Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi 1-бап



бет4/200
Дата19.09.2022
өлшемі1,9 Mb.
#149872
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   200
Байланысты:
КОДЕКС КЫЛМЫСТЫК

45-бап. Қамаққа алу

1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді. 

2. Қамаққа алу он тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады. 

3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге тағайындалмайды. 

4. Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді. 

5. Жазаны ауыстыру кезінде қамаққа алу мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін. 

Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
46-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы оны қоғамнан оқшаулаудан тұрады. 

2. Бас бостандығынан айыруға сотталған, үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне орналастырылады. 

3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру – алты айдан он бес жылға дейiнгі, ал аса ауыр қылмыстары үшiн жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыру мерзімі он жылдан аспайды. Айыппұл салуды, түзеу жұмыстарын, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстырған жағдайда ол алты айға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды тағайындаған кезде бас бостандығынан айыру мерзiмдерiн iшiнара немесе толық қосқан жағдайда және осы Кодекстің 47-бабының бесінші бөлігінде, 71-бабының бесінші бөлігінде және 77-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларда бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмi – жиырма бес жылдан, ал үкiмдердiң жиынтығы бойынша отыз жылдан аспауға тиіс. 

4. Өмір бойына бас бостандығынан айыру – аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды. Өмір бойына бас бостандығынан айыру кешірім жасау тәртібімен белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. 

5. Бас бостандығынан айыруды: 

1) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде: абайсызда жасаған қылмыстары үшiн сотталған адамдарға; осы Кодекстің 7, 8, 9, 12 және 13-тарауларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарға; қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда, осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған адамдарға; қасақана қылмыс жасағаны үшiн екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған, алғаш рет сотталған адамдарға; 

2) қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде: қасақана онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар жасағаны үшiн екі жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған, бұрын бас бостандығынан айыруды өтемеген адамдарға; аса ауыр қылмыс жасаған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезінде әйелдерге; айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдарға; 

3) қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде: аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған еркектерге; осы Кодекстің 7, 8, 9, 12 және 13-тарауларында көзделген, күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталған адамдарды, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда, осы Кодекстің 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға сотталған, қасақана қылмыс жасағаны үшін бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген адамдарға; қылмыстардың қайталануы кезінде сотталған еркектерге; қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде – әйелдерге; 

4) қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға – қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалады. 

Үкімдер жиынтығы кезінде бас бостандығынан айыруды өтеу үшін жиынтыққа кіретін үкімдердің бірінде белгіленген мекеменің неғұрлым қатаң түрі айқындалады.

6. Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмді қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалуы мүмкiн. 

7. Үкiммен тағайындалған мекеменiң түрін өзгертудi сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 96-бабына сәйкес жүргiзедi. 

Ескерту. 46-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
47-бап. Өлiм жазасы

1. Өлім жазасы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі.

2. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды.

3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.

4. Өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезінен бастап ерте дегенде бiр жыл өткеннен кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.

5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде жазасын өтей отырып ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда, мораторий енгізілгенге дейін олардың өтінішхат бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 84-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
48-бап. Мүлiктi тәркiлеу

1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.

2. Тәркілеуге мынадай:

1) заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен табыстарды қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;

2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған;

3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған;

4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын;

5) осы бөліктің 1), 2), 3) және 4) тармақтарында көрсетілген, сотталған адам басқа тұлғалардың меншігіне берген ақша және өзге де мүлік жатады.

3. Егер осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.

4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бөлімінде көзделген жағдайларда мүлікті тәркілеу соттың шешімі бойынша қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қолданылуы мүмкін.

5. Мыналар:

1) қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген тізбеге сәйкес сотталған адамға немесе оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік;

2) егер олар осы Заңда қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынса, "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік тәркіленуге жатпайды.

Осы баптың бесінші бөлігі екінші тармағының ережелері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қолданылмайды, сондай-ақ жария етуге жатпаған, жария етілген мүлікке және ақшаға қолданылмайды.

Ескерту. 48-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 400-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру

1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.
50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру
1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады. 

2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді. 

Осы Кодекстің 238-бабының екінші бөлігінде, 239-бабының екінші бөлігінде, 250-бабының екінші бөлігінде көзделген, қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушы (ірі акционер) – жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) – заңды тұлғаның басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, оның ішінде осы Кодекстің 239-бабының екінші бөлігінде көзделген қаржы ұйымының басқару органының немесе атқарушы органының функцияларын уақытша не арнайы өкілеттік бойынша орындайтын тұлғалар жасаған, экономикалық қызмет саласындағы және қаржы ұйымдарындағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру бес жылдан қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға өмір бойына тыйым салу белгіленгенге дейінгі мерзімге белгіленеді. 

Осы Кодекстің 120-бабының 3-1, 3-2 және төртінші бөліктерінде, 121-бабының 3-1, 3-2 және төртінші бөліктерінде, 122-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 124-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 132-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 133-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 134-бабының төртінші бөлігінің 2) тармағында және 312-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады. 

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады. 

Осы Кодекстің 345-1-бабының төртінші бөлігінде және 346-бабында көзделген көліктік қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру көлік құралын басқару құқығына өмір бойына тыйым салудан тұрады. 

3. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, егер сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкiн. 

4. Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негiзгi жазаны өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл ретте оның мерзiмi бас бостандығынан айыру, қамаққа алу өтелген кезден бастап есептеледi. Жазаның басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiмнің заңды күшiне енген кезінен бастап есептеледi. 

Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   200




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет