Қазақстандағы 1921-1922 жж., 1931-1933 жж аштықтар: құжаттар, статистика, ақпарат «Қазақстандағы аштық, 1921-1922 жж.: құжаттар, статистика, ақпарат»



бет1/5
Дата14.12.2021
өлшемі144,68 Kb.
#126783
  1   2   3   4   5
Байланысты:
àçà ñòàíäà û 1921-1922 ææ., 1931-1933 ææ àøòû òàð æàòòàð, ñò


Қазақстандағы 1921-1922 жж., 1931-1933 жж. аштықтар: құжаттар, статистика, ақпарат

«Қазақстандағы аштық, 1921-1922 жж.: құжаттар, статистика, ақпарат»

Мұрағат деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады [1]. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халыққты күйзеліске душар етті.Әрине, Қазақстандағы ауыр жағдайды орталықтағы большевиктік билік білді. Солай болғанымен, ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларға көмек көрсетуді талап етті. Өз еліндегі ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп, біліп отырған қазақ елінің билігі алдарында тұрған екі мәселені де шешу жолын ұстанды. Ресейге ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды. Сондықтан да болар, Қазақ Орталық Атқару Комитеті атынан Ә.Жанкелдин мен Киселев Қазақстандағы ашаршылық жайын айта келіп, жағдайды реттеу әрі бір жағынан жеңілдету мақсатында Қазақстан территориясындағы басқа ұлт өкілдерін, мысалы, украиндарды өз республикаларына қоныс аударуға рұхсат беруін сұрады. Ашық айтылмаса да, бір себептері немесе орталықтың алыстан ойлаған мақсаттары болды ма бұл ұсынысқа келісім бермеді. Сонымен қатар, алдын ала жоспарланған Қазақстанға Ресейден қоныс аударуға тиісті 2 млн адамды орналастыру мәселесі де өзгеріссіз қалды [2].

Қазақстанға Ресейден 2 млн адамды қоныстандыру қажет деген мәселе күн тәртібінде тұрғанымен, осы уақытта Қазақстанда аталған бес губерния мен бір уезде ашаршылыққа ұшырағандар саны да мәлімет бойынша 2 млн адам еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың ашаршылыққа ұшырады [1]. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін. Себебі, осы жылдары ел ісіне белсене араласып, елдің ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «…аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек [3, 79 б]. Бұл биліктің дәрменсіздігі мен аштан қырылып жатқан қазақты көрген адамның жан айқайы, ышқынуы еді. Қазақстанда осыншама 2 млн адам ашаршылыққа душар болғанда, оларды ашаршылық тұзағынан алып шығу үшін қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру, оларға көмек беру орынына тағыда осындай 2 млн адам адамды Ресейден Қазақстанға қоныс аудару ешбір логикаға келмейтін еді.

Бірақ, Қазақстанда ашаршылық тұзағына түскендер жоғарыда аталғандар ғана емес басқа да жағдайы дұрыс деген губерниялар жайы да оңып тұрмады. Тек қана, Ақмолада аштыққа ұшырағандар санын 100 670 адам деп көрсетілді. Ақмоланың өзінде жағдай осылай болғандығына қарамастан, оларға Москвадан берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді [4, 288 б]. Лениннен жұмысшылар мен шаруаларға көмектесу керек деген жеделхат келген соң Арал балықшылары да 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ресейге 14 вагон балық тиеп жөнелетті [5, 170 п]. Аштыққа ұшыраған Қазақстанға орталықтан көмек келгені былай тұрсын, қайта азық-түлік жіберу талап етілді.

Ақиқатын айтсақ, осы кезде ұлтжанды қазақ зиялылары, оның ішінде С.Садуақасов пен М.Әуезов ашаршылылық жайын айтып дабыл қақты. «…дәл осы, 1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың көктем айларына дейінгі аралықта үлттың мүдейтін қорғайтын аса көкейтесті шаралардың бірде-біреуі Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары осылай атаған) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, ішінара сая іздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденің айналасына топтасты [3, 75 б].

Қазақстанның солтүстік батыс аймағын қамтыған аштық қазақ ұлтының келешегіне, ұлт болып қалуына қауіп төндірді. Аштық қауіпі күннен күнге ұлғайып, жан сақтау үшін қолына түскеннің бәрін жеп, тіпті адам етін адам жеп жатқандығы жөніндегі суық хабарлар жетіп жатқандығына қарамастан Орынбордағы қазақ билігі орынынан қозғалып батыл шараларға бара қоймады. Оның, екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден, Қазақ Өлкелік Революциялық комитетінің мүшелері негізінен қазақ емес ұлт өкілдерінен құралды да, қазақ даласындағы ауыр халге соншалықты мазасыздана қоймады. Олар керісінше, Ресейдің ашаршылыққа ұшыраған аудандарынан Қазақстаннан азық-түлік көмегін ұйымдастыруға белсене кірісті. Қазақ отбасыларының тіршілік етіп отырған алдындағы азын аулақ малын, астығын жинап алды. Екіншіден, қазақ зиялылары арасында да таптық ұстанымдарына байланысты жік туып, биліктегі тапшылдар ел ішіндегі ашаршылықты, ауыр халды баяндап шара қолдануды талап еткен зиялыларды, алашордашылардың кеңес үкіметіне қарсы әрекеті деп қабылдады. Сонымен қатар, ұлтжанды қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді көтеруі биліктегі басқа ұлт өкілдеріне де ұнай қоймады. Олардың арасында келісе алмаушылық жиі болды. Сондықтан, билік қазақ еліндегі ашаршылыққа бастапқы кезеңде белсене кіріспеді.

1922 жылдың соңына қарай босқындар туған өлкелеріне орала бастады. Оларды қарсы алу мен орналастыру жұмыстары жергілікті кеңестерге жүктелді. Мұндай жұмыстың ауырлығы мен қиындығы ашаршылықпен күресу жөніндегі жұмыстан кем түскен жоқ. Босқындарды қарсы алатын, оларды ауылдарға, кенттерге, қалаларға және басқа елді мекендерге орналастыру жұмысын ұйымдастыратын арнаулы комиссиялар құрылды. Кеңес үкіметі оралғандарға арнап әлеуметтік жеңілдіктер көздеді. Өз мекеніне қайтуға тілек білдіргендер үшін жолақысына 40 000 сом бөлінді. Осыған қоса, ішінде пеші бар жүк поездарымен еліне қайтқандарға жолақысының 50%-ын төлеуге рұқсат етілді. 1922 жылғы 1 тамыздан бастап оралғандарды салықтың барлық түрінен босату көзделді. 1921 — 1923 жылдардағы ашаршылықтан зардап шеккендер мен азық-түлікке өте зәру губерниялардың тұрғындарына да осындай жеңілдіктер қарастырылды. Күйзелген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан өндірістік көмек көрсетілді, ал малы жоқ, орташа ғана астық жинаған шаруашылықтар азық-түлік салығының 50%-ынан босатылды, сондай-ақ 1921-1922 жылдарға берілген несиені төлеу мерзімі ұзартылды, бірыңғай мемлекеттік салық төлемі бойынша жеңілдіктер жасалды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет