Бесінші. Ұлттық интеллигенцияның рөлі
Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.
Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие.
2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс.
Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек.
(1) Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс.
Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек.
(2) Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс.
(3) Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек.
Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.
Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы.
Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді.
Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз.
Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық.
Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз.
Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшінпарыз және абырой.
Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық.
Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.
Алтыншы. ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін
Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.
Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.
Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.
Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.
Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек.
Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер.
Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз.
Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.
Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.
Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.
Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.
Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.
Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.
***
Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсыбіртұтас шеп құруға тиіс.
Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде.
Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек.
Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.
Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.
Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі.
· Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Біз терроризмге қарсы заңдарды да жетілдіруге тиіспіз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнің жолын кесу керек.
· Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет.
· Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек.
· Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгімелесу алаңының базасында діни ыңғайдағы дауларды шешудің жаңа платформасын жасауымыз қажет.
· Біз діни және этностық дауларды шешу үшін аймақтағы ыстық нүктелерде, Үлкен Таяу Шығыс аясында, тіпті одан да ауқымды деңгейде араағайындық жасауға дайын болуымыз керек.
Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.
Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс.
Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырамын.
Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс.
Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек.
Құрметті қазақстандықтар!
Менің отандастарым!
Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.
Ел алдында ірі мәселелер тұр. Мен біздің табысты болатынымызға сенімдімін.
Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін?
Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.
Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.
Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.
Мен біздің дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға сенемін және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.
Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады.
Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз.
Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз.
***
Қымбатты отандастар!
«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.
Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.
Үдеудің сыры – бірлікте,
Жүдеудің сыры – алауыздықта.
Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.
Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.
Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін.
Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.
Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек.
Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты.
Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.
Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы.
Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.
Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.
Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.
Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз«Мәңгілік Ел» боламыз.
Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!
Алдымен, алдыңғы толқын – аға буын!
Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.
Ортаңғы буын отандастарым!
Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді.
Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан қыңбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.
Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.
Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда.
Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.
Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар.
Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.
Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын.
Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін.
Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.
Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.
Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.
Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!
Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |