ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет20/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   45

Т.Жұртбай


Бодандықтың кезінде қазақ тарихындағы әрбір тұлға үшін, әрбір ғасыр үшін күрес жүрді. Әрісін айтпағанда, Сұлтанмахмұтты, Абайды тарихқа қалдыру жолында мылтықсыз майдан жүргені аян. 50-жылдардағы кеңестік идеологиядағы сәл ғана тоң жібуін пайдалана қалып, қазақ қамын жеген азаматтар дереу тарих қойнауындағы тағлымды сыр сандықтарды жарыққа шығаруға талап қыла бастады. Еріксіз кеңес заманын аңсаған қалып көрсетуге тырысты, тәуелсіздік үшін күресті төңкеріс идеясына жұғыстырды, әйтеуір ел санасын оятуға қызмет етті. Елімізді рухани жағынан бүгінгі тәуелсіздігімізге дайындап әкелуде өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе әдебиеттің көне дәуірін тірілтудегі Бейсембай Кенжебаевтың, Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбектері тарих көрігі болды. Осы адамдардың ішкі жан дүниесінің қопарылысынан тарих вулканы оянды.

Осындай ояну әдебиетімізге бүгін де керек, бірақ ол бұрынғыдан да гөрі сапалы ояну болса.

Осы ретте жазушы, әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Дулығасы” тарих пен әдебиет арналарының тоғысқан тұсынан шыққан салмақты дүние дер едік. “Дулығаның” екі кітабында айтылған дүниелер талай-талай ғылыми жұмыстарға жүк болуға лайық. Осыншалық тарихты қопару, оның ұңғыл-шұңғылын қарап, тер төгу тек өз елін шексіз сүйген адамның ғана қолынан келер іс болса керек. Кітаптың әр жолы жазушының өз ойымен қайнап піскен, толып жатқан тарихи фактылар өз салыстыруынан өткен, өзіндік ойымен салмақтанған. Мұндағы туындыгердің “мені” өте айқын да сенімді.

Кітап атының “Дулыға” деп қойылуы да орынды. “Дулыға” – “түрік” сөзінің баламасы, “ерлік”, “мықтылық” ұғымын береді. Кітапты ашып қараған адамның рухын көтеретін сөз. Туындыгер одан әрі қарай түрік батырлары туралы тарихи әпсаналарды тірілте отырып, оны тарихтың сан тарамдарымен, көптеген құжаттар, шежіре, ғылыми зерттеулермен салыстырады. Бұл тұста – тарихтың шым-шытырық іздерін әсерлі жеткізу үшін жазушының машықты қаламы таптырмайтын құрал. Тарих оқиғаларын әсерлі баяндап, жүрекке жеткізе толғау, талдай отырып бүтіндеу - әдебиетімізде Мұхтар Мағауиннің “Қобыз сарынынан” бастау алып, “Қазақ тарихының әліппесіне” (1994) айналған кітаптарынан аса сәтті көрініп еді. Бұл өзі – бір кездегі Радищевтің тарихи жазбалары, Абайдың, Шәкәрімнің ұлт тарихын пайымдау жолындағы шежірелері, Олжас Сүлейменовтің “Ақын мен Әлібі” сияқты, бүгінгі таңдағы бір соны сүрлеу. “Дулыға” жазушы Т.Жұртбаев пен зерттеуші Т.Жұртбаевтың бірігіп жасаған азаматтық үлкен еңбегі деп қабылдадық. “Осы еңбегім арқылы Гердер мен Миллерге, Рыбаковқа, тағы сол сияқты ғылымдағы “Кузьминнің балалары” – “кесірлі ғұламаларға” жауап бергім келеді”, - дейді. Батылдық білімдіге жарасқан.

Кітаптың І-томы скиф-ишкуз және ғұн дәуіріндегі түрік батырлары туралы болса, екіншісі түрік және оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тарихи аңыздарға әкеледі. Бұлардың барлығы да әдебиетімізде дәл осылай жүйеге түспеген, терең таланбаған мәселелер.

Шындығында, түріктер туралы біздің жыл қайыруымызға дейінгі ҮІ ғасырда жазылған Авеста кітабында (Онда “Тұр” елі, “Тұран” – “Тұр елі” деген сөз), Фирдоусидің “Шаһнамасында”, Қытай жылнамаларында да жазылып қалған. Тіпті б.з.д. скифтерді көзімен көрген жалғыз тарихшы Геродоттың “Тарихында” айтылатын искиттер, парсылардың – сақ, масагеті (ма-сақ) – бәрі-бәрі қазақ, түрік тарихының іздері еді. “Геродотты толықтырудың қажеті жоқ, түсініп оқысақ болғаны”, - дегендей, Геродоттағы тайқазан асып, арбаның үстіне киіз үй тігіп, көшіп жүрген аталарымыздың қазақ болып өз алдына дербес мемлекетке бөлінгенге дейінгі тарихында әлі анықтала түсетін жайлар баршылық. Сократ айтқан ғой: “Менің білетінім – түк білмейтінім”, - деп. Осы ретте Т.Жұртбаев скифтер туралы мынадай қорытындыға келеді: “Скифтер де, сақтар да, ғұндар да – шығыстан батысқа қарай жыл қайыруымыздан бұрынғы ІІ мыңыншы жылдары қоныс аударған түрік тайпалары, белгілі дәрежеде біздің бойымызда солардың қаны бар деген тұжырымды ұстанамын”, - дейді. Сондай-ақ, М.А.Артамоновтың “Хазарлар тарихы”, А.К.Тереножкиннің еңбектерін талдай отырып, кемерліктер тарихымен жалғастырады. Мидиялықтар, Римге дейін барған ғұндар туралы да көңілге қонымды пікірлер айтады.

Тарихтың қойнауын ашқан сайын түрлі-түрлі оқиғалардың бір-бірімен байланысын табу қиындығы тұрары сөзсіз. Әдебиетте Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев еңбектерінде аттары жазылған көптеген есімдерді тарихи тұлға ретінде “Дулыға” кітабынан тереңірек танимыз. Бұл салада туындыгер көп ізденіп, еңбектенген. Мысалы, Ишпақай, Мәди, Анақарыс, Идамбарыс, Сыпатай, Сатир, т.б. туралы оқушы көп мағлұмат алады.

“Дулығада” ежелгі түрік көсемі Афрасияб туралы қызықты пікірлер айтылады. Өйткені түрік (түркі) тарихында Афрасиябтың дәл қай ғасырда өмір сүргені анықталған жоқ. Түркия әдебиетінің тарихында біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ ғасырдан – біздің заманымыздың бас кезіне дейінгі аралықта өмір сүрген түрік көсемі деп белгіленген. Оның себебі, Геродотқа сүйенсе керек. ХІІІ ғасырда өмір сүрген, түріктерден шыққан алғашқы зерттеуші ғалым Махмұд Қашқари мәліметі бойынша, Фирдоуси “Шаһнамасында” айтылатын Тоңа Алып Ер – Афрасиябтың өзі. Афрасиябтың ұлының аты – Барысхан, қызы – Қаз. Қаздың екі шаһары: Қаз ойын, Қаз суы – Іленің бойы, Қазақстан жеріндегі қалалар.

Махмұд Қашқари Афрасиябтың өмір сүрген уақытын анық көрсетпейді. “Шаһнама” оқиғаларына сүйеніп: “Таһмұрастан үш жүз жыл кейін Мару (Мерв) шаһарын салдырған. Кейбіреулер бүкіл Мәуреннаһрды Түрік елі деп те есептейді. Ол Янкенттен басталады... Қазір бүкіл Түрік елінің шекарасы Абискүн (Каспий) теңізінен айналып, Рүм елі мен Өзкенттен – Шынға дейін созылады”, - дейді (“Түбі бір түрік тілі”).

Афрасияб жөнінде Фирдоусиден де бұрын ІХ ғасырда өмір сүрген Табари: “Фрасияб Фашандж ұлы, оның әкесі – Рүстем, оның әкесі – Түрік”, - деп көрсетеді. Хұсейн ибн Халиф Табризи деген кісі “Түркістан патшасы” деген.

“Шаһнамада” Оғыз қағанның әкесі Қарахан – Афрасиябтың төртінші ұлы. Егер Оғыз қағанды ІХ ғасырдағы Оғыз бірлестігінің көсемі десек, Афрасияб заманына сәйкес келмес еді, ал Мөде дәуіріне апарсақ, Афрасияб пен Оғыз дәуірінің жақын келетінін Қ.Өмірәлиев те жазған еді. Қазіргі ғылымның дамуына сәйкес, бұл пікір де көңілге қона қоймайтыны анықталып келеді.

Қазақ мифтерінің терең қайнарларының бірі болған Авеста кітабында Афрасияб – Франграсйан болып берілген. “Шаһнамадағы” Афрасияб Авеста шыққан заманның өзінде мифке айналып үлгірген бейне. Ендеше, оның өмір сүрген дәуірі Авеста туған, тіпті, зороастризм діні пайда болған (біздің заманымызға дейінгі 15 ғасыр) уақыттан да тым әрі болуы керек. ХІІІ ғасырда жазылған “Заратушт нама” атты кітапта (аударған Х.Розенберг) Заратуштра дін жолымен өз отанынан Иранға барады. “Өз отаны – Ираннан солтүстік шығысындағы өзеннен, одан соң Даитья өзенінен өтеді. Даитья – қазіргі Әмудария мен Сырдарияның бойы.

Тағы бір ретте Авеста мифтерінің оңтүстік Месопотамиядағы шумер мәдениетімен (б.з.д. үш мың жылдықтар) байланысын еске алсақ, оның айғақты белгісі – Авестаның өзінен бұрын туған шумер жыры “Гильгамешпен” түптес-тамырлас екенін Афрасияб мифтерінен де көруге болады. Афрасияб мифтерінде ол өліммен күреседі. Гильгамеш те өзінің жақын досы Энкидуден айырылғаннан кейін өлмеудің жолын іздейтін. Қазақ пен жалпы түрік жұртына ортақ Қорқыт ата өлмеудің жолын өнерден, артына өлмейтін іс қалдырудан тапты. Абай оны өлеңмен түйіндеді. “Гильгамеште” өлмеудің жолы - өмірде бір нақты іс қалдыру” деп түсіндірді. Афрасияб болса, өлім қаупі жақындаған кезде, кісі бойынан неше есе артық болат қорған орнатып, есік-тесігін қалдырмай бекітеді. Алтын, күміс, інжуден ай, күн, жұлдыз орнатады, ішінде сыртқа шықпай, қамсыз өмір сүреді. Бірақ ажал алмай қоймайды. Бір күні бағында серуендеп жүргенде, ағаш тасасында тығылған суық өңді біреуді көреді. Ол Әзірейіл болатын.

Афрасияб мифінің бұл тұстары Афрасиябтың соғыс кезінде жауынан ығыса келіп, үңгірге тығылуын бейнелеуі де мүмкін. (Х.Короглы). Қалай болғанда да Афрасияб Авестадан да ерте заманда болған болса, ол туралы сақ-скифтер білсе, оған Қашқари жазып кеткендей, түрік жұрты жоқтау шығарса, өзі Тұран көсемі болса, Афрасиябтың жиынтық бейне екенін көрсетпей ме?

Бұл жөнінде Тұрсын Жұртбаевтың: “Тұрдың немересі Афрасиябтың тұсында Иранның жеті мұрагері тақтан ауысқан. Сонда Афрасияб қанша ғасыр жасаған!” – дей келіп: “Афрасияб – Алып Ер Тұңғ – жалпы түркі жұртының хандарының жиынтық тұлғасы”, - деген пікіріне толығымен қосыламыз. Сол сияқты Оғыз қаған да жиынтық бейне деген ойдамыз. Ал туындыгердің Афрасиябты “Ишпақай немесе оның немересі – Мәди патша” деген ойын ғылым өз дәлелімен толықтыра берер.

Сондай-ақ кітапта қазақ тарихына қай тұрғыдан қатысты екені нақты анықталмай келген Тарғытай, Тұмар, Ширақ, Зарина оқиғалары дәлелді пайымдаулармен ел тарихына сыналай кіріккен. Мөде, Көкбөрі, Елжау бейнелері, басқа да әдебиетіміздің қалтарыс тұстары осы кітап арқылы айқындалып шыға келген. Бұрынғы ғылыми қолданыста көріне бермейтін Сыма-Цянь мен Бань-Гудың “Жылнама”, “Ханнама” еңбектері тартылған. Көне тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып, скиф-сақтардың қазақ тарихына қаншалықты қатысы бар екенін тереңнен тартып талдайды.

Қорыта айтарымыз, “Дулыға” – көне түрік батырлары туралы ежелгі саналарды тірілтіп, қазақтың ежелгі тарихына жазушы көзімен барлау жасауға, оның жазушының әсерлі тілімен оқушыға жеткізуге арналған кітап. Туындыгер өз ойын ешкімнің зердесіне таңып бермейді. Абай айтқандай, “Кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, не оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзі - өзінікі”. Бірақ кеудесінде сәулесі бар әрбір адамның рахаттана, тебірене оқитын, өз халқы үшін мақтаныш сезімін оятатын кітап екені даусыз. Халқының рухын көтере алудан артық міндет бола ма? Осы міндетті жазушы Тұрсын Жұртбаев абыроймен алып шыққан.

Е
Егес

А.Жақсыбаев


  • Ол жақтан неге кеттің? Жазушы Ахат Жақсыбаевтың “Егес” романы осындай сұраулы сөйлеммен басталады. Сонымен, әлгі сөйлемдегі “ол жағы” – Қарағанды. Алдымен “кеткені” емес, келгені туралы айтайық. “Қайда?” дерсіз. Қаратасқа. “Неге” автордың өзі жауап береді: “Қаратас – оның алғаш еңбекке араласып, жұмыс істеген жері. Онынышы бітірген соң осы қалаға келіп, екі жыл шахтада істеп, сосын барып Алматының тау-кен институтына түскен. Сол себепті оның көңілінде Қаратас жайлы жақсы әсер қалған. Осында жүргенде ол жұмысшы ортасының тәрбиесін көрді”.

Енді Қарағндыдан Қаратасқа келген кім екенін білуімізге болады. Ол – Батырбек. Оны біз автордың бұдан бұрынғы “Бозарал” повесінен бас кейіпкері ретінде жақсы білетінбіз. Повесте есейген, тоқтаған азаматтың естелігі ретінде баяндалатын бала, жеткіншек Батырбекті, соғыстың зардабынан әкесінен айрылған, шешесінен тірідей жетім қалған, жалғыз әжесінің бауырында тәрбиеленіп жатқан, кейін ол панасынан да айрылып қалып, қилы-қилы тағдыр тәлкегін басынан өткерген Батырбекті танып-білген едік. Повестегі Батырбек өзімен кластас Торғынды адал қастерлеп, шынайы сезімнің иесі ретінде көрінетін. Ал романда од – ілгеріде айтылғандай, инженер және семья басы: Салтанаттың ері, екі баланың әкесі.

Батырбек бейнесінен өзіміз күнде көріп, сұхбаттасып, сөйлесіп жүрген замандастарымыздың үлгі боларлық талай нышандарын байқаймыз. Ең алдымен, ол - өзіндік мақсаты бар, өзіндік шешімі бар, соған жетуді, байсалды ойын орындауды жүзеге асырмай қоймайтын жан. Қарағандыдан кетіп қалуы тегіннен-тегін емес. Оның себебі ілгеріде келтірілген авторлық баяндауда там-тұмдап айтылғанмен, негізгісі тереңде жатыр. Дәлірек айтқанда, оның ойға алған басты нысанасы – Қаратас болар, немесе басқа жер болар, әйтеуір, бар мүмкіндігінше алған теориялық білімін іс жүзіне асырып, өзінің қажетті жеріне жұмсауға күш салу. Бұл жолда енді-енді ғана қолы жетіп келе жатқан тұрмыстың рахатын да, семьядағы жарасымды тіршілікті де екінші кезектегі мәселе деп қарайды. Демек, өз басының мүддесінен қоғамдық мүддені ілгері қоюы – Батырбек бойындағы өнегелі қасиет.

Батырбектің жан дүниесін, психологиялық иірімдерін беруде де автор бірталай ысылып қалғандығын көрсетеді. Басты қаһарман қандай жан күйзелісінде жүрсе де, құрғақ қиял қуып, сары уайымға салынбайды, сондай-ақ пікірі өзгелерден қолдау тапқанда да орынсыз кеуде қақпайды. Әрқашан салмақты, сабырлы. Байтаспен Қаратаста жаңа танысқан Алтайдың көңілін түңілтер қылықтарын көргенде де ақыл айтып, кісілік танытып жатпайды. Қайсыбір оқырман осы тұста жазушыны кінәлауы да ықтимал. Айталық, айналасындағы кемшіліктерді, адамдардың арасындағы қарым-қатынастарда бой көрсетіп қалатын ұнамсыз жайларды көре тұрып, Батырбек неге соларға қарсы шықпайды, сынға алмайды деуі мүмкін. Біздіңше, авторға мұндай міндет арту артықшылық болар еді. Өйткені, жазушы ниеті өзінің жақсы көріп отырған кейіпкерін ешбір мінсіз, кемшіліксіз “судан таза, сүттен ақ” етіп бейнелеу емес. Оның да қателесер жері, сүрініп кетуі мүмкін ғой...

Жазушы өз кейіпкерлерін әртүрлі адамдармен қызмет бабында болсын, тұрмыста болсын сұхбаттастыра отырып, әр қырынан ашқан. Бұл арада айтпағымыз – Батырбектің ары таза адам екеніне де оқырманның көзі жетеді. Оның Зағирашпен алғаш танысуы, жеке кездесуінен жігіт пен қыздың арасындағы таза сыйластықты аңғарамыз.

Батырбектің бойындағы ең ұнамды ерекшелік – оның барынша әділ болуға тырысатындығы, сол жолда (әрине, өз ойының дұрыстығына сенгендіктен) айтқанынан таймауы. Азамат көркін, адамгершілігін ажарландыра түсетін мұндай қасиет, романның атымен айтқанда, шын егесте, тартыста, қақтығыста анық байқалады. Инженер Батырбек екі үлкен егесті басынан кешірді: бірі Қарағандыда болса, екіншісі Қаратаста белең берді. Алғашқыдан, өндірісте әзірге көп ширыға қоймағандығының әсері ме екен, оншалықты айқасқа түспей, үнсіз құтылып еді; екінші жағдайда басқаша қырынан танылды. Былайша айтқанда, Батырбек бар тұлғасымен Қаратаста қалыптасты. Ендеше, алғашқы айқастың шегініс ретінде баяндалып, автордың алға тартар ойы Қаратастағы Батырбек маңына топтастырылғанын құптауымыз керек. Сондықтан да Батырбек – Есентай арасындағы тартыс иланымды көрінеді.

Сөйтіп, Батырбек бейнесі өскелең өндіріс командирінің, техника мен адам тағдырын байланыстыра ойлайтын ақылды азаматтың бейнесі болып шыққан.

Жазушы төтеннен ұңғыл-шұңғылы көп, түсінікке қиын детальдарды орынды-орынсыз кірістіре беруден аулақ. Солай болғандықтан, негізгі оқиға қосалқы штрихтармен сабақтаса дамып, әр кейіпкердің ішкі сезімі, сөйлеген сөздері айқындалып, дараланып отырады. Мәселен, ардагер шахтер Тұрсынбай қарттың сөзі мен мінезінде ақ көңілділік пен қонақжайлылық та, жұмысшы өкіліне тән қатаңдық пен турашылдық та бар. Байтастың әйелі Гүлжаһан бейнесінен тұрмысындағы мол жиһаздан гөрі, кедей де болса шынайы сырласып, жарасты өмір кешетін, адал жарға серік болуға лайық келіншекті көреміз. Зағираштың да романда өзіндік орны бар. Керек десеңіз, сол келіншектің ойлы сөздері, байсалды пікірі Батырбектің сырттай жүріп, өз семьясының тағдырын, өзі сүйіп қосылған жары мен сүйкімді балаларына деген ыстық сезімін арттыруға біршама себепкер болды деп те айта аламыз.

Оқып болып ойланғанда, осы секілді талай адамдар тағдырын көз алдымызға анық елестеткен жақсы шығармаға қатысты ескертпемізді де жасыра алмаймыз. Автор романды тартымды бастап, еліктіріп кетеді де, Батырбектің жаңа ортамен танысып білісу мезгілін ұзартып, созыңқырап жібереді. Батырбек көпке дейін сылбыр адамдай әсер қалдырады. Тек бұрын қадірлі шахтерлер болған, қазіргі пенсионерлер Гаркушин мен Тұрсынбайдың ақыл-кеңестерінен соң ширай түседі. Жазушы кейіпкерінің өсу эвоюциясын айқынырақ көрсетуге тырысқан шығар. Дегенмен, алғаш Қаратасқа келіп, шын тартыстың туғанына дейінгі аралықта созалаңдық сезіледі.

Романның кейінгі беттерінде коммунистердің белсенділігінен хабардар боламыз. Бірақ, адам тағдыры, өнім сапасы жайлы мәселе күн тәртібінде тұрғанда, ондай белсенділік бұдан да гөрі батылырақ болса керек еді деген ой келеді.

“Егестің” сюжет желісіне қарағанда, әлі толық аяқталмаған дүниедей де көрініп тұр. Әрине, автордың алдағы уақыттағы жұмысына долбар жасап, пәлен ет дей алмаймыз.



Тоқ етерін айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетінің жұмысшы өмірін өрнектеуге арналған көркем проза кітапханасына тағы бір татымды үлес қосылғаны анық.

Еділ-Жайық

Ә.Сарай
Әнес Төлендіұлы Сарай 1937 жылы 21 қарашада РФ-ның Астрахан облысы, Володар ауданы, Құрманғазы атындағы колхозда дүниеге келген. Әкесі – кәсіби теңізші, шешесі – колхозшы. Әуелі Көрін жетіжылдық, кейін Сизой-бугор орта мектебін тәмамдап, 1956 жылы онжылдықты бітіреді. Сол жылы Атырау педагогтік институтының физика-математика факультетіне түскен, бірақ бірінші курстан кейін оны тастап кетеді. Астрахан қаласына қайта оралып, теңізші мамандығын беретін училищелерде дайындық курстарына кірген. 1957 жылы әскер қатарына алынып, оны 1960 жылы тәмамдап, Алматының С.М.Киров атындағы университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түседі.

Университетте оқып жүріп, “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” газеттерінде жұмыс істейді. Еңбек кітапшасы “Лениншіл жас” газетінің әдеби қызметкері ретімен 1963 жылы қазан айында ашылған. 1965 жылы университетті бітірген соң, жастар газетінде қалып, 1970 жылдың ақыр соңына дейін, батыс облыстары бойынша меншікті тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарады. 1970 жылдан 1995 жылдар аралығында “Жазушы” баспасында жұмыс істеп, редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарады.

Әнес Сарайдың суреттеме, өлең, мақалалары 1957-1960 жылдар аралығында Астрахан облысы, Володар ауданының “Балықшы” газетінде жиі басылып тұрады. Ал кәсіби үлкен әдебиетке келуі 1963 жылы “Лениншіл жас” газетінде басылған “Дауылда” атты әңгімесінен басталды деуге болады. Бұдан соң жас қаламгерге республикалық газет-журналдардың есігі ашыла бастайды. Жас қаламгердің тырнақалды туындылары “Лениншіл жас”, “Мәдениет және тұрмыс”, “Жұлдыз” журналдарында жарық көреді. Ал Әнес Сарайдың өміріндегі белесті оқиға, әлі де журналистика қызығында жүрген қаламгердің үлкен әдебиетке бет бұруы деп, 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті съезін атаса артық емес. Съезде белгілі қаламгер Тахауи Ахтанов жастар шығармашылығы туралы қосымша баяндама жасап, қазір қазақ әдебиетінің қарағай мүйіздеріне айналған жастардың біразын атай келіп, Әнес Сарайдың “Домбыра” атты әңгімесіне жоғары баға берді.

Қаламгердің “Мұнаралар шақырады” атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Қаламгер “Лениншіл жастың” меншікті тілшісі бола жүріп, жаңа ғана игеріліп жатқан Маңғыстауды көп шарлап еді, сол сапарларда көрген-білгені көркем әңгімелерге айналып, жинақтың сүйегін құрады. Бұдан кейінгі жылдары “Қараша өткен соң” (1971), “Бозқырау” (1973), “Тосқауыл” романы (1976), “Алтын арал” романы (1984), “Ақ тымық түн” повесть-әңгімелер жинағы (1990), “Когда приходит ноябрь” повесть-әңгімелер жинағының орысша аудармасы (1988), “Еділ-Жайық” романы (1992), “Асылдың сынығы” тарихи зерттеулер (1996), “Исатай мен Махамбет” (1997), “Мұхаммед пайғамбардың өмірі” (1994) сияқты көркем туындылары жарық көрді.

Қаламгердің прозалық шығармалары орыс тіліндегі әр түрлі жинақтарға (1970-90 ж.ж.), ұйғыр (1986), қытай (1988), татар (1986), марий (1989), әзірбайжан (1976) тілдеріне аударылды.

Ә.Сарай драматургия саласына да қалам тербеді. Ол “Тотиып қалды” (1978), “Қу тазша” (1979), “Ару Алматы” (1984), “Мұңым менің” (1984), “Аңсау” (1997), “Балуан Шолақ” (2000) пьесалары Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды театрларында қойылды. Қаламгердің кинодраматургия саласындағы еңбектерінен Қазақстанның 60 жылдығына арналып түсірілген төрт сериялы “Төтенше тапсырма”. Москва орталық телевизия тапсырысымен түсірілген “Біз - жастармыз” (режиссері В.Пусырманов), өндіріске қабылданғанымен, кинофильм болып шықпаған төрт сериялы “Атаман Анненковтың ақыры” сценарийін де айтуға болады.

Әнес Сарай соңғы жылдары қазақ тарихының көмескі беттері мен қазақ топырағының көнеліктері туралы зерттеу мақалаларын жазумен көзге түсті. Бұл орайдағы “Жылан Бапы патшалығы”, “Ер Еділ”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, “Арғындардың тайпалық жыры”, “Тарих және шежіре”, “Жалайырлар”, “Адайлар”, “Алшындар”, “Қоңыраттар”, “Үйсіндер”, “Қыпшақтар” сынды еңбектері байыптылығымен көзге түседі. Қаламгердің тарихи тақырыптағы ізденістері “Исатай мен Махамбет” (1997), “Асылдың сынығы” (1996) кітаптарын құрады.

Ә.Сарайдың жүзге тарта очерктері мен әр түрлі тақырыптағы мақалаларды құрайтын журналистік еңбектерімен қатар көркем-әдебиет аудармасы саласында да еңбек тындырды. “Моңғол әңгімелері” (1976), “Азия Африка” жазушыларының әңгіме-повестері жеке кітап болып шықты.

Әнес Сарайдың “Еділ-Жайық” романы 1991 жылы “Жұлдыз” журналында басылып, 1992 жылы “Жалын” баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. 1994 жылы аталмыш шығармаға Қазақ Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Газет-журналдардың жағдайы нашарлаған, әдебиетке қамқорлық кеміп, әдеби сын құрыған кезге тап келіп, роман жан-жақты салдарды талдаудың нысанасы бола алмады.

Ал ондай талдаулар болуға тиіс еді. Өйткені романда төңкеріс оқиғасына тың көзқарас бар еді, сонымен бірге “Алашорда” қозғалысы ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде суреттелді. Романның жазылу жылдарын еске алсақ, бәлкім, соңғы тақырып өткір көрінбеуі мүмкін, бірақ сүйіспеншілікпен шыншыл суреттелген. Екінші бір мәнді мәселе, автор кеңестер дәуірінің өтетінін білгендей, төңкеріс тақырыбы болды-болмады әңгімеге айналатынын сезгендей, романды басы ашық нақты сенімді деректерге құрған. Шығарманың тұс-тұсында тарихи экскурс міндетін атқаратын құжаттар келтіріліп отырған. Сондай-ақ, шығарманың бас кейіпкерлері Ізбасар Жәнекенов, Ахтан Мұхамедиев, Қажығали Жарқынбаевтар қияли кейіпкерлер емес, өмірде болған қаһармандар. Қазақтың бұл үш азаматының есімі Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Кировтың Ленинге жолдаған жеделхаттарынан табылды. Шығарманы қиял көмегімен еркін толғау мен құжаттарға кіріптарлық көркем дүниеге оң, теріс әсер етіп, із қалдырады. “Еділ-Жайықты” осы қырынан зерттеу де әдеби таным тұрғысынан қызықты болмақ.

Роман оқиғасы 1918 жылдың күзінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен бітеді. Уақыт жағынан бір жылдық мерзімді қамтиды. Ал кеңістік жағына келсек – оқиға желісі Астраханнан басталып, Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарын қамтиды. Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахан “революцияның бесігі” еді. Ол талай бүлікті, қыспақты басынан кешіріп, орталықтан бөлініп қалғанмен, большевизмнің туын қолынан түсірмеді. Өйткені ондағы билік тізгіні қабілетті адамдардың қолында болды: Киров, Атарбеков, Нариманов, белгілі “Оптимистік трагедия” пьесасының кейіпкері Лариса Райснер. Революцияның тағдыры сынға түскен 1918 жылдың күзінде В.И.Лениннің барлық нацмендерге өзін-өзі билеуге еркіндік жариялаған үндеуі – көпұлтты Астараханды күреске жұмылдырған. “Еділ-Жайықтың” басты кейіпкерлерінің Астраханнан табылуында осындай сырлар бар.

Жан-жақтан анталаған Антанта, оған арқа таңған ақ гвардияшыл бүлікшіл генералдардың орталыққа жорығы емес, “тек қана жалғыз отын тапшылығының” өзі-ақ революцияны тұншықтыратын түрі бар деген мағынадағы В.И.Лениннің хатын Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Киров 1919 жылы сәуір айында алды. Онда Атыраудың Жылыойдың өңіріндегі мұнай қоймасы ракушаны басып алуға ұсыныс жасалған. С.М.Киров оларға астыртын барлау жасауды қолға алады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлері сөйтіп тарих бетіне қалқып шығып, ұлы оқиғалардың бел ортасында болады.

Бұл кезде Еділ-Жайық өңірінде әр түрлі бағыттағы бірнеше саяси күштер әрекет етті: Қызыл Астрахан, большевиктік Бөкей ордасы, монархистік жолды ұстанған – Жайық – казак атамандығының штабы Атырау, бір күні қызыл, бір күні ақ болып, қолдан-қолға өтіп тұрған Орал қаласы, Алашордалық Жымпиты, Қызылқоға, Ойыл, Темір, уақытша үкімет өкілі полковник Оспан Көбеев пен жанкелдиншіл Тобанияз “тіл табысып”, бірлесе әрекеттескен түсініксіз Маңғыстау, Астрахан мен Атырау арасындағы Забурынға орныққан ақты да, қызылды да мойындамайтын балықшылар атаманы Қарабас қауымы. Оқиғаның басты өзегі – осы қауымның төңірегінен шырмалып шықпайды. Оларды өз жағына қызылдар да, ақтар да, алашордашылар да тартады. Қарабас олармен бірде табысып, бірде кетіседі. Ақыр соңында оларды ақтар да, қызылдар да аямай қанға былғайды.

Романда Жанша, Халел Досмұхамедов, Алашорда жасағының бастығы Тоқа Жарқынбаевтардың, Қарабас балықшылары арасындағы алашорда өкілі Ысмайылдың іс-әрекеттері романда өз алдына бір желі болып құрылған. Алашорда кіндігі Жымпитыны қорғау, Алашорданың Ойылдағы әскери мектебіндегі большевиктер салған ылаң, Алашорданың Қызылқоғадағы милиция мектебінің жауынгерлік тірліктері суреттеледі. Ең ақырында Батыс Алашорда уәлаятының капитуляция алдында, Елек орманында Халел мен Фрунзенің кездесуі әңгімеленеді.

Романның кейіпкерлері Ракуша аралында 12 миллион тонна мұнай барын Астраханға хабарлайды, Астрахан Мәскеуге хабарлайды. Ембі мұнайын қолға алу үшін қиян-кескі соғыс басталады. Чапаевтың 25 дивизиясы Самарадан Жайық бойына келеді. В.Лениннің тікелей нұсқауымен Александров-Гай – Ембі теміржолының құрылысы басталады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлеріне Ракуша мұнай қоймасын шегінген Толстов әскерінің өртеп-бүлдіруінен сақтау тапсырылады.

Романда төңкеріс жылдарындағы Еділ-Жайық, Атырау теңізі аймағындағы халық тұрмысы, саяси күштердің шарпысуының кең понорамалық суреті берілген. Шығарма бір ғана саяси оқиғалар жетегінде кетпей, ел тірлігінің, әсіресе, Атырау теңізі үстіндегі балықшылар қауымының қайталанбас ғажап суреттерін салуға қалам қуатын аямаған. Шығарманың қайсыбір тұстарында детективтік жағдайлар кездеседі. Бірақ ол әдейі сюжетті шымырлау үшін ойдан шығарылған емес, өмірде орын алған осынау кең ауқымды тарихи оқиғаның құрамдас бір бөлігі болғаны шындық.

Жоғарыда әңгіме болған ауқымды оқиғалар бір романға қалай сыйған деген сауал тууы ғажап емес. Шынында да, бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Автор “Еділ-Жайыққа” дейін “Алтын арал” романын жазған. Тақырыбы да, кейіпкерлері де бар. “Алтын арал” жеке шығарма ретінде өз алдына өмір сүрді. Әлі де өмір сүре береді. Уақиға желісі осылай құрылған. Бұл екі романды қосып шығарса, Еділ-Жайық оқиғасы тұтастық мағынаға ие болар еді.

Еділ-Жайық” – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңірінің тыныс-тірлігіне арналған кезеңдік шығарма. Ол қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баяндап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-жетілуі керек. Автор қазақ қауымында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қозғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төңкеріс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі берілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады.

Еділ-Жайық” – бажайлап оқыған зерделі оқырманға айтар астарлы сырлары көп, зерттеушісі келіссе, әдеби құндылықтары да бар, әрқашан өз оқырманын табатын шығарма.


Екінші өмір

С.Досанов
Досанов Сәбит Аймаханұлы 1940 жылдың 12 қаңтарында қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Байғабыл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ теледидарында, “Қазақ әдебиеті” газетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында қызмет еткен.

Жазушының тырнақалды туындысы 1958 жылы “Шабындықта” деген атпен жарық көрді.

С.Досановтың “Дауыл”, “Ертең бюро” атты пьесалары театр көрермендеріне жақсы таныс. Шығармалары шет ел тілдеріне аударылған.

Тау жолы”, “Екінші өмір”, “Жиырмасыншы ғасыр” романдары мен повестер, очерктер жинағы оқырман қауымға белгілі.



Екінші өмір (роман). Роман 1982 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. “Дауыл”, “Жас дәурен”, “От кешу”, “Қиын асу” деп аталатын төрт бөлімнен тұрады.

Шығармаға қазақ поэзиясының даңқты өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өмір жолы, ақындық, азаматтың болмысы арқау болады.

Жазушы С.Досановтың “Екінші өмір” атты романының басты кейіпкері – қазақтың дауылпаз ақыны Қ.Аманжолов. Романның оқиға желісі басты кейіпкердің балалық шағынан, жігіт ағасы болғанға дейінгі өмірбаянына құрылған. Жазушы ақынның өскен ортасы мен дәуірін бейнелей отырып, ел өміріндегі елеулі кезеңдерді суреттеген.

Роман төрт бөлімнен тұрады (“Дауыл”, “Жас дәурен”, “От кешу”, “Қиын асу”).

І бөлімде Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік жағдай, күрделі кезеңдегі адамдар тағдыры суреттеледі. Қасымның әкесі Рақымжан қырықтан жаңа асқан шағында кісі қасынан қаза табады. Артында аңырап үш баласы жетім, сұлу жары жесір қалды. Осынау ауыр қаза жас Қасымның сәби жүрегін тілім-тілім етеді. Анасы Айғаншаның ағасы Айтбек мырза қарындасын Өтепбергенге бір ат пен бір қап бидайға сатып жіберіп, жиені Қасымды қой соңына салып қояды.

Әкеден өлідей, анадан тірідей айырылған ойын баласы табанын тасқа тілдіріп қой соңына түссе де, қабырғасы қайысып отын тасыса да қанына біткен қайсарлықпен бәріне қасарысып көніп бағады. Тіпті анасын аңсап аласұрған жұдырықтай жүрегінің сағыныш өртіне де шыдаған Қасым тек арқасына Атайбектің қамшысы тигенде ғана қорлыққа шыдамай қашып кетеді.

Дала кезіп жүрген Қасымға әкесінің көзін көрген Мыңжасардың бәйбішесі кездесіп, ажалдан құтқарып қалады. Арбасына мұны да мінгізіп алады. Жасынан өжет, алғыр бала жаңа өкіметтің арқасында қараңғы ойларды қақ жарып, сонау көкжиектен жарқ ете қалған жарық сәулеге жетуге асығады.

ІІ бөлімде жаңа заманның жаршысы ретінде таныла бастаған жалындаған жасты көреміз. Бұл кезде Қасымның ақындыққа бет түзеп жастық тамашаларын, ғашықтық сезім-күйді жырлай бастаған шағы.

Балалық махаббаттың мәңгі белгісіндей болған Алтынай мен қанаттас серігі Жарқынның тойында өзінің шәкірті, жалынды жас Абдолла Қасымның өлеңін оқып, ақынның жігерін көтереді. Өзінің Абдолладай озық ойлы, талантты шәкірт-ізбасарының барына қуанған ақын болашаққа деген үміт отын маздатады. Осыдан кейін ақын бойында ақындық қуат пен азаматтық рух асқақтайды.

ІІІ бөлімде жазушы соғыс жылдарының сұмдығын, қаламы мен қаруын серік еткен жас ақынның жорықты жылдар қаһарманына айналған тұлғасын ашуға талпынады. Жаңа өмірдің жарық таңы енді атты ма дегенде, жауыз фашистер қымбат өмірді талқандап, дүниеге түнек орнатқысы келеді. Мұндай қорлықты, бақытсыз күнді көргенше қан майданда қаза табу Қасымдай қайратты жастарға әлдеқайда жеңіл. Қасым қасық қаны қалғанша туған Отанын қорғауға серт етеді. Сұрапыл соғыс оғы балтырын тессе де, батырдың аузындағы жалынды жырларын ала алмайды.

Майдан даласында жүріп жауынгерлерге жалынды жыр мен еліне сағыныш жырын арнаған ақын қайсыбір қатаң тиымға қарсы тұрып, жанына жақын жолдастарын сүйеніш етіп, жалынды жырдың құлақ күйін келтіре толғайды. Жеңістің жаршысы болған ақын еліне аман-есен оралады.

ІҮ бөлімде соғыстан жаңа оралған жауынгерге пәтер мәселесі үлкен қиыншылық әкеледі. Қасым отты жырының арқасында жаңа пәтердің иесі болады.

Алдыңғы толқын ағаларын көріп арқаланған ақынның жасындай жырлары жарқырай түседі.

Романдағы Сақыпжамал, Алтынай, Қамажай бейнелері Қасым тағдырын, азамат бейнесін, ақын тұлғасын өзінше нақыш, өрнекпен толықтыра түсетін бейнелер. Өйткені бұлар балалық кез, жастық шақтың, кіршіксіз махаббаттың куәлары. Ақын жырының жанашырлары.

Романдағы Айтбек, Өтепберген, Орман, Жапарханов, Монтай, Сүйімбике, Вольчук, Құрбақанов, Төленовтер – даңқың өрлесе аяқтан тартып, құлдырап құласаң құлағыңда ойнайтын пәс көңіл, тар пиғылды тартымсыз жандар. Керісінше, шығармадағы Бәдәуи, Айғанша, Рақымжан, Абдолла, Мыңсары, Жарқын, Нұрлан, Таня, Нұрбала, Төрежан Шайменович, Айгүл Шаймановалар Қасымның жырларының дүниеге жасқанбай келуіне сүйеу болған, қамқор көңілін аямаған, жақсылығы мол жомарт жандар, жақсылықтың, жаңа өмірдің жаршылары.
Елім-ай

С.Сматаев
С.Сматаевтың “Елім-ай” романында Аякөзде болған ұрыстың ұзын-ырғасы суреттелмей, ол туралы жұртшылық санасындағы ұғым-түсінік, тарихи баға алға тартылады. Бұхар жырау романында қалың жұрттың, өзі өмір сүріп отырған ортаның саяси бетін сол баға, халық санасына сіңіп қалған сол ұғымға сүйеніп анықтайды, өзгені де соған иландырады. Бұл ретте тарихи оқиға адамның немесе белгілі бір қоғамдық ортаның ой елегінен өтіп, сұрыптала келе танылған, бағаланған тарихи ақиқатқа, сапалық мәнге иеленген тарихи фактіге айналды. Танылған, бағаланған, соның нәтижесінде сапалық мәнге иеленген тарихи ақиқат факт адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық ортада жаңа тарихи оқиғаларды танып-білуге, олардың әлеуметтік мәні мен маңызын анықтауға қызмет етеді.

С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясының бірінші кітабында селдей қаптап келе жатқан жаудан ығысып, көше жөнелген Ошаған бидің ауылының жалпы көрінісі суреттелетін эпизод бар. Ауылын, туған-туыстарын түгел көшірген Ошаған би жалғыз өзі жұртта қалуға бекінеді. Әкесін тірідей жау қолына қалай қалдырып кетерін білмей жаны қиналған ұлына Ошаған би мынаны айтады:

“…Мені жазғырмас. Қашып кетсем, жазғырар көп. Тауым да, өзенім де, жерошағым да, тіпті отымның орнындағы күлім де жоқтайды. Мен кетсем, кәрі сүйегімді қайта әкеле алмаймын. Онан да алланың ақ бұйрығын осы арадан күтейін. Еңкейші, Дәуленім, – деп, сөзінің аяғын сыбырлап бітірді. Әлсіз ерін ұлының маңдайына болар-болмас тиді де, енді қайтып ашылмай бүрілді де қалды” (1, 283-б.).

Көшкен ауылдың жұртында төбе басында жалғыз қалған Ошаған би жаумен айқаста қаза табады.

Үзіндіден Ошаған бидің көшкен аулына ермей, жұртындағы төбе басында жападан жалғыз қалып қоя беруінің бірімен-бірі тығыз байланысты екі себебі байқалады: оның бірі – туған жерін, өскен ортасын тастап кетуге бидің дәті жетпейді. Екіншіден, қарт би кәрі сүйегі жат жерде емес, кіндік қаны тамған туған топырақта қалуын қалайды. Туған жер туралы берік қалыптасып қалған қасиетті ұғым, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік Ошаған биді осындай шешімге алып келеді.

С.Сматаев “Елім-ай” дилогиясында Ошаған бидің көшкен ауылдың жұртындағы төбе басында қалуының сыртқы емес, ішкі себеп-негізі, кейіпкердің қартайған шағында кәрі сүйегін саудыратып бейтаныс жерге тастамай, өз жерінде, кіндік қаны тамған туған топырағында қалдыруға бекіген берік тілегі көрсетіледі. Мұның өзі роман-дилогияның болмыс-бітіміне, кейіпкердің мінезіне айрықша мәнді, маңызды ұлттық реңк дарытатын үлкен суреткерлік шешім еді.

Ошаған би мен І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясындағы Әнет бидің әрекеттерінің негізгі себеп-мотивтері ортақ, өзара үндес. Сол мотивтердің ішінен С.Сматаев ең басты, мән-мағынасында халықтық, ұлттық сипат басым деген ажарлысын ғана таңдап алады. Бұл ретте автор халықтың дәстүрлі рухани мәдениетінің өлшемдеріне, Отан, туған жер туралы танымдарына сүйенеді. Соның нәтижесінде І.Есенберлиннің трилогиясындағы Әнет бабаның жұртта қалуын баяндаған эпизодтан гөрі С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясындағы Ошаған бидің жұртта қалуы суреттелетін эпизод көркемдік-идеялық және танымдық тұрғыда әлдеқайда мәнді, мағыналы болып шыққан.

Жанатай батырдың басынан өткен оқиға Әнет би мен Ошаған би әрекеттерін жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік береді. Жанатай батырдың басындағы оқиға мынандай: а) Бірнеше адам жау қоршауында. Қоршаудан шыққандар құтылады, қоршаудан шыға алмағандар бәрі де өлім табады. ә) Жау қоршауынан алып шығар жалғыз үміт – Жанатайдың астындағы тұлпар. Бірақ тұлпар бір ғана жауынгерді құтқара алады.

Жағдай Жанатай батырдан кімнің елге жетіп, кімнің жау қылышынан қаза табуы керектігін таңдап, анықтауды талап етеді. Жанатай батыр өз таңдауын халықтың дәстүрлі дүниетанымына сәйкес анықтайды. Бар өмірі алдында, болашағы үлкен жасты, өз ұлы Қоқыштың аман қалуын дұрыс көреді. Өмір, ұрпақ жалғастығын осы жолмен сақтап қалғысы келеді. Өзінің орындай алмай кетіп бара жатқан арман-тілектерін баласына аманат етеді. Бала, ұрпақ, ел алдындағы ақырғы парызын Жанатай батыр осылай орындайды.

Қазақ жазушыларының шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілері суреттелініп отырған дәуір туралы басты материал қызметін атқарады.

С.Сматаевтың “Елім-ай” тарихи дилогиясының өн бойында халық өлеңі “Елім-айдың” мазмұндық, идеялық тыныс-лебі жатыр. Сонымен қатар дилогияның басты сюжеттік желілері де халық шығармашылығы үлгілеріне негізделеді. Романдағы мына эпизодқа назар аударайық: “Үлкентөре мен Кішітөренің сонау қозыкөш жерден шатқаяқтана басталып, сыңар езулене бақаса жарыса жетіп, қысылтаяң жерде теке-тірес сүзісе қалатыны бар. Осы жерден жыландай жылжып жалғыз аяқ сүрлеу өтеді. Өтеді де Үлкентөренің тіп-тік найзадай шаншылған шығыс жағындағы іргесінен шымырлап қайнап шығатын бастау бұлақтың оң жағасын құлдилап желіп кетеді.

Дәл осы ақ бұлақтың арнасының тым кеңейіп, жайылып ағатын тұсын бүйірлеп Жомарт батырдың аулы отыр” (1, 245-б.).

Жомарттың өзі туралы жазушы: “Бұл қария – найманның Садырының атақты батыры, тоғыз көкжал бөрісі бар, тоғыз көк перен ұлы бар – Жомарт ақсақал” (1, 246-б.), - деп жазады.

Бейбіт, бейқам отырған ауыл жоңғар шапқыншылығы үстінде (1723 жыл) жойылып кетеді. Жауға қарсы ұрыста Жомарттың өзі де, тоғыз батыр ұлы да түгел қаза табады. Бүтін бір ауылдан жаңадан туған жас бала мен оның шешесі Баршагүл ғана аман қалады.

Жоңғар шапқыншылығының бар ауыртпалығы, жауыздық сипатының басты бір қыры “Елім-ай” романында Жомарт батыр ауылының осындай трагедиялы тағдырының көрінісі арқылы ашылады.

Романда Жомарт батырдың қоныс-жайы да, үй-іші, ауыл-аймағына қатысты көріністер де тарихи дерекке негізделген. Батырдың жетінші буындағы ұрпағының айтуы бойынша, Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының маңында Боралдай өзенінің сол жақ бетінде қыстап жүреді. 1723 жылы Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының ортасында Теректі өзеніне келіп құятын бұлақ басында қыстап шығады. Ол бұлақ кейін “Садыр қамалған бұлақ” деп аталған.

Келе жатқан жау туралы хабар жеткізіп, қоныс аудару қажеттігін айтқан туысқандарының сөзіне Жомарт: “Қалмақтар қашанда ашық ұрысқа қорқақ болатын, келер болса тоғыз ұлыммен бірге соғысуға дайынмын” – деп, сөзінің соңында табынында жуықта ғана тартылған пішпелердің көптігін, олардың айдауға жарамайтындығын айтады. Сөйтіп, басқалар қоныс аударып, көшіп кеткенде, Жомарт сол отырған жерінде қалып қояды…

Жомарт батыр балаларының бірінің әйелі туғанына 25 күн ғана болған баласын үйде, қазан астына жауып қалдырып өзі қалың шөп, қамыс арасына жасырынып жанын сақтайды. Бір ауылдан тірі қалған бұл екеуін Жомарттың туысқандарының бірі Қуат батыр сол күні алып кетеді. Хабардың авторы өзін 25 күндік баланың – Тасболаттың бесінші буын ұрпағы екендігін жазады. Кейін Қуат батыр әлгі келіншекке үйленеді.

Жазушы осы шағын деректерге сүйене отырып, бір үйлі жанның тарихына байланыстырып, ХҮІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласындағы өмір-тірлік көріністерін дәл беруге күш салады. Жазушы аңыздағы басты тұлғалар Жомарт пен Қуатты суреттелініп отырған дәуірдің шындығын жан-жақты тануға әрі бұлардың характерін даралауға септігін тигізетін біршама оқиғаларға қатыстырады. Олардың ішінде жер дауы мен жесір дауы да, хан кеңесі мен үй іші, от басы әңгімелер де бар. Бұлардың көпшілігін жазушы ойдан қосады. Осындай ойдан қосылған оқиғалармен аңыздағы Жомарт туралы, оның айналасы туралы шағын мағлұматты байытып, дамытып суреттейді. Әсіресе тоғыз ұлымен бірге ауылын жауға қарсы көтерген Жомарттың батырлық істері, тоғыз берен ұлдың ерліктері бейнеленген тұстарда жазушы қиялы айрықша шығармашылық белсенділік танытады. Бүкіл ауыл аймағының, тоғыз батыр ұлының өзінің көз алдында күші басым жаудың қолынан опат болғанын көрген Жомарттың жан күйзелісі, оның жаумен барша батырлық ұрысына трагедиялық реңк береді. Соғыс соңында бір ауылдан бір өзі ғана қалған Жомарт жаудың бір шерігімен жеке шайқасқа түседі:

“Сарт-сұрт семсер айқасты. Сар-сар айқай-шу үдеді. Батырда үн жоқ. Көзіне қан толып, семсерден басқа ештеңені көрер емес.

Шаршаған кәрі дененің қимылы баяу. Қол жітілігі ғана бұрынғыдай. “Ең болмаса осы жауымның қанын ұрттасам екен!..”

Жомарт ақырып қап семсерді құлаштай ұрды. Ананың қаруы ұшып түсті. Сол кезде батырдың бар ыза, бар кек, бар зауалы жауының басында ақырғы рет жалт-жұлт ойнады.

Шуна-Дуба иек қақты.

Тұс-тұстан шашылған қылқұйрықты көп найза Жомартты тік көтеріп әкетті. Сауытсыз, беренсіз жалаңаш денеге көк сүңгілер кірш-кірш қадалды.

- Қалай екен, батыр? Көзіңе не көрінеді? – деді Шуна-Дуба.

- Даламды, тауымды, елімді көремін. Әлі де болса сенен биіктеу тұрмын ғой-й…

Найзалар сылқ түсті” (1, 270-271-б.).

Аңыз беретін деректе Жомарттың өзінің де, тоғыз ұлының да нақты ерлігі көрініс таппаған. Жазушы аңыз жүйесіндегі әр хабар, әр мәліметті толықтырып, жандандырып, болған істің жан түршіккендей азалы, трагедиялы әрі геройлық сипатын көзге елестетіп, ойды, сезімді толқытады. Кейіпкерлерінің нақты түр-тұлғасын көрсетіп, іс-әрекетін бейнелеумен бірге, автор олардың жанының шындығын да шырылдаған қалпында, шынайы суреттейді.

Халықтың тарихи жырларында кең суреттелетін көптеген ержүрек ер ұландары да “Елім-ай” романында басты кейіпкерлер қатарында көрсетіледі. Осындай батырлардың бірі Сіргелі Елшібек Ш.Уәлиханов жазып қалдырған аңызда Абылай тобындағы батыр болса, С.Сматаевтың романында Әбілқайыр ханның бұйрығы, тапсырмасы бойынша әрекет етеді. Ал Абылай бұл кезде Әділ деген бүркеншік атпен жүреді. Оның жауға “Абылайлап” ат қоюы Елшібектің осы ісінен кейін көрсетіледі. Дерек пен жазушы суреттеуінде басқалай ауытқушылық жоқ.

Романда Елшібек батырдың бұл әрекеті дербес, кездейсоқ күйде емес, жауға тойтарыс берудің күрделі жоспарымен бірлікте алынады. Жау мергенін жою, зеңбіректерді қолға түсіру қазақ қолының жаппай шабуылға көтерілуіне жол ашады. Деректі осы мақсатқа бағындырып игеру Елшібек әрекетінің мазмұнын едәуір толықтырып, әсері мен мағыналылығын арттыра түседі.

Жазушы үшін тарихи құжаттар да, этнографиялық деректер де, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен белгілі құбылыстарды жан-жақты суреттеуде таптырмас өмірлік материал қызметін атқарады. Тарихи құжаттар, этнографиялық деректер мен халық ауыз әдебиеті үлгілері әдеби шығарманың сюжеттік негізін құрап, суреттелініп отырған құбылысқа нақты, шынайы сипат берумен қатар, кейіпкердің мінезін, ойлау ерекшеліктерін, таным деңгейі мен наным-сенімдерін анық аңғартады. Сондай-ақ, олар бас кейіпкер болып отырған тарихи тұлғаның, творчество адамының туындылары әдеби шығарма құрылымында қаламгер шеберханасының құпия сырларын, ақындық психологиясын танытудың да таптырмас құралы болып табылады.

С.Сматаевтың “Елім-ай” романында (1-кіт.) Жеті хошун Халқаның әміршісі Әлібек хан өзінің кеңесшісі Хутқай Туфа екеуі аң аулауға шығады. Аппақ қарды қызыл қанға бояп, сұлап жатқан түлкіге төніп келген хан қасындағы серігіне: “Аппақ қанға тамған қып-қызыл қаннан сұлу бар ма екен, сірә!” – деп, таң болып қарағанда, Хутқай Туфа хан баласының әйелі Үлзейту ханымның аппақ тәні, алма беттегі қып-қызыл қаны бұдан да артық” (1, 14-15-б) екендігін мәлімдейді. Бұл оқиғалардың тарихи-әдеби негізі бар.



Жазушы тарихи оқиғаның көлемін тарылтып, мазмұнын қысқартып, әрі өзгертіп пайдаланған. Әдеби шығарма бұл жерде Үлзейтудің ақындық болмысын емес, адамдық болмысын, образбен емес, нақты логикалық заңдылықтар аясында нақты ойлайтын ер мінезді әйелдің жан жүйесін, мінез ерекшеліктерін, психологиясын танытуға қызмет етеді.

Елімайлап өткен өмір

Х.Оралтай
Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, қоғам қайраткері, журналист, қаламгер Хасан Оралтайдың “Елімайлап өткен өмір” шығармасын жанр жағынан алғанда, өмірбаяндық роман деуге болады. 1999 жылы Стамбул қаласында жарық көрген сегіз жүз бетке жуық туынды С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, С.Мұқановтың “Өмір мектебі” романдары сияқты автордың басынан кешкен өмір жолынан мол мағлұматтар береді. Мұндай романдар қазіргі әдебиетімізде де бар. Мысалы соңғы онжылдықта жарық көрген Б.Тілегеновтің “Тұйық өмірдің құпиясы”, Ә.Нұршайықовтың “Өткелдер”, Р.Тоқтаровтың “Бітеу жара”, Қ.Жұмаділовтің “Таңғажайып дүние”, М.Мағауиннің “Мен” романдарын айтуға болады.

Шығарма он бір тараудан тұрады. Бұл тараулар белгілі бір уақыттық кеңістікке қарай, яғни хронология бойынша бөлінген. Бірінші тарауда жазушы өзінің ата-тегі, балалық шағы, қазақтардың Шығыс Түркістандағы өмірі туралы айтылады. Әсіресе, тарауда Қытайдың басқа ұлттарды қанау саясатына қарсы бағытталған көтерілістер жөнінде жан-жақты жазылған. Екінші, үшінші тараулар қазақтардың Шығыс Түркістаннан Үндістан, Пакистан, Ирак арқылы Түркияға көшуі туралы сөз болады. Сонымен бірге, шығарманың бұл бөлігінде аталған елдерде өмір сүріп жатқан қазақтардың тұрмысы, тағдыры, тарихы туралы да құнды мәліметтер көп. Автордың ат жалынын ұстап азамат болуы, саяси-қоғамдық істерге белсенді түрде араласа бастауы, Түркия үкіметінің көшіп барған қазақтарға жасаған жақсылықтары туралы қаламгер кең тоқталған. Сондай-ақ, автордың Германияға қоныс аударып, “Азаттық” радиосында жұмыс істеген жылдары туралы романның бесінші, алтыншы тарауларында айтылады. “Азаттық” радиосының шетелдердегі қазақтардың ұлттық бірлігіне қосқан үлесі, Кеңес Одағының ұлттарға қолданылып отырған теріс саясатын сынауы жөнінде автор соларға куә болған азамат ретінде жан-жақты тоқталған. “Жалпы батыстық елдер, американдықтар, тіпті, өзіміздің туысқан Түркияның, ондағы әлгі ұлтшылдар ғана емес, түрікшіл түріктердің өзі қазақты, Қазақстанды, оның тарихын, басынан өткен және сол бір кезеңде душарласып отырған ауыр жағдайын жете түсінбейтін” деп жазады да, автор ұлтты, Қазақстанды таныту жолындағы “Азаттық” радиосының мән-маңызына ерекше көңіл бөледі. Шығарманың бастапқы тарауларында елінен амалсыз жырақ кеткен қазақтардың мұқалмас жігері, қайтпас қайраты, ержүректігі мен отаншылдық сезімдері туралы қаламгер тебірене толғанады.

Кітап көлемінің жартысынан астамы Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы сегіз-тоғыз жылдай уақытты қамтиды. Бұл тарауларда қазақтың белгілі азаматтарымен кездесуі, пікірлесуі, Қазақстанға келген сапарлары туралы кеңінен айтылады. Қаламгердің Шерхан Мұртазамен, Әнуар Әлімжановпен, Олжас Сүлейменовпен, Қабдеш Жұмаділовпен, Рымғали Нұрғалимен, Мұхтар Шахановпен, Сәбетқазы Ақатаймен тағы басқа да мәдениет, әдебиет, ғылым өкілдерімен кездесулері, онда көтерілген ұлтымыздың көкейкесті мәселелері туралы жан-жақты сөз етіледі. Осындай тұстардан Х.Оралтайдың саяси көзқарастары, ұлтжанды азаматтың бейнесі айқын аңғарылып жатады. Автор кей тұстарда кейбір танымал азаматтарға көңілі толмағандығын да жасырмайды. Мұнда ол адамның жеке мінезін немесе шығармашылық еңбектерін емес, ең алдымен басшылыққа сол азаматтың ұлт тағдырына деген қатынасын, туған халқына істеген қызметін алып отыратыны байқалады.

Жекеленген тұлғаларға арналған “Есте қалған есімдер немесе жеке тұлғалар” аталатын кітаптың оныншы тарауында автор жиырмасыншы ғасырда түрік, қазақ руханиятына үлес қосқан бірнеше азаматтардың өмір жолдары мен қайраткерлік еңбектеріне баға береді.

Шығарманың соңғы он бірінші бөлімі қосымша іспетті, себебі мұнда автор туралы баспасөз материалдары, құжаттар, фото суреттер жинақталып берілген.

Жалпы алғанда, Хасан Оралтайдың “Елімайлап өткен өмір” атты аса көлемді еңбегі саясат құрбаны болып, өз отанынан кетуге мәжбүр болған мыңдаған адамдардың тағдырынан мол мәлімет беретін шығарма. Сонымен бірге бұл шығарманың бағалылығы – тәуелсіз Қазақстан, оның зиялылары сыртта өмір сүретін, Батыс демократиялық елдерінің тұрмысында тәрбиеленген азаматтың көзқарастары арқылы беріледі. Кітап нақты деректерге, автордың шыншыл пікірлеріне құрылған деуге толық болады. Мол материалды қамтып көрсететін кітапты мемуарлық романның жүгін көтерген дүние деп бағалаған орынды сияқты.
Ескексіз қайық

М.Сүндетов

Қазіргі жастар өмірінен бірқатар повесть, әңгімелер жазып, оқушыларымен жақсы табысқан Мағзом Сүндетов “Ескексіз қайық” романын жарыққа шығарды. Ауыл адамдарының соғыс кезіндегі тіршілігі, елдегі еңбегі, ізгілік мүддесі жолында сұғанақ пиғылдарға қарсы біртұтас қимылы, бауырмал қатынасы әсерлі бейнеленген осы бір шығарма – жас жазушының көркемдік талғамының, мәдениетінің жаңа мүмкіндіктерін танытқан кейінгі кездегі сәтті туындылардың бірі.

Біреу жеңіс мүддесі үшін түн қатып, кірпік ілмей, ауыр еңбектің азабын тартып жүргенде, халық игілігіне астыртын қол сұққан сыбайлас екі адам – Исахмет пен Бақан өз құлқынын күйттеп жүр.

Алаяқтық амал-айласымен ебін тауып шаңырағына кіргізіп алған жас келіншегі Ырашты қалай қорлап, қалай талдаңдаймын десе де Исахметтің еркі. Бағы басып, ойлағаны алдынан шығып жатыр.

Мағзом Сүндетовтің Исахметі мен Бақанының тәлкегіне түскен бақытсыз Ырашты көргенде бейнелеу өнерінің классикалық біраз үлгілеріне тақырып болған әйгілі Сусанна мен қарттар сарыны еріксіз есіңе орала береді. Сусанна сияқты Ырашты арашалап алатын құдіретті қол бұл жерде табыла қойған жоқ. Ыраш осы екі қарттың екеуінің де тұзағына түсті.

Тірлігі тамырлас, бірақ іштей аңдысқан қос алаяқ ақыры басына тықыр таянған қысалаң кезде бірін-бірі сатып кетті. Ақылы мен арамдығы тереңірек жатқан Исахмет Бақанды ұстап берді. Бақанның қысқа адым топас пейілі осы ірі мәселелердің төңірегінде қапыда мерт болғанымен, Исахметтің төрінде қонақасы дәмін татып отырып, Исахметтің жас келіншегін көңілімен арбайтын мәймөңке үміті бір мұратына жеткен. “Сен осы не ойлайсың? Мынау сүмелектен гөрі мен тәуір емеспін бе? Е, бала-ай... Шалдың да жөнін тауып тимеген екенсің?” деп іштей күрсінген Бақан Ырашты өз нәпсісінің құлы ететін.

Қасірет табалдырығынан аттап, бірте-бірте ауыл тірлігіне, еңбекке араласқан Ыраш тағдыры мен Жазираның жан сезіміне, Ықсанды есейткен өмір сынына қалтқысыз сенесіз.

Романда негізгі оқиға жүйесіне арқау болған Жазира – Наурыз желісі бізге әрқилы әсер қалдырады. Ауылдағы ауыр еңбектің біраз дәмін татып, ай қарағандай алыс сапардағы жарын күткен жас келіншекті ағыл-тегіл қуанышқа бөлей, майдан шебінен бір хат келді. Әлдебір бейтаныс адамның қолымен жазылған жұмбақ хат күйеуі Наурыздың қол-аяғынан айырылып, біржола мүгедек боп қалған мүшкіл халін баяндапты. Елге келерін де, келмесін де білмей, ақырғы мұңын төккен Наурыздың ендігі тағдыры не болар?

Бұл суық хабарды алған Жазирамен бірге толғанып, К.Тренев, А.Толстой әңгімелерінде бейнеленген қасіретті оқиғалар алуандас жағдай Мағзом шығармасында қалай шешілер екен деп оқушының бір ауыр ойға берілетіні сөзсіз.

Жарын күтіп сарғайып, кеудесінде шыбын жаны қалғаны шүкіршілік еткен сүйген жүрек айлап, апталап ұзын жолға қарай-қарай көз майын тауысқан. Бірақ ойламаған жерден, әлпештеп, алақанымен тосып алуға бүкіл елімен, жұртымен жиналып күйеуінің алдынан шыққан келіншектің төбесіне жай түскендей болды. Машинадан аяқ-қолы балғадай, жұрттың бәрін жерге қаратып, бір тоқпейіл жігіт түсті.

Әлдебіреумен ерегісіп, әйелінің өзіне адалдығын сынап көру үшін әдейі бүкіл ауылды босқа дүрліктіріп, аяғынан тік тұрғызған өзімшіл ақымақ жігіттің ыржақай қалжыңы Жазираны қатты қапаландырады. Өзінің алданған сезімінен қорланып, әрі күйеуінің тағы бір әйелмен тұрмыс құрып, кейін ажырасып кеткен бар кінәсінің бірін де кешпей, ақыры өз шаңырағын тастап, төркініне қайтып бара жатқан Жазираны көреміз.

Жазира Наурызын сүйген, сол “тәңірідей” табынған Наурызының алдамшы, арзан, ұсақ істерін көргеннен кейін оның енді түңілуге де еркі бар. Күйеуін шын сүйе тұрып, күйеуінен шын түңілген адам ғана осылай істей алады. Бұл арзан мінез, жеңілтек қылық емес. Бұндай батыл қадам тек батыл әйелдің ғана қолынан келеді.

Өзін жерге қаратып, енді сүймейтін адамымен тұру – екіжүзділік. Мұның аты – алдау. Ал Жазира мұндай қылмысқа бара алмайды. Біреуден жиреніп отырып, бауырына оны тарта алмайды.

Бұл арада біз жазушының осы Жазира – Наурыз желісіне байланысты қаламгерлік нысанасын негізінен қолдап отырсақ та, шығарманың осы өңіріндегі жеңіл көріністерге, сезім құбылысын әлі де терең ашпайтын, көркемдік бояуы жұпыны, желдірме баяндауларға қол соға қоймаймыз.

Күйеуін күткен Жазираның Наурыз келместен бұрын, алдамшы сыр ашылмас бұрын, “Наурызға сүйіп тигем, Қарып болғанда бас тартуды ар көрдім. Хайуандық деп білдім. “Кел” дегенім де сонан” деп іштей бір алдын-ала толғанатын сәттері махаббаттан гөрі мүсіркеуі басым, жәй аяушылық сезімдей әсер қалдырады.

Тірлікте ішіп-жеп, шайқап өтетін едім, соғыс кесел болды деп, сауда орнынан түсірген шашетек пайдасын Исахмет те іркілмей, ашық айта алады. Өмір сүрудың ебін тапқан адамдар, асылы, мұндай арзан айқайға онша батып бара бермес-ті.

Арыстан күшігін асыраған мысық ертегісінің шығармаға кірігуі Исахмет – Бақан желісінің сырын ашуға біраз жетекші болған.

Исахмет - әрі ақылды, әрі қара жүрек адам. Ықсанның ойымен беріліп, оның тура келген қанжарлы қарақшыдан да қауіпті жаулық мерезін айқындау – Исахметтің бет-пердесін аша түседі.

Бұл – сөз жоқ, шығармада өз табиғатымен көрінген кесек характер.

Автор “негізгі қаһарман, ұнамды образдарды оқырманға кеңірек таныстыру орнына, Исахмет, Бақан сияқты жексұрындардың қулық-сұмдықтарын көбінесе бажайлап баяндай береді” деп, осы бір тартыс таразысының шиыршық атып көрінетін тұстарын тым жеңіл, бұлдыратып жіберген Әбілғазының пікірлерімен бұл арада да келісу қиын. Соғыс кезіндегі бір тұрмыс қиыншылығы Исахмет, Бақан сияқтылардың қулық-сұмдығына қарсы арпалыс үстінде көрінген.

Осы адамдар алалығын қаз қалпында бейнелеуден – Мағзомның өзіндік қалам ізі аңғарылады. Біздің түсінігімізде, романның негізгі салмағы, ең алдымен, Исахмет, Бақан, Ыраш, Ықсан басындағы өмір шындығында жатыр.





Ж


Жалын

З.Қабдолов


Зейнолла Қабдоловтың “Жалын” романында санадағы тартыстың дамуы арқылы қаһарманның рухани шыңдалуы, азаматтық сезімінің тереңдеуі жақсы көрсетілген. Романның басты қаһарманы – жоғары білімді жас маман Қабен Оразов Ембі мұнай өнеркәсібі жөнінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Зерттеу тақырыбына байланысты жинаған көп сала ғылыми дерегі, мол мағлұматы бар. Еңбегі жазылып біткен.

Қабен оңай даңқ іздеген атаққұмар жігіт емес, диссертация қорғауды жалаң мақсат тұтпаған, ісін есепке құрмаған. Тындырған жұмысым қоғамның кәдесіне асса екен деп қана тілеген жақсы арманы бар. Міне енді сол арманы жүзеге асқалы қалды. Қабеннің диссертациясы оқыған оппоненттері, оның еңбегін мадақтай бастады. Ғылым жолына адал берілген жігіттің жастығына, тәжірибесіздігіне байланысты, әуелгі беттегі жүрексінуі, қобалжуы бәсеңдеп, көңіліне бір сенім ұялай бастаған еді. Өзіне өзінің сенімі арта түскендей болған. Кенет бір күдік кеп килікті де, көңілді нілдей бұзды, ойнап қорғасындай ауырлатып жіберді. Бейтаныс біреу мұның пәтеріне телефон соғып, - өзің Ембіде болып па ең? Мұндай кәсіпшілігінде жұмыс істеп пе ең? – деп оқыс сауал берді де, Қабеннің диссертациясының өзгелер мақтап жатқан жақсылығына шүбәланғандай болды. Бірақ кім екенін, аты-жөнін айтқан жоқ.

Бұл – біреудің қоқан лоқысы ма? Әлде жасаған бопсасы ма? Сырт көзге солай көрінуі мүмкін ғой. Ал, Қабеннің басына мұндай ой жоламады. Телефон соққан адам есер кісі болмауы керек, Қабенді шошытайын деген ниеті де жоқ шығар; қойған сауалы орынды; кім де болса, іске жаны ашыған азамат болар. Қабен, міне, тек осылай ойлады.

Өндіріс саласына байланысты ғылыми еңбек жасау үшін өндірістің өзіне барып, ондағы жұмыстарға тікелей араласып, бүге-шігесін қалдырмай мұқият зерттеу керек. Ғылыми еңбек сонда ғана, шын мәнісінде, сыннан өтіп, суарылып шығады. Бұл – белгілі ақиқат. Қабен мұны біледі. Ол Ембінің мұндай өндірісіне келіп жұмыс істеген жоқ, бірақ, диссертация тақырыбына байланысты Ембіге бір-екі рет командировкаға барып қайтқан. Әрине, мұның аздық ететіні рас. Қабен бұны да біледі. Және оның жинап әкелген материалдарының негізінде диссертациясын жазып бітіргенше біраз уақыт өтті. Ал қазіргі техникалық өрлеу заманында жаңалықтар күнбе-күн туып жатады. Бүгін ғана ұсынған жаңа үлгіңіз ертеңіне-ақ ескіріп қала береді. Қабен өз диссертациясында тың ұсыныстар айтады. Бірақ сол ұсыныстары уақытына кешігіп қалмас па екен? Қабен мұны да ойлап қоятын. Енді мына бейтаныс адамның телефон соғып, тұтқиылдан қойған сұрауы Қабеннің сол ойын көсеп жіберіп, қоздатып кетті.

Қабен дүдәмалданады. Жан дүние әлемінде сезімдер тартысы басталады. Сол тартыс Қабенді біресе оң жағына қарай, біресе сол жағына қарай аудара жаздап, шайқалтады, бірақ, Қабен ілгері қозғала береді. Көңіліне күдік кіргенмен, бұрынғы сенімі мұны қолынан ұстап, алға қарай жетелейді.

Диссертация қорғалатын күні, ғылыми кеңес мәжілісінде Қабенді сол сенім мінбеге жетелеп шығады. Қабен тиісті өзін мүдірмей айтып шықты. Одан соң ғылыми жетекшісі, оппоненттері мұның диссертациясын мақтап сөйлеп жатты. Бірақ Қабеннің ойына кірген күдігі тарқамады, көңілді қобалжытты да тұрды. Бейтаныс адамның телефонмен қойған сұрағы есінен шықпады. Расында да Ембінің мұнай өндірісінде жұмыс істемеген Қабен, сол өндірісті бес саусағындай білемін деп айта ала ма? Жоқ, айта алмайды. Ендеше осы өндіріс жөнінде диссертация жазуы қалай? Қабенді қинай берген ой осы болды.

Бұған телефон соққан бейтаныс адамның кім екені де анықталды. Ол – атақты мұнайшы Сардар Сұлтанов боп шықты, Ембінің еңбек ері, әйгілі кісі. Ғылыми кеңестің мәжілісінде сөз сөйледі. Ол Қабеннің диссертациясын сынаған жоқ, Ембі мұнай өндірісінің бүгінгі жетістігін, еңбек технологиясындағы жаңалықтарды айтты да, өз көкейінде қорытылған пікірлерін алға тартып, ғалымдардың талқысына ұсынды.

Қабеннің күдігі де өзіне дәл осы арада айқындалды. Ол енді толқыған ойын азаматтық сезімнің еркіне бағындырды да, шұғыл шешім жасады. Ғылыми кеңес кешірім өтініп, диссертациясын қорғауды тоқтату жөнінде ұсыныс қылды. Оның бұл қылығына таңырқаған ғылыми жетекшісінің де, жақын достарының да сөзіне көнбеді, диссертациясын мәжілістің күн тәртібінен алдыртып тастады.

Ол мұны қорқып жасады ма? Жоқ, оның диссертация қорғауына жұрттың бәрі де тілектес боп отырған. Диссертациясы бекімейді деп қауіптенді ме? Жоқ, мұның диссертациясын ғылыми кеңес құптаған, қарсы айтылған пікір болмаған. Ол диссертацияны ойдағыдай қорғап та шығатын еді, мәртебесі де зораятын еді, кандидаттық дипломды алған соң, жалақысы да өсетін еді. Қабен осының бәрін де кейін ысырып тастады. Сардар Сұлтановтың сөзінен кейін диссертациясына көңілі толмады, олқылықтарын сезді. Еңбегін толықтырып, қайта жазуға бекінеді. Және бұл істі Ембінің өзіне барып, мұнай өндірісінің қайнаған ортасында жүріп жазуға аңсары ауады. Қабеннің осы шешімінен оның азаматтық сезімінің тереңдігі танылады.



Доктор дарханов
Райымбек батыр



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   45


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу