11-сұрақ. Ерте темір тайпаларының этносаяси және әлеуметтік тарихы. Сақтар. Массагеттер. Савроматтар мен сарматтар.
Ерте темір дәуірінін ерекшеліктері. Сақ және сармат тайпалық одақтары.
Сақ және сармат тайпаларының кезеңдері. Сақ және сармат тайпалары туралы деректер. Темір дәуірі немесе темір ғасыры — тас дәуірі және мысты мен қола дәуірлерінен кейінгі үшінші ірі тарихи кезең болып табылады. Темір дәуірінің ерте кезеңі ерте темір дәуірі деп аталған. Оның басталу мерзімі әр елде әрқалай. Қазақстан және оған көршілес аймақтарда ерте темір дәуірі б.з.д. 1 мыңжылдықтың басында басталып, б.з. 1 мыңжылдығының орта шеніне дейін жалғасады. Ал жалпы темір дәуірінің аяқталу уақытын кей ғалымдар Еуропадағы өнеркәсіп төңкерісінің басталу мерзімімен байланыстырса, ал енді бір тарихшылар үшін темір дәуірі бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Себебі темірдің қорытпасы болып табылатын болат пен шойын осы заманның да негізгі конструкциялық материалы болып табылады. Ерте темір дәуірінде қазіргі қазақ жерінде сақ, сармат, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары өмір сүрді. Сақтар мен сарматтар. Б.з.д. 1 мыңжылдықтаҚазақстан жерінде, Орталық Азияда, кейінірек Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанда сақ деген жалпы атауы бар тайпалар мекендеген. Дәл осы заманда Солтүстік Қара теңіз, Днепр өзені бойын скиф деп аталатын тайпалар жайлаған. Олар мәдениеті жағынан сақтарға туыстас болған. Осы кезде Еділ жағалауында, Орал тауының оңтүстікшығыс бетінде савромат тайпалары өмір сүрген.
Геродот сақ және скиф тайпаларының туыстығын көрсете келіп, олардың ортақ «сколот» деген атпен де белгілі екендігін айтады. Геродоттың айтуы бойынша, бұл тайпаларға скиф деген атауды гректер берген. Олардың тегі Азиядан шыққан.
Көне парсы жазба ескерткіштеріне жататын «Персеполь», «Бехистун» жазуларында тур тайпаларының ортақ атауын сака деп береді. Біраз кейінірек табылған жазбаларда сақтарды ендігі жерде үш топқа бөледі. Олар — парадарайя сацтары, тиграхауда сацтары және хаомаварга сақтары.
12-сұрақ. Ғұн тайпаларының шығу тегі мен этникалық тарихы мәселесі. Ғұндардың (сюнну) империясының саяси тарихы.
Қытай деректерінде “Ғұн” атауы б.з.б. 3 ғасырдың аяғында пайда болған. “Ғұн” сөзі “гун руң, хун ю” атауларымен берілген. Ғұндардың басшысын “шаньюй” деп атаған. Ғұн мемлекеті әскери жүйе бойынша құрылып, үш қанатқа бөлінген.
Шаньюйден кейінгі басты тұлғалар – түменбасылар болды. Шаньюй түменбасыларын өзінің ұлдары мен інілерінен, жақын туысқандарынан тағайындаған. 24 руды 24 түменбасы басқарған, әрқайсысында 10000-нан атты әскер болған. Түменбасы мыңбасын, жүзбасын, онбасын тағайындап отырды. Бұлардың әрбіріне көшпелі тұрғындарымен қоса, белгілі бір аумақ белгіленген.
Ғұн империясының басқару тобы ру-тайпа ақсүйектерінен құралған. Бекзадалар “Аспанға, Жерге, ата-баба аруағына және көктегі тәңірге арнап құрбандық шалу үшін” жылына үш рет ақсақалдар кеңесіне жиналып, мемлекеттік істерді талқылады. Жиналғандардың бәрі шаньюйдің туысқандары болатын.
Ғұн мемлекеті әскери жүйе бойынша құрылып, 3 қанатқа (сол, орталық, оң) бөлінген. Ерлер жасаққа тіркелуге, әскери жаттығулармен шұғылданып, жебелі садақ, қылыш пен найза алып жүруге тиыс болган.
Қытай дерегінде ғұндардың күш-қуаты туралы: “ғұндардың құдіреттілігі сондай, олардың елшісі қолындағы шаньюйдің сенім таңбаларымен көрші елдерге барды, ол елдер бір мемлекеттен екінші елдерге шығарып салып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды…” - деп жазылған.
Ғұн тайпаларының бір мемлекетке бірігіп, саяси күшейген кезі Мөде шаньюйдің тұсы. Мөде шаньюйдің жасаған әскери реформалары ғұндарды қуатты мемлекетке айналдырды. Олар оңтүстігіндегі дунхуларды талқандап, басып алды. Ғұндар кезеңі б.з.б. 3 ғасыр мен б.з.-дың 4 ғасыры аралығын қамтиды.
Мөденің тұсында ғұндар Қытайдың Хань әулетінің негізін қалаушы Лю-Банды жеңіп, бағынышты етті. Сөйтіп, Байкалдан Тибет тауына дейін, Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі аралықта Ғұн мемлекеті құрылды.
Достарыңызбен бөлісу: |