21-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері 1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек
қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек
шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің
актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасасу алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкілеттік берілген органдардың
белгіленген квота есебімен жұмысқа жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
3. Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастары осы Кодекске,
Қазақстан Республикасының заңдарына, құрылтай құжаттарына және еңбек шартына сәйкес
жүзеге асырылады.