Қазақстан тарихы
Бөкейхан Ә., Ақбаев Ж., Ермеков Ә. Мақалалар, сын-зерттеулер және тергеудегі жауаптар. - Астана: Фолиант, 2013. - 320 б.
XX ғасыр басында қазақ елінің азаттық алуы үшін аянбай күрескен, сол қасиетті жолда жанын құрбан еткен Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтей ерлердің есімі ұлт тарихында мәңгілік орын алады.
Туған халқының мұң-мұқтажын арқалаған айтулы азаматтардың ой-санасы, көзқарасы, империяшыл пиғылдарға қарсы еңбектері - ұрпақтың тағылым алар таусылмас қазынасы.
Кітап Алаш кезеңі тарихына қызығушылық танытатын жастарға, оқытушыларға, сондай-ақ көпшілік қауымға арналған.
Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуы тарихы. - Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2015. - 520 бет.
Монографияда орта ғасырдағы қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті - Қазақ хандығының құрылу тарихының мәселелері қарастырылған. Автор әр тілде жазылған көптеген ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне, түрік халықтары мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып, Қазақ хандығының кұрылу тарихындағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде тереңірек зерттейді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы бір кезеңде жүзеге асқан тарихи үрдіс деп есептеп, Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар - Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетеді.
Монография қоғамтанушыларға, тарихшыларға, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, магистрлеріне, докторанттарына және жалпы қазақ елінің тарихына қызығушылықпен қарайтын қалың оқырмандарға арналған.
Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия. - Астана: Фолиант, 2013. - 632 бет.
Энциклопедия қазақ халқының ұлы перзенті, философ, шешен, мемлекет пен құқық тарихында өшпес із қалдырған Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлының (1667-1764) өмірі мен саяси, әлеуметтік, тарихи еңбегіне арналған. Ұлы тұлғаның өскен ортасы, дүниетанымы, қайраткерлік көзқарасы, ұстанымы, Ұлы Даланың арғы-бергі тарихында алатын орны, барша болмысы, қоғамдық-саяси келбеті, халқына қалдырған тағылым-тәлімі жан-жақты зерделеуден өткізілді.
Қойшыбаев Б. Алаш жолы. Рисәлә / Б. Қойшыбаев. - Алматы: «Қаратау КБ»; «Дәстүр» баспасы, 2015. - 400 бет.
Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың оқырман назарына ұсынылып отырған «Алаш жолы» рисәләсі қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертеді. Қолдарыңыздағы кітапқа рисәләнің «Аңсау», «Тамыр», «Айбат» атты бөліктері енген. «Аңсауда» - Алаш қозғалысын өмірге әкелген XX ғ. басындағы отарлық ахуал, саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік суреттеледі, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы үкіметке петициялар беруге рұқсат еткен ақ патшаның белгілі рескриптіне сәйкес, қазақ интеллигенттерінің Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналып, тарихи тілекхат әзірлеуі әңгімеленеді. Аталмыш шығармалардан оқырмандар Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды тарихи тұлғалардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады.
Кітап қазақтың ұлттық азаттығын көксеген Алаш қозғалысы тарихымен әуестенетін көпшілікке, жастарға арналған.
Сарыарқа Тәуелсіздік жылдарында. Сарыарка в годы Независимости / Құраст. Аман Жангожин (Сост. Аман Жангожин). - Астана: Фолиант, 2014. - 440 бет. - қазақша, орысша.
Жинаққа өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы Қарағанды облысының журналистері жазған мақалалар, сұхбаттар мен очерктер енген. Онда еліміздің басты өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығының бірі болып табылатын өлке өміріндегі елеулі өзгерістер көрініс табады. Кітаптың материалдары бұрын жергілікті баспасөзде жарық көрген. Шын мәнінде, мұның өзі бірегей өлкеміздің шежіресі.
Е.Тілешов, Д. Қамзабекұлы. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Сардар, 2014, 528 бет.
Бұл энциклопедиялық анықтамалыққа Алаш қайраткерлері мен қатысушылардың өмірбаяны, Алаш қозғалысына, партиясына қатысты ұғымдар мен атаулар, сол кезеңнің тарихи-қоғамдық, мәдени, әдеби дамуын байқататын мағлұматтар енгізілді. Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалардың деректі тізімі жасалып ұсынылды. Сондай-ақ, Алаш қозғалысын, оның қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар жөнінде де мәліметтер берілді.
Анықтамалық оқытушыларға, ізденушілерге, мектеп оқушыларына, студенттерге, магистранттарға, ұлтының тарихын танимын деген жалпы көпшілікке арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |