III ТАРАУ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және оның лауазымды адамдарының құзыретi 17-бап. Конституциялық Кеңестiң құзыретi
1. Конституциялық Кеңес дау туған жағдайда Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес:
1) Республика Президентi сайлауының;
2) Парламент депутаттары сайлауының;
3) республикалық референдумның дұрыс өткiзiлгендігi туралы мәселенi шешедi.
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1), 3) тармақшаларына сәйкес:
1) Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін;
2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;
3) Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарайды.
3.Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 4)-5)-тармақшаларына сәйкес:
1) Конституция нормаларына ресми түсiндiрме;
2) Парламент тиiсiнше республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы шешiм, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн - белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.
4. Конституциялық Кеңес:
1) егер сот Конституцияның 78-бабына сәйкес қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп қараса, Конституцияның 72-бабы 2-тармағына сәйкес соттардың актiнi конституциялық емес деп тану туралы өтiнiштерiн қарайды;
2) Конституцияның 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес конституциялық iс жүргiзу практикасын қорыту нәтижелерi бойынша жыл сайын Парламентке Республикадағы конституциялық заңдылықтың жайы туралы жолдау жiбередi.
18-бап. Конституциялық Кеңестiң өзге де өкiлеттiктерi
Конституциялық Кеңес:
1) құзыретi шегiнде барлық мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттар, материалдар мен өзге де ақпараттар сұратуға және алуға, сондай-ақ белгiленген тәртiппен сарапшылық және ғылыми-консультациялық жұмысқа мамандар тартуға хақылы;
2) Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы өтiнiш жасайды және осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
19-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы:
1) Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылдаған мәселелердi қарауға даярлықты басқарады;
2) Конституциялық Кеңестiң отырысын шақырады, iс жүргiзуге қабылданған мәселелердi олардың қарауына енгiзедi және Конституциялық Кеңестiң отырыстарында төрағалық етедi;
3) Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң мiндеттерiн бөледi, Конституциялық Кеңес мүшелерi мен оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;
4) отырыс өткiзудi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды белгiлейдi;
5) Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы Конституциялық Кеңестiң жолдауын жария етедi;
6) Республика Президентiнiң талап етуi бойынша оған елдегi конституциялық заңдылықтың жайы туралы ақпаратты табыс етедi;
7) Конституциялық Кеңес отырыстарының шешiмдерi мен хаттамаларына қол қояды;
8) Конституциялық Кеңестiң бекiтуiне оның регламентiн табыс етедi;
9) Конституциялық Кеңестiң аппараты туралы Ереженi, бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде - Конституциялық Кеңес аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi;
10) Конституциялық Кеңес аппараты қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) осы Конституциялық заңға және Конституциялық Кеңес регламентiне сәйкес өзге де өкiлеттiктi жүзеге асырады.
2. Өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Конституциялық Кеңестiң Төрағасы бұйрықтар мен өкiмдер шығарады.