Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер мен лайықты тіршілік жағдайын туғызуға ұмтылу, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын мойындау, ұлт тағдырына жауапкершілікті сезіну, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда
Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер мен лайықты тіршілік жағдайын туғызуға ұмтылу, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын мойындау, ұлт тағдырына жауапкершілікті сезіну, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда, мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілгендей байырғы қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілік құру мен нығайту және де басқа қағидаттарды негізге ала отырып, қоғам мен ұлтқа Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасы ұсынылады. Жалпы ережелер Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттілігін күшейту жолындағы барлық шараларды атқарады. Ел тарихы - көптеген қайғылы оқиғалардың куәгері. Халықтың өмірі, оның тілі мен мәдениеті жойылудың алдында тұрған да кездер болған. Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, жай ғана аман қалған жоқ, мемлекетін де құрды, тәуелсіздігін де алды. «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда егеменді ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден - Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқы; екіншісі - елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік. Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды. Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ.
Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді. Содан бері Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісіміміз елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепілі және негізі болып табылды. Алайда өмір бір орында тұрмайды. Өткен жылдарда көп нәрсе өзгерді. Өзіміз де өзгердік, біздің санамыз тоталитарлық жүйенің қалдықтарынан құтылуда. Тәуелсіздік алған жылы туған ұрпақ кәмелетке толды. Бізді қоршаған әлемдегі жағдай да өзгерді. Жаһандану ықпалы артты. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ғана болып қалған жоқ, ол түрлі геосаяси мүдделердің нысанына да айналды. Жаңа ғасырдың екінші онжылдығында елдің алдында инновациялық-өндірістік дамуға өту жөнінде жаңа әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр. Осының барлығы, жаңарған қоғамнан, өзгерген әлем алдында өзінің бірлігін терең сезінген жаңа типтегі ұйысуды талап етеді. Ұлт Бірлігі Доктринасы - халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл - бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл - болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні. Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені бірліксіз - Ұлт жоқ. Ұлтсыз - мемлекет жоқ. Ал, мемлекетсіз - болашақ жоқ. Осыларды негізге ала отырып, Қазақстанның Ұлт Бірлігінің төмендегідей қағидаттары жария етіледі.