349-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы ұғымы
1. Мiндеттеменi орындамау, не тиiстi дәрежеде орындамау (мезгiлiнде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, мiндеттеме мазмұнында белгiленген басқа жағдайларды бұзып орындау) - тиiсiнше орындамау оның бұзылуы деп түсiнiледi. Тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда борышқор бұл туралы несие берушiге дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Мiндеттеменi бұзғандық үшiн борышқорды жауапқа тарту несие берушiнiң талап етуi бойынша жүргiзiледi.
350-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдардың орнын толтыру
1. Мiндеттеменi бұзған борышқор несие берушiге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы). Айып төлеумен қамтамасыз етiлген мiндеттемедегi залалдың орнын толтыру осы Кодекстiң 351-бабында көзделген ережелермен белгiленедi.
2. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырудан борышкерді босату жөнiндегi мiндеттеме бұзылғанға дейiн қабылданған тараптардың келiсiмi маңызсыз болады, алайда тараптар өзара келiсiм бойынша мүлiктегi нақты келтiрiлген зиянды ғана өндiрiп алуды көздеуi мүмкiн.
3. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, залалды анықтаған кезде, мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде, борышқор несие берушiнiң талабын өз ықтиярымен қанағаттандырған күнi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, талап арыз берiлген күнi қолданылған баға назарға алынады. Мән-жай негiзге ала отырып, сот шешiм шығарған күнi не нақты төлем төленген күнi қолданылған бағаны назарға ала келiп, залалдың орнын толтыру туралы талапты қанағаттандыра алады.
4. Айырылып қалған пайданың мөлшерiн анықтаған кезде оны алу үшiн несие берушi алдын ала қолданған шаралар және осы мақсатта жасалған дайындықтар ескерiледi.
5. Егер мұның өзi мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен жалтару мақсатымен жасалғанын дәлелдесе, несие берушi борышқордың, сондай-ақ оның мүлiк иесiнiң кез-келген iс-әрекетiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
Ескерту. 350-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. N 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |