Қазақстан Республикасының Президенті — Қазақстан Республикасының мемлекеттік басшысы және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртүтас жүйесін басқарушысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға; сондай-ақ республика азаматтарының құқығы мен бостандықтарының, Конституциясы мен заңдарының сақталуына кепіл болады; ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады.
Балалық шағы
1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келеді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қояды.
Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналған. Жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдіреді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».
Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады.
Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келген.
Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болған. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлеген. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болған.
Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келген.
Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болған.
Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.
Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалған. Тату отбасы, бауырлар, әке-шешесі айтқан әндер... Алатаудың әсем ақбас шыңдары, баланы еліктіретін ойындар. Оның қатарластарының бәрінің балалық шағы осылай өтті.
Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.
Оның балалық шағы ауыртпалығы мол соғыс және соғыстан соңғы жылдармен тұстас келді. Ел алапат соғыстан кейін қайта еңсе тіктеп жатқан еді, ең қажетті нәрселер жетіспеді, адамдар үнемі ашқұрсақ болатын.
Жасөспірім шағы Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды.
Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.
Кейінірек оның әулетінде әйгілі адамдар болғаны анықталғанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан өзін халық арасынан шыққан, халыққа жан-тәнімен жақын адам деп есептейді және қазір де солай .Халықтың дәстүрлі танымы мен жаңа индустриялық дүниетаным оның жан-дүниесінде үйлесе тоғысты.
Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ. Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.
Жас Назарбаев өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінді.
Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.
Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылды. Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты. Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.
Жастық шағыТеміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаевта қатысты. Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды. Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен жазғандай: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім»-деген. Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді. Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді. Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.
Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты. Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.Осылайша болашақ Елбасы көптеген қызметтерде болып, көптеген қиын кезеңдерден өтіп ,барша жұмыстарын орасан зор беделмен атқарды. Жас Назарбаев соның бәрін басынан өткеріп, бәрін жеңе білді, өте жақсы білім алып, «от-жалынды» мамандықты игеріп, азамат қатарына қосылды. Елмен жұмыс жүргізетін басшылық қызметтерге сатылап жоғарылады. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болды.
Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты тек «халық арасынан шықты» деп айту аз. Ол халықтың өз қанынан жаралған бір бөлшегі болатын және солай болып қала береді, сонымен қатар ол бұрын-соңды қазақ жерінде туған ең дара ұлдарының бірі екені сөзсіз. Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78%-ы жақтап дауыс берді. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Сондай-ақ 1991 жылдың 25 қазанында Президенттің Жарлықтарымен Қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Оған дейін Президент «Одаққа бағынған мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды ҚКСР иелігіне ауыстыру туралы» және «ҚКСР-ның алмас және алтын қорын құру туралы» Жарлық шығарды. Қысқасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің іргетасы осылай қаланды.
10 желтоқсан күні Алматыдағы Республика сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың көпэтносты халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың еркіндігі мен құқықтарын кепілдендіруге, Қазақстан Республикасының Президентіне жүктелген міндеттерді адал орындауға ант берді. Одан кейінгі мемлекет құрылысының табысты жылдары Мемлекет басшысының 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан халқына берген антын тұтастай және толық орындағанын көрсетті.
Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі сол күні-ақ Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Еліміз бүгінде бүкіл әлемге танымал жаңа атқа ие болды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті.
Рас, содан берігі елдің іргесі сөгілген жоқ. Ұлтаралық татулыққа селкеу түспеді. Яғни Конституциялық заңның дер кезінде қабылдануы Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен шекараны реттеуге ықпал етті. заң Еуразиялық кеңістікте тұрақтылық пен серіктестік, сенім саясаты негіздерін қалыптастырды.
- Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы Президенттің қызметімен тікелей байланысты. Яғни Ұлт Көшбасшысының ғылыми, саяси ізденістерімен байланысты десек - қателеспейміз. Бұл - ақиқат. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, 1993 жылы «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы» деген еңбек жазды. Сонда «Қазақстан құқықтық демократиялық мемлекетке айналуы үшін қандай қадамдарға бару керек, экономиканы дамыту үшін қандай міндеттерді атқару керек, нарықтық қатынастарды қалай қалыптастыру қажет, Қазақстанның мемлекеттік мүддесі дегеніміз не?» деген сауалдарға жауап береді.Сондай-ақ осы аталған міндеттемелерді қалай атқарылуы керектігі көрсетілген. Міне, сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ, яғни 1993 жылы Президент Қазақстан дамуының басты бағдарын анықтап берді. Одан кейін 1997 жылы «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасы жасалды. Онда еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халықтың әл-ауқаты, бәрі-бәрі қамтылған.
Бұдан тыс, сыртқы саясатқа келетін болсақ, Елбасының бұл салада да үлесі сүбелі. Еңбегі ерен. ТМД-ның негізін салуға, осы аяда өмір сүріп жатқан тәуелсіз мемлекеттердің бостандығы баянды болуына, елдер арасында достық пейілдегі жақсы қарым-қатынас орнауына ерекше тер төкті. Саяси, экономикалық, мәдени интеграция құруға арналған көптеген бастама-жобалардың авторы болды. Мәселен, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кеден одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, т.б. атауға ие болады.
Сөз жоқ, үлкен саясаткер, әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға. Еуропаның қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың беделінің арқасы. Әлем Қазақстанды Елбасының арқасында таныды, мойындады. Елбасы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Айтқаны келді. Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің керемет сәулетшісі.
Қас-қағым сәтте Президент туды тұғырына берік қадап, ырғап-ырғап қатайтып бекітті.
Міне, содан бері тәуелсіздік туын шайқалтпай, берік ұстап, көк Байрағымыз әлемдік тулардың қасында қатар желбіреп тұр. Аз уақытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазақстан Президентінің ұсыныстары жаңа әлемдік тәртіпті орнықтырудың көзіне айналды. Осылай қазақ халқының етектегі басы төрге шықты. Н.Назарбаев жаһандық саясаттың мінберінен сөз алды. Дауысы Алатаудан асып, Сарыарқадан шығып, кәрі Каспийден өтіп, Алтайды айналып, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бір-ақ шықты. Ғасырға бергісіз қас-қағым жылдар ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті кәрі Еуропа да, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ та, көрші Ресей мен Қытай да мойындап, стратегиялық әріптестікке қол қойды.
Қазақтың шекарасы айқындалып, ол Ресей, Қытай, Өзбек елі Парламентінде тиісті ратификациядан өтті, заңды құжатқа айналды.
Әлем жаңа Қазақ мемлекетін, оның Президентін осылай мойындады.
Қазақстанның жаһандық саяси додада шешуші дауысы бар. Әлем лидерлері Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың уәлі сөзін де тосатын, кесімді пікірімен санасатын, айғақ ойына келісетін болды.
Бұл - Н.Назарбаевтың ғана таққа отыруы емес, қазақтың таққа отырғаны
Н.Назарбаев экономиканың даму үрдістерін тани білетін және ондағы Қазақстанның орнын айғақтаған саясаткер ғана емес, ғалым екендігін мойындатты. Нарықтық қатынастарға бейімделген «Назарбаев моделін» жүзеге асырды. Осылай қысқа мерзім ішінде Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан үш елдің қатарына енді
- Терезесі тең, керегесі кең - өркениетті Қазақстан!
Ауылы мен қаласы қатар өскен - қуатты Қазақстан! Бүгінде Қазақстан кемел ел, ынтымағы жарасқан мемлекетке айналды. Тарихта жеке адамның рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Н.Назарбаев уақытын безбендеп, заманын таныған, болашақты болжаған ірі саясаткер.
Елдің басшысы қандай болса, халқы сондай.
Н.Назарбаев - елі еріне, ері еліне сенген ұлы тұлға!
Кербұлақ аудандық мәслихатының хатшысы Бөкен Қабиұлы Рысбековтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне арналған баяндамасы
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |