Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет5/6
Дата04.11.2016
өлшемі1,87 Mb.
#342
1   2   3   4   5   6

С.Б. Иманбаева,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.м.

e-mail: svetakaz77@mail.ru


ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – АҒАРТУШЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА ХАЛЫҚҚА БІЛІМ БЕРУ ІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті педагог-ағартушы, энтузиаст, ақын, фольклоршы, этнограф, қазақ балаларына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардың авторы. Өзінің барлық күш-жігері мен талантын қазақ халқының санасын серпілтіп, оқу-ағартуға арнаған кемеңгер ойшыл. Ол Торғай өлкесінде жеті зайырлы мектеп ашты.

1850 жылы Орынборда патша әкімшілігі үшін орыс тілінде іс жүргізетін сауатты қызметшілер даярлау мақсатында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірі ашылғанда атасы Ыбырайды оқуға береді. Табиғатынан зерек Ыбырай табандылық танытады. 1857 жылы ол мектепті табысты аяқтап, Орынбор шекара маңы комиссиясында үш жылға жуық кеңсе хатшысы қызметін атқарды. Бұл жерде де ол өзінің білімін жетілдіруді тоқтатқан жоқ, халқының тарихына, әдебиетіне үңілді, шығыстың, батыс еуропаның, орыстың әдебиетін, ғылымы мен көркем әдебиетін, мәдениетін зерделеуді жалғастыра берді.

Ы. Алтынсариннің бойында туған халқыма пайдамды тигізсем деген ұмтылыс басым болатын. Ол ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық қызметпен шұғылдануды армандады, бұл істі өзінің өмірлік мақсаты деп білді. 1860 жылы ол Орынбордан Торғай қаласына ауысып, туған халқына жақындай түсті, алайда Ы.Алтынсарин бұл жерде де өзінің сүйген ісімен алаңсыз айналыса алған жоқ. Оны біресе судьяның көмекшісі, енді бірде бастықтың орынбасары етіп тағайындаған патшалық биліктің жергілікті өкілдері шәкірт оқытумен шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Тек 1865 жылы ғана ол педагогикалық қызметке біржолата бет бұрды. Одан әрі 20 жылға жуық өмірін халық ағарту жүйесінде басшы лауазымдарда адал қызметімен жалғастырды. Торғай уезінде халық ағарту инспекторы болғанда ол асқан ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түсіп, талантты педагог, жазушы-ағартушы, жұртшылық мойындаған ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ы. Алтынсарин балаларға білім беріп, сауатын ашуды оқыған адамның қасиетті парызы деп санады. 

Ы. Алтынсарин өзінің алдына Қазақстанда ағартушылықтың асыл мұраттарын халықтың қалың бұқарасына жеткізе алатын оқыған адамдарды даярлау мақсатын қойды. Ал осындай деңгейдегі кадрларды зайырлы халық мектептері арқылы ғана даярлау мүмкін еді [1].

Ы. Алтынсариннің бастамашылығымен және өзінің тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық зайырлы мектептер жүйесін құруы оның тарихтағы алатын жоғары орнын айқындап берді.

Қолөнер, ауылшаруашылығы мектептерін ұйымдастыру Ы. Алтынсариннің қызметінің жарқын бағыттарының бірі болып табылады. Ағартушы көпбейінді мектептердің жұмысын жолға қоюға мән берді, ал өзіне тиесілі жерді Торғай ауылшаруашылығы мектебіне пайдалануға беру туралы өсиет қалдырды.

Оның балаларды өз халқына пайдалы болу үшін және ауылшаруашалығының, өнеркәсіптің жетістіктеріне тарту үшін оқытуға ұмтылысы екі жақтан қарсылыққа тап болды. Отарлау саясатын жүргізген патша әкімшілігі жергілікті халықтың арасынан шыққан кеңсе хатшысы, аудармашы, іс қағаздарын орыс тілінде жүргізуге қабілетті шенеуніктердің төменгі буынын даярлауға ғана мүдделі болатын. Сондықтан олар Ыбырайға қарсы да болған жоқ, ешқандай қолдау да көрсетпеді. Екінші жағынан, жергілікті дін өкілдері жаңа өзгерістерге қарсы шықты. Қазақтың феодалдары үшін мал шаруашылығына негізделен тұрмыстық салт өмір мұраты болып табылатын. Сондықтан шаруашылық саласындағы қандай да бір жаңалық оларға қазақтың көшпелі өмір салтына жасалған қастандық болып көрінетін. Бұдан басқа, экономикасы артта қалған Қазақстан жағдайында шаруашылық жүргізудің прогресшіл түрлеріне көшудің өзі өте қиын еді, өйткені Қазақстан экономикасының қойнауында капитализм элементтері жаңа ғана пайда бола бастаған еді. Осыған қарамастан, педагогтың бастамашылығымен негізі қаланған кәсіптік мектептердің прогресшіл мәні болды [2].

Ұстаз ауылдарды жиі аралап, жергілікті халыққа зайырлы білімнің пайдасын түсіндірумен болды, мектеп салу үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. Қазақтардан қаражат жинап, бірден мектеп құрылысын салуға кірісті. 1864 жылы қаңтардың 8-інде мектептің ашылу салтанаты болды. Мектепке 16 бала қабылданды, оның жанынан интернат ашылды.

Ыбырай Алтынсарин өлкеде әйелдерге білім берудің негізін қалады. Ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашты. Оның бастамашылығымен қазақ балаларына арналған 7 бастауыш мектеп, 4 екісыныптық училище ашылып жұмыс істеді.

Ағартушы сондай-ақ, бастауыш мектептерге арнап мұғалімдер даярлайтын оқу орындарын ұйымдастырумен де айналысты, себебі мектептерде білім берудің сәл де болса кеңейе түсуі және қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-салтындағы оң өзгерістер осы саланың мамандарын даярлау қажеттілігінің мәселелерін шешеуді талап етті. 1879 жылы құрылған Түркістан мұғалімдер семинариясы және Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі (1883 жыл) алғашқы кәсіби оқу орындары болатын.

Ыбырай Алтынсарин зайырлы халық мектептерін ашумен шектелмей, оқу және әдістемелік құралдар жазды. Педагог-жазушы орыс-қазақ мектептеріне арнап екі оқу құралын жазды, оның бірі, «Қырғыз хрестоматиясы» және екіншісі «Қырғыздарды орыс тіліне үйрету жөніндегі негізгі нұсқаулық» олар орыс тілінде оқып жүрген қазақ балаларына арналған. Білімге құштарлық, туған халқына пайдасын тигізуге жігерлі ұмтылыс - Ыбырай Алтынсариннің өмірлік мақсат-мұраты болды. Ол қазақ және орыс халықтарының достығын жақтады, орыс педагогтары мен жазушыларының тәжірибелерін кеңінен қолданды.

Халық ағартушысы баспадан шығарған кітаптарда орыс графикасы негізінде жасалған жаңа қазақ алфавиті пайдаланылды. «Қырғыз хрестоматиясына» кіріспе мақаласында автор былай жазады: «...азия тілдерінің ешқайсысында да жалпы мазмұндағы кітаптарды мүлде жоқ десе де болады, біз осыған ұқсас нұсқаулықты өзімізге жақын орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан да біз осы хрестоматияны ол өзінің мақсатына тікелей сай болуы, яғни барынша ғылыми және жалпыға бірдей пайдалы кітаптарға тікелей жол сілтеу қызметін атқаруы, соңғысына мазмұнымен де, алфавитімен де қайшы келмуі үшін орыс әріптерімен жазған барынша ыңғайлы деп ойладық» [3].



Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық қызметінде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың алатын орны ерекше. Ол мектептердегі барлық оқыту және тәрбие үдерісіндегі басты қозғаушы күш ретіндегі мұғалімнің атқаратын рөліне үлкен мән берді. «Халық мектептері үшін, - деп жазды ол, – мұғалім бәрін қамтиды: тамаша жазылған педагогикалық нұсқаулықтарды да,... егжей-тегжейлі инспекторлық бақылауды да онымен салыстыруға келмейді».

Ол мұғалімдер өздерінің шәкірттерін жақсы көруі керек және оқушылар мен олардың ата-аналары да оларды жақсы көруі тиіс деп санады. Оның пікірі бойынша, тек сонда ғана тәрбие мен білім берудің алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізуге болады.

Алтынсарин шәкірттердің адамгершілік тәрбиесіне баса мән берді және кедейлердің балаларын, қазақтың қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Ол шәкірттердің бойында адамгершілік, еңбекке адалдық, Отан сүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға күш салды. «Олар кейіннен парақор болып шықпас үшін, -деп жазады ол, - олардың адамгершілік сезімдерін оятуға барлық күш-жігерімді жұмсаудамын» [1].

Білім беру және тәрбие мәселесін жан-жақты қамтуға ұмтылысымен Ыбырай Алтынсарин жаңаша оқыту мен тәрбиелеудің көшбасшысы, Қазақстандағы прогресшіл педагогикалық ақыл-ойдың негізін қалаушы деген атаққа лайық. Халық ағарту саласындағы оның сіңірген еңбегін замандастары жоғары бағалады.

Өзінің ақындық шығармашылығында педагог-ағартушы халықтың сауатын ашып, білім беру мәселелерін бірінші орынға қойды, жастарды білім алуға үндеумен болды. Ыбырай Алтынсариннің заманында білім алудың қажеттілігін дәлелдеу керек болатын. Мектепті ашу қаншалықты қиын болса, шәкірттеді жинау да соншалықты қиын блатын. Педагог Алтынсарин балаларға арнап, оларды оқып білім алуға шақырған өлеңдер жазды. Сол өлеңдердің ішіндегі ең танымалы — «Кел, балалар, оқылық!», онда ғылым мен білімнің адам өміріндегі пайдасы туралы айтылады.

«Өнер-білім бар жұрттар...» деп басталатын өлеңінде ақын қазақтарды өркениетті халықтар қатарына алып шығатын білім үшін күресу қажеттігі туралы ойды оқырманға жеткізуге күш салған.

Қоғамдық-ағарту тақырыбындағы өлеңдермен қатар, Алтынсариннің ақындық шығармашылығында ауыл өміріндегі әлеуметтік теңсіздік ашып көрсетілетін, байлардың сараңдығы мен қатыгездігі сын тезіне алынған шығармалары да бар. Сорлы халық бас көтермей бүкшеңдеп жұмыс істейді, тақта отырған хан олардың үстінен билігін жүргізеді, кедейлерді аяусыз қанап, тонайды, байлардан сый-сияпатын аямайды.

Алтынсарин туған табиғаттың көрінісін асқан шеберлікпен суреттеген. Табиғаттың өзіндік үйлесіміне, бояулары мен дыбыстарының нақышына таңдай қаға таңырқамаған бірде бір шынайы ақын болмаған шығар. «Табиғатқа тәнті болу жаңа дами бастаған рухтың бастапқы сәті. Әр адам оның ойын ғажайып түрімен, бояуымен, дыбысымен...жаулап алған құбылыстан бастайды», - деп жазған В. Г. Белинский.

Ақын-Алтынсарин дала табиғатымен тонның ішкі бауындай етене жақын. Ал көктемгі дала келбеті оны ерекше толғандырады. «Көктем» деген өлеңінде табиғат көріністері мен халық тұрмысының көріністері ажырағысыз жымдасып жатыр. «Құтты жерден» нәр алып құлпырған, «ұшы-қиыры жоқ кеңістік мөп-мөлдір шықтың жылуынан бусанып, жұпар иісті көк майсамен көмкерілгендегі» «көгілдір көкжиектегі» сайын дала көрінісі мәңгі жасай беретін тіршіліктің көктеммен қуанышты қауышу сәтінің сырлы сипатарымен толыға түскен.

Құландар, сайғақтар — бойлай өскен шөптерге риза болып дала төсін дүбірге толтырып ойнақ салады. Жарқыраған айна көлдер аққу-қаздардың қаңқылына толады. Ал ақшаңқан күн сәулесі көзге шаншылған сәтте алыс көкжиектен сәулелі көгілдір сағым қол бұлғайды.

Көктем өзімен бірге қуанышын ала келеді. Суреткердің қырағы көзі «көк масаты үстінде» асыр салған балаларды да, жолға бет түзеген көшті де, «әзіл-қалжыңы жарасқан» әйелдерді де, таң алдында қимай айырылсқан ғашықтарды да қалт жібермеген.

Сонымен бірге Ыбырай Алтынсарин табиғатты сұлу суреттей білген сырттай бақылаушы ғана болып қалған жоқ. Ол өмірдің мәніне, оның мәңгі жаңаруына терең үңіле білген философ-ақын. Ақын үшін табиғат — ұлы емші, ол өмірге тыныштық орнатады. Ақын өмірді қуанышпен қабылдайды, оның парасатты және тамаша екендігіне құлай сенеді. Осыны «Көктем» өлеңінен ғана емес, оның тағы да бір атақты «Өзен» өлеңінен де сезуге болады. Бір қырынан алып қарағанда, бұл жағасында көк шалғыны жайқалған, мал жайылған, ал мөлдір тұнығында балығы шоршыған өзеннің нақты бейнесі, ал екінші қырынан алып қарағанда ол — толассыз аққан өмірдің нышаны: Қаншама табын түссе де тұнығы лайланбайтын, жолын ештеңе де бөгей алмайтын тасқынды өзен бұл!

Әсем көріністің нақты суреттелуі, табиғаттың тебіреніспен сипатталуы, оның адамның ақыл-ойы, өмірі мен қам-қарекетіне астасып сезіміне әсер етуі автордың болмысты шынайы бейнелей білуін көрсетеді.

Ыбырай Алтынсарин өлеңнен басқа, әңгімелер де жазды, онда автордың демократиялық, гуманистік, ағартушылық идеялары көрініс тапқан. Онда әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қазақ өмірінің XIX ғасырдың 60-70 жылдардағы тұрмысы мен әдет-ғұрпының көріністері суреттелген.

«Бай баласы мен кедей баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй және ағаш үй», «Надандық», «Өтіріктің зияны» және басқа да әңгімелерінде қоғамдық өмірдің: әлеуметтік теңсіздік, отырықшы тұрмыстың артықшылықтары, надандықтың кесірі, білім мен ғылымның пайдасы сияқты және басқа да маңызды мәселелер көтерілген.

«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінде көшіп кеткен ескі жұртта қалған құрдас екі баланың көшіп кеткен ауылды қалай іздегені баяндалған. Олардың басынан кешкен оқиғаларды әңгімелей отырып автор екі баланың олардың әлеуметтік жағдайымен, өмір салтымен, тәрбиесімен, дағдылары және әдеттерімен шартты байланыстағы мінез-қылықтарын ашып көрсетеді.

Әңгіменің мәні — екі мінез-құлықты, екі әлеуметтік тұрпатты қарсы қою. Үсен — кедейдің баласы, ол еңбексүйгіш, оның бойындағы барлық қасиеттер осымен айқындалады. Өмірдің кез келген қиындықтарын еңсеруге қабілетті нағыз адамды еңбек қана тәрбиелей алады, ал думанды өмір — барлық кеселдің басы.

«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің педагогикалық мақсаты бар: ол үйретеді және жол сілтейді. Алтынсарин күрделілендіруді емес, мінездердің айқындығы мен қарапайымдылығына ұмтылады. Бұл мінездер ойдан шығарылған емес, олар өмірдің өзінен алынған. Өмірден ойып алған дәлдігі, дидактикалық қорытындысының жеңілдігі — осының бәрі «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің қазақ шәкірттерінің ғана емес, орыс оқырмандары арасында да кеңінен танылуына жол ашты. 1890 жылы «Родник» журналында әңгіме орыс тіліне аударылып басылды.

70-жылдары жазылып, «Қырғыз хрестоматиясында» жарияланған «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі де Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымын, демократиялық және гуманистік көзқарасын түсінуде маңызды болып табылады. Даладағы көне феодалдық құрылыстың іргесі шайқала бастаған 70-жылдары қазақ кедейлері отырықшылыққа көшіп, диханшылықпен шұғылдана бастайды. Алтынсарин оларды қолдайды. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбекқор Сейітқұл байларды жек көреді, олардан құтылудың амалын іздейді. Ол өзінің кедей-кепшік туыстарымен өзен бойын қоныстап, егіншілікпен айналыса бастайды. Алтынсарин егіншілердің бірлескен еңбегін жылы суреттейді, кедейлер одағының қалай нығая түскенін, бірте бірте басқаларды да өзіне тарта бастағанын көрсетеді: «...көшпелі кедейлер Сейітқұлға келіп қосылды. Бес-алты жыл өткенде ол басқаратын шаруашылықтардың саны төрт жүзге дейін жетті». Сейітқұл мен оның достарының табысын автор олардың ізденгіштігімен, олардың егіншілік пен саудаға үйренуімен түсіндіреді. «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесіндегі сияқты Алтынсарин еңбексүйгіштікті дәріптейді — еңбек адамы ешқашан далада қалмайды, ырыс оны өзі іздеп табады.

«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде Алтынсарин өзінің сүйікті тәсілі — антитезаны қолданады. Еңбекқор Сейітқұлға ұрлықпен, жұрттың малын тонаумен баюға жанталасқан ағасы қарама-қарсы қойылған. Ақыр аяғында оның ажалы кісіден болады. Жазушы зорлықпен, арамдықпен жиналған байлықтың берекесі болмайды деген ойды шегелеп айтады.

Көшпелі ел ғасырлар бойы бағып өсірген малын байлығым деп санаған. Ал ешқашан сарқылмайтын нағыз байлық ол — білім. Алтынсарин жастардың көзін осыған жеткізгісі келеді, оларды сендіруге ұмтылады. Тек білім ғана адамды құдыретті әрі бақытты ете алуы мүмкін.

Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған тарихи қайраткерлердің арасында Ыбырай Алтынсариннің есімі құрметті орында тұр. Көрнекті ағартушы-педагог, ірі жазушы, талантты ақын өзінің саналы ғұмырының бәрін туған халқының бақыты жолындағы күреске арнады.



Ыбырай Алтынсариннің барлық сан қырлы шығармашылық және қоғамдық қызметінің ең басты міндеті қазақ халқын прогресшіл әлемдік мәдениетке жақындата түсуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналған.
Әдебиеттер тізімі


  1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том.

— Алматы: Атамұра, 2010.

  1. Алтынсарин Ы. Шығармалар. Алматы: РНПБ, 2011.

  2. Сарбаева А.М. Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері. IX-XIX

ғасырлар. Ғұлама тағылымы: Оқу – әдістемелік құрал. Көкшетау: «Келешек 2030», 2012ж. 144-161бет.

  1. Алтынсарин Ы. Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы - 2013.




Э.Қ. Түсіпбекова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының

аға оқытушысы,п.ғ.м.

e-mail: elmira-mak@mail.ru


ШОҚАН УӘЛИХАНОВ – КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫ
Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ Ш.Ш. Уәлиханов отандық ғылым мен әдебиет тарихында үлкен орын алады. Оның қысқа да жарқын өмірі мен ғылыми қызметі қазақ халқының көпғасырғы дамуының, рухани ізденістерінің тамаша қорытындысы, биік жалғасы болды, қоғамдық ой-сананың өркендеуіне ықпал етті.

Шоқан (шын аты — Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекінісінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың әулетті отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігін сақтауға едәуір еңбек еткен ақылды қолбасшы, іскер дипломат, Орта жүз ханы болған.

1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі Омбыға әкеліп, сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадет корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Жабық әскери оқу орны болғанмен, онда көптеген пәндер оқытылуы, орыстың озық ойлы зиялылардың өкілдері сабақ беруі, Омбының көзі ашық оқыған адамдарының отбасымен араласуы, көп оқып білімін тереңдете түсуі Шоқанның рухани өсуіне, келешек тағдырына едәуір ықпалы болған.

Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: «Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді… Өзімен тайталасқа түскендерді түсініп, оларға дұрыс кеңес беретін – «Шоқан тегіннен бидің баласы емес. Ол өзінің іс-әрекетін табиғатынан түсінуге тырысатын» [1, б. 129].

Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласады.

Бұл қызметте Шоқан аса ерекше тапсырмаларды орындаушы офицер бола жүріп, шенеуніктердің бюрократизмдері мен карьеризмдерін көреді. Жас офицер өз халқының құқығын қорғап, олармен күреседі. Еркіндікті қалаған, әділдікке құлшынған және шындық үшін күрескен ол шенеуніктерден қорлық пен кемсітулерді көреді. Әрі жас шамасына сәйкес келмей дамыған осыншама білімді казақты өз тағдырларына қарсы Омбы жерінде тұрып жатқан орыстың зиялылары мен ойшылдары А.Н. Майков, Ф.М. Достоевский, В. Курочкин, шығыстанушы-ойшыл К.К. Гутковский және басқа жазушылар мен ақындар байқайды. Шоқанның генерал-губернатордың адъютанты қызметінде жүрсе де, жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастайды. Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісу жеріне жасаған сапарына қатысады. Бұл сапарда қарапайым халықтың өмірімен танысып, қырғыздардың тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алды.

1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының адъютанты ретінде онымен бірге Верный бекінісі қаланған Омбыдан Іле Алатауына дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақтардың ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы, діні мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді.

1856-1857 жылдары Шоқан ғылыми-зерттеу және этнографиялық жорыққа Іле Алатауындағы қырғыздар мен Ұлы Жүз ауылына, Алакөлден Ыстықкөлге және Құлжаға аттанады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «ХVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи жазбалар» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Бұл еңбектер қазақтардың мәдениетіне және әдебиетіне деген жаңа көзқарастардың негізі болды. Әрі орыс ғалымдарымен жоғары бағаланды.

Ш. Уәлихановтың қазақтарға арналған ғылыми еңбегіне көңіл аудармай қалуға болмайды. «Тәңірі» шығармасы Ш. Уәлихановтың ең алғашқы туындысына жатады. Бұл жұмыс 1858 – 1859 жылдардағы Шығыс Түркістан экспедициясына дейін жазылған. «Қырғыздардағы шамандықтың іздері» атты жұмысы 1862 жылмен белгіленеді. Бұл екі шығармада да қазақ халқының отқа, жерге, жұлдыздарға және рухқа деген көзқарастары зерттеледі. Жұмыстарда қазақ-көшпелінің тұрмысы, оның рухани әлемі суреттеледі. Бұл сапарларында Шоқан қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет "Манас" эпосын жазып алады. Манас - халық даналығының туындысы, барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрпы жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы – «Дала Илиадасы" деп бағалады, ал оның жалғасы «Семетей» поэмасы шығыстың «Одиссеясы» деп белгіледі.

Жас қазақ ғалымның қабілетіне шын ниетімен сүйсініп, оны мойындаған орта 1857 жылы ақпан айында Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды [2, б. 32-33].

Шоқан Уәлихановтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі Қашқарияға құпиялы жолмен баруы болды. 1858 жылдың маусым айында Уәлиханов ресейлік географиялық ғылымның анналарында мәңгіге қалған саяхатқа шықты. Сол кезде жасы 22-де ғана болатын. Жолға Шоқан семейлік көпес Мұсабай Тоқтыбаевтың керуенімен шықты. Ол шығыс киімдерін киген және жергілікті ғұрып бойынша шашы алынған баспен жүрген Әлімбай көпес атымен саяхаттаған екен. Бір жарым ай ішінде көпестер Іле өзенінің бастауына жетіп, онда жергілікті қырғыздармен сауда жасаумен бір айға қалғаннан кейін керуен Қытай шекарасына қарай беттеді. Қыркүйек айында Тянь-Шань жоталарына шығу оңай емес екен.

Қашқарияда жарты жыл қалу уақыты ішінде Уәлиханов жергілікті ақсүйектермен және өзге тұрғындармен жақсы танысты. Ол ұйғырлармен «алты қала елі» деп аталған Қашқарияның халқы, қыстақтары мен жолдары туралы маңызды мәліметтер жинай алды. Зерттеуші елдің климаты мен табиғаты, экономикасы туралы да деректер жазған. Ол Қашқардағы Орталық Азияны зерттеген неміс зерттеушісі Адольф Шлагинтвейн өлімінің себептерін анықтады: Қашқар билеушісінің бұйрығымен қала қабырғасының маңайында бұл зерттеушінің басы шабылған екен.



1859 жылдың 12-сәуірінде саяхаттың басталуынан 11 айдан кейін Шоқан Уәлиханов Верныйға қайтып келді. Экспедиция қорытындылары бойынша ол «Алтыншардың жағдайы немесе Қытайдың Нан Лу (Кіші Бұқария) провинциясының алты қаласы туралы» есеп жазды. Бұл жұмыста Ш. Уәлиханов арасында ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, өзбектер және де дұнғандар болған ислам жақтаушылары болған көбінесе түркі халықтары тұрған Шығыс Түркістанды (еуропалық географиялық ғылымға белгісіз болып, ол кездері Шығыс Түркістан деп аталған) отарлық басқарудың қытайлық жүйесінің талдауын берген). Бұл еңбек Ресей және оның тұсындағы шығыстанушылармен жоғары бағаланып, біраз уақыттан кейін ағылшын тілінде қайта басылды [3, б 242]. 

Қашқардан Омбыға қайтып келген Шоқан белгісіз жерлерді танып келген батыр ретінде қарсы алынып, мадақталып, Санкт-Петербургқа жіберілді. Бұл жерде ол Александр ІІ патшасымен кездесті, Қасиетті Владимир орденімен марапатталды және штабс-ротмистр атағына дейін көтерілді. Патша оның Отан алдындағы ерекше еңбегін атап өтті [1, б. 35].

Петербургте қысқа уақытты қалу мүмкіндігі Уәлихановты рухани байытып, оның демократиялық көзқарастарын бекітті. Ол қоғамдық өмірдің қалың ортасында жүріп, қызметін кеңейтіп, Бас штабтың Әскери-есеп комитетінде, Азиялық департаментте және Географиялық қоғамда жұмыс істеді. Орта Азия және Шығыс Түркістан карталарын жасау, Риттер еңбектерін басылымға дайындау, оның белгілі мақаласы «Абай» басылған энциклопедия басылымындағы қызметтестік, Орыс географиялық қоғамындағы Шығыс тарихы бойынша дәрістер оқу – бұның бәрі Петербургтегі өмірінің мазмұнын құрған. Ол алғаш рет «Тазкира-йи Боғра хан», «Тазкира-йи ходжаған» қашқарлық қолжазбаларын ғылыми айналымға енгізіп, әлемде бірінші болып Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегін зерттеген. Бұл кезде Шоқанға А.Н. Бекетов, «Орыс географиялық қоғамының хаттарының» редакторы, шығыстанушы, дипломат және публицист Е.П. Ковалевский, белгілі ғалымдар – ориенталисттер В.В. Григорьев, В.П. Васильев және В.В. Вельяминов-Зернов зор әсерін тигізді. Уәлихановқа үнемі қолдауын және достығын Орыс географиялық қоғамының вице-президенті П.П. Семенов-Тяньшанский көрсеткен. Петербургте ол өзінің досы болған жазушы Ф. М. Достоевскиймен қайтадан кездесті.

Түрлі шенді әдебиет ортасы қазақ ғалымының ой-өрісін кеңейткен, төңкерістік жағдай кезеңінде Ресей қоғамдық өміріндегі оқиғаларын жақсырақ түсінуге көмектескен. Уәлихановтың тарапынан зиялылардың тарихи көзқарастарының қалыптасу тарихына қоғамдық қызығушылықтың дамуында үлкен қызмет атқарған «Современник», «Русское слово», «Эпоха», «Отечественные записки», «Время» («Замандас», «Орыс сөзі», «Дәуір», «Отандық хаттар», «Уақыт») және басқа әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналдарды оқуы оның демократиялық көзқарастырының орнатылуына себепші болды [3, б. 243].

Петербургтің ылғалды климаты Шоқанның денсаулығына қатерлі әсер етіп, ол астанадан жақын уақытта кетуге және отанына қайтуға мәжбүр болды. Омбыға көшкеннен кейін Шоқан даланы жергілікті басқаруды қайта құру шараларына тікелей қатысты, бірқатар тәжірибелік ұсыныс енгізді. 1864 жылдың көктемінде Ш. Уәлиханов Оңтүстік Қазақстан аумағын Ресейге қосуды мақсат еткен Черняев Экспедициясына қатысқан. 1684 жылдың жаз мезгілінде ол жасақты тастауға, Верныйға қайтуға, ал содан кейін Тезек ауылына қайтуға мәжбүр болды. Тезек ауылындағы әкесіне жіберген хатында Шоқан былай деп жазды: шаршадым, еш әлім жоқ, түгелдей саудырап қалдым, сүйегім қана қалды, жақында күн көзін көрмейтін боламын. Енді өз туысқандарым мен достарымды көру бұйырмас, бұған еш амал жоқ. Бұл менің соңғы хатым. Қош болыңыздар, барлығыңызды да құшақтаймын. [3, б. 243].

Ш. Уәлиханов 1865 жылы Тезек ауылында, Алтын-Емел жотасының етегінде қайтыс болды.

Ш. Уәлиханов өз уақытының озық қайраткері, өзін өз халқына қызмет етуге арнаған тамаша отаншыл, ғалым, ағартушы болды.

Орыс географиялық қоғамы атынан және Ресей ғалымдарының атынан Ш. Уәлиханов қызметін бағалап, атақты орыс шығыстанушысы академик Н.И. Веселовский былай жазды: «Қырғыз хандардың тұқымы және сол уақытта орыс әскерінің офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жылтыраған ақпа жұлдыз секілді Шығыстану майданы үстінен жарқ еткен. Орыс ориенталисттері бір ауыздан оның тұлғасында таңғаларлық құбылысты танып, одан түркі халықтарының өмірі туралы ұлы және маңызды жаңалықтарды күткен екен, бірақ Шоқанның мерзімнен бұрын өлімі бізді бұл үміттерден айырды. Отызға жетпес жылдарында ол басқалары бүкіл өмірі бойы жасай алмағанды жасады». [4, б. 532].

Қазақтар орыс бодандығын алумен өлкені ғылыми зерттеу орталық мемлекеттік құрылымдардың және зерттеушілердің түрлі жасақтарының қызметі аясына берік кірді. Қазақстанда жекеленген болса да, ғылыми мекемелер желісі қалыптасты. Кейбіреулері мемлекеттік қаражаттандыру есебінен қызмет етіп, басқалары ынтагерлердің күшімен пайда болды.

Ресей және қазақ халқы мәдениеттерінің жақындауы мен өзара енуі соңында жалпы адамзаттық өркениетті жаңа ашылыстармен, ойлармен және аттармен байытқан. Ресей ғылымының озық өкілдерімен қарым-қатынас Ш.Уәлихановтың әлемдік деңгей ғалымы ретінде қалыптасуына себепші болды. Көптеген орыс зерттеушілері қазақ фольклоры, музыкасы, ауызша тарихнамасы, этнографиясы материалдарының негізінде өзінің іргелі еңбектерін жазды.

ХІХ ғасырда Қазақстан зерттеушілері арасында П.П. Семенов-Тяншанский (1827-1914) – екі рет (1851-1857, 1888) Алтайға, Жетісуға, Орта Азияға саяхат жасаған ірі ғалым-географ, Орталық Тянь-Шань зерттеушісі сияқты әлемдік атағы бар ғалымдар болды. Оның басшылығымен «Ресей. Біздің Отанымызыдң толық географиялық сипаттамасы» көп томдық зерттеуі жасалып, басылды. Бұның екі томы – «Қырғыз өлкесі» және «Түркістан өлкесі» - Қазақстан мен Орта Азияға арналған. Бұнда қазақтардың географиялық шарттары, табиғи байлықтары, тұрмысы сипатталған. Әйгілі саяхатшы П.П. Семенов-Тяншанский Жетісуда Шоқанмен кездесіп, бұл өлке бойынша бағдарларға қатысты, кеңес алды. Оның ұсынысы бойынша 1857 жылы Шоқан Ресейлік географиялық қоғамның нағыз мүшесі болады.

Қазақстанның географиясын, фаунасын, флорасын, табиғи қазбаларын Н.А. Северцев және И.В. Мушкетов те зерттеген. Өткен ғасырдың Ресейдің талантты географтарының бірі Н.А. Северцев (1827-1885) Қазақ өлкесі мен Орта Азияға жеті экспедиция ұйымдастырып, Арал-Каспий ойпатын, Мұғалжар, Іле Алатауы жоталарын және оның өңірлерін зерттеп, фаунаның, флораның, геологиялық материалдардың үлкен коллекциясын жинады [1, б. 126].

Қазақстанның зерттелуі үшін әйгілі орыс географы мен саяхатшы И.В. Мушкетов (1850-1902) көп еңбек жасады. Оның қызметінің нәтижесі 1874-1880 жылдардағы экспедициялардың материалдары негізінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарының сипаттамасы берілген «Түркістан» атты үлкен еңбегі болды. Сонымен қоса ол қосылған өлкенің минералдық қорларын анықтауда бірқилы жолсілтеме ретінде қызмет еткен Орта Азияның географиялық картасын жасаған. Алтай, Қазақстанның солтүстік облыстары, Жетісу халықтарының салт-дәстүрлерін, фольклорын зерттеген белгілі шығыстанушы, түркітанушы, этнограф, Петербург академиясының академигі В.В. Радловтың (1837-1918) үлесі орасан зор. Оның «Түркі тайпалары халық әдебиетінің нұсқаларында» қазақ ертегілері, эпикалық шығармалар, қазақ халқының лирикасы бар. Қазақстан туралы аз емес мәлімет ірі ғалым-шығыстанушы, археолог, тіл маманы, академик В.В. Вельяминов-Зерновтың (1830-1904) «Қасым хандары мен ханзадалары туралы зерттеулер», «Қырғыз-қайсақтар туралы тарихи мәліметтер» және Қазақстан тарихының көптеген түйіндік сұрақтарға жарық түсірген өзге кітаптарында байқауға болады. Өлке тарихын А.И. Добросмыслов, Н.Н. Аристов, М. Красовский және басқалар да зерттеген. Тарих, этнография, география бойынша мәліметтерді жинаумен Бас штаб офицерлері, орыс әкімшілік шенеуніктері, саяси жер аударылғандар да айналысты [1, б. 128].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы мәдениет және қоғамдық ой дамуында маңызды қызметті ғылыми қоғамдар және мәдени-ағартушылық мекемелер атқарды. Орыс географиялық қоғамның бөлімдері Орынборда (1868 ж.), Омбыда (1877 ж.), кейін Семейде ашылды, ал 1897 жылы – Түркістандағы бөлім. Олар тарих, этнография, география бойынша ұсынылған материалдарынан жинақтар басып шығарған.



Олармен қазақ зиялылары да қызметтес болды. Географиялық қоғамның Орынбор бөлімінің мүше-корреспонденті бұл жинақтарда өз зерттеулерін шығарған Ы. Алтынсарин болды. Семей облысы статистикалық комитетінің жұмысында А. Құнанбаев та қатысқан еді [5, б. 241].

Ғылыми ізденістер жүргізген көптеген ғалымдар Географиялық қоғамдағы жұмысын тоқтатпағанын атап өткен жөн. Негізінде бұл географтар және өзге жаратылыстанушылық-ғылыми пәндердің өкілдері болған. Олар географиялық ғылымның келешек дамуына, оның мамандануына және сол уақыт жаратылыстанудың жалпы ағымындағы терең ұғынуына себепші болды. Зерттеулердің жүйелігі, сонымен қоса зерттеушілік жұмыстың негізгі кезеңдері бағдарламалар мен нұсқамалармен анықталды. Бағдарламалар мен нұсқамаларды әзірлеуге елдің ең жақсы ғылыми күштері және де түрде Орыс Географиялық Қоғамының мүшелерінен басқалары да тартылды.

Қоғам қызметінің ең басты бөлігі экспедициялық жұмыс болатын. «Орыс географиялық ғылымына әлемдік атақтылықты көбінесе Географиялық қоғаммен ұйымдастырылған және өткізілген экспедициялар әкелді». Өз кезегінде Қазақстан аумағын зерттеу бойынша экспедициялар орталық қоғам тарапынан да, үлкен ғылыми мәнге ие болған жергілікті бөлімдер тарапынан да көп рет жасақталды.

Қорытындылай келе, ХІХ ғасырда Қазақстан ғылымына П.П. Семёнов-Тяньшанский, Н.А. Северцев, И.В. Мушкетов, В.В. Радлов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин сияқты ғалым-шығыстанушылар үлесін қосса да, дегенмен, Ш. Уәлиханов —Орта Азия мен Қазақстаннан келген, өңірдің жүректің өзін түсінуге – адамға деген жол ашқан Жаңа Заманның алғашқы ғалымы.


Әдебиеттер тізімі
1. Кан Г. История Казахстана // учебник – 3-е изд., – Алматы: Кітап, 2012. – 224 с.

2. Иллюстрированная история Казахстана // В 4-х т. Т. 3:

3. Казахстан со второй половины ХІХ века до первой половины ХХ

века// Алматы, 2013. – 320 с.

5. История Казахстана: с древнейших времен до наших дней (очерк) – Алматы: Дәуір, 2012. – 416 с.

6. История Казахстана. В 5-и т. Т. 3: с древнейших времен до наших

дней. – Алматы: Атамұра, 2013. – 765 с.

7. Кузембайулы А., Абиль Е.А. История Казахстана // учебник. – 7-е



изд., - СПб.: Соларт, 2012. – 420 б.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет