Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық және жаңашылдық



бет2/10
Дата23.10.2016
өлшемі2,55 Mb.
#65
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Диссертациялық зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы: Диссертациялық жұмыстың маңыздылығы отандық театртану ғылымында Қазақстанның театр режиссура өнерінің тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің мәдени кеңістігіндегі рөлі мен шығармашылық болмысын қазіргі уақыт қырынан зерттеу өзектілігін көтеруінде жатыр. Зерттеу жұмысында режиссурадағы сабақтастық пен жаңашылдық ерекшеліктерін анықтау тұрғысында өнертанушылық және тарихи-театртанушылық талдау жүргізіліп, бұл мәселенің әрі қарай зерттелуі үшін теориялық негіздері дайындалды.

Диссертациялық жұмыста қол жеткізілген нәтижелер Қазақстандағы заманауи режиссура өнерінің төңірегіндегі тұжырымдамаларды тереңдете түсіп, олардың ғылыми-теориялық маңыздылығын әлемдік театр кеңістігіне алып шығу қажеттілігін көрсетеді. Зерттеу барысында қол жеткізілген ғылыми нәтижелер өнертанудың барлық салаларына, әсіресе театртану үшін пайдалы әрі маңызды.

Автордың пайымдауынша, диссертацияда ұсынылатын ғылыми қағидалар мен ой-пікірлер, өзекті мәселелер өнер бойынша мамандықтарды дайындайтын жоғарғы оқу орындарындағы, соның ішінде театртану мамандандыруы бойынша оқитын студенттер, магистранттар мен докторанттардың теориялық білімін кеңейтіп, Қазақстанның театр режиссурасының қазіргі үдерісі мен даму үрдістерін зерделеуге, тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, зерттеу жұмысындағы автордың ұсынған ғылыми нәтижелері мен ой-тұжырымдарын қазақ театрының тарихы, қазіргі театр үдерісі, актер шеберлігі, режиссураға кіріспе пәндерінде оқытуына, сол сияқты гуманитарлық бағыттағы оқу орындарында арнаулы курс, семинар дәрістерінде пайдалануға болады. Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық мәселесін зерттеудің теориялық-театртанушылық және оқу-әдістемелік тұрғыдан практикалық маңызы зор. Зерттеудегі мәселенің ғылыми қойылымы лабораториялық немесе эксперименттік спектакльдерді сахналау барысында режиссерлер үшін әдістемелік-практикалық нұсқау бола алады. Сонымен бірге, студенттердің, магистранттар мен докторантардың, жоғарғы оқу орындары оқытушыларының оқу-әдістемелік және зерттеу жұмыстарында, ғылыми жобаларында қолдануылуына және жалғастырылуына мүмкіндік береді. Келешекте осы докторлық диссертацияның негізінде Тәуелсіз Қазақстанның театр режиссурасыдағы сабақтастық пен жаңашылдық ұғымы бойынша арнайы курстар мен оқу-әдістемелік құрал жасауға болады.

Зерттеу жұмысының жарияланымы мен талқылануы:


Диссертациялық жұмыстың негізгі теориялық мәселелері мен тұжырымдары 7 мақалада жарияланды. Оның ішінде 3-еуі халықаралық ғылыми-практикалық конференция, халықаралық симпозиум, республикалық танымдық семинарларда жарияланса, 3-еуі ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен журналдарда, 1-еуі Scopus базасының деректер қорына кіретін журналдарда жарияланды.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы: Докторлық диссертация Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде 2016 жылдың 29 сәуірінде (хаттама № 9/1) талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеудің негізгі мазмұны, ғылыми нәтижелері мен түйінді тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті белгілеген арнаулы басылымдарында жарық көрді. Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдістемелік қағидалары, тәжірибелік нәтижелері мен тұжырымдары ғылыми-теориялық конференциялар мен ғылыми-практикалық семинарларда сыннан өтіп, баяндалды. Диссертацияға байланысты келесі мақалалар мен баяндамалар жарияланды:

1. Маемиров А. «Қарагөз» трагедиясының эстетикасы және режиссерлік қойылу ерекшеліктері // ЮНЕСКО 70 жылдығына арналған «Қазақ және венгр киносы мен телевизиясы: өзін тану, заманауилық және тарихи мұра» халықаралық ғылыми практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: Т. Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА, 2015. – 224-229 б.

2. Маемиров А. Әлемдік және орыс классикалық туындыларының қазақ сахнасында игерілуі // әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Мәдениеттану сериясы № 3 (52) – 2015. -114-123 б.

3. Маемиров А. Современный театральный процесс Казахстана: Проблема бытия человека // ХІ международная научно-практическая конференция «Новости научной мысли», Прага, Чехия. 22-30 октября, 2015 г. - с 78-85.

4. Маемиров А. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» пьесаларындағы дәстүр мен жаңашылдық // Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы № 4, 2015 ж. -133-137 б.

5. Маемиров А. Классикалық шығармаларды сахналаудағы режиссерлік ізденістер // С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филологиялық сериясы № 4 (37) - 2015. – 175-188 б.

6. Маемиров А. Қазақстан режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық // А.Тоқпановтың 100 жылдығы мен Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған «Бүгінгі театрдың даму мәселелері және перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: Т. Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА, 2015. – 61-66 б.

7. A.Mayemirov, K.Khalykov, B.Nurpeis. Ethnic and Cultural Aspects in the Development of Kazakh Theatres during the Independence Period: The Problems of Human Existence// Folklore: Electronic Journal of Folklore, Thomson Reuters (Arts & Humanities Citation Index) and Scopus №62, Tartu, Estonia, December 2015 – р. 201-224

Диссертациялық еңбектің құрылымы: Диссертациялық жұмыс тақырып өзектілігі, мақсаты мен мiндеттерiне сәйкес кiрiспеден, әрқайсысы екі тараушадан құрылған үш бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.

1 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕАТР РЕЖИССУРАСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҮДЕРІСІ


    1. Мәдени кеңістіктегі режиссураның ролі, сабақтастық пен жаңашылдық мәселелері

Мәдениет пен өнердің тууы мен қалыптасуы, дамуы мен түрлену үдерісі екі түрлі үрдіс арқылы жасалады. Біріншісі, дәстүрлі-нормативті қорғау, яғни өнердегі дәстүр сабақтастығын сақтау, мәдени мұраларды қызғыштай қорып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру. Екіншісі, экспериментальды-ізденіс үрдістері. Бұл бағытқа негізінен жаңашылдық, заманауи тәжірибелік ізденістер тән.

Өнерді терең игеру, ұғыну, түсіну және шығармашылық тудыру үрдісінде сабақтастық (дәстүр) пен жаңашылдық сияқты ұғымдар маңызды роль атқарады. Әлемдік мәдениет пен өнер тарихындағы ең маңызды заңдылықтардың бірі, бірегейі – сабақтастық болып табылады. Өнер сабақтастығы дегеніміз – (латын сөзі «traditio» – дәстүр, жалғастық) – ғасырлар бойы қалыптасқан, әбден жүйеге түскен мәдени құндылықтар жиынтығы. Мәдени үдеріс кезінде әрбір буын рухани көркем құндылықтарды сақтап, өзіннен кейінгілерге мирас ретінде табыстап, яғни ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырады. Өнерде оның ұзақ мерзімді даму барысында кейбір дәстүрлі тақырыптар, идеялар, суреттер, графика және кескіндемелер басты көркемдік құрал болып табылады.

Ал, жаңашылдық (латын сөзі «novator» жаңашыл) дегеніміз – дәстүрлі өнер құндылықтарына трансформациялық ықпал жасаудан, елеулі өзгерістер жасаудан, уақыт талабын сезіну мен ұғынуда терең ой мен сезімнен туған жаңа жолдар.

Белгілі бір мәдени құбылыстар қоғамда сабақтастық арқылы тарихи даму үдерісінде жаңғырып және үздіксіз жалғасып отыруы мүмкін. Өткен мәдени құндылықтар, үздіксіз сипаты бар және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әрбір тарихи дәуір мәдениетінің тірі элементі ретінде әрекет етеді. Адамзат дамуының тарихи кезеңдерінде небір өркениеттер құмға сіңгендей жойылғанымен, олардың мәдени жетістіктерінің іздері қалды. Сол іздердің кейбірі мәдениеттің әлемдік қазынасына кіріп, мәдени-тарихи прогрестің дамуына өз үлесін қосты. Басқаша айтқанда, әдебиет және өнер туындылары, ғылыми жетістіктер мәңгі жоғалған болуы мүмкін, яғни оның дамуындағы іркілістер ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ал бұл фактілер мәдениеттің материалдық және рухани құндылықтарымен анықталады.

Мысалы, ежелгі грек елінде туған антикалық театр орта ғасырда халықтың мәдени өмірінен мүлдем ғайып болды. Адамзаттың рухани мәдениетіне қажеттілігі болмағандықтан, қоғамдық сана Эсхил, Еврипид, Софокл драматургиясын қажетсінбеді. Алайда, уақыт өте келе ХІХ-ХХ ғғ. бастап қайтадан антикалық театр драматургиясын сахналау қайтадан жанданып, аталмыш қойылымдар өзінің мәдениеттегі баяғы биігіне көтеріліп, одан әрі даму жолына түсті. Дәл осындай адамзаттың әлеуметтік-мәдени прогресіндегі қарама-қайшылықтар, қоғамдық сананың өзгеруінен және тиісті өнер құрылымдарының дамуынан тікелей көрініс табады.

Сабақтастықтың 2 типі бар: біріншісі – конструктивті-жасаушы, яғни материалдық және рухани құндылықтардың тууымен байланысты. Екіншісі, небір тарихи кезеңдердің сынынан өткен адамзаттың мәдени жетістіктерін қорғап, сақтаған позитивті-консервативті тип.

Сабақтастық – мәдени үрдістің дамуы мен тамыр жаюына ерекше әсер ететін ықпалды күш. Ал режиссурада сабақтастық пен жаңашылдықтың ерекше үйлесім табуы – шығармашылық тұлғаның суреткерлік болмысы мен потенциалына байланысты. Жалпы әлемдік сахна өнерінде XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында «режиссерлық театр» деген атаумен жаңа құбылыс пайда болды.

Германия, Ұлыбритания, Франция және Ресейдегі спектакльді қоюшыларға деген талап өзгеріп, нәтижесінде сол кезге дейін өмір сүрген ұжымдық театр өнері әрекетінің концепциясы жаңғырып, жеке авторлық шығармашылық басты нысанаға айналды.

Бұрын театрда режиссура өзіндік көркемдік мақсаты жоқ, тек қана көмекші, ұйымдастыру бағытындағы қосалқы роль атқаратын. Енді драмалық шығарманы сахналау кезінде, режиссер - өнердің сан саласын біріктіретін ең басты факторға айнала бастады.

Сондықтан режиссерлік дәуірдің тууы - театрдағы көптеген қатып қалған дәстүр мен қасаң қағидаларды бұзып қана қойған жоқ, театрдың жалпы өмір сүру құрылымын толығымен өзгеріске ұшыратты. Режиссер – қойылымның авторына айналып, театрдың тыныс-тіршілігінің өлшемі іспеттес басты тұлғаға айналды. Бұл орайда дәстүрлі өткелдің үстіндегі екі басты бейне драматург пен актер - қойылымның авторы емес, театрдағы ең басты тұлға, режиссерға материал жеткізіп беруші және оның жұмысын жүргізетін шығармашылық тетікке айналды.

Бұл құбылыс орыс сахна өнеріндегі қойылым тудыру кезіндегі реформа үдерістерін терең жүргізген К.С.Станиславский мен Вл.И.Немирович-Данченко есімімен байланысты болды. Ал неміс, ағылшын, француз сахнасындағы осы үдерістердің барлығы дерлік Отто Брам, Макс Рейнхардт, Бертольт Брехт, Людвиг Кронек, Андре Антуан, Гордон Крэг есімдерімен өте тығыз байланысты.

Аталмыш сахна реформаторлары режиссура өнерін, қойылымды сахналау үдерістерінде актерлік ойын мен драматург қаламынан туған туынды арқылы ортақ эстетикалық идеялар біріктіретін басты күшке айналдырды. Театр өнерін режиссура арқылы реформалау үшін, актерлерге жаңа бағыт, жаңа идеялар мен әдістерді ұсынды. Сонымен бірге драматургия арқылы актер мен көрерменнің қарым-қатынас құру үдерістеріне байланысты сахна кеңістігінде жаңа көзқарас қалыптастырды.

Соңғы ширек ғасырда да өздерінің көркемдік ұстанымдарын сахнадағы «қойылым жасау» үдерісімен бірге, көптеген теориялық және практикалық жұмыстар жүргізіп, зерделеу мен сараптау нәтижесінде авторлық театр мен режиссураның тұжырымдамасын әзірледі. Әсіресе, К.С.Станиславский, Вл.И.Немирович-Данченко, Вс.Мейерхольд, М.Чехов, Б.Брехт, А.Арто, Е.Гротовский, П.Брук, Дж.Стрелер, А.Васильев секілді әлемге әйгілі сахна санаткерлері өздері жасаған кәсіби тұжырымдары бойынша «Режиссерді – қойылым авторына» айналдырды.

Өнердегі кез-келген шығармашылық мамандықтың өзіне тән теориялық тұжырымы бар. Режиссураның негізгі атқаратын қызметі хақындағы ғылыми тұжырымды, режиссердің қасиеттері мен суреткерлік болмысы туралы ең басты жүйелі анықтаманы сахна реформаторы Вл.И.Немирович-Данченко жасады: «...режиссер – существо трехликое:



  1. режиссер – толкователь; он же – показывающий, как играть; так что его можно назвать режиссером-актером или режиссером-педагогом;

  2. режиссер – зеркало, отражающее индивидуальные качества актера, и

  3. режиссер – организатор всего спектакля»

Публика знает только третьего, потому что его видно. Видно во всем: в мизансценах, в замысле декоратора, в звуках, в освещении, в стройности народных сцен. Режиссер же толкаватель или режиссер-зеркало – не виден. Он потонул в актере. Одно из моих любимых положений, которое я много раз повторял, - что режиссер должен умереть в актерском творчестве...

Самая большая награда для такого режиссера – это когда даже сам актер забудет о том, что он получил от режиссера, - до такой степени, он вживаетсяво все режиссерские показы...» [4, 16 б.].

Режиссураның ішкі және сыртқы тұтастығы көркемдік тұрғыда жарасым тапқан жағдайда ғана толықтай тағылым мен мазмұнға ие болады. Ал сахна кеңістігінде режиссердің спектакль тудыру үдерісі – мәдени және тарихи типтері арқылы көрініс табатыны да белгілі. Режиссердің шығармашылық әлеуеті - бұл кез-келген театрдың рухани биіктігі мен жасампаздығының көрінісі.

Қазақстанның театр режиссурасы зерттеу нысанымызға арқау болғандықтан, режиссерлар Әзірбайжан Мәмбетов, Есмұхан Обаев, Рубен Андриасян, Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Нұрқанат Жақыпбай, Ерсайын Тәпенов, Әубәкір Рахимов, Талғат Теменов, Қуандық Қасымов, Әлімбек Оразбеков, Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Ялхунжан Шамиев, Қайрат Сүгірбеков, Гүлсина Мерғалиева, Наташа Дубс, Қубанычбек Адыловтардың шығармашылық жұмыстарын, олардың суреткерлік эстетикасы мен режиссурасының ерекшеліктерін осы екі аспекті негізінде салыстырмалы түрде сараптаймыз.

Қазақстан режиссурасындағы жоғарыдағы аға буын, орта буын, жас буын сахнагерлерді таңдауымыз бекерден-бекер емес. Біріншіден, бұл режиссерлердің практика жүзінде өздерінің шығармашылық бағыт-бағдары бар. Екіншіден, театрдың авторлық-эстетикалық моделін жасаудағы авангардық бағыттары бар. Үшіншіден, аталмыш сахнагерлер Қазақстандағы «режиссерлық театрдың» мазмұндық жағынан баюына, әрі қарай дамуына үлес қосты.

Ең бастысы, кәсіби режиссерлар өздерінің қойылымдары арқылы жиырма бірінші ғасырдағы театрдың көркемдік тілі мен лексикасын кеңейте отырып, сабақтастық іргетасын тереңдетті. Ал режиссурадағы жас буын өкілдері өздерінің қойылымдары арқылы (кейбірі дебюттік спектакльдер) жаңашылдық бағыттағы көркемдік ізденістерін мәлімдеп отырды.

Ал сабақтастық арқылы өнер әлеміне жолдама алған Ж.Хаджиев, Н.Жақыпбай, Б.Атабаев, Қ.Сүгірбеков, Г.Мерғалиева сынды сахнагерлер театр өнерінде режиссерлік көркем ұстанымдары бойынша басым пікір қалыптастыруда маңызды инновациялық элементтер мен тұжырымдар жасады. Ол - әрине уақыт екшеп таразылайтын, жылдар өткен соң театртанушылар мәдени-тарихи талдау әдісі арқылы сараптайтын, ұзаққа созылар ғылыми-шығармашылық үдеріс.

Режиссер сахналаған қойылым арқылы – сол дәуірдің тынысын, әлеуметтік-мәдени келбетін, театр өнерінің көркемдік бет-бейнесін, көрермендердің таным мен тағылым деңгейін көре аламыз. Бұл туралы даңқты режиссер-реформатор, театр майталманы Г.А.Товстоногов: «Режиссер - это точка пересечения времени, поэтической идеи и искусства актера, то есть зрителя, автора и актера. Это призма, собирающая в один фокус все компоненты театрального искусства», - деп, режиссерлік мықты шешімдер арқасында өмірге келген кезеңдік қойылымдар арқылы, сол кезеңдегі қоғам эстетикасын тануға болатындығын дәлелдейді [5, б. 16].

Сабақтастық - мәдени үдеріс дамуына ықпал ететін қазіргі заман, өткен кезең мен болашақты байланыстыратын алтын діңгек. Мысалы, әлемдік сахна өнерінде жаңа әдіс, жаңашыл көркемдік бағытты ұстанып, заманауи актер пен режиссура өнерінде төңкеріс жасаған Мәскеу Көркем театрының (МХТ) қалыптасу-даму үдерісінде сабақтастық мәселесі үлкен роль атқарды. Егер театрдың негізін ұлы реформаторлар К.С.Станиславский мен Вл.И.Немирович-Данченко салған болса, кейін саңлақ суреткерлердің актер өнеріндегі теориясы мен практикасын студия мен театрда жалғастырған ұлы сахна санаткерлерінің шоғыры болды.

Мектеп-студияда – К.Сулержицкий мен Евг.Вахтангов, М.Чехов. Одан кейін М.О.Кнебель мен А.Попов, Н.Горчоковтар өздерінен кейінгі буынға «К.С.Станиславский әдісінің» бүкіл теориялық тұжырымын жүйелеп аманаттап кетті. Ал практика жүзінде Мәскеу Көркем театрында Н.Хмелов, Хмеловтан - М.Кедров пен В.Топорков жалғастырса, кейін ұлылар эстафетасын - О.Ефремов қолына алды.

Ал Мәскеу филармониялық училищесін Вл.И.Немирович-Данченкодан аяқтап, Көркем театрдың (МХТ) шымылдығын ашқан майталмандардың бірі Вс.Мейерхольд керісінше, сахна өнерінде жаңа бағытты таңдап, режиссурада жаңа жол салған сахнагер. Вс.Мейерхольд – авторлық режиссураның негізін салушы суреткер. Мұның өзі әлемдік театр өнеріндегі жаңашылдық еді.

1926 жылы Н.В.Гогольдің «Ревизор» комедиясын сахналаған кезде, пьесаның ауқымынан шығып, қойылым арқылы жаңа бір көркемдік әлем, рухани кеңістік жасайды. Сондықтан, «Гогольдің «Ревизорын» көрмеңдер, Мейерхольд-Гогольдің «Ревизорын» көруге барыңдар» деген ұғым сол кезде пайда болды. Вс.Мейерхольд әйгілі қойылымдағы Хлестаков бейнесі арқылы «русское самозванство» тақырыбын көтереді. Нәтижесінде реформатор-режиссер театр өнерінде «физикалық іс-әрекет арқылы талдау жасау» әдісін негізге ала отырып, режиссурада теориясы мен практикасы сараланған «Вс.Мейерхольды әдісін» дүниеге әкелді.

Біз бұған Мәскеу қаласындағы Вс.Э.Мейерхольдтің мемориалдық музей-пәтерінде болып, сол кезеңнің деректі мұрағаттық материалдарымен танысқан сәтте көз жеткіздік. 1926 жылы, желтоқсан айында ГОСТИМ-де өткен премьераның афишасын аудармасыз берсек, төмендегідей дерекке көз жеткіземіз: «Ревизор» Н.В.Гоголя. Сценический текст (композиция вариантов) в обработке Вс.Мейерхольда и М.М.Коренева (15 эпизодов и немая сцена). Автор спектакля - Всеволод Мейерхольд».

Әрине, режиссурадағы жаңашылдықтың жарқын көрінісі іспеттес сахнагердің «Ревизор» қойылымын жан-жақты талдау біздің міндетіміз емес. Дегенмен, спектакльдегі режиссерлік абсолютті еркіндік пен сахналық интерпретация жасаудағы батылдықтың көлемінің шет-шегі жоқ. Режиссерлік тапқырлық арқылы табылған сахналық шешімдер (трюктер, аттракциондарды енгізуі) – театртанушылар мен өнер зерттеушілерін әлі күнге таңдандырып келеді.

Бұл туралы режиссер шығармашылығын зерттеуге өмірін арнаған театртанушы-ғалым К.Л.Рудницкий былай деп жазады: «…Многие элементы цельной режиссерской формы спектакля потом - в разрозненном виде - использовались другими режиссерами драматического и музыкального театра, постановщиками эстрадных программ, кинофильмов. Огромная формирующая энергия Мейерхольда, сообщившая его грандиозной гоголевской композиции гармонию и динамическое единство, и на этот раз дала толчок самым разнообразным, чаще всего - сравнительно умеренным, ослабленным вариациям мейерхольдовских решений, а иных режиссеров подвигла на самые сумасбродные, внутренне вовсе необоснованные, но экстравагантные и эпатажные эксперименты» [6, б. 376].

Жалпы реформатор шәкірті туралы К.С.Станиславскийдің «Мен білетін жалғыз-ақ режиссер бар. Ол - Мейерхольд», - деген пікірі жаңашыл-сахнагердің шығармашылығына берілген ең биік баға деп, есептеумізге болады [7, б. 580].

Кез-келген ұлттың «паспортына» айналған, суреткерлік болмысы – елінің киелі бойтұмары іспеттес заңғар тұлғалары болады. Біз өзіміздің Қазақстанның режиссерлік өнеріндегі есімі алтын әріптермен жазылар, театр реформаторының есімін де дәл осындай мақтанышпен айта аламыз. Ол - есімі өзінің туған халқымен біртұтасып кеткен саңлақ тұлға, Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино режиссері, профессор Әзірбайжан Мәмбетов.

Сонау алпысыншы жылдардың басында қазақ театр өнеріне «жанартау» болып келген Ә.Мәмбетов – тек қазақ сахнасындағы ғана емес, «Кеңестер Одағы» кеңістігіндегі режиссура үшін шын мағынасындағы «құбылысқа» айналды. Себебі, сол кезеңдегі замандастарымен бірге Ә.Мәмбетов те, сахнаны тұрмыстық әрекеттерден арылтып, бірінші планға «Адам»-ды шығарды. Яғни, адамның ішкі жан дүниесі, жалаңаштанған «жаны».

Жалпы осы кезеңдегі режиссура өкілдері туралы театртанушы П.Богданованың «Человек в творчестве шестидесятников обладал чертами уникальной человеческой индивидуальности, неповторимостью внутреннего склада, то есть выраженными личностными свойствами», - деуі сол кезеңнің өкілі Ә.Мәмбетов шығармашылығына да берілген ғылыми баға ретінде қарастыруға болады [8, б. 16].

Режиссура мен актерлік өнердің көркемдік деңгейінің биіктеуіне айрықша еңбек сіңірген ұлы сахнагер, қазақ театрында философиялық таным мен тағылым қалыптастырды.

Ә.Мәмбетовтің заманауи театр өнеріндегі ролін әртүрлі аспектіде қарауға болады: біріншіден, қазақ театрына – өзіне ғана тән стилі мен шығармашылық принциптері бар мүлдем жаңа бағыттағы жаңашыл режиссураның негізін салды; екіншіден, өз қойылымдары арқылы авторлық-эстетикалық театрдың моделін жасады. Яғни әлемдік классика мен қазақ классикалық драматургиясына интерпретация жасау арқылы, Ә.Мәмбетовке ғана тән сахналық таным мен тағылым қалыптастырды. Ал бұл кезең – М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында «Мәмбетовтің алтын дәуірі» атанған көркемдік ізденістерге толы жылдар болды; үшіншіден, Қазақстандағы «режиссерлік театрдың» қарқынды дамуына сілкініс беріп қана қоймай, көшбасшы бола білді.

Ә.Мәмбетов – ұлттық сахна өнерінің көкжиегін кеңейтіп әлемдік аренаға шығаруға ат салысқан ерекше дарын иесі. Сондықтан Мәмбетов сахналаған қойылымдар - ұлт құндылығы. Батыс пен Шығыс классиктерінің драматургиясын жатсынбай, кәсіби биік тұрғыда меңгере білді. Ал қазақ классикасының заңғар шыңдары – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісовтердің драматургиясындағы кейіпкерлер бойындағы ұлт мұраты мен мүддесiн өзінің авторлық режиссурасына тән өміршең болмыс-бітімімен өрнектеді.

Көрнекті сахна санаткері А.Эфрос: «Режиссер – это поэт, только он имеет дело не с пером и с бумагой, а слагает стихи на площадке сцены. Управляя при этом большой группой людей. Отсюда необходимость многих дополнительных требований к нему. Помимо самого главного – быть поэтом. Впрочем, заведите спор о том, что такое вообще поэт, - сколько будет по этому поводу разных толков. А ведь поэт – это поэт, то есть прежде всего высокая душа. А потом уже и другие способности, чтобы эту душу выразить», - деген режиссерлік өнердің табиғатын сипаттайтын пікірі, Мәмбетовтің суреткерлік болмысын анықтайтын тұжырым [9, с. 431].

Ә.Мәмбетов – режиссер-ақын. Оның режиссерлік-ақындық қуатының келбетін ұлттық классикалық драматургияның поэтикасын сезінуінен байқай аламыз.

Сондықтан, «Қан мен Тер», «Қозы Көрпеш Баян сұлу, «Қара қыпшақ –Қобыланды», «Қарагөз», «Ана – Жер-ана» туындылары – қазақ рухының хрес­­­томатиясы іспеттес қойылымдар. Аталмыш қойылымдар қазақ театрында актерлер шоғырын қалыптастырып қана қоймай, кезеңдік құбылысқа айналды. Содан ба екен, қазақ өнері мен Мәмбетов – егіз ұғым.

XXI-ші ғасырда да Ә.Мәмбетовтің режиссурасы - қазіргі режиссерлық театрға өзінің әсері мен ықпалын тигізіп жатыр. Ол екі түрлі жол арқылы жарасым тапты. Біріншіден, режиссер өзінің көркемдік деңгейі биік қойылымдарымен, өзінен кейінгі буынға шығармашылық импульс берді. Ал екіншіден, педагог ретінде Алматы мемлекеттік театр өнері және көркемсурет институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) «режиссура» мамандығы бойынша студенттерге дәріс берді.

Сол өзі білім берген шәкірттерінің бойына суреткерлік ұстанымдарын, эстетикалық принциптерін, жаңашылдық бағыттағы көзқарастарын дарыта білді. Сондықтан, Қазақстан режиссурасындағы сабақтастық Ә.Мәмбетов есімімен тығыз байланысты. Көрнекті режиссердің шәкірттерінің арасында, тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекетіміздің театр өнеріне көркемдік сілкініс жасаған, жаңашыл бағыттарды алып келген Ж.Хаджиев, Н.Жақыпбай, Б.Атабаевтар бастаған буын бар.

Режиссурадағы сабақтастық пен жаңашылдық үрдісін ғылыми-практикалық бағытта сараптау жұмыстарын 2007-ші жылдардан бастап жүргізуді қолға алдық. Еу­ропаның театр өне­рінің кеңістігін тану мақсатында Сарбонна-ІІІ университеті мен Париж жоғарғы ұлттық драма өнері кон­сер­ва­ториясы, Ресей театр өнері ака­де­мия­сы (ГИТИС), Б.Щукин атындағы театр институты, МХАТ студия-мектебі секілді жоғарғы оқу орындарының әдістемелік тәжірибелерімен тереңірек таныстық.

Докторлық диссертация жұмысын жазу кезінде Германия, Франция, Ресей, Чехия, Италия, Австрия, Түркия, Грузия, Армения, Өзбекстан мемлекеттерінің қазіргі сахна өнерінің үдерісімен етене танысып, театрлардың сабақтастық пен жаңашылдық бағыттағы спектакльдерін қоюшы-режиссерлермен, суретшілермен, композиторлармен, актерлермен отырып саралап, шығармашылық топтық эстетикалық ұстанымдарымен, көркемдік мақсат-мүдделеріне үңілдік. Зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде, әлемге танымал кез-келген театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық арасынан кейде керемет жарасым, кейде қарама-қайшылық бар екендігіне көз жеткіздік. Бұл да өнердің бір заңдылығы сияқты.

Мысалы, Париж қаласында 300-ге жуық театр бар. Оның барлығымен танысып шығу мүм­кін емес. Сөйте тұра көркемдік ұс­та­ным­дары мен эстетикасы бір-біріне еш ұқ­са­майтын елуден ас­там театрда болдық. Сон­дай-ақ әлемге та­нымал режиссер-ре­фор­матор Питер Бруктың теа­трымен, ха­лық­аралық зерттеу орталы­ғы­мен танысу мүм­кіндігі туындаған болатын. Онда «Bouffes du Nord» (Буфф дю Нор) теа­тры­ның қо­йылымдарын көріп, «жаңа драма» бағытында дүниеге келген заманауи спектакльдердің сахналану үдерісінің ерекшелігін зерделесек, «Комеди Франсез» секілді тарихи тамыры тереңде жатқан дәстүрге адал француздардың көне театрынан жаңашылдыққа ықыласпен қарайтын ат­мос­фе­раны сезінесің. Ал әлем жұртшылығын өзіне қа­рат­қан Берлиндегі «Берлинер Ансамбль», «Шаубюне», «Фолксбюне», Мәскеудегі А.Чехов атындағы көркем театр (МХТ), Е.Вахтангов, «П.Фоменко» шеберханасы, «Театр өнері студиясы» секілді өнер ұжымдары өз сахналарында режиссерлық тұрғыда реформа жасағанын айтқымыз келеді.

Жиырмасыншы ғасырдан өнер көшін бастаған режиссура өнері - өзінің сабақтастық пен жаңашылдық бағытын үнемі нығайтып, өсіп-өркендеп отыруымен, қойылымды сахналау формаларының жаңғыруымен ерекшеленеді. Сондықтан режиссерлер биік идеяға құрылған көзқарастары, суреткерлік тебіреніс пен толғаныстарынан туындаған спектакльдер - халықтың әлеуметтік-мәдени кеңістігіндегі кезеңдерді суреттейтін қоғамдық мінбер деңгейінен әлі төмендеген емес.

Кезінде көрнекті режиссер Г.А.Товстоноговтың театр өнеріне қатысты өз ойларын тезистерге айналдыра отырып саңлақ сахнагер КСРО Халық әртісі Николай Охлопковқа «XX век - век атома, спутников, кибернетики и… режиссуры», - деп жазған «ашық хаты» Кеңестер Одағы кезінде өнер әлемінде үлкен сенсацияға ие болды [10, б. 95].

Көрнекті режиссердің дәл осылай батыл шешім жасауы да тегін емес. Шынында да жиырмасыншы ғасырдағы ұлы физиктер буынының барша адамзатты таң қалдырған жаңалықтары әлемнің ғылыми кеңістігіне түбегейлі бетбұрыстар әкелді. Ал, режиссураның авторлық бағытта күш алуы - театр өнерінің құрылымы мен бет-бейнесін өзгертіп, қоғам санасын қозғаушы шығармашылық күшке айналды. Жасыратын несі бар, ядролық физика, математика, генетика, медицина ғылымындағы кейбір жаңадан ашылған жаңалықтар легі, кейін драмалық тарихи мәнге де ие болды.

Мәдениет өркениетін адам санасына сіңіруге тырысқан көреген-режиссерлер, сахна санаткерлері - кейбір ғылыми-техникалық жаңалықтардың адамзатқа қасірет әкелетінін, қоғамның даму үдерісіне кері ықпалын тигізетін суреткерлік көзбен көре білді. Сондықтан режиссурадағы дәл осындай суреткерлік көрегенділік пен түйсікті Г.А.Товстоногов - ғылыми-техникалық салада жасалған революциялық жаңалықтармен қатар қойды.

Егер, атом энергетикасы мен ғарыш кеңістігін бағындыру, реактивті авиация мен телевидение саласындағы ғылыми жаңалықтар - адамзат пен дәуір жетістіктері болып есептелсе, режиссура да - сол уақыт құбылыстары мен белгілерін көркемдік құралдар тұрғысында дәл анықтай алатын символға айнала білді. Әрине, ғылыми орта - Г.Товстоногов тұжырымын театрға ғұмырын арнаған адамның позициясы биігінен айтылған фанаттық тәмсіл ретінде күмілжіп қабылдады. Уақыт өте келе, пікірталас кезінде «қызды-қыздымен айтылған реплика» болып есептелген көзқарас, бұл күнде шындыққа айналды.

Профессор А.Г.Буров өзінің «Режиссура педагогики» кітабында бұл туралы: «Удивительно, что, заявив о себе более ста лет назад как редчайшая театральная профессия, режиссура в наши дни превратилась в занятие едва ли не массовое. Речь, разумеется, не идет уже теперь только о театре. С поразительной легкостью и интенсивностью, в течение всего нескольких десятилетий, режиссерской профессии удалось значительно расширить сферу своей деятельности, обнаружить совершенно новые возможности для приложения сил», - деп қазіргі режиссура - тек театр ғана емес, ілім-білімнің, ғылым мен техниканың барлық саласына қатысты ең өзекті қызмет түріне айналғанын тұжырымдайды [11, б. 42].

Автор өз тұжырымының жай-жапсарын әрі қарай тереңірек талдап сараптайды: «В эпоху бурного развития массовых средств информации и массовых зрелищных мероприятий, режиссура проникла всюду (почти как кибернетика!). Сделалась необходимой. И не только в кино, на радио и телевидении, но и в цирке и мюзик-холле, в городском парке, в Доме культуры, в загсе, на стадионе, во время народных гуляний и водно-спортивных мероприятий. Речь идет о режиссуре как о способе пропаганды и подачи материала, как о культуре организации зрелища-эстрадного или спортивного, обрядового или развлекательного, назидательного, нравоучительного, публицистического» [11, б. 42].

Сондықтан, бұдан шығатын қорытынды, режиссер - театрдың бет-бейнесiн айқындайтын негізгі тірек. Ал театр өнері өз кезегінде мемлекеттің көркемдік-эстетикалық құндылықтарын қалыптастыратын рухани әлем. Режиссура саласының кәсіби деңгейі қаншалықты жоғары болған сайын мәдени кеңістікті мейлінше өркениеттендіре, эстетикалық тұрғыда биіктете түсетіні заңдылық. Спектакльді сахналайтын суреткер тұлғаның болмыс-бітіміне зер салар болсақ, «режиссура - драматург, режиссер, актер қатынасының негізінде туындайтын шығармашылықтың белгілі бір формасы, оның шеберлігінің көркем өнердегі айқындалуы» деген тұжырым қисынға келеді.

Театр кеңістігінің негізін драматургия, режиссура, актер өнері секілді үштаған құрайтындығын, әлемге әйгілі өміршең туындыларды тудырған Софокл мен У.Шекспир, Мольер мен Ф.Шиллер, А.Чехов пен М.Әуезовтің суреткерлік әлемі дәлелдейді.

Ұланғайыр қазақ жеріне еуропалық үлгідегі кәсіби театр, өткен жиырмасыншы ғасырдың басында келіп, драма өнері ұлттық мәдениетпен жарасым тауып, аккультурациялық өзгеріске (ағылш. аcculturation - мәдениеттердің өзара жақындасу үдерісі) ұшырап, сахналық саф өнер тамырын тереңге жайды. Аккультурация үдерісі халықтың рухани-эстетикалық көзқарасын қалыптастырушы тұлғалардың көркемдік ұстанымдары мен шығармашылық әлеуеті арқылы жүзеге асады. Ұлттық театр өнері шаңырағының уығын қадағандар қатарында, сахна саңлақтары Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Ж.Шанин, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков сынды «алыптар шоғыры» болды.

Ал Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық мәселесін пайымдағанда Ж.Шанин, А.Тоқпанов, Қ.Жандарбеков, А.Мадиевский секілді алыптар шоғырының тәлім-тағылымын бойларына сіңірген Б.Омаров, М.Байсеркенов, Е.Обаев, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтметов, Ж.Омаров, Х.Әмір-Темір, Е.Оразымбетовтер сахна өнерінде ұлттық келбетті сақтау, поэтикалық метафоралардың сахналық көрініс табуына аса мән беріп, өз қойылымдарына ұлтымыздың ұғымына тән символикалық бейне-нанымдарды сіңіре білген режиссерлер шоғыры болып саналады. Ал Ресей театр режиссурасы мектебінің әдістерімен қаруланған Ә.Мәмбетов, Е.Тәпенов, Ж.Хаджиев, Д.Арынғазиева, Ә.Рахимовтар қазақ сахна өнерінде «пьеса мен рольді әрекет арқылы талдау әдісі» театр жүйесінің кәсіби қанат жаюына ықпал етті. Аталмыш режиссерлар Ресей театр мектебіндегі алған тәлім-тәрбиелері мен жинаған тәжірибелерін Қазақстандағы психологиялық театрдың құрылымын жасауға бағыттады. Олар қалыптастырған қойылымның бейнесі мен бейнелілігін жасаудағы және қазақ театр өнерінде актерлік техниканы жетілдірудегі шығармашылық жүйесі мен көркем қағидалары – тәуелсіз мемлекетіміздің жас буын режиссерлері үшін сабақтастықтың алтын темірқазығына, үлкен рухани тағылым мен үлгіге айналды.

Уақыт алға жылжыған сайын кезінде сәтімен табылған көркемдік шешімдер мен сахналық бейнелеу тәсілдері ескіріп, тың ізденісті талап етеді. Көрермен талғамы мен танымы да уақытпен үндес. Яғни, өнердегі қайталаушылық - сабақтастық емес, керісінше суреткер мен көрерменнің тебіреніс пен қиял көзін жауып, тіпті эстетикалық талғам мен таным, ынта-ықыласқа бұғау салуы да мүмкін. Бұл хақында ұлы ойшыл, философ Х.Ортега-и-Гасеттің «В искусстве любое повторение бессмысленно. Каждый исторически возникающий стиль может породить определенное число различных форм в пределах одного общего типа. Но проходит время, и некогда великолепный родник иссякает. Поэтому можно считать удачей, что одновременно с подобным оскудением нарождается новое восприятие, способствующее расцвету новых талантов» деген ғылыми тұжырымы, уақыт пен жаңашылдық мәселесіне негіз бола алады [12, с. 236].

Сондықтан тәуелсіз мемелекеттіміздің театрларында да режиссерлер дәуір тынысын терең сезіне отырып, классикалық шығармалардың идеясы мен мазмұны жаңа кезеңнің талабына сай, үндес болуына қадамдар жасады.

Әсіресе, режиссерлеріміз кеңестік кезеңдегі идеологиялық ұстанымдар мен саяси шешімдер арқасында классикалық қойылымдардағы мінезі, іс‑әрекеті, психологиясы бұрмаланып келген кейбір кейіпкерлерді жаңаша қырынан сахналап, жаңаша трактовкада жүзеге асырды.


Әлем және орыс классикалық драматургиясының белді өкілдері А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасын - Ә.Мәмбетов (Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры), Н.В.Гогольдің «Ревизор» комедиясын - Н.Жақыпбай (Астана Жастар театры), М.Метерлинктің «Соқырлар» символикалық драмасын - Б.Атабаев (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры), У.Шекспирдің «Ақсақал» трагедиясын – Қ.Сүгірбеков (Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театры), У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын – Қ.Қасымов (Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры), А.С.Пушкиннің «Моцарт пен Сольери» туындысын – Г.Мерғалиевалар (Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры) сахналық нұсқасын жаңашыл тұрғыда жасап, ұлттық театрымызға төл шығармадай етуі, еліміздің сахна өнері мен мәдениеті тарихында елеуі, маңызға ие оқиға болды.

Тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін, қазақтың сахна өнері кеңестік идеологияның құрсауынан шығып, шығармашылық еркіндікке қол жеткізіп, театр кеңістігінде бетбұрыстар пайда болып, жаңашылдық бағытта ізденіс басталды. Ең бастысы, жетпіс жыл бойы қатып қалған қасаң қағидалардан арылып, қазақ театр өнерінде жаңа көзқарас пайда болып, та­ри­хи пьеса­лар­ды, миф пен эпосты қазіргі уақытпен үндес­тіріп, жаңаша «заманауи трак­товкамен» сахналау үдерісі басталды. Сце­но­графия мен ре­жиссурадағы, актер өне­рін­дегі қазіргі сах­на­ның неше бір бейнелік тілдері пайда болды.

Қазақстанның театр кеңістігіндегі бетбұрыстардың басталуы - тәуелсіз еліміздің әлемдік қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде жол ашуымен де тығыз байланысты. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымына, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымына, ЮНЕСКО, Түріксой, Халықаралық сауда ұйымдарына мүше болып қабылдануы секілді қадамдар өз кезегінде біздің еліміздің экономикалық әлеуеті ғана емес, сонымен қатар өнері мен мәдениетін одан әрі дамытуға, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік жаһандану үдерісіне интеграциялауға үлкен жол ашады.

Ал еліміздің тарихында тұңғыш рет өткелі отырған ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі де қазақ халқының төл мәдениетін, әдебиетін, ұлттық құндылықтарын, өнерін жер жаһанға паш етуге бағытталған іс-шара болып табылады. ЭКСПО көрмесінің өтетін кезеңінде Қазақстанның театр режиссурасы жаңашылдық бағытында ізденіс жұмыстарын жүргізетініне, инновациялық тұрғыдағы заманауи спектакльдерді сахналау арқылы жаңғырған идеяларға жол ашатынына сенеміз.

ХХІ ғасырда Қазақстанның заманауи интеграция арқылы адамдардың бір-бірімен етене жақын араласып, мәдени сұхбат орнатып, бір-бірімен тәжірибе алмасып жатқанда, біздің театр өнеріміз де өз бетінше жеке әлем болып қалмауы керек.

Қазақстанның кәсіби режиссурасы еуропалық және ұлттық құндылықтар негізіндегі көркемдік ұстанымдарды біріктіре біліп, театр өнерінің барлық саласында сабақтастық тұрғыдағы мәдени-рухани мұралар жалғастығын тауып, жаңашылдықты ту еткен экспериментальды-ізденіс үрдісі дамып отыруы тиіс.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет