ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет10/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45

Б.Қыдырбекұлы


Б.Қыдырбекұлының “Алатау” романының негізінде жатқан идеяны – гуманизм идеясы деп белгілеуге болады. Романның бірінші бетінен ең соңына дейін автордың позициясын толайым адамгершілік және адамға деген сүйіспеншілік деп түсіне білу керек.

“Алатау” романын бүгінгі күннің деңгейінен қарап, коммунистік идея туын көтеруші деп айыптау жеңіл болар. Бірақ ол олай ма? Ел деп еңіреп туған, Отан үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қазақ жауға найзағайша атылған талай батырлардың, отты жылдардың көрігінде болаттай шыныққан достықтың, адамгершіліктің, адалдықтың нелер ғаламат үлгілерін баяндайтын бұл шығарманы тек қана коммунизмге бейімделген деу олқылық болар. Бұл романда нақтылы көрсетілген өмір атаулының қайшылықты, күрделі процесс екенін де айтып өту қажет. Бұл роман өмірдің үлкен шындығын өзінің халқына, кейінгі буын жас ұрпаққа баян ететіні сөзсіз. Шығарманың басты бір сипаты – болған оқиғаларға, деректерге негізделініп келетіндігі. Сол документтілікті қаламгер көркем бейнелеумен шебер ұштастырып отырады.

Романда отызыншы жылдардағы колхоздастыру кезінде жіберілген асыра сілтеулер, соның салдарынан республикамызда жайлаған ашаршылық, одан жаңа есін жия бастаған, бір нәубеттен құтылған елдің басына түскен екінші зобалаң – 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау, қуғындау науқаны сияқты халықтық трагедияға айналған әрекеттер суреттелген. Ал бұл тақырыптардың коммунистік пиғылдармен сәйкес келмегендіктен жабық болғаны бәрімізге де мәлім. Сонда жарқын да, жарық келген оптимистік идеяның бәрі коммунистік болып, мұңлы-қайғылы,пессимизмге толы жағдай ол жабық-жасырынды коммунизмге қайшы-қарсы келген идея екен. “Алатау” романында екеуі де бар. Сондықтан тұжырымдай келіп былай деу керек: коммунистік талпыныс та, оған қайшы келген қазақ ақиқаты да автордың көзқарасымен қарағанда бір-ақ идея, бір-ақ үлкен іс. Ол – гуманизм идеясы.

Романда бұл идеяның шашбауын көтеруші деп басты кейіпкер Абақ Үйсінбаевты білеміз. Шығарма бір адам атынан баяндалғандықтан оқушы жалпы романның мазмұнын да, негізгі идеяны да, бәрін де Абаққа тән көзқарас арқылы қабылдайды, Абақпен бірге уайым-қайғы кешіп, Абақпен бірге қуаныш-шаттыққа бөленеді.

Қазақ, негізінде, даласындай пейілі кең, көңілі шалқыған халық. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы қақ бөлініп, таптық сезіну орын ала бастаған шақтың өзінде де қазақ жесірін қаңғыртпай, жетімдерін баурына баса білген. Бұл ұлттық дәстүрлі гуманизм түрі. Тек қазаққа ғана тән гуманизм түрі. Абақ кішкентай күнінен жетім қалып, бай қозысын бағып тамақ асырады. “Сегіз жасар баланың қозы баққаны қандай адамгершілікке жатады?” деген сұрақ тууы ықтимал. Абақ кедейшілікке батып жатса да өз үйінде тұрды, қозы бақса да тамағы тоқ болды. Оған себеп болған қазақ қоғамының ата-бабамыздан мұра болып келген гуманистік пиғылы. Кейін Абақ, жолаушы журналистке айтқан әңгімесінде, Жаубай байды қандай ұнатпаса да, оның дастарқанының мол болғанын, жан-жағындағы кедей-кепшіктерге бағуға беріп қойған малын еркін өз малындай пайдалануға мүмкіндік жасағынын жоққа шығара алмайды: “Бай үйінің асы-суы, айран-сүті бір қараша үйде, кедей-кепшіктің үйінде болатын. Оның қаншасын ішу, қаншасын жеу көбіне-ақ кедейдің өз қолында еді. Моральдік жағынан, киімнен жүдемесе кедей тамақтан тарықты деу көпе-көрінеу жала болады”.

Абақты балалық-бозбалалық кезінде қоршап жүрген көп адамның бірі – Сәлиман. Адамгершілігі мол, кеңпейілді Сәлиман жалғыз Абаққа қана қамқорлық жасаумен қоймайды. Өзін жетім, көңілін жетім санағандардың бәрі сол кісіден қолдау іздеген. Ал Сәлиман болса жеке басының бостандығын сақтап қана қалмай, алды-артындағы ел-жұрттың бәрін жеке тұлға ретінде түсіне сыйлай білген. “Аққатын” аталып кеткен бай тоқалын туғанында қойылған өз есімі Інжір деп атаған. Байға бесінші қатын болғысы келмей, әмеңгерліктен бас тартып, “Жаубай ауылының бар еркегін желкектей көрмей, жерге қаратып, жалғыз басты, салт атты, сабау қамшылы кедеймен” қашып кеткен Нұрия да Сәлиманның батасын алған. Ұлбай бәйбішенің құпия сырына ортақ болып, Ұлтуғанның тууына да себеп болған осы Сәлиман.

Бірақ бұл кейіпкер романда жергілікті рөл атқарумен ғана шектелген. Шығарма көлемді келген. Сондықтан мұндай кейіпкерлер көп. Олар Ұлтарақ, Інжір, Талғар, бірқатар революционерлер бейнесі, Ольга. Олардың барлығы романның негізгі идеясының тұрақталып, дамуына атсалысып, өз үлесін қосқан. Ол үлес олардың білім-сауаты, қоғамдағы орнына байланысты, алдына қойған мақсатымен, ізгі ниетімен шектелген. Бірақ бәріне де ортақ қасиет ол адам баласына, жақындарына, жан-жағындағыларға сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарап, іс-тұрмысын, өмірін соған бағындырып бағыттау.

Інжір мен Ольга үшін ең басты мақсат – ол үй-іші, отбасының аман болуы. Осы тұрғыда олар сүйген жарының нағыз сүйеніші болып, оқырманды әйел атауына тән нәзіктік, сенімдік, адалдығымен сүйсіндірмей тұрмайды. Бұл қолданбалы мағынасы бар гуманизм.

Жас Талғар үшін ағалар айтқан сөзден артық ештеңе жоқ. Аға көрсеткен жол – ол оңды жол ғана болады деп санайды бұл кейіпкер. Сондықтан да екі ой болмай, ол Жандосов айтқанан кейін “доброволец” ретінде Ферғана даласына басмашылармен соғысуға аттанып кетеді. Үлкендерге деген сый-құрмет – бұл да гуманизмді қазақша түсінудің бір жағы. Алдындағы ағаның адалдығына шын мәнінде сену белгісі.

Ұлтарақ көзқарасы кеңірек. Ол шығарманың ер тұлғалы, ұмытылмайтындай алып кейіпкерінің бірі. Ұлтарақ революциялық оқиғаларға қатысқанымен оның маңызын терең түсіне білмеген. Ұлтарақ жалпы қазақ ұғымымен жүрген адам. Ол үшін жақсылық, шындық, ақиқат қазақ деген сөздің синонимі. Қозғалыстың алғы шебінде жүргенде ол қазақ қоғамы үшін шайқасып жүр, тек қазаққа игілік іздеп жүр.

Ботбай көтерілісі кезінде Ұлтарақ үлкен ерліктің иесі болды. Ол жау арасынан Жарылғап батырдың өлген денесін алып шықты. Дулат тайпасының түлегі Ұлтарақ шапыраштылар ұраны “Қарасайлап” шапқан. “Өлімнің бетіне тура шапқан Ұлтарақты жамандаушылар да табылады. Өз атасы тұрып Шапыраштының ұранын шақырғаны несі, әлде мұның туысының бір шикілігі бар ма екен десіп гуілдесті. Әрине ондай әңгіме кейін күбіді. Дегенмен Ұлтарақтың ерлігіндей іс екінің бірінің қолынан келмес еді. Кейін қалжыңдап Ұлтарақтан “Жаубайлап” шаппай “Қарасайлағаның” не дегенімізде “Үйсінде Қарасайдан басқа атаны ұрандап жау түсірген кісіні естіген емеспін”, - деп қысқа қайырды.

Өз ұранын айтпай, ең қаһарман қазақтың атын ұран тастағаны да Ұлтарақтың қазақ деп еңіреген ер екенінің куәсі. Адамгершілік идеясын автор бұл кейіпкер бейнесі арқылы қазақ идеясы етіп береді.

Абақ Үйсінбаев бейнесін автордың шығармашылық-көркемдік қиялының нәтижесі ғана деуге болмайды. Абақ бейнесі шындыққа, тірі адам бейнесіне сәйкес. Бейненің реалистік қасиеттері күмән туғызбайды. Оған себеп болар жағдай: ол бір-біріне қайшы келер ой иесі. Мысалы, интернационализмді бағыт қылып ұстаған Абақ, талай-талай ұлтшылдық пікір білдіреді, қазақ ұлтының ерекшелігін мадақтайды. Көше сыпырып жүрген “жаман татар шалына” деген наразылықты бүкіл татар халқының бетіне басады. Бір ішкіш орыстың қателерін бүкіл орыс әлеміне тән етіп санайды.

Абақ бір үлкен қиын да, қатал да заманның өкілі. Оқырман танысқан кезде (1953 жыл) заман талқысы оны қоғамдық өмірдің ең төменгі сатысына түсіріп жіберген. Бірақ соған қарамастан ол мықты адам. Өзінің жарқын болашаққа деген сенімімен, оптимизмге толы ойларымен, талай қиын кезеңдерден сынбай өткен төзімділігімен мықты адам. Бүнгінгі күнгі оқырман оның коммунизмге, өзін мыжып жіберген партия мен кеңес өкіметіне деген сенімін түсіне алмас. Түсінуі де қиын. Бірақ Абақ – сол қатерлі заман адамдарының жинақы бейнесі. Ал ол адамдардың мызғымас сенімі олардың бір жағынан шыныққан күш-жігерінің белгісі болса, екінші жағынан олардың соры болып келеді.

“Мен болашаққа сенемін. Өйткені бүгін болмаса шындық ертең қап түбінде жатпайтын асыл кездіктей тесіп шығар деймін. Коммунистік идея бәрін жеңер деймін, шындықтың жеңгенін көргім келеді, бірақ мен күткен күн ұзап бара жатқаны есіме түскенде құйқам құрысып, кейде ұрысып, тарынып кетемін”. Абақтың бұл айтуынан ол үшін коммунизм, жарқын болашақ ақиқат деген сөздер синоним екені айқынды. Тіпті коммунизм сөзіне шаң жуытқысы келмейді.

Бірақ көрген зорлық-зомбылық, бастан өткен қиыншылық өз мөрін басып та қойған. Ашаршылық туралы әңгімелеп отырған Абақ “көзінен жасы ағып, екі қолының сыртымен көзінің жасын ықтырды. Іштей солықтап қалды, сыртына шығара алмады. Булығып отыр, шамасы. Адамзат баласы қашанда өмірінің қапылатты шағын осылай қамыға еске алады”.

Осы тұрғыда айтатын жай: Б.Қыдырбекұлы “Алатау” романында бірінші болып бұрын жабық-жасырынды ашаршылық тақырыбының бетін ашты. 150 бетке жуық кітап тарауын қан жұтып отырып оқисың. Жеке оқиғалардан осы ашаршылық туралы жазылған тараудың тұжырымдамасына жеткенше төбе шашың тік тұрады: “Әуелі біз ашаршылық осы Жетісуда ғана болып жатқандай сезіндік. Сөйтсек Голощекиннің құрты бүкіл қазақ елін жайлап алған екен”.

Ашаршылық зардабынан қажыған Абақ 1937-38 жылғы зобалаң күндері де белден кешеді. НКВД түрмесінде, оның сыртында кейіпкер көрген адамгершілікке қарама-қарсы әрекеттерді тізіп жату бір мақаланың ішінде мүмкін емес. Керегі де жоқ. Бірақ Абақ Үйсінбаев өмірінің қиын-қисықтығына қарамастан адамдық келбетін жоғалтпаған, жақсылықтан үміт үзбеген. Істеген ісінің адалдығына сеніп, жалпы адам атауына деген сүйіспеншіліктен айрылмаған бұл кісі, әлі де дәулет-баққа ие болып, бойындағы, ойындағы гуманистік идеяларын іске асыра алатын кезге жетсін деп шын жүректен тілейді оқырман.

Романның шағын, жарты бет эпилогында елде әділеттік орнығып, Абақ Үйсінбаев сол оқырман тілегіне жеткені қатты қуантады.

Алтай ақиықтары




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет