Тақырыптың маңыздылығы. Токсоплазмоз - убиквитарлы ауру: барлық климаттық аймақтардан Қиыр Солтүстікке дейін кездеседі. Адамдардың токсоплазмозбен залалдануы 5-90%. Аурудың субклиникалық түрлері жиі кездеседі, ал клиникалық көріністері бойынша ауруға полиморфизм тән. Оның полиморфизіміне байланысты басқа ұқсас аурулармен салытыруға тура келеді. Маңызды мәселе болып туа пайда болған токсоплазмоз саналады.
Тарихи мәліметтері.Токсоплазманы алғашқы рет 1908 жылы Тунисте француз ғалымдары Ш.Николь мен А.Мансо африкалық Ctenodactylus gondіі дейтін кеміргіштің (сондықтан паразиттың аты - toxoplasma gondіі) және Ф.Сплендоре Бразилияда қояндардың организмінен тапқан. 1930 жылы Д.Н.Засухин мен Н.А.Гайский токсоплазмаларды сарышұнақтардың организмінен тапқан. Олар ең бірінші болып бұл инвазияның табиғи-ошақтылығы туралы болжам айтып, кейіннен оны дәлелдеді.
Этиологиясы. Қоздырғышы – Toxoplasma gondіі, қарапайымдылардың споралылар класына жататын облигатты жасушаішілік паразит, морфологиясы жарты ай немесе созыңқы апельсин үлесшесіне ұқсас болады (toxo – грекше арка деген сөз). Бір шеті үшкірленген, екіншісі – жұмырланған, ұзындығы – 4-7 мкм. Цитоплазмасы Романовский-Гимза әдісімен ашық көк түске, ядросы - қызыл-күлгін түске боялады. Токсоплазмалар барлық сүтқоректілердің эритроциттерінен басқа жасушалардың бәрінің ішінде өсіп-өніп көбейеді, тіндерде аурудың жіті кезінде табылады. Вегетативтік түрінің (трофозоиттардың) бір жасуша ішінде шоғырлануын жалған циста (псевдоциста) дейді. Тіндерде (мидың, көздің, бұлшық еттің т.б.) токсоплазмалар тығыз қабаттан қоршалған нағыз цисталар құрайды. Олар сыртқы ортада төзімді болады.