Саясат.
Елбасына тұғыр болған Сарыарқа. Сарыаркинский взлет Елбасы / Құраст. Аман Жангожин. - Астана: Фолиант, 2014. - 360 бет.
Кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектегі және саяси қайраткерлік қызметі басталған Қарағанды облысымен байланысына арналып отыр. Мұнда ардагер журналистердің Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы еңбек қадамдары туралы жазған очерк-суреттемелері, қазіргі БАҚ қызметкерлерінің Елбасы туралы мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған. Қоғам қайраткерлері, достары мен әріптестері, белсенді авторлар болашақ Мемлекет басшысының Днепродзержинскінің техникалық училищесінде, Қазақстан Магниткасының домналары мен алып цехтарында, комсомол және партия қызметінде қалай өсіп, шыңдалғанын, қайраткерлік қасиеті қалай қалыптасқанын ілтипатпен еске алысады. Материалдар кезінде республикалық және жергілікті баспасөзде, жекелеген кітаптарда жарияланған.
Тіл білімі.
Айтбайұлы Ө. Тілғұмырлар: (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары) / Ө. Айтбайұлы. -Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014.-400 бет.
Кітапта қазақ терминологиясының атасы атанған А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов, тіл тарландары І. Кеңесбаев, М. Балақаев және тіл мәртебесін биікке көтерген көптеген тілші ғалымдардың педагогтік және қоғамдық қызметі туралы жан-жақты баяндалған. Сондай-ақ мұнда өз кезінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындаған С. Сейфуллин, ұлты үшін жаны күйген Ө. Жәнібеков, адалдық пен әділеттің жаршысы Н. Оңдасынов, өлең сөздің білгірі З. Ахметов және сазгерлер Ш. Қалдаяқов пен I. Жақановтар туралы да көркем эссе тұрғысынан шебер баяндалған.
Еңбек қазақ тілі жанашырларына және жалпы оқырман көпшілікке арналған. Мемлекеттік тіл тағдырына қызығушы мамандар мен жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері үшін де танымдық мәні бар.
Әдебиеттану.
Т. Мәмесейіт. Таным таразысы. Әдеби мақалалар мен зерттеулер. Астана: «Нұра-Астана», 2015 - 344 бет.
Еліміз тәуелсіздік алуымен бірге қоғамымызда болған өзгерістерді, оның адам санасына, жан дүниесі, мінез құлқына тигізген әсер ықпалын жазушылар өз шығармаларында қалай көрсетіп, қалай суреттеп отыр?!
Белгілі қаламгер, сыншы, зерттеуші Тұрлыбек Мәмесейіт «Таным таразысы» атты жаңа кітабында міне, осы мәселелерге жауап іздейді. Сыншы соңғы он-он бес жыл көлеміндегі жаңа туындыларды талдай отырып, белгілі жазушылар Ш. Мұртаза, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, Т. Нұрмағамбетов, М. Байғұтов, Н. Дәутаев, Қ.
Түменбаев, Р. Отарбаев, т.б. шығармаларын жан-жақты сөз етеді. Олардағы бүгінгі уақыт, қоғам, адам жайындағы көркемдік толғаныстарға назар аударып, шығармаларындағы жаңашыл ізденістерді - образ шындығы, кейіпкер характері мәселелерін нақты мысалдармен талдап көрсетеді.
Қирабаев С. Шығармалары / Серік Қирабаев. - Астана: Фолиант, 2013. - Т.1,2. Әдеби зерттеулер, сын мақалалар. - 416 б.
«Сарыарқа кітапханасы» сериясының кезекті томына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор С.С. Қирабаевтың тәуелсіздік тұсында жазылған таңдаулы зерттеулері топтастырылған. Көрнекті ғалым тарих пен әдебиеттің егіз ұғым екендігін әр дәуір әдебиетінен келтірген мысалдар арқылы ғылыми дәлелдеп берген. Ғалым тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясының көркемдік кестесін ғылыми пайымдап, Елбасы, Астана туралы жырларға ерекше назар аударған.
Кітап әдебиеттанушы ғалымдар мен ізденушілер, аспиранттар мен жоғары оқу орындарының студенттеріне және ұлт әдебиеті мен тарихын білгісі келетін әдебиет сүйер қауымға арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |