АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Абай Құнанбаев (1845-1904) – ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы.
«Абай 1845 жылы бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында туған. Шыққан руы тобықты. Ата тегі сол тобықты ішінде билік құрып, ықпалын жүргізіп, үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай тобықтының атақты биі Кеңгірбайдан бата алып өмір бойы сол өз руының биі болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман тобықты болысына старшын боп кеп, бір уақыт Қарқаралы округіне аға сұлтан да болды». Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Ол өзін 40 жасқа келгенде ғана ақын және азамат екенін танып «Жаз» деген өлеңіне өз атын жазады (бұрын шығармаларын досы Жантасов Көкбайдың атынан жазатын) [1, 448 б.]. Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және басқалары еді.
Олар Абаймен бірге жиі-жиі қонақта болып жүрді. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетінің алып өкілдері А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз [1, 450 б.]. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әуезовтың «Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тәрбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік» деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда «1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды». Абай осы тұста, 1886ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.
Абайдың өмірлік бағдарламасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 жылғы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.
«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады.
Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отыг жағу үшін, шоқтанып қалған халықтың сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Сонау ХІХ ғасырдың соңында сомдалған Абай ақыры ХХ ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды [2, 6 б.].
Абай туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы халқын күресуге оятып, береке-бірлікке шақырды.
Ұлы Абай тәуелсіздік таңын көре алмады, бірақ оны ұрпағы бүгінде өзінің тәуелсіз мемлекетін құруда.
Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.
Ұлы Абайдың әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ойшыл өлеңдерінің астарына терең үңіледі. Кейбір пікірлерін келтіре кетсек.
«Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, ойы орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді [1,92 б.]. Өзі туралы айтқанда:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма, [2, 51 б.].
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - дейді де, оқыған өз балалары жайында:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, — деп, [1, 17 б.] оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады».
Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.
Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т.б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.
Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.
Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.
«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.
Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.
Қазақ халқының жазу әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді.
Абай Шығыс мәдениетінен ақындық пен шешендік өнерін, мұсылмандық ғақлияларды танып, оны халыққа ұсына білді.
Абай Батыс мәдениетінен ғылым негіздерін, көркем әдебиетті үйренуді уағыздады. Абай өлеңдерінің эстетикалық тәрбиелік мәні зор. Табиғат лирикасы – Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер (З. Қабдолов) [3, 6 б.]. Абай шығармаларындағы табиғат лирикаларында табиғат пен адамның бейнесі, іс-қимылын ақын үйлестіре жырлап, әрі табиғат көркемдігіне оқушы мен тыңдаушыны қызықтырады, әрі сол кездергі адам бейнесін суреттеп көркемдікті, адамгершілікті сезіндіре, әсерлендіре тәрбиелейді.
Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке де тәрбиелейді.
Ұлы Абайдың қара сөздері қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық (тәлім-тәрбиелік) тұжырымдар. Данышпан ақын көсем сөз арқылы да өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын оқушыларына қарапайым баяндап, әсіресе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, іршіліктен іс-әрекеттік кемшіліктерді кесіп айтып, елді түзеп, ерді тәрбиелеуге терең ой жұмсаған. Бірінші сөзінде ойшыл адам отты ойларын қағаз бетіне түсірсе, ол да тәрбие десе, екінші сөзінде халықтың қасіретсіз өмір сүруі үшін басқа халықтардан үлгі алып, ұрпағын еңбекке тәрбиелеуін уағыздайды. Абай үшінші сөзінде қазақ халқының “бірінің –біріне қаскүнем болатынын, бірінің тілеуін бірі тілдеспейтінін, рас сөзі аз болатынын, қызметке таласқыш, өздерінің жалқау болатындарының себебі не” деп оның ұлттық кемшіліктерін атап көрсетеді, мұның бәрі тек малды ойлап, малға бейімделіп бара жатқан халықтың достықты ойлап, бірлікке бейімделіп, еңбекке дағдыланып, жағымпаздық пен жалқаулықтан аулақ болу керек екенін уағыздайды.
Абай қазақтың салт-дәстүрін сөз қылғанда белгілі мақсат көздеген дәстүрдің озығын дәріптеп, дәурені өткен тозығын үнемі айыптап отырған. Мысалы, “Аса, тойға баратұғын” деген он ауыз өлең жолында қазақтың қыз айттыруы, ел шетіне жау шапты дегенде ел намысын қорғауға аттанған ердің қапыда жау қолынан қаза табу, оң жақта отырған қалыңдықтың зар еңіреп жесір қалуы, адал махабаттың иесін арудың сүйген жарының қазынасына шыдай алмай өлуі жырланады. Ақын осы арқылы жастарды елді, жерді сүюге тәрбиелеуді, шынайы махаббат жолында жанын пида еткен жастарды өзгеге үлгі-өнеге етуді мақсат тұтады.
Бұл Абайдың, біріншіден, ақындық шеберлігін білдірсе, екінші-халық дәстүрін дәріптеп, ел жақсысының жақсылығын кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі етіп ұсынуының айғағы.
Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың — Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды.
«Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы -араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді».
Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Абай И.А. Крыловтың мысалдарын казақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әр түрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.
Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды.
Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.
Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті - өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.
Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.
Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.
Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Әдебиеттер тізімі
1. Абай. Алматы: Жібек жолы, 2012. – 487 б.
2. Абай Құнанбайұлы көңілімнің санасы. Алматы: Олжас кітапханасы, 2012. – 179 б.
3. Мұхтарова Ш. Идеи национального сознания в наследии Абая // Улагат. 2012. № 2
4. Абай. Қалың елім қазағым. Алматы: «Атамұра» 2012. – 222б.
5. Абай. Алматы: Жазушы, 1- том, 2012. – 294 б.
6. Абай. Алматы: Жазушы, 2- том, 2012. – 335 б.
Г.Қ. Сағатова,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.м.
е-mail: gulja_s@mail.ru
ҚАЗАҚСТАНДА ХІХ – ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ
МЕРЗІМДІК БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ДАМУЫ
XX ғасырдың басы – қазақ мерзімдік басылымдарының даму кезеңі. XIX ғасырдың аяғында екі ғана басылым болса – «Түркiстан уалаятының газетi» (1870-1883) және «Дала уалаятының газетi» (1888-1902), 1905 ж. кейін бір қатар жаңа-жаңа газеттер мен журналдар пайда болды. 1907 ж. Петербургте бір топ қазақ интеллигенциясы «Серке» газетін шығара бастады, ол газеттің редакторы Абдурашид Ибрагимұлы болды. Сол газеттің екінші нөмірінде М. Дулатұлының «Біздің мақсатымыз» мақаласы жарық көрді. Патша карауылшылары оны қазақ жұртының үкімет органдары мен олардың өкілдеріне қарсы қоятын үндеу ретінде санап, газетті жапты. Сол жылдың көктемінде Троицкте «Казақ» газетi шықты, бұл газетке бірінші нөмірінен кейін тыйым салынды. «Казақ» газетінің қөзқарасына Ақмолада жарияланған «Tipшiлiк» газеті жақын тұрды [1, б. 28-30].
1911 ж. Троицк қаласында «Айқап» журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Журналдың редакторы мен рух берушісі көрнекті қазақ ақыны, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералыұлы. Журнал сол кезеңдегі қазақ әдеби тілінің ресімделуіне, әдебиеттің дамуы зор үлес қосты, тарих, этнография, ауыз әдебиеті бойынша зерттеулерді жария етті; «Айқап» Исмаил бей Гаспралы шығармашылығына көңіл бөлді, қазақ даласында жаңа мектептер мен медреселер салынсын, ескілері жаңартылсын деп пікір айтты. Журнал беттерінде түрік және парсы тілдерінен аударылған жарияланымдар, мысалы Фирдоусидың «Шахнаме» жыры, басылып шықты. 1911 ж. Сағынкерей Бөкей «Қазақстан» газетін шығара бастады, бұл газетте саяси мақалалардан басқа, қазақ пен ноғай елдерінің халық ауыз әдебиеттері бойынша зерттеулер жарық көрді. Ұлттық баспасөзінің даму жолында 1913-1918 жж. Орынбор мен Торғайда Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен шыққан «Қазақ» газетінің орны ерекше. Газеттің негізгі қамы қазақ халқының мәдени өркендеуі, қазақ әдеби тілі мен әдебиетінің дамуы болды. Газет А.Бөкейханұлының фольклорға және А. Байтұрсынұлының қазақ тілі мен әдебиетіне арналған еңбектеріне көп көңіл аударды.
Петропавл қаласында 1913 ж. қыркүйегінде қазақ және татар екі қос тілдерінде «Есіл даласы» газеті жариялана бастады, бірақ сол жылдың аяғында оған «революциялық ойларды таратқаны үшін» тыйым салынды. бастап 1917 ж. аяғына дейін Ташкентте Күлбай Тоғысов апта сайын «Алаш» газетін бастырып шығарды. Газет социалистік бағытта болса да, оның панисламдық және орыстыққа қарсы көңілі басым болды.
1917 ж. Ақпан революциясынан кейін бір қатар әр түрлі жаңа газеттер мен журналдар пайда болды. Маусым айынан Семейде шығармашылық бағыты жағынан «Айқап» журналына үндес «Сарыарқа апталық басылым шыға бастады, Оралда – қалалық мұсылмандық бюросының органы «Ұран» газеті. Семей қаласында жазда «Абай» әдеби журналы мен «Халық сөзі» газеті басылып шығатын болды. Ташкентте пантүрктік пен жәдід бағыттағы екі басылым шығарылып тұрды: Мұстафа Шоқай бас редакторы болған «Бiрлiк туы» мен «Жас Алаш».
Қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік өмірінің шиеленісуіне байланысты алғашқы марксистік басылымдар пайда болды. Лениндік «Искра», «Вперед», «Пролетарии», «Социал-демократ» және тағы да басқа басылымдар қазақ жұртшылығының саяси-әлеуметтік өмірінің жаңа бағытының жаршысы болды. Ел арасында айқын антиколониалдық көңіл-күйдегі үгіт-қағаздар таратылды. Қазақ интеллигенциясының жоғары саяси белсенділігін «Қазақ» (1907), «Серке» (1907), «Орал» (1907) газеттері көрсетеді. Осы басылымдар Ресейдің орталық аймақтарында 1905-1907 жж. болған көтерілістерге үн қосты [2, б. 164].
Бұл кезеңде шыққан газеттердің басты тақырыбы – патшалық көшіп-қону саясаты, қазақ ауылындағы қарама-қайшылықтардың шиеленісуі, үкіметке бой ұсынбауға шақыру. Қазақ жұртшылығына арналған М.Дулатұлы мақаласының символикалық мәні бар. Онда өздерінің құқықтары үшін күреске шақыру және патшаның зорлау отаршылдық саясаты жайлы сөз қозғалды. Патшалық атқа мінерлердің жасайтын заңсыздықтары мен жұрттың қиын жағдайы жөнінде қазақ еңбешілері атынан жарияланған ашық хаттың айтарлықтай маңызы болды. 1-ші, 2-ші Мемлекеттік Думаның жұмысы туралы материалдары, қазақ депутаттарының сөз сөйлегендері қазақ халқының саяси мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.
Отар елдерінің саяси бірігуінің алғашқы белгілері антиколониалдық бағыттағы «Мұсылмандық қозғалыс» сияқты газет пен журналдардың басты тақырыбына айналды. Үкіметке қарсы жарияланымдарды Қазақстандағы кәсіподақтың тұңғыш баспа органы «Еңбек өмірі» журналын шығарды (Семей, 1907). В.В.Куйбышев жетекшілігімен алғашқы жария баспасөз «Дала газеті» жарық көрді (Петропавл, 1907).
Азаттық қозғалыстардың өсу жылдары қазақ демократиялық пресса дүниеге келді. «Қазақстан» газеті (1911-1913 жж.) прогресшіл интеллигенциясының органы. Бұл басылым жалпыдемократиялық және ағартушылық бағытта болды. Газетте Қазақстанның әлеуметтік, экономиялық, мәдени өмірінің өзекті мәселелері анықталды [3, б. 32]. Қазақ журналистикасы шежіресінің асулы кезеңі – озық қазақ интеллигенцисының саяси орталығына айналған «Қазақ» газетінің шығуы (1913-1918 жж.). Бұл газет қазақ халқының пікірін білдіре тұрып, оның әділетшісі мен саяси майданы деп бағаланды. 1916 жылдағы ұлттық көтеріліс шағында ол бірлік пен ынтымақтыққа жетуге жағдай жасады. Дәл осы газет озық қазақ интеллигенцисының саяси қызметінің ұйымдастырушысы ретінде болды. Сол саяси қызметтің нәтижесінде тәуелсіздік үшін күрестің тактикасы мен стратегиясы жасалды.
Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасының өзіндік тарихы мен жалғастырушылық дәстүрі бар.
Кеңес заманның журналистикасы ерекшеліктерімен танылады. Ол дәуірде коммунистік идеологияның қысымына түскен талданып жатқан басылымдардың ұлттық мәні аяқ асты болып қалды. Сондықтан бұл мерзім ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған, халықтың рухани мұрасын зерттеу мен ақиқаттық түрінде көрсететін, тәуелсіз мемлекет журналистикасының тарихы тұрғысынан қарастырылады.
Біраз ғалымдар қазақстандық журналистикасының жаңа тарихын өткен ғасырдың екінші жартыжылдығымен байланыстырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық және саяси дағдарыстардың тізбегімен белгілі болды, сол мерзімде журналистер, қазақстандық БАҚ-дардың редакциялық ұжымдарын жұмыстан шығару, банкроттыққа түсіру, өз пікірлеріне шектеу қою сияқты қауіп-қатерлердің қысымында жүрген болар. Сол қиындықтарға қарамай, қазақстандық баспасөз аман қалды және де елдің ақпараттық кеңістіктерінде өз орнын тауып позицияларын бекіткен жаңа басылымдармен толықтырылды. Басты табысы мемлекеттің бақылауынан, әсіресе, баспасөздің партиялық басшылығынан кетуі болып табылады. Жиырма шақтай жыл созылып келе жатқан бұл үдерісте баспасөздің заманауи типологиялық келбетін, оның дамуының ең маңызды жақтарын ашатын бір қатар тенденциялар анықталды [4, б. 2].
80-ші жылдардың аяғынан бастап қазақстандық баспаның әлеуметтік-саяси сегментінің саясаттатануы баспасөздің өзгешелігі болып табылады. Қайта құру курсы қазақстандық журналистеріне әлеуметтік өмірдің түрлі сұрақтары бойынша жүрексінбей пікір айтуға, оның ішінде басшылықты да сынға алуға, мүмкіндік берді. Бірақ, бұл уақыт көпке созылған жоқ. Батылдықтың орнына прагматикалық ыңғайға көшудің кезегі келді, себебі қиын экономикалық жағдай мерзімді баспасөздің түрткілесуін қажет етті. ҚСРО құлдырағаннан кейін партияның обком мен райкомдарына тәуелділігінен жергілікті атқару органдарының тәуелділігіне ауысты.
Әлеуметтік-саяси баспасөз дамуының бұрылыс шектерінің бірі 1989 жыл болды. Сол кезде көшеде газет сататын саудагерлер «Түркістан» газетінің алғашқы да, соңғы да нөмірін сата бастады. «Самиздаттың» тұңғыш үлгісі, бұл газет Орта Азия мен Кавказ елдерін орталыққа қарсы бірігуіне шақырды. Қала билігінің тыйым салуына қарамастан газетті тез арада сатып алып кетті. Ол газеттің бас редакторы ешкімге беймәлім Алмас Естеков болыпты. Бұл баспа отандық баспасөздің тарихында елеулі құбылыс болғандығы сөзсіз. Сонымен қатар, «Невада-Семей», «Алаш», «Желтоқсан», «Азат» сияқты жаңа партиялар мен қозғалыстар бір аттас газеттерді шығара бастады. Алғашқылардың бірі – «Аманат»-«Избиратель» газеті. Тек қана «Алаш» партиясының газеті «Хақ» деп аталды. Бұл баспа бірнеше нөмірі шыққанан кейін тіршіліктен қалды. «Азат» газеті бүгінгі күнге дейін жарық көріп, өз оқырмандарын табуда.
Тәуелсіз Қазақстан баспасөзінің ерекшеліктерінің бірі жаңа мақсатты нысаналы оқырман топтарына бағыт-бағдар беру болып табылады. Қайта құру жылдарынан кейін балаларға, жастарға, зейнеткерлерге, кәсіпкерлерге және одан да басқа оқырман топтарына арналған түрлі газет пен журналдар тап болды. Тұрақсыз экономикалық жағдайда жаңа газеттер мен журналдардың ұсақ арнайы оқырман топтарына бағдарланғаны олардың тираждарының азаюы мен жабылуына апарып соқты. Олар – «Азия дауысы», «Мәдениет», «Кооператив жаңалықтары» және тағы да басқа газеттер [5, б. 2]. Осы кезеңде біршама газеттер екі-үш нөмірін де шығаруға үлгермей жабылып қалған, олар оқырмандар жадында сақталған жоқ, кейбіреулері жүзеге аспай жоба ретінде қалып қойды. Журналистикада бұл топ басылымдар «Потенциалды журналистика» атауымен белгілі. Аталған қатарға «Түркістан» (А.Естеков), «Хақ» және тағы да басқа газеттерді жатқызуға болады.
Жаңа нарық қарым-қатынастардың келуіне байланысты әлеуметтік-саяси басылымдардың құрылысы ғана өзгермей, сонымен бірге негізінде жаңа оқырман топтарына бағытталған газет пен журналдар дүниеге келді. Ең алдымен белсенді түрде алғашқы іскерлік басылым апта сайын шығатын «Панорама», «Іскерлік апта» және тағы да басқа басылымдар жарық көрді.
Тағы да бір баспа жүйесінің географиялық орталықтандырылу деп атауға болатын үрдісін атап кету жөн. Оның мағынасы жаңа мерзімді баспалардың басым көпшілігі Астана, Алматы, Шымкент пен Қарағанды қалаларында жарық көрді. Бұл қалалар редакцияларға ең көп полиграфиялық мүмкіндіктерге, кең түрде білікті мамандарды тандауға, бай экономикалық, ақпараттық инфрақұрылымға жол ашады. Сонымен қатар қазақстандық баспасөз нарығы жағдайында географиясын кеңейту мақсатында шығарылатын жергілікті, облыстық газет пен журналдардың аймақ шегінен тысқары таратылуға ұмтылды. Үлгі ретінде «Ақорда» (Атырау) газетін алуға болады. Сонымен қатар, отандық басылымдар Қазақстаннан тыс жерлерде, көрші елдерде тарала бастады. Ол «Караван бизнес-ньюс» журнал және тағы да басқа басылымдар [6, б. 2].
Қазақстан шетел бұқаралық ақпарат құралдарының ірі тұтынушыларының бірі деп саналады. 1991 жылы республикалық ақпарат нарығында тек мәскеулік БАҚ ғана қол жеткілікті болса, қазіргі кезде 20-дан астам елдердің БАҚ ұсынылған. Бүгінгі таңда Қазақстанда барлық ресейлік ірі газеттердің өкілдері ғана болмай, олар өз нөмірлерінде біздің елдің өміріне байланысты қосымша парақ және жергілікті оқырмандарға бағытталған жеке газеттер мен журналдарды щығарады.
Қазақстандық мерзімді баспасөздің қалыптасу мен дамудың жеке бағыты ретінде нарық жағдайында сөзсіз жойылып кететін облыстық және аудандық басылымдарды қарастыруға болады. Мемлекеттің, облыстардың, аудандардың экономикалық жағдайларының жақсаруына осы газеттердің жайғасымдары нығайтылып, олар жергілікті үкімет органдарының – облыстық және аудандық әкімшіліктердің басылымдарына айналды.
Кеңес заманынан кейінгі қазақстандық баспаның негізгі үрдісі бастырушылардың бизнесті шоғырландыруға талпыну болып табылады. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары медиа-холдингтердің қалыптасу үдерісі жүрді. Олар келешектегі елдің әлеуметтік өмірінде белгілі рөлін атқара бастады. Бұл – «31 канал», «Алма ТВ» және тағы да басқалары. Саяси күрестің белсендеуі әлеуметтік-саяси баспасөздің саясаттануына, бір қатар бұқаралық ақпарат құралдарының адал болмауына апарып соғады. Ресми көзқарасқа қайшы келетін пікірлерді тыйым салынғанына қарамастан оқырманға оппозициялық басылымдар жеткізетін болды [7, б. 4].
Қазақстандық мерзімді баспасөз нарығында көптиражды газеттер өз орнын тапты, олар қызметкерлерді, кәсіпорын, білім беру мекемесі, құрылыс фирмасы ұжымдарының жетістіктері мен табыстары, мекеменің ішкі өмірі жайында ақпаратандыруға арналған.
Баспасөз дамуының тағы бір бағыты – қазақ журналистикасының революцияға дейінгі дәстүлеріне бет бұру, бұл мазмұнына да, формаларына да, ХІХ-ХХ ғасырдың басында шығарылған басылымдарды жаңғыртуына да байланысты. Мысалы, жастарға арналған әлеуметтік-саяси және әдеби-көркем баспалардың арасында 1923 жылдың қазан айы – 1925 жылдың мамыр айы аралығында жарық көрген «Жас қазақ» болды. 1991 жылы наурыз айында Қазақстан жазушылар Одағының Жастар кеңесі жанындағы жас ақындар мен жазушылар тобының бастамасымен «Жас қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шықты. Қаржылық, материалды-техникалық базасы, қағазы, редакциялық офисы болмаса да, бұл басылым бірнеше жанкүйер арқасында жарық көрді.
Сонымен бірге, сол кезеңде «псевдожурналистика» түсінігіне жататын бірқатар басылымдар да пайда болды. Бұл топқа газет формасын пайдаланып дәстүрлі-саяси басылымды боямалайтын саяси үгіттеу-жарнамалық материалдарды жатқызуға болады. Жаңа жарнамалық газеттің концепциясы, ол газеттің қисапсыз тиражын ақысыз таратылуы сол кезде революциялық ой сияқты көрінген, бірақ өткен уақыт олардың жаңылмағанын анықтады. 90-шы жылдардың басы мен ортасындағы экономикалық дағдарыс жағдайында бұл газеттер тұрақты тираждарын сақтады және жарнама берушілер қызықтырды. Олар: «Из рук в руки», «Крыша», «Колесо» және тағы да басқа басылымдар [8, б. 3].
Тәуелсіздік жылдар бойы қазақстандық баспасөз аясы едәуір жаңа басылымдармен кеңейтілді, олардың нарықта дереу және бекем түрде орныққан өз орындары бар. Баспасөздің басты табысы – мемлекеттің бақылауынан, әсіресе, партиялық басшылығынан кетуі болып табылады. Осы дәуірде баспасөздің заманауи типологиялық келбетін, оның дамуының ең маңызды жақтарын ашатын бір қатар тенденциялар анықталды.
Әдебиеттер тізімі
Козыбаев С.К. и др. Журналистика Казахстана. Энциклопедия –
Алматы, 2012.
Калиев Н. Чтобы себе не противоречить: О программе развития
СМИ на 2012г. - Казахстанская правда, 2012. 4 декабря.
3. Синицина С. "Деловой мир Казахстана" - первый номер:
"О выходе первого номера журнала" Деловой мир Казахстана" - Наука Казахстана. - 2012. - 16-30 сентября.
4. Кононова Ж. С юбилеем, казахская "Вечерка"!: 10 лет газете " Алматы акшамы" - Веч. Алматы. - 2012. - 26 июня.
5. Абикеев Г. Анализ состояния и тенденций развития казахоязычных областных газет - Панорама. - 2012.- 23 января.
6. Байтасов А. О тех, кто к нам входит без стука: Телерадиокомпании "31 канал" - 5 лет - Вечерняя Алматы. - 2013. 4 февраля, - Казахстанская правда. – 2012. - 6 октября.
Достарыңызбен бөлісу: |