс тіліне аударатын мақалалар жинағы суреттермен бірге берілгендігі. Басылымның орысша-қазақша сөздігі бар. Бұл хрестоматияның алғашқы басылымы Орынборда 1898 жылы шыққан. Оқу құралының мақсаты -орыс тілін меңгертуге арналған. Алғысөзде мәтіндердің қысы ұзақ кештерде оқылу ықтималдығын ескерген. Сол себепті алдымен мәтін мазмұны орысша ауызша айтылу керек десе, одан кейін ғана жазбаша орындалуы қажеттігі ұсынылады. Мұндағы көлемі шағын-шағын 100 мәтіннің, негізінен, балалар санасына, қабылдауына сәйкес құрастырылған. Олардың жас ерекшелігі ескеріліп, мәтін бірте-бірте күрделеніп берілген. Сондай-ақ хрестоматияда қосымша қарастырылатын оқу құралдар тізімі де бар [173, 1-2 б.].

Мазмұнда берілген мәтін аттары екі тілде, яғни қазақ-орыс тілдерінде қатар тұр. Мәтіннің өзі де, аттары да т.б. – бәрі орыстың кириллица әрпімен жазылған. Мәтін реттілігі 1- ден 100-ге дейін сандармен анықталып, бірінен соң бірі тізбектеліп келтірілген.

Мәтіндердің араб әрпіндегі түпнұсқалары мен орыс тіліндегі аудармалары берілмей, тек кириллица әрпіндегі транскрипциясы ғана болуы, шамасы, бұл оқу құралының ғылыми мақсаттан гөрі ағартушылық мақсат көздегенін дәлелдейді. Дегенмен қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін кириллица әрпіне түсірілгенде туындайтын кейбір мәселелер, өз кезегінде тілтанушы ғалымдарды да қызықтырары сөзсіз. Мәтіндер кириллица әрпіне түсірілгенде қазақ тіліндегі : «ә», «ғ», «қ», «ө», «ұ»,»ү» тәрізді әріптерінің орнына, осы әріптерге ұқсас орыс тіліндегі «а», «г», «к», «о», «у» әріптері алынып, олардың үстіңгі жағына екі нүкте белгісін қатар қою арқылы іске асырып отырған. Ал «ң» дыбысының орнына «н» дыбысын ала отырып, төбесіне емес, керісінше, әріптің оң жақ шекесіне бір үтір тәрізді белгіні қою арқылы ажырату іске асып отырған. Сол арқылы кітапта қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін көрсетуге тырысу орын алған. Ал, мәтіндер шоғырынан кейін: «Материалы для разговорных и письменных упражнений»,- деген толықтырма бар [173]. Мұнда жоғарыда келтірілген мәтіндер топтамасының реттілігіне сәйкес бір бетті екі бағанаға бөле отырып, кішігірім бір сөйлем көлемінде тапсырмалар, сауалдар т.с.с. тізбегін берген. Мәтіннің әрқайсысына 100 тапсырма ойластырылған. Оқу құралының басты ерекшелігі- сауалдар мен тапсырмалар орыс тілінде берілген. Қойылған сауалдар баланың жас ерекшелігіне сәйкес топтастырылған. Демек қазақ тіліндегі мәтіндер кириллица әрпімен берілсе де, оқу құралы ішіндегі сауалдар мен тапсырмалар таза орыс тілінде қойылуы, әрі мәтіндердің дені балалардың санасына жақын халықтық шығармалардан құралуы т.б.- бәрі қазақ балаларына орыс тілін меңгертуге арналған хрестоматияның құндылығын арттырары күмәнсыз.

Мәтіндер, көбінесе балалар үшін әрі танымдық, әрі ақпараттық т.б. мақсатта топтастырылған. Мәселен, орындық, керует, таба, пышақ, сағат, мектеп, үй хайуандары, жылқы, сиыр, қой, ит, әтеш, қаз т.б. тәрізді тақырыптарды қамтиды.

Іріктелген 100 шақты мәтіннің 24-і фольклор үлгілеріне жатады. Ол үлгілер, негізінен, ертегілерді: «Айтыс», «Ешкі мен қасқыр», «Қасқыр мен түлкі», «Байлық», «Шал мен өлім», «Әділ қазы», «Жиренше шешен мен Алдар көсе», «Шайтан» турасында т.б. [174] қамтиды.

Бұл кітапта орын алған фольклор үлгілері балаларға, көбінесе үгіт-насихат, үлгі-өнеге құралы т.б. ретінде де ұсынылған. Мұнда тек қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпы мен салт- санасына т.с.с. ғана орай мәтіндер ғана емес, сондай-ақ орыс елінің де тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына т.б. қатысты үлгілер іріктеліп қосылған. Мәселен, «Мектеп», «Ресей жайынан хабар» т.с.с. нұсқалар бар [175]. Сонымен қатар бұл хрестоматиядағы мәтіндерді орыс тіліне, әрі жеңіл, әрі тез аудару үшін, соңынан қазақша-орысша сөздігі бірге берілген [173, 1-62 б.]. Бұл сөздік беттері өз алдына жеке нөмірленген. Сөздіктегі аудармасы бар сөздер екі бағанаға бөлініп, алфавит тәртібімен орналасқан. Алдымен қазақша сөз беріліп, іле-шала оның орысша аудармасы мен түсініктемесі орналасып отырған.

А.Е. Алекторов қолданыстағы әрбір қазақ сөзінің не сөйлем ішінде, не ауыз-екі сөйлеу кезінде болсын түрлі тәуелдік, жіктік жалғаулар арқылы, не басқа да сөздермен тіркесу арқылы мағыналық жағынан түрлену мүмкіндігін де ескерген. Демек А.Е.Алекторов фольклорлық текстерді балалар үшін редакциялаған, тілін өте қарапайым етіп жіберген. Балаларды оқытуда, оларға арнап хрестоматия құрастырғанда т.б. аударма мәселесін шешумен қатар, орыс тілін жетік меңгерту мақсатын шешу үшін арнайы сөздік жасаған. Ендеше А.Е.Алекторовтың фольклорды дайын тілдік мәтін көзі ретінде пайдаланған хрестоматиясының ұтымды жағын көрсетсе, ал ол мәтіндердің қайдан алынғанына түсініктемелер берілмеуі, өзгеріске ұшырауы кемшілігі болады.

Қазақ фольклорын жариялауда А.В.Васильевтің еңбегі ерекше назар аударарлық [176]. Ол өзінің бұрынғы шарты бойынша әр жинағын жеке жанрға арнап отырған. 1898-1900 жылдары ертегіге, мақал-мәтелге арнайы жинақ шығарса, енді жұмбақтар мен батаны да жеке топтама етіп шығарған: “Образцы киргизской народной словесности. Выпуск 2. Киргизские загадки. Оренбург. Типография Ф.Б.Сачкова. 1900, 60 стр.” Кітап мұнда екінші рет басылым көрген, мәтіннің орысша аудармасы бар. Бұл жинақтың маңыздылығы: мәтінмен бірге оның мазмұны да, кіріспесі де кездеседі: «Предисловие; Загадки религиозного содержания; Загадки в виде состязания джигита с девушкой; Загадки предложенные Аубакиру муллой Ходжа Ахмедом», -деген тәрізді т.с.с. [176, 1-3 б.]. Ескеретін бір нәрсе, кітаптың алғашқы бетінде: “Перепечатано из “Тургайской газеты за 1900 год”, -деген ескертуі де бар [176, 1 б.]. Мазмұны алдымен кіріспеден (1-2 б.), негізгі бөлімі- 4 тараудан тұрады. Кіріспеге бұл қазақ жұмбақтарының Торғай облысының қазақтарынан жазылып алынғандығы турасында айтылады. Жұмбақтарды қазақтардың көп қолданатыны, құрметтейтіні, кез келген жастар бас қосуы жұмбақсыз өтпейтіні ескерілген. Тіпті кейде жұмбақ айту мен оны шешуге арналған жарыстар көптеген топтар арасында, әсіресе ерлер мен әйелдер араларында, тіпті сол топтардың ұсынған жекелеген тұлғалары арасында да өтетіні айтылады. Мәселен, «Ақ қойым тұрып кетті, қара қойым жатып қалды,- делінсе аудармасы былай берілген,- Белый мой баран ушел, а черный остался» [176, 1 б.]. Бұл мәтіннің сөзбе-сөз аударма негізінде берілгенін айғақтайды. Әр жұмбақтың жауабы сол жұмбақтың астына жақша ішінде оқшауланып беріліп отырған. Мәселен: “Қар менен жер жазғытұры, -делінсе, аудармасы, -Снег и земля весною”,- делінген. Сондай-ақ әр жұмбақ рет-ретімен нөмірленген. Ондағы мақсат түпнұсқаны аудармамен салыстыру жұмысын жеңілдету. Мұның бәрі жинақ маңыздылығын арттырады. Жинақтағы жұмбақтар: жан-жануарларға, адамға, оның тұрмыс-тіршілігіне қажетті деген заттарды, қоршаған ортасы төңірегіндегі тақырыптарды құрайды. Мәселен, “Қара сиырым қарап тұр,//Қызыл сиырым жалап тұр” (қазан мен ет), -деп берілсе, орыс тілінде, -Черная корова спокойно стоит, //А красная-лижет”,- делінген [176, 19 б.]. Демек бұл үй тұрмысында, шаруасында т.б. қажетті деген заттардың жұмбақталу үлгісі: бір жағынан, жастарды жіті байқағыштыққа, зеректікке т.б. тәрбиелесе, екінші жағынан, олардың ойлау қабілетін, логикасын дамытатыны да сөзсіз. Яғни жұмбақтардың халық өмірінде, сондай-ақ танытқыштық та, ақпараттық та т.б. қызмет атқаратындығының дәріптелуі, сөз жоқ, жинақтың ұтымды жақтары болып табылады.

Жинақтың келесі тарауында діни мазмұндағы 7 жұмбақ қамтылған. Жұмбақ төркіні: Мұхаммед (Ғ.С.) пайғамбарға, Құран кітабына, Мұхтасар кітабына, Мұса (Ғ.С.) пайғамбардың таяғы, бір Алла, Ай мен Күн, бес уақыт намаз, отыз күн ораза, шайтан, молдадан оқыған бала т.с.с. төңірегінде келеді. Мәселен, “Басы жоқ, жаны жоқ, //От оттап, су ішкен (жауабы- пайғамбардың асасы), -десе, аудармасы, -Без головы, без души, //Обжигал огнем и пил воду”,- делінген тәрізді (ответ – жезл пр. Моисея) [176, 32 б.] үлгілерден жинақталған т.с.с. Демек бұл жинақ қазақ жұмбақтарын: 105 үлгісін, діни ұғымдағы-11, айтыс түріндегі-1(4 жұмбақтан тұратын); ұзақ өлең үлгісіндегі-7 жұмбағын т.б. қамтиды. Жинақ маңыздылығы-түрлі әлеуметтік топтардың: әрі қарапайым халық, жігіт пен қыз, оқыған молдалар мен ақындар т.б. өкілдерінің ауызба-ауыз шығарған жұмбақтарының бір араға жинақталып, әрі олардың орыс тіліне аударылып басылым көргені көңіл аудартады. Сол арқылы қазақ фольклорының жұмбақтарға бай екендігін басқа халықтарға дәріптеумен қатар, қазақ халық ауыз әдебиетінің алтын қорын байытып отыр. ХХ ғасырдың басында белгілі ғалым А.В.Васильевтің бұл жинағы қазақ фольклортану ғылымында фольклор үлгілерін екі тілде (қазақ-орыс тілінде) жариялаудың өзіндік жолын негіздеді. Сол арқылы келесі ретте шығатын басқа да фольклорлық жинақтардың баспадан шығарудың жүйелі, ғылыми жолын көрсетті.

А.В.Васильев, сондай-ақ қазақтың баталарын бір жерге жинақтап, «ХІІ молитвенных благожеланий» атты кітап құрастырып бастырған [177]. Қазақша мәтін сөзбе-сөз орыс тіліндегі аудармасымен (сөздері қысқармаған) берілген. Жинаққа 12 бата енген. Мәтіндер негізі 1904-1905 жылдар аралығында шығып тұрған «Торғай газеті» беттерінен алынып, өз алдына жеке құрастырылған. Ендеше фольклорлық мәтіндердің бір кітапқа жанрлық тұрғыдан топтастырылып, қайдан алынғандығына назар аударылуы және екі тілде қатар басылым көруі т.б. – бәрі жинақтың ғылыми сипатын танытады, әрі оның құндылығын арттырады. Жинақтың ғылыми талаптарға сай басылым көруі, зерттеушілер үшін құнды дерек көзі болып табылады, және де ондағы келтірілген дерек көздері дәлділігімен, сапалығымен т.б. ерекшелінеді.

1910 жылы жарық көрген: «Қазақтың айтысқан өлеңдері»,- деп аталған жинақта: «Қыз бен баланың айтысқаны», «Орынбай ақын мен Тоғжанның айтысқаны», «Орынбай мен Серәлінің айтысқаны», «Бейбіт пен Өске ақынның айтысқан сөздері»- атты айтыс нұсқалары алғаш топталып берілген [178].

Мұнда «Қыз бен баланың айтысқаны» үлгісі алдымен «қыз», одан кейін «бала» сөзімен аралас берілген. [178, 2-8 б.]. Айтушының әрқайсысының сөзі жеке-жеке келтірілген. Өлең жолдары арасы жұлдызшалармен бөлінген, барлығы 222 жолдан тұрады. Айтыс соңында: «Ақырында баланы 34 жасар қыз жеңгені»,- айтылады [178,8 б.]. Жалпы кітапта айтыс үлгісінің 800-дей өлең жолдары жинақталған. Дегенмен айтыс үлгілерін жинаққа топтастырып, баспаға ұсынған кім екендігіне, кімдерден, қалай, қашан т.с.с. жазылып алынғанына қатысты дерек көздері көрсетілмеуі кемшілігі болса, жақсы жағы- айтыс жанрының бір жерге топтастырылып алғаш рет жинақ түрінде басылым көруі дер едік. Ендеше қазақ айтысын әрі жинап, әрі жариялауда, әрі насихаттауда т.с.с. бұл жинақтың маңызы ерекше зор болды.

Дегенмен ХХ ғасырдың басында белгілі бір мақсатта түрлі-түрлі фольклорлық жинақтар құрастырылғанда, көбінесе газет, журнал беттерінде басылған мәтіндер жиі алынатыны да т.б.- бәрі сол дәуірде кітап шығарудың кезең ерекшелігін айғақтайтын дәстүрлі тәсілдеріне айналғандығын көрсетеді. Мұнда арнайы қаражат шығарып, экспедициялар құрудың қажеттігі аз, дайын басылым көрген үлгілерді жинау т.б.- бәрі уақыт аздығымен, төл оқулықтардың жетіспеушілігімен ғана түсіндірілсе керек. Мәселен, Орынбор қаласында 1905 жылы жарыққа шыққан «Базай батыр и сын его Коруглы (из киргизских преданий)» атты кітап бар [179]. Бұл кітаптың қазақша мәтіні, яғни түпнұсқасы берілмеген, керісінше, орыс тіліндегі мәтіні ғана бар. Кітаптың жариялаушысы, құрастырушысы турасында, кім айтты, қашан айтты т.с.с. тәрізді бірде-бір дерек көзі берілмеген. Тек «Торғай газетінің» 1905 жылғы санынан алынды деген ескертуі ғана бар [179,1 б.]. Әр бетте 30 жол бар. Мәтін өзі іштей үш бөлікпен ажыратылған: бірінші бөлімде Базай батыр ерлігі, қарсылас жауын жеңуі, тіпті өзіне қарсы шыққан Қазақай ханды өлтірмей еліне қайта билік жүргізуіне рұқсат етуі т.б. сөз болады [179, 1-5 б.].

Екінші, бөлімінде, соғысқа Базай батыр кеткенін пайдаланып қарсыластарының елді қанауы, тонауы және аяғы ауыр әйелі Айсұлуды тірідей жерге көмуі сөз болады, одан әрі көрден дүниеге нәресте келуі, оны әкесі Базай батырдың соғыстан келген соң көруі, қуануы, той жасауы, атын бір шал Көрұғлы деп қоюы, баланың ерекше күштілігі т.с.с.- бәрі рет-ретімен баяндалады [179, 5-13 б.]. Ал, үшінші бөлім Базай батыр баласы Көрұғлының ерліктеріне арналады [179, 13-18 б.]. Жалпы кітаптың кейбір ғана жерлерінде қазақша бір-бір өлең шумақтары беріледі де, қалған жерлерінің бәрі орыс тілінде жазылған. Міне, бұл кітап не ғылыми сипатымен де ерекшеленбейді, не жинақ, не хрестоматия үлгісінде де басылым көрмеген. Фольклорды мұндай тәсілмен, яғни түпнұсқасыз орыс тілінде ғана жариялау ХІХ ғасырдан келе жатса да, ХХ ғасыр басында сирек кездесуі, оның ескіре бастағанын көрсетеді.

Сондай-ақ бұл жылдары баспадан шығарылған жинақтардың соңында, әсіресе Қазан қаласында шыққандарында, міндетті түрде қаржысы көрсетіліп отырылды. Сонымен бірге кейінірек шығуға тиісті, не сол кезге дейін жарияланған кітаптардың тізімі, жылы, қаржысы, қай қаладан, кімнің баспаханасынан жарық көргенін анықтайтын ақпараттық тізім көрсеткіші де бірге басылуы іске асып отырған. ХХ ғасырдың басындағы кітап шығару ісі тек баспагер үшін қаржы көзі болумен бірге, ол фольклорлық үлгілердің таралуына, насихатталуына т.б. қажетті үгіт-насихат құралы да болды.

Бір кітап «Букварь для киргизских аульных школ» деп аталады [180]. Мұнда қазақтың жұмбақтары мен 12 шақты ертегілері топтастырылып, қазақ және орыс тілдерінде берілген. Бұған қарағанда автор фольклорды оқу құралына қажетті мәтін көзі ретінде қолданған. Оқу құралында құрастырушының аты-жөні толық көрсетілмей, тек инициалы ғана берілген. Демек ХХ ғасыр басында мәтіндерді кімнен, қашан, қалай, қай уақытта т.б. жазып алғандығына қатысты дерек көздері қамтылмауы сол тұстағы кітаптардың ғылыми сипаттан гөрі бұқаралық мақсатта басылғанын дәлелдейді.

Ал, «Келіннің бетін ашатын терме»» кітабына келетін болсақ: «Қазанда «Домбровский» матбәғәсында басма (өлімшідүр) Хұсаинов уәрсәләрінің қаражаты илан 1910-ншы жылда»,- деген жазумен басталады [181, 1 б.]. Әр бет 30 жолдан тұрады. Бұл жолдағы берілген өлең жолдары өзара тек жұлдызша арқылы ғана ажыратылған. Сырт қарағанда қара сөзбен берілген тәрізді ой қалдырады. Мәтінді құрастырған адамның есімі келтіріліп, соңғы бетте: «Басниф еткуші Түркістан мәхкүмінде Шәді төре Жиһанкез ұғлы»,- деген сөзбен аяқталады [181, 20 б.].

Мұндағы «Келіннің бетін ашатын терме» атты кітабы бұған дейін 1910 жылы жарық көрсе, енді міне 1915 жылы да қайта басылып отыр. Екі нұсқадағы мәтінді жариялаушы адам есімі Шәді төре Жиһанкез ұғлы екендігі- мәтіннің бір екендігін дәлелдейді. Тек бірінші нұсқа «Б.Л. Домбровский» баспаханасынан шықса, екінші басылымы «Университет» баспаханасынан шығып отыр. Нұсқаның бет мөлшері де, ондағы өлең жолдары да, жұлдызша тәрізді ажырату белгілері де, алғашқы өлең жолдары да т.б.- бәрі сайма-сай, сөзбе-сөз дәл келеді. Демек ХХ ғасыр басында кітап бастыруда не қаржы үнемдеу, не пайда табу мақсатында, кейбір басылым үлгілері баспахана иелері арасындағы өзара келісім бойынша мәтінді сол қалпында қалтырып, тек баспаханасы мен жыл көрсеткіші бар т.с.с. мұқабасын ғана өзгертіп отырған. Ал қалған жерлерін сол қалпында берген. Мұндай жарияланған кітаптардың ғылыми сипаттан гөрі бұқаралық сипаты басымдау келеді.

Түйіп айтқанда, ХХ ғасыр басында қазақ фольклорын жариялаушылар не кітаптың, не жинақтың, не хрестоматиялардың сыртқы мұқабасында мынадай дерек көздерін көрсету міндетті деп санаған: еңбектің аты; құрастырған, не бастырған жинаушысы, не шығарушысы және кітапқа қаржы бөлген бастырушысы кім екендігі; баспахана аты, қай қалада; қай жылы шыққаны т.с.с. Кітаптің мұндай паспорттық деректерін толтырудағы мақсат: фольклорлық мәтіннің түрлі-түрлі нұсқаларының өзі қалаған бір үлгісін әр баспахана иесі өзінше шығарады. Демек жоғарыдағы талаптарды орындау бір мәтіннің бірнеше нұсқасын бір-бірімен шатыстырмай, араластырмай, ұқсас болмау жағын т.с.с. қадағалау, әрі ажырату үшін қажетті дерек көздеріне айналмақ. Осы жоғарыда келтірілген дерек көздеріне қарап, әр мәтіннің бірнеше нұсқасын өзара салыстыра зерттеу мүмкіндігі де туады. Мысалы, «Қисса-и Айман-Шолпан» жырын алайық: «Нәшәрі: Шәмсуддин Хұсаинов уәрсәсі. Қазан. Б.Л.Домбровский матбәғәсі. 1916»,- деген деректермен басылған [182]. Әр бетте екі бағана бойына 30 өлең жолдары бөлініп, барлығы әр бетте 60 өлең жолдары еніп отырған. Мәтін ішінде «Енді Көтібардың Мамайға айтқаны», «Айманның жігіттерден жауап сұрағаны», «Әлқисса Әлібектің айтып келе жатқан өлеңі» т.с.с. тәрізді жеке отау тіккен тақырыпшалар да кездеседі. «Қисса-и-Айман-Шолпан» атты кітап соңында мынадай өлең жолдарымен берілген ескертуі де бар:

... Аяғы бұл қиссаның енді бітті,

Жүсіпбек жазған сөзін тамам етті.

Кімге опа қылады жалған дүние

Сөйтіп жүріп дүниеден олар да өтті.

Ахмедкәрім, құлақ сал сөзімізге,

Жеті қисса жазып бердім өзіңізге.

Инша Алла! Жазармын тағы кітап

Сочинитель автор болдым сізге...[182, 20 б.].

Демек бұл үлгіні жеткізуші Жүсіпбек қожаның өзі болса, мәтінді жинап, жазып жіберуді сұраған Ахмедкәрім есімді азамат аты аталады (оған бұған дейін 7 мәтін үлгісі жіберілгені де ескертіледі).

Келесі «Қисса-и Құламерген» кітабына келсек, онда: «Нәшәрі: кітапшы Шәмсуддин Хұсаинов уәрсәсі. Қазан. Университет табиғханасы.1916»,- деген деректер орналастырылған [183]. Мұнда да соңғы бетте баспадан шыққан, сатылуда бар кітаптар тізімі қоныс тепкен. Әр бет екі бағанаға бөлінген жыр жолдарынан келеді. Шамамен әр бетке 52 өлең жолдары сыйдырылған.

Кітап соңына қарай өлеңмен берілген мына дерек көзі енгізілген:

...Міне, жаздым өлең қылып қара сөзді,

Баспашы құлағыңа ал осы кезді.

Баспашы түзеп басқыл қателерін

Іздейін құрмет қылсаң жазушы ерді...,- деген Ғабдырахман, Ізбас ұғлы Бектасовтың шығарылған өлеңі беріледі [183, 24 б.]. Демек бұл нұсқаның ел арасында қара сөзбен айтылатын үлгісі бар екені, оның өлең түріндегісін жеткізушісі Ғабдырахман Ізбас Бектасов екені айқындалады.

Дегенмен ХХ ғасыр басында мұндай бұқаралық сипаттағы басылымдармен қатар, ғылыми сипаттағы да фольклор үлгілері жарияланып тұрды. Мәселен, «Едіге мен Тоқтамыс» туралы үлгінің сыртқы мұқабасында: мәтін қолжазбасының иесі белгілі ғалым Ш.Ш.Уәлиханов екендігі ескерілген. Үлгіні шығарушы профессор П.М.Мелиоранский екендігі; мәтін 1905 жылы С.-Петербург қаласындағы И.Бораганскийдың баспаханасында басылғандығы ажыратылған. Сондай-ақ Орыс Географиялық Қоғамының ұйғарымымен басылды т.б. деген тәрізді дерек көздері бар. Сонымен қатар кітаптың ішкі бетінде зерттеушілер үшін тез табылсын деген мақсатпен мазмұны берілген. Онда алғысөз, сөздік пен қазақ мәтіні үшке бөлініп, беттері көрсетілген. Кітаптың бір ерекшелігі, орыс әрпінде берілген алғысөзі мен сөздігінің [184, 1-23 б.] беттері солдан оңға қарай нөмірленіп оқылса, ал берілген қазақша мәтіннің түпнұсқасы араб әрпімен жазылғандықтан, керісінше, оңнан солға қарай оқылады. Сол ретпен мәтін де нөмірленіп, кітапқа да солай кірген [184, 1-39 б.].

Кітаптың алғысөзінде қолжазбаның өзіне сипаттама беріледі: 25 беттен тұратындығы; қалыпты орта беттерде жазылғандығы; қолжазбаның сыртқы мұқабасы қара түсті қалың қатырма қағаздан жасалғандығы; қолжазбаның тақырыбы көрсетілгендіктен, шығарушы М.П.Мелиоранский өз тарапынан мәтінді «Едіге би» деп атағандығы т.б. жазылған. Демек П.М.Мелиоранский бұл мәтінді дайын қолжазбадан көшіріп басқан. Бұл мәтінді ғалым Ш.Уәлиханов 1841 жылы Аман Қарағай аймағының Күрлеуіт Қыпшақ ауылының ақыны Жұмағұлдың аузынан естіген. Ал, Ш.Ш.Уәлихановтың әкесі сұлтан Шыңғыс Уәлиханов өз тарапынан ол мәтінді сөзбе-сөз қағазға түсірген. П.М.Мелиоранский айтуына қарағанда, қолда бар үлгінің үш бірдей нұсқасынан (3-нұсқаны Арслан байдың аузынан жазып алған да сұлтан Шыңғыс Уәлиханов). 1842 жылы Шыңғыс пен Шоқан бір ортақ үлгі жасаған. Дегенмен ортақ үлгі жасау ғылыми сипатты танытпаса да, ол үлгіні Ахмет деген азамат көшірген. Онысы орыс тіліне аударылып «Ш.Ш.Уәлиханов таңдамалысының» 233 пен 264 беттер арасында басылғаны да, аудармада кейбір кемшіліктердің болуы, шамасы мәтінді көшірген Ахмет тарапынан кеткен кемшіліктен туу мүмкіндігі де т.б.- бәрі ғылыми басылымды шығарушы профессор П.М.Мелиоранский тарапынан сөз болады. Кезінде бұл мәтінге Шоқан Уәлиханов көптеген толықтырулар мен өзгертулер енгізсе, кейін профессор П.М.Мелиоранский өз тарапынан бұл үлгіні сол өзгерістермен қайта шығаруды жөн көрген.

Алғысөзде профессор П.М.Мелиоранский одан әрі Ш.Ш.Уәлихановтың мәтінге жасаған ескертпелерінің әрқайсысына жеке - жеке тоқталып кетеді. Кейде Ш.Уәлиханов өзі үшін мәтін өлеңдерінің реттілігін өзгерткісі келген тәрізді ескертпелері бар дей отырып, П.М.Мелиоранский оларды басқа адамдардың түсінуі қиындығын да ескертеді. Сол себепті мәтінді қолжазбаның әуелгі үлгісімен басуды жөн көрдік деп түсіндіреді. Қолжазбада қара сөзбен жазылған үлгіге қарағанда өлең түріндегісі басымдау келеді. Және де өлең жолдары өзара жұлдызшалармен ажыратылған.

Алғысөзден басқа әр бет соңында мәтін ішіндегі түсінбеген сөздерге түсініктемелер берілген. Алғысөзде қазақ өлеңдерінің құрылысы, яғни шумағы, ұйқасы т.с.с. қарастырылған. Сонымен қатар араб әрпінде жазылған қолжазбаның орфографиясы, фонетикасы, таңбалардың жазылу ерекшеліктері т.с.с.- бәрі П.М. Мелиоранскийді қызықтырған. Мәтін ішінде қазақ тарихына қатысты кездесетін көптеген тарихи есімдердің Алтын Орда дәуірінде, яғни 14 ғасырдың соңы мен 15 ғасырдың басында ерекше маңызды қызмет атқарғанына да назар аударылған. Едіге бейнесінің зерттелу тарихына тоқтала отырып, белгілі ғалымдар: Ибн - Арабшах, Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, И.Н.Березин, В.Д.Смирнов, В.В.Вельяминов-Зернов т.с.с. пікірлеріне шолу да жасалынған. Сөз соңында қазіргі таңда «Едіге мен Тоқтамышқа» қатысты үлгісінің 13 нұсқасы бар дей отырып, профессор П.М.Мелиоранский сол нұсқалардың рет - ретімен қайда басылғанын, кім басқанын т.б. көрсетіп кеткен [184, 17-18 б.].

Алғысөзден кейін араб әрпінде жазылған кейбір қазақ сөздерінің аудармасы жасалып, түсініктемесі бірге беріледі [184, 19-23 б.] . Мұнда, көбінесе ғалым Ш.Уәлихановтың берген түсініктемелері алынған. Мәселен: «ұшан» деген (шамасы «ұшан теңіз» деген мақсатта болуы керек - Н.Ж.) сөзді ғалым Ш.Уәлиханов «огромное неперелетное» деп дұрыс түсіндірсе, профессор П.М.Мелиоранский, керісінше, «судно, корабль, лодка» деген мағынасы дұрыс болуы керек дегенді алға тартады [184, 19 б.]. Біздіңше, ғалым Ш.Ш.Уәлиханов түсініктемесі мағыналық жағынан дұрыс аударылған да, ал П.М.Мелиоранскийдікі мүлде басқа болса керек.

Ал, араб әрпінде жазылған қазақ мәтініне келсек, үлгі Ш.Ш.Уәлиханов қолжазбасы негізінде сөзбе - сөз берілген. Әр бет соңында: бет ішінде кездесетін түсініксіз сөз болса, орысша түсіндіреді: егер асты сызылған сөз, не сөз тіркес болса, бұл қарындашпен сызылған белгілердің авторы кім екендігі ескертіледі, тіпті не үшін асты сызылғаны да шығарушы тарапынан түсініктемесі бірге берілген. Әр бет 20 жолдан тұрады, өлең жолдары жұлдызшалармен ажыратылған, кейде сөйлем арасын ажырату белгісі ретінде екі сызықшаны тігінен қатар қойып отырған. Сондай-ақ ішіндегі бір сөз үсті сызылып, орнына төбесінен басқа сөз жазылса, оны да сол бет соңында түсініктеме ретінде жазып отырған. Демек шығарушы қолжазбаның өзімен де текстологиялық жұмыс жүргізіп отырған. Жалпы кітап соңында «Едіге би» деген тақырыпшасы мен шыққан қаласы, жылы, баспаханасының мекен-жайы т.б. – бәрі көрсетілген.

Сонымен ХХ ғасырдың басында шыққан ғылыми сипаттағы бұл кітаптың маңыздылығы: біріншіден, мәтіннің жазылынып алыну паспорты толық берілуі, яғни кімнен, қашан, қай тәсілі арқылы, кімнің жазып алғанына қатысты ақпарат көздерінің т.б. толық қамтылуы дер едік. Екіншіден, мәтіннің бірнеше нұсқалары өзара салыстырылып, зерттеу тарихы да бірге берілуі назар аудартады. Үшіншіден, қолжазбаның өзімен текстологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ескертпелерін, түсініктемелерін, толықтыруларын, сөздіктерін т.б. бірге беруі көңіл аудартады. Төртіншіден, мәтіндердің қай тілде жазылғанына қарай дәстүрлі бет реттілігін кітап ішінде сақтау т.с.с. – бәрі де бұл басылымның ғылыми сипатта басылғанын дәлелдейді.

Ә.А.Диваев- жүзден аса, әр түрлі мағлұматтар мен мақалалар жариялаған адам. Ә.Диваевтың ғылыми үлкен маңызы бар аса көлемді еңбектерінің бірі- «Сырдария аймағының есеп-санақ материалдарының жинақтарында» (І-ХІ томдар, 1891-1915 жылдардағы) жарияланған этнографиялық материалдары болып табылады. Бұл жинақтың беттерінде Ә.Диваев ондаған ертегі, көптеген мысқыл әңгімелер, ертегі, аңыздар, жын-пері жайындағы хикаялар, мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қазақ халқының эпостық жырларының нұсқаларын, сыршылдық әдет-ғұрыптың, наным-ырым және бесік жырларын жариялаған. Текстерді жариялауға іріктегенде Ә.Диваев ең алдымен оқушы жұртшылыққа, көшпелі халық шығармаларына тән қасиеттерді барынша толық, мейлінше айқын көрсете алатындарын жеткізуге тырысқан.

Ә.Диваев кеңінен қолданған-жарияланған материалдарға түсінік жазып отыру әдісі әлі де өзінің маңызын жойған жоқ. Бұл түсініктердің денін этнографиялық анықтамалар деп атауға болады. Ә.Диваев кісі аттарына, тұрмыста кездескен уақиғаларға және халықтың өмір туралы жырларына үнемі түсінік беріп отырады.

Халықтың өмірі мен күнделікті тұрмысындағы ерекшеліктерді аша отырып, Ә.Диваев жазған түсініктерінде қазақтардың рухани мәдениетін, соның ішінде халық поэзиясының ерекшеліктерін көрсетуге ден қояды. Мәселен, ол былай дейді: «...Жиреншенің аты әлде неше қырғыз (қазақ- Н.Ж.) әңгімелерінде кездеседі. Ол ақылдылығымен және тапқырлығымен көзге түседі, ақырында Жәнібек ханға уәзір болып, шешендігімен атағы шығады!» [185]. Алдар көсе, тазша қойшы, тағы басқа қазақ халық әдебиетінің қаһармандарына да осы сияқты түсініктемелер берілген.

Ә.Диваев ел арасына тараған мәтіндерді жазып алып «Этнографиялық материалдар» деген атпен бастырып отырған. Мысалы, Ә.Диваев «Сырдария аймағының есеп-санақ материалдарының жинағында» [186] және «Орта Азия» деген жинақта шығарма мазмұнын қарасөзбен орысшаға аударып, «Шора батыр» үлгісін бастырған.

«Әйеке болыстың жоқтауы» - атты кітап Ә.Диваев құрастыруымен екі тілде қатар шықты [187]. Мәтіннің араб әрпіндегі түпнұсқасы Бодабай Қабылов айтуы бойынша берілсе, ал орыс тілінде аудармасын Ә.Диваевтың өзі жасаған. Мәтіннің мұндай паспорттық деректері болуы кітаптың ғылыми сипат талабына сай басылғанын, әрі этнографиялық мақсатта жарияланғанын танытады.

Түйіп айтқанда, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ фольклорын жариялауда мынадай ерекшеліктер көрініс тапты: біріншіден, фольклордың әр түрлі жанрларының жеке-жеке кітап болып басылуы жүзеге асты. Екіншіден, кітаптың сыртқы мұқабасында араб әрпінде міндетті түрде тақырыбы, шығарушысы, бастырушысы, басылым көрген баспаханасы, қаласы, жылы т.с.с. көрсетіліп отырды. Және де мәтіннің шыққан баспаханасының аты, қаласы орыс тіліне аударылып басылды. Тіпті, кітаптың ішкі бетінде оның қай жылы, қай уақытта, кімнің тарапынан т.б. рұқсат етілгені де ескеріліп отырды. Үшіншіден, мәтін әрі қазақ (араб әрпінде), әрі орыс тіліндегі аудармасымен бірге берілді. Алдымен орыс тіліндегісі солдан оңға қарай нөмірленіп беріліп, ал араб әрпіндегі түпнұсқасы оңнан солға қарай жеке өз алдына таңбаланды. Мәтіннің екі тілде жариялануында бірнеше мақсат көзделді: бірі, зерттеушілік істі жандандыру, яғни Ресей ориенталистері мен түркітанушылары үшін бұл өте ұтымды болды. Екіншісі, оларға, егер қазақ тілін білсе, мәтіннің түпнұсқасы берілді де, қажет болса, қазақша мәтінін орысша аудармасы арқылы кең танысуға мүмкіндік жасалды. Үшіншісі, түркітанушылар үшін қазақ тілін нақтырақ зерттеу мүмкіндігін туғызды, тіпті қазақ сөзін қалай жазу, оны қалай түсіну ғана емес, қалай аударуға болатынын да байқау, тексеру керектігі пайда болды. Төртіншісі, екі тілде жарияланған фольклорлық мәтіндер, көбінесе не орыс тілін меңгерту үшін, не қазақ тілін т.с. зерттеу үшін дерек көзі ретінде қызмет етті. Бесіншісі, мәтіннің араб әрпіндегі түпнұсқасы, кириллица әрпіндегі фонетикалық транскрипциясы мен орыс тіліндегі аудармасы бірге берілді. Сондай-ақ жинақтың әрі алғысөзі мен ғылыми түсініктемелері болуы т.б. басылымның ғылыми сараланымын танытса, ал қалғандары бұқаралық, ағартушылық т.б. сипатта болды. Алтыншысы, жарияланған фольклорлық мәтіндер әрі кітап, әрі жинақ, әрі хрестоматия, әрі оқу құралы түрінде болсын, негізінен, ғылыми, ағартушылық, бұқаралық, тілдік, этнографиялық, фольклористік т.с.с. мақсатты көздеді. Жетіншісі, фольклорды жариялаудың негізгі талаптарына сай мәтіннің жазылынып алынуына қатысты паспорттық деректер бірге берілді. Және де жинақ, хрестоматия ішінде мазмұны, алғысөзі мен ғылыми түсініктемелердің болуы қамтамасыз етілді. Кітапты жариялаушыға қатысты деректер, яғни мәтінді құрастырушы есімі, баспахана, қала аты, басылған жылы, баспаға цензураның рұқсат еткен күні т.б.- бәрі әрі қазақ, әрі орыс тілдерінде қатар көрсетілуі шарт етілді.


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар
buuk -> Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет