Қорытындыережелер -Осы Доктрина халық бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер және өркениеттер сұхбатын дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік басқару шараларының біртұтас жүйесін жасаудың негізі болады. Доктринаны жүзеге асыру Қазақстанның жедел дамуы үшін, әрқайсымыздың лайықты өмір сүруіміз үшін елдің адами, интеллектуалдық әлеуетін жандандыру мен жұмылдыруға, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқығы мен бостандығын сақтау және қорғауға бағытталған. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, Доктрина қазақстандық қоғамды ұйыстыру үдерісінің басты құралы болмақ. Ұлт бірлігін қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құрудың маңызды шарты. Мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл міндетті шешу үшін тәуелсіз, егемен, барлық әлем мойындаған мемлекет ретінде Қазақстанда саяси ерік және қажетті экономикалық, әлеуметтік ресурстың бәрі бар. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту, мүмкіндіктер теңдігін және азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау, интеллектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамыту - біздің ұлттық бірлігіміздің басты ұстанымы әрі әрбіріміздің өмірлік қағидаттарымыз болуы шарт. Осының бәрі алдымыздағы жылдарда еліміздің қарқынды дамуының негізін қалайды.