VII – ші апта.
7 кредит сағат
ОЖСӨЖ мазмұны :
1. Жекпе-жек сайыстары белгілерімен жұптасып және командалық түрде ойналатын қимылды ойындар.
Тымақ ұру
Ойын көгалды алаңда өтеді. Ойынға қанша бала болса да қатыса беруге болады, олардың жас мөлшеріне де шек қойылмайды. Ең әуелі ойыншылар екі-екіден бөлініп жұп құрады. Ойынға ұлдар ғана қатысады.
Ойын ережесі. Көмбеден 20 адымдай жерге қағылған ат бойындай сырыққа тымақ кигізіледі. Ереже бойынша әр жұп бірінің-бірі мойнына мінеді де « салт аттылар » тобын құрайды. Ойын жүргізушінің әмірімен үстінде отырған баланың көзін орамалмен таңып, қолына қамшы ұстатады. Ойыншының міндеті – тымақты ұрып түсіру. Осындай тәртіппен тымақты қатарынан үш рет ұрып түсірген адам жеңген болады.
Жаяу көкпар
Ойын күні бұрын белгіленген жерде бозбалалардың қатысуымен өтеді. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Әдетте, бұл ойынды ұл балалар ойнайды.
Ойын ережесі. Балалар көмбедегі белгіленген түзу сызықтың бойына қаз-қатар тұрады. Ойын жүргізушінің берген белгісі бойынша көмбеден бір мезгілде тұра ұмтылған балалар 10 адымдай жерде жатқан көкпарды қай бұрын жеткені алып қашады. Қолында көкпары бар бала арасы бір шақырымдай екінші көмбеге бұрын жетуге тиіс. Сөйтіп көкпарды ешкімге бермей әкелсе, сол ойыншының ұтқаны. Бұл ойында көкпардың орнына бөрік немесе басқа бір затты қолданады.
Салт аттылар
Ойын көгалды алаңда не болмаса төсеніші бар спорт залда өтеді. Ең әуелі ойыншылар екі-екіден бөлініп жұп құрады. Бұл құрылған жұптардың өзі тең екі командаға бөлінеді. Ойынға ұлдар ғана қатысады.
Ойын ережесі. Ереже бойынша әр жұп бірінің-бірі мойнына мінеді де « салт аттылар » тобын құрайды. Себебі, күш сынасатын аттылардың астыңғысы « аттар » да мойында отырғандар « аттылар » болып саналады. Енді ойын басқарушының берген белгісімен ойын басталады.
Ортаға екі командадан бір-бір « салт-атты » шығады. Ойын шарты бойынша « аттылар » бір-бірін аттан түсіріп тастауы керек. Ойын барысында қай топтың « аттылары » көп құласа, сол команда жеңіліс табады. Соңынан ойын басқарушы жеңген топты жариялайды.
Әдебиеттер :
1. Қазақтың ұлттық спорт түрлері., М.Болғамбаев., Алматы : Қайнар., 1983 жыл. – 66 бет.
2. Қазақтың ұлттық ойындары., Б.Төтенаев., Алматы : Қайнар., 1994 жыл. – 114-118 беттер.
3. Қазақтың ұлттық ойындары., Е.Сағындықов., Алматы : Рауан., 1991 жыл. – 111-112 беттер.
4. Дене тәрбиесін өткізу және басқару., З.Есмағамбетов., Қарағанды., Арко., 2004 жыл. 159-168 беттер.
5. Дене тәрбиесі ілімінің негіздері., З.Есмағамбетов., Қарағанды., Арко., 2001 жыл. – 69-70 беттер
Достарыңызбен бөлісу: |