Қазақстанның казіргі заманғы тарихы


Қоғамдық-саяси дамудағы алға басулар



бет32/69
Дата08.05.2020
өлшемі0,57 Mb.
#66599
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   69
Байланысты:
HystoSovrKz (1)

8.2. Қоғамдық-саяси дамудағы алға басулар.

XXI ғ. басындағы әлеуметтік саладағы реформалар.
Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойған басты мақсаттарының бірі - адамдардың жақсы жәйлі тұрмысын іс жүзінде қамтамасыз ететін қоғам орнату. Осы орайда әрбір адамға кәсіпкерлік еркіндік пен мүмкіндік туғызып, жоғары әлеуметтік мәртебеге жетуін қамтамасыз ету, зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру өркениетті елдер қатарынан орын алудың басты кепілі болып табылады. Әлеуметтік саладағы басты міндеттер: ұлттық байлықты тұрақты ұлғайту, халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінен дүние жүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы және тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырмашылықты жою.

Алайда, қоғамдық қатынастардың өзгеруімен және нарықтық экономикаға көшумен байланысты халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп кетті. Еліміздің экономикасының құлдырауымен байланысты еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы бұл жылдары тиісінші дәрежеде өспей, тауарларды ырықтандыру деңгейінен ондаған есе артта қалып қойды. Халықты жұмыспен қамту проблемасы да өткір сипат алды. 1991 жылдан бастап республикада жұмыссыздық кең көлемде қанат жайды. Әсіресе, ауылдық жерлерде кеңшарлардың жекешелендіруіне байланысты жұмыссыздық қанат жайды. Жастар жұмыс іздеп қалаға ағылды. Қалаға келгенде де олар қарық болған жоқ. Не баспана, не тұрақты жұмыс орны пен табыс жоқ, сенделіп жүріп, азын-аулақ саудамен, рэкетпен, ұрлық-қарлықпен шұғылданып, мыңдаған қазақ жастары қылмыскерлер қатарын толтырды.

Осы жылдары Қазақстанның әлеуметтік саласындағы өткір мәселелердің бірі - уақытында зейнетақымен қамтамасыз ету болды. Осымен қатар сол кезде зейнеткерлердің қатары едәуір өсіп, олардың саны 2002 жылы 3 млн. адамға жетті. Билік орындары зейнетақы мәселесін шешу мақсатында үш бағытта жұмыс жүргізді. Біріншісі - зейнетақының бұрынғы қарыздарын жабу, екіншісі - зейнетақыны өтеудің уақытын сақтау, үшіншісі - зейнетақы жүйесін экономика мүмкіндігіне қарай батыл жетілдіру (реформалау). Осындай шұғыл және жан жақты таразыланған шаралар бірсыпыра қайтарымын беріп, 1999 жылдың зейнетақы қарызын төлеуде бірқатар игі нәтижелерге қол жетті. Әсіресе, 7-8 ай бойы зейнетақыларын ала-алмай келген ауыл тұрғындарына арнайы көңіл бөлінді. Зейнетақыны одан әрі арттыру бағытында үкімет пен жергілікті атқарушы билік буындары тиімді шараларды іске асыра білді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 1997 жылы 3 мың теңге болса, 2000 жылы 4 мың теңгеге дейін көтерілді. 2000-2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш мәрте артып, 23 пайызға өсті. 2003 жылдың басында Президенттің жарлығымен ең төменгі зейнетақы көлемі 5 мың теңгеге жетті. 2004 жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5800 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері — 8335 теңгені құрады.

Елімізде жүргізілген реформалар аясында тұңғыш рет аралас әрі ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып, ол өмірде өзінің тиімділігін таныта алды. 1,5 миллионнан астам зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақысын белгіленген мерзімде алатын болды. Осы мақсатта зейнетақыны индексациялаумен бірге 2003 жылы оны саралап өсіру ісі жедел қолға алынды. Жеке жинақ принциптеріне негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі - жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып ойдағыдай барынша тиімді жұмыс атқаратын болды. 2004 ж. бір мемлекеттік және 15 жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларындағы 6,5 млн. қазақстандықтардың жеке есепшоттарында 415,2 млрд. теңге зейнетақы жинақталды. Оның ішінде 115,7 млрд. теңгесі инвестициялық кірістен түскен. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары жылдан жылға тұрақты жетіліп, оның көлемі 2008 жылдың басында 1,1 триллион теңгеден асып түсті.

Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау табысты нәтижелер берді. Базалық зейнетақы төлемдерін есепке алғанда, ең төменгі зейнетақы көлемі 1998 жылдан бері 4,3 есе, ал зейнетақы төлемдерінің орташа көлемі 3,3 есе көбейді. 1,6 миллионнан астам адам мемлекеттік зейнетақыны республикалық бюджеттен алады.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жәйі. Қандай мемлекет болмасын оның құрамындағы халықтың тұрмысындағы маңызды мәселе ол тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Бұрын да, қазір де тұрғын үй адамдардың ең басты мұқтажы болып келеді. Тәуелсіз тарихтың 90-шы жылдары республикада тұрғын үй салу қарқыны тым төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жылдан бастап ілгерілеуіне байланысты тұрғын үй құрылысы билік орындары назарына алынып өткір мәселе болып қайтадан көтерілді. 2002 жылы үй құрылысына 29,4 млрд. теңге инвестициялық қаржы жұмсалды, ол 2001 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артты. Жаңадан 1402,7 мың шаршы метрді қамтитын 11,2 мың пәтер іске қосылды. Үй құрылысы, әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында кең өріс алды. 2004 жылғы көктемдегі Президенттің халыққа Жолдауында республикадағы арзан үй құрылысын кеңейту, ұзақ мерзімге 9-10 пайызбен берілетін ипотекалық несиелер, жинақтаушы тұрғын үй банкілерінің қаржыландыру мүмкіндігі төмен отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жарияланды және оны іске асыру үшін Үкімет қарқынды жұмыстар жүргізетін болған. 2005-2007 жылдары 19 млн. шаршы метрден астам түрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш көзделген межеден 22 пайызға арттып, осы уақыт ішінде елімізде 44 мыңнан астам пәтер салынды. Бюджеттік қаржы есебінен 6 мыңнан астам коммуналдық пәтерлер өз иелерін тапты.

Қазақстандықтардың жалақысын арттыру шаралары. Республикада тәуелсіздік жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту, соның ішінде еңбекшілер мен қызметкерлердің жалақысын арттыруға назар аударуға баса көңіл бөлген. Экономиканың қарқынды өрлуі әлеуметтік міндеттердің үлкен кешенін шешуге жол ашты. Тек 2002 жылы орташа айлық 54 пайызға, немесе 1999 жылғы 9400 теңгеден 18 мың 500 теңгеге дейін көбейді, ең төменгі жалақы мөлшері 5 мың теңгені құрады. Бұл жылдары үкімет, әсіресе, бюджеттегі мекемелер қызметкерлерінің жалақысын көтеруге көңіл бөлді. 2002 жылы тек мұғалімдердің жалақысы 35 пайыздан астам көбейтілді. Бұл мұғалімдердің орташа айлық жалақысының мөлшерін 2000 жылғы 7 мың теңгеден 9300 теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға айрықша көңіл бөлетін болды. Мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлерді, мүгедектерді, асыраушыларынан айырылған және басқа да санаттағы тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету ісіне де арнайы бақылау орнатты. Олардың барлығы 3,5 миллион (немесе барлық тұрғындардың 23,6%) адамнан асты. 2004 жылы 1999 жылмен салыстырғанда әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары 1,5 есе көбейді. Бұл қазақстандықтардың кірісін айтарлықтай арттырды, оған мынадай өсім индикаторлары дәлел болады. 1999-2004 жылдары ең төменгі жалақы көлемі 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі - 1,9 есе (3000-нан 5800 теңгеге дейін); орташа жалақы - 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге дейін); орташа зейнетақы көлемі - 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге дейін); күнкөріс шегі - 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орташа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі - 1,3 есе (3441-ден 4670 теңгеге дейін) өсті.

Тұтастай алғанда, ХХ ғасырдың 90-жылдардың аяғындағы межемен салыстырғанда 2007 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар 3 еседен астам артқан.

Денсаулық сақтау ісін жетілдіру шаралары. Халықтың денсаулығын сақтау және оның сапасын жетілдіру мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл - Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелерді жөндеу және жаңа құрылысқа жетік қаржы бөлінді. Денсаулық сақтау саласының 88 нысаны жаңадан бой көтерген. 2002 жылдың тағы бір ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды. Жалпы, 2000-2002 жылдары денсаулық сақтау саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру көрсеткіші екі еседен астамға, жергілікті бюджеттен - 50 пайызға дерлік ұлғайған. Ал 2007 жылы ғана республика бойынша қосымша мемлекет тарапынан ондаған денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне айналды.

1997-2007 жылдары аралығында мемлекеттің денсаулық сақтау саласына шығыны 13 есе өсіп, 2007 жылы 338,5 миллиард теңгені құрады. Тәуелсіздікке қол жеткен жылдан бері денсаулық сақтаудың 290 нысаны салынып немесе қайта жөнделіп, оларға 100 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Осымен қатар алғашқы көмек көрсету буынын құрал-жабдықтармен және замануи медициналық жабдық құралдармен жарақтандыру 3 есеге жуық өскен. Егер 1997 жылы 1200-ге жуық ауылдық елді мекен медициналық қамтамасыз етусіз қалса, он жылдан соң ауылдықтар жер-жерде медициналық көмекпен толық қамтылған. Тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді қаржыландыру мәселесі де қолға алынып кепілдендіруге жол ашылған және 2003 жылдан бастап өткен кезең ішінде мемлекеттің осыған бөлген қаржы көлемі 3 есеге артқан. Тәуелсіздік алған жылдары денсаулық сақтауды реформалау мен одан әрі дамытудың аса маңызды құралы, яғни Мемлекеттік бағдарламасы табысты жүргізілуде деуге толық негіз бар.

2005 жылғы 18 ақпандағы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткеніндей: бүкіл дүниежүзілік банктің жіктемесі бойынша қазіргі уақытта Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына енді. Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, 1995-2005 жж. қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке түлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Экономиканың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі осы жылдары қолға батыл алынған модернизациялау саясатының айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды.

Тұтастай алғанда, 1997 жылдан 2007 жылдың аяғына дейінгі кезеңде еңбекақының ең төменгі мөлшері 4,5 еседен астамға өсті, орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 теңгеге дейін - 6 есеге жуық артты. Жалпы Тәуелсіздік тұстағы орташа еңбекақы деңгейі жөнінен Қазақстан ТМД-да көшбасшы елдердің бірі болды. 2002 жылдан бастап бұл өзекті салада реформалық процестен сәтті өтіп, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру үрдісі қалыптасып келеді. Оның деңгейін жүйелі арттырудың арқасында 2007 жылы бюджетшілердің еңбекақысы 2,5 еседен астамға өскен еді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа көлемі 1998-2010 жылдары 3 есеге жуық өскен. Аталмыш кезде республикада 630 мыңдай адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын болған. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өсудің жедел қарқыны болып саналады

Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында болған. 2000 жылдан бастап, 2008 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Қазақ елінің 5 миллионнан астам азаматтары мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып келген. 2000 жылғы мөлшермен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе артық болды.

Ал осы жылдар ішінде Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа кәсіпорындар бой көтерген еді. Өнеркәсіп саласының автомобиль құрастыратын, оның ішінде жеңіл автокөліктер жинайтын бес кәсіпорын жұмыс істейтін болды. 2015 жылға қарай Қазақстанда радиотехника мен компьютер де құрастырылатын болды. Жиһаз жинау өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және басқа халық тұрмысына қажетті салалар даму қарқыны серпінді болған.

Сөйтіп, 2000-2014 жылдары аралығында Қазақстанда Кеңестік дәуірдің 70-90 жылдары орын алған көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жүмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қолы жетті. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатардан орын алды. Қазақстан әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің қатарына енді. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік жылдарында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске асырып, әлеуметтік-экономикалық дамуында посткеңестік мемлекеттер арасында көшбасшы болып қала берді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет