Ш. Құдайбердиевтің педагогикалық көзқарастары.
Ақын, шешен, аудармашы, данышпан философ, сазгер Ш.Құдайбердіұлы өзінің шығармаларында оқу, білім алу, тәрбие, тәлім туралы өрнекті өнеге қалдырды.
Ұлы ойшыл: “... алдында Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып, менде адамшылықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн деп басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім... өз бетіммен ізденіп, оқып, білгендерден сұрап, барлық өмірімді жазумен өткіздім, ... өз мақтаным үшін жазғаным жоқ ... Кейінгілер үлгі алып, өнеге үйренсін дедім ”,- деп, білімді алу, оны үйрету мақсатын көздеді.
Білім алу үшін , оны іске асыру үшін еңбек ету қажет, бірақ еңбектің де еңбегі бар, орнына жұмсалмаған еңбек, зұлымдыққа жұмсалған ақыл- отқа түскен көбелекпен бір есеп дейді. Гуманист ақын жастарға білім беруде олардың жақсылықты ойлау белсенділігін, ақыл-парасаттылығын дамытуды басты мақсат етеді, білім берумен тәрбие ісінің бірлігін сақтай білуді ұстаздық нұсқа етіп ұсынады.
“Арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді”,- деп ол ар мен ақылды адам санасының биік сапасын көрсететін қасиет екенін дәріптейді.
“Көңіл көзін аш- тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама, қалқатайым ”-
деп дарқан дарынды ақын білімді үйрену үшін әрбір жасқа зейінділік пен пайымдылық керек екенін ерекше ескертеді.
“Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақыл өнбес”,-
деп тәрбиелеуде, білім беруде баланың жеке басының ерекшеліктеріне, жан жүйесіне, шамаларына қарай, тәрбиелеудің сендіру тәсілін қолданумен қатар, білім берудің мақсатын іске асыруды ұсынады.
“Мұғалімнің өмірі ” деген дастаны арқылы ой дамытып данышпандыққа, білім дамытып ғұламалыққа жету үшін әрбір адам өмірге жаупкершілікпен қарап, талпынып, талаптанып, ықылас қоя еңбек етіп, өздігінен білім алуға ұмтылу керек екенін өз өмірінен мысалдап баяндайды, халықтың мәдениетін өркендету үшін әрбір ақ ниетті адам оқуға ұмтылып , білім алуға міндетті деп ол шын пейілмен, бар ықыласымен ұмтылса, білімге деген қызығушылығын арттыра білсе, әрбір талапкер өздігінен білім алып та ғылыми мақсаттарына жете алатынын дәлелдеп көрсетеді.
“Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
Алсын деп керектісін өзі теріп,”-
деп, ғұлама ақын өз шығармаларымен ұлағатты ұстаздық мақсаттарды орайымен орындады.
Ұлы ойшыл, дарынды ғалым, жаңашыл сазгер Шәкәрім қазақ халқының мәдениетін дамытудың кілті- білімде, тәрбиеде, өнерде деп насихаттаумен қатар, өзіде білім алу жолдарын көрсетіп, тәрбие беру тәсілдерін үйретіп, өнерден өнегесін көрсете білді.Ол баланы тәрбиелеуде жалпы адамзаттық мақсат-мүдделерді алға тартып, тәлім-тәрбие ғылымының әлемдік мәніне зор көңіл бөлді.
Достарыңызбен бөлісу: |