33.. Қазақ АКСР-ның одақтас республикаға айналуы. Әлеуметтік-экономикалық, этнодемографиялық және саяси жағдай.
ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЫ(ҚазАКСР) –1920 – 36 жылдарғы кеңестік автономиялық мемлекеттік құрылым. 1919 ж. 10 шілдеде В.И. Ленин “Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы” декретке қол қойды. Ревком құрамына С.С. Пестковский, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешов, Ә.Әйтиев, т.б. енді. 1920 ж. 30 тамызда Бүкілресейлік ОАК пен РКФСР ХКК құрамында “Автономиялық қазақ (қырғыз) Социалистік Кеңес республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал обл. және Каспий обл. мен Астрахан губ-ның қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қ. болып белгіленді. 1920 ж. 4 – 12 қазанда Орынборда Қазақ АКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі өтті. Оған 273 делегат қатынасты. Съезде Қазақ АКСР-дің ОАК сайланып, ХКК құрылды. 1921 ж. соғыс коммунизмі саясатының орнына жаңа экон. саясат енгізілді. 1921 – 22 ж. жер-су реформалары жүргізіліп, 470 мың га-дан аса жер қазақ шаруаларына қайтарылды. 1924 ж. 5 – 10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды. Кеңестік Орта Азия республикаларын ұлттық-межелеу нәтижесінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандары Қазақ АКСР-ге қосылды. Патша әкімш. енгізген “киргиз” деген атау 1925 ж. сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атын қайтарып алды. Ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губ. РКСФР-ге өтті. Жаңа әкімш. бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей обл. уез дәрежесінде кірді) облыстарынан және респ. үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ, Қарақалпақ автономиясы облысы кірді. 1928 ж. Қосшы одақтары нығайтылып, 300-ден астам ұжымшар (колхоз), 5 кеңшар (совхоз) құрылды, губерниялар мен уездер таратылып, округтер мен аудандар құрылды. 1929 ж. 13 округ (Адай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Гурьев (қазіргі Атырау), Қарқаралы, Қызылорда, Қостанай, Кереку (қазіргі Павлодар), Қызылжар (қазіргі Солт. Қазақстан облыстары), Семей, Сырдария, Орал) құрылды. 1929 ж. мамырда ел астанасы Алматыға көшірілді. 1929 ж. жаппай ұжымшарға бірігу қозғалысы басталды. Ол байлар мен кулактарды тап ретінде жою, кеңестік озбырлық тұтатқан көтерілістерді қарулы күшпен басу және көшпелі халықты отырықшыландыру науқандарымен қатар жүргізілді. 1928 – 37 ж. республикада 1–2 бесжылдық жоспарлары бойынша 200-ге жуық ірі өндіріс орындары салына бастады. Олардың ішіндегі ірілері Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту з-тары болды. КСРО-дағы 3-көмір бассейні атанған Қарағанды және Алтайдағы кен орындары тез дамыды. Жедел түрде Түрксіб т. ж. іске қосылды. 1932 ж. бұрынғы округтер таратылып, орнына 6 облыс (Алматы, Ақтөбе, Бат. Қазақстан, Қарағанды, Оңт. Қазақстан, Шығ. Қазақстан) құрылды. 1936 ж. КСРО-ның жаңа конституциясы бойынша ҚазАКСР одақтас республикаға айналды.