Қызыл кітап-халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабы” — халықаралық дәрежедегі құжат.
Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан, сондықтан да айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркеледі. Жануарларды халықаралық дәрежеде қорғау мәселесі 20 ғасырдың бас кезінде қолға алынды. 1902 ж. Париж қаласында алғаш рет Құстарды қорғаудың халықаралық конвенциясына қол қойылды. 1948 ж. ЮНЕСКО-ның жанынан Халықаралық табиғат қорғау одағы ұйымдастырылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабын шығаруға Құстарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес, Су құстарын зерттейтін халықаралық бюро, Жануарларды қорғау жөніндегі бүкіләлемдік федерация, т.б. ұйымдар қатысады. Қызыл кітап табиғат қорғаудың негізгі іргетасы, экологиялық білім мен тәрбие берудің қайнар көзі болып саналады.
Қазақстанның Қызыл кітабы
Қазақстанның Қызыл кітабында сирек және жойылып бара жатқан түрлердің тізіміне енгізілген жабайы омыртқалылардың 87 түрінің және өсімдіктердің 303 түрінің қазіргі таралуы, санының жай- күйі, биологиясы туралы мәліметтер келтірілген.
Қызыл кітапқа ресми енгізілген өсімдіктердің 16 түрі Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында тіркелген. Алайда Алтай ботаника бағының ғылыми қызметкері б.ғ.к. Ю.А. Котуховтың жұмысының нәтижесінде сирек, осалдау және жойылып бара жатқан түр мәртебесіндегі тағы да 50 түр анықталды. Адамдар мыңдаған жылдар бойы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін пайдаланып келді және де өзінің жан- жақты тіршілігінде жануарлар мен өсімдіктердің пайдалы қорын қолданып ғана қойған жоқ, сонымен бірге табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің өмір сүру жағдайларына әсер етті. Табиғатқа антропогенді ықпал етудің әсерінен жер бетінде өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылу процесі басталды.
Ғылыми- техникалық прогресс адамдардың қолына табиғат әлеміне әсер ететін күшті құралдар берді. Бұл құралдар қаншалықты пайдалы болса, соншалықты зиянды. Адамдар көбінесе кейде түсінбей, кейде салақтықтан табиғатты қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет болатынын ойламастан, оған қалай болса солай қарайды. Сыңсыған орманның орнындағы жанған түбірлер, су шайып өткен тау беткейлеріндегі жыртылған жерлер, ағаш ағызу кезінде ластанған өзендер. Осының бәрі сирек кездесетін көптеген бағалы аңдар мен өсімдіктердің құруына әкеп соғады.
Табиғатта пайда болған әрбір түр өзінші бірегей және ешқашан қайталанбайды, сондықтан да оның жойылуы - орны қайта толмайтын нәрсе. Және де бұл жоғалту қауымдастықтың бүтінділігі мен табиғаттағы жалпы тепе- теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты қорғау мәселесі дүниежүзілік мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе бүкіл әлемде маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қаралады.
Адамның табиғатқа әсерінен жануарлар мен өсімдіктер қырғынға ұшырауда, соның салдарынан ағзаның көптеген түрлері жойылып кету шегіне жетті. Мәселен, 90-жылдардың ортасына дейін, 40 жыл бойы бөкен Қазақстандағы негізгі кәсіптік жануар болды. 1991-1993 жылдарда 800-900 мың бөкендер бар еді. 1998 жылы - 470 мың, 2001 жылы - 80 мың, ал 2003 жылы бар болғаны 21 мың бөкен қалды. Үкімет каулыларымен бөкендердің барлық түрін аулауға тыйым салынды. Бөкен Қызыл кітапқа енгізілген жоқ, бірақ осал, тіпті қиын-қыстау қауіп төнген түр мәртебесінде тұр. Оның санын қалпына келтіруде едәуір каржы салынып, аң шаруашылығы мен өзге ұйымдардың қарқынды күш жұмсауы қоса тапсырылды.
| Адамның қырып-жою әрекетінің әсері
Адамның қырып-жоя әсер етуінің тағы бір мысалы ретінде Арал теңізінің экологиялық опатын көрсетуге болады. Соның нәтижесінде теңіздің жартысынан астамы Әмудария және Сырдария өзендерінің ағысын бөліп жібергендіктен, тартылып кетті. Арал теңізі ірі балық кәсіпшілігі орнынан шағын суқоймаға айналып қалды. Теңіздің сорлануының тез өсуі нәтижесінде тұздылығы 60% (промиллеге) дейін көтерілді, сөйтіп суармалы егістіктің ақаба суынан пестицидтер мен нитраттардың жинақталуынан теңіз суынан балықтардың 28 түрі жойылып кетті. Қазақстанда жыртқыш құстардың жағдайы шұғыл нашарлап кетті. Оның негізгі себептері мыналар:
ересек құстарды жаппай аулау, сондай-ақ сату үшін ұядан (ителгі,бидайық, лашын, ақ сұңқар; бүркіт, қарақұс тәрізді қырандардың) балапандарын алу;
қаскерлік;
жабайы тұяқтылардың санының кемуінен қоректік қордың азаюы (құмай, жұртшы, сақалтай);
Суқоймаларды шаруашылықтың игеруі, жағалаудағы ағаштарды шауып алу, балық қорының кемуі (балықшы тұйғын, аққұйрықты субүркіт);
электрберіліс жолында қорғаныш құрылғыларының болмауы, химиялық ластану (жыланжегіш қыран);
тоғайлы орманның құлдырауы (бақалтак қыран);
тіршілік орындарының бүлінуі;
тың даланы жырту;
ірі қараны қайталап жаю.
Көкқұсты кейінгі жылдары сайрағыш құстарды торда ұстаушылар көбейіп кетті. Ұлттық костюмдер мен бойтұмарларды әшекейлеуге үкінің қауырсындары пайдаланылады. Аталған түрлер жойылу қаупінде болып шыққандықтан, Қызыл кітапқа тіркелді.
Алғашқы қадамдар
Жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алғашқы тізімін 1963 жылы Халықаралық табиғат және табиғат ресурстарын қорғау одағының (ХТҚО) арнайы комиссиясы құрастырды. Бұл комиссияға әлемдегі әр түрлі елдердің ғалымдары енді. Тізім жарияланып, «Деректердің Қызыл кітабы» («Red Date book») деген атау алды. Қазіргі кезде көптеген елдерде Қызыл кітап жарық көрді. Қазақстанда Қызыл кітап жасауға құлшынушылардың бірі белгілі ғалым -зоолог A. А. Слудский болды. Оның еңбектері Қазақстан жануарлар әлемін қорғауға арналды.
Басылымдары
“Қазақстанның Қызыл кітабы” – Қазақстан Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің сипаттамасы берілген арнайы басылым. 1978 жылдан шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып 1978 ж. жарық көрді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” екінші бөлімі 1981 ж. өсімдіктерге арналып шығарылды.
“Қазақстанның Қызыл кітабының” бірінші басылымына тіркелген өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі категория бойынша: А категориясы – жойылып кету қаупі төнген түрлер; Б категориясы – сирек кездесетін түрлер деп берілді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” жануарларға арналған бірінші басылымында омыртқалы жануарлардың 87 түрі:
балықтың 4,
қосмекенділердің 1,
бауырымен жорғалаушылардың 8,
құстардың 43,
сүтқоректілердің 31 түрі тіркелді. 1991 ж.
Екінші басылым
“Қазақстанның Қызыл кітабының” толықтырылған екінші басылымы шықты. Кітаптың екінші басылымына омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда
балықтардың 16,
қосмекенділердің 3,
бауырымен жорғалаушылардың 10,
құстардың 58,
сүтқоректілердің 42 түрі мен түр тармақтары туралы мәліметтер берілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” екінші басылымында алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, онда
жәндіктердің 96,
шаянтәрізділердің 1,
ұлулардың 6,
құрттардың 2 түрі туралы деректер тіркелген. 1996 ж.
Үшінші басылым
“Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымы қайта өңделіп, әрі толықтырылып, қазақ тілінде шықты. Бұл үшінші басылымның бірінші томы “Жануарлар”, оның бірінші бөлімі “Омыртқалылар” деп аталды. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген.“Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген жануарлар түрлері 5 категория бойынша:
1-категория – жойылып бара жатқан;
2-категория – саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан;
3-категория – сирек кездесетін;
4- категория – ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген;
5-категория – қалпына келтірілген түрлер деп берілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануарлар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір жеке түрге қысқаша қазақша, ағылшынша деректер берілген. Сонымен бірге әрбір тіркелген түрдің суреті, Қазақстан аумағында таралуын көрсететін карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар, мақалалар) көрсетілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” өсімдіктерге арналған бірінші басылымында өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Онда
жабықтұқымдылардың 288,
ашықтұқымдылардың 2,
қырыққұлақ тәрізділердің 3,
мүктердің 3,
саңырауқұлақтардың 10,
қыналардың – 1 түрі берілген.
“Қазақстанның Қызыл кітабының” әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге, оның қамқоршысы болуға тәрбиелейді.[1]
Пайдаланылған әдебиет
↑ “Қазақ Энциклопедиясы”
↑ Балалар Энциклопедиясы, 6 том.
Достарыңызбен бөлісу: |