Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ



бет9/18
Дата04.11.2016
өлшемі5,75 Mb.
#97
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18
.]: «Алладан бұйырғы бар, // Басы бар құлағы жоқ»,- деген алғашқы нұсқадағы жұмбақ жолдары кейінгіде басылмай, оның орнына көп нүкте ғана қойылған [254, 206 б.]. Демек 1989 жылғы нұсқаның өзінде «Аллаға» қатысты жұмбақ жолдарының алынып тасталуы, Кеңес үкіметі тұсында 1924 жылғы нұсқаға қарағанда, 1989 жылғы нұсқаны құрастырушылар тарапынан редакциялау болғандығын көрсетеді. Яғни бұған сол тұстағы қоғамда дінге қарсы күрестің фольклорды жариялауда да түрлі өзгерістер, өзгертулер, редакциялануларға т.б. әкеп соққан олқылықтардың тууына әсерін тигізгені анық.

Қорыта айтқанда, осы күнде тәуелсіздік алғаннан кейінгі заманда, бұрын, яғни Кеңес үкіметі тұсында жарияланым көрген түрлі фольклорлық жинақтарға текстологиялық зерттеу жасау негізінде, оларды қайтадан жарыққа шығару мәселесі- қазақ фольклортану ғылымы алдында тұрған кезек күттірмейтін іс-шаралардың бірі болып қала бермек демекпіз. Ә.Диваевқа қатысты шыққан жинақтың бірінде- мақал-мәтелдің 140 шақтысы ғана [254, 280-295 б.]; екіншісінде- толықтыру негізінде 170-тей үлгісі ғана [255, 146-156 б.] басылым көрсе де, ал 1924 жылғы «Тарту» жинағында мақал-мәтелдің 210-дай нұсқасы [253, 197-205 б.] жинақталып берілуін т.с.с. ескеріп, алда белгілі фольклортанушы ғалым Ә.Диваевтың әлі де толыққанды академиялық жинағын құрастырып шығару қазақ фольклортану ғылымы алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Жалпы, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ғылыми-көпшілік сипаттағы басылымдар жұртшылыққа танымдық, информациялық, тәрбиелік, эстетикалық мақсатта қолданылды. Бұл кезеңдегі жарияланымдар алғашында тек көпшілікке арналып, тек фольклор мәтінін берумен ғана шектелді. Кейінгі басылған жинақтар ғылыми сипат таныта бастады. Мәтіндер белгілі бір жанр бойынша топталып берілді. Берілген үлгілер тақырыптық жағынан жүйеленіп, жіктелді. Сондай-ақ басылымдардың алғысөзі, түсініктемесі бірге берілді. Алғысөздерде фольклорды жинаушы, жариялаушы, зерттеуші қызметтердің бағыт-бағдарын айқындаған ой-пікірлер, өмірбаяндық деректер т.б. орын алды. Ал, түсініктемелерде мәтін паспортын құрайтын деректер орналасты.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген жинақтардың көбі Қазан төңкерісіне дейінгі тәжірибеге сүйенді. Олар белгілі дәрежеде қазақ фольклорын насихаттау, дәріптеу рөлін атқарды. Бұл басылымдар көптеген адамдардың фольклорды бағалауға, оны жинауға деген құлшынысын, ынта-жігерін арттырды. Кеңестік дәстүрде қазақ фольклорының бағдарламасы мен хрестоматиясын жасау, түрлі ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру үшін де т.б. фольклорлық үлгілерді құрастырып, жариялау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе оқулықтар, хрестоматиялар мен бағдарламаларды т.б. жариялауда белгілі ғалымдар: Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов т.б. еңбектерін ерекше атап өту керек. Бұлардың негізгі мақсаты: төл әдебиетке көпшіліктің назарын аудару мен фольклорды маманданған түрде зерттеу болатын.

Соғысқа дейінгі дәуірде (1921-1941 ж.) қазақ жерінде ондаған фольклорлық жинақтар шыққаны белгілі. Бұл басылымдар қазақ фольклорының жанрлық құрамының әралуан екендігін, оның өзіндік ерекшелігін т.б. танытты. 1920-30 жылдардағы жарияланған мұра Кеңестік фольклортану ғылымы мүддесіне сай жүргізілгені де мәлім.

1920-30 жж. алғашқы академиялық жинақтар да бірінен соң бірі дүниеге келіп, түрлі ғылыми еңбектер шоғыры баспадан шыға бастады. Осының арқасында қазақ фольклорының жеке жанрларын зерттеудің негізі қаланды. Сондай-ақ фольклор мен әдебиет арасындағы байланысқа да мақсатты көңіл бөліне бастады.

Дегенмен бұл жинақтардың ғылым үшін маңыздылығымен қатар белгілі бір кемшіліктері де болды. Бұл жинақтарды құрастырушылар, көбінесе фольклорлық мәтіндерді іздестіру мен қағазға түсірудің, жариялаудың таза ғылыми талаптарын орындай бермеді. Сонымен қатар фольклорлық мәтіндердің түпнұсқадан өзгеше болып, ұқсамауы өз алдына, керек десең, тіпті «бұқара көпшілік» мүддесіне орай «редакциялануларға» да ұшырап отырды. Басылымдағы үлгілер ешбір вариантсыз берілуі бұл жинақтарға сенімсіздік тудырып, әрі оның ғылыми бағалығын төмендеткені күмәнсыз.

Мұндай көрініс, көбінесе 1920-шы жылдарға тән ерекшелік еді. Жекелеген зерттеушілер талпынысы, аздаған фольклорға қатысты ғылыми басылымдар жалпы қазақ фольклортану ғылымында қалыптасқан жағдайды өзгерте алмады. Кейінгі 1920-шы жылдардағы басылымдарда да осы жағдай сол қалпында қала берді. Дегенмен, осы 1930-шы жылдарда халық шығармаларын ғылыми жариялау негізі қалыптаса бастағанын да айту керек.

Бұл басылған жинақтардың біразының тілдік-диалектологиялық мақсатта, біразы фольклорды халықтың өзіндік ерекшелігін, салт-дәстүрін, сана-сезімін т.б. таныту мақсатында қолданылғаны байқалады. Ал, қалғандары, ең бастысы қазақ фольклорының жанрлық ерекшелігін ажырату ісіне негіз қалады. Бір жинақтар құрастырушылардың ғылым салаларын терең меңгерген білімпаздық қасиеттері арқасында фольклорлық үлгілерге терең талдау жасауымен ерекшеленсе, енді бірде қызық түсініктермен, шынайы ғылыми мәтіндермен қатар көптеген ғылыми аппараттар т.б. орын алуы- бәрі бірден көпшіліктің назарын өзіне аудара білді. Кейбір жинақтар іші фольклордың сан жағынан көптігімен де және олардың көп нұсқалылығымен де, сапалы сұрыпталуымен де т.б. ерекшеленеді. Сонымен қатар жинақтардың кіріспесінде фольклордың жиналу тарихы мен қазіргі жағдайы, өзіндік ерекшелігі, әлеуметтік табиғаты, фольклор мен әдебиеттің өзара байланыстылығы, жинақтың мазмұндық тақырыпшалары т.б. сөз болуы көңіл бөлерлік.

Фольклорлық материалдар жинақ ішінде жанрлық жағынан топтастырылып орналастырылып, соңынан ескертулері мен түсініктемелері бірге беріліп отырылды. Сонымен бірге егер бұл фольклорлық мәтіндердің сұрыпталу мен жариялану әдіс-тәсіліне келетін болсақ: белгілі бір үлгінің пайда болу мәселесі; шығармалардың идеялық-тақырыптық өзара байланыстылығы; халықтық үлгілердің дамуы мен таралу ерекшеліктері; әр әлеуметтік топтарда олардың өзгеру мүмкіндіктері т.б.- бәрі жинаққа кірген мәтіндердің негізінен толықтай паспорты толтырылуымен, орындаушылардың аты-жөні көрсетілуімен, мәтіннің қағазға түскен күні, уақыты, жері т.б. тіркелуімен құнды болды.

Мұндағы фольклорлық материалдардың біразы энтузиаст адамдардың көмегі арқылы, бірқыдыруы Қазан төңкерісіне дейін жиналғаны да белгілі. Берілген ескертулер мен түсініктемелерге қарап, құрастырушылар тарапынан қаншалықты текстологиялық жұмыстар атқарылғанын анықтауға да болады. Демек мәтінді жан-жақты тексеру, ондағы сөйлем, сөйлемше, тіпті сөздер тізбегіне т.б. көңіл бөлінуі- бәрі жинақ құндылығын арттыра түсті.

Сонымен бірге фольклордағы тілдік ерекшеліктерді қарастырғанда, олардың өзара ұқсастығы мен айырмашылықтары ғалымдарды қызықтырғанын, жалпы халықтық шығармаларға көпсөзділік т.б. тән емес екенін ескеру де орын алғаны көңіл бөлерлік. Жинақты құрастырушылар халықтық аңыздарға да назар аударған. Осы орайда кейбір жинақтардың тақырыптық атаулары жанрлық жіктеулердің ғылыми талаптарына сай келмей жататынын да атап өту керек. Кейбіреуінде мәтіндер варианттарымен бірге басылса, қалғандарында ол жоқ болуы да ұшырасты. Ал, келесі бір жинақтарда кіріспесі де, ескертулері де, есім көрсеткіштері де, түсініктемелері де, тіпті сөздігі де бірге берілді. Сондай-ақ ғылыми түсініктемелері де қамтылды. Кіріспеде кейде елдің өткен тарихы, халықтың сөйлеу ерекшелігі, мәтіннің айтылу өзгешелігі, сондай-ақ мәтіннің зерттелу тарихына шолу жасауы т.б. тәрізді мәселелер сөз болды.

Ал, басқа бір кіріспелерде қазақ фольклортану ғылымының кейбір мәселелерімен бірге, фольклордың көркемдік-эстетикалық, әрі ғылыми бағалылығы т.б.- бәрі фольклор мен әдебиеттің, тарихтың,этнографияның т.б. өзара тығыз байланысты екендігі тұрғысында сараланды.

Құрастырушылардың жинақтың тақырыптарына да, құрылысына да т.б. назар аудара бастағанын да ескерген жөн. Жинақтардың біразы сол қалпында берілсе, біразы толықтырылып, жаңартылып отырды. Кейбір жинақтардың түсніктемелері салыстырылмалы- тарихи әдіс негізінде жазылды да, мұнда көптеген құнды дерек көздері: фольклорлық ескерткіштер, тарихи деректер мен дерек көздері, этнографиялық мәліметтер т.б. кірістірілуі де – осы саладағы зерделі ізденіс жемісі. Құрастырушылар тарапынан фольклордың нұсқалары өз алдына бөлініп жеке берілмесе де, жинақтың теориялық бөлімі, яғни түсініктемесінде олар жайлы сөз болуы да назар аударарлық.

Мәтіндерге түсініктемелер берілгенде, құрастырушылар тарапынан оның жиналу тарихын да, кейбір үлгілердің жариялану тарихын қарастыруына да көңіл бөлінді. Сонымен қатар оларды Қазан төңкерісіне дейінгі шыққан нұсқалармен де салыстырып отыру да жүзеге асты. Кейбір жинақтар белгілі бір жанр талабы тұрғысынан жарияланса, кейде толыққанды ғылыми басылым ретінде тақырыптық әралуандылығымен көзге түсті. Кейбір нұсқалар бойынан әлеуметтік теңсіздікке, патшаның отарлық саясатына деген наразылығы да; халықты езуші жергілікті «үстем тап» өкілдерін сынау; халық үшін туған ерлерді мадақтау; сондай-ақ халықтың еңбекке, ерлікке, қонақжайлыққа т.б. қатынасын да бірге беруге тырысу да кезең ерекшелігіне сай бұл саланың жеткен биігі мен бағытын межелеуге дерек береді.

Фольклорлық ескерткіштердің ғылыми басылымдарымен қатар, қазақ фольклорына қатысты оқу құралдарының да, хрестоматиялардың да т.б. басылым көргені белгілі. Фольклордың жоғары көркемдік құндылығы, әрі оның бойындағы этикалық-эстетикалық қырларының мән-маңыздылығы т.б. педагог-ғалымдарды бейжай қалдырмаған. Хрестоматияларды құрастырушылар тек қазақ әдебиетін, тілін, тарихын ғана т.б. оқытуды ойластырмаған, сондай-ақ ұлттық фольклорды да дәріптеуді мақсат тұтқан.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл жинақтарда кемшіліктер де баршылық: біріншіден- фольклордың тарихы мен теориясына келгенде, ескірген көзқарастардың орын алғаны байқалады, екіншіден- зерттеушілік қызметке қажетті нағыз методологиялық негіздің болмауы орын алды. Кейінгі хрестоматияларда басты назар фольклордың, әсіресе әлеуметтік мән-маңызына, мақсаты, тіпті таптық мүддесіне т.б. аударылды. Мұнда және кітаптың құрылысы мен фольклордың жанрлық жіктелуінде біраз кемшіліктер болды. Негізінен, бұл Кеңес кезіндегі фольклорға қатысты оқулықтар, хрестоматиялар мен оқу құралдары т.б. маркстік-лениндік методология негізінде жазылғанын ескереміз.

Отызыншы-қырқыншы жылдарда көпшілікке арналған халық ауыз әдебиеті шығармаларының біраз жинақтары басылып шықты. Мәселен, «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Ө.Тұрманжанов. Алматы. 1935), «Мысалдар» (құрастырушы Ө.Тұрманжанов. Алматы. 1936), «Алдар көсе» (Алматы. 1936), «Сексен өтірік» (құрастырушы Ө.Тұрманжанов. Алматы. 1957), «Қазақ ертегілері» (Алматы. 1939.), «Жұмбақтар» (құрастырушы С.Аманжолов. Алматы. 1940), «Базар батыр» (дайындаған Б.Тұрсынбаев. Алматы.1942), «Қазақстан халық ақындарының айтысы» (ред. Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов . Алматы. 1944), «Ақындар айтысы» (Алматы. 1944) т.б.

Сөйтіп, халық ауыз әдебиетінің қолжазба қорындағы материалдардың көлемі көбейді. Халық әдебиетінің белгілі бір жанрынан жинақ дайындау үшін мол материалдан тәуір дегендерін сұрыптап алуға толық мүмкіндік туды. Сондықтан да 1930 жылдардан бастап көпшілікке арналған қазақ фольклоры жинақтарының сапасы тәуірлене түсті. Егер де жинақ қазақ ертегілеріне арналған болса, онда ол жинаққа хайуанат жайындағы, қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегілердің түрлерінен іріктеліп алынды.

Қазақ фольклоры 1930-1940-шы жылдары мектеп бағдарламаларына кіре бастады. Ол кездегі қазақ фольклорын оқытқанда, оны не тарихи, не жанрлық т.б. ерекшеліктері тұрғысынан емес, тақырыптық талабы бойынша қарастырылды. Демек, 1930-40 жылдардағы қазақ фольклортану ғылымында атқарылған жұмыстар: бірі- қазақ фольклорының материалдарын ғылыми түрде жариялау болса, екіншісі- қазақ фольклоры туралы түрлі оқулықтар, оқу құралдарын, хрестоматияларын т.б. жариялау болатын. Сол арқылы Кеңестік қазақ фольклористикасы алдында тұрған зерттеу нысанасын терең де, жан-жақты мәнін түсінуге дайындық жүрді, сонымен қатар фольклортанушылық білімнің жан-жақты таралуына жол ашты, жас зерттеушілерді тәрбиелеп, ғылым жолына әкелуге жағдай туды.

1920-шы жылдардың соңына қарай, 1928 жылы «буржуазиялық ұлтшылдыр» деген айыппен қазақтың бір топ оқыған азаматтары тұтқынға алынғаны, кейін де 1937-ші жылдары бұл мәселе қайта көтеріліп, енді «халық жауы» деген желеумен қазақтың белгілі ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтердің т.с.с. түрмеге жабылып, атылуы—бәрі тарихымыздан белгілі.

Сондай-ақ олардың жарық көрген кітаптарын, мақалаларын, олар құрастырған ауыз-әдебиеті үлгілеріне тыйым салу- бәрі де ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорын зерттеу, жиыстыру, жариялау- жұмыстарына кері әсерін тигізгені мәлім. Міне, мұндай іс-шаралар жоғарыдан да, төменнен де қадағаланып, арнайы рұқсат беру арқылы ғана түрлі фольклорлық жинақтар т.б. Кеңес үкіметі заманында басылым көргені анық. Мәселен, 1937 жылы «Батырлар жырының» жинағы [256] латын тілінде белгілі ақын, қайраткер Сәкен Сейфуллин құрастыруымен дайындалды. Қазіргі таңда Ғылым академиясының Орталық қолжазба қорында сақтауда жатқан бұл жинақтың не кіріспе сөзі, яғни 1-5 дейінгі беттері, не жинақ мазмұны (соңғы беті), не түсініктемелері т.б. сақталмаған. Жинақ іші тек мәтіндер топтамасынан ғана тұрады. Мәтіндер шоғыры алдымен 5-ші беттен, яғни «Ер Едіге» жырынан басталып, жинақ соңы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының аяқталуымен, яғни 321 бетпен біткен.

Мұндағы «Ер Едіге» жыры кіші орта беттерге түсіріліп, қара сөзбен басталады да, кейіннен жырға ұласқан үлгісі берілген [256,5-39 б.]. Жинақ беттерінің оң жақ маңдайшасына: «Батырлар жырының жинағы» деген тақырыпша бет көрсеткішімен қатар берілсе, кітаптың беттерінің сол жақ маңдайшасына «Садуақас Сейфолла ұлы Сәкен» деген жинақ құрастырушының толық есімі берілген жазу сақталып қалған. Жинақтың қай қалада, қай баспадан шығарылғанына қатысты т.б. деректер көздері көрсетілмеген. Әр бетке мәтіннің 41 жыр жолдары еніп отырған. Жинақтың 40-шы бет пен 74-ші бет аралығында «Нәрік ұлы Шора» қара сөз бен өлең түрінде аралас беріліп, құрастырушы тарапынан бірінші нұсқа ретінде көрсетілсе [256, 40-74 б.], ал 75-ші беттен 180-ші бетке дейін «Шора батыр» жырының екінші нұсқасы деген дерек те орын алған. [256, 180 б.]. Келесі ретте «Сайын батыр» [256, 181-267 б.], ізінше «Қамбар батыр» жыры [256, 268-316 б.] беріліп, жинақ соңы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырымен біткен [256, 317-321 б.].

Демек сөз болып отырған жинақ дербес келген 6 жырдың мәтін үлгісінен құралған. Бұл үлгілердің қайдан, кімнен т.б. алынғанына қатысты паспорттық дерек көздерінің болмауы т.б.- бәрі де мәтіндердің қай уақытта, қай жерде, кімдерден және де қандай жинау тәсілдері арқылы қағаз бетіне түскендігін айқындауға мүмкіндік бермейді. Ал, мұндай жинақтарда ол олқылықтардың туу себебі жоғарыда айтып кеткендей, кезең ерекшелігімен, билік басындағылар қысымынан туғаны, яғни «халық жаулары» деген айдар тағылғандардың еңбектерін қаралау, жазғандарын т.с.с. жоқ ету, тарихтан олардың ізін өшіру т.б. мақсатынан туғаны анық. Дегенмен жинақтағы «Шора батыр» жыры тұсында құрастырушы С.Сейфуллин тарапынан: «Қобыландыға ұқсас. 1894 жылы 12 декабрь»,- деген ескерту-сілтемелері берілген [256,75 б.]. Ал, «Сайын батыр» жыры тұсында: «Қыр баласы. 15.05.23 жыл»- делінген дерек көзі бар» [256, 181 б.]. Бұл дерек көзінен, біріншіден, мәтін иесі Қыр баласы, яғни белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов екендігін, екіншіден, мәтін 1923 жылдың 15 май күні Ә.Бөкейханов тарапынан қағазға түскенін айғақтайтын мәтіннің паспорттық дерек көздерін көреміз. Ал, мұндағы Ә.Бөкейханов есімін толық көрсетпей, тек «Қыр баласы» деген лақап атын ғана көрсетуі, сондай-ақ «Сайын батыр» жырын жыршылар аузынан алып, өңдеп өткеруші белгілі ғалым А.Байтұрсынов екенін бүгіп қалу т.б.- бәрі де Кеңес үкіметі тарапынан нақақ жала құрбаны болған халықтың біртуар ұлдарының есімдерін атаудан да, қарастырудан да т.б. қол үзуге, не олардың жазғандарын пайдалану іске асқанда да сілтеме жасамау дәстүрін әкелгені белгілі. Бұл өз кезінде ХХ ғасырдың бірінші жартысын қазақ фольклорын жинау мен жариялауды, зерттеуді т.с.с. көп тежегені мәлім. Осы кезде көпшілікке арналған жинақтарды дайындаумен қатар ғылыми жинақтарды басып шығаруда да бірқатар жұмыстар істелді.

С.Мұқанов «Батырлар жыры» (1939. т.1. Алматы) жинағын бастырып, көп томды «Айтыс» жинағының бірінші кітабын (Алматы. 1942) баспаға әзірледі. Қазақ әдебиеті мен искусствосының Москвада болып өткен онкүндігінен бастап (1936) халық ауыз әдебиетінің шығармалар жинағы орыс тілінде де көптеп шыға бастады. Ол миллиондаған оқушы жұртшылыққа кеңінен таралды. Олардың кейбіреуі қазақша шыққан мәтінді қайталаса, енді біреуі өз алдына жеке дайындалған жинақ болып табылады. Бұл кітаптар да қазақ тіліндегі жинақтар сияқты ертегілерді, 1916 жыл жайындағы өлең-жырларды қамтыған: «ХІХ ғасырдағы қазақ көтерілісі туралы жырлар» (Алматы. 1936), «Қазақ ақындарының өлеңдері» (Алматы. 1937), «Қобыланды батыр» (М.Тарловскийдің аудармасы. Алматы. 1937), «Қазақ ертегілері» (құрастырған Л.Макеев. Алматы. 1940), т.б. Осындай жинақтарды дайындау арқылы Қазақстан фольклортанушылары мен жазушылары Кеңес мәдениетінің алтын қорына зор үлес қосты. Олар Кеңес еліндегі барлық ұлттарға туысқан қазақ халқының мәдениетінің ерекшелігін тануына жәрдем жасады.

1939 жылы Алматы қаласында белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың құрастыруымен латын әрпімен «Батырлар жыры» жинағының 1 томы жарық көрді [257]. Бұл жинақ та жоғарыдағы жинақтағыдай «Едіге батыр» жырымен басталып [257, 23-61 б.], құрамында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» жырларын қамтиды [258]. Сондай-ақ жинақтың сыртқы мұқабасындағы атауы екі тілде, яғни орыс тілі мен латын әрпімен берілген. Мұқабада жинақ тақырыбынан бөлек: «СССР Ғылыми академиясының Қазақстандық филиалы. Жамбыл атындағы әдебиет және халық творчествосы секторы»,- деген тәрізді жұмыстың атқарылған орнын анықтайтын ақпарат көздері берілген [257, 2-3 б.].

Ал, ішкі беттің бірінде жинақты құрастырушы С.Мұқанов есімімен қатар, техникалық редакторы Р.Жабаев, корректорлары Г.Қазитов пен Н.Гүлжанов есімдері де көрсетілген [257,4 б.]. Жинақтың тағы бір ерекшелігі: мәтін мазмұны берілумен қатар (онда көлемді-көлемді 9 жыр үлгісі көрсетілген) [257,601 б.]; жинақтағы мәтіндерді мазмұндаған көлемді кіріспе сөз [257, 8-23 б.] бен нұсқаларға құрастырушы С.Мұқанов тарапынан берілген ғылыми түсініктемелер де орын алған [257, 592-600 б.].

Жинақ кіріспесі орнында «Батырлар жырының әдебиеттегі орны» деп аталған С.Мұқановтың алғысөзі беріледі. Таптық тұрғыда жазылған бұл кіріспеде фольклор атаулығы тарихи принціп тұрғысынан бағалау орын алған. Мұның бәрі Кеңес үкіметі ғалымдары тәрізді С.Мұқановтың да фольклорды, яғни осы ғылыми жинақты саясат құралы есебінде қолданғандығын танытады. Ендеше бір кітап ішіне фольклордың бір жанрын ғана топтастырып жариялауы С.Мұқанов ізденісінің жақсы, ұтымды жағы болса, ал фольклорға таптық тұрғыдан келуі кезең ерекшелігімен түсіндіріледі. Жинақ іштей 8 бөлімге ажыратылған, әрқайсысында жекелеген мақсат көзделген. Мәселен, бірінші бөлімде қазақ халық әдебиетін халықтың ең қымбат қазынасы екендігі айтылса, екінші бөлімде фольклордың ұсақ жанрларымен қатар сюжетті, көлемді жыр үлгілері бар екендігі, олардың өзіндік ерекшеліктері т.б. баяндалады.

Зерттеуші батырлар мен тарихи жырларға тоқтала отырып, олардың ішіндегі біраз нұсқалардың («Едіге», «Қобыланды», «Алпамыс», «Шора», «Қамбар», «Тарғын», «Қарасай-Қази», «Ер Көкше», «Бөкембай». «Кенесары-Наурызбай» т.б.) Қазан төңкерісіне дейін де, кейін де басылып таралғанын, тек «Шора» мен «Ер Көкше» тәрізді жырлардың көлемі шағындау орын алғанына назар аудартады. С.Мұқанов ел ішінде олардың ұзақ түрлері табылып жатқанын да ескертеді: «Мәселен, Алма-Ата облысы Қаскелең ауданының колхозшы ақыны Сәдібек Мүсреп ұлынан жақында жазылып алынған «Шора батыр» бұрынғы «Шорадан» көлем жағынан бес-алты рет үлкен, көркемдік жағынан анағұрлым құнды»,- деуінен [257, 7 б.], біз, біріншіден, нұсқаның жазылынып алынуына қатысты құнды паспорттық дерек көздерін аңғарсақ, екіншіден, нұсқаларды бір-бірінен ажыратқанда: оқиғасында, мазмұнында, кейіпкерлерінде, олардың іс-әрекеттерінде, мәтіннің тілі мен стилінде т.с.с. нақты өзгешеліктер бар ма, ол жағы ескерілмегені де байқалады. Тек көлемі қомақтылау, көркемдік жағы анағұрлым құнды деген жалпылама сипаттаулар ғана келтірген.

Сонымен қатар жоғарыдағы жырларға қосымша жаңадан жиналғандармен («Орақ-Мамай», «Базар», «Қазтуған», «Ағыбай», «Ер Есім», т.с.с.) қатар, түрік тілдеріне қатысты елдер әдебиетіне ортақ жырлардың да («Қасым хан», «Көрұғлы», «Рүстем дастан», «Сейітбаттал»т.б.) қағаз бетіне түскендігі айтылса да, олардың жазылынып алыну паспортына, яғни оның қашан, кімнен, қалай т.с.с. хатталғанына қатысты ақпарат көздері назардан тыс қалып отырған.

Одан әрі С.Мұқанов батырлар жырының қағаз бетіне түсе бастауы ХІХ ғасырдың орта кезінен басталады дей отырып, оған дейін халық әдебиеті ауыздан-ауызға көшкендіктен талай өзгерістерге түсіп, бірталайының оқиғалары араласқан, өзгергендігін ескертеді. Мысал ретінде, «Едіге» жырын 1841 жылы Жұмағұл ақыннан Шоқан әкесі Шыңғыс Уәлихановтың жазып алған болуы керек дей отырып: «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Көкше» жырларының үшеуін де ХІХ ғасырдың 60- шы жылдары жазып алып бастырған В.В. Радлов екендігі; 1886 жылы Қазанда «Алпамыс», 1913 жылы Орынбор қаласында «Қобыланды» жыры басылғандығы; өзге бірнеше батырлар жырының Қазан төңкерісінен кейін Ә.Диваев және тағы басқалардың редакциясымен шыққандығы т.с.с. айтылады.

Қазақ фольклортану ғылымының Кеңес дәуіріндегі даму ерекшелігін ашу үшін алдымен әр жылдары шыққан түрлі фольклорлық жинақтарды саралау қажеттігі туады. Кез келген отарлаушы тәрізді коммунист басшылары да басты шабуылды ұлттық идеология, ұлттық сана, басқа ұлт тілдерін бірте-бірте жоюға бағыттағанда, халықаралық деңгейде және мемлекет ішінде де өз теріс ниеттерін өтірік жамылғымен, әдемі ұранмен сәтті бүркей білген. Міне, сол әдемі ұранды дәлелдеу үшін ара-тұра түрлі фольклорлық жинақтарға рұқсат бергенде де, билік басындағылар сол кітаптарды шығаруды да өздерінің түпкі мақсаттарына, ұлттық сананы бірте-бірте тұқырта беру ниетіне бағыттауды естен шығармаған. Сондықтан да фольклор кітаптарын жариялағанда, ондағы шынайы ұлттық сана, психология орнына, жасанды «таптық» жіктелуді қалыптастыру саясаты сол кезеңде фольклорлық үлгілерді баспаға әзірлеушілерге және оған түсінік берушілерге де шешуші ықпал жасап отырды. Әйтсе де, ол үлгілерге берілген жасанды түсініктерді қабылдауға, біріншіден, қалың бұқараның онша дайын болмауы, екіншіден, «жасанды» нұсқалармен қанша көмкерілсе де, нағыз көркем туындылардың өзіндік бояуымен жетуі,- бәрі фольклор арқылы бір жағынан, «таптық сана» элементтері енуіне бастаса да, көбінесе тікелей айтылмай-ақ ұлттық сананың жоғалмауына, тіпті өрістеуіне де жол аша алды. Соның бір көрінісі белгілі жазушы С.Мұқанов құрастырып әзірлеген фольклор үлгілері десек, сол мәтіндерді ұсынудағы жетістіктер мен қатар әміршілдік жүйе ықпалымен және осы ғылымның ішкі өзіндік талаптарын жете ұғынбаудан туған «ағаттықтар» да орын алуы заңды еді. Даму дегенді тек алға басу емес, кейін шегіне отырып та, сүріну көмегімен, сүрінбеуді үйрену жолы деп есептесек, сол кездегі «асыра сілтеу» зардаптарын айта отырып, фольклор текстерінің фольклортану ғылымының ұлттық сананы сақтап қалуда көп көмек болғанын айту да қажет.

С.Мұқанов құрастырып шығарған «Батырлар жыры» жинағының басты бір ерекшелігі, маңыздылығы- ол жинақ соңынан берілген ғылыми түсініктемесінде [257, 592-600 б.], әрбір кірістірілген нұсқаның жазылынып алыну паспортына қатысты дерек көздерінің қамтылуы дер едік. Себебі түрлі себептермен мәтіннің дерек көздерін не бұрмалау, не көрсетпей т.б. кету ғылымға нақтылық пен дәлділіктен ауытқуға әкелетіні сөзсіз.

Бұл кітаптағы алғашқы түсініктеме «Едіге батыр» жырына берілген [257, 592-594 б.]. С.Мұқанов: Едігенің тарихта болғандығын; 1385-1406 жылдары Алтын Ордада хандық құрған Тоқтамыс ханның тұстасы болғанын; Едігенің Тоқтамыс ханмен араздасып, оны 1406 жылы өлтіргенін сөз етеді. Ал Тоқтамыс ханның баласы Қадірбердінің әкесінің кегін алып, 1419 жылы Едігені өлтіргенін тарихи материалдар негізінен алынды десе де, оның нақты қай еңбек екені көрсетілмейді. Оның есесіне «Едіге батыр» жырының түрлі нұсқалары сақталғанын, оның бірін- қазақ оқымыстысы Ш.Уәлиханов жазып алғанын діттей отырып, ол үлгінің ғалымның «Шығармалар» жинағында 1904 жылы С.-Петербургте орыс тілінде басылғанын; ондағы Едігенің арғы тегі араб болғанына сілтеме орын алғанын сөз етеді.

Ал, басқа да бір мәліметтерде Едігенің атасы Бабай түкті шашты Әзиз делінсе де, ол мәліметтердің нақты қайдан алынғаны көрсетілмейді. Мәселен: «Басқа мәліметтерде Едігенің атасы Бабай түкті шашты Әзиз. Профессор Мелиоранский «Едіге мен Тоқтамыс» деген кітабында Бабай түкті шашты Әзизді- Қожа Ахмет Яссауи еді деген дәлелдер келтіреді (С.Петербург. 1905 жыл»),- делінген [257, 592 б.] пікірді, сол 1905 жылы С.-Петербург қаласынан шыққан профессор П.М.Мелиоранскийдің «Едіге мен Тоқтамыс» кітабынан іздестіргенде [259], мына жәйіттерді байқадық. Біріншіден, Қожа Ахмет Яссауидің ұрпағы Едіге деген нақты кесіп айтылған дерек келтірілмеген; екіншіден, профессор П.М. Мелиоранскийде ел ішінде Едігеге қатысты тарихи аңыздардың барлығына, соның бірінде жоғарыдағыдай жорамалдың орын алғанына ғана назар аударған.: «... В одной из крымских версий, записанной В.В. Радловым в Кара су базары («Образцы» VII, 162-163), Нурадын тоже называет своим предком Чашлы туклу Коджа Амета (т.е. Хожа Ахмед). Действительно ли Едигей происходил из его рода или по крайней мере претендовал на такое происхождение, или позднейшая легенда связала имена Едигея и Ходжи Ахмеда,- этого мы пока не знаем»,- делінген [257, 10 б.].

Демек ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кеңес үкіметі тұсында белгілі бір фольклорлық жинақтарды баспа арқылы жүйелі түрде жарыққа шығарғанда, міндетті түрде нұсқаның қағазға түсу ерекшелігіне қатысты паспорттық деректерді қамтитын түрлі ақпарат көздерін де бірге беру дәстүрі қолданыла бастауы- бәрі де сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымындағы осы іспеттес жетістіктердің туа бастағанын дәлелдейді. Дегенмен нұсқаның тарихи шындыққа қатысы туралы кейбір тарихи мәліметтердің нақты қайдан алынғаны көрсетілмеуі сол тұстағы ғылымдағы әлі де дәлдіктен гөрі үстірттік, асығыстық басым екендігін айқындаумен бірге, белгілі бір пікірлердің дәлелді болуы үшін келтірілген дерек көздерінің өзінде де кеткен кемшіліктердің, не өзгерту, не бұрмалау т.с.с. түрінде кездесетінін танытады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет