Дәрісті бекіту сұрақтары: :1.1956-1966 жыл аралығында қандай сын еңбектер
жарық көрді?
2. Зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың
қандай жаңа зерттеу еңбектері бар екен?
3. Бұл дәуірде қандай жаңа зерттеу сын мақалалар
жинақтары жарияланды?
4. Шығыс Еуропа халықтарының бірқатар тілдеріне
кімдердің шығармалары аударылды?
Әдебиеттер:1,2,3,4,5,6,7,8,9,10,12,13,14,15,17,18,20,21,22,23,24,25,35,36,37,38, 39,40,41,42,43,44,45,46,47,48,49,50,58,64,66.
17,18 Дәріс Қазақ прозасының тарихи тақырыпты кең құлашпен игере
бастауы
Дәрістің мақсаты: Белгілі бір тарихи оқиғаға баиланысты туған
шығармалармен таныстыру.
Тірек сөздер Съезд, Шам шаһары,тарихи роман т.б.
Дәрістің жоспары: : 1. 60-70-жылдарда жарық көрген тарихи романдар.
2. Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде тарихи романдардың
халықтық жаңа сапаға ие бола дамуы
3. Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабы
«Жат қолында» жайлы.
4. Қазақ тарихының кейбір мәселелері көрініс тапқан
Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» (1969),
«Ұстаздың қайтып оралуы» романдары.
5. X. Есенжановтың «Ақ жайық»,Ғ.Слановтың «Асау
арна» романдары.
Қазақ халқының ұлттық ой-санасының жүдеп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 60-70-жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді. Ол үшін М. Әуезов негізін салған тарихи роман дәстүрін жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әрқилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнелеуге ие болды. І.Есенберлиннің, Ә. Әлімжановтың, С.Сматаевтың, Г.Кекілбаевтың, М. Мағауинның, Ш. Мұртазаның, С.Жүнісовтің романдары жарық көрді. Мұндай ұлттық оянуды көптеген туысқан халықтар да басынан кешірді. М.С. Горбачевтың «Ұлтшылдық-реакциялдық» деп шошынуы осының әсері болатын.
Социализмнің қайшылықтарын жамап-жасқап, «қайта құруды» ұсынған
М. С. Горбачевтың съездегі пікірлерінде әдеби дамудың олқылықтарын орынды көрсеткен жерлері де бар. Ол Кеңес әдебиетінде шындықтың сыңаржақ алынып, өмірдің бірыңғай күнгей жағын суреттеу әдетке айналғанын көрсете отырып, «шындық - жалпылама емес, нақты түсінік. Ол халықтың жасампаз істері мен қоғам дамуының қайшылықтарында, еңбекпен өткен күндердің қаһармандылығы мен үйреншіктілігінде, жеңістер мен сәтсіздіктерде, яғни өмірдің өзінде, оның бүкіл алуан қырлылығында, драматизмі мен ұлылығында», - деді.
Бұл пікірдің біз үшін маңыздылығы – шындықты тек халықтың жасампаз істері мен үйреншікті тіршілігінен ғана емес, қоғам дамуының қайшылықтарынан, сәтсіздіктерден, өмірдің драматизмінен де іздеу қажеттігі туралы ойлары. Мұндай талаптар бұрын әдебиетке қойылмайтын, қайта әдебиетте қоғам дамуының қайшылықтарын айналып өту, одан жалтару әдетке айналған еді. Мұндай өмірді боямалап көрсету жұртты алдауға құрылғаны жалпыға мәлім болды.
Партия мұны көріп, бұлтара алмай қалды. Сондықтан ол осы съезде «бірқатар жылдар бойы объективтік факторлар ғана емес, сондай-ақ ең алдымен субъективтік себептерге байланысты партия мен мемлекет органдарының практикалық іс-қимылдары уақыттың, нақты өмірдің талаптарынан артта қалып келгенін, елдің дамуындағы проблемалардың шешілуінен гөрі тууы шапшаңырақ болғанын, басқару әдістерінің тоқырауын, бюрократизмнің үдеуін, жұмыс қарқынының төмендеуін» мойындауға мәжбүр болды. Сәл кейін КОКП-ның қаңтар (1987) пленумында М.С.Горбачев «Жазушылық творчествоға партиялық көзқарас қалыптастыруды әдеби процеске жөнсіз араласу арқылы, идеялық ықпал етуді әкімшілік шешімдермен алмастыру арқылы жүргізу» саясатын сынады. Мұның барлығы коммунистік партия билігінің әлсіреп, өмір құбылыстарының өктем күйін мойындай бастағанының белгісі болатын.
Бұл жағдайлардың біздің қаламгерлерімізге ой салғаны даусыз. Бұдан кейінгі дәуірде Кеңес қоғамының дамуы жолында қазақ халқы бастан кешкен қиыншылықтарға, аштық, халықтың қырылуы, жер аууы оқиғаларына көңіл аударыла бастады. Кеңестік бюрократтық жүйенің жұмыс әдістері сыналды. Адамдардың табиғатына осы жүйенің жетпіс жыл бойында күштеуі мен зорлауының қатты әсер еткені сөз болды. Мұндай сарындар Ә. Тәжібаевтың өлеңдерінде, С. Елубаевтың «Ақбоз үй», «Мінәжат» романдарында,
С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінде, тағы басқа соңғы жылдары жазылған шығармалар да көрініс берді.
Қазақ прозасының бұл кезеңіндегі ірі табыстарын роман жанрынан көруге болады. Ол өзінің бұрынғы озық дәстүрін жалғастырды.
1984 жылы ұзақ үзілістен кейін Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабын «Жат қолында» деген атпен жариялады. Оның негізгі оқиғасы бұрынғыша Қарағанды жерінде, өндірістің шетел капиталының қолына өтуі оқиғаларына құрыла суреттелді. Кейіпкерлері де негізінен бұрынғы таныс адамдар, жаңа кейіпкерлер ішінен дараланып көрінген - Игілік бидің баласы Кенжеғара. Жазушы шетелдік алып сатарлардың байлыққа құмартқан пиғылын, амал-айласын көз алдымыздан өткізеді. Ескінің тозып, жаңаның өніп келе жатқанын бейнелейтін күреске Кенжеғара араласады. Жас жігіт әділет жолын іздейді, тарих тағылымынан кеш қалған елін алға сүйреуді мақсат етеді. Роман ескі өмірдің күйреуімен, шетелдіктердің Қарағандыны тастай қашуымен аяқталады. Халық алға үмітпен қарайды.
Осынша тарихты бастан кешіп, дүрбелеңге түскен даланың бейнесі – жазғы шапақты күні мен қысқы бораны, жайлауы мен жайлы шуақ түні үлкен суреткердің қолымен жарқын суреттеліп, романға өң берген.
Қазақ тарихының кейбір мәселелері Ә. Әлімжановтың романдарында да көрініс тапқан. «Махамбеттің жебесі» (1969), «Ұстаздың қайтып оралуы» (1978) романдарында ол халық тарихының бүгінгі адам санасына ой саларлық фактілерін іріктеп алуға тырысады. Сонымен қатар жазушы одан жалпы адам баласы тарихына ортақ үндестік табады. "Махамбеттің жебесі" романында Әнуар қазақтың өмір бойы арыла алмай келе жатқан алауыздықтың, рушылдық дертін талдайды. Махамбеттей ұлы күрескер ақынды да мерт еткен осы мінез екеніне назар аударады. Оқырман көңіліне ол, халық мүддесін жоғары қоюдың, бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын ұялатуға ұмтылады. Ал Махамбетті ру мен ауыл көлемінен әлде қайда жоғары, шын халықтық дәрежеге көтерілген ақын ретінде бейнелейді, оның бойына халық даналығының көп сипаттарын жинақтайды. Ақынның ел тағдырына кең көзбен қарауы осыдан.
Ал, «Ұстаздың қайтып оралуы» - IX ғасырда қазақ жерінде туып, бүкіл шығысқа аты белгілі ғалым болған ұлы тұлға Әл-Фарабидің өміріне арналады. Онда ғалымның өмір жолының тәлімді жайларына, артына қалдырған рухани мол байлығына, еңбектегі қайраты мен табандылығына, адамгершілік сипаттарына көңіл аударылады. Ә.Әлімжановтың Әл-Фарабидің Отырардан білім қуып, Шам шаһарына аттануы, оқуы, Бағдат сапары, өмір қиыншылығының суреттері, ел сағынышы, Бәнуге деген сезімін суреттеуі – барлығы ұлы ғалымның тұтас тұлғасын көрсетуді мақсат етеді. Онда мансап пен әділдіктің арасындағы күрес, шығыс дәуірінің кертартпа жақтары дұрыс көрсетіледі. Ә. Әлімжанов романдарында кейде терең көркемдік бояуд жетпей, публицистиканың басып кететін жайлары да байқалады. Ол автордың журналистік дағдысынан туады. Соған қарамастан, Әнуардың қазақ тарихының бүгінгі өмірімізге сабақ болар жайларына көңіл аударуы біз үшін аса бағалы.
Бұл дәуірде негізінен тарихи роман өзгеше тездікпен дамыды. Ол басқа жанрлардың бәрінің алдына шықты. Халықтың өткен тарих пен оның негізгі оқиғалары, ел болу, дәстүрі, бостандық, азаттық идеяларының таралуы, сол бір тұстарда ел басқарған, ел намысын қорғаған азаматтар жайында білуге құмарлығы артты. Ұлттық сананың оянып, қазақтардың елдік салты жайында ойлана бастауы да коммунистік режимнің жібі босай бастағанының белгісі еді. Тарихи роман жанрындағы М. Әуезов дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ романшылары осыған ұқсас әлемнің озық әдебиетінен сабақ алды. Тарих үлгісін өз дәстүріне сүйене отырып дамытты. Осы бір тұстағы тарихи роман жанрының жедел өсіп, ондағы қазақ халқы елдігін, арғы-бергі тарихын кең толғап, көркем талдауда І. Есенберлин, М. Мағауин, Ә.Кекілбаев, С. Мұқанов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Д.Әбілев, С. Сматаев, Ш. Мұртаза, 3. Ақышев, Ж.Молдағалиев, Д. Досжанов, т. б. жазушылар белсенді еңбек етті. Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің жетекші рөл атқарып, қоғамдық ой-пікірдің басқа салаларына ықпал етуі осы авторлар еңбектерімен тікелей байланысты.
Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі. Жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1957), «Көз көрген» (1963), С. Мұқанов «Есею жылдары» (1963), Х.Есенжановтың «Ақ жайық» (1957-1965), Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (1961-1970),
Ғ. Слановтың «Асау арна» (1962) сияқты романдарының атап айтарлық
маңызы бар. Тарихи оқиғаларды терең талдап, олардың қоғамдық өмірдің өзгерістерін түсінудегі маңызын ашуға ұмтылыс бұл шығармаларды көп жағынан туыстырады. «Дауылдан кейін», «Көз көрген», «Есею жылдары» сияқты шығармалар жиырмасыншы жылдардағы қазақ жеріндегі сілкіністі рухани жаңаруға беталысты суреттейді. Оларда бейнеленген өмір сол дәуірдегі тап тартысының жағдайында өтеді. Негізінен жаңа өмір үшін күрестің күнгей жағын суреттеуге бейімделісімен, шығарма авторлары жаңа тұрмысқа көшу көшпелі қазақта оңайға түспегенін, олар көрген қиыншылықты көрсетеді. Алайда дәуір идеологиясының әсері байқалмай қалмайды. Халық басынан кешкен азайған зардаптары, күштеу, ашаршылық жайлары сөз болмай, тасада қалады.
X. Есенжановтың «Ақ жайық» атты үш томдық романы – қазақтың революцияшыл әдебиетіне өз жаңалығын ала келген шығарма. Сталиндік репрессияға ұшыраған автор ерте ойланған тақырыбын тек 50-жылдардың орта кезінен бастап жазуға мүмкіндік алды. Онда Қазақстанның батыс аймағында болған әлеуметтік тартыстардың тарихы суреттеліп, соған қатысқан адамдар тағдыры ашылады.
Роман кейіпкерлері өмірдің шытырман жолынан өтіп, шындықты біртіндеп таниды. Дәуір шындығын мол қамтыған жазушы характерлер тағдырын да оңайлатпайды. Онда сан қилы бейнелер (Хакім, Әйтиев, Дмитриев, Шолпан, Қаратаев) жасалған. Роман өзгеріс тудырған санадағы жаңалықтарды кең қамтиды. Онда қазақ ауылының жаңа жолға түсуге дейінгі өмірі де мол суреттеледі.
Ғ.Слановтың «Асау арна» романы Жетісу бойындағы (дәлірек айтсақ, Қарғалы шұға комбинаты орналасқан өңірде) халықтың революция алдындағы өмірі мен әлеуметтік күреске қатысын көрсетеді. Қарғалыда фабрика салдырған саудагер Шахворостовтың әрекеті қазақ ауылының болысы Күдерінің қанаушылық саясатымен ұласып, еңбекші халықтың өмірін ауырлата түседі. Осыған жалғас 1916 жылы қазақтан майданның қара жұмысына солдат алу оқиғасы туады да, Қарғалы бойының екі жақты зорлық-зомбылыққа ұшыраған халқы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады. Олар Верныйдағы революцияшыл күштермен байланыс жасап, азаттық үшін күреске аттанады.
Дәрісті бекіту сұрақтары: : 1.60-70-жылдарда қандай тарихи романдар жарық
көрген?
2. Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде тарихи романдардың халықтық жаңа сапаға ие бола дамуы қандай дәрежеде болды?
3. Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкенің» екінші кітабы «Жат қолындасы» не жайлы?
4. Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың қайтып оралуы» романдары кімдерге арналған?
5. X. Есенжановтың «Ақ жайық»,Ғ.Слановтың «Асау арна» романдарындарының сюжеттік желісі не?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58,
62, 63.
19,20 Дәріс 1960-2000 жылдар аралығында тарихи адамдар өмірінен
алынып жазылған шығармалар
Дәрістің мақсаты: Тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін,көркем шығармалардағы бейнеленген образдарын негізге ала отырып дәріс барысында түсіндіру.
Тірек сөздер: Аққан жұлдыз, Алғашқы қоңырау, Шамшырақ, Жыр күмбезі т.б.
Дәрістің жоспары: 1. С. Мұқановтың, Ж. Молдағалиевтің, Д.Әбілевтің,
С. Жүнісовтің, З. Ақышевтің әдебиет тарихында елеулі
мән-мағынаға ие болған туындылары жайлы.
2. Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» , «Жұлдызды көпір» романдары.
3. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағына арналған
« Қоғабай» романына тоқталу.
4.Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар.
Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» (1967-1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» (1965-1971), С. Жүнісовтің «Ақан сері» (1971-1978), 3. Ақышевтің «Жаяу
Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылады. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар бір келкі емес. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.
Сәбит Шоқан өмірі жайлы деректерді көп жинап, ол туралы пьеса да, ғылыми еңбек те жазған жазушы. Ал, романды ол үш том етіп, кең көлемде жоспарлаған. Онда Шоқанның ата-бабасы, ол дүниеге келмей тұрған кездегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер де мол қамтылады. Оның балалық, жастық шағын, оқып, қоғамдық іске араласуын тәптіштеп ұзақ суреттейді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының жиілеуіне байланысты оқиғалар, патшалық Ресейдің ел билеу жүйесіне кіруі, оған қатысты адамдар тағдыры жайлы мәліметтер де мол. Қазақтың ел билеуші жаңа қауымы Есеней, Шорман, Зілқара, Шыңғыстардың өзара байланысы, ортасы, орыс әкімдері Драгомиров, Сперанский, Курагин, Потанин, Госфорт, т. б. жайында да әңгімеленген. Шоқан осы ортадан білім алып өседі, оған ХІХ ғасырдағы орыстың демократтық ағымының әсері тиеді. Сонымен бірге жинақтаудың жетіспеуі, ұзақ-ұзақ баяндаулар романның елеулі олқылығы ретінде көзге түседі. Роман сүйегіне сіңіспей тұрған оқиғалар да баршылық.
Осындай үлгідегі ізденіс Жайсаңбек Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин жайындағы романында да байқалады. Онда Ыбырайдың өмірі мен қызметі қазақ даласында жаңа типті мектеп ашу, осы жолдағы қиыншылдықтар, ел өміріндегі әділетсіздікке араласу, қазақ жеріне алғашқы қоныс аударушылардың келуі мәселелері төңірегінен көрінеді. Ыбырайдың жары Айғаныс, інісі Күдері, дала батырлары Аю мен Тұрсынбай, саудагер Исфахан, Сұлу Фатен, поп Иохим, дуан басы Яков Петрович сияқты адамдар жап-жақсы мінез-құлқымен көрінеді.
«Ақан сері» романы да қазақ әдебиетінің озық туындыларының қатарына кіреді. Мұнда да беймезгіл заманда өмір кешкен өнер адамының жан дүниесі жарқын бейнеленген. Ол үлкен өнер иесі есебінде әрқашан халық ішінде көрініп, оның өмір азабын жеңілдетуші, рухани демеуші боп көрінеді. Сұлулықты сүйе білген Ақанның әндері де, өлең-жыры да, ол кешкен серілік өмір де сол сұлулықтың нышаны. Қанша қысым, қастандық жасалса да, сұлулық, өнер өлмейді. Ақан да кейінгі ұрпаққа өлмейтін өмір қалдырды.
Сәкен романы бүкіл рухымен бізге осыны ұғындырады. Оның махаббатына, Құлагеріне, қыран құс, алғыр итіне дейін оған қатысты өмір шындығын бейнелеуге жазушы мол оқиғалар тізбегін пайдаланған. Негізгі тұлға Ақан романда көп жақсы қасиеттерімен есте қалады. Әнші, алғыр ақын, айтыс өнерінің тапқыры ол жамандық атаулыны тіліп айтатын сөз өнерімен де, достыққа, сыйластық-құрметке құмар үлкен жүректі парасатымен де көп ортасынан биік тұрады. Жазушы оның атақты әндерінің шығу жайларын, Ұрқиямен, Ақтоқтымен, Қадишамен махаббатын әсерлі суреттеген. Ақанның анасы Жаңыл, Әлібек батыр паң Нұрмағамбет, Батыраш, Саққұлақ, Сүлеймен сияқты сол дәуірдің білікті адамдарының бейнелері де есте қаларлықтай боп шыққан. Романның ажарлы тілі де сері туралы романға лайық көркем, бейнелі. туындылар
Осы қатарда өнер адамдарының өміріне арналған тағы бір топ деп – З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ»,
А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романдарын да атау орынды. Оларда Мұсаның, Нартай Бекежановтың, Базар жыраудың және басқа сыр сүлейлерінің өмірі мен еңбегі суреттеледі. Көркемдік ізденістері мен табыстары біркелкі болмаса да, олардан дәуір суреті мен өнер шындығы мол көрінеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, той өткізу, қонақ күту салты кең танылады.
Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар легінде Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» (1979-1983) Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (1978-1980), «Жұлдызды көпір» (1987) атты романдарының да көрнекті орны бар.
«Қоғабай» романы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағы мен көтеріліске басшы болған кезін суреттеуге арналған. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік күрестердің фонында дамиды. Аманкелді жас кезінде ел билеушілер тарапынан жәбір көріп өседі де, кейін төменгі тап мүддесі жолында күрескер боп шығады. Ал, Шерхан романдары Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер Тұрар Рысқұловтың өмірі мен еңбегін суреттеуге құрылған. Тұрар XX ғасырдың басындағы әлеуметтік өзгеріс дәуірінің үлкен қайраткері. Ол орнатысқан өкімет кейін күштеу мен зорлаудың билігіне айналып кеткенмен (өзі де сол өкімет қолынан қаза тапты ғой), оған тілектестер халықтың азаттығын, теңдігін идеал тұтқаны даусыз. Сондықтан Тұрардың, тағы сол сияқты социалистік революцияны қолдаған қайраткерлер еңбегі тарих алдында айрықша бағалауға тұратын, бірақ ақталмаған, ауыр еңбек. Тұрарлар жолы – кездейсоқ емес, әлеуметтік теңсіздіктің сырын терең түсініп, соны шешуге ұмтылған саналы күрескерлер жолы. Шерхан романда әуелде әкесі Рысқұлдың өз кезіндегі әділетсіздікке қарсы күресі арқылы Тұрарларға ой салған идеяның түп-төркінін ашады. Қоғамдық даму бағдарына қоса жас Тұрардың жүрегіне түскен жара оны үлкен қайраткерлікке дайындайды.
«Қызыл жебе» – тарихи оқиғалар легін эпикалық кеңдікпен суреттеуге құрылған шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығы қатысушылардың дараланған характерін аша білу шеберлігімен ұласып, нанымды жолмен дамиды. Кеудесін ешкімге бастырғысы келмейтін Рысқұлдың Түлкібас, Жетісу жеріндегі өмірі, оның азаматтық ерлігін көрсетер негіз болса, Тұрар сахнаға шыққан кездің оқиғасы жас адамның саналы күрес жолында шыңдалуын дәлелді ашады. Оның революция тұсындағы, орнату, оны нығайту жолындағы еңбектері романда жан-жақты бейнеленген. Әсіресе, жазушы Тұрарды ұлт қайраткері ретінде жақсы көрсете білген. Оның революциялық оқиғалардың бәрінен қазақтың ұлттық мүддесіне, жалпы Түркістандағы мұсылман халықтары пайдасына қызмет етер ой-пікірлерді таңдауы, шовинистік, кертартпа отаршылдық көзқарастарға қарсы күресі осыны аңғартады. Оқырман осы саясаттың отаршылдық пиғылдан арылмаған өкіметке тиіп жатқанын, оның аяғы есепсіз кетпейтінін сезеді. Бұл романның үлкен табысы.
Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д. Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес. Бұл романдарын автор XX ғасыр басындағы қазақ халқының ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен еңбегіне арнаған. Романның сюжеттік желісі Сұлтанмахмұттың жас кезінен бастап, басынан өткен тарихи кезеңнің негізгі суреттеріне құрылады. Онда сол тұстағы қазақ қоғамының даму қиыншылықтары мен қайшылықтары, ел өмірінің шындық әлеуметтік революциялар әсерімен ақынның демократтық көзқарасының қалыптасуы нанымды бейнеленген. Сондай ортада басты қаһарманның жанды бейнесі аталады. Қашанда шыншыл, әділет үшін күресуші, өктемдікке жаны қас, ел тағдырын жеке адам мүддесінен жоғары қоя білген Сұлтанмахұт бейнесі – романның айрықша атап айтар табысы.
Сұлтанмахмұт өміріне қатысты оқиғаларды іріктеп ала білуде де, оның заманының қайшылықты сырларын ашуда да, ақын шығармашылығына арқау болған әлеуметтік шындықты көркем бейнелеуде де Диқан шеберлігі ерекше танылады. Романда Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайлары, оның ой-сезімнің күрделі сыры сайрап жатыр. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлықты, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын жазушы ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене, оның шығармаларындағы ойларды көркем бейнелеу арқылы ашып берген. Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаның сырын, әділетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын автор Жарқынбай, Әбунүсіп, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар қоғам дамуының әр кезеңінде туып, бірінің әрекетін бірі жалғастырған феодалдық тіршіліктің қорғаушылары. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі, көбінесе, осы типтермен қақтығыс үстінде суреттеледі.
«Сұлтанмахмұт» – ақын туралы роман. Сондықтан онда халықтық өнерге, махаббат, жастық сезім әсерлеріне көбірек көңіл бөлінеді. Акынның Мәликеге деген сезімі, биік мұратты махаббаты – шығарманың ең бір қызықты оқылатын беттері. Сұлтанмахмұт маңында жаңашыл жастар өсіп келе жатқаны да оқырманды оптимистік сенімге бөлейді. Романға М.Әуезовтің Абай туралы шығармасының әсері тиген. Ол өзінің реалистік байсалдылығымен, характерлерінің шыншылдығымен, Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаны аша білуімен, ақынның ағартушылық демократиялық көзқарасын таныта алуымен қазақ әдебиетіндегі өнер адамдары туралы романдар легінде елеулі орын алады.
Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар ішінде
С. Бақбергеновтің «Қайран шешем» (1963) романының да елеулі орны бар. Ол – қазақ халқының күйші қызы Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы шығарма. Роман аты авторының өзінен үйреніп, Дина тартқан Құрманғазы күйіне қойылған. Сол арқылы ұлы күйші алдында тебіреніп ашылған Динаның бағы асқақтайды, осы күй оның өмірінің азығына айналады. Роман Дина өмірінің басты кезеңдерін, құпия есебінде қалыптасу сәттерін келісті аша білген. Онда өнер адамының көңіл күйі, шабытты шақтары тартымды суреттеледі.
Дәрісті бекіту сұрақтары: 1 Әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған қандай туындылар бар екен?
2. Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір» романдары кімдерге арналған?
3. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағына арналған романды кім жазды?
4. Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған қандай шығармалар бар?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58,
62, 63, 74, 75, 76, 77, 78.
21,22 Дәріс І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтің тарихи
тақырыптағы шығармалары
Дәрістің мақсаты:Осы жазушылардың тарихи шығармаларының оқиғаларын
салыстырып түсіндіру .
Тірек сөздер:Кенесары, Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай, Аласапыран,
хан,тарих т.б.
Дәрістің жоспары: 1. I. Есенберлиннің тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969)
романына тоқталу.
2. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы
шығармасы – «Алтын орда» атты үш томдық романы жайлы.
3. Қазақ-Ресей қарым-қатынастарын суреттейтін шығарма
Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты екі томдық романы.
4.Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын суреттейтін
Ә.Кекілбаевтың «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары.
Елуінші жылдардың бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты талқылаулар, көрнекті тарихшылар мен ғалымдардың қуғындалуы әдебиет алдында тарихи тақырыпты біржола жауып тастағандай еді. Орыс халқымен достықты жазған жекелеген шығармалар болмаса, қазақ тарихының көптеген күрделі мәселелері жабық жатты. Әсіресе, Кенесары қозғалысының кертартпа-реакциялық тұрғыдан бағалануы халық тарихындағы азаттық идеясын көтеруге тыйым болды. Осындай ұзақ үнсіздікті алдымен, алпысыншы жылдардың аяғында
I. Есенберлин бұзды. Оның ең бір даулы, қиын тарих беттеріне арнаған «Қаһар» (1969) романы әуелде көп адамды шошытты, әрі таң қалдырды. Әуелгі әсер біртіндеп басылды, роман оқылды, орнықты. Көп дауға түскен жоқ. Бұған бірінші себеп - қоғамдағы идеологиялық бақылаудың әлсірей бастағаны болса, екіншіден жазушының Кенесары қозғалысын бағалаудағы екі жақты көзқарасы болды. Патша отаршылдығының күшейіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің ауырлауы жағдайында көтерілген Кенесары қозғалысының алғашқыда халықтық сыпат алғанын, тілектес жұрттың оның соңынан ергенін көрсете отырып, Ілияс Кенесарының хан көтерілгенінен кейін көтерілістің халықтық сыпаты әлсіреп, жеке бастың хандық мүддесі үстем бола бастағанын суреттеді. Кенесары соңынан ергендердің одан қол үзіп, айырыла бастауы да осыған байланысты. Мұндай концепция билеуші идеология саясатына онша қиғаш та келмейтін еді. Олар көтерілістің осылай бағалануына келіскендік білдірді. Негізінен, Кенесары қозғалысының екі жақты сыпаты жайлы осындай пікір ұстана отырып, Ілияс ресейдің отаршылдық саясатының қазақ халқының өмірін ауырлатып жібергені, Кенесары көтерілісінің туу зандылықтары, Кененің жеке басының әскери басқарушылық таланты жайлы жазды. Онда халық адамдарының арман-мұраты мен өкініші, күйініш-сүйініші, олармен тілектес ел басшыларының (Кене және оның айналасы) бейнесі жаңаша ұғым-түсінікте жасалды. Бұрын хан, би, жырау сияқты ел билігіне араласқан адамдар тек үстем тап адамы есебінде теріс бағаланып келсе, Ілияс бірінші рет қазақ әдебиетінде олардың ісі, арман-тілегі, ой-пікірі халық тағдырымен байланысты болғанын ашты. Романда Кенесарыға қоса оның батыр інісі Наурызбайдың, сарбаздары Ағыбайдың Иманның, Төлебайдың, Бұқарбайдың тағы басқалардың ерлік бейнелері жасалған. Жазушы қозғалыстың қайшылығын, жеңілу себептерін де жасырмай, жақсы-жаманды айыра көрсетеді. Кененің өзін көтере көрсетуге тырысуын, кейде өзін қызықтап кететін мінін де, қатыгездігін де ашық айтады.
Сөйтіп,"Қаһар"тарихта қайта қозғаудың басы болған, халықтың отаршылдыққа қарсы азаттық күрестері жайлы елдің есіне салып,оның санасын оятуға көмектескен шығарма боп тарихқа кірді.Қазақ халқының XVғасырдан бергі тарихы жайлы жаңа романдар («Алмас қылыш», «Жанталас»)жазған Ілияс кейін «Қаһарды» осы серияның үшінші кітабы етіп қосты.Бәрі бірігіп «Көшпенділер» деген трилогияны құрады.«Алмас қылыш» (1971) дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайырдың билігінде болған қазақ руларының топтасуын, олардың билікке таласып, Жәнібек, Керей бастаған қазақтардың бөліну үрдісін көрсетуге арналса, «Жанталаста» (1973) қазақ хандығының жоңғарлардың шабуылынан қорғану тарихынан мол мәлімет береді. Онда Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай хандар тұсындағы қазақ елінің жайы суреттеледі. «Алмас қылыштың» идеясы қазақ руларының бірігуі, бөлек ел болуы жайына құрылса, «Жанталаста» қазақ халқының елін қорғау және ұлттық мемлекетті орнықтыру жолындағы күресі негізге алынады. Екі роман да қазақ халқының саяси-экономикалық ахуалы мен көшпелі елдің рухани өмірін кең суреттейді. Халықтың ел қорғаған батырлары мен шешен билерінің бейнелерін жасайды. Роман стилінде халық әдебиетінің, эпостың бейнелеу тәсілдері байқалады. Қазақ елінің ұзақ (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар) тарихын көркемдікпен танытуға арналған шығармада хроникалық сыпат та мол. Сөйте тұра, «Көшпенділер» қазақ тарихының негізгі кезеңдерін, ондағы дамудың бағыты мен оқиғаларын, тарихи қайраткерлері өмірін кеңірек түсінуге жол ашқан тың шығарма болды. Ол бүгінгі ұлттық мәдениетімізге жаңа леп әкелді.
Ілияс Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы шығармасы – «Алтын орда» атты үш томдық романы (1983). Мұнда XIII-ХҮ ғасырларда күшті мемлекет болған «Алтын Орданың» саяси-қоғамдық, мәдени өмірі суреттеледі. Орыс тарихы мен әдебиетінде кездесетін (кейде оқиғаларды сыңаржақ көрсететін) еңбектер болмаса, бұл тақырыпқа бұрын бірде-бір қазақ қалам тартып көрген емес. Осы жағынан алғанда, I. Есенберлин романы - біздің тарихи көркемдік ой-пікірімізде жаңа сөз. Онда Алтын Орданың біртұтас мемлекет болып қалыптасу, кемелдену кезі, құлау жолы қамтылған мол материал пайдаланылған. Қаншама оқиғалар, аты-жөні аңыздар мен шежірелерде сақталған кейіпкерлер нақты іс-әрекетімен көрінеді. Бату, Бірке, Өзбек хан, Орыс хан, Әмір-Темір, Тоқтамыс, Едігелер қатысуымен өткен тарих кең сурет тапқан. Алтын Орданың Ресей, Қырым, Кавказ, Мауереннахр, Иран мемлекеттерімен байланысы ашылған.
Роман ертедегі тарихқа, аңызға сүйеніп жазылғандықтан онда аңыз, әңгімешілдік стилі көбірек пайдаланылды. Оның оқиғалық жүйесі тарихи хроникадан, шежіреден тұрады. Жазушы осы материалдарды көркемдік толғамнан өткізіп, әлеуметтік, психологиялық суреттермен байытқан.
Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының басталуы мен күрделі жағдайда өрістеуін суреттейтін үлкен бір кең тынысты шығарма – Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» (1981 -1983) атты екі томдық романы. Әуелді көне дәуірден қазақ, әдебиетін зерттеуші болған Мұхтар XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың жыраулық поэзиясын аша жүріп, "Аласапыранның" уақиғасына тап болғанға ұқсайды. Роман XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың бас кезіндегі қазақ ордасы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынас тарихын қозғайды. Мұнда қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхамед сұлтанның аңдаусызда Сібірдегі орыс воеводасының қолына түсіп, Мәскеуге апарылуы, орыс патшасының қарамағында жұмыс істеуі, еліне қайтуға рұқсат бермегенмен, патшаның оны құрметпен ұстауы, Ресейдің сыртпен соғысына қатысып ерліктер көрсетуі, ақыры Қасымов хандығына тағайындалуы, сондағы өмірі, өлімі суреттеледі. Орталық кейіпкер сол болғандықтан романда орыс-қазақ қатынасының көп мәселелері, Ресейдің қоғамдық өмірінің шындығы–бәрі Оразмұхамедтің сезімімен, ой-пікірі арқылы суреттеліп отырады. Көрші елдердің құрметті адамдарын қолға ұстап, сол арқылы қарым-қатынасты жөндеу, біртіндеп бағындыру сол тұстағы Ресей саясаты болғаны да анық көрінеді. Бұл арқылы жазушы орыс-қазақ елдері байланысының ұзақ және күрделі тарихы бар екеніне көңіл аударады. Алғашқы қазақ жеріне келген орыс елшілігі жайы сөз болады. Ал, орыс мемлекетінде Оразмұхамед куә болған тарихи оқиғалар шындығы елдің ішкі мәселелеріне қоса, Борис Годунов өлгеннен кейінгі аласапыран кезеңді қамтиды. Роман осыдан төрт ғасырдай бұрынғы, бүгін ұмытыла бастаған тарихты жаңғыртып, көп адамдардың бейнесін аша білуімен ерекшеленеді. Әсіресе, Қасымов хандығының құрылу тарихы, онда халықтардың қарым-қатынасы, қайшылықтары тартымды суреттеледі. Шығарма Мұхтардың суреткерлік өнерін де кең паш етті. Елден алыс қалған Оразмұхамед пен оның маңындағы адамдардың сағыныш сезімі, көңіл күйі, қуанышы мен қайғысы жан тебіренерлік суретке түскен. Роман бұл жанрдың ең тартымды туындыларының қатарына кіреді.
Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын (XVIII-XIX ғасырлар) Ә.Кекілбаев жазды. Оның «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары Қазақстанның Ресей құрамына кіруі мен содан кейінгі алғашқы дәуірдің күрделі қарым-қатынасын суреттейді.
Бұл – Әбіштің тарихи тақырыпқа алғашқы қалам тартуы емес сді. «Аңыздың ақыры» (1974) атты тұңғыш романын ол халық жадында сақталған аңыз сюжетіне құрып, тарих туралы философиялық толғаныс жасаған. Бас-аяғы екі-үш-ақ адамның (хан, кіші ханша, шебер) іс-әрекетіне негізделген роман кейіпкерлерінің ішкі сезім күйін, жан әлеміндегі толғанысын суреттеуге құрылады. Хан жорықта жүргенде, оны құрметпен күтіп алғысы келген кіші ханша мұнара салғызады. Мұнараны салушы шебер ол арқылы кіші ханшаға іңкәрлығын бейнелейді. Оған қызғаныш танытқан хан шеберді жазалайды. Жазушы ішкі монологты пайдалана отырып, характерлерді сыртқы әрекет емес, шикі ой-сезім арпалысы арқылы ашады. Хан характерінде де күйініш-сүйінішін сездірмегенмен, толғаныс басым. Ханша мен шебер мұнара тілімен сөйлеседі. Мұнара - шебердің жан сезімі, құмарлығы. Оны түсінерлік, өсімдікті танырлық сезім ханшада да мол. Ханға хабар өзегін құрт жеген қызыл алма арқылы беріледі. Ойлы хан әлемді тебіренткен әміршілік әрекетінің өткіншілігін, опасыздығын түсініп, ханшаға қызғаншақтық танытады. Бұл да ұсақ дүние. Ойлап қараса, дүние опасыз екен, қызғаныш пен сабыр, өкініш пен үміт, қанағат пен тойымсыздық қатар жүреді екен. Хан осыған талдау жасайды.
Осыдан бастап ішкі монолог Әбіштің жазу мәнеріне еркін кіргенін байқаймыз. «Үркер» романындағы қазақ тарихының мәселелері (қазақ хандығының көшпелі салтанаты, дербестігі, ел ішіндегі жағдайлар, алауыздық, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің бірлік үшін күресі, т.б.) де Әбілқайырдың ойлауы, еске түсіруі ретінде беріледі. Бірақ тиянақ таппаған тарих елді тағы да тығырыққа тіреп отыр. Жоңғар шабуылы тықсырып барады. Осыдан Әбілқайырда Ресей мемлекетіне бодан боп кіру идеясы туады. Жеке елдің ханы боп тыныштық таппаған Әбілқайыр орыстың панасына кіріп, сән түземек, аброй-атаққа ие болмақ. Роман Әбілқайырдың орыс патшасына елші жіберуі, Тевкелев бастаған елші келуі, оның қазақ ру басшыларынан ант алуы оқиғаларына құрылады. Әрине, бұл оп-оңай іске аса салмайды. Әбілқайыр шешіміне наразы ру басшыларының тартысы, ханның айла-амал қолдануы, т. б. жайлар романда кең суреттеледі. Романда сонымен бірге ел тағдыры, оны ұстаудың жайы, орысқа бағынудың себеп-салдары сияқты мәселелер маңында ой толғақ мол. Ондағы адам характерлері де жарқын жасалған.
«Елен-алаң» «Үркердің» жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайырдың, арасында қиыншылдық пен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің ара қатынастарының ширай түсуі сөз болады. Роман оқиғасында қазақ делегациясының Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы мен қазақ даласына сапары, Ор өзені бойында бекініс салу, Татищев пен Әбілқайырдың кездесуі, Әбілқайырдың бодандыққа беріктігіне қайтадан ант беруі сияқты жайлар қамтылған. Башқұрттар көтерілісі, оның қазақтарға әсері негізгі арнаға қосылып суреттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |