2.1. АСҚАЗАН ЖӘНЕ ҰЛТАБАР ІШЕГІНІҢ ОЙЫҚ ЖАРАЛЫ АУРУЛАРЫ
Қазіргі уақытта аталған мүшелердің ойық жаралы ауруларымен ауыратын адамдар өткен 50-100 жылдардығыдан жиі кездеседі. Егер 1914 ж. дейін ойық жарамен науқастар барлық терапевтік аурулардың 0,07% құраса, 1920 ж. 12%-не жетті. Бұл тек ауру диагнозын анықтаудың жақсарғандығымен емес ойық жаралы аурулардың шынайы көбейгендігімен байланысты.
Ойық жаралы ауруларды зерттеудің алғашқы кезеңінде Крювелье, Рокитанский, Вирхов морфологиялық зерттеумен ойық жараның құрылысын, пайда болатын орындарын анықтады.
Екінші кезең Клод Бернардың жануарларға жасалған тәжірибесінен басталады. Қарын фистуласына тірі бақаның аяғын енгізумен ол қарын шырыны қышқылының бақа аяғын ерітіп жіберетіндігін дәлелдейді де қарын ойық жарасын пептикалы ойық жара деп атайды.
Лейбе - «жара пайда болуы үшін қарыннан бос қышқылы көп шырын шығуы қажет» деп жазды. XIX- ғасырдың аяғында хирургиялық техниканың дамуы, рентген сәулесінің ашылуы ойық жаралы ауруларды операциямен емдеуге жол ашты. Бұл үшінші кезең болып саналады. Хирургтар операциямен «ішкі аптека» ашуға тырысады. Бұл үшін гастроэнтеростомия, одан соң резекция операциялары ұсынылады.
1905 ж. Мойниген ойық жараның тек қарында емес ұлтабар ішегінде де жиі орналасатындығын дәлелдейді. Оған дейін ұлтабар жарасы өте сирек (1:45) кездеседі деп есептелген. Сонымен, үшінші кезеңде ойық жараның қарын мен қатар ұлтабарда, ащы ішекте, өңеште кездесетіндігі дәлелденеді.
Асқазанның ойық жаралы ауруы туралы ілімнің IV- кезеңі 1914-22 жж. басталады. Бұл кезеңде халықтың соғысқа байланысты ауыр жағдайы аурудың жиіленуімен ерекшеленді.
Ақырғы кезең синтетикалық деп аталады. Бұл кезеңде (И.Т.Курцин және К.М. Быков) жүйкелік рефлекторлы теория негізінде аурудың патогенезін, басталу, даму механизімін анықтау шаралары жүргізілді.
Ауруды анықтауда ең маңызды хабарлар науқастың субъективті сезімінен алынады. Бұл үшін анамнез өте толық анықталуы тиіс. Мойнингенше- «ауруды 45 минут сұрап 15 минут қарау қажет».
Қарындағы ауырсыну сезімі ойық жараның ерте және негізгі көрінісі болып саналады. Ауыру тағам қабылдауға және оның сапасына байланысты. Қара нан, көкөністер, ет ауыруды күшейтеді.
Ауырудың пайда болатын мезгіліне байланысты оның-ерте, кешіккен, түнгі және ашыққандағы түрлерін бөледі.
Ерте ауыру деп тағам қабылдағаннан кейін 0,5-1 сағатта басталатын ауыру сезімін атайды.
Кешіккен ауыру 3-5 сағаттан соң, ашыққандағы ауыру тағам қабылдағаннан ұзақ уақытта аш қарында басталады. Бұндай науқастар ауыруды басу үшін тағам
қабылдайды. Сүт ішеді, қант сорады. Кейбіреулер әр қашанда қалтасында кептірілген нан сақтайды. Түнгіауырсынуға қарсы керует жанына тағам, сүт қоятын науқастар да кездеседі.
Ойық жараның ауыруы қысқан, бұраған, күйдірген сияқты сезімдер береді. Ауыру сезімі жараның орналасқан жеріне сәйкес. Іштің оң бөлшегіндегі ауыру ұлтабар ішегінің және пилорустың жарасында, төс шеміршегі астының ауыруы кардиальды ойық жарасында байқалады.
Іштің сол бөлшегінің ауыруы қарынның кіші иіннің ойық жарасында байқалады.
Кейде ауыру сезімі арқаға, сол иыққа беріледі. Бұндай иррадиация жараның ұйқы безіне дарығандығын (пенетрация) дәлелдейді.
Іші жарасы қатты ауырған науқас ішін қолдарымен басып бір қырындап жатады немесе ішін столдың жиегіне басып отырады.
Іш ауырсынуы ауыр жұмыстан, жол жүргеннен соң, жағдайсыз, сапасыз тағамдар ішкенде, көп тағамдар қабылдағанда күшейе түседі.
Ойық жараның ауру-сырқаулық көктемде және күзде күшейеді. Көктемде витаминдер кемістігі әсер етсе, күзде- шикі көкөністер мен жеміс-жидектерді қабылдау.
Бұнымен қатар ойық жаралы аурулар кейде басылып, біраз үақыттан соң қайта басталып тұрады. Бұны жарық кезең деп атайды. Жарық кезең аурудың күшейуімен алмасады.
Асқазанның ойық жаралы ауруының екінші негізгі симптомы - құсу. Құсу ауыруда сирек байқалады. Қарын ойық жарасымен ауыратындардың 68% кездессе, ұлтабар ішегінің ойық жарасында құсық аурулардың 53%-де байқалады. Құсық ауыру сезімін басып науқастың жағдайын жеңілдетеді. Сондықтан кейбір науқастар әдейі құсық шақырады. Саусағын ауызға тығып, жұтқыншақты қоздырады. Құсықтың көптеген түрлері белгілі. Құсықта бұрын қабылданылған тағам қалдығы бар ащы дәмді, көп мөлшерлі. Бұл қарынның моторикасының нашарланғандығын немесе пилорустың тарылғанын дәлелдейді. Құсықтан соң ауру тістерінің қажалуын сезеді.
Қанды құсық ойық жаралы аурудың тұрақты симптомдарына жатпайды. Қарын ойық жарасынан аққан қан құсықпен шығады немесе ішекке жиналады. Бұл жағдайда дәрет сұйық, қара түсті болады да «мелена симптомы» деп аталады.
Егер ішекке төгілген қанның мөлшері аз болса жасырын қан ағуы байқалады. Бұл симптом тек лабораториялық зерттеумен анықталады.
Кейбір ауруларда «содофагия» симптомы кездеседі (ауру жиі және көп сода ішеді). Сода қарын сөлінің қышқылдылығын бейтараптандырып асқазанның ауыруын, қыжылдауын бәсеңдетеді.
Қыжылдау аурулардың 60-80%- де кездеседі. Ауамен, тағам қалдығымен кекіру, сілекейдің көп шығуы байқалады.
Әрқашан тәбет жақсы, бірақ, тағам қабылдағаннан соң іш ауыруының күшейетіндігінен аурулар тамақ ішуден сақтанады, қаймығады.
Бұл асқазан ойық жарасын қарын рагінен айыруға көмектеседі. Қатерлі ісікпен науқастардың тәбеті нашар және олардың кейбір тағамдарға көңілі шаппайды, жеркенді.
Ауруларда әр дайым іш кебуі байқалады. Бұл қарын қышқылының жоғарылығымен байланысты болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |