Біздің Отанымыз
Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасы Еуразия континентінің орталығына орналасқан. Аумағы батыстан шығысқа қарай 3000 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 1600 шақырым. Республика жер көлемі жөніне дүние жүзінде тоғызыншы орында. Қазақстанның ауа-райы, табиғаты әр алуан.
Біздің елімізде 48262 көл бар. Олардың ішіндегі ең тереңі – Алакөл. Алакөлдің тереңдігі 54 метр. Ал ең ащы грамм тұз бар. Ең тұщы көл – Марқакөл. Оның бір литр суында 80 миллиграмдай тұз бар.
Қазақстанның жануарлар және өсімдіктер дүниесі де әр түрлі. Елімізде 6 мыңнан астам өсімдік, 500 түрлі құс, 178 түрлі аң, 107 түрлі балық бар. Жеріміздің 10 пайызы таулы қазбаларға да өте бай.
(116 сөз)
Балаға ат қою
Қазақта бала туғаннан кейін ел ішіндегі аса құрметті қарияға немесе баланың атасына, әжесіне немересінің атын қойғызады.Ат қоюдың өзінен бүкіл бір халықтың ұлттық ерекшелігі, ой-арманы, түсінігі ап-айқын көрініп тұрады.Мысалы, ерте заманда балаларға көз тиюден немесе жын-шайтаннан сақтасын деген оймен Итбай, Күшікбай,Жаманбай деген оғаш есім қоятын болған.
Адамға ат қоюдың себептері алуан түрлі тілек-мақсаттарға байланысты да болып келеді. Бала бай, дәулетті болсын деген мақсатпен Байбол, Дәулет, Алтынбек, Алтынбай; күшті де батыл деп Арыстан, Батырбек, Қаһарман, Ербатыр; сұлу да көрікті болсын деп Айсұлу, Әсем, Ботагөз, Ажар; ақылды да тапқыр болсын деп Ақылбек, Ақылбай, Есбол сияқты есімдерді таңдап қойған.
Көптеген есімдер халықтың әдет-ғұрпына, күн, жыл аттарына да байланысты болып келген. Мысалы, Наурызбай, Жұмабай, Бейсенбай; балалары шетіней берген отбасылар жаңа туған сәбилерге Тоқтар , Тұрсын, Тоқтасын деген есімдер қойған.
(116 сөз)
Қымыз
Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең бағалы дастархан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады.Жаңа сауылған бие сүтін сүзгіштен өткізіп, жылы кезінде күбідегі немесе сабадағы саумалдың үстіне құяды.Содан соң оны міндетті түрде 30-40 минут пісіп, аузын байлап не тығындап ұстаған.Алғаш рет қымыз ашытарда бие сүті сабаға, арнаулы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады.Ашытқыны көбінесе сүр жаяның, қазының сынық сүйегін салып сүттен, ол жоқ болғанда сүтке нан ашытқысын езіп әзірлейді. Қор дегеніміз, ескі қымыз, ол – жақсы ашыған қымыздың саба түбінде қалатын, арнайы сақталған сарқыны.
Қымыз – ерекше дәмді, құнарлы, хош иісті және өте сіңімді сусын. Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, күзгі қымыз, қысқы қымыз деп атаған.Жазба деректер бойынша қымыздың 25 түрлі атауы бар.
(117 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |