Күрделі жөндеу деп негізгі құралдардың жеке бөлшектерін қалпына келтіруді айтады. Олардың тұтас объектімен салыстырғанда тозу мерзімі аз болады. Бұл жөндеу кезінде агрегат толық ажыратылады, барлық тозған бөлшектер және тораптар ауыстырылады немесе қалпына келтіріледі, базалық және басқа да бөлшектер мен тораптар жөнделіп жиналады және агрегат сынақтан өткізіледі.
Ағымдағы жөндеу негізгі құралдардың тозған жеке бөлшектерін жұмыс істейтін жағдайда ұстау үшін оларды ауыстырудан немесе жөндеуден тұрады. Оны негізгі құралдарды пайдалану процесінде жүргізеді.
Негізгі құралдарды жөндеуді мердігерлік және шаруашылық тәсілдермен жүргізеді. Әдетте, мердігерлік тәсілде негізгі құралдарды мамандандырылған кәсіпорындар жөндейді; шаруашылық тәсілде – шаруашылықтың өз күшімен және қаражатымен жөндейді. Негізгі құралдарды жөндеуге байланысты барлық шығндар, сол жұмыстар жүргізілген кезеңнің өнім шығаруға кеткен шығындарына қосылады.
Ұйымдар жөндеу жұмыстары бойынша шығындарды өнімнің өзіндік құнына біркелкі қосу үшін, жөндеу қорын қалыптастыруға резерв құра алады, оның есебі 3440 «Басқа да қысқа мерзімді бағалық міндеттемелер» шотында есептелінеді. Шоттың кредиті бойынша резервтің құрылуы, ал дебетінен – пайдаланылуы көрсетіледі. Жөндеуді қаржыландыру үшін бұл қорға қажетті сомалар жөндеу жұмыстарының барлық түрі үшін шығындар сметасы бойынша ай сайын аударылып тұрады және өндіріс шығындарына қосылады.