Ақыл – ой тәрбиесінің құралдарына мыналар жатады:
Зерттеу және бақылау ісіне қатысы бар тапсырмалар: бақылау, эксперимент жүргізу, саяхаттар, экспедициялар, ауылшаруашылық тәжірибелік жұмыстар;
Шығармашылық жұмыстар: шығарма жазу, суретке қарап әңгіме құру, өз бетінше әртүрлі пәндер бойынша есептер құрастыру, сурет салу, белгілі тақырыпқа баяндамалар, рефераттар жазу,т.б.
Салыстыруға байланысты тапсырмалар: логикалық және жинақтай ойлау;
Ойлау әрекеттерін реттеуге бағытталған тапсырмалар: алгоритмдерді, алгоритмдік нұсқамаларды пайдалану, оларды өз бетімен құрастыру:
Анализдеу оқу жұмысына байланысты тапсырмалар: заттарды, құбылыстарды топқа бөлу.
Сонымен ақыл – ой тәрбиесі тұлғаның жан–жақты дамып қалыптасуының негізі.
12.5. Мінез – құлықтық тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері
Оқушылардың саналы тәртібі мен мінезі туралы түсінігін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін, сенімін тәрбиелеу тәрбиешінің мақсатқа бағытталған іс – әрекетіне–құлық тәрбиесіне байланысты.
Жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәртіп пен мінез ерекшеліктерінің алатын орны зор. Құлық мәселесі мораль ұғымына келіп саяды.
Қоғамдық сана формасына жататын мораль – адамның бір – біріне деген қатынасын белгілеп, тарихи өзгертіп отыратын нормалардың ,принциптердің, ережелердің белгілі бір жиынтығы.
Құлық тәрбиесінің міндеттері:
– оқушыларды қоғамда моральдық нормасын орындауға қатыстыру;
– оқушылардың тәртіб және мінез– құлық тәжірибесін қалыптастыру;
– балалардың санасына, мінезіне педагогикалық ықпал жасаудың бірлігін қамтамасыз
ету;
– отанға, халқымызға, еңбек және қоғамдық іс– әрекетке балалардың жауапкершілік сезімін тәрбиелеу.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру: біріншіден, тәрбие процесінің объективті және субъективті жақтарының бірлігіне, яғни оқушыларға қойылатын педагогикалық талаптарға бұл объективті жағына; ал, жеке адамның қоғамдық норманы меңгеруі бұл тәртіп пен мінез – құлық тәрбиесінің субъективті жағына байланысты; екіншіден, тәрбие шараларының мазмұнына, идеялық деңгейіне байланысты.
Жалпы кейбір жағдайларда баланың мінезінде теріс әрекеттер байқалып жатады. Сондықтан ізеттілік, ұстамдылық сияқты әдеттерді тәрбиелеуге аса көңіл бөлген жөн.
Ұлы ойшыл Абай адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, адам баласы бір – бірінен ақыл, ғылым, ар – мінез арқылы озады. Онан басқа жолмен озамын демектің бәрі – ақымақтық дей келе, адамды тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның рөлінің ерекшелігін саралап көрсетіп берді.
Адамның жақсы, жаман болуы, ақылды, ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақсүйек тұқымынан шыққандар ақылды, алғыр болады дейтін көзқарасқа қарама – қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші сөзінде : «Мен егер заң қаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» – деді.
Ал шығыстың ұлы ұстазы атанған Әл– Фараби: «Адам мінезінің тұрақтылығы –шынайы бақытқа жеткізеді» деген сөзі де бар. Ендеше бұдан шығатын қорытынды, адам мінезін өзгертуге болатындығы және мінездің адам өмірінде маңызы орасан екендігін ұғамыз. Сонымен қатар бала мінезінің қалыптасуында отбасы тәрбиесінің ,ондағы ата – ананың мінез – құлқының рөлі өте зор.
Отбасы тәрбиесінде ата – аналардың мінез – құлқы – шешуші фактор. «Сіз өз балаларыңыздың тәрбиесін бастамастан бұрын өзіңіздің мінез – құлқыңызды тексеріңіз ... сіздің жеке мінез – құлқыңыз шешуші нәрсе ... Ата – аналардың өздеріне талап қоюы, олардың өз отбасын қадірлей білуі, өзінің әрбір қадамын қадағалап отыруы тәрбиенің ең басты және ең бірінші әдісі» – деген А.С.Макаренко. Егер әке маскүнем болса, мектеп жасына дейінгі балалар жүйке ауруынан (невроз), жиі қояншық ұстамадан (эпилепсия ) азап шегеді, олардың ақыл – ойы баяу дамиды . Мұндай балалар енжар, тынышсыз, ашуланшақ келеді. Әрбір ата – ана ішкілікке, азғындыққа түспеу үшін күш қабілетін барынша пайдаланып, балаларға мейірімді өнегемен әсер етуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |