376-бап. Азаматтың қайтыс болуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы
1. Егер мiндеттеменi орындау борышқордың жеке өзiнiң қатысуынсыз жүргiзiлмейтiн болса не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, борышқордың қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.
2. Егер мiндеттеменi орындау несие берушiнiң жеке өзiне арналса, не мiндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушiнiң қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады.
377-бап. Заңды тұлғаның таратылуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы
1. Таратылған заңды тұлғаның мiндеттемесiн орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келуi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, мiндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие берушi) таратылғанда тоқтатылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру осы органдар орындамаған мiндеттемелердi тоқтатуға әкелiп соқтырмайды. Егер тиiстi органдардың қызметiн тоқтату немесе оларды қайта құру туралы шешiмде міндеттемені орындау жүктелетін өзге мемлекеттік орган айқындалмаған болса, көрсетiлген мiндеттемелердi орындау қарамағында бюджет қаражаты бар органға жүктеледi.
Ескерту. 377-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |