Б.з.б. І мыңжылдықта Орталық Азияның байтақ жерін этникалық құрамы әртүрлі тайпалар мекендеген. Шаруашылықтың дамуы, тұрмыстың ортақтығы, саяси бірлік оларды өзара жақындатып, ірі тайпалық бірлестіктер құрылды. Б.з.б. ІІІ ғ.0 аяғындағы Қытай деректерінде "ғұн" атауы кездеседі (хунну немесе сюнну). Ал еуропалық жылнамашылар оларды "гунни" деп атаған.
Қазақстан жерінде ғұндардың археологиялық ескерткіштері өте сирек кездеседі. Себебі жерлеу рәсімі өзгеше болған. Олар мәйіттерге қорған мен молалар орнатпаған, тек таспен қоршаған. Қабірден шыққан заттар ғұн қоғамындағы мүлік теңсіздік жайын айқын сипаттайды. Обалардан табылған бұйымдар, қымбат маталар ғұн қоғамындағы үстем топтарынын байлығын дәлелдейді.