Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет2/6
Дата04.11.2016
өлшемі1,87 Mb.
#342
1   2   3   4   5   6


Н.А. Смағұлова,


Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының оқытушысы

e-mail: nurbibikz@mail.ru



ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ТАРИХИ ЖӘНЕ

МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ


Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштері – салыныстар, бүкіл тарихи аумақтарында көрсетілген ғимараттар мен салыныстар, мемориалдық үйлер, некропольдер, кесенелер және жеке кісі жерленген жерлер, монументалды өнердің туындылары, тас бейнелер, жартас суреттер, археология ескерткіштері, Қазақстанның мемлекеттік тарихи және мәдени нысанасының ішіне кіретін тізбе ескерткіштер. Олар тарихи, ғылыми, архитектуралық, көркем және мемориалдық айрықша мағына білдіреді. Тарихи және мәдени ескерткіштердің тізбелері мемлекеттің қорғауында.


Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІҮ-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: “Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІғ. бастап қала орталығы Яссыға көшті”, - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды.

Ал қорық ғылыми қызметкерлердің зерттеуі бойынша, Қытай санекрит жазбаларындағы деректерге қарағанда, Түркістан қаласы біздің дәуірге дейінгі ІІ-ІІІ ғғ. өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы болжамдар айтылып жүр. Мысал келтіретін болсақ, сол кездегі Қарахандық билеушілердің осында әкелініп жерлене бастауы, атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс ханның жерленуі, тіптен Сайрамда туып-өскен Ахмет Иассауидің де Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігі анық.

ХІҮ ғасырда, яғни А.Иассауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түрік тілдес халықтардың діни орталығына айналып, “Хазрети Түркістан” немесе “Кіші Мекке” атанды. Бұл болжамды шығыс зерттеушісі академик В.В.Бартольд да қолдайды [1, б. 256].

ХҮ ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болады. Бұған дәлел – А.Иассауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі.

Түркістан қаласы сонымен қатар орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болғандығы белгілі. Оның мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады.

Олардың қатарына Ахмет Иассауи бастап, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүгнеки, Жүсіп Баласағұндар жатады.



Мың жарым жылдан аса өмірбаяны бар Түркістан – ер жүрек батыр қала. Монғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген қала. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

ХҮІІ ғасырдың басынан Түркістан қазақ хандығының, яғни қазақ мемлекетінің астанасы болды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын реттеу үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп отырған.

Түркістанның бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғандығын дәлелдеу үшін Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақ халқының ұлдары мен Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырларының құлыптастарының А.Иассауи сағанасында орналасқанын айтудың өзі жеткілікті емес пе?!

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, Түркістан өткен дәуірлерде құрылыс саласында қол жеткен табыстардың көпшілігін өз бойына жинақтаған ғимараттардың бірі, Түркістан қаласындағы күні бүгінге дейін жақсы сақталып келген кесене. Бізге жеткен жазба мәліметтерге қарағанда, көне Ясыда, қазіргі мавзолей тұрған орнында мұсылманның атақты әулиелерінің бірі, дәруіштер шайқасы – Ахмет қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын мавзолей орнатылғаны белгілі. Кейін бұл мавзолей мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Ахмет Иассауи кесенесінің қасиетті орын ретінде атағының жайылуына ХІҮ ғасырдың 30-шы жылдарында моңғол шапқыншылығынан қатты күйреген Түркістан қаласының қайта гүлдене бастауы ерекше ықпал етті. Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай Беркені өртеп жіберген Темір осы жеңістің құрметіне ескі мазар орнына жаңа, зор кешен орнатуды ұйғарды. Осы тұрғыда Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның жалпы жасампаздықты мұрат еткенін, беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге қажет еді. Құрылысты жүргізуді Темір Мәулен Садырға жүктеді. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауға Темір тікелей қатысып, негізгі бөлмелерді өзі анықтаған көрінеді. 1991 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Республикалық музей “Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейі” болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы ауданы 88,7 гектар. Оған бірнеше ортағасырлық ескерткіштер кіреді.

Абділ Әзіз баб кесенесі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауылында орналасқан. Бұл көп күмбезді ескерткіш ХII ғасырда Исфиджаб (қазіргі Сайрам) қаласында тұрғызылған. Бұл ғимарат үш жартылай сферикалық күмбезбен жабылған: біреуі ортада және енді шетінде. Портал шеті аркамен жабылған. Портал бұрыштарында доғал келген бағаналар бар. Порталдың жоғарғы жағы карнизбен аяқталған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен салынған. Порталдың бүйір тұсынан солтүстік фасадында 0,820 белгідегі баспалдаққа шығар жол бар. Орталық кіреберіс қақпаға қарама қарсы михраб орналасқан [3, б. 115].


Алаша хан кесенесі. Мазар халық шеберлерінің қолымен XI-XII ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған. Оның есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақстандық әйгілі кесенелердің бірі Қаракеңгір өзенінің аңғарында, оң жағалаудан 2 км қашықтықта, Малшыбай ауылынан алшақ емес жерде орналасқан. Мазарды зерттей бастау Ш.Уәлихановтың «Қырғыз қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы» атты мақаласынан бастау алады. (1855ж). 1868 жылы подполковник Красовскийдің "Область сибирских киргизов" атты еңбегінде ежелгі құрылыс туралы сипаттама пайда болады.Орталық Қазақстанның сәуле ескерткіштерін зерттеуге «Атбасарцветмет» тресінің бас геологы Қ.И.Сәтбаев атсалысты. Кейін ол академик атанды. «Алаш» термині ежелгі кезеңде қолданылған, яғни ру-тайпалар бөлінбей, ортақ мал ұстаған кезеңде. Бұл ежелгі түрік сөзі, - «туған-туыс, ниеттес» деген мағынаны білдіреді. Дұрысын айтқанда, «алаш» - қазақтың өз аты. «Алаш» сөзі бірнеше мағынада түсіндіріледі. Солардың дәлелденген бірі «Алты алаш» сөзі – Оғыздың алты ұлының соңынан ерген алты тайпа деген мағынада айтылады. Алтын Орда құлаған соң «Алаш» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранға айналды.Белгілі тарихшы Ж.О.Артықбаев " Материалы к истории правящего дома казахов" атты кітабында Алаш хан туралы сан түрлі аңыздарды салыстыра отырып, М.Ж.Көпеевтің нұсқасын толық деп тапты. "Алаш ханға дейін қазақтар біртұтас ел әрі мемлекет болған жоқ, және басқа халықтар оларды осы дәрежеде бағалаған жоқ. Бөтен баланы басқарушы етіп тағайындай оырып, олар оның атын ұрыс кезінде әскери ұран ретінде бағалаған. Олар жауға осы ұранмен шабуыл жасауға серттесті. Ал, осы атты айтпайтын адам, туған әкесі болса да, жауындай өлтіруге рұқсат етілді. Сол кезден мынадай сөз қалған: "Алаш Алаш болғанда, Алаш хан болғанда, біздің үйіміз ағаш киіз үй болғанда, Алаштың аты біздің ұранымызға айналғанда, сонда біз үш жүздің балалары қазақ атандық..."[2,206 б.]

Арыстанбаб кесенесі ХІІ ғасырда өмір сүрген белгілі діни мистик Арыстанбаб құрметіне тұрғызылған. Алғашқы жөндеу жұмыстары 14-15 ғасырларда жүргізілген. Содан бері алғашқы салынған ою өрнектер сақталынған. Жер сілкінісінен құлаған мазардың орнына 18-ғасырда екі күмбезді құрылыс салынған. 18-ғасыр ғимараты құлап қирағаннан кейін 1909 жылы қайта салынды. Жерасты суының жоғарғы деңгейі салдарынан бүлінген мешіт 1971 жылы қайта салынды. Кешен алғашқы үлгісіне негізделіп қалпына келтірілген, яғни Ислам дінінің ғұламасы Арыстанбаб жерленген жерге тұрғызылды, екінші бөлме мешіттің сол қанаты оның дін жолындағы шәкірті Гурханға арналды. Осы екі нысан біріктіріліп қосылып салынды.


Айша-бибі кесенесі өзінің аңызға толы рухани құндылығымен сәулет өнеріндегі ғажайып әлемде теңдесі жоқ ескерткіш болып табылады. Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Оның алғашқы қалпы біздің уақытымызға дейін тек батыс қабырғасында сақталған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Кесене кейіпін келтіру үшін Түркістан филиалының қайта жасаушы шеберлері үш жыл бойы ескі технологиялы пештерді қолдану арқылы 72 түрлі белгі салынған плиткалар дайындады. Сондай-ақ кесене фундаментін қатайту қабырғаларын көтеріп алғашқы кейпіне келтіру күмбездің ішкі және сыртқы желкендерін жөндеу секілді қиын жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ электр жарығын тартып кесене аймағы қоршалды, яғни осылайша кесене қайта қалпына келтірілді.

Бөкей Ордасы Еділ мен Жайықтың аралығында орналасқан. Солтүстікте Самар губерниясы, шығыста — Орал облысы, оңтүстікте Каспий теңізі батыс жағында — Астрахан губерниясының Царёв, Енотаев және Краснояр уездері. Жер көлемі — 92 144 5 km2 19 ғ. аяғында Астрахан меже бөлімі бойынша — 77 624 km2.

Орда өңірініңдегі дала көпшілігі құмды мен сазды жерден тұрады. Көтеріңкі жерлері төмпелі, ойпаттарда шабындық жерлер орналасады, бірақ кей тұстарда былқылдақ құм бар. Солтүстік жағында (Тарғын, Тал, Қамыс-Самар, Қалмақ) қара топырақты дала кездеседі, Оңтүстігінде көбінесе құм жайлайды. Оңтүстікте құм төбелерінің арасында құмаршық (Triticum cristatum) өсетін ойпаттар кездеседі. Төмпелерде ештеңе өспейді, теңізге жақындағанда тегістеніп кетеді де сорларға айналады. Оңтүстік-батыста Бэр төмпелері көріне бастайды. Орданың солтүстігінде бірде жалғыз, бірде топтасқан обалар бар, әдетте біреуі ірілеу болады. Ең ірілерінің шеңбер диаметрі 30 м шамасына жетеді. Бұл обалар мола екенін қазба жұмыстар дәлелдеді, соның ішінде адам мәйітінен басқа дүние-мүлік табылған, ал кейбіреулерінде зер тасты кірпіш қалауы бар.

Хан Жәңгір Бөкей ордасына келген ғалым-зерттеушілерді ерекше құрметпен қабыл алған. Осы өңірде болған Г.С. Карелин, В.И. Даль, т.б. хан үйінің қонақжайлылығына ризашылықтарын естелік — зерттеулерінде жазып көрсетеді. Бұлардан басқа Бөкей ордасында 100-ден астам Ресей және шетел зерттеушілері болған.

Хандықта Кіші жүзден шыққан 5 мың жанұя болды, 19 ғ. 50 жж. Бөкей ордасында 300 мың адам тұрды (50 мың жанұя).

Кіші жүз - үш жүздің ішіндегі жерді ең көп иеленген өлке. Ол Жайық пен Тобылдаң бастап Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі алқапты қамтып (850 000 шақырым) жатыр. Оңтүстігінде Хиуа, Қоқан хандықтарымен, Түрікмен, Қарақалпақ иеліктерімен, солтүстігінде Ресейдің Астрахан, Саратов және Орынбор губернияларымен, шығысыңда Ұлы және Орта жүз жерімен шектеседі. ХІХ ғасыр басында Кіші жүздің бірқатар ауылдары Ресей империясының құрамындағы Жайық пен Еділ өзендерінің төменгі ағысын қамтыды. Олар кейін Бөкей ордасы немесе Ішкі орданы (географиялык орналасуы бойьнша) құрады. 1801 жылғы 11 наурызда император I Павелдің Жарлығымен Кіші жүз қазақтарының осы жерде көшіп-қонуы заңдастырылды. 1803 жылғы есепке қарағанда олардың мал саны едәуір болған (70 мың түйе, 30 мың жылқы, 250 мың ірі қара мал, 1 миллионнан астам қой). Патша үкіметі Кіші жүз руларына Жайық пен Еділ арасында еркін қоныстануға қайта мүмкіндік беру арқылы қазақтардың жер үшін күресін біршама бәсеңдетіп, оны өзінің отарлау саясатындағы басты бағыт деп қарастырды. Бөкей Нұралыұлы (1804 - 1845 жж.) - Кіші жүздің белді сұлтандарының бірі. Саяси күреске ХVIII ғасырдың соңынан араласа бастаған. Өзінің туған ағасы Қаратаймен алакөз болып, кейіннен Айшуақ ханмен де жағаласты. ХIX ғасырдың басында Хан кеңесіне төраға болды, алайда тәкаппарлығы оның бағыныштылығына жол бермеді, орыс өкіметіне жағымды болды. Жәңгір жас кезінен білімге құштарлығын байқатты. Астрахань губернаторының үйінде тәрбиеленді. Бабаджа-Хатун кесенесі. Айша бибі мазары жанында орналасқан. Бұл кесене де XI-XIIғғ. сәулет ескерткіші болып саналады. Кесене ерекше қарапайымдылығымен бағаланады. Соңғы жаңартылуы 2002 жылы болған. Эпиграфикалық жазба бойынша ол жерде жерленген әйел адамның атын оқып білген. Аңыз бойынша ол әйел Айшаның қамқоршысы болған. Ол Айшаны сапар кезінде қасында болған. Айша қайтыс болған соң оның мазары үстінде жағылып тұрған алауды ұстап тұрды. Бұл екі кесене сәулет ескерткіші ретінде және қажылық дәстүрін өткізетін мұсылманның қасиетті жерлері болып есептеледі.

2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы әзірленіп қабылданды, оның ішіндегі негізгі басымдықтары: мәдени және тарихи ескерткіштерімізді қалпына келтіру. Тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның тарихында отандық ескерткіштердің ауқымды түгендеуі болды және тарихи, республикалық (218 нысан) және жергілікті мағыналық (11 277 нысан) мәдени ескерткіштерінің тізбелері бекітулі. Мемлекеттің "Мәдени мұра" бағдарламасының жүзеге асуы бойынша ескерткіштердің қалпына келтірілу жұмыстары жүргізілді.

Біздің республикамыздың аумағында тарихымыз бен мәдениетіміз үшін үлкен орын алатын ескерткіштердің саны өте көп.
Әдебиеттер тізімі
1. К.А. Ақишева, К.М. Байпақов. Қазақстан тарихы. (бұрынғы

заманнан бізге дейін). 1-том-Алматы: «Атамұра», 2012.

2. Н. Шаханова (этнографиялық очерктер) – Алматы: Мектеп, 2010.

3. Қазақ ССР тарихы (бұрынғы заманнан бізге дейін). 5-том. Алматы, 2012.






Г.С. Байпелова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының аға оқытушысы

e-mail: baipelova@bk.ru


ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАТЕРИАЛДЫ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ (салт-дәстүрлері, айтылу және түсіндірілу формалары, білімі және әдет-дағдылары, ұлттық зергерлік өнердің түрлері, кестелеу, кілем тоқу, киіз басу, ұлттық киім, ұлттық ойындардың түрлері)
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», – деген. Демек, салт-дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті. Отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, жоғары адамгершілік қасиеттер осы жол арқылы дарыған [1,б.198]. Олай болса, әдет-ғұрып – қазақ халқының мызғымас заңы деп қабылдаған жөн. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол.

Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл – әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастарға сай жасалатын алыс-беріс, сый-сияпат ретінде берілетін тарту-таралғы. Мұның әр түрлі жолдармен жасалатын реті болады. Мысалы, алғаш рет келген құрметті қонаққа, батырға, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиға қөрсетілетін жол бар. Олардың жанындағылар да елеусіз қалмайды. Мұндай тарту-таралғыға ат-шапан, кісе белбеу, ер тұрман, қару-жарақ, қалы кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жатады. Жол жөн-жосық, кезек беру, арқылы да көрсетіледі, мысалы: бата беру, бас ұстау, жоғары отыру. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын береді, өйткені «қыздың жолы жіңішке» деген бар. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ «жолсыз іс» дейді. Жалпы қазақ баласы қай жерде де, қай істе де жолсыз, жоралғысыз аяқ баспайды. Ел ішінде күн сайын кездесетін жолдасу, жол алу, жолын беру, жоралғы жасау, жөн-жосық, міне, алдымен осы жолдан басталады. «Орамал тон болмаса да, жол болады», - дегенде, атам қазақ: «Үлкен-кіші болса да, сыйлай біл, арзан-қымбат болса да, жолы мен жөнін көрсете біл», - деп ескерткен. «Е, құдайым, тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме, аттан құласам да, жолымнан құлатпа!» - деп тілеген ел жолдан жығылуды ар санаған, сол жолдан таймаған. Демек, тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет-ғұрыптың бәрі осы жол-жоралғы арқылы жасалады, жөнін табады. Жолды ұстай білу – биік адамгершіліктің, үлттық парасатымыздың берік тұғыры [2, б. 130]. Қазақ халқы ежелден бауырмал, қонақжай, көпшіл халық. Келген қонағына төрін ұсынып, дастарханынан дәм татырған. Сондықтан да қазақ халқы асқа, тағамға үлкен мән берген. Бұл – біздің халқымыздың ерекшелігі. Қазақ салтында аты әйгілі адамдарға, мысалы, батыр, би, болыс, байларға, белгілі өнер иелерінің қайтыс болғанына бір жыл толғанда ас беріледі. Мұнда жүздеген мал сойылып, мыңдаған шелек қымыз құйылады. Ат жарыс, палуандар күресі болады.

Асты «Біссіміллә!» деп бастайтын қазақ тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Мұны ас қайыру деп атаймыз. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Қазақтар асты дәм деп атайды. Халық арасында біреуді еске алғанда: «Дәмдес болып едік. Үйінен дәм татып едік», - айтқан сөздерінің ұлт ұғымында өзіндік орны бар. Өйткені әр қазақ өздерінің жақындары мен туыс-жекжаттарына ғана емес, ел сыйлаған құрметті азаматтарына, қадірлі ақсақалдарына, аналарына өз үйінен дәм татыруды үлкен мұрат, парыз деп санаған. Дәм татырудың қоғамдық, әлеуметтік істерде маңызы өте зор болған. Ең алдымен, әдейі шақырып, дастарханынан дәм татыру – ата салт, қазақы әдеп, жөн - жоралғы. Екіншіден, ол – сыйлаудың, құрметтеудің көңіл білдірудің айғағы. Үшіншіден, қай жерде болмасын, қай уақытта болмасын, сыйлас, қамқор, тілектес бола жүрудің кілті. Ел дәстүрі бойынша дәмдес болған адамдар бір-біріне қиянат жасамайды, жоғалғанын іздеседі, табысына қуанады, қайғысына ортақтасады. Бұл – ғасырлар бойы санаға сіңген салиқалы салт [2, б. 131].

Туған халқымыздың ежелден қалыптасқан әдет-ғұрпында көңіл аударарлық психологиялық іс-әрекеттер көп кездеседі. Соның ішінде сезімді, көңіл-күйді, іс-қимылды сөзді тауыспай-ақ ыммен, ишарамен, еппен сездіретін, оны дәл бейнелейтін ойлы, қызықты әрі сесті ұғымдар бар. Бұл - әдет-ғұрып ишарасы. Мұның тек рухани, ұғымдық жағы ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне де үлкен қызмет атқаратынын естен шығаруға болмайды. Төменде соның бірнеше түрлеріне түсінік беріліп отыр. Үлкен кісі жақсы көрген жастың арқасынан қағатын ғұрып бар. Арқаға қағу – риза болу, мақұлдау, қолпаштауды бейнелейді, яғни «рахмет, бәрекелді, жарайсың» деген сөздердің орнына қолданылатын алғыс белгісі. Бөркін аспанға ату – қатты қуану, шаттану дағдысы «Бөркін аспанға атып қуанады» деген сөз осыдан шыққан. Қамшы тастау. Бұл – ұлттық салт-дәстүр, әдет заңының жолы бойынша шешендер мен билердің, талапкерлердің дау-жанжал кезінде сөз сұраған белгілі ғұрпы. Қол алысу – танысудың, сәлемдесудің немесе келісу нышандары осы қол алысу арқылы байқалады. Сайып келгенде, ым-ишара да ежелгі ата-бабаларымыздың салт-сана, әдеп, үлгі, тәрбие, тағылым, таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге енген және қалыптасқан ұлттық бай қазыналарының бір тармағы болып қаралады.



Қазақ халқының қолөнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Қолөнерінің басты бір саласы киім тігу. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған. Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған. Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар. Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі [2,б.240]. Киімдердің барлық түріне тоқталу мүмкін емес. Сондықтан қымбат саналатын киім түрлеріне тоқталамыз.

Тымақ – ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап таныған. Тымақ – биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етегі бар жылы бас киім. Сыртын берік, қымбат маталармен тыстайды. Тымақ – қасиетті бас киім. Оны айырбастауға болмайды. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс.

Ұлтымызға жарасатын бас киімнің бірі – бөрік. Бөріктің сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіледі, жиегіне қымбат бағалы аң және мал терілері ұсталады. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады.

Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем бас киім. Сәукеле биік, төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғары жағына үкі тағады. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу, маржан, меруерт, ақық, лағыл сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады, түрлі түсті қымбат жіптермен тігіледі, безендіріледі. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады, Сәукеленің артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ақ желең тағылады. Сәукеле – тек бас киім емес, ол – қазақ халқының байлығы мен сән-салтанатының, мәдениеті мен өнерінің озық үлгісі, өнер туындысы ретінде бағаланатын өте қымбат этнографиялық мүлік. Сонымен бірге ол – қазақтың қыздарына деген көзқарасының да бір белгісі.

Шапан – қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі. Ол – арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты матамен қапталып, ішін астарлап тігетін жылы киім. Шапанға түйме, әйелдердікіне ілгек, қапсырма қадайды немесе белбеу буынады. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» тәртіп бұзған адамдарға ат немесе шапан айып тарттырып жазалау да шапанның қазақтың тұрмысында зор маңызы бар екенін дәлелдейді.

«Шебердің қолы алтын», - дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – оның қолөнері. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көздің жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы [2, б. 94-95].

Зергерлік – өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Оны барлық халықтар жоғары бағалап, ең қалаулы өнер етті. Тарихи этнографиялық мұражайлардағы археологиялық сәнді бұйымдар мен қарулар, ыдыс-аяқ, теңге-моншақтар, алтын мен күмістен және асыл тастардан жасалған қымбат заттар әлгі шеберлер қалдырған халықтық мұра болып табылады. Қазақ арасында жалпы темір соғатын ұсталарды да, зергерлерлерді де «ұста» деп атаған. Ұста сөзі шебер, өнегелі, ісмер деген ұғымда ағаш ұстасы, темір ұстасы, күміс ұстасы, сөз ұстасы, ақыл айтуға ұста деген сияқты тізбектерде айтыла береді. Бірақ алтын-күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілер өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Осыған орай оларды зергер деп атау бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан. Бұл туралы академик саяхатшы П.С. Паллас өзінің 1776 жылғы «Путешествие по разным провинциям Российской империи» деген кітабында: «...қазақтарда ұсталар да, зергерлер де бар», - деп жазады [3, б. 241]. Аталмыш еңбекте қазақтың зергерлік бұйымдарының бірнеше түрін атап өтеміз:

Білезік – білекке салатын, күмістен, алтыннан соғылатын әйел бұйымы. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, бұрама білезік, қос білезік сияқты атаулары бар.

Жүзік – қымбат тастардан көз орнатылған жалпақ сақина. Оның еркектер де, әйелдер де салатын түрлері болады.

Шашбау – қыздар шашымен қоса қоса өріліп, моншақты, зерлі күміс шынжырлы әсемдік бұйым.

Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрлері болады [2, б. 74-75]. Күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келген дәстүрлі қолөнер үлгілерінің бірі - киіз басу, кілем тоқу, кесте тігу болып саналады.

Киіз басу дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері. Киіз басу ісімен қазақ халқы өте ертеден таныс. Ғасырлар бойы көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыстық бұйымдардың бірқатарын киізден жасап келгендіктен, киіз басу технологиясын әбден меңгеріп, өнер дәрежесіне көтерген. Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізаттың бірі және ең бастысы – жүн болды. Материалды терең зерттеп, оның бар сырын, бар мүмкіндіктерін аша білу – қолөнері үшін маңызды жәйт. Халық шеберлері материалдың табиғи қасиеттеріне зер салып, оны өңдеуде техникалық тәсілінің барынша тиімді және күнделікті тұрмысқа ең қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әсемдік, әдемілік дүниесіне де көңіл бөле білді.

Кілем тоқу – халықтың өте ертеден келе жатқан қолөнері. «Үй жасауы кілем» дейді халық. Кілем жайсаң төсеніш, ілсең сән. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін ол әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат. Осындай қиын да қызықты өнер қазақтың топырағында бұдан мың жылдар бұрын, қарапайым халық өнерпаздарының ой қазынасынан шығып, шебер қолдарымен тоқылатын. Кілем бір немесе бірнеше қабатты, түкті немесе тықыр болып келеді. Қазақ кілемдері тоқылу ерекшелігіне қарай – түкті және тықыр; материалына қарай – жібек, масаты, қалы; ру үлгілеріне қарай Адай, Керей, Қоңырат, Үйсін; сондай-ақ қосалқы белгілеріне қарай – шашақты, оқалы кілемдер болып бөлінеді. Негізінен қызыл, қаракөк, сары, күлгін, аспанкөк түстерді қолдану арқылы түрлі ою-өрнектер табиғат көріністерімен ұштастыра бейнеленеді. Қазақстанның оңтүстігінде түкті және тықыр кілемдерді қолдан тоқу дамыған. Олардың негізгі өрнектері — «күмбез», ал жиектерінде текшелі өрнектері «қорған» деп аталып, оны бойлай күлгін түсті «су» өрнегі жүргізіледі. Бұл зәулім күмбезді, тас қамалды, қорғанын қуалай су жүргізілген қаланы елестетеді [3, б. 240].



Кесте – қазақ халқының қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Кесте – сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнелеген ақыл-парасаттарының жауһары. Кестешілік дәстүрі толысып, кемелденуімен бірге өзінің көз тұнытар көркемдігімен, жан сергітер әсемдігімен, өміршеңдігімен халқымыздың тірлік-тынысына мән-мағына қосып, заттық және рухани өмірін әрлей түсті, сән-салтанатын арттырып отырды. Кесте өнерінің түптөркіні – тігіс, тоқыма, өрме өнерімен тамырлас. Қазақ халқында кесте тігумен тек қана әйелдер айналысады. Қазақ қыздарына аналары ыждаһаттылық пен төзімді талап ететін бұл қолөнер түрін бала кезінен үйретеді. Кесте өнерінің қыз баланың табанды, сабырлы мінез-құлқын қалыптастыруға тигізетін пайдасы өте көп. Шеберлер кесте өнері қазынасының айдынын кеңейткен кестелерді көркемдеудің сан алуан тәсілдері: өрнек сызығын қуа түкпірлеп кестелеп толтыру, кенерелеу, тіктеп қатарлап кестелеп толтыру, алтындап, күмістеп көздеу, өрнекті өрнекпен шымдау, шумақты өрнекпен шымдау жиі қолданған. Кесте тігуге көбінесе қалың маталарды балбарқыт, пүліш, шұға, мәуіті, ағызу, борлат; қалың жібек кездемелер, әртүрлі мәнерленген терілер, жұқа киіздер т.б. таңдаған. Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалға, жастық жапқыш, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға сондай-ақ әредік тақия, балақ, өңір, жаға, көйлектің етегіне және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға кестеленіп, тігіледі [4, б. 6-7].

Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын түрлері бар. Ол ойын түрлері қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты туған және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, мергендікке, жылдамдыққа адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған [5, б. 210]. 

Аламан бәйге. Мұнда жүйрік, жарыс аттар 25-100 шақырымдық қашыққа шабады. Оның жолында айналып өтетін көл, сай-сала, бел-белестер тәрізді кедергілі жерлер болуға тиісті.

Аударыспақ. Ол – қазақ халқының арасында кең тараған ойыны. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойын.



Ақсүйек ай сүттей жарық түндері, жаздыгүні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Кешке мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түрінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ерте кезде ірі қараның жілігі пайдаланылған [5, б. 210]. Соған орай ойын да «Ақсүйек» атанған. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақсүйекті әуелетіп, алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқылдаған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақсүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал, іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақсүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, ақсүйекті жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақсүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп ақсүйекті қай топтың ойыншысы мәреге жеткізсе, қарсы топтағылар жеңілген есебінде ән салып береді.

Ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді меңгермей, мәдениетті азамат тәрбиелеу және ұлттық сананы қалыптастыру мүмкін емес. «Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің қуаты өшеді» - деп, ұлы ғалым, заңғар жазушымыз М. Әуезов айтқанындай, жастарға өз халқының бай мұрасын, өнерін бойына сіңіріп, тәрбие беру қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі [6, б. 240]. Қай кезеңде болсын адамзат алдында тұрған мұрат-міндеттердің ең бастысы, өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті жастар халқымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды өмірге, еңбекке икемді азамат етіп бағыт берудегі ұлттық құндылық, игіліктеріміздің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық маңызы орасан зор. «Өнер түрі елде мол, өнім сыры жерде мол» дегендей қазақ халқының сан ғасырлық тарихи өнер түрлері халықпен жасай бермек.


Әдебиеттер тізімі
1. Несіпбаев Б.К. Ұлт мәдениеті мен өнері. – Білім, 2012.

2. Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. – Алматы: Кітап, 2013.

3. Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолөнері. – Алматы: Кітап, 2012.

4. Мұхамеджанұлы З. Қазақтың кесте өнері. – Алматы: Кітап, 2013.



5. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. – Алтыбақан, 2012.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет