Байланысты: Қазақстанның қазіргі дамуының басымдықтары аясындағы прагматизм философиясы
Қазақстанның қазіргі дамуының басымдықтары аясындағы прагматизм философиясы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХI ғасырдағы ұлттық сананың өзгеруі бүгінгі қоғам дамуының басты талабы екенін көрсете отырып, оны экономикалық, саяси, рухани дамудың өзегіне, қозғаушы күшіне айналдырудың маңыздылығын атап өткен еді. Заман талабына сай біртұтас ұлт болу үшін Елбасы рухани жаңғырудың әдістемелік ұстанымдары мен қағидаларын, дүниетанымдық бағыттары мен құндылықтарын саралай отырып, бірнеше бағытын ұсынған.
Елбасы «бүгінгі радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды» деген ойды алға тартады. Елбасының көзқарасы шындығында бұқаралық сананы өзгертуге ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен, прагматизм идеологиясы – қазақ қоғамының басты қозғаушы күштерінің бірі, дүниетанымымыздың негізі, іс-қимылымыз бен ұстанымдарымыздың, құндылықтарымыздың темірқазығы. Қысқаша айтқанда, рухани жаңғырудың бағыттарын айқындайтын өмір сүру философиясы. Ол бәсекелікке қабілеттіліктің де, білім сапасы мен салтанат құруын да, жаңа сана үлгісін де, өмір салтымыз бен адами қатынастарымызды, санамыздың ашықтығы мен өзгеру бағытымызды айқындайтын парадигмаға айналмақшы.
Жалпы прагматизм термині – іс, іс-әрекет дегенді білдіреді. Кейіннен, ХIХ ғасырда, ол америкалық философ Чарльс Пирстің атымен тығыз байланысты болды. Прагматизмді таза АҚШ-тық философия деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ерекше ықпалға ие. Прагматизмнің басты қағидалары: ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен де маңызды, адам мақсат үшін өмір сүреді, адам бірдеңеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті, ақиқаттың өлшемі практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, сенімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылу керек деген қағидаларды ұсынады. АҚШ қоғамының табысты өмір салты негізінде өнімді, тиімді қозғалыс идеясы жатыр. Мұндай философияның өзгерістер кезеңінде дүниеге келетінін өмірдің өзі дәлелдеді. Өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келу, өмір сүре білу үшін өзгере білу және соған сәйкес әрекет ету, оны ұлттың жиған тәжірибесімен ұштастыру практикалық философияның өзегі десек те болады. Елбасының прагматизм философиясына назар аударып отырғандығының басты себебі де осында болса керек.
Елбасының прагматизмнің жарқын үлгілерін бабаларымыздың өмір салтынан іздеп, оны бүгінгі өскелең ұрпақтың мінез-құлықтық негізі, іргетасы ретінде қалыптастыру, бүгінгі ұлттық идеологияның басты бағыттарының бірі екенін баса көрсетуі өте орынды. Ұлт менталитетінде өзіндік орны бар құндылықтардың бірі-үнемшілдік, қанағатшылдық. Еңбекқорлық, үнемшілдік, тәртіп, адалдық, кімге де болса ортақ қасиет. Ұлт мәдениеті неғұрлым осы жоғарыда аталған құндылықтарды адамдар іс-әрекетінің негізі ретінде қалыптастыруға ұмтылса, ықпалы мен пәрмені күшті болса, саналы түрде бағытталса, аталған құндылықтар соғұрлым адамдар санасы мен мінез-құлқында көрінері сөзсіз. Елбасының ұлт менталитетінсіз, мәдениетінсіз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай деп отырғаны да осы.
Білімнің гуманитарлық, тәрбиелік бағыты кейінге ысырылғаны соншалықты, жоғары оқу орындарында гуманитарлық, дүниетанымдық пәндер мен кафедралар жабылып, білімге жалаң утилитарлық көзқарас қалыптасып отыр. Абай: «ғылымсыз ахирет жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды», - деген еді. Сол тәрізді, бүгінде гуманитарлық білімсіз, шынайы ғылымсыз прагматизмді тек жалаң пайда табудың көзі деп түсінсек тағы да қателескен болар едік. Білім беру жүйесінде прагматизм шынайы шығармашылықтың негізі және адам ойының қозғаушы күші бола алмайтыны тағы белгілі. Ал, бола қалған жағдайда мұндай білімнен өзіндік ойлау, дүниетанымдық құндылықтар шет қалады, білімге деген тұтынушылық көзқарас қалыптасады. Бұл үрдіс, әсіресе, ақпараттық қоғамда кең етек алып отыр. Соның нәтижесінде, жастардың дүниетанымы мен санасы басқа, жат идеологиялық ағымдардың ықпалына тез түсуде. Олай болса, білім беру жүйесінде қазақы прагматизм адамдардың тұлғалық қасиетін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс. Ұлттық мәдениетіміздің асыл құндылықтары негізінде тәрбиеленген, ұлттың рухани тамырынан нәр алған адам ғана, мына аумалы-төкпелі заманда өмір сүру үшін өзгере алады және заман ағымындағы өзгерістерді дұрыс қабылдай біледі.
Сондықтан да, білім беру жүйесінде тұлғаны қалыптастыру декларация күйінде қалмай, нақты тұрғыдан іске асуы тиіс. Ондай адам мақсатшыл, нәтижеге қол жеткізу үшін еңбектенетін, өз тағдырының иесі. Ол өз өмірін жоспарлай алатын, стратегиялық тұрғыдан болашағын болжай алатын тұлға. Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» демеп пе еді? Қазақы прагматизмнің ерекшелігі де осында. Қарапайым ғана шындық жеке адам мен тұтастай мемлекет үшін де маңызды болмақ.