9-бап. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар Айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы,
жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және
олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еңбек саласындағы
ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.
10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері 1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де
қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен
реттеледі.
2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының,
жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда
жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға
тиіс.
3. Келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының талаптары біржақты тәртіппен
өзгертілмейді.