Қазақстан республикасының бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы кіріспе



Дата07.04.2020
өлшемі137 Kb.
#61799
Байланысты:
ҚСХҚЕС

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БУХГАЛТЕРЛІК

ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ АУДИТ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ

 

Кіріспе

 

Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС) және Халықаралық аудиттің стандарттарына (бұдан әрі – ХАС) көшу қажеттілігін мемлекеттің жалпы саясаты және Қазақстанда нарықтық экономиканы құруға бағдарланған реформалардың стратегиясы айқындайды.



Осы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2006 жылғы 
9 тамыздағы № 233 - өкімімен бекітілген Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын жедел енгізу жөніндегі 2006 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындалды.

Осы Тұжырымдамада қазіргі кезеңде Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамытудың негізгі үрдісіне талдау жасалады, алдағы жылдарда оны дамытудың жолдары мен нақты тетіктері баяндалған.

Тұжырымдамада баяндалған негізгі бағыттар бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық есептілікті реттеудің қолданыстағы жүйесіне тұжырымдамалық өзгерістерді енгізу, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен аудит саласында қалыптастырылатын ақпараттың сапасын арттыру қажеттілігінен туындады.

 

1. Үндестірудің халықаралық процесіне қатысу

 

Әлемдік экономикалық жағдайдағы соңғы он жылдықта болған шапшаң өзгерістер бухгалтерлік есепке алуға және қаржылық есептілікке арналған ережелерді жасау кезінде елдердің қолданатын тәсілдерін айтарлықтай дәрежеде өзгертті. Капитал нарықтары ұлттық шекарадан тыс жерлерде кеңейіп, ұлттық экономикалардың дамуына байланысты кірігу процесі нығаюда. Капитал нарықтарының кемелдене дамуы олардың даму үрдісін инвесторлардың жоғары дәрежеде түсінуін, олардың нығайтылуына, тұрақтылығына және өтімділігіне сенімділігін талап етеді. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарының бірыңғай топтамасын қабылдау кредиттердің құнын және инвесторлар үшін маңызды емес стандарттар бойынша есептілікті дайындау жөніндегі әкімшілік шығыстарды қысқарту арқасында ұйымдардың инвестицияларды тарту бойынша шығыстарын қысқартуға себепші болады.



Биржаларда акциялары бағаланатын Еуропалық Одақтың барлық компаниялары 2005 жылдан бастап ХҚЕС-ке сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілік жасауға міндетті. Тек АҚШ-тың бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей принциптерін (бұдан әрі - GAAP) пайдаланатын кәсіпорындары, сондай-ақ биржаларда борыштық міндеттемелері (облигациялары) ғана бағаланатын фирмалар оған кірмейді. Мұндай кәсіпорындар ХҚЕС-ке 2007 жылдан бастап көшуі тиіс. Еуроодақтың пікірінше, ХҚЕС-ті енгізу ЕО елдеріндегі қаржылық есептіліктің біркелкілігін, дұрыстығын, айқындылығын және салыстырмалылығын қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды халықаралық саудаға шығарған кезде тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді. Еуропа Одағының жоспарлары еуропа биржаларында тіркелген 8700-ге тарта компанияға қатысты, мұның өзі әлемдік нарықтық капиталдандырудың 25 %-ын құрайды.

Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары әлемдегі аса дамыған және алдыңғы қатарлы бухгалтерлік есепке алу стандарттары болып табылады деп есептеледі. Сондықтан да көптеген елдерде, мысалы Австралияда, Германияда, Ұлыбританияда шетел эмитенттері биржалардағы өздерінің есептілігін осы елдердің ұлттық стандарттарына емес, халықаралық стандарттарға сәйкес ұсына алады. Басқа мемлекеттерде, мысалы Канадада, Жапония мен АҚШ-та бұған да жол беріледі, алайда ХҚЕС бойынша есептілік дайындайтын компаниялар оның осы елдердің ұлттық стандарттарына сәйкес дайындалатын есептіліктен айырмашылығының тізімін қосымша ұсынуы тиіс. Кейбір елдерде (мысалы Чехияда, Балтық елдерінде) есептілікті ХҚЕС бойынша барлық ірі кәсіпорындар жасауы тиіс. Қазақстанда 2003 жылдан бастап барлық қаржы ұйымдары, 2005 жылдан бастап акционерлік қоғамдар, ал 2006 жылдан бастап өзге де ұйымдар (мемлекеттік мекемелерден басқа) есептілікті ХҚЕС бойынша дайындауы тиіс.

Жақын болашақта ХҚЕС-ті меңгеру проблемасы еуропа компанияларынан басқа да компанияларға қатысты болуы әбден мүмкін. Жуырда ғана АҚШ-тың Қаржылық есептілік стандарттары жөніндегі кеңесі (Financial Accounting Standards Board – FASB) және Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары комитетінің қоры (бұдан әрі – ХҚЕСКҚ) АҚШ-тың GAAP-ын және ХҚЕС-ті үндестіру жүргізетіні туралы мәлімдеді.

Үндестіру бағдарламасына сәйкес АҚШ-тың GAAP-ы мен ХҚЕС-ке екі стандарт жүйесінің арасындағы белгілі бір алшақтықтарды болдырмайтын өзгерістер енгізілетін болады. Уақыт өткеннен соң олардың арасында бар айырмашылықтарды толығымен жою жоспарланып отыр. Әлемдік нарықтық капиталдандырудың 52 %-ы АҚШ-тың үлесіне келетінін ескере отырып, ХҚЕС-тің нағыз дүнижүзілік есепке алу стандарттары болуына нақты мүмкіндік бар.

 

2. Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік саласында қалыптастырылатын ақпараттың сапасын арттыру

 

Қазіргі кездегі бухгалтерлік есепке алу ақпараттық базаны білдіреді, оның негізінде ұйым қаржылық есептілікті дайындайды. Бухгалтерлік есепте қалыптастырылатын ақпарат басқарушылық, салықтық статистикалық есептілікті жасау үшін қолданылады, қажет болған кезде осы ақпараттың негізінде есептіліктің басқа да түрлері жасалады. Бухгалтерлік есепке алу жүйесі бір-бірімен өзара байланыста болатын, есепке алу элементтерінің белгілі бір тұтастығы немесе көптілігі. Мұндай жүйе логикалық кешенді қамтиды, онда ұйымның, мемлекеттің, сондай-ақ кез келген басқа да сыртқы, сол сияқты ішкі пайдаланушылардың экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің түпкі нәтижелерін дұрыс өлшеуге бағытталған ақпарат қорытылады.



Есептілікті пайдаланушылардың барлығында қаржылық есептілік жөніндегі ақпарат нені қамтитынына қатысты белгілі бір үміт-армандары бар. Бұл үміт-армандар уақыт өте келе дамыды және пайдаланушылар бұрын кездестірген қаржылық есептіліктің үлгісі мен мазмұнынан туындады. Осы үміт-армандарға бухгалтерлік есепке алу туралы заңдар, бухгалтерлік есепке алудың регламенті мен стандарттары әсер етті. Қазақстанда үміт-армандар үлгіге және кеңес жүйесі кезінде әзірленген қаржылық есептілікке сүйене отырып дамыды. Шетелдік пайдаланушылардың үміт-армандары Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының принциптері мен тәжірибесіне сүйене отырып қалыптасты.

Кез келген әділ (сенімді) пікірден бухгалтерлік есепке алудың белгілі бір маңызды немесе іргелі принциптеріне немесе тұжырымдамаларына негізделген пікір орынды тұспалдануы мүмкін. Халықаралық түпмәтінде ең болмағанда мынадай бес принцип:

- есептеу принципі;

- қызметтің үздіксіздігі;

- ақылға сыйымдылығы;

- дәйектілігі;

- мазмұнның нысаннан басымдығы іргеліге жатқызылуы мүмкін және заңнама мен бухгалтерлік есепке алу стандарттарында көрсетілуі мүмкін.

Әдеттегі іс-тәжірибе осы принциптерді кез келген елдің бухгалтерлік есепке алу туралы заңнамасында іске асырудан тұрады. Нақты жағдайларда осы принциптерді қолдану көбінесе бухгалтерлік есепке алу стандарттары арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта халықаралық талаптарға сәйкес жасалған және жұмыс істейтін жоғары дамыған ақпараттық жүйені білдіретін экономика бірыңғай есепке алудың жүйесі болып табылады, ол оның әртүрлі аспектілерін (статистикалық есепке алу, салықтық есепке алу, бухгалтерлік есепке алу және т.б.) қамтиды.

Бухгалтерлік есепке алу қойылған міндеттерге сәйкес кейіннен жинау, жүйеге келтіру және қорыту үшін деректер көзі ретінде ғаламдық есепке алу жүйесінің бірлігін және функционалдығын қамтамасыз ететін ең маңызды факторы болып табылады.

Экономикадағы қаржылық есепке алудың ақпараттық функциясы ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижелеріне сүйенеді, олар ұйымның ішіндегі сол сияқты одан тысқары жердегі ақпарат пайдаланушылардың мүдделі тобына қажет. Жоғары сапалы есептілік капитал нарығын дамыту үшін де қажет, өйткені оның негізінде көбінесе экономиканың ондаған жылдарға дейін дамуын айқындайтын шектеулі ресурстарды бөлу туралы шешімдер қабылданады.

 

3. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеті, бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есеп беру мен аудитті одан әрі дамыту қажеттілігі

 

Елбасы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты өз жолдауында (бұдан әрі – Жолдау) атап өткендей, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және ашық нарық экономикасы бола алады. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірудің бірінші басымдығы әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі болып табылады. Осыған байланысты мемлекетті дамыту процесінде бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін бара-бар дамыту ерекше өзектілікке айналады, өйткені бухгалтерлік есепке алудың, қаржылық есеп берудің және аудиттің мақсаты басқару шешімдерін қабылдау үшін мүдделі пайдаланушыларды экономикалық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.



Бухгалтерлік есепке алу және аудит саласын дамыту тұжырымдамасының міндеті Қазақстан Республикасының экономикасында бухгалтерлік есепке алу, қаржылық есеп беру және аудит жүйелерінің өздеріне тән функцияларды одан әрі дәйекті түрде және ойдағыдай орындау үшін қолайлы жағдайлар мен алғышарттарды қамтамасыз ету болып табылады.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже дегеніміз, Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуін жеделдету мақсатында бухгалтерлік есепке алу мен аудит жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын, оларды іске асыру жөніндегі нақты тетіктерді жасау, шетелдік инвестициялардың ағынын молайту, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қор нарығын жандандыру.

Бухгалтерлік есепке алудың өзіне тән міндеттерді тиімді орындауы үшін қаржылық есепке алу кәсібилік, айқындылық, тәуелсіздік, өзектілік, стандарттылық сияқты талаптарға жауап беруі, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру принциптеріне және негізгі сапалық сипаттамаларға сай болуы тиіс.

Әлемдік тәжірибе түсініктілік, орындылық, сенімділік және салыстырмалылық сияқты ақпараттың тиімділігін айқындайтын сапалық сипаттамалар халықаралық стандарттарды тікелей пайдаланумен немесе оларды бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ұлттық жүйесін құрудың негізі ретінде қолданумен қол жеткізетіндігін көрсетеді. ХҚЕС пен ХАС-ты қолданудың экономикалық перспективасы капиталды тиімдірек бөлуден, іске жұмсалатын қаржының әр алуандығынан және оның табыстылығының өсуінен тұрады, әлемдік нарыққа шығу жеңілдейді, капиталды тартуға жұмсалатын шығындарды азайту мүмкіндігі туады. Мұның өзі жаңа бизнес құрылымдарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтастай алғанда елдің экономикалық өсуіне әкеп соғады.

 

4. Қазіргі кездегі жағдайды талдау

Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру

жүйесінің ХҚЕС-ке көшу кезеңдері

 

Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дәйекті түрде реформалау он жылдан астам уақыт бойы жалғасуда. «Бухгалтерлік есепке алу туралы» заң күші бар Жарлығын (бұдан әрі – Заң) 1995 жылы қабылдау бастапқы кезеңі болды. Халықаралық стандарттардың негізінде әзірленген Қазақстандық бухгалтерлік есепке алу стандарттарын 1996 жылы енгізу, ХҚЕС-ке көшудің бастамасы ретінде қызмет етті.



Осы процестің екінші және ең басты кезеңі 2002 жылы Заңды 2-1-баппен толықтыру болды, ол бойынша ХҚЕС-ке сәйкес қаржылық есеп беруді мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, ұйымдар мынадай тәртіппен жасауға тиіс: қаржы ұйымдары 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап, акционерлік қоғамдар 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап және өзге де ұйымдар 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап.

ХҚЕС-ті ойдағыдай енгізу мақсатында ХҚЕС-ті қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жарияланды, қаржылық есеп беру нысандары, сондай-ақ Қаржылық есеп беруді ХҚЕС-ке сәйкес жасайтын ұйымдар үшін бухгалтерлік есепке алу шоттарының жұмыс жоспарын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық (негіз) бекітілді.

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына көшу жөніндегі 2003-2004 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 15 мамырдағы № 88-ө өкімімен бекітілген бірқатар іс-шаралар ойдағыдай іске асырылды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына талдау жасалды, оның негізінде «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары әзірленді.

Бухгалтерлік есепке алу саласының өзін-өзі реттейтін элементтерін ретке келтіру мен жүргізу мақсатында «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеудің қолданыстағы жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізеді.

Заң жобасын әзірлеудің басты міндеті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында пайдаланатын бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша негізгі ұғымдарды Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасына сәйкес келтіру болып табылады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының облыстары мен өңірлерінде ұйымдардың қаржылық есептілікті ХҚЕС-ке сәйкес жасау мәселелері бойынша семинарлар өткізілуде.

Алайда, Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамытудағы кейбір жетістіктерге қарамастан, мыналардан:

-          ХҚЕС-тің кешенділігі мен әдістемелік күрделілігіне байланысты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қолданылмайтындықтан, ХҚЕС-тің осы санаттарға қолданылу қиындығынан;

-          бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеуге, сондай-ақ бухгалтер мен аудитор мамандықтарын дамытуға кәсіби қоғамдық бірлестіктер қатысуының жеткіліксіздігінен;

-          ХҚЕС-ті қолдану жөніндегі ақпараттық-әдістемелік материалдардың (оқулықтардың, кітаптардың) жоқтығынан;

-          бухгалтерлер мен аудиторлардың біраз бөлігінің кәсіби дайындығы деңгейінің төмендігінен, сондай-ақ ХҚЕС бойынша дайындалған ақпаратты пайдаланудағы дағдының жеткіліксіздігінен;

-          кадрларды қайта даярлаудың ретке келтірілген жүйесінің жоқтығынан;

-          шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ХҚЕС белгілеген көптеген принциптеріне және талаптарына немқұрайды қараудан көрінетін кейбір проблемалар бар.

Сонымен бірге, ХҚЕС-ті мемлекеттік немесе орыс тілдерінде уақтылы жарияламау бөлігінде проблемалар бар, мұның өзі ағылшын тілін меңгермеген мамандардың ХҚЕС-тің ескірген редакциясын амалсыздан қолдануға және Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары комитетінің қоры жаңадан бекіткен стандарттарды уақтылы пайдалана алмауына әкеп соқтырады. Осы жағдайға, Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары комитеті қорының ережелеріне сәйкес ХҚЕСКҚ басылымдарының ешқандай да бөлігі ХҚЕСКҚ-нің жазбаша рұқсатынсыз аударылмайтыны, қайта басылмайтыны, көшірмесі алынбайтыны немесе кез келген нысанда толық немесе ішінара пайдаланылмайтыны себепші болып отыр. Министрлік пен ХҚЕСКҚ Шектелген аумақта шектелген кезең ішінде авторлық құқықтан бас тартуды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасты. Шарттың негізінде Қазақстанға ХҚЕС-ті тек қана мемлекеттік тілде, Республика аумағының шегінде аударуға, басып шығаруға және таратуға құқық беріледі. Сонымен бірге, бұл проблема тек Қазақстанда ғана емес, мұндай жағдайлар ТМД-ның бүкіл кеңістігіндегі барлық мүдделі пайдаланушыларда да бар. Дегенмен, уәкілетті орган орыс тілінде жоғарыда көрсетілген ХҚЕС-қа көшу жөніндегі шартқа қосымша келісім жасасу бойынша жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар, бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді жүргізу бөлігінде ақпараттық жүйені автоматтандырудың көкейкестілігін атап өтпеуге болмайды. Бүгінгі таңда кешендік автоматтандыру жүйесі, яғни ұйым қызметінің түрлі салалары үшін бірыңғай ақпараттық жүйелері бизнестегі маңызды аспаптардың біріне айналды. Тәжірибеде көрсеткендей, ақпараттық жүйелер кең қолданылатын ХҚЕС-қа көшкен ұйымдарда оң өзгерістерге қол жеткізу әлдеқайта жеңіл. Сондықтан да  ХҚЕС-ты ойдағыдай енгізу бухгалтерлер жұмыстарының жеделдігін арттыруға және уақтылы әрі тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін бухгалтерлік есепке алуды жан-жақты автоматтандырусыз жүзеге асырылмайды.

 

 

 



 

 

 



5. Экономиканың нақты секторы ұйымдарының

бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруін

одан әрі дамытудың негізгі бағыттары

 

Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамыту елдің экономикалық жағдайындағы өзгерістермен тығыз өзара байланыста және шаруашылық тетіктің даму сипаты мен деңгейіне жауап беруі тиіс.



Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін одан әрі дамытуды ХҚЕС-ке сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте қалыптастырылатын ақпараттың сапасын, ашықтығын және салыстырмалылығын арттыру мақсатында мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асыру қажет:

-          бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есептіліктің аудитін ұйымдастырумен және жүргізумен айналысатын мамандарды даярлау және қайта даярлау;

-          шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді жүргізу тәртібін оңайлату;

-          халықаралық тәжірибенің негізінде бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеу жүйесін өзгерту;

-          бухгалтерлік есепке алу мен аудитті дамытудың халықаралық процесіне қатысу.

 

5.1. Кадрларды даярлау және қайта даярлау

 

Бухгалтерлік есепке алуды реформалағанда Қазақстанда қазіргі уақытта жүргізілетін түбегейлі міндеттердің бірі бухгалтерлерді, қаржылық менеджерлерді, аудиторларды, маркетологтарды және басқа да мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру болып табылады.



Шетелдік компаниялар санының қазақстан рыногында барынша арта түсуі, бизнестің ғаламдық сипатталуы, бірыңғай еуропалық рынокты құру батыстық есепке алу жүйелелерін, халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын меңгерген, батыс стандарттары бойынша оқытылған мамандарға сұраныстың көбеюіне әкеп соғады.

Нарықтық экономика жағдайларында бухгалтерлік деректер негізінен ақпараттың бірден бір шынайы көзі болғанда бухгалтер кәсібінің мәні артады, сонымен қатар оған деген талаптар әсіресе бухгалтерлік пікір қабылдау маңызды әрі шешуші болып табылатын салаларда өсті. Кәсіби бухгалтерлік білім берудің, тәжірибенің, білімнің, сондай-ақ басқару, жоспарлау, технология сияқты салаларда мұқтаждықтың арта түсуінің маңызын түсіну өсті. Бұл сол сияқты, білгірлік пен кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін тұрақты қолдап отыру қажеттілігі тұрғысынан бухгалтерлердің үздіксіз кәсіби білім алуының маңыздылығын растап түсті.

Кәсіби біліктілік жұмыс беруші үшін оның иесі осы кәсіпке қойылатын барлық қазіргі заманғы  талаптарға жауап беретініне кепіл болады деген сөз. Осындай біліктілік иесінің мансаптық өсуде басқа қызметкерлердің алдында елеулі басымдығы болады.

Қазақстан Республикасының Президенті кезекті Жолдауында «еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі Қазақстанның халықаралық рыноктарда бәсекелестік қабілетін нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашатынын» ескереді. Осыған байланысты халықаралық стандарттар бойынша қызметтерді ұсыну сапасын жедел арттыру қажет.

Бүгінгі таңда ХҚЕС-қа сәйкес бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді жасауда ақпаратты қалыптастыру принциптерін түсінетін, бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің, қаржылық есеп беруді дайындау мен аудитінің қазіргі заманға сай дағдысы бар білікті бухгалтерлер мен аудиторлардың жеткілікті санын дайындау міндеті тұр.

Бұл ретте бухгалтерлік есепке алу мен есеп берудің сапалы жүйесі экономикалық шешім қабылдаған, атап айтқанда осыған байланысты капиталды инвестициялау және тәуекелдерді талдау бағыттарын анықтаған кезде оны пайдалану мұқтажы және дағдысы бар бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудегі қалыптастырылатын ақпаратқа мүдделі пайдаланушылардың жеткілікті санының болуын қажет етеді. Мүдделі пайдаланушылардың бар болуы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамытудың маңызды алғы шарттарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің Жолдауында төртінші басымдық ретінде қазіргі заманғы білім беруді дамытуды, кадрлардың біліктілігін үздіксіз арттыру мен қайта мамандандыруды және Қазақстан халқының мәдениетін одан әрі гүлдендіруді анықтады.

Қазақстанның нақты бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету мүмкіндігін беретін маңызды аспаптардың бірі қалыптастыру реформасы болып табылады. Осы мақсаттарда экономикалық және қоғамдық жаңғырту мұқтаждықтарына сәйкес келетін қазіргі заманғы білім беру жүйесіне қажеттілік көрсетілді.

Бухгалтерлік есепші жүйесінің ХҚЕС-ға бекітілген принциптеріне көшуі оқыту бағдарламаларын қамтитын мониторинг жүйесін қалыптастыруды жүзеге асыруды, кадрларды, есепке алу қызметкерлерін, экономканың сабақтас саласындағы мамандарды (аудиторларды, қаржыгерлерді) даярлау және қайта даярлау процесіне өзгерістер енгізуді талап етеді. Осыған байланысты білім беруді реформалау шеңберінде білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, орта және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын қайта бағдарлау, бухгалтерлік есепке алуға және бухгалтерлердің түрлі санаттарының аудитіне оқытылатындар үшін  ХҚЕС бойынша оқу-әдістемелік жасақтаудың (ОӘЖ) үлгілік жинақтарын, сондай-ақ кәсіби бухгалтерлер мен аудиторларды ХҚЕС-ты терең зерделеуге және оларды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыруға дайындау бағдарламаларын жаңарту және жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар жүргізу қажет.

Қаралып отырған саладағы кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру процесінің мазмұнын анықтаған кезде, бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есеп беру, аудит мақсаттары үшін шаруашылық өмір фактілерінің мәнділігін (елеулілігін) анықтаған, құндық жағынан өлшеген, саралаған және бағалаған кезде кәсіби пірікдің деңгейін әзірлеуге ерекше назар аударылуы тиіс.

Бухгалтер кәсібі дамуындағы қазіргі заманғы сатыда өзінің кәсіби деңгейін үздіксіз арттырып отыруды талап етеді. Бухгалтер кәсібі соңғы жылдары іскер және кәсіби ортада «кәсіби бухгалтер» атағын алған жаңа терең мағынада білдіріледі. Бұл ретте Халықаралық бухгалтерлер федерациясы ұсынған кәсіби бухгалтерлер рөлін, функциясын және міндетін түсінуден бастау керек. Осындай түсінік қана қазақстандық бухгалтерлік және аудиторлық кәсіпті халықаралық тануды қамтамасыз етеді. Осылайша, қазақстан аудиторы қол қойған қазақстандық бухгалтерлік сертификатты немесе аудиторлық қорытындыны рыноктың толық бағалауына есептеуге болады.

Өзге шаралардың арасында «кәсіби бухгалтер» атағына нақты мағынаны мамандарды аттестаттаудың және олардың біліктілігін арттырудың тиімді жүйесі береді. ХҚЕС-ты терең білмей ХҚЕС-қа ойдағыдай көшу мүмкін еместігін тәжірибе көрсетті. Осыған байланысты Қазақстанда бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі ұйымдарды акредиттеу жүйесін құру мәселесін мемлекеттік деңгейде шешу  «Бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есеп беру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында көзделген. Кәсіби аттестаттау кәсіби жарамдылығын, білімдері мен дағдыларының қазіргі заманғы деңгейін, кәсіптің жағары этикалық нормаларын ұстануды растау құралы түрінде қаралады.

 

5.2. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 
бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібін оңайлату

 

Шаруашылық тетіктегі өзгерістермен және нарықтық институттардың нақты жұмыс істеуімен байланыссыз бухгалтерлік есепке алудағы өзгерістерді жеделдету экономикадағы қаржылық ақпараттың сапасын төмендетуге, ХҚЕС-тың беделін түсіруге, сондай-ақ қаржылық тәртіптің әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін. Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ХҚЕС-қа көшу барлық ұйымдарға қатысты, бірақ бұл ретте неғұрлым сарабдалдық ұстаным қажет. Кешенділігіне және әдістемелік күрделілігіне байланысты ХҚЕС іс жүзінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жарамсыз. Бұдан басқа, соңғы уақытта өзіміз білетін, осы күнге дейін аяқталмаған стандарттардың өздерін белсенді жетілдіру процесі жүріп жатыр (ХҚЕС-қа тұрақты түрде елеулі өзгерістер енгізілуде, оған шағын компаниялардың қадағалап отыруына жағдайы жоқ). Осыған байланысты ХҚЕС-қа сәйкес қаржылық есеп беруді  ірі кәсіпкерлік субъектілері мен көпшілік мүдделі ұйымдар ғана жасағаны орынды.



Қызметі қоғамдық мүддені білдіретін ұйымдар көпшілік мүдделі ұйымдар болып табылады, оларға мыналар жатады:

- қаржылық ұйымдар;

- акционерлік қоғамдар (коммерциялық еместерді қоспағанда);

- жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (жалпы таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдардан басқа);

- жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар ұйымдар (жедел басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда).

Мемлекет басы мен ҚР Үкіметі қойған шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаға сәйкес патент немесе біржолғы талон бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді міндетті түрде бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің толығымен босату және қалған кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есеп беруді жасаудың түрлі тәртібін қолдануы мақсатында санаттар бойынша бөлуді белгілеу қажет.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық есеп беруді жасауды жүзеге асыру үшін былайша бөлу ұйғарылады:

1. шаруашылық қожалығын, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мен оңайлатылған декларацияның негізінде жұмыс істейтін ұйымдарды қоса алғанда, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бухгалтерлік есепке алу барынша оңайлатылған тиісті қаржылық есеп беру стандарты әзірленетін болады;

2. бірінші тармақта көрсетілгенді қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілері, орта кәсіпкерлік және алдағы санатқа кірмеген коммерциялық емес ұйымдар үшін, сондай-ақ орта кәсіпкерлік субъектілері (көпшілік компанияларды қоспағанда) және жедел басқару құқығында негізделген мемлекеттік кәсіпорындар үшін ХҚЕС негізінде әзірленген оңайлатылған ұлттық қаржылық есеп беру стандартын қолдануға болады.

Шағын бизнес үшін ХҚЕС-ты қолдану күрделілігі проблемасын шағын-орта бизнес үшін мамандандырылған стандарт әзірлеумен бірнеше жылдан бері айналысатын ХҚЕСКҚ-да түсінеді. Әмбебап стандарт әзірлеу өте күрделі жұмыс, өйткені шағын кәсіпкерлікке қатысты саясат және тиісінше оларға қойылатын талап әр елде әрқалай. Сонымен қатар, осы стандартты ХҚЕСКҚ қабылдағаннан кейін оның ережелерін бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ұлттық жүйесіне барынша инкорпорациялауға болады.

 

5.3. Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді

реттеу жүйесін өзгерту

 

Бухгалтерлік есепке алуды және есептілікті реттеу жүйесін дамыту барлық мүдделі тараптардың мүддесін ескеретін, шығындардың төмендеуін және реттеудің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін модельді құруға бағытталуы тиіс. Осы модельдің негізі – мемлекеттік билік органдары мен кәсіби қауымдастықтың (кәсіби қоғамдық бірлестіктер мен басқа да мүдделі жұртшылық) қызметтерін саналы түрде үйлестіру.



Қазақстанның бухгалтерлік есепке алу саласының негізгі проблемасы – білікті кадрлардың жетіспеушілігі, қалыптасқан салт-дәстүрі, мықты кәсіби қауымдастығы, мамандандырылған білімді жинақтайтын және тарататын қалыптасқан жүйесі, көпшілік мақұлдаған сертификаттары бар дамыған «бухгалтерия институтының» болмауы.

Қазақстанда кәсіби қауымдастық аталған проблемалардың кейбіреуін шешу бойынша белгілі бір қадамдар жасауда, бірақ кешенділік, жалпы республикалық ауқым жетіспейді. Бухгалтерлік қауымдастықтың қазіргі селқостығы кезінде батыстағы ұқсас жүйенің өздігінен тез дами қоятындығы екіталай. Содықтан бұл мәселені шешу үшін бүкіл жүйенің өзегі болуға және одан әрі қалыптасқан құрылымы болуға тиіс кәсіби ұйымдардың рөлін күшейтуге назар аудара отырып, заңнамалық алғышарттар жасау, бұл процесті жылжыту қажет. Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді қайта ұйымдастыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:

- қолданыстағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеу жүйесіне тұжырымдамалық өзгерістер енгізу;

- бухгалтерлік есепке алу жүйесін қайта құру шеңберінде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру;

- кәсіби қауымдастықтың бухгалтерлік есепке алу саласындағы рөлін арттыру;

- бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша уәкілетті органның кәсіби ұйымдарды және бухгалтерлерді кәсіптік сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу жүйесін енгізу.

Кәсіби қауымдастықтың бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін реттеудегі рөлін күшейту үшін консультативтік-кеңес органы нысанында, ереже негізінде әрекет ететін арнайы органды (Консультативтік органды) құру ұсынылып отыр. Консультативтік органның құрамы мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерін, жеке кәсіпкерліктің, мемлекеттің қатысуы бар ұйымдардың субъектілерін және ғылым қайраткерлерін қоса алғанда, кәсіби қауымдастықтың жоғары білікті, бәріне танымал және беделді өкілдерінен құралуы тиіс.

Қосымша ретінде уәкілетті органның құзыретіне басқа да функциялар кіретін болады:

- қаржылық есеп беру стандарттарын және оның ХҚЕС-пен реттелмеген мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдарын әзірлеу мен бекітуді қамтамасыз ету;

- бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының ХҚЕС-тің талаптарына қайшы келетін жағдайда, Консультативтік орган берген ұсыныстарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді қамтамасыз ету;

- өзге де мемлекеттік органдармен және кәсіптік ұйымдармен бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

- кәсіби ұйымдарды, бухгалтерлерді кәсіптік сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу жүйесін реттеу;

- кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;

- Консультативтік орган туралы ережені бекіту.

Консультативтік органға мынадай құқықтар беріледі:

- уәкілетті органға бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар, қаржылық есеп беру стандарттарын қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды қайта қарау мен әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу;

- бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру.

Өз кезегінде Консультативтік орган:

- Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасының халықаралық стандарттардың талаптарына қайшы келетін тұстарына талдау жасауға;

- бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысуға;

- ұлттық қаржылық есеп беру стандарттарын және оның ХҚЕС-пен реттелмеген мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдарын әзірлеуге қатысуға міндетті болады.

 

 



 

 

 



5.4 Бухгалтерлік есепке алу мен аудитті дамытудың

халықаралық процесіне қатысу

 

Қазақстанның халықаралық стандарттарға бағдарлануы оң әлемдік тәжірибені зерттеуге және оны пайдалануға мәжбүрлейді. Континенттер мен елдердің географиялық жақындығы, тығыз экономикалық байланыстар, шетел компанияларының Қазақстанның инвестициялық қызметіне белсенді қатысуы есепке алу жүйесіне, тұтастай алғанда, жаңадан қарауға мәжбүрлейді. Есепке алу тәжірибесі түрлі елдерде әралуан, бірақ та оның бастауы ортақ және философиясы ортақ және бұл Қазақстанның есепке алу практикасына оң тәжірибе енгізу мақсатында бухгалтерлік есепке алудың және аудиттің маңызды ерекшеліктері мен жаңа бағыттарын зерттеу қажеттілігін растайды. Халықаралық зерттеу көзқарасы жағынан ХҚЕС және ХАС қолданудың әлемдік тәжірибесі бухгалтерлерге, аудиторларға және қызметкерлердің басқа санаттарына қазіргі заман бизнесінің осы немесе өзге операциясын дұрыс бағалауға және тиісінше оң және тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы бағытта уәкілетті орган түрлі елдер тәжірибесін зерттеу жөніндегі жұмысты жалғастыруда, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірқатар халықаралық тәжірибелер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу жоспарлануда.



 

 

 



 

6. Қаржы секторында бухгалтерлік есепке алуды

дамыту проблемлары мен перспективалары

 

Санауды қаржылық ұйымдардың халықаралық рыноктарға шығуы және олар жүргізетін операциялар спектрінің кеңеюі салдарынан 1995 жылдың аяғынан бастайтын қазіргі заманғы бухгалтерлік есепке алу жүйесі осы сатыда оны жетілдіру бойынша белгілі бір іс-шаралар жүргізуді талап етеді. Тұтастай алғанда осы процестің тұрақты сипаты бар, өйткені капиталдардың қазіргі заманғы рыноктары кешенді операциялардың жаңа түрлерін туындатады, бұл бухгалтерлік есепке алу жүйесін үнемі жаңартып отыру қажеттілігіне себепші болады. Республиканың қаржылық секторында бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамытудағы елеулі жетістіктерге қарамастан, тиісті шешімдер қабылдауды талап ететін белгілібір қиындықтар да бар. Қазіргі уақытта бухгалтерлік есепке алуды дамытудағы неғұрлым маңызды мәселелер:



- қаржылық сектор бухгалтерлерінің, ЖОО жас мамандарының біліктілік деңгейін арттыру және сертификатталған бухгалтерлердің санын арттыру қажеттілігі;

- жалпыға қол жетімді оқу, тәжірибе материалдарын және ХҚЕС қолдану мәселелері жөніндегі құжаттаманы көбейту;

- ХҚЕС-да реттелмеген, бірақ тұжырымдамалар мен олар айқындаған принциптер шеңберіндегі қазақстан экономикасының ерекшелігі мен заңнамаға байланысты қаржы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардың белгілі бір спектрларын есепке алуға қатысты талаптарды әзірлеу;

- ХҚЕС бойынша бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді жасауды, қаржылық есеп берудің шынайылығы мен сапасын бақылау жүйесін автоматтандыру деңгейін арттыру, «адамдық фактордың» әсерін болдырмау қажеттілігі болып табылады.

Орын алып отырған проблеманы шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі дәйекті іс-шаралар жоспарын жүргізуді жаспарлап отыр. Бірінші кезекте бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді дамыту осы салада білім алудың қол жетімділігін қамтамасыз етпей және оны жетілдірмей мүмкін емес. Бір жағынан тапсырма ХҚЕС бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің заманға сай дағдысы бар бухгалтерлерді дайындауда болса, екінші жағынан сапалы бухгалтерлік есепке алу жүйесі ХҚЕС бойынша дайындалған қаржылық есеп беру негізінде шешім қабылдай алатын пайдаланушылардың болуын қажет етеді. Осыған байланысты негізгі жұмыс «Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары» тақырыбы бойынша конференциялар, семинарлар және тренингтер өткізу жолымен қаржылық ұйымдар бухгалтерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында да, шет елдегі халықаралық ұйымдарда да (СРА, АССА, СМА) олардың кәсіби сертификатына қатысты мамандарды ынталандыруға және қолдауға  бағытталатын болады. Ұлттық Банк өз кезегінде тиісті мемлекеттік органдармен келісілген қаржылық ұйымдардың кәсібіне қойылатын біліктілік талаптарды үйлестіру саласындағы көзқарастарды әзірлеуге күшін бағыттауды ұйғарып отыр. Сол сияқты басым бағыттардың бірі республиканың жоғарғы оқу орындарының базасында жас мамандарды даярлау, жалпыға қол жетімді телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, таратылатын студенттер үшін де, кәсіби бухгалтерлер үшін де қажетті әдістемелік және оқу материалдарын әзірлеу болып табылатынын атап өту қажет.

Алдағы жылдары дамудағы кейінгі бағыт – ХҚЕС-тың қазақстандық қаржы жүйесінің жағдайларына одан әрі бейімделуін жүргізу. Бүгінгі таңда отандық қаржы жүйесінің серпінді дамуы қазақстандық экономика мен заңнаманың ерекшеліктеріне негізделген ерекшелігі бар бірқатар институттардың туындауына әкеп соқтырды. Мысалдардың бірі ретінде чилилік жүйесі принципінде құрылған және тиісінше ХҚЕС қаржылық есеп беруді жасаудың икемді тұжырымдамалы негіздерінің жиынтығын білдіре отырып, отандық экономиканың жағдайларына тиісті бейімделусіз пайдаланыла алмайтындықтан бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің ерекше рәсімдерін әзірлеуді талап ететін Қазақстанның зейнетақы қорларын атап өтуге болады. Осы тапсырманы шешу үшін экономикасы дамыған түрлі елдердің іс-тәжірибесін, шетелдік қаржылық есеп беру стандарттарын зарделеу жөніндегі бағытта жұмыс жүргізілді, бухгалтерлік есепке алу саласындағы сарапшылармен консультациялар жүргізілді және жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша нормативтік және өзге де құжаттар кешенін әзірлеу жолымен Қазақстанда алынған тәжірибені енгізу мақсатында ұсыныстар мен іс-шаралар жасалды.

Сол сияқты бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есеп беруді жасау бөлігінде ақпараттық жүйелерді автоматтандыру процесі маңызды мәселе болып табылады. ХҚЕС-ті толыққанды енгізу компаниялардың бизнес-жобаларын жан жақты автоматтандырусыз мүмкін емес, ол бастапқы құжаттарды өңдеуді, автоматтандырылған режимдегі негізгі көп еңбекті қажет ететін функцияларды барынша оңтайландыруға және адам факторының қатысуымен байланысты тәуекелдердің пайда болу мүмкіндігіне жол бермеуге жағдай жасайды. Бухгалтерлік есепке алуды автоматтандыру ұйымдарда есепке алу жұмысын жолға қоюға елеулі септігін тигізеді, ақпаратты өңдеу принциптері бейнелі түрде өзгереді, бұл ретте, есепші қызметкерлер деректерді өңдеуге тікелей қатысады. Ұйымдарда бухгалтерлік есепке алуды автоматтандыру мәселесі ең маңызды болып табылады, себебі олардың қызметтерін тұтынушы Қазақстан Республикасының халқы болып табылады. Ұйымдарда бухгалтерлік есепке алуды автоматтандыру процесін іске асыру мақсатында ұйымның автоматтандырылған ақпараттық жүйелерінде енгізілген көмекші бухгалтерлік есепке алу және Бас бухгалтерлік кітабын жүргізуге қойылатын талаптарды жетілдіру жоспарланып отыр.

 

7. Бухгалтерлік есептілік сапасын бақылаудың негізгі аспектісі ретінде аудиторлық қызметті дамыту

 

Бүгінгі таңда Елбасы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөнінде қойған мәселелері шеңберінде Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қажеттілігі көбірек маңызға ие болуда. Белгіленген стратегияны іске асыру үшін экономиканың нақты секторының халықаралық қаржылық есептілік және аудит стандарттарына тездетіп өтуді қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылдануда.



Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оған сәйкес аудиторлық қызмет халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Отандық және әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, аудиторлық қызметтерге мұқтаждық мынадай жағдайларға байланысты туындады:

- осы ақпаратты пайдаланушылармен (меншік иелерімен, инвесторлармен, кредит берушілермен) жанжал болған жағдайда әкімшілік тарапынан дәйексіз ақпарат беру мүмкіндігімен;

- қабылданған шешімдер салдарларының ақпарат сапасына байланыстылығымен;

- ақпаратты тексеру үшін арнайы білімнің болуы қажеттілігімен;

- ақпаратты пайдаланушылардың ақпарат сапасын бағалау үшін оның көздеріне қол жетімділігінің ішінара болмауымен.

Барлық осы алғышарттар тиісті дайындығы, біліктілігі, тәжірибесі және осындай қызмет түрлерін көрсетуге рұқсаты бар тәуелсіз сарапшылар қызметтеріне қоғам мұқтажының пайда болуына алып келді. Бұл, расталған ақпараттың болуы барлық мүдделі нарыққа қатысушылардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және түрлі экономикалық шешімдер салдарларын бағалауға және болжамдауға мүмкіндік беретінімен байланысты.

Аудит Қазақстанда 80-жылдардың соңында пайда болды, дәл сол уақытта аудиторлық ұйымдар өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. Және 1993 жылы аудит «Аудиторлық қызмет туралы» бірінші Заңның қабылдануымен өзінің дүниеге келуін ресми түрде бекітті. Осы уақыт ішінде аудит қаржы нарығы саласында өзінің лайықты орнын тапты, аудит институты ретінде өзінің өмір сүру құқығын дәлелдеді.

Қазіргі уақытта аудиторлық қызметті реттеудің жеткілікті тұтас жүйесі қалыптасты, ол 2006 жылғы 5 мамырда қабылданған өзгерістерімен «Аудиторлық қызмет туралы» 1998 жылғы 20 қарашадағы ҚР Заңын (бұдан әрі - Заң), «Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 маусымдағы Заңын қоса алғанда бірқатар нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ҚР Қаржы министрінің Бұйрығымен бекітілген нормативтік құқықтық актілерді қамтыды. Алайда, осыған қарамастан, аудиторлық кәсіпті жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болып қалады.

Шаруашылық жүргізудің қазіргі жағдайында аудит тапсырыс берушілеріне бухгалтерлік есептіліктің сенімділігін растайтын ресми аудиторлық қорытынды емес, сапалы аудит қажет. Сондықтан, аудиторлық ұйымдардың жұмыс сапасын бақылау туралы мәселе төтенше маңызды.

Осыған байланысты, Концепцияның орта мерзімді перспективаға бағыт алуы аудиторлық қызметтер сапасын бақылауды күшейтуге қатысты және осы үшін негізгі күш білікті аудитті дамытуға жұмсалады.

Заңда аудит сапасын және аудиторлық мамандыққа қоғамдық сенімділікті арттыруға бағытталған шаралар кешені көзделген. Ең алдымен, аудитор мамандығын нығайту, оның өзін-өзі реттеуін дамыту, сондай-ақ аудиторлардың кәсіби біліктілігін арттыру туралы сөз болып отыр.

Жоғарыда көрсетілген мәселелерді іске асыру шеңберінде негізгі назар аудиторларды дайындауға, оларды аттестаттауға және біліктілігін арттыруға, бірінші кезекте, білікті аудитормен расталуы тиіс қаржылық ақпаратты пайдаланушылар мүдделерін қорғауға, сондай-ақ аудит институтының жұмыс істеу негіздерін реттеуге аударылатын болады.

Аудиторлық мамандықты өздігінен реттеуді дамыту қазіргі таңда кәсіби қоғамдастықта белсенді талқылануда. Олар арқылы аудиторлық қызмет сапасына бақылау жүргізілетін өзін өзі реттейтін ұйымдарды нығайту және күшейту туралы мәселе қойылуда. Бірнеше кәсіби ұйымдар құру қажеттілігі туындайды, бұл, мәні жағынан, аудиторлық нарықты одан әрі дамыту үшін иінтірек болады.

Кәсіби ұйымдардың ұйымдар қызметіндегі маңызды нәрсе кәсіби қауымдастықты және қоғамды тұтастай алғанда толғандыратын мәселелер болуы тиіс: корпорациялық басқару, салық салу, халықаралық қаржылық есептілік және аудит стандарттарына тиімді көшу жағдайы. Және осының барлығы өзін-өзі реттейтін кәсіби ұйымдар қызметінің саласына жатқызылуы тиіс. Осы үшін Заңда көптеген кәсіби аудиторлық ұйымдар құру көзделген, олар қолайлы бәсекелес ортаны құрады, бұл, өз кезегінде, кәсіпқойлықтың пропорциялық жағынан өсуіне және аудиторлық қызметтер сапасын арттыруға септігін тигізетін болады.

Аудитор мамандығын дамыту қоғамдық мүдделерге жауап беруі тиіс, онда бұрыш басына тікелей пайдаланушы мүддесін қою қажет және осы мақсатпен аудиторлардың өздерінің мүдделері шегінде оны жабық кеңістікте дамыту мүмкіндігін алып тастау қажет. Аудитор пайдаланушы алып жатқан ақпаратқа сенімді болу үшін жұмыс істейді. Бұл, былайша айтқанда, оның құқығын қорғау, кепілдік беру. Ал өз азаматтары құқығының сақталуына кепілдік беру – мемлекеттің нақты өлшемдер мен ережелерді анықтауы тиіс функциясының дәлі өзі. Егер кәсіби ұйымдар аудиторлардың кәсіби деңгейін тексерсе және жетілдірсе, онда мемлекет олардың заң нормалары мен жалпы ережелерді сақтауына жауапты. Мемлекеттік қадағалау осы үшін де қажет.

Бұл мәселенің жеткілікті үлкен мәні Қазақстан үшін ғана бар емес, ол әлемнің көптеген жетекші елдерінде маңызды түрде теориялық та, практикалық та жағынан дамыды. Аудиторлық тексеру нәтижелері көптеген экономикалық шешімдер негізі болып табылғандықтан, аудиторлық қызмет барлық елдерде жеткілікті дәрежеде қатаң реттеледі. Жақында АҚШ-та болған оқиғалар көрсеткендей, аудиторлық ұйымдардың қызметіне қатысты мемлекет тарапынан жеткіліксіз бақылау қор нарығының күйзелуіне әкеп соқтыра жаздады және бірқатар жетекші американ компанияларының акционерлеріне миллиардтаған залал келтірді.

Аудит жүйесін жетілдіру үшін орта мерзімді перспективаға арналған негізгі бағыттар:

- орта және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына ХАС оқытуды енгізу және оларды тәжірибеде пайдалану білу;

- кәсіби аудиторлық ұйымдармен аккредиттелген практикадан өтетін аудиторлардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту және жетілдіру;

- аудиторлық қызмет мәселелері бойынша заңнаманың сақталуын мемлекеттік қадағалаудың тиімді жүйесі.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, брифингтер, «дөңгелек үстелдер» өткізу арқылы аудиторлық мамандықтың мәртебесін арттыру жөнінде жұмыс жүргізу қажет. Ұқсас іс-шаралар жастарды қызықтыруға тартуға мүмкіндік береді, себебі қазіргі уақытта аудиторлық қызметтерді талап дүркін-дүркін өсуде, бұл тиісті персоналды іріктеудің кадрлық мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Аудитті жетілдіру жөнінде сипатталған шаралар аудиторлық кәсіпті одан әрі үдемелі дамытуға негіз құрайды. Бұл ретте, мемлекет тарапынан салмақты көзқарас мемлекет пен аудиторлық қауымдастық өзара іс-әрекеттерінде де, аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымдардың өздерінің арасындаға өзара іс-әрекеттерінде де қажет тепе-теңдік деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, олар аудиторлық қызметті реттеу процесінетартылатын болады, бұл Қазақстан Республикасында аудиторлық мамандықты одан әрі оң дамытуға қызмет етеді.

 

8. Мемлекеттік сектордың бухгалтерлік есепке алуын реформалау

 

Мемлекеттік сектордың бухгалтерлік есепке алуын реформалау ел Президенті белгілеген – мемлекет активтерін басқарудың айқын және ашық жүйесін құру міндеттерінің бірін орындау мүмкіндігімен байланысты объективті қажеттілік болып табылады.



Қазақстанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінен басқа мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алу мен есеп беру жүйелерін мемлекеттік реттеуді уәкілетті орган жүзеге асырады. Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алу мемориалдық-ордерлік нысан бойынша жүзеге асырылады, операция жасаған факті бекітетін бастапқы құжаттарға негізделген. Бухгалтерлік есепке алу деректері мемлекеттік мекемелер есептілігін жасаудың негізі болып табылады.

Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын (бұдан әрі - ҚСХҚЕС) үйрену және оларды мемлекеттік мекемелерде енгізу мүмкіндіктері мен тәсілдерін талдау мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерінің балансын жасауға, елдің қаржы ресурстарын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Он жылдан астам уақыт жалғасын тапқан Қазақстанның шаруашылық жүргізу субъектілерінде ХҚЕС енгізу практикасын назарға ала отырып, ҚСХҚЕС-ке көшу бойынша мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу жүйесін реформалауды кезең-кезеңімен жүргізу орынды болып табылады.

Бірінші кезеңде мемлекет активтері мен міндеттемелері балансының әдістемесін әзірлеу шеңберінде мемлекеттік сектор үшін қаржылық есеп беру стандарттарын әзірлеу не мемлекеттік сектор үшін халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын енгізу мүмкіндігіне бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша бюджет заңнамасына талдау жүргізу қажет.

Қойылған мәселелерге қол жеткізу үшін мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

- халықаралық тәжірибеде ҚСХҚЕС енгізу және пайдалану жөнінде ең жақсы тәжірибені үйрену;

- ҚСХҚЕС талаптарына сәйкес келуіне бюджет заңнамасына талдау жүргізу;

- Қазақстанның мемлекеттік секторы үшін қолданылатын әдісті анықтау, себебі ҚСХҚЕС кассалық әдісті және есептеу әдісін көздейді;

- ҚСХҚЕС-ке көшу шеңберінде білікті кадрларды оқыту және дайындау;

- ҚСХҚЕС-ке көшу жөнінде нормативтік-құқықтық қор әзірлеу.

 

9. Қорытыңды

 

Бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамыту өсіп және серпінді дамып келе жатқан мемлекет құруға маңызды жағдай болып табылады. Тұжырымдамада берілген орта мерзімді перспективаға арналған даму жөніндегі негізгі бағыттар бухгалтерлік және аудиторлық мамандықты одан әрі ұдайы қалыптастыру үшін негіз жасайды. Қазақстан нарығы мен қоғамды тұтастай дәйекті және сенімді қаржылық ақпаратпен қамтамасыз ететін кәсіп. Экономика және қоғам игілігіне жұмыс істейтін кәсіп. Концепцияны іске асыру қазақстан ұйымдарына халықаралық нарық мүмкіндігін толық шамада кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді, осылайша ол өзінің бәсекеге қабілеттілігін артады, бұл Қазақстанның ДСҰ-ға кіру қарсанында аса өзекті болып отыр.



 

 

 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет