ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет17/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   45

К.Сегізбай


Танымал жазушы Кәдірбек Сегізбайдың “Беласқан” романы көлемді, бөлек-бөлек аталған бірнеше бөлімнен (тараудан) тұрады. Оқиға желісі мен кейіпкерлері ортақ бұл бөлімдерге қойылған аттардан шығарманың сюжетіндегі оқиғалар желісі жақсы көрсетілген: “Беймезгіл жүргінші” деген атпен жазылған тарауда қазақ даласының қиыр шығысындағы Қамбар төренің ауылын іздеп, көрші қалмақ жұртынан келген қазақ жігітінің неше жылдық басынан кешірген оқиғасы, өмірі суреттеліп, роман осыдан басталса, “Қараша қаздар қайтқанда” деген соңғы тарауы мен екі аралығында осы жігіттің інісімен екеуінің сайын даланың қиыр батысындағы өз еліне оралғанға дейінгі шым-шытырық оқиғасы, сан адамның тағдыр-талайы суреттеледі.

Қалмақ, моңғол хандықтарымен іргелес жатқан Алтай, Тарбағатай өңіріндегі найман, керей тайпаларының ішінде қазақ жерінің екінші бір шалғайы – Еділ бойындағы Кіші жүздің тама руының ауылдары қайдан жүр дегенге жауап беретін оқиғалар баяндалады. Және мұндағы әңгіме желісі жазушы өз жанынан шығарып, таңдап алған сюжетке емес, тарихта болған оқиғаларға құрылыпты. Мұны жазушы романның эпилогы ретіндегі ең соңғы бетте күтпеген жерден оқыс білдіреді: Шоқанның қағаздары мен құжаттарының арасынан табылған Н.И.Любимов дегеннің 1845 жылы шығысқа сапары кезіндегі жол журналында жазылған мәліметтерін келтіреді.

Бір қарағанда, романды қызықты оқиғаға құрылған шығарма деп қалуға болады. Бірақ жазушының мақсаты – оқиғаларды тек (мейлі тарихи болсын) баяндау ғана емес, мүлде басқа дүние. Шығарманың негізгі идеясы – кісілікті, ізгілікті, имандылықты көрсету, “адамның басы – алланың добы” деген өмір қағидасын дәлелдеу, адамдар тағдыры – қарым-қатынастар жазушы екенін айту. Суреттелер қым-қуыт оқиғалар – осы идеяның құндағы ғана. Ал сол құндақтың өзін құруда жазушы үлкен шеберлік танытады: сюжет желісі үзілмейді, авторлық ой-толғамдары жай лирикалық шегіністер емес, әңгіме жібін ширата түсетін стильдік амал болып танылады.

Бұл шығармадан жай оқырман болып түйгеніміз – кейіпкерлерді сомдағанда автор сан жылдар санамызды жайлап алған стереотип танымымызды бұзыпты: бұрын әдетте хан, төре болса, тым озбыр, тым өзімшіл, өктем, қалмақ ханы болса, тек жау болуы керек деп білуші едік, ал мұнда Қамбар төре - өз пайдасы үшін жүргізсе де, әр әрекетін ақылмен жасайтын, айналасына тек бағынышты жандар деп емес, ер жүректісін батырым деп, жақтаушысын қолғанатым деп, оны сөзімен де, ісімен де көрсететін жан дүниесі дұрыс пенде. Әрине, бір тайпа елді билеп отырған төренің ішкі пайдасы өзін де, тіпті, ағайынды Байшуақ пен Баратты біреуін қолғанатым деп бауырына тартқанда да, екіншісін бажа етіп, оған балдызын айттырғанда да оның өз есебі түгел, қазақтың ата жауы қалмақтың ханымен тату көрші болып, оның ауылына аттанып бара жатқан себебін: “Атадан балаға қалған жаулықты қай құдай маңдайымызға жазып қойыпты. Тым болмаса үрген итінің даусы естілер торғауытпен өз жұртымның арасында рахайлы тірлік орнатып, барымтада емес, бәйгеде шапсақ, жаугершілік емес, саугершілік орнатсақ, күбір-сыбыры көп елім қандай зиян көрмекші?... Енді Ошыржап шақырған қонағына да барып, бұйымтай ғып екі жігіттің азаттығын қолқалаудың да сәті келді білем” – деп дәлелдейді. Бұл жерде Қамбар төрені жазушы құдай іргелес етіп орналастырған қазақ пен қалмақтың ұрыс-шабыссыз бейбіт күн кешуін ақылға салған ойшыл саясаткер етіп көрсетсе, сонымен қоса қандастарының қамын жеген ел басы етіп суреттейді. Ақылдылық пен адамдық ел тізгінін ұстаған басшыларға қай заманда да қажет қарекет екенін оқырмандардың да, бүгінгі билік тізгіні қолындағылардың да есіне салады, бабалардан келе жатқан үлгі-өнеге етіп көрсетеді.

Бұл шығарманың желісіне халқымыздың бойындағы тұнып тұрған қасиеттердің үлгісі тартылған деуге болады: барымтада қапыда кісі өлтіріп жас өрім інісін “қанға қан” сұраған қарсы жатқан ала қашқан ағасының кісілігі қандай, ата жауым деп қарамай, оларды паналатқан қалмақ қаны Ошыржаптың жақсылығы қандай, елінен шалғай шыққан қос жігітке өкіл әке-шеше болып, құлдық ұрған баласыз қарт жұбайлардың ықлас-пейілі қандай, қазақ балуандарының бір-біріне үлгі көрсеткен, қалтқысыз әрекеттері қандай! Тіпті, сан жылдардан кейін еліне оралған екі жігіттің үш жыл өткен соң, сонау Еділ бойынан жиырма шақты түтінді ертіп Тарбағатай етегіне қайтадан келуі де имандылықтың жан сүйінер көрінісі: баласыз қос мұңлық өкіл әке, өкіл шешелеріне табысу қуанышын сыйлағылары келді ме, бірі қалмақ, бірі қазақ екі келіншекті туған-туыстарымен қауыштырып, туған топырақтарына тағы бір аунатуды парыз санады ма – қысқасы, осылардың баршасында үлкен кісілік қасиеттің ізі жатыр.

Бұл шығарманың және бір құнды жері этнографиялық сипатында, яғни бұдан 200-300 жыл бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыздың тұрмыс-салты, киген киімдері, асынған қарулары, жөн-жоралғылары, той-томалақтары сол заманға сай суреттелген. Көркем дүние болса да, бұл романды оқыған этнограф немесе мәдениеттанушы мамандар көп деректер ала алады. Бұл жерде біз жазушының ізденгіштігі мен ұқыптылығына тәнті боламыз.

Романның жүрекке жылы тиген тағы бір сыры – оның жанрлық шеберлік үнінің нағыз қазақылығында. Әрбір тараудың эпиграфы (“біссімілләсі”) етіп халық өлеңдерінің бір-бір шумағын келтіріп отырғанның өзі – жазушының стильдік табысы: қарапайым әләуләй сияқты болып көрінетін сол шумақтар шығарма тармақтарының мазмұнын түйіндеп тұрады. Оқиғалар өмірдің көрінісі болса, эпиграфтарға алынған қарапайым өлең жолдары қазақ халқының сол өмір үзігін пайымдаған философиясын танытады.

Романның нағыз қазақы үні, яғни тоны, стильдік бояуы оның тілінде жатыр. Бұдан жүз жылдар бұрын өткен өмір шындығын көрсетуде жазушы тағы да суреткерлік талантын танытқан десек болар. Мысалы, төре, би сияқты сол кезеңдердің “лауазымды” адамдары қатардағы қалың жұрттан ақыл-парасаты, жүріс-тұрысы, сөйлеу үрдісі жағынан бөлектеу, жоғарырақ тұруға тиіс болғаны даусыз, әйтпесе ел билеуші төре, хан, ақыл-үкім айтушы би бола ала ма? Сондықтан Қамбар төре де, тіпті, қалмақ ханы Ошыржап та, төремен үзеңгілесе жүрген Қасқақ батыр да, ауылдың биі Нұралы да шешен сөйлейді.

Әрине, шешендік дегеніміз сөздің тек сыртқы жылтырақтығы емес, алдымен, айтылған ой логикасының мықтылығында, ауыздан шыққан сөздің анық, тыңдаушыға әсерлі болуында. Сөз әсерлі болу үшін ұйқасты не қосақты (параллель түзген) сөздер, мақал-мәтелдер, экспрессиялық бояуы қалың элементтер, көрікті эпитеттер мен орынды теңеулер, метафоралар, ассонанс, аллитерация сияқты дыбыстар үйлесімі т.б. сан алуан көріктеуіш амалдары жұмсалады. Мысалы, өзі паналатқан екі қазақ жігітін қандастарына қайтаруға келіскен қалмақ ханы Ошыржап, оларды қимай, толқып: “Қия алмайтын, қиналатын бір-ақ жерім бар. Ол жалғыз мен емес, бүкіл үй-ішімізбен, ауыл-аймағымызбен екеуіне бауыр басып кеткеніміз. Туыспаған туысым, қиыспаған қиысым болды. Жалшым емес, жанашырым деп қарадым, малшым емес, малқорым деп санадым. Сенімімді серттей ғып орындайтын семсерімнің қос жүзі еді. Қиналам, соған ғана қиналамын, төре!” дейді. Әрине, қалмақ ханы осылайша әсерлі, әсем етіп айтуға тиіс.

Мұндағы би, төре, батыр, хандар ғана емес, кейіпкерлердің барлығы да сөздерін шешендерше қиыстырмағанмен, дұрыс айтады, демек мұнда ауызекі сөйлеу тілінің күні кешегі ата-бабаларымыз қолданған үлгісі көрінген. “Өнер алды – қызыл тіл” деп бекер айтпаған бабаларымыз тілге, оның әсерлі, әдемі қасиеттеріне мейлінше көңіл бөлген. Мұны ХХ ғасырда қазақ даласында болып, сөздерін құлақтарымен естіген өзге халықтардың ғалымдары мен зиялылары ашық айтып кеткен еді. Атақты түркітанушы ғалымдар В.В.Радлов, П.М.Мелиоранскийлер қазақ тілін ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды. Академик В.В.Радлов: “Қазақтардың басқа бауырластарына (өзге түркі халықтарына) қарағанда, сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған қатты әсер етті” деп жазды. Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында қазақ жеріне жер аударылған поляк зиялысы Адольф Янушкевич інісіне жазған бір хатында: “Ежелгі Грецияда немесе Римде болса, старшын Тоқымбай мен Бейсекенің өзі лаврдың астында қалған болар еді” десе, Г.Зелинскийге жазған хатында: “Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын” дейді.

Кәдірбек Сегізбайдың кейіпкерлері де – сол кезеңнің адамдары. Олар осы шындықтың ақиқат екенін дәлелдейді. Сол бабларымыздың осы үрдісі қайда бұл күнде. Шаршы топ алдында сөйлеуге келгенде ана тілімізде ойын еркін, әдемі, шешен түрде айтып бере алатындар неге өте аз? Тілді құдіретті деп сезіну жоғалды ма, үлгі-өнеге жетіспей ме, бала күннен ауызданбай қалдық па, қапталдасып жүрген өзге тілдің ықпалы ерік бермеді ме, жақсы айтылған, шешен сөздерді ден қойып тыңдауға жоқпыз ба, кейіпкерлері таза, жақсы сөйлейтін кітаптарды оқып тұшынып отырудан қалдық па? Сірә, бәрі де, оның ішінде соңғы екі фактор бел алып бара жатыр-ақ дейміз. Сол себептен де әңгіме арқауы болып отырған “Беласқан” сияқты көркем туындыларды насихаттай түссек, кеңірек әңгіме етсек, тіл көркемдігін талдап бере берсек дейміз ғой.



Доктор дарханов
Райымбек батыр



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   45


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу