Қазақстан Республикасының



бет6/13
Дата23.10.2016
өлшемі2,34 Mb.
#35
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Әдебиеттің көп жанырлығы дегеніміз не?

2. Қазақ прозасының көркемдік өсуі мен дамуы

қандай күйде болды?

3. 1970-1980 жылдардағы қазақ прозасы қандай

жаңалықтары әкелді?

Әдебиеттер: 1,2,3,4, 5,7, 8, 9, 10, 16, 17, 20,21, 22, 23, 25, 22,23 ,25, 41,45,58, 62.


7,8 Дәріс Ұлы отан соғысын бастарынан кешкен ақын-жазушылардың

шығармашылықтары

Дәрістің мақсаты:Ұлы отан соғысын бастарынан кешкен ақын-жазушылардың

қазақ әдебиеті тарихына қосқан үлестерін шығармаларын

түсіндіру барысында дәлелдеу.

Тірек сөздер:Соғыс,қаһарлы күндер,дивизия, солдат,партизан т.б.

Дәрістің жоспары:1. Ұлы отан соғысын бастарынан кешкен ақын-

жазушыларға тоқталу .

2.Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының сюжеттік

желісі.


3.Соғыс туралы деректі прозалар Ә.Шәріпов пен

Қ.Қайсеновтің партизан жазбалары.

4.Соғыс тақырыбына жазылған әңгімелер.

Бұл дәуірде отан соғысы дәуірінің шындығы қайта қаралып, оның адам тағдырына әсерін ашарлық бірталай тың туындылар жазылды. Олардың ең тәуірлері қатарында Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер» (1956), Б.Момышұлының «Артымызда Москва»(1958) сияқты кітаптары бар. Бұл шығармалар жеке адамға табыну саясатының сыналған кезінде, бұрын сыңаржақ суреттеліп келген соғыс шындығын бар болмысымен, қалтарыссыз бейнелеуге бастама болды. Оларда соғыстың алғашқы кезіндегі майдангерлердің ауыр өмірі, қатты ұрыспен шегіну оқиғалары суреттелді. Сондай қиыншылық сыннан өткен біздің отандастарымыздың жеңіске деген сенімі, жауынгерлік бейнесі, оптимизмі тарихи шындыққа сүйеніп көрсетілген. Тахауи романы соғыс шындығын жаңа бейнелер арқылы ашуға құрылса, Бауыржан өзі қатысқан Мәскеу түбіндегі ұрыстар күнделігін деректі мәліметтер негізінде ашады. Екі шығармада Қазақстанда құрылып 1941 жылы Мәскеуді қорғауда айрықша ерлік танытқан Панфилов дивизиясының өмір шындығына сүйеніп жазылған. Мәскеуді қорғаудағы соғыс фактыларын Тахауи көркем жинақтау үлгісімен көрсетсе,Бауыржан әскери адамның ой елегінен өткен нақты,деректерге сүйенеді.

«Қаһарлы күндер» романының сюжеттік желісі дивизияның Алматыдан аттануынан бастап,солдаттардың ел-жұртымен қоштасуы, жол әсерлері, майдан шебіне кіру, алғашқы соғыс,жау қоршауында қалумен одан шығу ерліктері, Мәскеу түбінде жан қиярлық ұласады.Осы қат-қабат өмір үшін күрестегі адамдар әрекеті мен тағдыры романда кең, психологиялық бейне табады. Дивизия командирі генерал Панфиловтан (романда солай алынған) қатардағы солдат Көжекке дейінгі әскери адамдардың өмірі жарқын суреттеледі.Бір мақсат,бір тілектегі әр ұлттың өкілдері ауыр соғыстың жағдайында бірлік танытады.Осы ортада автор бұрын әскери өмірді білмейтін қазақ жігіттерінің таңдалуы жолына назар аударады. Әсіресе,взвод командирі Ержанның,батальон командирі Мұраттың,қатардағы солдат Көжектің бейнелері тартымды жасалған.Олардың әскери достары Бондаренко,Зеленин,Кәрібай бейнелері арқылы майдангерлер дәстүрін берік ұстап,дамыта білген әр ұлт өкілдерінің сапалық жаңалығын танытады Лирикалық шегіністерде олардың елдегі өмірі,туған ел мен байланысы,бойындағы отаншылдық сезім байлығы ашылады.Соғыстың алғашқы сәтсіздіктеріне қарамастан,осындай рухани өмірі бай,моральдық сапасы биік,ержүрек адамдардың жауды жеңетініне сенесің.

Соғыс туралы деректі прозаны Ә.Шәріпов пен Қ.Қайсеновтің партизан жазбалары жалғастырды. Аталған дәуірде қазақ прозасының даму тенденциясы осы сияқты көлемді романдар айқындағанмен, прозаның басқа жанрлары да әдеби процеске өзіндік үлесін қосты. Прозаның жаңа ізденістерін баянды етуде С.Шаймерденовтің «Мезгіл», С. Омаровтың «Күншуақ», Н. Ғабдуллиннің «Өмір қымбатсың маған», Ә. Таразидің «Құйрықты жұлдыз», Ә.Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт», Ш. Мұртазаның «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Р.Тоқтаровтың «Бақыт», Ж.Молдағалиевтің «Жаз ерке», Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» повестерінің елеулі орны бар. Бұл шығармаларда Кеңестік дәуірде көп айтыла бермейтін адамның жеке басының сырлары (адам еңбекпен байланысты ғана көрінетін), жан әлемі, моральдық-этикалық проблемалары әр жағынан көркем суретке түсті. Мысалы, Шаймерденов повесі жетім бала мен өгей ананың арасындағы қарым-қатынасқа құрылады да, жазушы Бибігүл бойындағы мейірімділікті, адалдықты әдемі бейнелейді. Жас бала Мезгілдің көзімен,сезініуімен ол қазақ жеріндегі отызыншы жылдардың басындағы аштық оқиғаларын көрсетіп, халықты сондай күйге душар еткен белсенді өкілдің бейнесін өткір жасайды.

Б.Соқпақбаевтың повесі қиялшыл сезімтал, зейінді бала Қожаның бейнесін тамаша жасауымен бағалы. Жазушы оның рухани өсуін, сана- сезімінің жетілуін нанымды аша білген. Жастар прозасы нәзік лирикаға, жастардың жан сезімін танытар психологиялық суретке бай. Кейіпкерлердің ой толғанысын таныту үшін ішкі монологты да мол пайдаланады. Бұл жас жазушылардың проза әлемінде жаңа ізденістер бастағанын байқатады.

Осы жылдардағы көркем әңгімені дамытуға да осы аталған жас жазушылар мол қатынасты. Сонымен қатар әңгіменің атақты шебері Ғабит Мүсірепов те бұл жанрға қайта оралып, біраз әңгімелер жазды. Олардың ішінде жазушының «Сөз жоқ соның іздері» атты әңгімесі көтерген мәселесінің өткірлігімен де, заман рухын, кейіпкер тағдырын терең ашып суреттей білуімен де оқшау тұрады.

Ғабит әңгімесі адамдық борыш, ар-ождан тазалығын еске алады. Өз басының ғана мансабын ойлап, күншілдік дертіне шалдыққан адамдар тудырған жеке адамға табыну кезінің үрейлі атмосферасы онда шебер берілген. Айдарбектің бейнесі бір кезде адал жандарды жаламен жазықты етіп, өзіне қоғамнан тәуір орын тапқан адамның бүгінгі рухани күйзелісін, құлдырауын танытады. Суреткер жазушы әңгімеде жер бетін кіршіксіз тазалықка бөлеген алғашқы қарды былапыттай басып, оның бетінде содырлы ізін қалдырып бара жатқан Айдарбектің ізін суреттеу арқылы дәуір сырын, Айдарбектер бой жасаған заман ізін аңғартады. Ізді жазушы астарлы бейнеде алып, оған «теріскейге шығып алып, ұзақ соққан ызғырық дәуірдің ізін» де, «қиядан құлап, батпаққа батып, содан шыға алмай қойған әкенің ізін» де сыйғыза ойнатады. Айдарбектер ісі көп тағдырында ұмытылмас із қалдырғаны да тапқыр айтылған. Нәзікен – соның құрбаны. Заман өзгеріп, өмірдің жаңа жолға түскенін Сейіл, Сәуле бейнелерінен көреміз. Бұл әңгіме де әдебиетте бұл кезде адамгершілік, моральдық мәселелердің әлеуметтік мән ала қойылғанының белгісі.

М. Ғабдуллиннің, С. Бақбергеновтің, Т.Ахтановтың, Қ.Исабаевтың соғыс тақырыбына жазылған әңгімелері мен С. Мұратбековтің, Ж. Молдағалиевтің, Б. Тоғысбаевтың ауыл өмірі жайлы әңгімелері көркемдік ізденістің әр салада өрістеуін байқатады. Майдан өмірі арқылы адамның шынығуы көрсетілсе, жастардың шығармашылығы жастық сезімді, махаббатты, жарастықты сыйластықты бейнелейді. Әңгімеге жаңа түр іздеу саласында да талпыныстар көрінді.



Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ұлы отан соғысын бастарынан кешкен ақын-

жазушылар кімдер? .

2.Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының

сюжеттік желісі не?.

3.Соғыс туралы деректі прозаларды кімдер жазды?

4.Соғыс тақырыбына жазылған қандай әңгімелер

бар?.

Әдебиеттер: 1,2,3,4, 5,7, 8, 9, 10, 16, 17, 20,21, 22, 23, 25, 22,23 ,25, 41,45,58, 62.
9,10 Дәріс Ұлы поэзияның жаңа көркемдік белестері (1960-1970ж)
Дәрістің мақсаты:Өлеңнің түр саласындағы ізденістері де дәуір сыпатынан

туатындығын мысалдар арқылы дәлелдеп түсіндіру.



Тірек сөздер:Эпик,поэзия, поэма,өлең,дәстүр т.б.

Дәрістің жоспары:1.1960-1970жылдары әдебиетке келген жас ұрпақтардың,

лириканы жаңа сапаға көтергендігі .

2.Туған жерге арналған өлеңдер.

3. Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа беталыс.

4.Осы жылдардағы қазақ поэмалары.

5.Ж.Молдағалиев,Х.Ерғалиев,Ғ.Қайырбеков поэмалары.

Елімізде жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық шектеушілік пен ой-пікірге салынған тұсаудан босау қазақ поэзиясының қанатын кең жазуына, өмір шындығын бейнелеуде ақындық ойды шалқыта еркін жырлауға жол ашты. Бұрын саясатқа құрылған науқандық өлеңдердің үгіттік сыпатына көбірек көңіл бөлінсе, енді жалпы адамның рухани тіршілігіне, оның қуанышы мен қайғысына, сүйіспеншілік сезімдері мен табиғатпен сырластығын жырлауға мүмкіндік туды. Осындай тұста әдебиетке келген жас ұрпақ тежеу көрмеген қалпымен еркін араласып, поэзияны, әсіресе, лириканы жаңа сапаға көтерді. Олардың ішінде Ғ. Қайырбеков, І. Мәмбетов, Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, С. Жиенбаев, М. Мақатаев, Е. Ибрагим,

Ш.Мұхамеджанов, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, С. Асанов, Ә. Абайділданов, т.б. бар еді. Бұлардың шығармашылығы шындықтың бетіне жалтақсыз қарап, ойын бүкпесіз ашық айтуымен, поэзиядағы әр алуан жазу өрнегін байытуымен, біріне-бірі ұқсамайтын стильдік өзгешеліктерімен ерекше көзге түсті. Олардың ақындық «мені» адамзат рухымен, оның байлығымен тұтасып, заманның Кеңес қоғамына тән сырын оңашаламай, әлемдік ой-пікірдің дәрежесіне көтеруге көмектесті. Ақындық пафостың жоғарылығы, өмірге бейнелі көзбен қарап, оны өлеңге айналдыру мәдениетін көтеруде де бұлар қазақ поэзиясына өз жаңалықтарымен келді.

Өмірдің өзіндей кең тынысты Ғафу Қайырбеков өлеңдері туған жердің ғажайып сыры мен оның адам тағдырына байланысын ашу да едәуір маңызды. Оның төгіліп тұратын, іркіліссіз бір ырғақпен келетін мөлдір жыры адамның еліне деген махаббатына толы келеді.
Дүбірде бар екі ши,

Маңайында жыра көп.

Біздің әулет екі-үш үй,

Жайлар еді жылда кеп.


Жалғыз қазық мына жұрт –

Мен дүниеге туған жер.

Жалғыз тұтам шуда жіп,

Кіндігімді буған жер.


Туған жермен байлаған,

Кетпестей қып кіндіктен.

Бар ма екен деп ойланам,

Мықты нәрсе сол жіптен.

Ақынның туған жерге деген сезімін сырттан тамашаламай,осылай түйіп айтуында лирикалық ойда,жинақтылық та танылады. Көктем жайлы бір өлеңінде ақын былай дейді:

Жүреді кіріп,

түсіме ылғи ақ боз ат,

Өңімде жылда

Кербез бір көктем келгенде.

Сол ма еді, бәлкім,

Сағынып жүрген жастық шақ.

Шырғалап шықпай

Тулаған асау кеудемде.

Ризамын, көктем,

Қан болып қайнап,

Тамырда шаншып тулайсың!

Жылда бір маған

Ақ боз ат сыйлап тұрғайсың!

Өзіне шабыт берген көктемді ақынның ақ боз ат бейнесінде танып, суреттеуі қандай әдемі және тапқыр. Өлеңнің өміршеңдігі, көркемдік шындығы, жинақтау күші оның өзіндік ерекшеліктерін құрайды.

Жинақы айту, дөп басып, шындықты жеке бір теңеу, метафора арқылы таныту жастардың өлең бейнелілігі мен техникасын игеруден байқалады.

І. Мәмбетов «Табантал» өлеңінде туған жеріне деген ыстық сезімін:

Көркіңді көрдім, көп түйдім,

Өн бойын өмір, жағаң тал.

Өлеңге сөнбес от құйдың,

Қыз толқын өзен Табантал! -деген жолдармен береді.

Ақынның табиғат құбылысын адам сезімімен үндестіре білуі, оны ықшам, тапқыр ойға құруы сүйсіндіреді.

Аспанды суыт бұлт бүркеп,

Асыға сүңгіп Ай кетті.

Төңірек тегіс күркіреп,

Сабады нөсер әйнекті

Төтеп бір, төпеп ол солай,

Өтті де кетті жүгіріп.

Сүт емген сәби баладай

Жер-ана жатты сіміріп.

Булығып барып төгілер

Осылай кейде өлең де.

Ел-ана оқып елжірер,

Сондықтан сол жыр өлер ме?

Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда Қ. Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой арманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді.

Бабамыздың шоқ басқан табанымен –

Бірдей екен жақсысы жаманымен:

Бір жаманы – тынымсыз көше берген,

Бір жақсысы –қимаған даланы кең.

Бір жаманы – жел сөзге ерген екен.

Бір жақсысы – тілге ерік берген екен.

Бір жаманы – кетпенге орашолақ,

Бір жақсысы –найзагер, мерген екен.

Бұл арқылы ақын халық тұрмысының ұнамды-ұнамсыз жақтарын санауды мақсат етпейді, ұлт тарихын, мінез-құлқын, оны көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар. Жақсы-жаманды салыстыра суреттеу арқылы , ол өзінше нақыш, сазды үн қалыптастырады.

Табиғат құшағындағы дала халқын Қадыр бірлікте, тұтастықта көреді.

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді.

Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

Кең тынысты - тынымсыз желден алған секілді,

Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.

Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді,

Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,

Мың бұралған тағдырды жолдан алған секілді.

Түнеруді тұнжырап–түннен алған секілді,

Мейірбанды күлкіні күннен алған секілді.

Бәрі де табиғи, дала адамы мен дала табиғатының келбетінен алынады. Дала табиғаты ұлттық мінезді тудырған. Ақынның тапқыр теңеулері мен нақылды ойлары бейнелі суретке айналады. Қадыр «Ұлт болып ұйып келе жатқанда, сан рет сүт күйінде төгілген» халқының ауыр тағдырын да еске алады.

Қазақтың жомарттық мінезін, мәрттігін Төлеген Айбергеновте тамаша айтқан.

Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа

Жарқылдаған алмас па, -

Дейсің-ау! Дейсің сен оны

Айырып кетсе жол басқа.

Орыны тіпті толмас та,

Дулатар тек от денені

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа

Маңдайындағы бір атын,

Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын

Көкірегінен күн сөнбей,

Осы бір шақтан білсең ғой,

Тұратын тауып мұрат.

Төлеген өлеңді ойнатып, ой легіне лайық тармақтарын бірде ұзақ, бірде қысқа қайырып ұйқастырып жатады. Ішкі ұйқастары жымдасып, дыбыс үндестіктері сан алуан өрімді құрайды.

Туған ауылға деген сағынышты жас адамның жылы сезімімен, адал махаббатымен ұштастыра суреттеу Т.Молдағалиевті аса сезімтал, лирик есебінде танытты. Оның өлеңдерінің лирикалық кейіпкері балалығын соғыстың ауыр кезінде өткізген, содан жанына жара түскен (әке өлімі, жетімдік, жоқшылық) жас адамның көңіл күйін бейнелейді. Өмір сүйгіш ақ көңіл жастың бойында жұмсақ мұң да, ойлы сезімталдық та содан туады. Алатаудың сұлу табиғаты құшағында өскен ақынның әсемдікке, сұлулыққа табыну сезімдері де түсінікті. Ол «жастықтың жыршысы» атанып, «талайлардьң жүрегін лүпілдеткен» махаббат жырларын жазды.

Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді, Сәулешімді рұқсатсыз қайта-қайта көреді, Көлегейлеп жабар едім, албыраған жар жүзін, Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді.

Ой да, сезім де, тапқырлық та бар осы өлеңде, бәрі де тұжырымды, қысқа, келісім тауып тұр.

Таланттың құдіретті күші ауыздықпен алысқан тұлпар болып, Тұманбайды алыс жолдарға алып бара жатқаны да ақындық пафосты танытады.

Келеді ат шауып, ауыздықпен алысып,

Келемін мен де жалынан ұстап жабысып.

Көзім кетті жасаурап,

Қолдарым калды қарысып.

Ақындық – оңай кәсіп емес, ауыр жол сапары. Тұманбай осыны көре білді, бейнеледі.

Адал сезімін арбаған сұлулықты Еркеш Ибрагим де ажарлы суретке түсіреді.

Асқақтаса жұлдыздан да тым биік,

Көрмесең де, көрсең-дағы бір күйік

Жалын толы, от жанарын қадаса,

Жаның түгіл кетер еді күн күйіп, - дейді сұлулықты суреттеген ақын. Сондықтан да өмір сүйгіш ақын:

Алма көздің ортасында,

Қарашығын болар ма ем.

Сонау кірпік арасында,

Мәңгі тұрып қалар ма ем, -

деп армандайды. Екі өлеңде де сырлы сезім, келелі ой, ойнақы әзіл бар

Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа беталысты Ж.Нәжімеденов жырларынан да танимыз. Ол әр көріністі ой, сезім елегінен өткізе, іштей тебірене жырлайды. Бір тамшы суда да мәніс, көрік бар, өмірге керек нәр бар («Ең әуелі жырлау үшін теңізді білсем деймін, қасиетін тамшының») деп жазады. Ақын табиғатқа жабырқай да, таңырқай да қарайды. Оның теңізі де «тебірене, тебірене, шашы ағарып кеткен» күйде суреттеледі. Онда философиялық лирикаға деген бейімділік танылады. Кейде көп ойдың түбіне жете алмай малтыққан адамның сезімі де бой көрсетіп қалады.

Жас ақындар шығармашылығы ел тарихы мен бүгінгі өмірді кең қамтыған әр алуан ізденісімен көзге түсті. Жастық шағын соғыстың ауыр тіршілігі жағдайында өткізген олар сол тұстағы ел өмірінің қиындығын көзімен көріп, сезгенін, «Әр маяның түбінде қалған» (Қ. Мырзалиев) балалығын еске алды. Дәуір міндетін орындауға, еңбекті жырлауға адам сезімі мен ойын жырлар лирикалық саздар жасауға да олар белсенді араласты.

Ақындық ойдың еркін жырлануына жасалған шығармашылық кеңшілік аға ақындарды да бей-жай қалдыра алмады. Бір кезде лирикалық әуендер жазғаны үшін жазғырылған Әбділда Тәжібаев әлі де сезімі мосқал тартпағанын байқатып, жастармен жарысқа шықты. Ғ.Орманов, С. Мәуленов, М. Әлімбаев, Қ. Шаңғытбаев сияқты қазақ өлеңінің шеберлері де жаңа лирика туғызды.

Ә.Тәжібаев «Аралдар», «Кешеден бүгінге» атты жинақтарында ұлғайған адамның өмір тәжірибесінен туған ой мен сезім сырларын, жан тебіренісін тапқыр толғады. Ақынның сыршыл жырлары адамды сүюді, досқа деген адалдықты, өмірге құмарлықты паш етеді.

Мейірімімнің шегі жоқ,

Сенгенім мен сүйгенге,

От боп жанғым келеді

Жылуы жоқ үйлерге, - дейді ол.

Ақынның егде тартқан жүрегінде жеңіл мұңды наз бар. Бірақ ол тоқырау, кәрілікті мойындау емес. Ұлғайған кездегі тірлікті ардақтау, өмір сыры жайлы, ел, дос тағдыры жайлы ойлаудан туады. Оның сырын:

Мұңдымын деп шағынбаймын қашанда,

Қорқам бірақ тіпті мұңсыз жасауға,

Мүмкін бе екен шексіз сүю өмірді

Сол өмірдің мұңдарынан босауға, -деп ақын тапқыр жолдармен берген.

Ақынның «Сыр жырлары» да туған жерін, жастық шағын еске алған адам сезімінің ішкі байлығынан туған.

Қазақ лирикасының хас шеберлерінің бірі Сырбай Мәуленов бұл жылдары көп жазды. Оның өлеңдерінің тақырыптық шеңбері тіпті кең. Ол өзі жүріп өткен майдан даласын еске алып, әскери тақырыпта өткір де ойлы өлеңдер жазды, ел өмірінің бүгінгі шындығына көңіл аударды, жастығын, махаббатын да ұмытқан жоқ. Ақын көріне қалған құбылысты тез қабылдап, одан ой түйіп, жинақты лирика туғызуда едәуір табыстарға ие болды. Оның ойшылдығы, тез қабылдағыштығы, түсінуі – бәрі де жанды бейнеге айналып, ақынның тапқыр да алғыр талантын мойындатады. «Түбірлер» деген өлеңіндегі ормандағы түбірлерді мүгедектерге ұқсатуы осыған мысал бола алады.

Қазақ лирикасының жаңа ізденісі әлемдік озық поэзия дәстүрімен байланысты көтеріле түсті. Қазақ ақындары олардан үйренгенмен, ешкімді қайталамай, өз шындығына лайық дамытты. Қазақ өлеңінің лирикалық кейіпкері де өз дәуірінің қайшылықтары мен табыстарын бойына жинаған озық ойлы азамат. Өлеңнің түр саласындағы ізденістері де дәуір сыпатынан туды.

Бұл жылдардағы қазақ поэмасы да ұлттық поэзияның өмірмен байланысын, идеялық-тақырыптық кеңеюін танытты. Эпик ақындар жанрдың дәстүрлі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оны жаңа ізденістермен байытты. Т.Жароковтың «Тасқынға тосқында», Қ. Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыр»,

X. Ерғалиевтің «Құрманғазы», Ә.Тәжібаевтің «Портреттер» Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын», Ғ. Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмалары дәуір әдебиетінің жаңа тенденциясын айқындауға қызмет еткен осы жанрдың іргелі туындылары. Бұл шығармаларда өмірді иллюстративтік суреттеуден бой тарту, оған белсенді араласып, дәуірдің күресі мен тартысының сыпатын түсіну, адам мен оның еңбегінің қоғамдық рөлін дұрыс бағалау, сол арқылы заман рухын бейнелеу байқалады. Т.Жароков пен Қ.Бекхожин поэмаларында еңбек адамының рухани байлығы мен моральдық тазалығы, отан сүйгіштігі суреттеледі. Олар жеке адамға табыну атмосферасының адам тағдырына әсерін ашады. «Тасқынға тосқында» автордың бұрынғы поэмасы «Тасқынның» кейіпкері Қайсардың кезінде іске аспай калған ой-пікірінің жаңа жағдайда жалғасуы көрінеді. Кеңестік құрылыстың қайраткері Қайсар жаламен айдалып кетсе де, отаншылдық сезімін, қажырлылығын сақтай біледі. Жаңа поэма арқылы автор осы кейіпкер еңбегінің жаңа дәуірін бейнелейді. Ал, Қ.Бекхожин инженер Ақан Ақтаевтың еңбек жолын алып, оның қиыншылығы мен жарқын беттерін қатар қояды. Ақанның ой-сезімі, адамгершілігі, күрескерлгі жалақор Қараш бейнесіне қарсы қойылады. Сол арқылы автор еңбектегі жеңістің өмірдегі күреспен байланыстылығын, оны жеңудегі адамның табандылық сыпатын көрсетеді.

«Портреттер» поэмасында Әбділда өмір туралы, уақыт сыры туралы толғаныс жасаған. Уақыт өлшемі етіп ол Кеңестік 40 жылды алады да, осы мерзім ішіндегі бір отбасының тағдыры, ұрпақтың ауысуы арқылы уақыт қызметін философиялық тұрғыдан талдайды. Поэмада шытырман оқиға, ширыққан тартыс жоқ. Адамдар тағдыры, характері лирикалық кейіпкердің толғанысы, ойы арқылы ашылады. Ол әкесі, ағасы, қарындасы, өзі туралы әңгімелейді. Өмір тіршілік үшін таласта аға ұрпақ өліп, жас ұрпақ орнын басып жатады. Уақыт өткенді еске алып, тіршілік күйбеңін жастық мойнына артады. Әкеден балаға ауысып қалып жатқан шойын сағат – сол бір тозбайтын тіршіліктің өлмейтін уақыттың символы.

Поэманың идеялық түйіні біздің өткен уақытымыз – күрестің белгісі, әкелер мен ағалардың төгілген қанымен келген жеңіс екенін таныту. Сондықтан өмірді бағалау, қадірлеу - әр ұрпақтың міндеті. Портреттер – адамның, әр түрлі ұрпақтың уақыттың портреттері.

Ж. Молдағалиев, X. Ерғалиев, Ғ. Қайырбековтің поэмаларында халық тарихы мен тарихи адамдар өмірінің фактылары негізінде ел өмірі мен оның өткен жолы туралы толғаныс танылады.

«Мен қазақпын» қазақ атынан айтылатын монолог түрінде жазылған. Ақын осы жолмен халық тарихының ұзақ жолын, ауыр, азатты өмірін кең суреттейді. Оның бойындағы ерлік пен ізгілік сезімдерді, патриоттық мінезді паш етеді.

Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен,

Жылағанда жүрегім - күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Осы шумақ - бүкіл поэманың лейтмотиві. Әр тараудың мазмұны осыдан өрбіп, қазақ өмірінің қилы кезеңдерін ашады. Оларда халықтың «мың өліп, мың тірілген» тарихы, жөргегінен басталған азапты өмір жолы, жыласа – күн тұтылғандай, күлсе түн түрілгендей көрінетін шынайы сезімі бейнеленеді. Ақын тілінің бейнелілігі, жарқын жасалған суреттер оның аз сөзге көп мағына сыйғызған шеберлігінен көрінеді.

«Құрманғазы» мен «Дала қоңырауы» XIX ғасырда өмір сүрген қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбаев пен ағартушы – педагог Ыбырай Алтынсарин өмірлеріне арналған.

Оларда беймезгіл заманда өмір кешкен таланттардың ауыр тағдыры сөз болады. Олардың қараңғы қауым ортасында ескілікпен, отаршыл саясатпен, ел билеушілермен күресте өткен жалынды өмірі, оның куәсі болып туған шығармашылық өнері аталған поэмалардың мазмұнын құрайды.

Поэмалардың эпикалық кең алымы оларда жеке адам арқылы халық өмірінің кең суретін жасап, азаматтық, азаттық, прогресс жолындағы ізденістерді танытады.

Қазақ поэзиясының табыстары ақындарымыздың өмірге өктем араласып, дәуірдің әлеуметтік-философиялық мұңын ашуында жаңа қадам болды. Онда әр түрлі стиль мен түр ізденістері тоғысты.

Дәрісті бекіту сұрақтары:1.1960-1970жылдары әдебиетке келген,лириканы

жаңа сапаға көтерген жас ұрпақтар кімдер еді?.

2. Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа

беталысты кімнің жырларынан танимыз?.

3. Осы жылдарда қандай поэмалар жазылды .

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 26, 27, 28, 29, 30, 41, 44, 45, 64 .
11,12 Дәріс Жаңғыру кезіндегі драматургияның дамуы.(60-70жж)
Дәрістің мақсаты: Осы кезеңдегі таңдаулы драмалық шығармалар, олардағы

сөз бен іс,тартыс сипатын меңгерту.



Тірек сөздер:Драма,комедия,пьеса,сахна, трагедия т.б.

Дәрістің жоспары:1.Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау

етіп, жарқын тұлғалар жасаған драматург Ш. Құсайынов.

2.Ә.Тәжібаевтің пьесалары.

3.М.Әуезовтің,3.Шашкиннің,Қ.Мұхамеджановтың,

С.Адамбековтің комедиялары.

4.Драманың түрлері мен даму тарихы.

5.Драманың қазіргі жай-күйі, дәстүр мен жаңашылдық

сипаты, өзекті мәселелері.

«Тартыссыздық теориясының» күйреуі, жеке адамға табыну кезінің таршылығынан босау драматургияның дамуына да қолайлы жағдайлар туғызды. Драматургия бүгінгі заман тақырыбын жырлауда, ондағы қоғамдық қайшылықтар мен адам тағдырының драмасын ашуда батыл қадамдар жасады. Бұл әсіресе, Ш. Құсайыновтың, Ә. Тәжібаевтың, Т. Ахтановтың, Қ. Мұхамеджановтың пьесаларында анық көрінді.

Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау етіп, жарқын тұлғалар жасаған драматургтің бірі – Шахмет Құсайынов (1906-1972) еді. Бұл кезеңде Шахмет «Рабиға», «Кеше мен бүгін», «Күн шуақта», «Көктем желі», «Есірткен Ерке», «Ертіс жағасында» сияқты пьесалар жазды. «Рабиғада» ескі қазақ ауылындағы әйелдердің бас бостандығы мәселесін автор сол кездің саясатына лайық әлеуметтік тартыс фонында көрсетуге ұмтылады. Тілепбай бай тоқалынан туған Рабиғаны қалың мал алып, ұзатпақ болады. Оған Рабиға көнбейді. Жасынан әкесінің жат мінезінен безінген ол өзіне тілектес адамдармен бірлесіп, бас бостандығы үшін күреседі. Бұл оқиға ауылды колхоздастыру науқанына ұласып, таптық күрестің шиеленісуіне орайласады. Осы тартыста Рабиға дұшпандары қолынан қаза табады. Пьесада Рабиғамен қоса, оның анасы Рәйіш, мұғалім Қоблан, артель бастығы Сүлеймен, ауылдың бас көтерер жігіті Жақан сияқты ұнамды бейнелер жасалған. Оларға Тілепбай мен оның сыбайластары Қақпан, Сағындықтар қарсы қойылады.

«Кеше мен бүгін» пьесасында Шахмет қазақ ішін жайлап, Кеңестік асыра сілтеу науқандары тұсында, бас көтерер адал адамдарды шырмған жалақорлыққа қарсы үн көтерді. Осындай бір жағдай көрнекті ғалым, үлкен жүректі азамат Марабайдың басынан өтеді. Есіркеп сияқты мансапқорлар мен оның Сабатай, Үдері тәрізді жағымпаздары өмірден жайлы орын табуға Марабай тарапынан кедергі боларын сезіп, оны жаламен қызметінен тайдырмақ болады. Адал Марабай ондай тайғанақ адамдармен жұмыс істесе алмайды. Марабай бейнесі кесек тұлғалы, қабілетті, өз басын ғана емес, қоғамдық үлкен мұратты қорғап алатын адамның сыпатын бойына жинақтай алған. Оның басына қауіп төнген кездегі психологиялық жай-күйі, күйініші мен сүйініші пьесада шынайы көркемдік бояумен суреттеледі. Биік интелектуальды, адал адамды қорғауды жазушы проблема етіп қояды.

Осындай бір ірі тұлғаны Шахмет «Күн шуақта» пьесасында жасады. Ол - колхоз бастығы Байсал. Екі қайтара Еңбек Ері атанған, көп жыл колхозды басқарған, соғыстан кейін жүдеген елді ұйымдастырған құрметті адам. Өзіне кең үй салдырып, күн шуақта өмір сүрген ол кенет ел арасына тараған әңгімелерден секем алады. Ол колхоз бастығының өз басын ойланқырап кеткені, ауылдың проблемасы әлі де шешіліп болмағаны, әсіресе малшылардың күйін жақсартуды қажет етіп отырғаны туралы естиді. Кенет ұяты оянған ол үйін балалар бақшасына өткізіп, бойына сіңе бастаған тоғышарлыққа қарсы күреседі, одан арылады. Осы жолдағы үй ішінің, өзін қоршай бастаған жағымпаздар мен қолын жылы суға малмақ болғандардың психологиясына тойтарыс береді. Шахмет пьесасы тартыстың кейбір жасанды жақтарына қарамастан, адамның биік мораль үшін күресін бейнелеуде едәуір маңыз алады.

«Есірткен Ерке», «Нұрлы тас» пьесаларымен ол балалар драматургиясын дамытуға үлес қосты.

Бұл жылдары Әбділда Тәжібаев (1909-1998) «Көңілдестер», «Жалғыз ағаш орман емес», «Майра», «Той боларда» сияқты пьесалар жазды. «Жалғыз ағаш орман емес» – «Гүлден дала» пьесасының жаңартылған, жетілдірілген нұсқасы еді. Ал, «Көңілдестер» - біздің бүгінгі өмірімізді құрт аурудай жайлаған көңілдестік, тамыр-таныстық, жағыну жолымен өсуді кездейтін мансапқорлықты әшкерлейтін психологиялық драма. Мұндағы тартыс қоғамның адал, ойлы, принципті мүшесі Мәлік пен оның күйеу баласы Дәурен және оның сыбайластары арасында өрбиді. Дәурен министр болуды армандайды, оның бұрын министр болып түсіп қалған досы Сапар соған сүйеніп қайта көтерілгісі келеді, осылармен байланысына арқа сүйеп, ғалымсымақ Келтек ғылым Академиясына мүше болып өтпек болады.

Мүдделері бірдей осы адамдардың характерлері бір-біріне ұқсамайды, әрқайсының өзіндік айла-амалы, тілі бар. Мәлік қоғамды жайлаған осы дертті көріп шошынады. Дәуренге әлі оның министр болуға дайын еместігін, шикілігін айтып, бетіне басады. Өз ойын тиісті орындарға жеткізеді. Бұдан көп бұрын (1963) жазылған пьеса бүгінгі біздің дәуіріміз үшін әлі де актуальды.

«Той боларда» — комедиялық пьеса. Сүйіскен екі жастың (Нартай мен Айбала) тағдырын ортаға ала отырып, автор олардың үйленуі тұсында өз құлқынын көздеген адамдардың пайдакүнемдігін, дүниеқорлығын, содан туындайтын пасық ой-пікір, іс-әрекетті күлкіге айналдырады. Олардың қатарында Айбаланың өгей анасы Ұрқия, сүймеген қызды малға, ақшаға сатып алғысы келетін қу Қалабай мен оның жылпос шешесі Қалима, нағашысы Айдар, т. б. ерекше көзге түседі. Қыз әкесі Байбол - әділ, таза адам. Ол қызының сүйгеніне баруын қалайды. Пьеса қазақ ортасының осындай бір ескілік салттан құтыла алмай отырғанына көңіл аудартып, оны жақтаушыларды әшкерелеуге арналады. Пьесаның шұрайлы, тапқыр тілі, ұтымды диалоггар оны көркейте түседі.

Әбділданың «Майра» пьесасы халқымыздың сүйікті әншісі Майра Уәлиқызының өміріне арналған. Ән еркесі болып, өмірі бостандықты аңсап, бас еркіндігін армандаған Майра төңкерістен кейін еріксіз барған, оның үстіне ән салуына, елмен араласуына тыйым салған күйеуінен босанып, құрбыларымен табысады. Намысы қорланған Тайман жаңа заман тәртібінен аса алмай, құр кіжінумен қалады. Бірақ Майраға өшігеді. Майраға мұсылманша оқыған, ескі көзқарасты Дүрбіт ғашық болып, тілегіне жете алмаған ол да кек алуды ойлайды. Майра кеме капитаны Мұратпен тіл табысады. Осы тартыстың легінде драматург Майраның бостандық сүйгіш, албырт көңілін, өнерлілігін ашады. Өзіне лайық жарды өзіндей азаттық үшін күресуші Мұраттан табады. Автор оқиғаны төңкеріс жылдарымен тұстас алып, басты кейіпкерлердің тағдырын бостандық идеясымен байланыстырады. Дүрбіт пен Тайманды Майраның ғана емес, осы жаңа идеяның жауы етіп көрсетеді. Оған белгілі дәрежеде сол кездің идеялогиясының әсері де тигені даусыз.

Кеңестік заман шындығын тануда Т. Ахтановтың «Сәуле» пьесасы көрнекті орын алады. Ол өз кезеңнің жаңашыл шығармаларының бірі болды. Оның басты кейіпкері - қазақ әйелі Сәуле облыстық партия Комитетінің хатшысы Сырдақтың ескіден қалыптасып қалған жұмыс стиліне қарсы шығады. Басшы қызметте көптен жүрген Сырдақ - өмірде үлкен арманы мен идеалы жоқ, күнделікті күйкі тіршіліктің дәрежесінен аса алмаған адам. Ал, Сәуле болса, өмірді, оның болашағын терең түсінеді. Сондықтан да ол жаңалық үшін күреседі. Пьесада Сәуленің жеке басының өмірі де, адамдық сезімдері де нанымды ашылады.

Осы дәуірде қоғамдық дамуға кірген өзгерістер драматургиядан да қалыптасқан жүйені бұзып, өмір шындығын әрқилы жағынан батыл бейнелеуді талап етті. Тахауи пьесасы өмірдегі осындай стереотипті сынауға құрылды. Мұндай ізденіс М. Әуезовтің «Дос-бедел дос», 3.Шашкиннің «Заман осылай басталды», «Ақын жүрегі», Қ.Мұхамеджановтың, САдамбековтің комедия-ларынан да табылады.

М. Әуезов пьесасында үш дәуірді бір драмаға сыйғызып, қоғамдық дамудың күрделі шындығын басты қаһарманның тағдыры арқылы ашуды көздейді. Пьесаға жетекші ролін кіргізіп, Мұхтар тарих кезеңдерінің шындығын соның аузымен түсіндіріп, жалғастырады, қорытады. Пьесаның қазақ драматургиясы үшін соны формасы Мұхтардың кең, алымды ойларынан туған.

Шашкиннің алғашқы пьесасы Тоқаш Бокин өміріне байланысты жаңа заманның тууы кезінің оқиғаларына құрылған. Онда жазушының осы тақырыптағы романының ізі сақталған. Ал, «Ақын жүрегі» пьесасы кешегі жаппай қуғын-сүргін оқиғаларын еске алып, соған қатысқан адамдардың әрқилы тағдырын бейнелеуге арналған. Жұмат ақын мен Есен дәрігер - сол қуғынның азабын көрген адамдар, бірақ жаны таза жандар. Жұматтың ақын жанды аңқылдақ бейнесі, Есеннің ақкөңіл, жарқын тұлғасы пьесада жақсы көрінеді. Оларға қара ниет Нәби қарсы қойылады. Әлі де тағынан түспей бас дәрігер болып жүргеніне қарамастан ол досқа опасыз, мансапқор болып суреттелген. Пьеса өз заманының қиындығын ашуда елеулі туынды.

Жастар әмірін суреттеген А.Шамкеновтің «Адасқан қаз» пьесасы да көтерген мәселесінің өткірлігімен және драмалық сапасымен жақсы бағаға ие болған. Онда мектеп бітіріп сүйгені Айдармен бірге болашаққа ұмтылған көңіл күймен көрінген Шәрбаннің ойда жоқта бақытсыздыққа ұрынып, сүймеген адамға кетуі суреттеледі. Автор Шәрбанді бақытсыздық бұзып, дөкір еткен бейне етіп көрсетеді. Кейін оның ескі достарымен кездесуі, Шәрбанды ойландырады.

Аманжолдың өлең араласып келіп отыратын ақындық тілі де, адам басына түскен трагедия жайлы ойлары да тартымды.

Бұл жылдары комедия жанрының дамуына да біраз көңіл бөлінді. Оған жалпы әдебиетте сатиралық, комедиялық туындылардың азайып кетуі себеп болды. Бастаушы партияның өзі бұған назар аудармай тұра алмады. «Тартыссыздық теориясының» сыналуы мен «Бізге Гогольдер мен Щедриндер керек» деген ұранның көтерілуі де осы кез болатын. Осындай жағдайда сатира, комедия кеңес адамдары жағындағы ұнамсыз қылықтарды сынап әшкерелейтін тәрбие құралы есебінде бағаланды. Осы тұста туған Қ. Мұхамеджановтың пьесалары («Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын»), Қ.Сатыбалдиннің «Махаббат машақаты», «Қабаған ит» Қ.Шаңғытбаев пен

І. Байсейітовтың «Беу қыздар-ай!», С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке» атты туындылары бұл жанрдың болашағын танытты. Сонымен бірге күлкіге сусап отырған халықтың көңілін көтеруге қызмет етті.

Қ.Мұхамеджанов пьесалары адам мінезінің, іс-әрекетінің күлкілі жақтарын алып суреттеуге құрылады. Күлкінің ар жағында ойдан құбылысты әшкерелеу сарыны жатады. «Бөлтірік бөрік астынданың» бас кейіпкері Сапар – жылпос, опасыз, өмірді алдау мен арбауға құрып үйренген адам. Ол ауылда әйелі бола тұрып, қалада үйленеді. Автор осыны әшкерелейді. Оны «Бөрік астындағы бөлтірік» деген. Қала қыздарының қазақ тілін білмеуін күлкі етеді. Ал, «Құдағи келіпті» пьесасында ағылшын отбасындағы тіршілігін суреттеп отырып, қаланың тоғышар, сәнқұмар әйелдеріне еліктеген сауатсыз ауыл әйелі Айжанның қызын күйеуінен айырып алмақ болған ісі мен қылығын күлкі етеді. «Қуырдақ дайын» пьесасында Ережеп, Жақан сияқты өмірде өз орны жоқ, әркімге сүйеніп күн көрген мүсәпір адамдардың майысқақ жұрттың бәріне жақсы көрінуге тырысқан қылықтарын суреттеуді көздеген. Бәрі де күлкіге арқау боларлық дүниелер. Автордың үш пьесасы да кезінде театр сахналарынан көрсетілді. Алайда драмалық тартыстың әлсіздігінен, үлкен қоғамдық мәні бар қақтығыс тудыра алмаған пьесалар сюжеті ұсақ-түйекті әңгімелеу сатысында қалып қояды. Сапар - күн көрістің ғана адамы. Ол қасқыр болатындай зұлым сияқты емес. Бірақ ол қасқыр болуға дайындалып келе жатқан бөлтірік деп суреттеледі. Бірақ бөлтіріктерді тудырып жатқан құбылыстың табиғатын іздеу, табу, әшкерелеу көрінбейді. Соңғы екі пьесада да жеңіл күлкімен қанағаттанып сол күлкіні, ұнамсыздықты тудырып жатқан жағдайды тану, әшкерелеу жайы ашылмай қалады. Мұндай кемшіліктер Қ. Сатыбалдин, С.Адамбеков комедияларына да тән. «Махаббат машақатында» ол тентек баланың қылығын көрсетіп оның кінәсін анасына артады. «Қабаған итте» саудагерлікті сынайды. Алайда осы қоғамдық ұнамсыз құбылыстардың түп төркінін тану жетіспейді.

«Беу, қыздар-ай!» - бұлардай өмірдегі сорақылықтарды суреттеу мақсатында емес, жастар арасындағы жылы қарым-қатынасты сыпайы әзілмен көмкеріп, жылы, жеңіл күлкі тудыруға құрылған. Онда классикалық шығармаларда көп кездесетін жаңсақтық қылықтар күлкі тудыруға себепші болады. Газетте басылған Айсұлудың суретін көріп, бірі өлең жазбақ боп, бірі суретін салмақ болып, үшіншісі тіпті таныспақ болып келген ақын, суретші, ғалым - үшеуі Айсұлудың өзін көрмей, апалары Күнсұлу, Нұрсұлу, Жансұлумен танысады және оларды Айсұлу деп ойлаған. Қоғамдық еңбек атқарып жүрген қыздар жігітгерге еріп кетпей, оларды ауылда алып қалмақ болады. Еңбек адамдарының көңілді ойнақылығы, нәзік сезім иелері екені көрінеді. Сонымен қатар пьесада, комедияға тән жылы юмор, жеңіл күлкі, әзіл, жүйрік ақындық тіл бар.

Бұл жайлар аталған дәуірде қазақ драматургиясының іздену үстінде болғанын байқатады. Жанр едәуір тәуір шығармалармен толықты. Сонымен бірге ізденіс жолы ұзақ екенін әлі де классикалық үлгі боларлық туындылардың жоқтығы байқалмай қалған жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет