Қазақстандағы орта тап және оны бөлудің өлшемдері



Дата07.02.2022
өлшемі55,63 Kb.
#87214
Байланысты:
алеуметтану срс



Студенттік жоба тақырыбы (СӨЖ):”Қазақстандағы орта тап және оны бөлудің өлшемдері”


Секция: Әлеуметтік-саяси білім модулі
Мамандық: 5B011900-Шетел тілі:Екі шет тілі
Курс:1
Қабылдаған: Габдсаттарова Мукарама Габдель-Нагимовна
Орындаған:Асқар Алтынгүл Саламатқызы


Кеңес заманында қоғам жұмысшы, шаруа және интеллигенция деген үш таптан тұрды және бұл үш тап өкілдерінің тұрмыс жағдайлары бір-біріне жақын, теңдес болды. Нарық адамдардың тұрмыс дәрежесі арасындағы алшақтықты алыстатып қана қоймай, тұрмыс жағдайына қарай сан түрлі топтарға бөлшектеп жіберді.
Нарық жағдайында ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан Батыс елдерінде қоғамның негізгі қозғаушы күші және сүйеніші – орта тап өкілдері болып саналады. Елдегі саяси тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға елеулі үлес қосатын осы орта тап деп есептеледі. Орта тап өкілдері неғұрлым көп болса, қоғамдағы тұрақтылық та соғұрлым берік болмақ. Өйткені, кедейлер әрдайым қоғамның тыныштығын алып, саяси тұрақтылыққа үнемі қатер төндірмек. 
Қазақстанда орта тап өкілдері деп кімдер саналады және олар жалпы халықтың қанша пайызын құрайды? Өкінішке қарай, бізде қоғамдық тұрақтылықтың кепілі болып саналатын орта тап туралы зерттеп-зерделеп жатқан ешкім жоқ. Егер қазақстандық жекелеген сарапшы мамандардың пікіріне назар аударсақ, орта тап болып басында баспанасы және шетелдік автокөлігі бар, отбасының әрбір мүшесіне 50 мың теңгеден артық табыстан келетін отбасылары саналады. Дегенмен, бұл салыстырмалы ұғым, нақты өлшем емес.
Мәселен, әлемдегі ең бақуатты елдердің бірі болып табылатын АҚШ-та орта тапқа айына 2-2,5 мың доллар тұрақты табысы бар, әрбір отбасы мүшесіне 40 шаршы метр тұрғын үй алаңы тиетін, бірнеше автокөлігі бар адамдар жатқызылады. Көріп отырғанымыздай, қазақстандық орта тап пен американдық орта таптың арасында үлкен айырмашылық бар.
Орта тап өкілдерін анықтауда оның айлық табысы мен тұрғын үй алаңы ғана есепке алынбайды, оған қоса бірқатар сапалық өлшемдерге де назар аударылады. Атап айтқанда, жоғары немесе арнайы кәсіптік орта білімі, жыл сайын қымбат шипажайлар мен демалыс орындарында демалу мүмкіндігі, балаларын шетелдік жоғары оқу орындарында оқытуы, есепшоттарында белгілі сомада ақшаларының болуы ескеріледі.
Кеңестер одағының шинелінен шыққан біздер үшін ресейлік әлеуметтік сарапшылардың орта тап өкілдеріне берген бағасы мен айқындамасы жақын боларын анық. Қазақстандағы әлеуметтік жайды зерделеген ресейлік сарапшылар елде байлар барлық халықтың 1,5 пайызын құрайды деп есептейді. Олардың әрбір отбасына шаққандағы айлық табысы 50 мың АҚШ долларынан жоғары. Орта тап өкілдері жалпы халықтың 25 пайызын құрайды және оларды ресейлік сарапшылар бірнеше топқа бөледі. Орта таптың жоғарғы тобының айлық табыстары әр отбасы мүшесіне 10-25 мың доллардан тисе, орта топтың өкілдерінде ол 5-10 мың доллардан келеді, ал, орта таптың төменгі тобының табысы 2-2,5 мыңнан 5-6 мың долларға дейін. Кедей тап, ресейлік мамандарың пікірінше, жалпы халықтың 70 пайызы деңгейінде. Сарапшылар кедейлерді де бірнеше деңгейге жіктейді. Кедейлердің жоғары тобының айлық табыстары әр отбасы мүшесіне 450-500 доллардан келсе, орта топта 150-ден 450 долларға дейін, төменгі топта 150 доллардан кем болып келеді.
Жалпы, Қазақстандағы орта таптың үлесіне қатысты пікір қайшылығы бар. Бірқатар әлеуметтанушылар орта таптың үлесі ел халқының 20-30 пайызын құрайды деген пікірде. Бірақ, өзін орта таптың құрамына қосатын азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, білімі мен білігі, құндылықтары, түрлі материалдық және рухани игіліктерге қол жеткізу мүмкіндіктері туралы біржақты пікір білдіруге болмайды.
Әлеуметтанушы Бақытжамал Бектұрғанова Қазақстандағы орта таптың батыс елдеріндегі орта таптан кем түспейтін тұстары бар екендігін айтқан. Атап айтсақ, қазақстандық орта тап білім деңгейі мен біліктілік тұрғысынан дамыған елдердегі орта таптан кем емес. Бірақ, меншік пен табыс көлемі, тұтыну мөлшері және өзгеде бірқатар критерилер тұрғысынан қазақстандық орта тапты классикалық үлгідегі орта тап деуге келмейді.
Өйткені, қазақстандықтардың табыс деңгейі ала-құла әрі бай мен кедейдің арасындағы алшақтық тым үлкен. Мәселен Credit Suisse Research Institute зерттеу орталығы 2017 жылы «Қазақстан халқының 97,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін табыс табады» деген дерек жариялады. Зерттеу қорытындыларына сенсек, біздің отандастарымыздың арасында 10 мыңнан 100 мың долларға дейінгі табыс табатындар ел халқының 2,1 пайызын, 100 мыңнан 1 млн долларға дейін табыс табатындар 0,3 пайызын құрайды екен. Ал, Статистика комитеті 2018 жылдың наурыз айында елдегі орташа жалақы 157 мың 930 теңге деген ақпарат таратты.
Мұның өзі Credit Suisse Research Institute деректерінің шындыққа жақын келетінін көрсетеді. Яғни 157 мың жалақысы бар азамат бір жылда 1 млн 900 мың теңгеге жуық теңге табыс табады. Оның үстіне Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады»,-делінген. 
Бұл дегеніңіз айлық табысы 70 мың теңгеге жетпейтін азаматтар саны 2 млн-нан асады деген сөз. Одан бөлек әлеуметтік статусы анықталмаған азаматтар тағы бар. 2018 жылдың қаңтарында елде әлеуметтік статусы нақтыланбаған 2,7 млн адам тіркелген. Олардың 1,14 миллионы бейресми жұмыс істейтіндер болса, 1,5 млн адам «тиімсіз өзін-өзі қамтамасыз етушілер» деген статус иеленіпті. Соңғыларды ресми түрде жұмыссыздар деуге болады. Демек, экономикалық тұрғыда белсенді халық немесе жұмыс күші болып есептелетін 8 млн 945 мың адамның төрт жарым миллионнан астамы орта тапты құрауға тиіс критерилерге сәйкес келе қоймайды екен. Сондықтан, Қазақстандағы орта тапты классикалық үлгідегі орта тап ретінде бағалау қиын.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет