Гинекологиялық патологиясы бар әйелдерге медициналық көмек көрсету кезінде проблемалық сұрақтар орын алуда: -репродуктивті жүйе ағзаларының патологиясын анықтаудың төмен болуы;
-гинекологиялық патологиясы бар әйелдерді қадағалап қарау және емдеу, инновациялық технологияларды ендіру мәселелері бойынша МСАК және стационарлардың медицина қызметкерлерінің біліктілігінің төмендігі, білімдерінің жеткіліксіздігі.
Түсіктердің жоғары деңгейі, жыныс ағзаларының қабыну аурулары мен жыныс жолымен берілетін инфекциялар (бұдан әрі-ЖЖБИ) жағдайларының көбеюі, гормоналды бұзылыстардың айтарлықтай жиілеуі некеде бедеулікке әкеледі.
Қазақстанда ерлі-зайыптылардың шамамен 15-17 %-ы бедеуліктен зардап шегеді, әйелдер құрылымында бедеулік 50-60 %-ды құрайды. Диспансерлік есепте 26 000 астам әйел тұр, олардың бір бөлігі қосалқы репродуктивті технологияларға (бұдан әрі – ҚРТ) мұқтаж.
Елімізде репродукция саласына жаңа технологияларды табысты ендіру үшін заңнамалық база қамтамасыз етіліп, ҚРТ жүзеге асырудың барлық аспектілерін реттейтін құқықтық құжаттар бекітілді, әртүрлі бейіндегі мамандар даярланды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 31 экстракорпоральді ұрықтандыру (бұдан әрі- ЭКҰ) орталығы жұмыс істейді, 28 жыл ішінде әйелдерді, сонымен қатар еркектерді де бедеуліктен емдеудің соңғы технологиялары игерілді. Эмбриондарды криоконсервациялау, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг, эмбриондарды өсірудің тайм-лапсы сәтті қолданылуда.
Бедеулікті емдеудің тиімділігі жылына 13,1 %-дан 34,3 %-ға дейін өсті, бұл жетекші еуропа елдерінің орташа көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.
28 жыл ішінде елімізде ҚРТ әдісімен 90 000 астам ерлі-зайыпты бірге ем алып, отбасында көптен күткен 30 000 астам бала дүниеге келді.
ЭКҰ бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыру аз қамтылған отбасыларды ҚРТ-ға қолжетімділіктерін арттырып, кеңінен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды, 2010 жылдан 2020 жылға дейін ТМККК шеңберінде 9 000 астам бағдарлама ТМККК шеңберінде жүзеге асырылып, 3 000 астам бала дүниеге келді.
2020 жылы Мемлекет Басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі отбасылық-демографиялық ахуал зор алаңдаушылық тудырып отырған мəселе екенін айтып, Үкіметке ЭКҰ квотаны 7 есе ұлғайтуды тапсырды. Осыған байланысты Министрлік 2021 жылдан бастап жыл сайын отбасылық жұптарға ЭКҰ жүргізуге 7000 квота берумен «Аңсаған сəби» арнаулы бағдарламасын іске асыруда.
Осы бағдарламаның іске асырылуы кезеңінде (2021-2022 жж.) 14 000 әйел квота алды, нәтижесінде 3 300 отбасында көптен күткен 4 000 сәби дүниеге келді, шамамен 2 500 әйел жүктілігі бойынша қаралуда.
Елде ҚРТ табысты дамытумен қатар, аталған бағдарламаны іске асыру кезінде проблемалық мәселелер бар: -ЭКҰ-дан кейін 40 жастан асқан жүкті әйелдердің үлесі өсті;
-көп ұрықты жүктілік (егіз және үшем) үлесі 15 %-ға дейін ұлғайды;
-көп ұрықты жүктілігі бар әйелдер арасында салмағы 1000 граммнан аспайтын кішкентай салмағы бар балалардың туылуы;
-ЭКҰ-дан кейін жүкті әйелдерде мерзімінен бұрын босану үлесінің ұлғаюы (10 %);
-ЭГА бар, жүктілік пен босану кезінде асқыну, тіпті қолайсыз нәтижесі бар әйелдерге ҚРТ бағдарламасын жүргізу.
3. Отбасын жоспарлау және алдын ала дайындық. Елімізде 845 «Отбасын жоспарлау» кабинеті жұмыс істейді, олардың қызметі ҚР-да акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартымен регламенттеледі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) денсаулықты нығайту, аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша қажетті іс-шараларды жүзеге асырады. Осы норма шеңберінде ЖАО ауыр ЭГА және әлеуметтік тәуекелі бар (көп балалы және толық емес отбасылар, психикалық-тәни дамуында ерекшеліктерімен балалары бар отбасылар, әлеуметтік жағынан тұрмысы жайсыз) әйелдерге контрацепция құралдарын сатып алуды және қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Әйелдердің заманауи контрацепция әдістері туралы хабардарлығының төмен болуы ФЖӘ-дің заманауи контрацепциялық әдістермен қамтылудың төмендіге алып келіп, соңғы он жыл ішінде осы көрсеткіштің бірдей деңгейде қалуына септігін тигізіп отыр.
Анағұрлым көп пайдаланылатын контрацептивтер: ЖІС – 32 %, презервативтер – 6 % және ішетін контрацептивтер – 13 %-ды құрайды.
15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар (8 %) мен 20-25 жастағы жас әйелдер (23 %) арасында контрацепциямен қамту өте төмен.
Өкінішке орай, жүктіліктің елеулі саны (40 %) жоспарланбаған жүктілік болып табылады, алдын ала дайындықтан өткен жұптардың үлесі 20%-дан аспайды. Бұл жүктіліктің қолайсыз нәтижелерін болдырмаудың профилактикалық шаралары (ұрықтың ТБА профилактикасы, мерзімінен бұрын босану және преэклампсия) пайдаланылмайтынын білдіреді.
Алдын ала дайындық болашақ ата-ананың екеуіне де қажет, өйткені олар эмбрионды генетикалық материалмен тең қамтамасыз етеді және дені сау баланың тууына тең жауапты болады. Баланың өмірлік маңызды функциялары мен бала интеллектісі қалыптаса бастаған кезде ұрықтанудан бастап өмірінің 2 жасына дейінгі 1001 күннің маңыздылығы мен ерекшелігі туралы дәлелдер бар.