45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары
1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетiндегi және (немесе) су бетiндегi белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегiндегi аумақ құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегiндегi жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады.
3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртiбi бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi.
46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi.
3. Ірi және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн.
Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiледi.
4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсiндегi кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келiсiлуi мүмкiн.
Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2015 № 366-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |