ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет11/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45

М.Разданұлы

Мағаз Разданұлы 1924-ші жылы ҚХР, СУАР, Алтай аймағының, Буыршын ауданындағы Дулайты ауылында дүниеге келген. 1940-1944-ші жылдары өз жері “Жеңісті” мектебінде оқытушы болған, 1947-1957-ші жылға дейін Қытай жазушылар қоғамы Шін Жаң бөлімшесінде істеген. Арада 20 жылдай Қытайдың солақай саясатының кесірінен соққыға ұшырайды. 1979-1981-ші жылдары Буыршын аудандық мәдениет мекемесінде жалғасты қызмет атқарады. 1981-1982-ші жылға дейін өз ауданының саяси мәслихат кеңесінің орынбасар төрағасы болып істей жүріп, осы жылдың қазан айынан бастап зейнеткер болады.

Мағаз Разданұлы сонау 1930-шы жылдардан бастап Абай, Шәкәрім сынды ұлы даналардың шығармаларынан сусындай жүріп, өмірге терең бойлап, әдебиет әлеміне қадам тастайды. Осылайша ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбектенген Мұқаң қаламын ұштай түседі. Оның өлеңдері “Шін Жаң газеті”, “Ерікті Алтай”, “Таң шолпан”, “Бірлік”қатарлы газет-журналдарда артынан жарық көрді. 1982 жылы “Асулар толғауы” атты алғашқы өлеңдер жинағы Іле халық баспасынан (Күйтың); 1984 жылы “Уақытқа жауап” атты екінші жинағы Ұлттар баспасынан (Пекин); 1986 жылы “Сары бел” атты өлеңмен жазылған романы халық баспасынан (Үрімжі); 1994 жылы “Ата заман сөйлейді” атты әңгіме-повестер топтамасы жастар-өрендер баспасынан (Үрімжі) басылып, жеке-жеке кітап болып шығады.

Автордың отыздай өлеңі, бірнеше әңгімесі мен повестері Қытай тіліне аударылған. Сонымен қатар, жеті шығармасы өлкелік және мемлекеттік жүлделерді қанжығасына байлаған. Бұлардан сырт, Мұқаң аймақтық, облыстық, өлкелік әдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан бірнеше рет “Әйгілі ақын-жазушы”, “Қарт майталман” қатарлы даңқ сыйлықтарының иегері болған.

“Алтай ақиықтары” тарихи роман. Шін Жаң жастар-өрендер баспасында “Үрімжі” 1998 жылы бірінші рет басылған.

Кейіпкерлері: Жәнібек батыр, Көкен би, Күнгіл Жалсын (Тібеттік Шаған кеген), Музың Тұңжы (Ман Чің ханы), Жин Шурын (Іле губернаторы), Дүзбембет тәйжі, Чи Хың (Қытай мансаптысы), Жақып, Мәми, Өміртай (Биқажы), Қара Оспан (Кәрі Амбы және Аға деп те аталған), Бейсембі би, Бықыш шешен, Ораз Мұхамет қажы, Қамшыбай қажы, Замбы, Ізбайыр, Тілеубай дүңше, Жеңісқан гүң, Жанабыл дүңше, Далай батыр, Дәркен батыр, Бақ би, Бұтабай ақын, Кәкіжан, Қоғабай, Сабылдық, Салыбай шабарман, Қалыбек (Өміртайдың атасы), Ханымай (Өміртайдың апасы), Қожамжар, Қалдыбай, Ақтай, Бозтай, Жылқышы (Сәкесі), Самырқан, Иманбай, Жәйірбай, Сүгірбай, Дәлелқан (Сүгірбайдың ұлы), Қойлыбай балуан, Тұратау зәңгі, Мардан, Дәриға (Қара Оспанның қызы), Қуқабай үкірдай, Әйе апаң (Қара Оспанның бәйбішесі), Ережеп болыс, Сымағұл, Дәуітбай, Зағыфи, Жәбиболла әбзи, Тәукебай, Бүлеке бақсы, Қылыш (Қара Оспанның баласы), Махмұт (Қара Оспанның немересі), Зақария, Баймолла, Шәріпқан, Сақи, Сейіт (Қопа), Хадиша, Хайдар ғұлами, Емілбай, Әз, Шегетай би, Ажы төре, Мирак Бари әпенді, Әбілмәжин, Жәйірбай, Мәрия (Қара Оспанның тоқалы), Нұрилә (Дәлелқанның шешесі), Дәулет, Мыңғыт, Қырықбай, Сапарғали, Ма Бупаң, Ма Жұңиін, Қара пайжаң (Дүңген сардарлар), Ғанифа...

“Алтай ақиықтарында” автор 1860-1930 жылдар аралығында болған Алтайдағы аққаптал шежірелерді шерте отырып, ақтайлақтың бауырын арқан кесіп ауа көшкен елдің ежелгі тарихына қалам тірейді. “Қызыл аяқтар қырғыны” деп аталған Күнгіл Жалсынның тобықтарына қызыл маталар оранып алып, қазақтарды қынадай қырған қанды оқиғасынан басталады. Елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына алған Шаған кеген Ман Чіңның Музың Тұңжы ханынан Алтайдың бір жерінен бұдхана салуға рұқсат қағаз алады. Бұдхана шығынын бөлісуге атырабындағы алаштың азулыларын шақырады, оның ірге тасын керейдің ата-бабалары көң төккен көне жұрттарына қалайды. Көп өтпей, шалғайы кең жұртты шулатқан бұдхана Абақтың қойының құйрығымен салынып бітеді де Гуаң Шұй патша өз қолымен “Сары күре-Сары сүмбе” деген маңдайшалық жазып береді. Осы кез көрші орыспен келісе алмаған көп даудың құлағы қалқиып тұрған бір беймаза тұс болатын. Сол себептен желдің өтінде, жаудың шетіндегі Іле губернаторы Жин Шурынды хан ордасы әукесін қасып, арқадан қағып, мәртебесін өсіруге сарайға шақырады. Бұл сапарға аттанбас бұрын ол жол-жөнекей Алтайға ат басын бұрады, халық болып қоғадай жапырылып күтеді. Қойын-қоншын алтын-күміспен толтырған ұлық аттанарында елдің игі-жақсыларының патшаға айтар бұйымтай-шаруаларын сұрайды. Сондағы тоқсан ауыздан толғанып шыққан тобықтай түйін: Алтай бұдан кейін де хан ордасы – Пекинге тіке қарайтын ерекше аудан болып қала берсін болады. Оны қағазға жазып мөрі барлары мөрін, жоқтары бармақтарын басып ұлыққа ұсынады. Ол да кісілігінде тұрып, дәм-тұзды ұмытпай ордаға барған соң ханға қол екі тапсырады. Бұл тілекке патшаның әукесі түсіп, қабылдағандығын жарлықпен жеткізеді. Сонымен, күріштің арқасында күрмек боп су ішкен Чи Хыңның тұғыры биіктеп Чыңшай мәртебесіне көтеріліп, арнаулы мәпемен жүретін болады. Оның лауазымына құтты болсын айтуға құзырындағы елдің сорпа бетіне шығарлары тарту-таралғымен жамбылдың табалдырығын тоздырады. Чыңшайдың “көк кітабындағы” сауға әкелген билердің тізімдігі күннен-күнге көбейіп, қара қамба да қабырғасын керді. Ұлық ілгертінде Қобдада тұрған кезінде сақтық ойлап қолына әр ұлттан шеріктер ұстаған, кейін оларды өзімен бірге ала келген. Қазір құралды адамдардың қажеті азайғандықтан, көбін күнкөріс кәсіптерге орналастырған. Жырынды жылпостары саудамен айналысып, аңқау қара халықты сүліктей сорып, байыған үстіне байи түскен.

Өткендегі мерекеге жиналған билер қатар тігілген қалың ақ үйлерінен тек жайлауға көшпей Қара Оспанның “көк үйі” ғана қалған. Оның жанында “көк үйдің” көңілі үшін билер қалдырған санаты селдір аз ауыл тұрған. Қара Оспанның құтты шаңырағына қарлығаш ұя салғандықтан, сары езу балапандары топшысы қатайып қанаттанып ұшқанша, шырқын бұзбаймын деп түңлік бауын шешпей отырған. Қазірше “қанжығада көрісейік” – дейтіндей жау шапты үрей де жоқ болатын. Оның үстіне, Ошыңның төңірегінде топталғандардың барыны барған сайын молайып, қысыр кеңестің де қан баразы қайнаған. Жайлаудың қуаты күшті қымызы да күн құрғатпай келіп тұратын болған. Осылайша, қызықты кез көңілді дуалап, білінбей өте берген. Бір күні қос қарлығаш “көк үйдің” аспанын айнала шырылдай ұшып, арып таласты. Тіпті адамдардың қойнына кіріп кете жаздады. Бір сұмдықтың болғанынан сезіктенген Қара Оспан тысқа қарғи шықты, отты көзіне үй белдеуіне өрмелеп бара жатқан білектей қарасұр жылан шоқтай басылды. Әрі-сәрі болмастан құйрығынан шап берді де жерге сілкіп-сілкіп қалғанда өті аузына құйылған жылан тырып етпеді. Күндер өте қыл матаудағы балапандар тұсауын үзіп, жылы ұяларынан қанаттанды. Ошың да “көк үйін” жықтырып, сағынған сары жайлауына көшті.

Жайлау үсті, үлкен ақ үйдің ортасында Иманбай отыр. Ақ жейдесінің екі білегін сыбанып алып, бар өнерін талдан ойып, сыртын ішекпен қаптаған, төрт шеріктей ғана, тынысы кең аспапқа салады. Алдына ыдысқа құйып су қойған, ол топ жарып күй бастарда сыбызғы көмейін қашанда “Көкбөрі” күйімен ашады. Сыбызғышы көк бөрімен кездесоқ кезіккенін, содан бастап оны өзіне кие тұтып, жебеуші ететінін әңгімеге арқау етеді. Ендігі кезек “Өрікті көлге” келді. Құба қалмақ заманында моңғол жеріндегі “Өрікті көл” жағасында қызыл қырғын болып, сондағы елдің зары көлдің атымен аталып, үңірейген сыбызғының өңешінде осылай қалыпты. Сыбызғышы сырғи-сырғи “Соғыс төбеге” келді. Бұл да сол моңғол жеріндегі бір миқы адырда керейдің екі руы Жәдік пен Шерушінің билікке таласып соғысқан төбеге бола қойылған күй аты. Сыбызғысын суғарып алған Иманбай “Жыландыға” жылжып тағы аңыратты. Кіндіктене келе керей баласында дау-дамай молайып, рулар ара жігі қабыспаған қақтығыстар көбейеді. Соның бірі, Марданның ата дәулетіне буланып, жастықтың желігімен шарбысы шатына симай ел кезіп, сал-серілік құруы, оны Сүгірбайдың бір бақай қулықпен қолдауы, Марданның Қара Оспанның қызы Дәриғамен танысып ұнатуы, араға Дәулеттің әзезілдік салуы, Сүгірбайдың сілтеуімен Дәуітбай шабарманның қыз ұзату көшін орта жолдан тоқтатуы, жас келіннің жалғыз басымен құтты орнына қонуы, ер көңілді Жәдік қызы айласын асырып, Шеруші шалды жүйеге жығып, Бықыш шешеннің: “бұл даудың тесігі аналықтың даналығы жеңген күні бітеді” – деген көреген де алымды сөзін айғақтаумен “Жыланды” күйі боздауын тоқтайды. Осылай ұзақ отырған сыбызғышы Иманбай талай тарихты жамбасынан аунатып, тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырады.

Сол Иманбай міне қалпе болып, Зағыфиға ұшық салмақшы. От басында саптаулы балта мен қара бақыр жатыр. Қалпе тірсек жең мешпетін шешіп, көйлегінің жағасын ағытты, домбырасының құлағын теріс бұрауға келтірді де барша әулие-әнбиелерге, сахабаларға сыйынып алып, өлеңмен жындарын шақыра бастады. Бураша жараған қалпең отқа қойған қып-қызыл бақырды жалап-жалап жіберіп, тостағандағы суды ұрттап, науқасқа бүркеді. Кенет есіктен шыға жөнелді, үркердей ұйлыққан жұрт оның енді күлдіреуіште отырғанын көріп көздері атыздай болды. Осы кезде көптің қатарында құдайы қонақ болған Бүлеке бақсының да арқасы қозып, қобызбен жынын шақырып бурадай буырқанды. Сөйтіп, аяқ астынан екеуі арбаса қалды. Біріне-бірі жеңістік бермей, сүт пісірім салғыласты. Ақыры қалпе ырықтылыққа шығып, Бүлеке бүк түсті де табанда тіл тартпай о дүниеге аттанды. Қазақ жолында қос бақсы қатар келсе, бұрынғысы соңғысына, үлкені кішісіне жол беретін үрдіс болған. Бүлекенің ажалы бұл жарғыға томпақ келуінен болса керек. Иманбай Мұхаметтің жуырда келетінін айтып Биқажыны қуантты, ал ауру әйелді теріге салып, жалбызбен булайтын болып үйден шықты.

Өміртай жасы ұлғайған сайын ой омбысына түсіп, қиял шылбырын шумақтай алмайтын әдетті тапқан. Ұзақ ғұмырында басынан кешкен ыстық-суықты безбенге салып сараптап, көп отыратын. Міне соның бір ұшқыны деп өзінің алғаш басқан қате қадамын айтып, жұртты елең еткізді. Аяқты шалыс бастыратын кердең жас кезі екен, қу кеңірдектің қамын күйттеп бір жегжаты бағызор Бықыш шешенді өкпелеткен, оған ара түспек боп Өміртай шоқ басқан. Бұл түймедей дау кейін келе түйедей болып ұшыққан, өртке жел тимесін деген кәрі Амбы екеуін оңаша шақыртқан. Биқажы барса Бықыш: “Ағаға бес жүз жылқы бітсе де бір тай мініп қыдырмадық. Әйе апаң жылына бес ту бие сойса да бір тал қабырға сыдырмадық” – деп отыр екен. Естіген жерден Өміртай да: “Е, Бықыш! Ағаға шағынып отыр екен десем, бір тайдың терін сұрап жалынып отыр екен ғой” – деп омыраулайды. Оған көзінің астымен сүзе қараған шешен: “Сен әкеліп берсең алмаймын дедім бе? Шақырып келсең бармаймын дедім бе” – деп аузын аштырмайды. Ішіне дық түсіп, сызданған беті Биқажы аттанады. Шарбақ өткелдің мұз өткеліне таяғанда арттарынан Бықыштың атшысы жеткен. “Неге келдің?” дегенде атшы: “Әлгінің аты тағасыз көрініп еді, оқыс болып жүрмесін, артынан баршы!” – деп Бықыш жібергенін айтады. Әй, албырт жастық-ай! Сол қормал атасын бір сүріндірмек боп Биқажы кейін шешесіне айтпай қимылға көшкен, даусырап отырған би-төрелер: “қазан аузы жоғары, түрт шайтан, түрт” – деп алақандарына түкіріп, жани түскен. Осы ылаң Ізбайырдың құлағына шалынған, алыстан ат өксітіп келіп, Өміртайды шақырып алып, арғы-бергіні індете айтып, білместігін бетіне қарып, бидайдай қуырады. Жерден үн шықсын, Өміртайдан үн шықсын. Ақыры Бықыштың алдына ертіп апарып, екеуінің тымағын бір-бірінің аяқтарына тастатып татуластырады.

Алтай керейіне іслам дінінің жүйелі түрде тарала бастауы ХІХ ғасырдың бас шенінен басталса керек. Өміртайдың 14-15 жасында Алтайда алғаш мешіт, медресселер ашылған. Өміртайдың апасы Ханымай осы үмітті немересін Мұхамет Мұмин ашқан медресеге түсірген, оның қанына имандылықтың сәулесі сол кезден сіңіскен. “Әттең! Қара халыққа ақ-қараны танытатын өзінің мешіті, медресесі бар Өміртай қашан болар екемін” – дейтін бір арман содан бастап ішіне ұялаған. Сол көкейді тескен тілек араға аттай жылдарды салып енді орындалды. Мәми үлгісіндегі мешіт салынды, имамы жоқ, болашақ молласы Қамшыбай әлі оқып жатыр. Дегбірі таусылған Биқажы ел аралаған тегі белгісіз Мирак Бари деген тебінгідей сақалы бар, қызыл тұмсыз кісіні уақыттық имам етеді. Ол түбі шикі болып, тексіздік еткендіктен алланың ақ үйінен өздігінен безіп береді. Ауылдың сүбелі адамдары жиналып, түтін түтеткен жерін көрсе апиын, наша сынды есірткілер табылыпты. Бұларды орнымен өртеп, бұрынғы сары мешітті қайта қалпына келтіреді. Көп өтпей Қамшыбай имам, Әлімжан азаншы болып қатары молығып, айналасындағылардың алқауына бөленеді. Ісламдыққа біртіндеп бауыр басып келе жатқан даланың асау елін кезбе дүңгендер түбіміз бір мұсылман үмбетіміз деп қу тілдерімен майдалап, қойындарына кіре келе араға ірткі салып, арандатушылық тудырған. Ісламдыққа жат жауыз қылықтарды көрсетіп, онсызда бауыры бүтінделмей жырымдалып жүрген жұртты аш арландай талаған. Ма Бупаң, Ма Жұңиін сынды атамандарының қанды құрығы тимеген қазақ даласы кемде-кем болар, кәпірлерді қырамыз деп жүріп, бейкүнә халыққа бүйідей тиген. Ақыры асқанға тосқан болып, өздері де қолдан жер қауып тынды. Бұлардан сырт, іргедегі ақ пен қызылдың ит жығысыда жүдеген жұртты аз жәбірлеген жоқ. Олардың шаш бауын көтеріп, сойылын соққандар екі оттың ортасында күйіп, қайсысында баянды ақиқат бар екендігін байқай алмай, елдің есін шығарған.

Сонау ит арқасы қиянға Қытай патшасының кезекті сайламына бармақ болып Закария бастап, Баймолла қостап бір шоғыр топ бетінен шаңы шығып, табанынан тозып ордаға барады. Қазақтар “жуаншақай” дейтін Иаң Зыңшіңның жетпеген өкіл даусын даланың серілері толтырып, хан тұғырына көтереді. Патша оларға шен беріп, шекпен жауып елдеріне ризашылықпен қайтарады. Бұйымтайларын сұрағанда Баймолла қазақ балаларын оқыту талабын қояды. Сонымен, өлкеде қазақ-моңғол балаларының мектебі ашылады, оның алғашқы түлектері болып Шәріпқандар оқыған, кейін оқуға қабылдау ісіне де араласқан. Биағаның немересі Махмұттың көзін ашқан оқу орны да осы болып, бара-бара керегесін кеңейтіп, қанатын алысқа сермеген. Оқушылардың саны да күн санап артқан.

Желіп өткен дүние-ай! Ұялы бәйтеректей қалың елге қорған болып, не бір азулы жаулардың аузына түсірмей, айламен аман алып жүрген ақылы дәрия, қормал кәрия табиғаттың қатал заңына бой алдырып, қарттыққа мойын ұсынады. Билік тізгінін үмітімді ақтайды-ау деген арыстан жүрек азаматтарға береді. Өзі “тәркі дүние” болып, ақ шымылдықтың ішінде жатып, соңғы өміріне алаңсыз аттанбақ болады. Бірақ, тақымы қатаймаған атқа мінерлер сүбелі қалың дауға тістері батпай, милары атала болып, тұйыққа тірелгенде тағы кәрі бидің құзырына жүгінетін болған. Халық алды кең үйреншікті қамқоршысынан әлі қол үзбей келген, осы үрдіс жерден ақыл сұрап жатқан Биағаның соңғы демінің үзілеріне дейін жалғасады. Қарқарадай қарттың халы күн өткен сайын ауырлай береді, ауыл-аймағы да алыстап қона алмай, ұйысып отырған. Арқалы абыз дәм-тұзының таусылғанын сезіп, айналасындағыларға бақылдаса бастаған: “Аллаға разымын, халқыма разымын! Менің уақытым таяды. Ұйыған бірліктеріңді іртпеңдер... Азан даусын естіп жатайын, ескі мешітке таяу жерлеңдер. Басыма жүрген жолаушылар құран оқитындай етіп күнбез орнатыңдар. Ат шаптырып, ас бермеңдер...” деп өсиеттерін үзіп айтып, ақтық тынысын тоқтатқан. Осылайша, қазақтың бір жарық жұлдызы сөнеді, бір алып тауы құлайды, бір саялы бәйтерегі опырылып түседі. Сөйтіп, “Алтайдың ақиықтары” да атының ерін алып, белін суытады.


Аң шадырын оқ табар




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет