оқиғалық туризм де елордада кең қанат жайып келеді. Оқиғалық туризм – саяхат барысында бір іс-шараға бағытталған туризм түрі. Ол оқиға мәдениетке, спортқа, бизнеске қатысты болуы мүмкін. Мысалы, оқиғалық туризмде көп мәнге ие олимпиадалар, чемпионаттар, рок-фестивальдер, кинофестивальдер, карнавалдар, экономикалық форумдар жатады. Тіпті жыл сайын аталып өтетін Елорда күнінің өзі оқиғалық туризм саналады. Осы мереке үшін Қазақстанның және шетелдің бұрыш-бұрышынан мыңдаған туристер ағылады. Әрине, жыл сайын дүркіреп өтетін Астана күні кейінгі екі жылда әлемге қауіп төндірген пандемияның салдарынан онлайн өткізілуде.
2018 жылы Астана ТМД-дағы ең үздік іскерлік және оқиғалы туризм қаласы деп танылды. Жыл сайын ұйымдастырылатын Business Traveller Russia & CIS Awards байқауында «Жылдың үздік бизнес-дестинациясы» және «Ресей мен ТМД-дағы іскерлік және оқиғалы туризмнің үздік қаласы» деген жүлдені жеңіп алған болатын. Айта кетейік, Business Traveller Awards жүлдесі жыл сайын іскерлік туризм саласындағы көрнекті жетістіктер мен инновациялар үшін тарту етіледі.
Business Traveller Awards өзінің объективтілігі арқасында беделді марапат болып есептеледі. Себебі жеңімпаздарды қазылар немесе сарапшылар комитеті емес, оқырмандар дауыс беру арқылы анықтайды. Журналдың жазылушылары мен оқырмандары – ең ірі MICE-агенттіктер, қауымдастықтар, корпорациялар мен іскерлік және туристік туризм нарығының басқа да қатысушылары, сондай-ақ іскер адамдар, жетекші халықаралық және ресейлік бизнес мектептерінің бітірушілері, ірі ресейлік және халықаралық компаниялардың басшылары, банктер, мемлекеттік корпорациялар және жеке саяхатшылар.
Медициналық туризмге баса мән берілуде
Елорда заманауи медициналық орталықтарға ғана бай емес, мұнда кардио, онко және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді. 2016 жылғы дерек бойынша Қазақстан медициналық туризм бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Украинаны алға жіберіп, үздік үштіктен көрінді. Сарапшылардың бағалауынша, медициналық туризмнің әлемдік нарығы 2022 жылға қарай 143,8 млрд долларға жетеді. 2015 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 43 млрд долларды құраған. Осы нарықтан әр ел өз үлесін алуда. Мәселен, медициналық туризмнің дәстүрлі көшбасшылары Германия жылына 70 мыңға, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл нарыққа кейін қосылған Үндістан медициналық туризмнен 1 жылда 3 млрд, Таиланд 2 млрд доллар табыс тапқан екен.
Денсаулық сақтаудың халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (International Healthcare Research Center, IHRC), Medical Tourism Index (MTI) халықаралық қоғамдық ұйымы және халықаралық медициналық туризм (МТА) қауымдастығының өкілдерінің айтуынша, алдағы 10 жылда әлем халқының 3-4%-дан астамы медициналық қызмет алу үшін саяхатқа шықпақ. Демек, Қазақстанның да бұл бағытта бақ сынап көрер мүмкіндігі бар. Сонымен қатар 2018 жылы еліміздің бас қаласы медициналық туризм бойынша WMTA аясында ұйымдастырылатын халықаралық конференцияны қабылдап, қажетті тәжірибе жинады.
Нұр-Сұлтандағы Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының басын қосатын University Medical Center корпоративтік қорының Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Бекбай Хайрулиннің айтуынша, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында медициналық туристер үшін босану және кесарь оталары барынша көп сұранысқа ие болып отыр.
«Қазақстанға өзге де мақсаттармен келетін шетел азаматтары біздің дәрігерлердің көмегіне жиі жүгініп жатады. Оның ішінде жүкті әйелдерге түрлі асқынулар, уақытынан бұрын толғағы келу сияқты себептермен медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. 2017 жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында әлемнің 27 мемлекетінің 111 азаматына түрлі медициналық қызмет көрсетілді. Олардың басым көпшілігі, атап айтқанда 59%-ы – Ресей, Түркия және Өзбекстан сияқты елдердің азаматтары.
Республикалық диагностикалық орталықта радиофармпрепараттар шығаратын өзінің желісі бар Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы ядролық медицинаны жаңғырту барысында аса маңызды шара болғанын айта кету керек. Орталықта 50-ден астам түрлі мамандық иелері қызмет көрсетеді. Қазақстандағы ең ірі медициналық зертхана да осында. Онда 700-ге тарта түрлі зерттеулер жасалады. Республикалық диагностикалық орталық амбулаториялық ұйым болғандықтан, мұнда негізінен елімізге сапарлап келген немесе осында жұмыс істеп жатқан шетелдіктер де қызмет алады.
Балаларды оңалту ұлттық орталығында кешенді түрде медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалту қызметтері ұсынылады. Бұл емдеу орталығына негізінен Ресей, Өзбекстан, Украина, Қытай, Тәжікстан және Түркиядан медициналық туристер келеді. 2017 жылы 50-ден астам шетелдік осы орталықта емделіп, оңалту шараларынан өтті».
Бас қаланың демалыс орындары
Қазіргі кезде елордада жалпы ауданы 396,4 га 9 парк, ауданы 30 га 4 желекжол, сондай-ақ 131,9 га 90 гүлбақ бар. Мұндағы 9 парктің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, елордада ең кейінгі ашылған Ботаникалық бақ «ғылыми жаңалықтар ашылатын әрі қалалықтар демалатын орын» қызметін атқаруда. Мұнда ғылыми-зерттеу, ағарту жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік туады. Әсіресе, оқушылар мен болашақ ғалымдар өсімдіктер әлемімен кітап не экран бетінен емес, тікелей таныса алады. Сондай-ақ бұл туристерді де тартатын көрнекі орындар қатарына қосылмақ. Келушілер елімізде, тіпті құрлығымызда кездеспейтін кейбір экзотикалық гүл түрлерін қызықтап, кішігірім көл жанында тынығып, көркем мүсін-скульптураларды тамашалап, суретке түсіп, ирелеңдеген жолдармен сағаттар бойы серуендеу мүмкіндігіне ие болады.
Ал 2016 жылы пайдалануға берілген Астана-Триатлон паркінде қала тұрғындары мен қонақтары саламатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесімен белсенді айналыса алады. 2018 жылға дейін «Арай» паркі атанған саябақ Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысы оны қайта жөндеуден өткізіп, жаңа форматта түзіп, «Жетісу» деген атаумен ел игілігіне қайта тапсырды. «Керуен», «Апорт», «Қоржыннан төгілген алмалар», «Шарын шатқалы», WI-FI ағашы – осының бәрін Арай мен Сарайшық көшелерінің қиылысында орналасқан осы «Жетісу» саябағында көруге болады. Оның кіреберісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан. Сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тәңірі» алаңы, Шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар. Парк ландшафтық серуен, кіреберіс және орталық аллея, ойын, көлік қою және тамақтану аймақтарынан тұрады. Демалу аймағында субұрқақтары бар бас аллея, Алматы облысының символы – Апорт алаңы, тауға ұқсас құздар орналастырылған.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда туристер үшін қашан да пайдалы әрі көңілді уақыт өткізуге болатын көрнекті орындар көп. Соның ішінде шетелдік саяхатшылардың ерекше ықыласына мына нысандар ие болды:
«Бәйтерек» ұлттық монументі – кіндік қаламызға келген әрбір қонақтың «баруым керек» деген тізімінде ең бірінші тұратын нысан десек қателеспейміз. Үкіметтік ғимараттардың кешеніне жақын орналасқан «Бәйтерек» («Өмір ағашы») ата-бабамыздың дүниетаным түсінігімен тығыз байланысты. Оған арналған көптеген аңыз-әңгімелер бар, олар жайлы экскурсоводтар толық баяндап береді.
Бейбітшілік пен Келісім сарайы – Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист еліміздегі ұлттық сана мен таным деңгейіне, жүздеген ұлт пен ұлыстың бір Қазақ шаңырағы астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанына қашан да таңырқай қарайды. Бұған айқын үлгі ретінде пирамида түрінде салынған нысанды атай аламыз.
Ailand отбасылық демалыс орталығы – 2017 жылға дейін «Думан» атауымен белгілі болған демалыс орнын кең даладағы мұхиттың бір тамшысы десек те болады. Осынау су асты әлемінің жер үстіндегі бөлшегінде теңіз-мұхиттарды мекендейтін тіршілік иесінің 100-ге тарта түрін кездестіруге болады.