[өңдеу]Реформалар: бесiншi кезең (2000 ж.) "Қазақмыс" корпорациясының Жезқазғандағы офисі. Бесiншi кезеңде Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. ҚР дамуының 1998 — 2000 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын iске асырудың оң тәжiрибесi бюджеттiк-қаржылық өзара iс-қимыл мен реттеудiң жаңа қағидаларына негiз қалады, оның серпiнi мына мақсаттармен айқындалды: 2000 — 02 ж. орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасында қаржы-экономикалық мiндеттердi бөлiсу; 2001 жылдан бастап елдiң экономикалық дамуын жоспарлауға көшу. Бұл кезеңде жалпы iшкi өнiм жыл сайын өсiп отырды: тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша 2000 ж. — 87607,5 млн. АҚШ доллоры, 2001 ж. — 101674,1 млн. АҚШ доллоры. 2002 ж. жалпы iшкi өнiм көлемi бұрынғыдан 9,5%-ға көбейдi. 1999 — 2000 ж. бейқаржылық активтер негiзiнен шетелдiк инвестициялардан құралса (тиiсiнше 57% және 51%), 2001 ж. iшкi инвестициялар тұңғыш рет салымның 60%-ынан астамын құрады. Инвестициялардың жалпы сомасы 1158,1 млрд. теңгеге жеттi. 2000 — 02 ж. елдiң экономикалық дамуы үшiн инвестициялық мүмкiндiктер жасауға баса назар аударылды. Өз қызметiн экономиканың басым секторларында жүзеге асырушы инвесторлармен 119 келiсiмшарт жасалды, негiзгi капиталға 165 млрд. теңгеден астам сомада (1,2 млрд. АҚШ доллоры) инвестициялық мiндеттеме қабылданды. 2001 ж. негiзгi капиталға жұмсалған инвестициялардың көлемі 775,7 млрд. теңгенi құрады, бұл бұрынғы жылдағыдан 21%-ға көп. 2001 ж. 4 желтоқсанда Президенттiң Жарлығымен “Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары” бекiтiлдi. Қазiргi кезде 2010 стратегиясы (2001), Үкiметтiң 2002 — 04 ж. арналған iс-қимылдар жоспары (2002) және соның негiзiнде әзiрленген 2003 — 05 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң болжамдық көрсеткiштерi (2002) экономика үшiн негiз ретiнде басшылыққа алынып отыр. Негiзгi мақсат — бәсекелестiк қабiлетi күштi экономика құру, жалпы iшкi өнiмдi 2002 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейту. Мұндай iлгерiлеуге стратегиялық салаларды — мұнай-газ секторын, энергетика мен агро-өнеркәсiптiк секторды оңтайлы реттеу жолымен қол жеткiзiледi. ҚР-ның 2003 — 2005 жылдарға арналған мемлекеттік агротехникалық азық-түлiк бағдарламасының қабылдануы осыны қуаттайды. Бұл бағдарламада негiзгi басым бағыттар көрсетiлдi, олар: елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; агро бизнестiң белсендi жүйесiн қалыптастыру; iшкi және сыртқы рыноктарда ауыл шаруашылығы өнiмiн және оның ұқсатылған өнiмдерiн сату көлемiн ұлғайту; ауыл шаруашылығы өндiрiсiн мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды ету. Соңғы екi жылдағы экономикалық өрлеу Қазақстандағы әлеуметтік ахуалға дұрыс ықпалын тигiздi: жұмыссыздық қысқарып, халықтың кедей топтарының үлесi азая түстi. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi 12 жылдың iшiнде Қазақстанда әлеуметтік, зейнетақы жүйесi, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформалары жүргiзiлдi, қызмет көрсету аясы 100% жекешелендiрiлдi, жер реформасын жүргiзу үшiн жағдай жасалды. "Қазмұнайгаз" компаниясының Астанадағы штаб-квартирасы.. Қазақстанда iрi өнеркәсiп орталықтары, оның iшiнде отын-энергетикалық, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс өнеркәсiбi жұмыс iстейдi. Республика кәсiпорындары шойын, кокс, болат, қорғасын, мыс, мырыш, титан, магний, қарашiрiк, синтетикалық каучук, шайыр, пластмасса, химиялық талшықтар, автомобиль шиналарын, минералдық тыңайтқыштар, цемент, металл жонғыш станоктар, ұсталық-сығымдағыш жабдықтар, қақтау стандарын, күш трансформаторларын, рентген аппараттарын, ауыл шаруашылығы машиналарын, тракторлар, экскаваторлар, т.б. өндiредi. Әлемдiк экономика ауқымында Қазақстан — тауар рыногiне мұнай, газ, қара, түстi, сирек кездесетiн металдар, уран өнiмiн шығарушы ел. Кен қазу өнеркәсiбi Қазақстан экономикасының жетекшi секторы болып табылады. 2001 ж. өнеркәсiп өндiрiсiнiң 44,3%-ы осы өнеркәсiптiң үлесiне тидi. Қазақстанда көмiр-сутектi шикiзаттың бiрегей қоры бар. Барланған қор бойынша елiмiз әлемде 13-орында. 250-ден астам мұнай-газ кенiштерi ашылды, олардың көбi республиканың батыс бөлiгiнде, негiзiнен Атырау облысында. Олардың iшiнде 1 млрд. т-дан астам мұнай қоры бар Теңiз кенiшi; газ қоры 1,3 трлн. м3 және конденсат қоры 700 млн. т-ға жуық Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенiшi; сондай-ақ, Кенбай, Жаңажол, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас, Өзен, Құмкөл кенiштерi бар. 2000 ж. Қазақстанда Солтүстік Каспий қайраңында iрi мұнай кенiшi (Қашаған) ашылды. Бағалаудың алғашқы кезеңiнде кенiштiң жалпы геологиялық қоры 38,4 млрд. баррель, ал өндiрiп алынатын қоры — 13 млрд. баррельге жуық. Атырау облысындағы аса iрi кенiштер: жалпы қоры 800 млн. т-дан астам, Теңiз кенiшi (оның бастапқы өндiрiп алынатын қоры 700 млн. т), Королев кенiшi (бастапқы өндiрiп алынатын қоры 30,5 млн. т), Кенбай кенiшi ( 30,8 млн. т). Маңғыстау облысындағы аса iрi мұнай кенiштерi: Өзен, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы Қарашығанақ пен Жаңажолдың мұнай мен газ өндiрiсiндегi келешегi зор. Республикада мұнай-газ саласын 2002 ж. “Қазақойл” ұлттық мұнай компаниясы мен “Мұнай және газ тасымалы” ұлттық компаниясының бiрiгуi жолымен құрылған “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы басқарады. Қазақстанда мұнай мен газ өндiру iсi шет ел инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылуда (“Теңiзшевройл” бiрлескен кәсiпорны, “Қазақойл-Ембi” АҚ, “Атырау мұнай компаниясы”, “Қазақстанкаспийшельф”, “Каспиймұнайгаз”, “Қазгермұнай” ЖАҚ-дары, т.б.). Мұнай-газ секторының өнiмi Еуразия құрлығының ондаған елдерiне экспортқа шығарылады (аса iрi импортшылар: Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Украина, Швейцария, Италия). Экспорт құрылымында мұнай мен газ конденсатының үлесi 2001 ж. 49,3% болды. Қазақстанда өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде түстi металлургияның үлесi 11%. Өндiрiс деңгейi бойынша Қазақстан әлемде тазартылған мысты iрi көлемде өндiрушiлер мен экспортқа шығарушылар қатарына жатады. Республиканың әлем бойынша мыс өндiрудегi үлесi 2,3%. Қазақстан мысының негiзгi импортшылары: Италия (50%) мен Германия (35%). Экспорт құрылымында мыс пен мыс қорытпалары 7%. Тазартылған мыстың 90%-ын “Қазақмыс” корпорациясы өндiредi, ол Қазақстанның түрлi аймақтарында бiрнеше зауыттарды, кенiштердi және энергия нысандарын бiрiктiрiп отыр. Қазақстан темiр кентасының қоры жөнiнен әлемде 8-орында. Оның әлемдiк қордағы үлесi 6%. Елде өндiрiлетiн темiр кентасының 70%-дан астамы экспортқа шығарылады. Қазақстанның қара металлургиясы өнеркәсiп өнiмi көлемiнiң 7%-ға жуығын өндiредi. Мұндағы аса iрi кәсiпорын – Қарағандыдағы “ИспатКармет” металлургия комбинаты, ол шойын мен дайын қара металдар қақтамасының 100%-ын және болаттың 90%-дан астамын өндiредi. Бұл комбинат өнiмi ТМД елдерi мен алыс шет елдерге экспортқа шығарылады. Сондай-ақ, “Жәйрем кен-байыту комбинаты” АҚ тотыққан марганец және темiр-марганец кентастарынан жоғары сапалы марганец концентраттарын өндiредi. Қазақстанда хромды кентастардың мол қоры бар, ферроқорытпа зауыттары жұмыс iстейдi. 1994 жылдан кен-металлургия кешенi кәсiпорындарының көбi шетелдiк және отандық компаниялардың басқаруына берiлдi. 1996 — 97 ж. кен байыту және металлургия кәсiпорындарын бiрыңғай технологиялық тiзбекпен байланыстырған iрi бiрлестiктер құрылды, олар: “Қазмырыш”, “Қазақмыс” корпорациясы, “Қазақстан алюминийi”, “Испат-Қармет” ААҚ-дары, “Қазхром” Ұлттық акционерлік компаниясы.