2.2. Қазақстанды дамыту үшін бәсекелі артықшылықтар мен салалар Бүгінгі күні Қазақстан – бұл экономикалық, әлеуметтік және институционалдық дамуда серпіліс жасаған ел. Қазақстан табыс деңгейі орташа ел ретінде танылады: сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 25 331 халықаралық долларды құрайды.
Экономикалық өсу 2010 жылдан бастап 2014 жылды қоса алғандағы кезеңде ЖІӨ-нің өсуі жылына 4,2-7,4%-ды құрады. 2014 жылдан бастап әлемдік экономикада ахуалдың күрт өзгергені байқалды, осының нәтижесінде 2015-2016 жылдары Қазақстанның экономикалық өсуі жылына 1,1-1,2%-ға дейін баяулады. 2017 жылдың басынан бері ел экономикасы шамамен 4% жоғары өсу траекториясына қайта оралды, бұл экономиканың жаңа даму шарттарына бейімделгенін айғақтап отыр.
Өсудің тұрақтылығы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып контрциклдік макроэкономикалық реттеу саясаты есебінен қамтамасыз етілді. Орташа жылдық инфляция қарқыны 2010 жылдан бастап 7,9%-ды құрады.
2010 жылмен салыстырғанда, экономиканың құрылымында сапалы өзгерістер болды. ЖІӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер саласының үлесі 2010 жылғы 51,7%-бен салыстырғанда, 57,8%-ға дейін ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,3%-дан 11,8%-ға дейін өсті. Бұл ретте Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында өңдеу секторының өсу қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түсті. Мәселен, 2010-2016 жылдары өңдеу өнеркәсібі орташа есеппен 4,4%-ға өсті, сонымен қатар тау-кен өндіру өнеркәсібі 1,1% деңгейінде дамыды. Өңделген тауарлардың экспорттағы үлесі 2010 жылғы 27,9%-дан 2016 жылы 35,1%-ға дейін, тауар позицияларының үлесі 777-ден 877-ге дейін ұлғайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде елдің экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған тиімді көлік-логистика инфрақұрылымы қалыптасты.
Агроөнеркәсіп секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперциясына кеңінен тартуға, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсуіне, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған АӨК-ті дамытудың
2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.
Сонымен бір мезгілде, экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстан экономикасының күрделілігі индексі -0,52 құрайды (салыстыру үшін Ресейде – 0,21, Малайзияда – 1,08).
Экономика салаларындағы еңбек өнімділігінің деңгейі бойынша ілесе алмауы байқалады. Мысалы, Австралия мен Канада сияқты елдермен салыстырғанда, ауыл шаруашылығында ілесе алмау 12-15 есеге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді. Өнімділіктің өсуін қазіргі заманғы технологиялардың жеткіліксіз енуі мен дамуы, негізгі құралдар тозуының жоғары деңгейі мен жоғары емес технологиялық деңгейі тежеп отыр, ол негізгі капиталдың жалпы жинақталу көлемінің 2007 жылғы ЖІӨ-нің 30%-дан 2016 жылы 23,3%-ға дейін төмендеуінің салдарынан болды.
Өзіндік технологиялардың дамуы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) төмен даму деңгейімен шектелді. Бұл ретте Қазақстанда ҒЗТКЖ-ға жұмсау шығындары ЖІӨ-нің 0,15%-ын, Ресейде – 1,2%-ды, Малайзияда – 1,3%-ды, Австралияда – 2,2%-ды құрайды.
Қаржы саласында экономиканың нақты секторын қаржыландыруды тежейтін өзекті проблемалар сақталуда. Қарыз алушылардың жоғары тәуекелдері мен банк активтерінің төмен сапасынан банктік кредит беру көлемі шектелуде. Банктердің балансында шетел валютасының айтарлықтай жоғары үлесі сақталуда, бұл олардың теңгемен қаржыландыруды ұсыну мүмкіндіктерін төмендетеді. Баламалы қаржыландыру көздері (бағалы қағаздар нарығы, венчурлік қаржыландыру, факторинг, лизинг сияқты және өзгелері) жеткілікті дамымаған.
2014-2016 жылдары фискалдық ынталандыру шаралары нәтижесінде
2017 жылға қарай мұнайлық емес тапшылық 9%-ға дейін, мемлекеттік борыш
ЖІӨ-нің 24,3%-ына дейін ұлғайды. Сонымен бірге жалпы бюджет тапшылығын 3%-дан аспайтын деңгейде және Ұлттық қордың активтерін
ЖІӨ-нің 30%-ынан астам деңгейде ұстап тұрудың арқасында елде тұрақты фискалдық жағдай сақталып отыр.