Клиникалық тәжірибедегі фармакогенетикалық зерттеулер
Қазіргі таңда полимеразды шынжырлы реакция әдісі пайда болғаннан бері науқастардағы полиморфты маркерларды анықтау мүмкіндігі жоғарылады (фармакогенетикалық зерттеу). Фармакогенетикалық зерттеу ДЗ енгізгеннен кейін дамитын фармакологиялық жауапты болжауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда геннің аллелді түрлерінің анықталуы емді коррекциялап (мөлшерін, енгізу жиілігін, ағзаға енгізу жолын, басқа ДЗ ауыстыру), емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін қажет. Барлық дамыған елдерде ДЗ фармакодинамикасы мен фармакокинетикасына жауапты гендерді зерттеу клиникалық тәжірибеге енгізілуде.
Фармакогеномика – фармакологиялық жауаптың өзгеруіне жауапты генетикалық өзгерістерді анықтайтын клиникалық фармакологияның жаңа саласы. Фармакокинетикалық полиморфизмнің фармакокинетикалық және фармакодинамикалық түрлері бар. Фармакокинетикалық полиморфизмге ДЗ сіңірілуі, таралуы, ағзадан шығарылуына жауапты биотрансформация ферменттері мен транспортер гендерін кодтайтын гендер жатады. Мысалы, бүгінгі таңда ДЗ метаболизіміне жауапты ферменттердің синтезі мен қызметін бақылайтын гендердің маңыздылығы анықталуда, атап айтсақ, цитохром Р450 изоферменттері (CYP2D6, CYP2С9, CYP2С19) және биотрансформацияның ІІ фазасына жауапты ферменттер (N–ацетилтрансфераза, уридиндифосфат глюкуронилтрансфераза, глутатион SH-S-трансфераза және т.б.). Фармакодинамикалық полиморфизмге ДЗ нысана молекулаларын кодтайтын гендер (рецепторлар, ферменттер, ионды каналдар) жатады. Фармакогенетикалық зерттеулер принципінің негізінде белгілі бір гендердің аллелді түрлерін анықтау жатыр. Бұл зерттеулерді қолдану фармакологиялық жауапты болжап, фармакотерапияның тактикасын анықтап, коррекциялауға мүмкіндік береді.
Клиникалық тәжірибеде фармакогенетикалық зерттеулерді төменде аталған жағдайларда жүргізеді:
жанама әсердің даму қаупі жоғары науқастарда;
терапевтік диапазоны тар ДЗ тағайындар алдында;
жанама әсерлері көп ДЗ тағайындар алдында;
ДЗ ұзақ уақытқа тағайындар алдында.
Достарыңызбен бөлісу: |